Газета издается с 10 декабря 2002 года. Выходит по пятницам.
   Услуги Web-дизайна
Вместе с нами



Валюта, погода

Kazakhstan Financial Market
вся погода




Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса


Өзiне емес, елiне қызмет етсiн

Елімізге шын берілген, саяси бейтарап, кәсіби білікті, заңнан аттамайтын және тек мемлекет мүддесін қорғайтын мемлекеттік аппарат қажет, - деді республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбіде өткен мемлекеттік кадр саясаты жөніндегі республикалық кеңесте. Елбасы мемлекеттік қызметшілерге бірқатар міндеттер жүктеді. Соның бірі, мемлекеттік қызмет көрсетудің халықаралық талабына көшу. Осыған орай Президент Үкіметке 2005 жылдың аяғына дейін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарды толығымен компьютерлендіруді, электронды поштаға қосуды, Үкіметтің электронды жүйені меңгеруін тапсырды.

Н. Назарбаев мемлекеттік қызметшілердің компьютерді жете білуі қажеттігін және ағылшын тілін еркін меңгеруі тиіс екендеріне назар аударды.

Кеңеске қатысушыларға елбасы түрлі сылтаулармен мемлекеттік органдар қатарын көбейтуді қоюды және мемлекеттің бизнестен алшақ болуы қажеттігін тапсырды.


Тұқым себілуде

Еліміздің оңтүстігінде - Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында көктемгі егіс қызу қарқынмен жүріп жатыр. Бүгінде жоспарланған егіс алқабының жартысына тұқым сіңірілген. Жұмыстың былайша қауырт жүруі, ерте келген көктеммен байланысты болып отыр. Өткен жылға қарағанда бәйшешек биыл шамамен 10 күн бұрын шыққан. Республика Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметтерінің болжауынша, таяуда тұқым себуді Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының диқандары бастайды. Тағы бірер аптадан соң, сәуірдің соңында бұл жұмыс Қарағанды өңіріндегі ауыл шаруашылық құрылымдарында жалғасады. Одан кейінгі кезек Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына да жетеді.


Білім көкжиегі кеңейеді

Кәп ҚҰМАРҰЛЫ, мұғалім Шығыс
Қазақстан обл.

Елдің жарқын болашағы білімді, парасатты жастрадың қолында екені белгілі. Олай болса білім сапасын арттырып, оны жаңа бір сатыға көтерудің сәті түсіп тұр. Елбасының Жолдауында осы сала ойып тұрып орын алыпты. Біз ұстаз болғандықтан ұрпақ тәрбиесіне қашан да алаңдап жүреміз. Сондықтан елбасының сүбелі ойынан кейін білім сапасы жақсарады деген үміттеміз. Білім деңгейі бұған дейін төмен болып келді деуден аулақпын. Керісінше, одан әрі жетіліп, көкжиегі кеңейе түседі деген мақсатта айтып отырмын. Оған елбасы Жолдауындағы кесек ойлар мұрындық болары анық.


ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢДЫ ТІК!

ЖАСТАР - АУЫЛ БОЛАШАҒЫ ҮШIН

биыл мәдени-көпшілік ғимараттар қалпына келтірілмек

Молдахан МҰҚАТАЕВ

Т. Рысқұлов ауданында зілзала зардаптарын жоюға бүкіл Қазақстан халқының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып көмектескені мәлім. Нәтижесінде баспанасыз қалған 30 мыңнан астам адам қысқа мерзімде жаңа немесе күрделі жөндеу жасалған үйлермен қамтамасыз етілді. Оған небәрі екі жарым айда жаңадан салынған 3, күрделі жөндеуден өткен 12 мектепті қосыңыз.

Ал жер сілкінісі салдарынан зақымданған мәдени-көпшілік ғимараттары биыл қалпына келтірілмек. Сондықтан облыс жастары осы жауапкершілігі мол ортақ істен шет қалмас үшін "Жастар - ауыл болашағы үшін" акциясын өткізді. Жер сілкінісінің ошағы - Луговой кентіндегі Мәдениет үйі алдында ұйымдастырылған акцияға Тараз қаласы, облыстың барлық аудандарындағы жастар өкілдері, жоғары және орта арнайы оқу орындарының студенттері қатысты.

Осы оқиғаға байланысты ұйымдастырылған митингіде облыс әкімінің орынбасары Кеңесбек Демеш жастар бастамасын облыс басшылығы өз тарапынан барынша қолдайтынын айтып, ауылға бетбұрған қадамдарына сәттілік тіледі. Соғыс және еңбек ардагері, құрметті теміржолшы Сабырәлі Қабираев ақ батасын берді. Тараз мемлекеттік университетінің студенті Ақмарал Бөгенбаева, Байзақ ауданы жастарының өкілі Гүлмира Тортаева өз ұжымдарының ауыл өмірін жандандыру үшін жігермен жұмыс істейтіндеріне сендірді.

Акцияға қатысушылар облыс жастарына Үндеу қабылдады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттерін жүзеге асыру үшін, жастар биыл зілзала зардаптарын жою жұмыстарына атсалысуға құлшыныс білдіруде. Осыған орай Т. Рысқұлов ауданында студенттер мен жастардың еңбек отрядтарын ұйымдастыру жөніндегі үшжақты келісімге қол қою рәсімі болды. Онда Т. Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Шардарбек Қосалов, "Салынып жатқан кәсіпорындар дирекциясы" МКК әкімшілігі директорының орынбасары Еркінбек Қуатбеков, облыстың "Жастар ұйымдары қауымдастығының" атқарушы директоры Ескендір Сазайыров үшжақты келісіммен бекітті.

