Газета издается с 10 декабря 2002 года. Выходит по пятницам.
   Услуги Web-дизайна
Вместе с нами



Валюта, погода

Kazakhstan Financial Market
вся погода



Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

Көнеден жеткен мереке

Әзірлеген Қошқарбай ЗЕРЕНДИН

Республика халқының саяси және ұлтаралық тұрақтылығы, татулығы, адамдардың бауырластығы - басты байлығымыз. Соңғы үш жылдағы экономиканың 53 процент өсім беруі ел тұрғындарының достығының нәтижесі.

Сондықтан ауызбірліктен айырмасын, ағайын!


Енді осы мерекені әлемнің басқа елдері қалай атап өтетініне келелік. Тарихы 1896 жылдан басталатын бұл күні еңбегі қаналған Чикаго жұмысшылары 8 сағаттық жұмыс күнін енгізуді талап етіп, ереуілге шыққан. Алты адам қаза тауып, елу шақтысы жараланып, жүздегені абақтыға қамалып, тарихқа қанмен жазылғандықтан болар, күні бүгінге дейін мерекеленіп келе жатқаны. Арада үш жыл өткенде, шілде айында Париждегі II интернационалдың 1 конгресі мамырдың 1-ін Халықаралық күрес күні деп жариялады.

Демократиясы дамыған, қоғамы тойынған Америкада ол мереке ретінде қалғанымен реңі солғын тарта бастағанға ұқсайды. АҚШ-тың 51-ші штаты Гавая тұрғындары оны Леи күні - Гавай билерінің мерекесі ретінде тойлайды. Ал, Канададағы Саскачеван провинциясындағы үнділіктер мамырдың 1-ін - Тараққұйрық күні деп есте қалдырады. Канаданың басқа тұрғындары секілді үнділіктер де бұл күні бел жазбай жұмыс істегендерімен осы тәулікті кірпік қақпай өткізу керек деп санайды.

Көктемнің соңғы айының маңызын әлем елдерінің барлығы жұмысшылар толқуымен байланыстырмайды. Ұлыбританияда мәселен, саяси астармен қатар ежелгі келттердің от мерекесі Белтейнді тойлайды. Ал, Оңтүстік Кореяда шуылдаған шерулер өтіп, кәрістер Будданың туған күнін мерекелейді.

Жалпы, мамырдың 1-інде әлемдегі 66 мемлекет демалыс жариялаған. Соның ішінде Антигуа, Монтсеррате, Сент-Кристофор, ТМД елдері екі күн демалады. Олардың көпшілігінде мерекенің саяси реңі басым. Билік басында солшылдар болған елдерге тән жағдай осы. Бірақ, арасында социалистік лагерьге ешқашан кірікпеген Австрия немесе Мальта бар.

Одақ тараған соң Украина, Қырғызстан, Молдово - мамырдың 1-ін Еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күні, Тәжікстан - Көктем және еңбек мерекесі, Армения, Беларусь, Латвия - Еңбек мерекесі, Эстония - Көктем мерекесі ретінде тойлауда. Атаулы датадан Әзірбайжан, Грузия, Литва, Түрікменстан, Өзбекстан мүлдем бас тартты.

Негізінде, аталмыш күннің түп-тамырына дендейтін болсақ, мереке ретінде оны ойлап тапқан кәсіподақ қайраткерлері немесе жұмысшылар да емес көрінеді. ХҮ ғасырдан бастап фин шаруалары бұл күнді Ваппу Күні - Еңбек меркесі ретінде атаған. Бірақ қалай жағалатсақ та мереке екені анық. Жаныңызға қай жаққанын тойласаңыз да бірлікте болайық.


БӘРЕКЕЛДІ

Балқаш мырышына ақ жол!

Серік САҒЫНТАЙ

Балқашта өнеркәсіп саласы жандана бастады. Өткен жылы ашылған мырыш зауыты жақында өзінің алғашқы өнімін шығарды. Келісім бойынша ол Италияға жөнелтілуі керек-ті. Осы оқиғаға орай мырыш зауыты ауласына қала тұрғындары молынан жиналды.

- Бұрын бос жататын зауыт ауласы қазір мүлде өзгерген, абыр-сабыр жұмыс істеп жатқан адамдар. Осыған қарап-ақ мейірің қанғандай,-дейді "Балқаштүстіметалл" өндірістік бірлестігі химия-металлургия комбинатының директоры, облыстық мәслихат депутаты Серік Садықов. - Италияға жөнелтілетін төрт вагон сәтін салса экспорттың басы. Балқаш мырышы бүгіннен бастап республика экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосады,-деп сендірді.

Көпшіліктің көз алдында тиелген 248 тонна мырыштың ақшаға шаққандағы құны 250 мың АҚШ долларына тең екен. Жұмысы арнаға түсе бастаған зауытқа алыс-жақын шет елдерден мырыш өнімдеріне сұраныс түсе бастапты. Зауыт ауласынан аттанған алғашқы состав мырыш тиеген көш керуеннің басы деуге сыйымды.

Балқаш қаласы


ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕСЕЙ ЖЫЛЫ

Бизнесте шекара жоқ

Мұрат ӘМІРЕНОВ, журналист

Облысымыз Ресеймен шекаралас жатқандықтан іргедегі Алтай Республикасы, Омбы мен Томск облыстарымен ертеден әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынаста. Ал, бұл ынтымақтастық былтырғы Қазақстанның Ресейдегі және биылғы Ресейдің Қазақстандағы жылдары кезінде одан әрі орныға түсті.

Жыл басында Өскеменге Омбы облысының делегациясы келіп кеткен болса, таяуда Томск облысының басшылары мен кәсіпорындар жетекшілері үш күндік іссапармен болып қайтты.

Жай келіс емес, томдықтар өздерінің өндірістік-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени жетістіктерін паш ететін үлкен көрме ұйымдастырды. Шығысқазақстандықтар "Сібір" сіріңке фабрикасы", "Элеси", "Магнит" ЖШС-лары, "Томск электр компаниясы", "Сібір электр техникалық компаниясы", "Сибэлектромотор", "Томск электр механика зауыты" ААҚ-ы, басқа да кәсіпорындарының жетістіктерімен жете танысуға мүмкіндік алды. Бұдан екі ай бұрын Шығыс Қазақстан делегациясы Томск облысында бір апта болып, ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнату жөнінде келісім жасап қайтқан еді.

Томск облысында электр техника саласы, органикалық емес химия өндірісі, ағаш өңдеу жұмыстары қатты дамыған. Томск облысы өзінің экономикалық даму бағытында өркендеудің инновациялық жолын таңдап алған. Қонақтар бизнесте шекара жоқтығын айтып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға шақырды. Томск губернаторының бірінші орынбасары В. Наговицын соңғы үш жылда екі облыс арасындағы тауар айналымы үш жарым есеге жуық өскенін мақтанышпен айтты.

