АДАЛБАҚАН
Өкілдік ашылады
Бүгін елімізге Башқұрстан Республикасының президенті Мұртаза Рахимов келеді. Республика СІМ хабарлауынша қонақ мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарабев пен Астананың әкімі Ө. Шүкеевпен кездесуі жоспарланған. М. Рахимов осы сапарында Башқұртстан Республикасының Астанадағы өкілдігін ашады және бизнес форумға қатысады.
Қамқорлыққа разы
Германия еліміздің аз ұлттарды, соның ішінде неміс диаспорасын қолдаудағы саясатына алғысын білдірді. Бундестаг төрағасының орынбасары Аньте Фольмер бұл жайында Президент Н.Назарбаевпен кездесуінен соң хабарлады. Елбасымен кездесуінде қазақстан-герман қатынастарын дамыту, Орталық Азиядағы Қазақстанның беделіне қатысты мәселелер қаралған. Бундестаг өкілі Қазақстанның экономикалық және қоғамдық дамуына жоғары баға берді.
Қорғанған қапы қалмайды
Республика Үкіметі Қорғаныс министрлігіне ең соңғы құралдар және қару-жарақпен жабдықталған тікұшақтар сатып алуға қажетті ұсыныстар даярлауды тапсырды. Д. Ахметовтың пікірінше бүгінде әлемде қалыптасқан жағдайда әскери-техника Қазақстанға өте-мөте қажет. Көрші мемлекеттерде және әлемнің басқа аймақтарында қылаң берген қауіп-қатер Қазақстанға төнетіндей болса, қашанда даяр болуы қажет, -деді Үкімет басшысы. Елімізге жаңа әскери-техника тарту жөніндегі алдын ала келісім "Қазан тікұшақ зауыты" ААҚ және "Росқор-
ғанысэкспортымен" жасалған.
Шлюз шекара ашпақ
Құрылысы 28 жылға созылған Шүлбі кеме шлюзінің құрылысы осы аптада аяқталды. Ертістің жоғарғы жағында су қатынасының ашылуы Қазақстан, Ресей, Қытайды су жолымен байланыстырады, -деді салтанатты тұсаукесерде көлік және коммуникация министрі Қ. Нағманов. Аталмыш гидротехникалық құрылымның маңызы зор. Біріншіден, Ертістің өн бойында жүк тасымалдау жанданады. Жылдық жүк айналымы 1,2 млн. тоннаға жетеді деп жоспарланған. Ең бастысы көлік және темір жолға қарағанда су жолы әлдеқайда арзан.
Омбыға жол салынады
Көкшетаулықтар Омбы университетінің мәдениет және өнер факультетінде білімдерін жалғастыру мүмкіндігіне ие болып отыр. Хабарды Көкшетаудағы мәдениет колледжінде Омбы мемлекеттік университеті мәдениет және өнер факультеті деканының орынбасары, РФ еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, доцент Тамара Паренчук студенттермен әңгімелесуде жария етті.
Ақан сері атындағы колледж кәсіби әртістер, музыканттар және хореографтар дайындайды. Түлектері, енді Омбы университетінің "Театрландырылған қойылым, мерекелер мен думанды-бағдарламалар режиссурасы" бөлімінде білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр, - дейді колледж директоры Күміс Мұратбекова. Т. Паренчуктың айтуынша, жеделдетілген оқу курсы - бір семестр үшін 8 мың рубль. Колледжді жақсы бітірген студенттер Омбы университетіне бірден үшінші курсқа қабылданады.
"Дабылшы" дауысынан ұсталды
Өскеменде №4 мектептің бесінші сынып оқушысы оқу жылы басталғалы үш рет телефон арқылы өзі оқитын мектепке жарылғыш қойылғанын хабарлаған. "Лаңкесті" бесінші сынып оқушыларынан бастап іздеген полицейлер балалардың әрқайсымен жеке әңгімелескен. Таспаға жазылған фонограмманы тыңдатқан кезде, күйгелектеніп өзін-өзі ұстап берген ол кінәсін мойындауға мәжбүр болған. Енді жалған дабыл соққан оқушының ата-анасынан материалдық шығынды өтеу талап етілуі мүмкін дейді полицейлер.