Бастамаға мұрындық болған облыс әкімі ішкі саясат департаментінің директоры Мақсат Беріковтың айтуына қарағанда, аудан жастары бұдан бір күн бұрын сенбілік өткізіп, осы Мәдениет үйінің маңындағы қараусыз қалған демалыс алаңының аумағын кеңейтіп, жан-жағына темір қоршау орнатқан. Жаңадан тігілетін ағаш көшетерінің орнын әзірлеген. Митингіден соң Т. Рысқұлов ауданы жастарының саябағы салтанатты жағдайда ашылды. Форумға қатысушылар саябаққа 1,5 мың түптен астам ағаш көшеттерін отырғызды. Бұдан кейін саябақтағы спорт алаңында футбол және волейболдан бірнеше команда қатысқан жарыс өткізіліп, олардың жеңімпаздарына дипломдары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Акция филармония әртістері мен аудандар өнерпаздарының концертіне ұласты.

Луговой кенті, Жамбыл обл.
Суретті түсірген автор.



Алматы қайта асқақтайды

Алматы еліміздің қаржы орталығы болады. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Алматы қаласы экономикасын дамытуға биыл 25 млрд., 2010 жылға дейін осы мақсатқа 650 млрд. теңге салу көзделіп отыр.

Қаржы тасқыны құйылған қаланың қарқынды дамитыны заңды нәрсе. Сондықтан Алматыдағы құрылысты қаланың қай бағытында жүргізу керек деген мәселе Парламент Мәжілісінде қаралды. Экономикалық реформа және аймақтық даму жөніндегі комитетінің жұмыс тобы құрылыс солтүстік-батысқа қарай салынсын деген шешім шығарды. Комитетте қала әкімінің орынбасары Ақан Бижановтың қатысуымен "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" қолданыстағы Заңға өзгерістер енгізуді көздейтін үкіметтік заң жобасы қаралған болатын.

Аталған жоба бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Ғалым Байназаровтың түсіндіруінше, 1,5 млн тұрғыны бар қаланың жаңа бағытқа бет алуы күрделі экологиялық жағдайға байланысты болып отыр. Жаңа құрылыстар жер учаскелерін бөлуді және ескі үйлерді бұзуды қажет етеді. Осы орайда келісім негізінде нарық бағамына сәйкес жер участогі және тұрғын үй үшін өтемақы төлеу қарастырылған. Егер екі жақ келіспейтіндей бір себептер туындайтын болса, мәселені сот арқылы шешуге де мүмкіндік берілген. Жұмысшы топ жетекшісі Ғ. Байназаров Алматы қаласындағы құрылыстың қарқынды жүргізілуі жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне негіз бола алмайтынын айтады. Аталған заң жобасы алдағы уақытта комитетте қаралады, одан соң Мәжілістің жалпы отырысының талқысына ұсынылады.


КӘСІПКЕРЛІК

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН СЕГIЗ

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА, журналист

Ел табысы, тіпті, бір шағын ұжымның жетістігі ынтымақ-берекеден бастау алады. Содан да болар, Сандықтау ауданындағы сегіз бірдей ағайынды жігіт - Мұстафаевтардың құрған "Ягбун" фирмасы курд тілінен аударғанда "бірлік" деген ұғымды білдіреді.

Мұндағылардың өздері орталарынан басшы етіп сайлап алған Рустем Рамазанұлын қалт етпей тыңдайтындарына, соның айтқанынан шықпайтындарына тәнті боласың. Үлкені де, кішісі де соның көңілін тапсам деп тұрады. Бұл - сыйластық, бәлкім, курд халқының кәдімгі қанына сіңген қасиетінен де болар. Бізде де бұл жағы шүкір, ешкімнен кем емес. Кісі сыйлау, бір-бірімізге ізетіміз атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүр. Дегенмен, кәсіпкер Мұстафаевтарды көре отырып, біздің де өзара сыйластығымыз осындай, жарты сөзден түсінетіндей жарқын, қоян-қолтық бола түссе деп ойлайтының кәміл. Қазақтың тілін, салтын сыйлап, бірсыдырғы ана тілімізде де сөйлейді.

Бүгінгі іс-қарекеттеріне келсек, жылма-жыл керегесін кеңейтіп, ілгері апарумен келе жатқан фирмаларының негізін нарықтық экономика өмірімізге жаңа ене бастаған сонау 90-шы жылдары кооперативтік қозғалыстан қалапты. Істің ыңғайын келтіре білген соң, ол қазір сан салалы шаруашылыққа айналған. Аудан орталығында фирманың екі қабатты офисі, оған ұштаса гараж, шеберхана сияқты өндіріс нысандары, дүкен тұр. Осындағы анда-мында жүк тасымалдаумен айналысатын 24 КамАЗ жүк автокөлігінен "Ягбунның" мақтанышы - 10 жаңа көлік. Зауыттан бертін ғана шыққан қалпымен көздің жауын алады. Негізінен өз бауырлары мініп, ұршықша үйіріп жүрген оның бірін фирмаға қарасты "Богославка" серіктестігіне бара жатып, жолда кездестірдік. Шаруашылықтағы мал басына құрама жем апара жатқан беті екен. Осы арада бізді бір сүйсіндіргені, бұл күнде машина руліне отыратын кісі аз болмай, жетіп артылып жатқанда ағайынды Мұстафаевтардың ақ саусақтыққа ұрынбай, маңдай тердің қадірін сезініп, мүмкіндігінше өз шаруаларын өздері дөңгелетуі еді. Мәселен, ең үлкендері Исмаил алыс сапарларға шығып тұратын тәжірибелі жүргізуші. Балда есімді ортаншы бауырлары фирмадағы автобазаны басқарады. Ал, жол үстінде кездестірген аталарымен аттас Мұстафаның да 15 тонналық жаңа КамАЗ-ды ұршықша үйіріп жүргені көрініп-ақ тұр. Әңгімелесе келе білгеніміз, осы жаңа көліктер негізінен Астанадағы халықаралық әуежай құрылысында жүр екен.