Ресейліктер "Қазмырыш", "Шығыс Қазақстан машина жасау зауыты" АҚ-ы, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде, мәдени-әлеуметтік кешендерде болып, салиқалы әңгіме өткізді. Осындай кездесулердің нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы мен Томскінің сауда өндірістік палаталары және технологиялық парктері арасында маңызды екі келісімге қол қойылды.

Өскемен қаласы


КӨКТЕМГІ ЕГІС

Қырда тынған тірлік

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЕВ, журналист

Көктемнің ортаншы айының соңғы аптасы Жамбыл жерінде жауын-шашынды болып басталды. Егінші-диқан қауымы үшін бұл табиғаттың үлкен сыйы ғой! "Сәуірдегі жауын, сауып тұрған саумал" деген. Ырыс көзі-ылғал мол түссе неге қуанбасқа, әрі масақты жаздық дәнді дақылдар облыс бойынша 103064 гектарға (межеленгеннің 103 проценті) себіліп үлгерілсе. Бұған Қордай (23000 гектарға септі), Т. Рысқұлов (21018 гектар), Жуалы (18330 гектар), Меркі (12258 гектар) аудандарының ауыл шаруашылық құрылымдары өз үлестерін қосты.

Жалпы, егіншілікте ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының көлемін ұлғайту бағыты ұсталып отыр. Соңғы жылдары ғана егістік жер 46,2 мың гектарға ұлғайтылды. Түсім де артып келеді. Былтыр әр гектардың қайтарымы 20,7 центнерді құрады. Бұл әрине, егіншілік мәдениетін көтеру, сорт жаңарту, сапалы тұқым қолдану, машина-трактор паркінің әлеуетін көтеруде облыста табандылықпен атқарылып жатқан жұмыстардың қайтарымы.

Дәл қазірде сұранысы еш уақытта кемімейтін өнімдер алынатын ауыл шаруашылық дақылдарын өсіруге ден қойғандар ұтады. Жамбылдықтар бұл жағын да жете ойластырып келеді. Биыл майлы дақылдарды облыста 24,989 гектарға орналастыру межеленген. Қазір осы тірлік аудандардың денінде қызу атқарылып жатыр. Ал, Қордай мен Т. Рысқұлов аудандары жұмысты аяқтап та қойды.

Осы майлы дақылдардың ішінде өзгелерімен қатар мақсарыға (сафлор) маңыз беріп отырғандар ерекшелей айта кетуге тұрарлық. Сұраныс жоғары өнім алынатын дақыл биыл 20470 гектарға орналастырылмақ. Жұмыс жалғасып жатқанын ескерсек, меже артығымен алынарына күмән жоқ.

Меркі қант зауыты қайта іске қосылғалы қант қызылшасы алқаптарының көлемі де біртіндеп өсіп келеді. Биыл облыста ол 9830 гектарға жететін болады. Мұның айтарлықтай бөлігі Қордай (2000 гектарға өсірмек), Меркі (2200 гектар), Байзақ және Жамбыл (екеуінде де 2000 гектардан), Шу (1000 гектар) аудандарында. Шөлді өңірлердегі Мойынқұм мен Сарысудан өзге аудандардың бәрі де балтамыр өсіруге ынта танытып отыр. Ал, қызылша себу жоғарыда алдымен аталған аудандарда қолға алынып, жедел жүргізіле бастады.

Мұқағали ақын жырлаған қазақтың тәуір айы - сәуірдің соңғы аптасында қырда тынған тірліктер осындай.

Жамбыл обл.


ЖАНАЙҚАЙ

ШЫДАМДЫЛАР АУЫЛЫНЫҢ ШЫРЫЛЫ

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ, журналист


Туған ауылым тұралап жатыр. Турасын айтсам, еліміз егемендік алғалы республикада еңсесін көтермеген екі ауыл болса, бірі менің ауылым шығар. Рас, алғашқы жылдары (1991-93) аздаған еңсе жазу болған-ды. Бірақ, содан бергі өткен он жылда жалманқұлақтықтар "шықпа жаным, шықпа" деумен келеді.

Жалпы қазақ халқы сабырлы, шыдамды, қонақжай, маңғаз, дархан дегенді жиі естисіз ғой. Ал, енді осы айтылғандардың өзгесін қайдам, нағыз шыдамды қазақтарды көргіңіз келсе Жалманқұлаққа жетіп барыңызшы (егер жете алсаңыздар), шыдамдылықтан рекордтық көрсеткішке жеткен кісілерді көресіз. Қараңызшы, Жалманқұлақта не жоқ. Дүкен жоқ, емхана жоқ, бала-бақша жоқ, кітапхана жоқ, кеңсе жоқ, клуб жоқ, почта жоқ, телефон жоқ, радио желісі жоқ, қыста отын жоқ, ауыз су жоқ, жұмыс жоқ, ақыр-аяғы ол жаққа баратын жол жоқ... Осылай "жоқты" жалғастыра беруге болады. Ілгеріде бір-екі жыл электр жарығы да мүлде болмай, теледидар көруді доғарған. Қазір Әлһам шүкір, "Хабар" мен Ресей арналарын тамашалайды.

Ауылдастарым шыдамды халық өкілі болған соң, осының бәріне көніп, үндемей-ақ отыр. Шыдамсыздары баяғыда-ақ көшіп кеткен. Бүгінгі көшпей отырғандары алтын бесік ауылды, атамекенді қимайтындар. Бәрінің кіндік қаны сол Жалманқұлақта тамған. Сосын жоғарыда айтылған көп "жоқтардың" бәрінің қаңқасы, іргетасы, орны, сілемі тұр. Соларға үмітпен қарайды. "Ауыл жылының" екінші жылы ауылдарға жасалған көмек бізді айналып өткен күннің өзінде оның үшінші жылы бар ғой. Сәл шыдай тұрайық" деседі олар кейде миықтарынан күліп.

Біздің ауыл адамдарының бір ерекше "қасиеті" ешқашан "жоқ" деп айтпайды. "Жоқ" деген жаман сөз. Ырымға қатты сенетіндіктен не сұрасаң да "бар, жетеді, құдайға шүкір!" - дейді. Осы сөзімізге сенбесеңіздер өзге емес, ҚР Парламенті депутаты Қадырова Зәуре ханымнан сұраңыздаршы. З. Қадырова ханым депутат басымен өтірік айтпайды. Сол кісі ауылымызға келіп, жалманқұлақтықтарды мектептің ең кең кабинетіне жинап алып: Ал, айтыңыздаршы, қандай проблемаларыңыз бар? - деген дәу сауалды ортаға кесегімен тастағанда, қапелімде қай тұстың қиындығынан бастаудың қисынын таппаған ауылдағылар ойланып-ойланып ақырында: "бәрі де бар ғой, Құдайға шүкір, аманбыз әйтеуір" - деп құтылыпты. (Шыдамдылықтарынан табан тайдырмайтын қайран ауылдастарым-ай...)

