Газета издается с 10 декабря 2002 года. Выходит по пятницам.
   Услуги Web-дизайна
Вместе с нами



Валюта, погода

Kazakhstan Financial Market
вся погода



Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА ШАҚЫРДЫ

Қазақстан экономикасының мүмкіндігі қай деңгейде? Сұрақ жауабын өзімізді өзгелермен салыстырғанда ғана алуға болады. Өткен аптада Германияның Ганновер қаласында "Нannover Мesse -2004" Халықаралық өнеркәсіптік көрмесінде осындай мүмкіндіктің сәті туды.

Қазақстан өнеркәсібі өнімдерін Батысқа бастап апарған елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары, қансонарда отандық тауар жасаушылардың томағасын сыпырғаны секілді болды. Қазақстан экономикасының күндері ҚР Президенті Н.Назарбаев және ГФР Канцлері Герхард Шредердің қатысуымен ашылған еді. Оған елімізден "Қазинвест", "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан даму банкі", "ҚазТрансГаз", "КЕГОК", "Қазмырыш" сияқты 50-ге жуық компания мен фирма өз экспозициясын ұсынды.

Елбасы көрмеге Қазақстанның неміс фирмаларымен жұмыс тәжірибелері орныққан, өз тауарларының сыртқы рыноктарға тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ете алатын компаниялары қатысып отырғанын, Қазақстан бизнесі өз әріптестері мен тұтынушыларын тауып, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығына қолайлы жағдай туғызады деген үміттеміз, - деді. Сонымен қатар неміс кәсіпкерлерін бірлескен кәсіпорындар мен өндірістер құруға шақырып, оған еліміздің қаржы мүмкіндіктері мен жайлы инвестициялық ахуалы бар екенін жеткізді. Қазақстан экспозициясымен танысқан Г. Шредер біздің мүмкіндігіміздің олардың көздегенінен асып кеткенін жасырмады.

Президенттің Төменгі Саксония жерінің Премьер-министрі Кристиан Вульфпен кездесуі нәтижесінде Төменгі Саксония мен еліміздегі облыстардың бірі арасында байланыс орнату жайы қарастырылды. Осыған орай мемлекеттер арасында өңірлік байланыстарды нығайту мақсатында Қазақстан - Төменгі Саксония үкіметаралық жұмыс тобы құрылатын болды.

Еліміздің мұнай-газ саласы қайтарымды екені аян. Көрме кезінде мемлекет басшысы алдағы 15 жылда республиканың мұнай-газ саласына инвесторлар 80 миллиардтан астам АҚШ долларын салуды жоспарлап отырғанын жеткізген.

Биылғы көктемде Ресей Президенттігіне екінші рет сайланған Владимир Путин Федералдық деңгейдегі басшылықты түбірінен өзгерткені мәлім. Көршілеріміздің бұл қадамы реформаларды жеделдету мақсатынан туындағаны анық. Сондықтан Н. Назарбаевтың бұл сапары Кремльдің жаңа саяси-экономикалық бағытының тамырын басуға арналды.

Қазақстандағы Ресей жылы мемлекеттер арасындағы достық байланыстарды нығайта түседі деп атап көрсетті елбасы. Мемлекеттік басқару органдары жетекшілері арасындағы қарым-қатынас өзара тиімділігімен ерекшеленіп, қаңтар айында қол қойылған жекелеген екіжақты келісімдерді жүзеге асырудың жеделдетілген жұмыстары жолға қойылды.

Кездесуде мемлекеттік шекараларды делимитациялауды анықтау мәселесі қозғалды. Өткен жылы Қазақстан - Ресей шекарасының 98 процент бөлігі келісілген болатын. Елбасы осы мемлекеттік шарамен айналысқан бірлескен комиссияның жемісті қызметін атап көрсетті. Ол сондай-ақ темір жол тасымалы бойынша тарифтерді келісу мәселесін де оң шешу қажеттігін айтты.


ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Шағын аудан шаруашылықтары шатқаяқтап түр

Төлеген ҚАЖЫБАЙ, журналист

Облыс орталығы Көкшетау қаласында "Бурабай", "Орталық", "Васильковка", "Бірлік", "Көктем", "Жайлау" атты бірнеше шағын аудандар бар. Бір жүз елу мыңдық қала тұрғындарының 25 процентке жуығы осы шағын аудандарда тұрмыс кешуде. Өкініші сол, бұл аудандарда жылумен, сумен, электр жарығымен және көгілдір отынмен қамту көңілдегідей десек күпірлік болмақ.

Сонау Совет кезінің өзінде "Бурабай" шағын ауданындағы тұрғындар пәтерлерін күнбе-күнгі тұтынатын ауыз сумен қамту көңілдегідей еместі. Пәтерлердің төртінші, бесінші қабаттарына су көтерілмейді, оны көтеретін насостар қуаты жетпегендіктен түннің бір уағында "Қадір түнін" күзеткендей халдегі тұрғындар ванналарына су қотарып, ыдыс-аяқтарына шай-суанға деп су сарқып алатын. Сол тірлік бүгін де түзеліп кете қойған жоқ.