- Онда да жұмыс жетеді. Ара-арасында бірер күнге келіп, өзіміздегі шаруаны да еңсеріп тастаймыз. Егін орағында біразымыз осында фирмаға қарасты шаруашылыққа еңбек етіп, астық тасумен айналыстық. Әйтеуір, қарап отырмасақ екі қолға бір жұмыс болып тұрса, көңіліміз де жайлы, - дейді Мұстафа сөз арасында.

Осы жолы фирманың жылдағы қам-қарекетінде негізгі сүйенері егіншілік және мал шаруашылығы мен осы жүк тасымалы екенін аңдадық. "Ягбун" бұрын шаруашылығы шалқып-тасыған "Богославка" кеңшарын өз қарамағына алған. Бұрын 2700 адам тұрған үлкен село заман ауыртпалығынан әбден жүдеп, үй саны мүлдем азаюға айналғанда, жергілікті мектепке көз қырын салып, қотанда су құбырын тартқан, сөйтіп қалған халықтың жылы орындарын суытпауына жағдай жасаған осы фирма көрінеді. Қазір мұнда 60 отбасы анда-мында жалтақтамай, үйренген орындарында нық тұрып жатыр. Шаруашылықта жылда 6 мың гектар егін егіліп, 10 мыңға дейін құс ұсталады. 200 бас жылқы тағы бар. Кейінгі кезде бұған 150-дей еділбай қойы қосылып, жергілікті тұрғындарға жұмысты "қайдан табам дейтін емес.

Сондай біраз адамды жылқы фермасы, қой соңында іс үстінде көріп, хал-жағдайларын сұрадық. Бәрі де өздеріне сондай көп болмағанымен, бірде отын-шөп, қант-шайы мен ұны, бірде қолма-қол ақшасы бар осы жұмыстарына шүкіршілік етіп, еңсені тіктеп қояды. Көбіне ана бір тұста тұрмыстары мүлдем нашарлап, елді мекендерінің түтіні өшіп қала жаздағанын тілге тиек етіп, қотанға қайта басқалар қызығып қояр бүгінгі тірлікті әкелген Рустам Мұстафаевқа риза кейіп танытады. Ал, сіз осы тұста айнала тау-тас, өзен-көл бір сөзбен айтқанда, табиғаты сондай тамаша "Богославкада" соңғы кездері бірсыпыра шаруаның басы қайырылғанын "Ягбундай" инвесторы мен осы шаруашылықтың атқарушы директоры Ғалым Баймышевтың бірлескен ет тірлігінің арқасы деп бағамдайсыз.

- Қазірдің өзінде 3 мың гектар парлы алқабымыз бар. Өткен жазда оны керек десеңіз, бес рет өңдедік. Күзде мұның үстіне тағы 2 мың гектар сүдіргі жыртылды. Әлгі өздеріңіз көрген құйрықты еділбай қойларының кейбіреуінің тірідей салмағы 70-100 килограмға дейін барады. Бюджетке салықтың қай түрін болсын, уақытылы төлеп отырмыз. Осы жосықсыз қысым жасағанын да айтпай тұра алмаймын. Өйтпегенде, жұмысымыз бұдан да ілгері кетер еді, - дейді фирма жетекшісі Рустам Рамазанұлының өзі бізбен жылы қоштасып тұрып.

Иә, Богославкадағы осы бір игі істердің бәрін өз көзімізбен көргендіктен бе, басшының мына сөзі бізге алда да әлі талай тындырылар игі шаруалардың тек бастамасындай көрінді. Былтыр егін де біршама тәуір шығып, қорада малы мыңғырап жатқан елді мекеннен, курд бауырларымыздың арасынан осылай көтеріңкі көңілмен аттанып бара жаттық. Оның сыры ағайынды сегіздің бәрімізде үлгі алар ынтымақ-бірлігі, көпке шарапатынан еді...

Ақмола обл.


ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС

ЭКСПОРТІА ЖОЛ САЛЫНДЫ

Әскер ӘБІЛҚАЙЫРОВ, журналист

"Мамлют ұн үгу комбинаты" ААҚ-ы астық өндіру, оны сақтау мен ұқсату саласындағы облыстағы жетекші өндіріс орындарының бірі. Кәсіпорында жақсы жабдықталған екі элеватор жұмыс істейді, 118,9 мың тонна астық қабылдап, өңдеу мен сақтауға және 26,5 мың тонна астықты қоймаға салатын мүмкіндігі бар. Астық сақтау сыйымдылығы 145,4 мың тонна деңгейінде. Комбинат осы заманғы астық кептіретін қуатты жабдықтармен қамтамасыз етілген. Астықты қабылдау және жөнелту көлік және темір жолмен жүзеге асырылады.

Осыдан бес жыл бұрын элеватор аумағында тәуліктік өнімділігі 250 тонна болатын ұн үгетін зауыт пайдалануға беріліп, іске қосылды. Ол "Бюлер" швейцар фирмасының осы заманғы технологиялық жабдықтарымен жарақтандырылған. Зауыт жұмысы толығымен автоматтандырылған. Кәсіпорын негізінен үш өндірістік бөлімшеден тұрады. Олар - астық тазалау, ұн үгетін және өнім шығаратын өндірістік учаскелер.

Комбинат өнімдері сапасы жағынан үнемі жоғары бағалануда. Кәсіпорын өнімдерін Орталық және Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне шығарады. Енді ұн жеткізу жөнінде Жапонияның бір фирмасымен келісім-шарт жасады. Кәсіпорынға өндіріс жаңалықтары мен ғылым жетістіктері жүйелі енгізілуде. Өндіріс орнында аз салмақты ұн орамаларын шығару үшін жоғары өнімді Италияның "Италпак" фирмасының жүйесі жұмыс істейді. Мұның өзі өнімнің 30 процентін шығаруға мүмкіндік береді.

