Газета издается с 10 декабря 2002 года. Выходит по пятницам.
   Услуги Web-дизайна
Вместе с нами



Валюта, погода

Kazakhstan Financial Market
вся погода



Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

9 МАМЫР -ЖЕҢІС КҮНІ

САРЫНЫҢ СОҒЫСТЫ ЖЫЛДАРЫ

Төлеген ҚАЖЫБАЙ, журналист

Сексеннің сеңгіріндегі Сары ағаңды сөйлете қоюың қиын. Қиындығы - Сары бір тоға, сары көбік сөзге жоқ, іске мығым адам. 1943-1950 жылдар аралығында туған ауылдан жырақ майдан даласында, Қиыр Шығыста өткізген табандатқан жеті жылғы әскери қызметінен жеті ауыз сөзді зорға суыртпақтап алған жәйіміз бар. 1943 жылы әскерге шақырылып, Қызылжар қаласында екі ай "ойнап" (алғашқы әскери дайындық) инженерлік-саперлік шабуылшылар (штурмовая) бригадасына алынған.

- Штурмовойыңыз не? - дейміз.

- Бұл шабуылда алда жүретін, шегінсе артта жүретін арнайы жасақталған бригада. Шабуылға шыққанда ұрыс алаңын жау минасынан тазарту, шегінгенде жау жолына мина төсеу осы бригаданың міндеті.

- Майдан даласына алғаш шыққаныңыз есіңізде ме?

- Неге болмасын, есімде. Командиріміз Смирнов деген еді. Мылтық бермейсіңдер ме десек, өлгендерден аласыңдар дейді.

- Бұларың сұмдық екен. Шынында да солай болды ма?

- Солай болды. Содан қатардағы мылтығы бар біреу оққа ұшса соған жүгіріп барып, қаруына жармасасың. Алғашқы ұрысқа жалаң қол кіріп, снаряд жарықшағынан бастан жараландым. Құдайдың дес берісі, жарам жеңілдеу болып, емделіп, қатарға қайыра қосылдым. Құлап қалсам "Братский могилаға" көміліп қала беретін едім. Бұлай деп отырғаным, ауыр жараланғандардың көбі өлгендермен бірге бауырластар зиратына көмілгеніне талай рет куә болдық. Бір оқиға күні бүгінге дейін естен кетпейді. Жусап жатқан өліктерді дереу қара жер қойнына тапсыру керек деген бұйрық алдық. Өйтпесең ауру тарап, сау адам залал шегуі мүмкін. Сөйтіп терең ұра қазылып өлгендерді көмейік деп жатқанда, қайдан сап ете түскендерін білмеймін, самолет келіп қонды да ішінен шені жоғары бір топ әскери адамдар келе қалды. Дереу өліктерді аралап, іштерінен шала-жансар жатқан 140 жауынгерді алып шығып, тылға жіберіпті. Ал, бұйрық берген командирді дереу тұтқындап, өздерімен бірге алып кетті.

- Сонда жаралы жауынгерлердің жағдайына қарамай өлгендер санатына қиналмай-ақ қоса беретін болған ғой.

- Қоса берген. Ол соғысты кім қалай бағалап жатқанын білмеймін. Менің білетінім халықтың қара ормандай қарсы тұрған көптігімен жеңіске жеттік қой. Соның ішінде біз сияқты "бұратана" халықтың қынадай қисапсыз қырылуы, үнемі алдыңғы шепке жосықсыз айдап салуынан болды ғой. Мәселен, өзбек бауырлардан біреу опат болса, қалғандары жүгіріп келіп, сол араға ұйлығыса қалады. Не снаряд, не бомба сол қойдай ұйлыққан тұсқа түседі де әлгілер түгел жусап қалады. Бірде шегініп келе жатсақ, алдымыздан жаңа күш құраған сарбаздар сабы шықты. Минометтің ұңғысын шынашақтай бір қазақ жігіті көтере алмай шатқаяқтап келеді. Өзі әбден титықтап, шаршаған. Қасындағы зіңгіттей орыс жігіттері ананың сүрініп, жығылып келе жатқанына қарамайды да. Дәрі иісін сезіп, сан шайқастан өткендіктен бе, командиріне жетіп барып, мұның не дедім. Шойын ұңғыны басқа біреуге көтертті білем, қанды қасапқа бет алған лек ұзай берді.