ӘЛЕМДIК АГРОНАРЫҚ
Астыққа жол ашылды
Қытай өкіметі астық импортына жеңілдік енгізді. Биылғы жыл соңына дейін ҚХР сырттан тасымалданатын бидайдың қосымша құнға салынған 13 проценттік салықты алмайды. Халық саны бір жарым миллиардқа жуық ел ішкі нарығындағы астық жетіспеушілігін қамтамасыз етудің бір жолын осыдан көруде. Үкімет Астық айналымы жүйесін қайта құруда. Астық импортына тәуелділікті азайту мақсатында үкімет астық қорын өндіру және макроүйлестіру бағдарламасын қабылдаған. Бағдарлама бойынша шаруаларға қаржылай қолдау жасау, астықты аудандар мен шаруалар мүддесін ескеру, астықты сатып алушы-өткізуші мемлекеттік кәсіпорындарды реформалау, астық рыногын басқарудағы мемлекеттің рөлін күшейту, провинция губернаторларының астық айналымы үшін жауапкершілігін арттыру шаралары қарастырылған.
Жер дауы бас көтерді
Поляк латифундистерінің ұрпақтары Беларусьтен ата-бабаларының бұрынғы жерлеріне өтемақы төлеуді талап етуде. Үкіметке Польшадан ағылған осы тектес хат-хабар легі күн санап өсуде. Аталмыш мәселе министрлер кабинеті жанындағы архив және іс жүргізу комитетінде қаралуда. Егер олардың талаптары расталған күнде, комитет төрағасы В. Адамушконың айтуынша, латифундистер ұрпақтарына өтемақы төленуі керек.
Егіс спутниктен бақыланады
Бразилия егіс алқаптарын спутниктің жаңа жүйесімен бақыламақшы. Алдағы желтоқсанда кофе егісінде осы тәжірибе қолданылады. Ал, бидай, соя, жүгері, мақта алқаптарындағы жағдай келер жылдың наурызынан бастап сарапталады. Бастапқы кезеңде спутниктер елдегі кофенің 90 проценті өсірілетін алқаптарда сыналады. Спутник болжамы жауын-шашын, егіс шығымын есептейтін математикалық модельге құрылған. Бастапқыда астық алқаптарының жағдайы туралы мәлімет екі айда бір рет, кейінірек ай сайын беріліп тұрады.
Жоспарды жауын бұзды
Канада аумағындағы жаздың салқын әрі жаңбырлы болуы астық шығымына кері әсерін тигізген. Шілде айындағы болжам бойынша 25,6 млн. тонна түсім болады деген. Сарапшылар қазір оны 24,4 млн. тоннаға түсіріп отыр. Дегенмен, статистер осы көрсеткіштің өзін өткен жылға қарағанда 4 процентке артық дейді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жүгері, арпадан басқа дақылдар шығымы жақсы болмақ.
Қант төңірегіндегі талас
Еуропа одағы қант өндірісі саласын реформалауды келер жылдың көктеміне қалдырды. Аталмыш мәселені ДСҰ көтеруде. Одақтың жаңа ауыл шаруашылығы комиссары, осы қызметке қарашада кірісетін Мариан Фишер Боэль бұл арада Еурокомиссия ДСҰ шешіміне қарап отыр дейді. Содан кейін өз ұстанымын қорғауға 60 күн мұрсаты бар. Естеріңізге сала кетейік, қыркүйекте ДСҰ Бразилия, Австралия, Тайландтың Еуроодақ қант экспортында еркін сауда негізін бұзды деген айыбын қолдаған-ды. Осыдан кейін одақтағы жаңа мүше елдер ұлттық қант өндірушілер тарап, дәстүрлі ірі компаниялар ғана қалады деп санайды. Реформа жобасы қабылданған күнде өзін отандық қантпен қамтамасыз етіп келген Словакия бірден импорттаушы қатарына қосылмақ. Одақтың жаңа мүшелері қанттың ішкі және экспорт квоталарын біріктіруге қарсы шығып, есесіне қант экспорты квотасын қысқартуды ұсынуда.