Бес ауыл шаруашылығы учаскесі, 24476 мың гектар егістік жері бар кәсіпорын ұнмен өзін-өзі қамтамасыз етуде.

- Комбинат тарихы сонау тың көтерілген жылдардан алады,-дейді "Мамлют ұн үгу комбинаты" ААҚ-ының президенті Николай Филатов. Бертін қайта жарақтандырылып, астық кептіргіштің қуаттылығы арттырылды. Астық тазалау жабдықтары жаңартылды, астықты тиеу мен түсіру механикаландырылды және таразы шаруашылығы жетілдірілді, темір жол, жылыту құбырлары салынды.

Николай Васильевич сөз арасында комбинаттың өткенімен бірге бүгінгісі туралы да толғана әңгімеледі. Қазір кәсіпорын жоғары механикаландырылған өндірістік-дайындау орнына айналған. Оның сапалы тауарлы астық пен дәнді-дақылдар тұқымдарын дайындауда аса күрделі міндеттерді шешуге мүмкіндігі мол. Бүгінде бұл қайта құру өзін-өзі толығымен ақтап отыр.

Солтүстік Қазақстан обл.


Тағам бағасы өстi

Баға қайда барасың? Республикамыздың Статистика жөніндегі агенттігіндегі Баға және еңбек статистикасы департаментінің мәліметіне қарағанда, наурыз айында ел аумағында азық-түлік бағасының біршама өскені байқалады. Ірі қалалардағы тұрақты бақылау қорытындысы осыны көрсетеді.

Аталған кезеңде нан бағасы 2,1%, жарма - 2%, ұн - 1,8%, ет, жеміс және көкөніс - 0,9%-ке өсті. Жұмыртқаға баға 3,2%, сүт өнімдеріне -2,2% төмендеді.

Наурыздың 15-індегі жағдай бойынша бірінші сортты бір кило бидай нанына орташа баға 47 теңге (2003ж. наурызында - 40 теңге), жоғары сортты бидай ұнына - 54 теңге (40 теңге), қарақұмық жармасына - 108 теңге (91 теңге), шикі сөкке - 65 теңге (44 теңге) болды .

Жұмыртқа өткен аймен салыстырғанда 5 теңгеге (ондығы 107 теңге), шикі сүт - 3 теңгеге (литрі 49 теңге), қаймақ - 2 теңгеге (килограммы 254 теңге) арзандады.

Сиыр етінің бір килосының орташа бағасы 324 теңге, қой еті - 390 теңге, ішек-қарны тазартылған тауық - 308 теңге болды. Шошқа етінен басқасы қымбаттаған. Ағымдағы жылдың наурызында бір кило алма -127 теңге, қызылша - 43 теңге, пияз бен сәбіз - 39 теңгеден, қырыққабат - 37 теңге болды. Тұтастай алғанда осы мерзімде тамақ өнімдерінің бағасы 0,4% өсті.


Сүйінші

Ат ауыстырар күн жақын

Жанат ЗИЯШҰЛЫ

Жайлы да жүрдек "Шкода" енді өзімізде құрастырылады. Өткен аптада Өскеменге Чехия үкіметінің өкілдері келіп кетті. "АзияАвто" кәсіпорнында болған Чех Республикасы Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары, делегация басшысы Мирослав Сомол осы оқиғаға байланысты ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында: "ағымдағы жыл соңында "АзияАвто" зауытында "Шкода" көлігін құрастыру үшін Чехиядан бөлшектер жеткізіле бастайды. Әзірге жылына 1,5 мың көлік шығару көзделуде. 2006 жылдан бастап, ол көрсеткіш 30-40 мыңға жетуге тиіс. Қазақстанда "Шкоданың" "Октавия", "Фелиция", "Суперб" үлгілері құрастырылады" деп хабарлады.

Алдағы мамырдың 1-інен бастап, Чехияның Еуроодаққа өтетіні белгілі. Осыған орай бұрындары жасалған келісім-шарттарға өзгерістер енгізіле ме деген сұраққа Сомол: "Еуроодақ талаптары жаңа мүшелерге бірден таралады, ал Қазақстанның Еуроодақпен ынтымақтастық және одақтастық жөнінде келісімі бар екенін айтып көңілді орынға түсірді. Демек, сауда-экономикалық әріптестік ендігі арада Еуроодақ шеңберінде жалғасатын болады.

Делегация басшысы елімізбен арадағы сауда қатынастарының соңғы екі жылда төмендеп кеткендігін, қолға алынғалы тұрған көлік құрастыру жобасының оның есесін қайтарады деген үмітте екенін жасырмады.

Немістің "Фольсваген" концерні жекешелендірген соң "Шкода Авто" қазір соның төртінші еншілес кәсіпорны. Сапалы көлігімен танылған кәсіпорын даму үстінде. Өз үкіметінің көздеген мақсаты туралы министрдің орынбасары экспортпен ғана шұғылданып қоймай, өндірісі өркендейтін басқа елдерде ынтымақтастықты жолға қою керек деп санайды.


ДАЛА АКАДЕМИГІ

Керімхан ДҮЙСЕНБИЕВ

Тыңды игеру - оны түлетіп, миллиард пұт астық жинау. Ол - үлкен дастан. Дастанның әрбір беті республиканың бар өңірінен сыр шерте алады.