Қаламен қойындасып жатқан "Көктем", "Орталық", "Васильковка" шағын аудандарына жылу берудің түбегейлі шешілмей отырғандығы да арқаға аяздай батып жүргені биыл ғана емес. "Көктем-Пауэр" ЖШС қалаға берілер жылу атаулыны өз қолдарына бүтіндей алғанымен шағын аудандарға таратылар жылудың жүйелі берілуін өз қолдарынан шығарып алғандай.

Облыс әкімшілігінде апта сайын өтіп келген мәжілісте аталмыш аудандарға жылу жүйелі беріліп тұр дегенді серіктестік директоры Александр Игнатущенко беті бүлк етпей мәлімдеп келгенімен, мәселе шын мәнінде олай болмай шықты. Орталықтан тартылған жылу құбырлары қапталмағандықтан пәтерлерге беруге тиіс жылудың тең жартысы далаға кетті. Құбырлар қиылыстарындағы қыруар ақаулардың салдарынан бұрқыраған бу болып ұшқан жылу шығыны да шашетектен болды.

Осындай қиюы қашқан берекесіздіктен қыс бойы "Көктем", "Васильковка" шағын аудандарының көптеген пәтерлері мөлшерлі жылу ала алмай, тұрғындар суықтан азап шегіп отыр. Алайда, "Пауэр" магнаттары төлемақыға келгенде тиісті мөлшерде жылу берілген пәтер иелерімен бірдей төлемақыны өндіріп алуда жүздері жанбайды. Олар үшін тұтынушылар тартқан азаптан гөрі өз құлқындары қымбат болып шықты.

Шағын аудандар түгілі қала орталығындағы тұрғындардың да ауыз судан тартып отырған азабы аз емес. Көктем, жаз айларында орталық құбырдан қотарылар суды тартып алуға болмайды. Өйткені тазартылып, сүзіліп келді деген судың сапасы сын көтермейді. Лайы былай тұрсын, құбыр арқылы ұсақ жәндіктер мен құрт-құмырсқалардың сумен жүзіп келгенін көргенде санитарлық қызмет несін бағып отыр дейсің.

Микробты құрту үшін қолданылатын хлордың адам ағзасына, әсіресе асқазан рагы мен жарасына ұрындыратындығын екінің бірі біледі. Әйтсе де амал жоқ, сапасыз суды тұтынамыз. "Горводоконал" кәсіпорнының ұзақ жылғы қаракет-амалсыз отырған қырсыздығы қала халқын тұйыққа тіреуде.

Көкшетау қаласы үшін берілетін ауыз су іргедегі Шағалалы өзенінен алынады. Ал, ол ағын судың өн бойында кезінде шошқа, сиыр, жылқы қоралары салынғанын, он сан елді мекендердің күл-қоқыс төгіп отырғандығын білетін едік. Бақылаудың жоқтығынан жаз айы Шағалалыны шалпылдатып суға түсушілер мен автокөліктерін жуушылардан көз сүрінетіндігін біз көтергенмен, жауапты орындардың әрекетсіз отыруын немен түсіндіруге болады?

Осынау ушыққан мәселеге қаланың қырық проценттен астам су құбырының мүлдем тозғандығын, дереу алмастыру қажетігін, көптеген үйлердің жертөлелері іркілдеген батпақты суға толып тұратындығын қоссақ қаланың коммуналдық қызметі мен ПИК-тердің дәрменсіздігін қадай айтуға тура келеді.

Көкшетаулықтар үшін көгілдір отын мәселесі күрмеуі шешілмес түйінге айналғаны да біраз жылдың жүзі болып қалды. Шағын аудандар тегіс бұл отынды орталықтан пайдаланбайды. Балонды газ тасымалдағалы да талай жыл. Қала орталықтарындағы газгольдер-газ сауыттарының дені бос тұр. Өйткені оларды газбен жабдықтау кәсіпорындары өз мүмкіндіктерін толық пайдаланбайды. Оның үстіне қаланы газбен жабдықтау мекемелерінің әлденешеуі құрылғанымен солардың бірде біреуі өз қызметін талапты деңгейде жүргізе алар емес. Қазақтың "қойшы көп болса, қой арам өледінің" кері тап көгілдір отын қожаларына қаратылып айтылса керек.

Қала іргесіндегі "Жайлау" шағын ауданының халі де адам аяғандай. Кезінде кешенді құрылыс орталығына айналдыру көзделінген бұл мөлтек ауданның дені құрылысы аяқталмай қаңқалары ғана қалған үйлерден тұрады. Осының салдарынан дұрыс жол құрылысы жүргізілмеген. Жылы су, газ шаруашылықтары да бұл шағын аудан үшін күні бүгінге өзінің дұрыс шешімін таппаған.