ҚАРЖЫ, ЭКОНОМИКА
Ұлттық қор салмақтанады
2005-2007 жылдары Ұлттық қордағы қаржы 243,5 млрд. теңгені құрайды. Қазанның 11-інде сенат депутаттарына хабарлама жасаған экономика және бюджетті жоспарлау министрі Кайрат Келімбетов, келер жылы бұл көрсеткіш 86,3 млрд. теңге болатынын, одан кейінгі жылы 78,4 млрд. теңге, 2007 жылы 78,8 млрд. теңге шамасында жинақталатынын жеткізді.
Инновация жемісі
Елімізде шетелдік және жеке меншік кәсіпорындар инновациялық бағытта қарымды істер атқаруда. 2003 жылдың қорытындысына зерттеулер жүргізгенде шетелдік кәсіпорындар 5 процент, жеке меншік кәсіпорындар 3,7 процент көлемінде белсенділік танытқан. Мемлекеттік кәсіпорындардың инновациялық бағыттағы қарекеті 0,6 процент. Инновациялық жобалар негізінен өндірістік кәсіпорындарда іске асырылуда. Тамақ өнеркәсібіндегі үлесі 24, машина құрастыруда 18,6, металлургияда 17,3, электр қондырғылар өндірісінде 12, химия өнеркәсібінде 6,7 процентке тең. Аталмыш кәсіпорындар өнімінің 67,5 проценті экспортқа шығарылған.
Теңге тегеуріні күшейеді
Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтің мәлімдеуі бойынша, 2005-2007 жылдары теңгенің құны артады. Министр 2005 жылы теңгенің курсы әр долларға шаққанда 131,7 теңге деңгейінде болады деп сеніммен айтып отыр. Ал, 2006 жылы бұл көрсеткіш әр долларға 129,2 теңгеден келсе, 2007 жылы 128 теңгеге түседі.
Құрықта құрылыс жанданады
Маңғыстаудағы Құрық кентінде "Каспий верфі" жобасы аясында алдағы жылы Каспийдегі бұрғылауға арналған платформалар, құрастырмалы құрылғылар жасау зауыты іске қосылады. Қазір бұл жерде бастапқы жұмыстар атқарылуда. Зауыт құрылысына берілген 50 гектарда өнеркәсіп алаңдары жасақталады. Онда пристань, жүк кемелері, танкер, баржалар тоқтайтын орын жасалады. Осыған байланысты шығанақ табаны 20-30 метрге тереңдетіледі. Ералиев стансасында металл құрастыру зауытының техникалық базасы салынады. Қазір стансаға құрылысқа қажетті көптеген құрал-жабдықтар жеткізілуде.
Артық... әйтседе қымбат
Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметі бойынша, ағымдағы қыркүйекте әлем нарығында мұнайдың артық мөлшері тәулігіне 1,6 млн. баррельді құраған. Олардың бағалауынша әлемде күніне 84,0 млн. барель мұнай өндіріледі. Сарапшылар мұнай бағасы әлі де қымбат болып, өсуін тоқтатпайды дейді. Бұл мұнай өңдеу саласының маусымдық жағдайына байланысты, яғни, жазда бензин тапшы болса, қыста солярканың тапшы болуы үйреншікті жағдай дейді.
Көрме көрістіруде
Ақтөбеде қазанның 13-15-інде "Еуропа - Азия: шекарасыз ынтымақтастық" атты үшінші әмбебап халықаралық көрме өтуде. Көрме Қазақстандағы Ресей жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұған Ресей мен Қазақстанның 90-ға жуық кәсіпорындары қатысуда. Екі ел кәсіпкерлер түрлі салалар бойынша өз өнімдерін жарнамалауда. Көрме аясында өнеркәсіпті дамыту бағытында проблемалар мен жетістіктерді талқылаған дөңгелек үстелдер өткізілуде. Сондай-ақ өнімді кедендік құжаттау, салық жүйесі, лицензиялау мен сертификаттау мәселелері де талқылануда.
ЖҰМАДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ
Бас мүфти құттықтады
Рамазан айына байланысты Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Әбсәттар қажы Дербісәлі республикамыздағы мұсылман қауымды құттықтады. Медициналық тұрғыдан пайдасы дәлелденген ораза денсаулықты нығайтып қана қоймай, адамның рухын жетілдіріп, әділеттікке, қайырымдылыққа бастайды, деді бас мүфти. Басқарманың хабарлауынша, республика тұрғындарының 70 проценті мұсылмандар. Исламға 25 ұлт ұйып отыр.
Рамазанды қадірле
Рамазанды қадірлемеген, күндіз адамдар көзінше ішіп, жеген шетелдіктерді Сауд Арабиясының өкіметі елден қуатынын ескертті. ІІМ елдегі мұсылман еместер иманға ұйығандар сенімін сыйлауы қажет екендігін ескертіп, бұл талап бұрмаланатын болса, олармен жұмыс шарты бұзылатынын жеткізді. Сонымен қатар елдегі Садақа және ислам істері жөніндегі министрлік ораза кезінде жамағат аузын ашыруға 398 мың 360 реал (100 мың АҚШ долларынан астам) қаржы бөлген. Бұл шаралар Мекке, Әл-Риад, Қасима және басқа да қалаларда өтеді.
Рамазан ынтымақ айы
Рамазан айында Сингапур мұсылмандары қайырымдылық шараларын күшейтпекші. Олар мұсылман және басқа діндегі көршілеріне де ауыз ашар жасамақшы. Елдегі ірі мұсылман ұйымының басшысы Зейнул Әбидин Ихрамның айтуынша, бұл бастаманы бірнеше мешіт қолдап отыр. Сингапурде де Рамазан айы қазанның 15-інде басталады. 4 млн. тұрғынның 15 проценті мұсылмандар. 51 проценті будистер мен даосистер.
Ғайбаттыққа тосқауыл
Пәкістандағы солтүстік батыс провинциясының өкіметі Рамазан айында кинотеатрлар және кабельдік телеарна жұмысын тоқтатпақшы. Оған себеп, Ислам партиялары олардың экранында неше түрлі ғайбат істер көрсетіледі деп айыптады. Қазір провинциядағы кинотеатрлар жұмысын өзгертіп, күніне үш фильмнің орнына екеу ғана көрсетуде.
Шындық шариғатта
Индонезияда ислам рөлі одан сайын артуы мүмкін. Ол мемлекеттік жоғарғы заңнамалық орган - Халық кеңесі жиналысы төрағалығына Хид Нувахидтің сайлануымен байланысты. Өркендеу және әділеттік партиясының жетекшісі, Жакартадағы Ислам институтының оқытушысы осыған дейін елде шариғат ережелерін енгізуге үндеп келген.
Пысықайлар тайталасы
Қазандағы "Раздолье" супермаркетінің қызметкерлері өктемсіп, өткен айда орамал таққан екі мұсылман әйелін қамап қойғанын хабарлағанбыз. Бұл оқиға шамына тиген Татарстан діни басқармасы оның астарында еш діни астар жоқтығын, мәселе екі дүкен арасындағы тайталастан туындағанын жеткізді. Сөйтсе, пысықай коммерсанттар әлемдегі және елдегі ушығып тұрған қарақшылық жағдайдан ұпай жинауды көздеген.
Қырғынды қырғынмен жумақшы
"Мұсылман бауырлары" қауымдастығы "Моссад" сионистік арнаулы қызметін Синайдадағы жарылысқа кінәлі деп айыптады. Олардың айтуынша, туристер өліміне Ариэль Шарон мүдделі болған. Жарылыс Газадағы он күн қырғында қаза тапқан жүзге жуық адамдар өліміне жұрт назарын аударуға және Палестинадағы қарсылықты қарақшылықпен байланыстыру үшін жасалған. Египет СІМ бұрынғы орынбасары Абдолла әл-Ашал: Тель-Авивтің көздегені аймақтағы Мысырды өзіне бағынышты етіп, Египет экономикасының басты тірегі - туризмге соққы беру, -дейді.
Ақпарат агенттіктерінен алынды
|