"Тың республиканың солтүстігі мен оңтүстігінде, батысы мен шығысында кең көлемде жүргізілді" - деп еске алады тыңның ардагері "Тың және тыңайған жерлерді игерудің 25, 30, 40 жылдық" медалінің иегері, "Экология және экономикалық қоғамының ғылыми кеңес академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, Он бірінші сайланған Жоғарғы Кеңестің депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Орталық Сайлау Комиссиясының мүшесі, екі мәрте Ленин Орденінің иегері, Экономика ғылымының кандидаты, "Дала академигі" атанған майталман маман Боранбек Шүкірбеков ақсақал.

- Арыс ауданында "Целинный" совхозы 1954 жылы ашылды. Мақсат, сондағы 8 мың гектар жерді игеру. Мен ол кезде ЧАМС-та (Чимкентская автобазы Министерство совхозов) жүргізуші болып істедім, - деп ақсақал әңгімені тереңінен қозғады.

Боранбек аға 1960-70 жылдары мекеме бастығы, 1972-73 жылдары Бөген ауданында атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1973 - 85 жылға дейін "Задария" - мемлекеттік асыл тұқымды мал заутының директоры, 1985 - 86 жылдары Шымкент облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 1986- дан1990 жылға дейін Агроөнеркәсіптік комитет төрағасының бірінші орынбасары, 1990 - 95 жылдары Шымкент ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметтерін атқарды.

Ақсақалдың айтуынша, республикадағы тың игерудің, астық өндірісін арттыру жолындағы күрестің екі кезеңі бар. Біріншісі - 1954-64 жаппай тың игеру жылдары, бұл уақытта егістікке арнап жыртылған жерлердің көлемін ұлғайту ісі қыза түсті. Екіншісі -1965 жыл. Яғни, ауыл шаруашылығы өндірісін интенсивтендіру әдісіне көшіру өрістетілді. Бұл кезеңде өндіріске егіншіліктің топырақ қорғау жүйесі кеңінен енгізілген.

- "Задария" зауытында басшылық қызметте жүргенімде ауыспалы егіс жүйесін кеңінен игере бастадық. Осының бәрі жер эрозиясының зиянды зардабын тоқтатып, егіншілік мәдениетін арттыруға мүмкіндік берді, - дейді қария.

Оңтүстіктегі аудандардың шөл және шөлейт жерлерін жақсартуда Шымкент қаракөл ғылыми-зерттеу институтының басшылығы және осы саланың мықты маманы ҚР Ғылым Академиясының Корреспондент мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Әбдірайым Сейфолланың сіңірген еңбегі зор. Ол шөл және шөлейт аудандарға шыдамды изен, мал азығы шөптерді және шөлге, құрғақшылыққа төзімді сексеуіл деген ағаштарды егіп, топырақ, шаң, су эрозиясына қарсы жол тапты. Сөйтіп, Ә. Сейфолланың білгірлігінің арқасында мал жайылымдары жақсартылды. Жерден шыққан оттықтың 50 процентін мал аяқпен таптап тастайды екен. Осы жерде өрісті дұрыс ұқсата отырып, мал жайылымын тиімді пайдалану мәселесі шешімін тапқан.

Көнекөз қария бүгінде зейнет демалысында болса да тыным таппақ емес. Күнделікті теледидарға үңіліп, газет журналдардағы ел жаңалықтарын үзбей оқиды.

- Қазір еліміз астық өндіруде алғашқы ондыққа енді. Егер осы қарқынынан танбаса қазақ елі АҚШ, Қытай, Германия, Ресей, Жапония, Франция сияқты елдермен терезесін теңестіреріне кәміл сенемін. Елбасының партияларға үлкен жанашырлықпен қарауының арқасында олардың саны тоғызға жетті. Соның бірі, өзім құрметті мүшесі болып отырған Аграрлық партия, - деп Боранбек ақсақал сөзін түйіндеді.

Оңтүстік Қазақстан обл.


ПІКІР

Жастарға қолдау керек

Бек ҚАРАША

Мысырда қазбадан табылған папируста "Қазіргі жастар бұзылып кетті" деуге саятын жолдарды ғалымдар оқып шыққан еді. Ол жазбаның жасы 2 мың жылға жуық. Басқа дәуірде туып өмір сүрген аға ұрпақ өз қолдарымен қалаған заманда кейінгі буынның дәл өздеріндей өмір сүргенін көрмеген соң, көңілдері толмай өтетіні белгілі. Жастарға қамқорлық тәрбиелік көңілден туып жатса құба-құп.

Осы күнгі жастардың бойынан қандай қасиетті көре аламыз? Менің топшылауымша олардың терең білім алуға талпынысы жоғары. Бүгінгі жастар дінге бет бұрды деп айтуға толық негіз бар. Оның қағидаттарын аға ұрпаққа қарағанда анағұрлым жақсы біледі. Еңбек етіп өз нанын тауып жеуге, ата-аналарына масыл болмауға тырысады. Базар жағалап арба сүйретіп, жүк тасиды. Не істесе де қомсынбайды. Өйткені олар еңбекпен тапқан нанның тәттілігін түсінеді. Осы қара жұмысқа жегіліп жүргендердің дені әлі буындары қатпаған ауылдың қара домалақ балалары. Соңғы жылдары ішімдіктен бойларын алып қашатын жандардың қарасы көбейгені қуантады.

Жастардың өз құқығын білуге деген құштарлық, қоғамдық шараларға атсалысу қабілетіне және саяси өзгерістерге әсер ететін бір топ бар. Оларға жоғарғы оқу орындарында оқитын және оны аяқтап қызметке белсенді араласу арқылы халық назарына іліккендерді жатқызамыз. Осылардың ішінде игі істерге ұйтқы болып, ұлтының намысын жыртып жүргендер де бар. Тіпті, ауыл жастарының өзі бір төбе. Таршылық, жұмыссыздықтың тауқыметін тартып жүрген олар үшін қазіргі қоғамның тірегі болып өмірдің қайнаған қазанына белсенді араласу қиынға соғары анық. Ауыл жастарының қалаларға жұмыс іздеп ағылуы осыны аңғартады. Оның үстіне құрылыста қара жұмысқа жегіліп, түнімен алпауыт ғимараттарды күзететін жастарға демократиялық қоғамның қозғаушы күші бола алмайды деп кінә тағудың өзі қиянат. Сондықтан жабайы нарық қақпақылдап өсірген жастардың рухани әлсіздігі, бабаларымыздың қасиет тұтар қазынасы - мәдени өмірге ұмтылысының төмендігі түсінікті де.