З. Қадырова Жалманқұлаққа ұзынсарының тұсында еріккеннен барған жоқ. "Жас Алаштың" Астанадағы тілшісі Руслан Ерболұлының Жалманқұлақ жағдайын көзімен көріп "Жүз қазақтың жерін бір өзі иеленіп кеткелі отыр" атты ("Жас Алаш", 6 наурыз, 2004 ж) ащы шындықты шымбайға батырып жазған мақаласының дүмпуімен барған. З. Қадырова ханым ол жаққа барды және жалғыз емес, Егіндікөл ауданының жаңа әкімі А. Никишовты ертіп, жалманқұлақтықтарға екі жылдан астам жүзін көрсетпеген ауыл инвесторы М. Экажевты бас қылып жеткен. Ауылдағылар үшін бұл келіс дәл "Президент пен Премьер-министр келді" дегенмен кем әсер етпеген. Олардың абдырап қалатын жөндері бар. Өзіңіз ойлаңыз соңғы неше жыл көлемінде (бұрынғы аудан әкімі В. Сергиенконың бір мәрте келгенін санамағанда) тірі лауазым иесі ат ізін салмаған ауылға тұп-тура Парламент депутаты мен аудан әкімі қатар келсе қалайша таң-тамаша қалмасын. Сол таңырқаудың әсерінен арылмағаннан соң ғой: "Бізде бәрі бар, өздеріңіз де байқаған шығарсыздар" - дей салғандары.

Шындығында олар не айтсын. З. Қадырованың сол жолы қолында жүрген газет бетінде ауылдың зары тұтас айтылып тұр еді ғой. Оның үстіне депутаттың өзі тапа-тал түсте дөкейлермен бірге келіп, бәрін көзімен көріп отыр.

Жалманқұлақтың сиқы жер сілкінгендей. Үш жүзден астам қираған үйдің үйіндісі, бұрынғы көшелердің сұлбасы, мәдениет үйі, дүкен, бала-бақша секілділердің қаңқасы бар. Ауыл сыртында аңғал-саңғал мал фермасының жұрты жатыр. Ал, жетпістен астам шаңырақта нағыз шыдамды халық өкілдері әйтеуір бір жанашыр басшының аста-төк көмек жасайтынына имандай сеніп, жайбарақат шыдап жүр. Шыдамайтын несі бар...

Егер қырық шақырымнан астам жердегі ауданнан қырық - тесік құбырмен жазда ғана жеткізілетін темір татыған ауыз су таусылып қалып, кейде көлдің борсыған суын, кейде қар мен мұз ерітіп ішуге тура келмесе, егер М. Экажев "мырзаның" уәде еткен көмірі қаңтар, ақпанда да жеткізілмей қалып, кейде бір-бірлерінен шелектеп көмір тасуға тура келмесе, егер отын ағаш бұзып алатын қора-қопсы, ескі үйлер таусылып кейде пеш тұтата алмай қиналмаса (ауылда ағаш емге табылмайды, тас пен темір ғана қалған), егер кейде М. Экажев "мырза" уәде еткен ұндары болмай қалып бір-бірлерінен ұятта болса табақ-табақ ұн сұрап жүрмесе, егер кей жылдары еккен егіндері шықпай қалып, маңдай тері далаға кетпесе, егер кей жылдары жем-шөптері жетпей қалып, тоқты-торымын арам өлтіріп алмаса, егер кей жылдары қыс қатты болып екі-үш ай ауылдан аттап шыға алмай, қамалып қалатындары болмаса, шыдамайтын несі бар. Жетпіс үйдің көбі бір атаның баласы, құда-жекжат, ағайын. Біріне-бірі сүйеу, біріне-бірі демеу. Бұлай етпесе, қазақтығы қайсы. Бәріне шыдай беретіндері де содан ғой...

Ал, енді жоғарыда айтып отырған Магомед Экажев кім? М. Экажев біздің өлкенің "суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын" нағыз жансебіл "қаһарманы". Қыруар елдің табан ақы, маңдай терін неше жыл теспей сорып жүрсе де оған сот жоқ. "Днепетровск", "Абай", "Степной" секілді ауылдарға Экажев "инвестор" тонын жамылып келіп, тонап болған соң шетінен банкротқа бұрап жығып кеткен. Сол ауылдардан ойып алған олжасы М. Экажевтің тақымында "Ландкрузер" бастаған кіл "иномарка" болып жүйткіп жүр. Ал, жергілікті тұрғындар жұртында жұтап отыр.

Жалманқұлақ ауылы да Экажев инвестормын деп келген екі-үш жылдың ішінде алдыңғылардың кебін құшты. Обалы нешік, алғашқы келген беттегі "инвестордың" екпіні күшті еді. "Мен ана ойдым-ойдым тас жолды тақтайдай тегіс етем. Қурай басқан алқаптарды егіс етем, ауыз судан тапшылық көрсетпеймін. Көсегелеріңді көгертемін" - деп көпіртіп тұрып, уәде берген. Жалманқұлақтықтар кезінде иманындай сенген сол уәденің "маңғыт, аузыңа саңғыттың" кері екенін кейін білді. Көсегелерін көгертеді деген М. Экажев биыл тапа-тал түсте-ақ техника біткенді толайымен тонап, астық сақтайтын қоймаларды, техника жөндейтін шеберханаларды, барлық құрал-жабдығымен қоса, заңды белден басып тұрып тұрғындардан тартып алды. Тартып алғаны сол, "СПК Жалманқұлаққа" тиесілі бар мүлікті өз меншігіндегі ЖШС "Жалманқұлақ - М-ға" аударып алып, тып-тыныш жүр. Жұрттың пайлық үлесі саналатын 6 мың (алты мың!) гектар егістік алқап та Магомедтің меншігінде кеткен. Себебі оған ешқандай сот жоқ. Тиісті орындар білсе де білмегенсіп, көрсе де көрмегенсіп көз жұмады. "СПК Жалманқұлақ" әлі банкрот болып танылған жоқ. Сөйтсе де М. Экажев оның бар мүлкін сыпырып-сиырып өз меншігіне қағаз жүзінде аударып алған. "Ебін тапсаң екі аса" дегенді қазекең дәл осы Экажевқа арнап айтқан секілді сайранды салып жүр. Бір ғажабы, жалманқұлақтықтар осыған да шыдап отыр. Қазір ауылдағы бар механизатор бір ұңғыш ұлының құлы.