Шағын аудандарға жатпағанымен қала әкімшілігіне бағынышты Көкшетау-ІІ, Қызылжар қыстақтары мен Темір жол желісінің сыртындағы қоныста да қордаланып қалған, бірақ шешілер түрі жоқ мәселелер өте көп. Бұл қыстақтарда күні бүгінге дейін монша жоқ. ХХІ ғасырда өмір сүріп отырған біздер үшін жабайы орта ғасырлық тірлікті бастан кешу үйреншікті халге айналып болған.

Ауыз су мәселесі де бұл қоныстарда ушыққан уытты күйде қалып отыр. Орталық су құбырлары істен шыққандықтан құдықтар басында мал мен жанның бір жұтым су үшін таласы үдей түскен.

Ал, ол судың сапасын тексеріп, ішуге болады деп кепілдік беріп отырған мекеме тағы жоқ. Қаптап кеткен "жоқтар" мен екіншісі шешімі табылмаған күрделі мәселелер қала тұрғындарының былай да ауыр тұрмысын көтерем халге әкеле жатқандай. Коммуналдық қызмет үшін төлемақы ай сайын қымбаттай түсіп отырғанымен сол қызметтің өз дәрежесінде атқарылмай отырғандығы жанға батады. Біз де сол қиналыс пен қынжылысты бастан кешіп отырғандықтан осы мәселеге тағы да назар аударылса екен деп дабыл қағып отырмыз.

Көкшетау қаласы


МЕЖЕ - 6 МЫҢ ЛИТР

Ерболат ЕСІЛ

"Зенченко және компания" командиттiк серiктестiгiнiң мамандары мал шаруашылығы жүйесiн қайта құруды қолға ала бастады. Бес мыңға жуық iрi қарасы бар серiктестiк облыстағы ең iрi қожалықтардың бiрi. Алдағы бiр-екi жылда мамандар әр сиырдан сауылатын сүттiң орташа жылдық көлемiн 6 мың литрге жеткiзбекшi.

Сапалы менеджмент, бәсекелестiктің өсуi елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткенiндей, ауыл шаруашылығы сапасының белгiсi болып табылады. Командиттiк серiктестiк басшылары әкелi-балалы Зенченколар аз уақыттың iшiнде нарық талаптарын игерiп алды. Малды өсiру, өнiмдi өңдеу және оны тиiмдi сату - бәрi де жолға қойылған жұмыс. Өндiрiс тұтынушы сұранысына дер кезiнде бейiмделіп отырады. Шаруашылық төл сатумен ғана шектелмейдi. 1 жарым мың сауын сиыр күн сайын қомақты табыс бередi.

- Iсiмiз өрге домалап келедi. Жетi рет өлшеп, бiр рет кес дегендей, алдымен бәрiн сараптап алған жөн. 5 мың литр сүт аламыз, оның әрбiр литрiн 30 теңгеге көбейтiңiз , - дейді "Зенченко және компания" КС бас директоры Геннадий Зенченко.

Жақында шетелде болып қайтқан әкелi-балалы Зенченколар сүт фермаларын, мал азығы өндiрiсiн және сүт өңдеудi қазiргi заман талабына сай өзгерту керектiгiн түсiнген. Сүт өңдеу iсi шаруашылықта батыстың жаңа қондырғыларын орнату жолымен шешiлiп жатса, мал өнiмдiлiгiн арттыру уақыт, мол қаржы, сынақ жұмыстарын талап етеді. Бұл арада ресейлiк мамандар тәжiрибесiне арқа сүйегелі отырған басшылар, енді 3-4 жылда өнім мөлшерін үш есеге көбейтуге әбден болады дейді.

- Мәскеуде болғанда арнайы залы бар, компьютерлендiрiлген, сауын кешенiн көрдiк. Содан ондай кешендi өзiмiзде сала бастадық. Ендi 5-6 мың литр сүт беретiн сауын сиырлар табынын құру керек,-дейді "Зенченко және компания" КС бас зоотехнигi Михайл Волошко

Мал шаруашылығын дамытудың жаңа технологиясын қолдану мал ұстау жағдайларын жақсартып қана қоймай, сонымен бiрге ферма жұмысшыларына жайлы жерде жұмыс iстеуге септiгiн тигiзедi. Сиыр сауу iсi толығымен механикаландырылады. Ал сиырлардың жағдайын компьютер арқылы бақылап отыру шаруашылықтағы қалған жұмысты айтарлықтай жеңiлдетедi.