Болашағымыздың баянды болмағы және халқымыздың рухани бұлағы суалмас үшін құрылған "Мәдени мұра" бағдарламасы дер шағында қолға алынған іс болды. Бұнымен ғана шектелуге болмайды. "Белбеу тағу үшін бел керек" демекші, игілікті игеруге қажырлы қайрат керек.

Қазіргі күнде экономикамыз, басқа салалар қанша көрсеткіштерін көзге ұстағанымен бұдан да қарқынды болуы керек-тін. Қазіргі қоғамда нарық заңдары жүргенімен, Кеңес кезіндегі жетістіктердің біршамасы бізбен ілесіп келеді. Қалай десек те бұны жоққа шығара алмаймыз. Сол дәуірде өткеннің бәрі бізге тәжірибе болып қалды. Менің ойыма келіп жүргені. Қазан төңкерісінен кейін қызылдар идеалогияны нығайту үшін ауылдарда ұйым құрып жастарды қолға алды. Бұл өз кезегінде кеңес жүйесінің нығайуына зор ықпал жасады. Бізге де осындай шараларды іске асыру үшін жастар мәселесімен айналысатын арнайы орган қажет. Біздегі жастар ұйымы, қозғалыстары әлсіз. Бұл істі қолға алу үлкен бағдарламаны, мемлекеттік қолдауды, біршама қаржыны талап етеді. Еліміздің тұрақтылық тұғырында нық тұруы үшін белсеніп шығар жастарды, олардың саясатын үкімет қажетті деңгейге көтерсе деймін. Сонда ғана сөз жүзінде айтылып жүрген мәселелер нақты шешімін табар еді.

Астана қаласы


ЖАНА КЕРУЕН ЖОЛЫ

ЕЛ-АЛТАЙ

Жақында Қытайды Таяу Шығыс, Орталық Азия және Еуропа елдерімен қосатын Трансқазақстан теміржол магистралі жобасының тұсаукесері өтті. Қытай жерінде өткен жиынға аталмыш елдерден өкілдер қатысты.

Мамандардың пікіріне сүйенсек, жаңа теміржол магистралі Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін арттыруға тікелей жол ашпақ. Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін жүк керуені көбінесе Ресейдің Транссібір теміржолымен өтетіні белгілі. Сондықтан Ресей қомақты пайдадан қағылуы әбден мүмкін. Осыдан кейін аталмыш көршіміздің жобаның жүзеге асуына аса мүдделі емес екенін аңғаруға болады. Халықаралық валюта қорының деректеріне сүйенер болсақ, Еуропа және Азия елдері арасындағы жылдық тауар айналымы 600 миллиард АҚШ доллары болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш бір жарым есеге ұлғаяды деген болжам бар.

"Азия - Еуропа" теміржол дәлізін құру Қытайдың бұрыннан бергі асыл армандарының бірі деуге болады. Осы мақсатты жүзеге асырудың жолы - магистрал. Жол Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Достық өткелін Иранның Горган қаласымен байланыстыруы керек. Қазақстан, Түркіменстан және Иран аумақтары арқылы өтетін маршруттың жалпы қашықтығы 3943 шақырым. Оның үш мыңанан астам шақырымы Қазақстан арқылы өтетін болады. Болашақ магистралдің артықшылығы, жол жалпақтығының халықаралық талаптарға сәйкес келетіндігі. Қазақ жерімен өтетін теміржол құрылысына қажетті инвестиция мөлшері 2,5 миллиард долларды құрамақ. Жолдың болашағына көз жүгіртер болсақ ол Азия мен Еуропа арасын байланыстырумен қатар Қазақстан мен Қытайдың батыс аймақтарын дамытуға септігін тигізеді. Ендігі мәселе, аумағынан жол өтетін елдер таяу арада кедендік рәсімдеу шараларын оңтайландырып, біркелкі кедендік бағаларды белгілеулері керек.


"Сенім телефондары" сенімге ие

Дәниел ШАЙЫНҒАЗИН,
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің инспекторы

Азаматтардың арыз-шағымдарына қатысты тез арада шара қолдану, есірткімен байланысты қылмыстар туралы келіп түскен мәліметтер мен оларға қатысы бар азаматтар жайлы ақпаратты қабылдау мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкісминінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінде [email protected] электронды мекен-жайы мен 372426 нөмірлі телефоны бар "Сенім телефоны" қызметі құрылғанын хабарлаған болатынбыз.

Осы қызметтің жұмысын ұйымдастыру бағытында есірткі бизнесіне қарсы күрес аймақтық бөлімшелерінде елеулі жұмыстар атқарылуда. Бұл бөлімшелерде қызмет істейтін қызметкерлер ІІББ-ІІБ кезекші бөлімдерінде орнатылған "Сенім телефондарына" келіп түскен азаматтардың мәлімдемелері күнделікті сарапталып отырады.