Ауылдастарым З. Қадырова ханымның келіп кеткенінен де ештеңе өзгермейтінін өте жақсы біледі. Келіп қалған соң, әйтеуір қарсы алды, әдемі сөздерін шыдамдылықпен тыңдап, сыпайы шығарып салды.

Обалы нешік республикалық газет Жалманқұлақ жағдайын егжей-тегжейлі жазып, тура Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына деп тұрып жариялаған-ды. Біз бұл жолы өйтіп кеуделемей Ақмола облысының жаңа әкімі құзырына қаратып-ақ айтқалы отырмыз.

Құрметті Мәжит Есенбаев мырза! Өзіңіз енді тізгінін ұстаған Ақмола облысының, Егіндікөл ауданынан елу шақырым шеткері жатқан, жағдайы жоғарыдағыдай Жалманқұлақ атты менің ауылым бар. Егер осы өңірге жолыңыз түссе, егер ең шыдамды, ең төзімді қандастарыңызды көзбен көрем десеңіз, депутат ханым секілді Сіз де біздің ауылға соға кетіңізші. Ауыл жұрты әлдене сұрайды, талап етеді, шағым айтады деп еш қысылмаңыз. Қайта олардың: "бізде бәрі бар, Құдайға шүкір, жап-жақсы күн көріп жатырмыз" деген сөздерін естіп қуанып, көңіліңіз көтеріліп қалады.

Егер Сіз осындай шыдамды ауылды шынымен көремін десеңіз Егіндікөлге жуырда келгеніңіздей, және бір жолыңыз түссе аудан әкімі Андрей Никишов ұялмай бастап, тұра тартатын "Бауманский" мен "Ушаковқа" бара бермей, "Маған осы жолы газеттер жабыла жазып, айтыс ақындары ащы тілмен түйреп жүрген Жалманқұлақ ауылын бір көрсетші" - деп айтып қалсаңызшы. Сәті түсіп өлкемізге келе қалсаңыз еш өкінбейсіз. Кереметтің бәрін көзіңізібен көріп, Магомедтің меншігіне өтіп кеткен қандастарыңыздың берекелі жерінде өніп-өскен егінжайды тамашалап қайтасыз. Жалманқұлақтықтардың қонақжайлығы еш қазақтан кем емес. Егер, Сіз келем десеңіз, он күнде бір жеткізілетін 200 литр ауыз суын өздері ішпеуге бар, Сіздерді қол қусырып қарсы алады.

Осы жолдардың авторы да бұрын жерлестері секілді едәуір шыдамды болатын. Бірақ бұл пақырыңыз соңғы 10-15 жыл көлемінде Жалманқұлақтан жырақтау жүріп, өзге өңірлердегідей өнбес дауды қуалайтын әдет тапқан. Ештеңе өнбейтінін жақсы біле тұра, Сізге ерінбей хат жолдап отырғаны да сондықтан. Айып ете көрмеңіз...

Иә, осындай проблемасы ең аз ауылда қазір айтпай кетуге болмайтын "бір қауіп" бар. Жалманқұлақтың он бір жылдық мектебі талай өткелектен аман өтіп, осы күнге дейін өз әлінше сан шәкіртке білім беріп келген еді. Енді ауылымыздың маңдайына біткен сол "жалғызына" қауіп төніп тұр. Алып-қашпа сөз көп. "Мектеп жабылады, я сегіз жылдық, немесе бастауыш сыныптарды ғана қалдырады" деген қаңқу күш алып тұр. Мұны естіген тұрғындарда зәре жоқ. "Сенгеніміз сол мектеп еді, ол жабылса енді көп ұзамай көшетін-ақ шығармыз. Шіркіндер біздің осал жерімізді қалай дәл тапты екен" десіп күйзеледі-ақ. Бірақ әлі шыдап жүр... Құдай тілеуіңізді берсін, біздің ауылға келіп кетіңізші.

Ақмола облысы, Егіндікөл ауданы,
Жалманқұлақ ауылы.



ТЫҢАЙТҚЫШ ТҰТЫНУ ҰЛҒАЙДЫ

М. Күреңбаев, АШМ ОҚО аумақтық басқармасының астық және тұқым инспекциясы бөлімінің бастығы.

Елбасы жариялаған "Ауыл жылдарына" байланысты Үкімет ауыл шаруашылық тауарын өндірушілерге көмек көлемін ұлғайтып келеді. Республикалық бюджеттен диқандарға арзандатылған минералды тыңайтқыштардың бөлінуі соның айғағы. Жер өнімділігін минералды тыңайтқыштармен үстемелеп қоректендіргенде ғана арттыруға болады. Осы ретте мынадай салыстырмалы дерек келтірген дұрыс болар. Облыста тыңайтқыш қолданудың дәуірлеген кезеңі - 1986 жылы 118,8 мың тоннаға жеткен. Кейінгі жылдары бірте-бірте азайып, 1996-2001 жылдары 0,5-3,5 мың тоннаны ғана құраған.

Халқымызда "алмақтың да салмағы бар" деген даналы сөз бар. Төл жылында ауыл тығырықтан шығып, шаруашылықтардың агротехникалық шараларды сақтап, минералды тыңайтқыштарды енгізуге мүмкіндіктері туа бастады. Мысалы, 2002 жылы облыс бойынша шаруашылықтар 40,0 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар пайдаланса, соның 0,4 мың тоннасы арзандатылған фосфор тыңайтқыштары. Өткен жылы мөлшері ұлғайып, 47 мың тоннаға жеткен оның 2,9 мың тоннасы арзандатылған фосфор тыңайтқыштары болса, қалған 44,1 мың тоннасын Ресейден коммерциялық жолмен алынған аммиакты селитра құрады.

Биылғы ақпанның 26-дағы республика Үкіметінің "Өндірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасын арттыруды қолдауға арналған қаражатты төлеу ережесін бекіту туралы" № 232 қаулысын іске асыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2004 жылғы 13 сәуірдегі №203 бұйрығымен субсидияланған минералдық тыңайтқыштардың көлемі мен ассортименті және олардың сату бағалары белгіленді. Облыс диқандарының соңғы 2-3 жыл көлемінде арзандатылған минералды тыңайтқыштар тізіміне аммиакты селитрасын енгізуді сұрап келген өтініштері қанағаттандырылып отыр. Біздің облысқа барлығы 12200 тонна аммиакты селитрасы мен 1400 тонна фосфорлы минералды (40 процентке арзандатылған) тыңайтқыштар бөлініп отыр. Азотты минералды тыңайтқыштардың көптеп бөліну себебі, облыс көлеміндегі 91 шаруашылықтың жалпы жер көлемі 33303 га жер қыртысының агрохимиялық құрамын республикалық бюджет есебінен 2003 жылы тегін анықтаған кезінде, осы көлемнің 92,6 процентінде азоттың өте төмен деңгейде екені анықталған. Ал, фосфорға келетін болсақ, жоғарыдағы зерттелген 33303 гектардың 54,2 процентінде орташа, 15,2 процентінде жоғары, 3,0 процентінде өте жоғары көлемде бар екені белгілі болды. Сондықтан, аммиакты селитраға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өтініштері жылдан жылға көбейіп келеді. Биылғы жылы арзандатылған аммиакты селитраға - 34,4 мың тоннаға сұраныс түсті. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Үкіметіміздің шаруа қожалықтарына элиталық тұқымды, жанар майды, суды және минералды тыңайтқыштарды 40 процентке арзандатып беруі, алқаптағы жер қыртысының химиялық құрамы мен егілетін тұқымның сапасын тегін анықтауы тауар өндіруші шаруашылықтың материалдық-техникалық базалары мен адамдардың хал-ахуалын жақсартуға септігін тигізуде.