ЭКОНОМИКА

МАЛ БАСЫ ҚОСЫЛДЫ, БАҒА ДА ӨСТI

Еліміз аймақтарында өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсуі байқалады, - деп хабарлайды республикалық Статистика агенттігі. Тек 2003 жылмен салыстырғанда биылғы қаңтар, ақпан айларында өнеркәсіп өндірісі Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тиісінше 3,4 және 6,7% төмендеген. Ең жоғарғы көрсеткіш Жамбыл облысында (26,3%), ең төменгі деңгей Солтүстік Қазақстан облысында (2,5%) тіркелген. Өнеркәсіп өндірісінің орташа республикалық денгейі еліміздің 8 өңірінде асып түсті.

Ағымдағы жыл басында республикада жүргізілген тұтастай бағалау бойынша, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі ағымдағы бағамен 35,7 млрд. теңгені құрады, бұл 2003 жылғы тиісті кезеңдегіден 5,9 % артық.

Былтырғы наурыздан бері барлық облыстардағы шаруашылықтардың ірі қара, шошқа, жылқы, қой, ешкі, 9 облыстың - құсты, 8 облыстың - түйені көбейткені байқалады.

Ет өндірісі 14 аймақта артқан. Астана мен Алматы қалаларында ет өндірісінің көлемі өткен жылғы деңгейде қалса, Павлодар облысында оның 17,6% өсіміне қол жеткізілді, ең аз деңгей Қостанай облысында (0,7%).

Мал басы көбейген соң сүт өндірісі де алға жылжыған. Бұл арада да Павлодар облысының шоқтығы биік көрінеді (17%). Ал Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында сауылған сүт көлемі өткен жылғы деңгейде қалған. Жұмыртқа өндірісінің өсуі Қазақстанның 12 өңірінде байқалды. Ең көп өсімге Алматы қаласында қол жеткізілді (50,0% ).

Жыл басындағы мәлімет бойынша салынған тұрғын үйлер көлемі республиканың 13 өңірінде өткен жылдың тиісті кезеңінің деңгейінен асты. Үй құрылысы былтырғы сәйкес мерзімнен тиісінше, 3,9 есе және 2,1 есе артық болған Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында жақсы жүргізілуде.

Негізгі капиталға жұмсалған инвестиция (жете бағалауды ескере отырып) 124,9 млрд. теңгені құрады. Инвестицияның өсуі республиканың 12 өңірінде байқалған. Алдыңғы орында Астана қаласы (2,4 есе) көрсеткіші тіркелген.

2004 жылдың ақпанында тұтыну тауарлары мен қызметтерінің бағасы өткен аймен салыстырғанда (Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда), республиканың барлық өңірлерінде өсті. Ең жоғары деңгей Атырау облысында (1,2%), ең төменгі деңгей Батыс Қазақстан облысында (0,1%) тіркелді.

Жыл басындағы қаңтармен салыстырғанда ақпан айында халыққа ақылы қызмет көрсету бағалары республиканың 12 өңірінде өскен. Атырау және Қостанай облыстарында қызмет көрсету бағасы 0,1%-ке, Астана қаласында - 0,3%-ке төмендеді. Ақтөбе облысында қызмет көрсету бағасы өткен аймен салыстырғанда өзгеріссіз қалды. Бағаның ең көп өсуі Маңғыстау облысында (1,1%), ең аз өсуі -Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында (0,1%-тен) байқалды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, биылғы ақпан соңында жұмыссыз 147,6 мың адам тіркелген. Ал олардың экономикалық тұрғыдан белсенді халық санындағы үлесі - 1,9%.

Қаңтар айында Қазақстандағы халықтың жан басына шаққанда орташа ақшалай табысы (бағалау бойынша) 10922 теңгені құрады. Ең жоғары табысты өңірлер - Атырау және Маңғыстау облыстары, оларда табыс республикалық орташа деңгейден тиісінше 2,4 және 2,1 есе асып түскен.

Биыл жалақы мөлшерінің өскені байқалады. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 25764 теңгені құрады, ол 2003 жылдың ақпанымен салыстырғанда 22,2% өсті.

Ақпандағы көрсеткіш бойынша, ең жоғары жалақы - 62395 теңгені қаржы саласы қызметкерлері алады. Бұл республика бойынша орташа деңгейден 2,4 есе жоғары. Одан кейінгі орындар кен өндіру саласы (42653 теңге), көлік және байланыс (41355 теңге), қонақ үйлер мен мейрамхана (37881 теңге) қызметшілері еншісінде. Еңбек ақысы орташа республикалық көрсеткіштен төмен қызметкерлер денсаулық сақтау (43,8%) және білім (33,4%) саласында жұмыс істейді. Жалақының ең жоғары және ең төмен деңгейі арасындағы алшақтық - 7,2 есе (өткен жылдың ақпанында - 7,5 есе).