Осыған қатысты деректерге сүйенер болсақ, үстіміздегі жылдың басынан бері "сенім телефондарына" азаматтардан есірткінің заңсыз айналымына қатысты 57 мәлімет түссе, оның 18 нақтыланды. Наурыздың 26-ында ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінде орналасқан сенім телефонына К. есімді азаматша Астана қаласы Республика даңғылындағы Есіл дүкенінің жанында белгісіз азаматтардың есірткі таратып жүргенін хабарлады. Жедел ұйымдастырылған іс-шара барысында Департамент қызметкерлері дүкен жанынан 106,5 грамм анаша сатып тұрған еш жерде жұмыс істемейтін 25 жасар Ж. есімді азаматшаны ұстады. Сөйтіп, қоғамның азғындануына бей-жай қарай алмайтын адам көмегімен есірткі сату және оны белсенді тұтынып келген притон жұмысы тоқтатылды.


ҚЫЛМЫСҚА - ТОСҚАУЫЛ

Ірі көлемде есірткі тәркіленді

Наурыздың 31-інде Алматыдағы Алмалы ауданының Абай даңғылы мен Қарасу көшесінің қиылысында ІІББ Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 149 грамм героинді сатып тұрған қаланың 1970 жылы туған С. есімді тұрғынын ұстады.

Сәуірдің 3-інде Шымкент қаласында ІІББ Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы мен ҚР ІІМ "Р" басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде, "ВАЗ-2106" таксиді тоқтатып, 38 жасар жолаушы, Тәжікстан азаматы Г-ны жеке тінту кезінде 10 кило героин тәркіленді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Астана қаласы


Жолың болсын - Жас қанат

Бүгін Астананың Конгресс холында жас орындаушылардың 13-ші "Жас қанат" республикалық байқауы басталады. Жас дарындар өнерін жылдағыдай Астана қаласы әкімшілігі, мәдениет министрлігі, "Хабар" агенттігі, "Азия даусы" халықаралық фестивалі қолдап отыр.

Байқау шарты бойынша, алғашқы күні қатысушылар "Астана" эстрадалық оркестрінің сүйемелдеуімен ән орындайды. Бұл жарыстың ең сындарлы шағы, себебі, табиғи дауыстың оркестр әуенімен үндесуі орындаушылық шеберліктің деңгейін көрсетеді.

Ертеңгі, екінші күні әншілер оркестрдің таспаға жазылған әуені сүйемелдеуімен шырқайды. Байқау барысында қазылардың әр қатысушыға берген бағасы ән орындалып болысымен экраннан көрінеді.

Мәре қорытындысы сәуірдің 18-інде белгілі болады.

"Өлеңнен әркімнің-ақ бар таласы" дегендей, биылғы "Жас қанатқа" 100-ден астам орындаушы қатысуға тілек білдірген. Соның ішінен отыз шақтысы іріктеліп, сахнаға дайындық жұмыстары жүргізілді. Енді осы отыздың арасынан озып шыққан 15 мыналар: Дания Алтаева - Талдықорған, Мәдина Асқарова - Алматы, Гүлназ Баймедетова - Қызылорда облысы, Дастан Исманбетов - Шымкент, Мира Қасентаева - Өскемен, Аслан Сайд - Орал, Ноян Сейділдаев - Жамбыл облысы, Ғалымжан Сүлеймен - Қызылорда, Динара Тұрлина - Қарағанды, Нариман Шайқымбаев - Астана, Александр Шатило - Ақмола облысы, "Нью Боиз" тобы - Қостанай, "Ұлан" тобы - Түркістан. Соңғы сәтте қатарға шымкенттік Әлден Жақсыбеков және астаналық Хамиль Сүйекбаев қосылды.


АҚЖОЛТАЙ ХАБАР

Болашағымыз - бiлiмде

Қошқарбай ЗЕРЕНДИН

Таяудағы үш жылда республикамызда мемлекет қаржысына 374 мектеп салынады. Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев бұл туралы дүйсенбіде Астанада өткен мемлекеттік кадр саясатына қатысты республикалық кеңесте хабарлады. Енді көңілдерге қорқыныш ұялатқан ескі ғимараттар мен бірнеше ауысыммен оқуға мәжбүр еткен тар сыныптардан балалар мен ұстаздардың құтылатынына күмән жоқ. Жаңа мектептер құрылысы 12 жылдық білімге ауысуға, қазіргі үшінші және төртінші ауысымдарды таратуға септігін тигізбек. Білім ордаларының халық тығыз қоныстанған оңтүстік аймақтарда жетіспейтіні бұған дейін де талай көтерілген. Дегенмен, министрдің сөзіне қарағанда жекелеген аудандардағы оқушылардың әлі де бірталай шыдауына тура келеді. Атқарылатын ендігі шаруа, облыс әкімдері мен білім ведомстволары басшылары алдағы үш жылдағы құрылыстар ауқымын айқындауы қажет.

Он екі жылдық білім жүйесіне көшу қосымша 27-28 мың мұғалімді қажет етеді. Осы мәселенің алдын алу үшін келер жылы педагогтар дайындау тапсырысы 5 мың адамға көбейіп отыр. Ж.Құлекеев қазір орта білім беру жүйесінде 300 мың шамасында мұғалімнің қызмет ететінін, жаңа реформаға сай енді осы мамандарды қайта даярлықтан өткізу керектігін жеткізді.

Бүгінде еліміздегі мектептердің 35 проценті ғана интернет жүйесіне қосылған. Келер жылдың аяғына дейін олардың қатарын 3 мың мектепке жеткізу көзделуде. Ал, жоғары білім жүйесінде гуманитарлық сала мамандарын әзірлеудегі тапсырысты азайту есесінен техникалық мамандықтар ұлғайтылады. Министр биыл бірқатар жоғары оқу орындарының халықаралық сертификатқа қол жеткізбекші болып жатқанын, жыл соңына дейін қазақстандық дипломдардың әлемде мойындалуы тұрғысындағы әзірлік жұмыстары аяқталуы керектігін жеткізді.




Шаңырақ құты аналар,
Шамшырақ сенен басталар.
Өзің бар да анашым,
Базарым менің тарқамар.