Оңтүстік Қазақстан обл.


КӘСIПКЕРЛIК

ШЕБЕРЛЕР

Мақсұтбек ОТАШЕВ, журналист

"Фариза, Фариза ақын, Фариза қыз" деп Мұқағали жырлаған ақын апамыздың есімімен тығыз байланысты кәсіпорын Қостанайда ұлттық киімдер мен бұйым түрлерін тігуде.

- Серіктестіктің "Фариза" аталуының өз сыры бар, - дейді ЖШС басшысы Қарлығаш Балапанова. - Ұмытпасам 1994 жылы ғой деймін, Аманкелді ауданының орталығында мешіт ашылып, белгілі ақын Фариза Оңғарсынова келді. Мен онда кішкентайлы болып, перзентханада жатқанмын. Елге сыйлы апамыз өзі келіп, салтымыз бойынша азан шақырып, қызымның есімін Фариза қойды. Сол баламыз қазір үшінші сыныпта.

Қазағы аз Қостанайда серіктестік ұлт шырайын келтіретін қызмет етуде. Шеберлер негізінен шапан, қоржын, көрпе-сырмақ секілді күнделікті қолданыстағы заттар шығаруда. Тұтынушылар тапсырысына қарай перде, оқушылар формасы, басқа да киімдер тігуде. Ұлттық нақыш салуды меңгерген тігіншілер соңғы жылдары алты, сегіз қанатты киіз үйлер да шығаруда.

Оннан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған іскер әйел өндіріс технологиясын жетілдіріп, жапондық тігін жүйесімен жабдықтапты.

- Киіз үйдің сүйегін алып келген Үштөбе кәсіпорны жабылғасын енді Қарақалпақстанмен байланысқа көштік,-дейді серіктестік директоры. Қалған бұйымдарын өзіміз жасаймыз. Алғашқыда қажетті киізді "Аяз" АҚ-дан алуға оқталып едік, бірақ сапасы көңілге қонбаған соң ковролан қолданатын болдық.

Болашақта өндірісті кеңейтіп, бесік, дөңгелек стол, тұрмысқа қажетті осындай басқа да бұйымдар жасап, қол өнерін дамытуды көздеп отырмыз. Егер сұраныс болса, оған мүмкіндік жетеді.

Осы арада "Фариза" бұйымдарының сапасына тоқтала кеткен жөн болар. 1998 жылы "Қанатты әйел" форумындағы көрмеде оның заттарына халықаралық сапа сертификаты тапсырылды. Тігіншілер жасаған бұйымдардың көз жауын алатыны соншалық, алдыңғы жылы Түркістандағы дүниежүзі қазақтарының, Кельндегі Еуропа қазақтарының құрылтайына қатысушылар киіз үй мен ою-өрнектің айшықтығына тамсанды. Бұл таңданыс Қарлығаш Әлиханқызына ой салды, енді ол демалуға келген шетелдік туристер мен қандастарымыздың басына сән-салтанаты жарасқан киіз үйлер тігіп, қызмет көрсетуге даяр. Іскер келіншек қазір осы жобаны жүзеге асыру жолында Германия қазақтарымен келіссөз жүргізуде. Егер оған жол ашылса, қазақтың ұлттық тауарлары экспортқа ағылады деген сөз.

Келін болып түскен Аманкелді өңірі Қарлығаш Балапанова үшін туған топырағындай болып кеткен. Сондықтан да туған жерге ғана емес, өскен ортаға да әркез қол ұшын созып, қолдан келген көмегін көрсетуде. Әр жылдары "Фариза" ЖШС-ның Аманкелдідегі мәдениет үйіне, Қолдасбаев атындағы мектеп-интернатқа, биыл ашылған бала-бақшаға, басқа да мекемелерге ұлттық киім, төсек-орынмен қарасуда. Үстіміздегі жылы Аманкелдіде өткен халық батыры А. Имановтың 130 жылдығы мен ауданның 75 жылдық тойларына деп Қарлығаш Әлиханқызы мейілінше жасауланып, жабдықталған киіз үйді тарту етті. Нарықтық құны доллармен екі жарым мың тұратын көрінеді.

Серіктестік сонымен қатар облыс орталығындағы әлеуметтік көмек қорына, мектептер мен ана тіліндегі баспасөзге де тұрақты жәрдем беріп келеді.

- Жақынымызға жәрдемдесу бұлжымас қағидаға айналған,- дейді Қарлығаш Әлиханқызы.

Қостанай қаласы


МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ - МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

Тіл білмеген жауапты ма?

Асқар ЕСТІБАЕВ, Астана қаласы соттар әкімшілігінің кадр жұмыстары бөлімінің бастығы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес еліміздегі мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.

Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеру үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті.

Республикамыздағы Тіл туралы Заң 1997 жылғы шілденің 11-де Елбасымен қабылданған болатын. Мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметінде тілдерді қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заңмен айқындалады. Тек жеке адамдар арасындағы қатынастарда және діни бірлестіктерде тілдердің қолданылуын реттемейді (Тіл туралы Заңның 2-бабы).

Заңның негізгі ұғымдары болып мыналар пайдаланылады: яғни диаспара - ол өзінің тарихи шығу тегінен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бір бөлігі (этникалық қауымдастық) болып танылады. Ономастика - тіл білімінің жалпы есімдерді, олардың пайда болуы мен өзгеруінің тарихын зерттейтін бөлімі. Орфография ұғымы - дұрыс жазу ережесі, яғни сөйленген сөзді (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсілдерінің бірізділігін белгілейтін ережелер жүйесі болып табылады (1-бап).

Топонимика - ономастикалық географикалық объектілердің атауларын, олардың пайда болу, өзгеру, қолданылу заңдылықтарын зерттейтін бөлімі, ал транслитерация ұғымы болып - бір графикалық жүйедегі мәтіндер мен жекелеген сөздерді басқа графикалық жүйенің құралдарымен әріппе-әріп арқылы беру екендігін білдіреді (1-бап).

Елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың, сондай-ақ басқа да физика-географикалық объектілердің дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары басқа тілдерде транслитерация ережелеріне сәйкес берілуге тиіс. Мемлекеттік ұйымдардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің атаулары мемлекеттік тілде және орыс тілінде беріледі. Бірлескен, шетелдік ұйымдардың атаулары мемлекеттік тілде және орыс тілінде транслитерация арқылы беріледі (19-бап).

Почта-телеграф жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының шегінде мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде, ал республикадан тыс жерлерге белгіденген халықаралық ережелерге сәйкес жіберіледі (22-бап).

Тіл туралы заңдарының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың, кез келген меншік нысанындағы ұйымдардың бірінші басшылары, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. Лауазымды адамның мемлекеттік тілді білмеу желеуімен азаматтардың өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ мемлекеттік тілде және басқа тілдерде кез келген кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеліп соғады (24-бап).


Орман қоры жаңартылуда

Ерболат ЕСІЛ

Облыста ормандарды жаңарту мақсатында соңғы он жылда алғаш рет 2 млн. 900 мың теңге қаржы бөлiндi. Осы жұмысқа орай орман шаруашылығы мамандарының бiлiктiлiгiн арттыру мәселесі көтеріліп отыр. Өйткенi жергілікті орманшылардың 70 процентінде арнайы кәсiптiк бiлiм жоқ. Сондықтан оларға техникалық минимумды үйретуге негiзделген үш айлық оқулары өтті.

Орман алқабы облыста 442 мың гектар. Оның дені қайың. Байқалып отырған бір жай, ауылдар маңындағы 4 мың гектардан астам орман-тоғай қуара бастаған. Мамандар оның себебін 70-80 жылдан соң қайыңның өсуiн тоқтатып, дiңгегiнің шiри бастайтындығы деп түсіндіруде. Ондай ағашты кескенде, түбiнен жас шыбық өспейдi. Орман және жануарлар әлемiн қорғау басқармасы мамандары көктемде облыстағы 700-ге жуық ауыл-село маңындағы ескiрген ағаштарды жығуда. Олар жергiлiктi тұрғындар, ауыл әкiмдiктерімен бiрлесiп, өсуiн тоқтатқан қайың, қарағай ағаштарын кесiп, орманға қоршау жасауда.

- Оталған ағаш орнында жас шыбықтың көктеу қабiлетi бар кезiнде бұл iстi жеделдетіп өткiзген жөн,- дейдi мамандар. Соның жарқын мысалы, Есiл ауданындағы Бесқұдық ауылы маңында 20 жыл бұрын кесілген ескi ағаштар осы күнi әжептәуiр көтерiлiп қалған.

Ал елдi-мекендер ішін көгалдандыру үшiн 12 питомникте көшеттер өсiрiлiп жатыр. Осыдан үш жыл бұрын жарты гектар жерге 250 мыңға жуық қайың тұқымы отырғызылған. Ертең ол жетілген шақта 40 гектарды ағашпен қамтуға жетедi. Жалпы биылғы көктемде облыста көгалдандыру мақсатына 1 миллиондай ағаш көшеті питомниктер даяр.

Бұл мәселелердi дұрыс, әрi уақытылы шешу үшiн орман шаруашылығы қызметкерлерiнен бiлiктiлік талап етілуде. Жоғарыда айтқан үш айлық бiлiктiлiктi көтеру курсының ұйымдастырылу себебі осы.

- Республикамызда Орман шаруашылығы туралы заң қабылданды. Соған орай шаруашылық жүргiзу iсiне енгiзiлген өзгерістер, әкiмшiлiк кодексiндегi толықтыруларды орман қызметкерлерiне түсiндiрдік. Олардың өз жұмысына тиянақты болуы үшiн қысқа мерзімдік курстың берері мол,-дейді Есiл аудандық ОЖҚ мекемесiнiң директоры Валерий Соколовский.

Солтүстік Қазақстан обл.


Деректер мен дәйектер

2003 жылы орман шаруашылығындағы өнімнің (жұмыстар мен қызметтер) көлемі қолданыстағы бағада 1100,1 млн. теңгені құрады немесе 2002 жылғыдан 5,6% аз. Бұл орман қорын ұтымды пайдалану үшін ағаш кесуге шек қоюға байланысты болды, бұған байланысты өңделмеген ағаш өндірісі тұтастай республика бойынша 39%-ке (302,1 мың тығыз текше метр) азайды.

2003 жылы республиканың орман шаруашылығы саласындағы барлық жұмыстар ұдайы ағаш өндірісіне және оларды өрттен қорғауға, орман өсімдіктерінің тектік қорын сақтауға, орман қорын ұтымды пайдалануға бағытталған. Сонымен, орманды қалпына келтіру жұмыстары 14,3 мың га алаңда жүргізілген, бұл өткен жылғыдан 13,6% артық, ағаш егу мен отырғызу жұмыстары - 10,7 мың га алаңда жүргізілген, бұл өткен жылғыдан 27,8% артық. Көшеттіктер мен мемлекеттік орман қорында ағаш егу үшін 53,1 тонна ағаш тұқымы дайындалған, бұл өткен жылғыға қарағанда 2,6 есе көп.

Орман өнімділігін және сапасын арттыру үшін 28,8 мың га алаңда ағаш кесу жұмыстары жүргізілген, олардың ішінде санитарлық кесу барлық ағаш кесудің 83%-ін құрады.


Темір жолға - 100 жыл

Қазақстан темір жолына 100 жыл! Атаулы датаға орай ел аумағында "Мерекелік атаулы күндер" сериясымен пошталық төлемнің (марка) мемлекеттік белгілері айналымға шығарылды. Бұл коллекциядағы алғашқы марка "Қазақстан темір жолдарының 100 жылдығы" деп аталады.

Қазақстан Республикасының пошта қызметі Бүкіләлемдік пошталық одаққа мүше болғандықтан, темір жол тақырыбындағы марка әлемдік айналымға шығарылады. Осы марка арқылы Қазақстан темір жолдарының мерейлі мерекесі көптеген шет мемлекеттерге мәлім болмақ.

Қазақстан қазіргі кезде Еуропа мен Азияның жоғары қарқынмен дамып келе жатқан рыноктарының арасын жалғаушы қазық болып табылады. Ал, оның экономикалық жетістіктерін шойын магистралдарынсыз көзге елестету мүмкін емес.

1904 жылы салынған Орынбор - Ташкент темір жол желісі республика темір жол көлігі тарихының бастауы болып саналады. Оның далалық өлкені кесіп өткен ұзындығы 1600 шақырымға созылды.