Ағымдағы жылдың ақпанында жалақының өскені қызметтің барлық түрлерінен байқалады. Көлік және байланыс саласындағылардың еңбек ақысы 37,6% (41355 теңге), мемлекеттік басқаруда - 30,3% (23463 теңге), денсаулық сақтауда - 25,7% (14483 теңге), білім беруде - 22,3% (17156 теңге), коммуналдық және әлеуметтік қызметтер саласында - 21,9% (28591 теңге) өсті.

Осы өткен ақпанда республика өңірлерінің ішінде ең жоғары жалақы Атырау облысында (49923 теңге), ең азы - Ақмола облысында (16707 теңге) тіркелген. Орташа республикалық деңгейден төмен еңбекақы он облыста байқалды.


ТЫҢ: ТАРИХ ЖӘНЕ ТАҒДЫРЛАР

ӨЛКЕНІҢ экспорттық деңгейі

Астық өндірісінің ұлғаюы және жер қойнауы байлықтарын игеруді қажет ететін темір (Рудный), боксит (Арқалық), асбест (Жітіқара) кеніштері Қостанай-Рудный-Жітіқара, Есіл-Арқалық, Көкшетау-Қызылту, Қорған-Пески жаңа темір жолдарының құрылысына себепкер болды. Осы тәріздес темір жолдар алыстағы аудандармен араға да төселді, бірақ ондағы мақсат, астық тасымалын тұрақтандыру еді.

Тың өлкесіндегі өндіріс күшінің қауырт өсуі адам санын бірден ұлғайтты. Осыдан кейін көптеген елді мекендер бірінен соң бірі шаңырақ көтеріп жатты. Соның айғағы, 1945-62 жылдар аралығында өлке тұрғындарының саны 80 процентке өскен. Бұл КСРО-дағы сол кездегі көрсеткіштен анағұрлым артық деген сөз. Өлке ауылды жер тұрғындарының өсімі бойынша одақта суырылып алға шықты.

Тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты су көзі тапшы өңірлерде су шаруашылықтары құрылып, жаңадан ауыз су жүйелерін салу қолға алынды.

Топырағы құнарлы аймақтарда астық шаруашылықтары, қырат, жусанды, сорлы өңірлерде жаңадан мал шаруашылықтары құрылды. Жалпы, 1963 жылдың ортасы тұсында өлкеде 740 кеңшар, 95 ұжымдық шаруашылық жұмыс істеді. Осының ішіндегі 500 шамалысы астық өндірісімен, 200-ден астамы мал шаруашылығымен шұғылданды және арнаулы салаға бейімделді.

Мамандар даярлау ісі өзекті мәселе еді. 1961 жылы өлкедегі ауыл шаруашылығын механикаландыру училищелері 22 мыңнан астам, ал келер жылы 46,8 мың механизатор даярлап шығарды. Осы жылы өлкеде барлығы 109 мың адам түрлі салалар бойынша мамандық алып шықты.

1953 жылға дейін де өлке ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінде салмақты орын алып, одақтың басқа аудандарына жыл сайын 1-2 миллион тонна астық, 5 мың тоннаға дейін ет жөнелтіп тұрды.

Аталмыш сала біршама дамыған 1954-63 жылдар арасында астық өндірісі енді жеті еседен артық өсті. Орташа есеппен жыл сайын (1956-1960) 13,1 миллион тонна астық өндіріліп, шетке ағылған деңгейі де күрт ұлғайды. 1960 жылы оның мөлшері 7,5 миллион тоннаға жетті.

Осы жылдардағы тағы бір өзгеріс, бұрындары негізінен Одақтың шығыс бөлігіне жіберіліп келген астықтың енді 60 проценті батыс аудандарға бағытталды. Дегенмен Қазақстанда өсірілген нанның тұрақты әрі ірі тұтынушысы (20 проценті) Орталық Азия еді. Сол жылдардағы экспорт деңгейі 1 миллион тоннаға жетті. Өлкеден орталыққа, Урал, Сібір, Қиыр Шығыс, Орта Азия және басқа аудандарға 350 мың тоннадан астам ет және ет өнімдері алдырылды. Жаңа құрылған мал шаруашылықтарының есесінен мал өнімдерін жөнелту, астық экспортына қарағанда анағұрлым жедел өсті.


Теледидар қазақша сөйледі

Мұрат ӘМІРЕНОВ

Тарбағатай ауданындағы Қызылкесік ауылының тұрғындары бұған дейін тек Ресей телеарнасының бағдарламаларын көріп келген еді. Жуықта осы ауылға облыстық радио-телеақпарат орталығы "Хабар" телеарнасының желісін жеткізді. Сөйтіп тұрғындар Астана мен Алматының жаңалықтарын естіп, қазақ тіліндегі хабарларды көріп қарық болып қалды.