Мұндай оқиғалар ондап, жүздеп, мыңдап кездеседі ғой. Айтқанына көніп, айдағанына жүретін әсіресе, ауылдан келген бауырларымыз осындай қиянаттан қынадай қырылды ғой, деген Сары ағамыз үнсіз қалды.

Менің есіме Бауыржан Момышұлының құпия әскери құжаттар ішінен алған мына бір фактісі түсті: "Екінші дүниежүзілік соғыста немістер -10, орыстар - 6, қазақтар - 12 процент опат болған!". Бұл фактінің шындығын тарихи құжатта жазылған жарты миллионға жуық қазақтың 16-40 жас аралығындағы азаматтарының опат болғандығы дәлелдейді. "Боздақтар" кітабын парақтасаңыз мектеп қабырғасында жүрген оқушыларды да обалына қарамай отқа салып жібергендігін аңдайсыз.

- Фашистердің табан тіреп қатты қарсылық көрсеткені Кенигсберг қаласын қорғауы болды. Өзін де ала алмастай етіп бекіністермен бекіткен екен. Бірақ қоршаушылар жағдайы әдетте қамалға қамалғандардан жақсырақ, тиімдірек болады емес пе? Екінші Беларусь армиясының құрамындағы біздің бригада да жау қамалын алуда қыруар қуат жұмсады. Ақыры жау тізе бүкті.

- Жеңісті қай тұста қарсы алдыңыз?

- Берлинге жеті шақырым келгенде жау жеңіліп тізе бүкті деген хабар алдық. Қуанышта шек жоқ. Осы бір жүрекжарды сәтке есен жеткенімізге қуандық. Сандаған қаруластардан, талай боздақтардан айырылдық. Бұл Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Кенигсбергте танк жөндеу зауыты бар екен, сонда жөнделген танкті сынақтан өткізуші болдым. Ақыры 1950 жылы ғана туған ауылым Игіліктің төбесін көрдім ғой. Механизатор болдым, совхоздың қырман шаруашылығын басқардым. Зейнеткерлікке де сол арадан шыққам, қарапайым еңбеккермін.

Сары аға Нұғыманов сақалын саумалап отырып қалды. Өткен ұрысты, қан төгісті жылдардың қатерлі сәттері санасын шабақтап, еске түсіп отырғаны ақиқат еді.

- Бұл Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ!-деді қарт сарбаз.

Иә, шынында да солай ғой.

Зеренді ауданы


ЭКОНОМИКА

Өндiрiсте өсiм бар

Әмір ЖАУЛЫБАЙ

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылды. Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтің деректері бойынша, осы үш айда экономика 9,1 процент өсім берген. Өнеркәсіптегі өндіріс - 9,3 процент, осының ішінде тау-кен саласы - 11,3 процент, өңдеу саласы - 8,5 процентке ұлғайған. Бұл ел өнеркәсібіндегі өндіріс саласының сапалық жаңаруының белгісі деп бағалады ол. Осының ішінде машина жасау тармағы 1,5 есе, мұнай-газ қондырғылары өндірісі 3,3 есеге артқан.

Кәсіпорындар, жеке фирмалар және тұрғындар күшімен - 472 жаңа пәтер пайдалануға берілген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен - 27,7 процентке артық.

Өткен тоқсанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 5,7 есе өскен. Атап өтерлігі, қазір сыртқы рынокта Қазақстан үшін ең тиімді жағдай қалыптасқан. Бірінші тоқсанда республиканың сыртқы сауда айналымы - 38 процентке ұлғайған. Мұнда экспорт салмағы - 23 процентке өссе, импорт үлесі - 74 процентке көбейген. Министр экономикамыздың экспортқа бағытталған өнімнің жоғары бағасына негізделетінін хабарлады. Тұтастай алғанда жалпы ішкі өнім мөлшері бұрынғы болжамдарға қарағанда биыл 206 млрд. теңгеге ұлғаятын көрінеді. Мұнай бағасының жоғары деңгейде тұрақтануынан былтыр ЖІӨ 89 млрд. теңгеге ұлғайған болатын. Осы болжамды негізге ала отырып, республиканың биылғы бюджеті нақтыланатын болады.