Пошталық жинаққа құны 150 теңгелік, таралымы 50 мың дана "Қазақстан темір жолдарының 100 жылдығы" деген белгісі бар марка енген.


МӘДЕНИ МҰРА

II. Тарихи негiз жоғалмайды

Серік САҒЫНТАЙ

- Сөз әлпетіңізден "Жезқазған тарихы да қола дәуірінен басталады" деген рай сезіледі...

- Жезқазған тарихын бергі 50 жылдан бастау - тарихи қателік! Ұзақ жылдарғы археологиялық зерттеулер өлке тарихының тамыры тереңде екеніне кепілдік береді. 1937 жылы Қаныш Сәтбаев "Қола дәуіріндегі Орталық Қазақстанның индустриальды мәдениеті" атты ғылыми айналымға үлкен жаңалық енгізді. Қола дәуірінде Орталық Қазақстанда қаншама шахталар, мыс қорыту "зауыттары" болған. Мыс жер бетіне шығып жатқан ғой. Тұтас елді мекен тұрғындары металл балқытумен айналысқан. Міне, көрдіңіз бе, арғы аталарымыздың мәдениеті, өнері қай деңгейде болғанын! Бұл - факт.

- Осыған қатысты Қаныш Имантайұлы қандай дәлелдер келтірген?

- Сарыарқа аймағының Қазақстан бойынша ғана емес, бүкіл Еуразияда өнеркәсібі алда болғанын Қ.Сәтбаев маман-геолог ретінде тұжырымдаған. Ал, Әлкей Марғұлан археолог ретінде "Жезқазған - ежелгі металлургиялық орталық" деген ғылыми еңбегінде дәлелдеді. 1771 жылы қалмақтар қуып келген орыс Николай Рычков: "Айдалада металлургия зауыты тұр" деп жазған.
Тағы бір дерек, 1940 жылы ең беделді басылым "Правда" ХХ ғасыр басында Жезқазғанның қазба байлықтарын игеруге келген ағылшындар мыстың қорын анықтау үшін беделді сарапшы Ситни Боллды шақырғанын, ол көне дәуірде-ақ бұл өңірде 100 млн. тонна мыс балқытылғанын дәлелдегенін келтірген. 40-жылдары Қ. Сәтбаев Жезқазғанның орнында қажетсіз деп ысырылып тасталған үйінділерді бір қыс қопарып, осы тұжырымдарды қуаттап шықты.

Қола дәуірі Орталық Қазақстанда іргелі қалаларды дүниеге келтірді. Орталық сол кезде мемлекеттік деңгейде дамыған. Тарихи тектілік, негіз ешқашан жойылмайды.

- Шіркін-ай, айтқаныңыз көңілге майдай жағып барады, тек ғылыми ортаға ғана белгілі ақиқатты көпшілікке жария етудің жолы қайсы?

- "Мәдени мұраның" қажеттігі осы арада туындайды. Өткенді бүгінгімен ұштастыру, шежіреге құрмет қазақтың қанында бар қасиет қой. Бағдарламаға сәйкес, Кент қалашығы қазбасында игерілген материалдарды саралаймыз. Нәтижесінде, ғылыми-археологиялық, табиғи қорық жасауымыз керек. Қазіргі модаға еліктеп, шетелдік туристерді қабылдауға біз дайын емеспіз.

Жұмыстың теориялық жағын академик К.М. Байпақов басқарады. Жұмыс барысында жаратылыстану ғылымдары әдістерімен, шетелдіктер көмегімен сол жердегі халықтың тарихын таратуымыз керек. "Мәдени мұра" бағдарламасы көлемді зерттеу жүргізу үшін қаражат салуға, сол арқылы біздің институттың техникалық базасын нығайтуға жол ашып отыр.

- Сөзіңіз аузыңызда, құрылғанына жыл толған Сарыарқа археология институты қызметіне кеңірек тоқтала кетсеңіз екен.

- Археология институты - ҚарМУ-дің салалық ғылыми-зерттеу бөлімі. Өткен жылғы сәуірдің 2-де ашылды. "2001-2010 жылдарда Сарыарқаны этномәдени зерттеу" бағдарламасымен кешенді жұмыс жүргізілуде. Ұжымның қабілетін мынаған қарап-ақ шамалауға болады, тек археология ғылымы бойынша 8 ғылым кандидаты, 1 доктор қызмет етуде. Қысқа мерзімде әлемдегі белгілі, беделді институттармен - Алматыдағы Ә. Марғұлан атындағы археология институтымен, Мәскеудегі РFA археология институты, Антропология және этнография институты, Италиядағы Капо-до-Понт қаласындағы ежелгі дүниені зерттеу орталығымен, Алманиядағы Герман археология институтымен тағыз байланысымыз бар.

- Жоғарыда "Мәдени мұра" бағдарламасы материалдық базаның нығаюына септігін тигізеді дедіңіз. Соған қарағанда институт жабдығы жетілді деуге болады ғой?

- Мәдени мұраны сақтап, ертеңге жеткізу үшін соған сай жұмыс жүргізу керек. Мәселен, Кенттегі зерттеу жұмыстарына күрек, қалақ, сыпыртқы пайдаланудың орнына, лазерлі теодолиттер, портативті компьютерлер, томографтар пайдалануымыз керек. Сол арқылы топырақты қопармай-ақ, не барын білуге болады. Жалпы, археологияға бөлінген қаржы төл тарихыңмен табыстыратыны шындық.

Ал, Қарқаралы, Жезқазған тарихын бергі кезеңдерден бастау - тарихи қателік. Олардың тамырын қола дәуірінен іздестірген дұрыс. Қолға алынған "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында үш жыл бойы Кент қалашығын зерттеп, аймақтың тарихын толығымен жасауға талпыныс жасап жатырмыз.

- Осы оймен әңгімені түйіндеген дұрыс-ау. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Қарағанды обл.
(Соңы, басы өткен санда)



Зеректердiң зерегi

"Асыл тастан, ақыл жастан" деген. Алғыр зейн, сұңғыла ойымен танылған жас дарындардың бірі - Қуат Есенов. Сәуірдің 14-21-і аралығында Қарағандыда өткен оқушылар арасындағы олимпиадада ол математика пәнінен чемпион болып танылды. Қуат білім деңгейінің биіктігімен халықаралық ауқымға 2002 жылы шыққан болатын. Сол жылы Глазго қаласындағы оқушылар арасындағы олимпиадада күміс медальді иеленді. Өткен жылы Токиодағы Азия елдерінің олимпиадасында бауырымыз ең үздік шығып, алтын медальді жеңіп алды. Осы жолы Қарағандыдан туған қаласы Павлодардағы №8 мектеп-лицейдің 10-шы сынып оқушысы өзімен бірге республиканың кез-келген жоғарғы оқу орнының студенті атандыратын грант жолдамасын алып қайтты.