Аталмыш шараға С. Қалиев, М. Жансұлтанов, К. Ғабдулина, А. Жайлаубаев, Б. Закарина сияқты кәсіпкерлер қаржылай көмек көрсетті. Алыс ауыл тұрғындары аудан әкімі А. Кәрімов пен облыстық радио-телеақпарат орталығының директоры Қ. Байыркенов мырзаларға да "Хабар" телеарнасын таратуды ұйымдастырғаны үшін дән риза.

Шығыс Қазақстан обл.


І. Тарихи негiз жоғалмайды

Серік САҒЫНТАЙ

Қысқа күнде қырық құбылған бүгінгі заманда адамзат баласы ашық күнде адаспас үшін ең әуелі тарихи сана керек. Тамырыңды танымасаң, топырағыңды тонатсаң, мәуе шашып, бұтақ бүрлете алмайсың. Тарихи сана бәрімізге де керек. Ол тек өткенді білу ғана емес, ата-баба мұрасын болашаққа жеткеру...

Жақында "Мәдени мұра" бағдарламасының сан-салалы міндеттеме-мұраттарынан өріп шығатын бір жүлгесін тарқатпақ ниетте Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ жанындағы Сарыарқа археологиялық институтының директоры, белгілі ғалым-археолог Жұман Смайыловпен ой бөліскен едік.

- Жұман Егінбайұлы, тарихи тамырымызды сақтап қалудың жолы қайсы?

- Кез келген мемлекеттің өркениеті сол арадағы табиғи байлықтарға, жергілікті халықтың тарихына, мәдени-рухани мұраларына ілтипатпен қарауымен анықталады. Әр ұлт-ұлыстың өзіндік тарихи тағдыры бар. Бүгінгі тарихшының, мәдениеттанушының, жалпы адамзат игілігі, өткені үшін қызмет атқаратын барша салауатты жанның басты мұраты осы мол қазынаны бүлдірмей, сынына сызат түсірмей ертеңге еншілеу. Осы орайда "Мәдени мұра" бағдарламасының жария болып, өткен алмағайып кезеңдердегі ауыртпалықтардың қайтарымы ретінде, тарихи мұрамызды саралап, нағыз өркениетті мемлекет ретінде қалыптасқандығымызға кепілдеме ұсынуы бізді қуантады. Бағдарлама тарихи-мәдени, рухани мұраны сан қырынан зерттеуге, сақтауға қатысты мәселелерді шешуге тың кеңістіктер ашып отыр...

- Сөзіңіз аузыңызда, археология институтының оған қосар үлесі қандай болмақ?

- Еліміз еңсе көтеру үшін ең әуелі экономикалық дамуға назар аудардық. Бұл әлемдік тәжірибе, таласымыз жоқ. Бірақ, осы даму кезеңінде тұрғызылған өнеркәсіп орындары, қазылған шахталар, тартылған жолдар аймағымызда тұнып тұрған археологиялық ескерткіштердің бірқатарының қирауына, жермен-жексен болуына әкеп соқтырды. Осы орайда институт археологтары қалпына келтірілуі мүмкін емес ескерткіштерді жылдам зерттеумен шұғылданды.

Жалпы, далалық аймақтарда көлемді құрылыс жұмыстарын жүргізерден бұрын сол маңайдың топырақ қыртысында жасырынған археологиялық ескерткіштерін, мәдени қабаттарын зерттеп алу керек. Олай болмаған күнде, орны толмас олқылыққа жол береміз.

- Айтуыңызға қарағанда орны толмас олқылықтар жіберілгенге ұқсайтындай?

- Өткен жылдары облыс аумағынан көктеп өткен Алматы-Астана күре жолының бірқатар бөлігі Шет ауданы аумағына салынды. Қасиетті Толағай тауының маңында Ақсу-Аюлы - ІІ археологиялық кешені жатыр. Республикалық назардағы аса маңызды ескерткіш. 1951 жылы Ә. Марғұлан қазған-тұғын. 2001 жылы біз қирандысына бардық. Бұрынғы ғалымдар шатасып, оны Бегазы мәдениетінің ескерткіші деп белгілеп кеткен. Мүлде олай емес, Ақсу-Аюлы кешені Бегазы мәдениеті пайда болған кезеңнен 500 жыл әріде пайда болған - қола дәуірінің орта кезеңінің туындысы. 30 метр аумақты алып жатқан храм-мавзолей - қаланған үлкен тастарының жігіне пышақ сыймайды. Айналма галереясы бар. Ғажап қаланған. Бұл храм тек мола ғана емес, тұтас мемлекеттік идеологияның ұстанымы боларлықтай туынды. Міне, осы ескерткіш күре жол жанындағы қосымша жолдың жиегі қазылып, көтерме жолға топырақ алынғанда аршылып, қирап қалған. Біз өткен жазда барып, ескерткішті қаздық, картаға түсірдік. Мавзолей ішінен алтын сақина табылды. Ал, аталған кешеннің өзге де ескерткіштерінің бір шетін өзен шайып жатса, екінші шеті тас жол табанында қалды. Біз өз мемлекетіміздің сонау ерте дәуірден тартқан тамырын осылай өз қолымызбен үзіп жатырмыз. Тіпті, тарихты өзіміз білетін бергі кезеңдерден бастауды шығардық...