Жер жаңа ережемен берiледi

Қошқарбай ЗЕРЕНДИН

Астанада қарапайым адам үшін тұрғын үй учаскесін алу енді мүлдем мүмкін емес. Өткен аптада болған қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы қабылдаған ереже осылай деп көрсетеді.

Жаңа ережені таныстырған әкімнің орынбасары Марат Төлебаев жеке меншік тұрғын үй құрылысына жер учаскесін бөлуде бұған дейін бармақ бастылыққа жол берілгенін, сондықтан оның жария түрде болуы үшін жыл сайын әжептәуір бөлігін аукционда сатуды ұсынды. Ал соғыс ардагерлері, оралмандарға т.б. жер учаскелері тегін берілмек. Өмірзақ Шүкеев жер учаскесін бөлу қала әкімінің ісі емес деп, бұл міндетті халық қалаулыларының еншісіне ысырды.

Бұдан былай учаске бағасын инженерлік-коммуникация құны айқындайды. Бұл бағаның қымбаттауына әсер ететіні белгілі. Бірақ, учаске қажетті құрылыммен жабдықталғандықтан соң қала басшылығы су, электр жүйесін қалай тарту керек деген бас ауруынан құтылатын болады.

Депутаттар ережені қабылдауға асықпайық, заңнама тұрғысынан әлі де екшелік дегенімен бұл пікірлер қабылданбады. Жеңілдікке ие азаматтарға ол квотамен берілсін деген ұсыныс та өтпей қалды.

Жыл сайын елордада шамамен бір мың учаске сатылмақ. Ал, кезектегілер саны 17 мың. Әкім орынбасарының айтуынша, олардың кейбіреуі қазірдің өзінде баспана тұрғызып алған немесе оның жайын басқаша шешкен.

Сессия барысында табысы орташа азаматтардың аукционда қалталылармен тартыса алмайтыны, ал жеңілдікті пайдаланатындар қатарына олардың кірікпейтіні, сөйтіп "баспананы өзім саламын" деген соңғы үміті өшірілетіні айтылғанымен естір құлақ болмады. Нәтижесінде Жер учаскесін беру ережесін сессия бірауыздан мақұлдады.

Астана қаласы


АУЫЛ ЖЫЛДАРЫ

Ұсақ шаруашылықтар біріктірілді

Рашид СЮНИКАЕВ, облыстық ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және ұқсату департаментінің бастығы.

Көптеген ұсақ ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шаруа қожалықтарында несие алу үшін қажетті кепілдіктер жоқ. Осыны ескерген облыс басшылығы өткен желтоқсан айында барлық шаруа қожалықтарының қызметіне талдау жасау және ұсақтарын біріктіру жөнінде тапсырма берді. Соның нәтижесінде қарамағында 500 гектарға дейін жері бар шаруа қожалықтарының 70 проценті рентабельді жұмыс істемейтіні анықталды. Ал, өнім өндіруден түскен қаржы өндірісті дамытуды былай қойғанда, материалдық-техникалық базаны нығайту үшін құрал-жабдықтар сатып алуға жетпейді.

Осыған байланысты көктемгі егіске дейін ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіру жөнінде және оны заң тұрғысынан нығайту жөнінде ұсыныс жасалды. Өйткені сонда ғана олардың барлық үкіметтік жеңілдіктерді пайдалануына мүмкіндік туады. Департамент мамандары ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру жөнінде ұсыныстар жасап, оны аудандарға жіберді. Қазіргі кезде 453 ұсақ шаруа қожалығы 152 ірі қожалыққа біріккен, 35 шаруа қожалығы 12 ЖШС болып қайта құрылды, ал олардың 1035-і бірігіп қызмет атқару жөнінде келісімге қол қойған, 104-і жерлерін басқа ұйымдарға жалға берген, 1258 шаруа қожалығы өз ұйымдарын жабу жөнінде өтініш білдірген.

Науқандық дала жұмыстарының ойдағыдай атқарылуы қашанда механизатор кадрларының шеберлігіне байланысты. Егін орағының жұмыстарын кешенді жүргізу үшін облыс бойынша 28 мың механизатор қажет. Сонымен бірге 1300 механизатор өздерінің сыныптылығын арттырды. Осылай бола тұрса да, бірқатар аудандарда комбайншылардың тапшылығы байқалуда. Сондықтан да күзгі орақ кезінде екінші мамандығы бар адамдар комбайншылыққа тартылуда.