Суретті түсірген Төлеген Қосшығұлов


Құлаққағыс

Сапар ҚАЙЫРКЕНҰЛЫ, студент

Үлкендердің "Колаға қызықпаңдар" деп балаларын сусыннан қағатынының тағы бір себебі белгілі болды. Ұлыбританиядағы Диабет және эндокриндік жүйені зерттеу жөніндегі орталықтың дәрігері Дэвид Керр балғын жастағы балалардың газдандырылған сусындарға тым үйірсектігі семіздікке ұрындырады деген қорытынды шығарды.

Шүпірлеген сусындарды зерттеген ғалым, газ құрамында қан жүйесіне бірден сіңетін қант көлемінің өте көп екеніне көз жеткізді. Егер бала қимылға жоқ болса, тәтті бойда майға айнала береді екен.

Арнаулы жүргізілген зерттеуге 7 мен 11 жас аралығындағы 650 оқушы қатысқан. Балалардың тең жартысына берілетін сусынның тәуліктік мөлшері біршама азайтылған. Есесіне, үнемделген ол сусын жеткіншектердің екінші жартысына берілген. Қорытындысында, оқу жылының соңында екінші топтағы қоңды балалар қатары 7,6 процентке ұлғайып шыға келген. Ал, "шүпірлегенді" азайтқандар қатарында семіздер біршама азайған. Осыдан соң балалар үшін ең тиімдісі жеміс шырындары немесе су деген қағиданың дұрыстығына тағы да көз жеткіземіз.


Езу тартар

Түнде баласы әкесіне:
- Көке, дүкенге күндіз келуге болмаушы ма еді?
- Доғар сөзді, одан да торды тезірек кес!

Прапорщик сарбаздарға:
- Жауынгер жарғысына сәйкес сарбаз сағынып келген әке-шешесін және жауынгерлік туды ғана сүюге қақысы бар! Ал кімнің қандай сұрағы бар?
- Ал, қыдыруға шыққанда ше, қызды құшуға болма ма?
- Сарбаз, мұндайда тапқырлық керек, қызды туға орап ал да қалағаныңша сүйе бер.


Жиһаз дүкенінде әйел биік шкаф іздеп жүр екен. Сатушылар:
- Үйіңіздің төбесі соншалықты биік пе?
- Жоқ, көршім бойшаң еді, деген екен.

Достары Пикассо үйінің қабырғасында суретшінің бірде-бір картинасының жоқтығын байқап:
- Саған өзің салған суреттерің ұнамай ма, десе,
- Ұнағанда қандай, бірақ сол түскір мен үшін қымбаттау ғой, деп жауап қатыпты.



БАЛАУСА

ҚЫЛ ҚАЛАМ ӨРНЕКТЕРІ

Татьяна ЛУЦКАЯ, мұражай қызметкері

"Жарқыраған калейдоскоп" атты балалар шығармашылығының көрмесі Өскемендегі өнер мұражайында ашылды. Облыстық мәдениет басқармасының және "Сәулетай" қоғамдық қорының мұрындық болуымен ұйымдастырылған жоба "Жастар және жастар саясаты" атты мемлекеттік бағдарламамен тығыз жұмыс жүргізуде. Жас шеберлер өнеріне бұл жолы ғылыми-өндірістік "Лик" ЖШС, "ВИТА" оқу-гуманитарлық орталығы, "Терминал-ХРI" ЖШС демеушілік көрсетті.

Көрмеге облыстан 500-ден астам жас суретшілердің 481 жұмысы ұсынылды. Өскемен, Риддер, Зырян, Курчатов, Серебрянск қалаларының, Глубокое, Ұлан, Бородулиха, Аягөз аудандарының 55 білім беретін мекемелері қатысты.

КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі суретші Н. Аштема басқарған көрме-сынақтың қазылар алқасы бұрнағы көрмелерге қарағанда жұмыстары жоғары дәрежеде орындалғанын атап өтті. Туындылардан балалардың шексіз, жарқын қиялы мен мұндалап тұрады. Әрі техникалық шеберліктерінің жетілгені де байқалады.

Қазылар алқасы 147 жүлделі орын белгіледі. Оның ішінде бас жүлде - біреу, бірінші орын - 46, екінші орын - 50, үшінші орын - 50.

Сынақтың бас бәйгесін Зырян қаласындағы "Радуга" үлгілі студиясының оқушысы Марина Клевакинаның "Солтүстік шұғыла" атты суретті кілемі ұтып алды. Студияны көп жыл бойы дарынды педагог Т.Чурсипа басқарып келеді.

Риддер қаласы БКСМ-нің жас суретшілері көрменің сүбелі бөлігін биыл да өз қанжығаларына байлады. Педагогтар Т.Титова, Е.Федорова, Ю.Юров, Н. Абашкина, М. Найдина, Л. Юрованың оқушылары 11- бірінші, 8 - екінші, 7 - үшінші орынды еншіледі. Олар бейнелеген натюрморттар, пейзаждар, сюжеттік суреттер әдемілігі, бояуларға қанықтығы, түстігамманың үндестігімен, графикалық суреттің әдіс-тәсілдерін шебер пайдаланатындарымен, папьеммаше, сәнді нанно техникаларының жоғары шеберліктерімен таңдандырады.

Өскемен қаласы БКСМ-нің оқытушылары Л. Свыченко, М. Александрова, С. Артеменко және В. Маусымбаев шәкірттерінің жұмыстары да көз тартарлық.

Олжас Ахметов кескіндемесі мен ағаш оюы мамандар мен көрермендер назарын еріксіз аудартты. Көрген көз оның хас шебер екенін бірдей мойындайды.

Серебрянск қаласындағы балалар үйі жеткіншектерінің жұмыстары нәзік, көңіл жібітетін әсерлі және поэзиялығымен ерекшеленеді.

"Надежда" қыздар гимназиясы, Валеология орталығы және №40 орта мектебі оқушыларының суреттері көрмеге ашық жарқын, сергек көңілді күй енгізді.

Д. Берлизованың батик техникасында орындалған "Қызғалдақтар" суреті әсем де әдемілігімен ("Спутник-2" БЖК, оқытушы Т. В. Харина) таң қалдырды.

Тоқ етерін айтқанда, "Жарқыраған калейдоскоп" көрмесі 4-16 жас аралығындағы жас суретшілер шығармашылықтарының, дарындарының, қабілеттерінің, ой-қиялдарының айқын айғағы деуге болады. Көрме 20 маусымға дейін жұмыс істейді.

Шығыс Қазақстан обл.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ   

   
Колонки
Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров, С.В. Волков.
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"