- Тарихқа қиянат халықтың өткеніне балта шабу дейсіз ғой.

- Биыл Қарқаралы қаласының 180 жылдық, Жезқазған қаласының 50 жылдық мерейтойларын атап өтеміз дейміз. Бажайлап қарасақ, екі қаланың да тарихы тым тереңде жатыр. Біз тек отаршылдық саясат кезінде қала мәртебесі берілген даталы күнді ғана пайда болу уақыты деп кесіп аламыз, ал арғы тарихқа басымызды ауыртпаймыз. Қарқаралы қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жердегі Кент қалашығы қазіргі Қарқаралының әу бастағы орны. Кент 1985 жылдан қазылып келеді. Бүгінге шейін жасалған шаруалар бізге белгілі дәрежеде Қарқаралының бүгінгі атқарып отырған миссиясын ежелгі дәуірде Кент қалашығы атқарған деуге толық мүмкіндік береді. Кентке оңтүстікте сонау Хорезмнен, солтүстікте Сібірден ағылып керуендер келген. Олар өз тауарларын осы аймақта өндірілетін қола бұйымдарға айырбастаған. Керуендер шеру тартқан жол "Жібек жолы" емес, қола дәуірі мәдениетіне тән өзіндік үлкен арналы жол болған. Кент біздің дәуірімізге шейінгі 1 мыңжылдықтың басында аса дамып, үлкен өнеркәсіп-сауда орталығы болды. Ал, бұл сол дәуірдегі үлкен қалалардың бірден-бір белгісі. Кент қола дәуірінде пайда болып, кейінгі дәуірде де орталық болып есептелген. Осы аумақта тас мүсіндердің көптеп кездесуі, Доңғалақ, Домалақтас, Әкімбек, Нарбас, Еңбексүйгіш ескерткіштері, қалмақ қорымдары, Қызыл кеніш - Қыз әулиелердің орналасуы бұған дәлел.

- Орталық аймақ керуендерді несімен қызықтырған деген сұрақ туындайды?

- Қола дәуірінде Орталық Қазақстан қатты дамыған. Ол дәуір тек Орталық Қазақстан тайпаларының ғана емес, бүкіл қазақ халқының қалыптасу тарихында үлкен бастау көзі. Біздің бүкіл салт-дәстүріміз сол кезеңнен келе жатыр. Бір шеті - Жезқазған, бір шеті - Балқаш, Атасу аймағында ғұмыр кешкен тайпалар сол дәуірде-ақ осы өлкеде мыстың мол байлығы барын білген. Біліп қана қоймай, мысты қалайымен араластырып, қорытып, қола алған. Оның өзіндік технологиясын өзге өңірлердегі тайпалар білмеген. Ендеше, бұдан келіп шығатыны, Қарқаралы аймағы ең ежелден-ақ орталық болған. Ал, біз Ботовтың жәрмеңкесі мен генерал Броневскийдің заманын ғана сөз етеміз. Қарқаралыға қала мәртебесін берген отаршылық заманның тарихын ғана қозғаймыз. Сол Ботовтар осы өңірдің бұрын үлкен сауда орталығы болғанын білген соң ғана жәрмеңке қыздырған...

Қарағанды обл.
(Басы, жалғасы келесі санда)



"Айгөлек", жолың ашылсын!

"Айгөлек" скрипкашылар ансамблі Американы тәнті қылып қайтты. Астанадағы Қазақ Ұлттық музыка академиясының жас өнерпаздары осы сәуір айында мұхиттың арғы жағына арнайы сапармен барды. Ансамбль Лос-Анжелес, Голливуд, Феникс, Меса, Жаңа Орлеан, Вашингтон, Нью-Йорк қалаларындағы оқушылар, студент жастар алдында өнер көрсетті.

- Балалар орындаған әлемдік классикалық шығармалар мен ұлттық туындылар тыңдаушыларын бірден баурап алды,-дейді сапардың ұйымдастырушысы, академиядағы эстрада және джаз секциясының меңгерушісі, профессор Гүлдана Жолымбетова. - Дамушы ел өкілдеріне шекеден қараушылық осыдан кейін-ақ күрт өзгеріп сала берді, өнер сайыстырмақ болған американдық тетелестері олардан кейін сахнаға шықпайтындай болды,-дейді мейірленіп.