СПОРТ

Дода аяқталды

Өткен жексенбіде Шымкент қаласында көкпардан еліміздің төртінші чемпионатының алғашқы кезеңі аяқталды. Қазақстан "Көкбөрі" қауымдастығы мен Туризм және спорт агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі қолдауымен бірлесіп өткізген жарысына тоғыз команда қатысты. Ойын қорытындысы бойынша апта сайын көкпар тартып, салым салып жүрген Оңтүстік Қазақстан облысының командасы 24 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Екінші орынды 21 ұпаймен Жамбыл облысының, үшінші орынды 14 ұпаймен Шығыс Қазақстан облысының жігіттері иеленді.

***

Азиядағы күштілердің басын қосқан ауыр атлетика чемпионаты Алматыда аяқталды. Жарыстың басты ерекшелігі, олимпиада қарсаңында өткізілгендіктен оның жүлдегерлері енді Афинада күш сынасып, бақ таластырады. Біздің құраманың бас жаттықтырушысы Алексей Ли әу баста Грецияға баруға мүмкіндік беретін үш жолдамадан үмітті екендерін айтқан еді. Өз шәкірттерін білмесе несіне бапкер, айтқаны айдай келді, ел құрамасы Афина олимпиадасына жолдама алып, көкейдегі көздеген түпкі мақсатына қол жеткізді. Жалпы командалық есепте ерлер мен әйелдер командалары екінші орындарға тұрақтады. Ерлер еншілеген екінші орын екі жігітімізге жол ашты. Ал, бұған дейін қанжығалары бос келген әйелдер арасындағы алғашқы төрт командаға бір-бірден жолдама таратылады. Осымен олимпиадаға лицензия үлестірген Азиядағы соңғы жарыс аяқталды.

Қатысқан 28 елдің өкілдері арасында Қытай құрамасының шоқтығы биік көрінді. Кілең ығай мен сығайын іріктеп әкелген олар бірінші орынды иеленді.

Алматыдағы чемпионат әлем рекордтарын 10 рет жаңартқанымен есте қалады. Әйелдер арасында әлем рекорды 9 рет, ерлерде 1 рет жаңғырды. Оның екеуі жерлестеріміздің үлесі. Сәуірдің 10-ында Азия ойындарының чемпионы 77 килограмдық салмақ дәрежесіндегі Сергей Филимонов жұлқып көтеруден өзі орнатқан 173,5 килограмдық көрсеткішін еңсерді. Тәуекелшіл Татьяна Хромова 120 килограмды бағындырды.

Жарыс қорытындысы бойынша елімізден Татьяна Хромова (75 кг), Сергей Филимонов (77 кг) және Бақыт Ахметов (94 кг) Афинаға аттанады.


Сіз білесіз бе?

Ежелгі грек әйелдері жасын дүниеге келгеннен емес, тұрмысқа шыққан күннен бастап есептеген. Бұл олар үшін жұптық өмір ғана маңызды дегенді білдіреді.

* * *

Соңғы 200 жылда жануарлар әлемінің 150 түрі құрып кеткен. Енді оларды қорғау жұмыстары дұрыс жүргізілмесе қалған 600 түрінің құрып кету қаупі бар.

* * *

Суық судан гөрі қайнаған су лаулаған отты тез сөндіреді.

* * *

Алғашқы ұялы телефонды 1983 жылы наурыздың 6-сында Моторола компаниясы шығарған.

* * *

Әлемдегі ең биік ағаш - австралиялық эквалипт, биіктігі 100-110 метрге жетеді.

* * *

Әлемдегі ең биік шөп - бамбук. Жас бамбук күніне жарты метрдей өседі. Бірақ, мұндай қарқын әрі кеткенде 40 күнге созылады.

* * *

Оңтүстік Америкадағы Атакама шөлінің кейбір бөлігінде бірнеше жүздеген жылдар бойы жаңбыр жаумайды екен.

* * *

Әлемдегі ең ыстық жер - Эфиопиядағы Далон. Онда орташа температура 30 градус шамасында.

* * *

Бразилияда "сүтағаш" өседі. Кейде оны жергілікті тұрғындар "сиырағаш" деп те атайды. Бұл ағаштың қабығын тіліп жібергенде ішінен аппақ сұйық зат бөлінеді екен. Шырынының түсі және дәмі сүтке өте ұқсайды.

* * *

Үндістан мен Индонезияда, тағы басқа тропиктік елдерде "нанағаш" өседі. Ол домалақ пішінді салмағы 30 келіге жуық жемістер береді. Жергілікті тұрғындар бұл жемісті күлге көміп, күлше пісіреді. Оны нағыз нан дерсіз.

* * *

Мысық алты түсті ажырата алады. 25 сұр түстің өзгешелігін айырады. Жылқы небары төрт-ақ түсті (қызыл, сары, жасыл, көк) ажыратады.


Сиыр сәтi... тiлiнде

Солтүстік Ирландия ғалымдары сиыр сүтінің құнарлығын арттырудың әдісін тапты. Ол үшін мал азығына аздап рапс қосса жеткілікті көрінеді. Күніне 600 грамм рапс жеген сиыр сүтіндегі денсаулыққа зиян келтіретін олеин қышқылы 35 процентке, пальмитин қышқылы 26 процентке азаяды екен. Ғылымның көздегені орындалып жатса, ірімшік балмұздақ және т.б. сүт тағамдарының денсаулыққа пайдасы арта түспек. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласындағы кейбір компаниялар сиырды рапспен жемдеуге көше бастаған. Ғалымдар жағы бұл жаңалықты жарнамалауға әлі ерте, тәсілді алдымен клиникалық тәжірибеден өткізіп, заңдастыру керек дейді.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ   

Колонки
Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров, С.В. Волков.
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Ведущий сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"