Қиялшыл бала көңілінде керемет, құлпырған мемлекет ретінде елестейтін Американың да күнгейімен қатар көлеңкесі болатынына балалар осы жолы көз жеткізіп қайтқан. Тоқтаған жерлерінде балалармен араласып, АҚШ-тың тарихы, мәдениеті туралы көкжиектерін кеңейтті. Өздері қазақты, Қазақстанды кеңінен таныстырып, білмегендеріне көрсетіп, білгендірінің ойын біршама өзгерткен.

Өздерін қашанда озық санайтын американдықтардың қазақтың қаршадай балаларынан жоғары деңгейлі өнер күтпегені анық. Сондықтан әрі сынау, әрі сүріндіру мақсатымен түрлі сылтауларды желеу етіп, шығарма нотасын концертке 10 минут қалғанда қолдарына ұстатқан.

- Оқушыларымыздың зеректігіне сонда риза болғаным-ай, мүдірмей ойнап шықты ғой,-деп сүйсінеді Гүлдана Базылханқызы. Мұндай шеберлік күтпеген қарсы алушы-сынаушы жақ, осыдан кейін разы болмаса қарсы болмаған.

Батыс әуендерінен жалыққан АҚШ-ты батыс өнерімен бас идіру қиын. Сапар кезінде американдықтар ұлттық киім, музыкаға көбірек қызығушылық танытқан. Былтырғы қара күзден басталған дайындық өз жемісін берді. Негізінде бұл "Айгөлектің" шет елге алғашқы сапары емес. Бұдан бұрын жас музыкант Италия мен Ресейде өткен халықаралық конкурстар мен фестивальдарға қатысып, өнерлерін кең аудитория алдында көрсетіп қайтқан еді. Сондықтан балғын дарындарға жолдарың ашыла берсін демекпіз.


ОҚЫҢЫЗ ҚЫЗЫҚ!

Мешiт төңiрегiндегi өзгерiстер

Жанат ЗИЯШҰЛЫ

Түріктер жақында ислам әлемінде болмаған жаңа бастама шығарды. Таратып айтар болсақ, Ыстамбұлда мәдени-сауықтыру орталығы ашылды. Егер ол өз алдына бой көтеріп жатса, соншалықты мән берілмес те еді. Көпшіліктің таласын тудырған себеп, оның мешіт жанында ашылғандығы.

Қаладағы Қартал ауданының тұрғындары мешітке барып, Жаратушысына сыйынғаннан кейін, алысқа ұзамай-ақ уақытын тиімді өткізетіндей мүмкіндікке ие болған көрінеді. Жергілікті баспасөз хабарына қарағанда, Қарталдың билік орындары діни басшылықтың рұқсатымен мешіт жанынан кітапхана, интернет клубын, тіпті фитнес-орталық құрған. Ұйымдастырушылар оның себебін намазхандар енді ілім-білімін ғана жетілдіріп қоймай, денсаулығын нығайтып, артық салмақтан арылатын болады деп түсіндіруде. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін Қарталдағы арнаулы медицина орталығына ең таңдаулы деген медбикелер тартылған. Соған қарағанда мешіт имамы да өзгешеліктен кет аулақ емес. Оның себебін ол қазіргі намазхандардың ілімін жетілдіру мен денсаулығын нығайтуға жете көңіл бөлетіндігімен түсіндіреді. Сондықтан мұндай қамқорлықты діни орындар жасамағанда кім істейді деп қарсы пікір айтады.

Қоғамдағы өзгеріске байланысты діни басшылық пен сарапшылар пікірі әзірге бір арнаға тоқайласқан жоқ. Біреулер осыдан кейін қоғамдағы жаңалық жолында діннің кедергі еместігін жастар жағы түсінетін болады дейді. Мәселен, интернет және фитнес клубтар осыдан кейін дін төңірегіндегі мәселеге қоғам назарын аударады, намаздан соң адамдар білімін тереңдетіп, дене тәрбиесін жетілдіреді дегенді алға тартуда.

Ескі көз діншілдер пікірі бұған кереғар. Олардың ұстанымынша мешіт тек Хақ тағаланың үйі болуы керек. Ал, өзгешеліктердің барлығын шайтан ісі деп тануда. Сулейман имам газетке сұхбатында мешіттер қасында "түрлі орталықтардың" ашылуын қолдайтындарды діннен безгендер деп санайтынын жеткізген. Егер бұл үрдісті еркіне жіберсе, онда Алла үйі қасынан таяуда би кештері ашылып, жастар Аллаға сыйынудың орнына секеңдеп кетер дейді. Бұл әрекет түріктердің жаңа қоғамында діннің кең көлемде қауымдасуына бағытталған алғашқы қадам деп бағалануда. Осыдан кейін түрік мешіттерінің қасында жаңа, мәселен, түрлі мүдделерді тоғыстыра клубтардың ашылуы ғажап емес, деп жазады "Утро. Ру" сайты.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ   

   
Колонки
Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров, С.В. Волков.
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"