Облыста селолық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған бағдарламасы жасалған болатын. Оған сәйкес таяудағы жылдары қазіргі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен жаңа цехтар мен өндірістер құрылысын салу жоспарлануда. Сонда 784 жаңа жұмыс орны ашылады. Жарма өндіретін, өсімдік майын шығаратын, мал өнімдерін ұқсататын цехтар жалпы көлемі 1,6 миллиард теңгенің өнімдерін шығаратын болады. Жаңа өндірістік қуаттарды қайта құрып, іске қосу және жаңа технология бойынша жабдықтар сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 62,2 млн. және 493,3 млн. теңге қаржы бөлінуде. Өткен кезеңде облыстық бюджеттің қаржысы есебінен алты бизнес жоспарға 20 млн. теңгенің несиесі берілді.

Сондай-ақ салада кедейшілікпен және жұмыссыздықпен күрес жөнінде 2003-2005 жылдарға арналған арнайы бағдарлама жасалып, жүзеге асырылуда. Онда ауыл шаруашылығында жыл сайын 2,9 мың жұмыс орнын ашу көзделген.

Бүгінде облыстағы 56 елді мекенге әлеуметтік сала нысандары бойынша нақты көмек көрсету қажеттілігіне көз жеткізіп отыр. Олардың арасында мәдениет үйлерін, дәрігерлік амбулаторияларды, ФАП-тарды, мектептерді, кітапханаларды, автожолдарды, су құбырларын және жылыту қазандарын жөндеу де бар. Бұл елді мекендер олардың аумақтарында орналасқан инвестор-фирмаларға, банктік құрылымдарға және қаржылық жағдайы тұрақты аудандардағы кәсіпорындарға бекітілген.

Солтүстік Қазақстан обл.


ЖОЛДАУҒА - ҚОЛДАУ

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ

Ержан Биекенов өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысындағы ең үздік фермер болып танылды. Ерейментау ауданындағы "Хамза" шаруа қожалығының басшысы биылға дейін диқаншылықты кәсіп етіп келсе, енді ол құрылыс бизнесімен айналысуды, кірпіш шығаратын зауыт құрылысын қолға алмақшы. Осыдан кейін өзі тұратын Новомарковкада үй салуды жалғастырып, ауылдастарын тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Елбасының тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі Жолдауына бұдан артық қандай қолдау керек.


СТАТИСТИКА МЕН "СОБЕС":
ҚАЙСЫНА СЕНЕМІЗ?

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері жұмыссыздық әлі толық зерттелмей жатқан ғылымның бір саласы сияқты болып кетті. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне қарағанда биыл Оңтүстік Қазақстан облысы көлемінде 5719 жаңа жұмыс орындары ашылған. Сөйтіп, жұмыспен қамту жөніндегі органдардың ықпалымен 4984 жұмыссыз азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Дұрыс дейік. Енді мына бір мәліметті қараңыз. 2002 жылы жалпы жұмыссыздар саны облыста 77,8 мың адам болса, откен жылдың екі тоқсанында ол көрсеткіш 85,8 мың адамға меткен. Бақандай 8 мыңға артық. Сонда бір жыл көлемінде жаңадан жұмыс орындары ашылып, бірнеше мың адамның жұмысқа тартылғаны қайда қалды? Неге жұмыссыздар саны азюдың орнына, жыл сайын көбейіп келеді?

Міне, жұмыссыздық зерттелмей жатқан ғылым саласына айналды деуіміздің мәнісі осында. Жалпы бұл салада "жұмыссыздар саны қанша?" деген сұрақта дауласушылар көп. Республикалық статистика мәліметтеріне сүйенсек, 2003 жылдың алғашқы жартыжылдығында Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы жұмыссыздық деңгейі 8,8 процентті (85,8 мың адам) құрап, республикалық көрсеткіштен 0,2 процентке жоғары болған. Ал, облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің мәліметіне қарағанда жұмыссыздық деңгейі 8,1 процент, яғни, республикалық көрсеткіштен әлдеқайда кем. Қайсы бұрыс, қайсы дұрыс? Бұдан басқа еңбек рыногының негізгі индикаторларын анықтауда облыстық статистика басқармасы берген мәлімет пен аудандық, қалалық еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімдерінің берген мәліметтерінде біршама айырмашылықтар бар. Тағы да кей тұстарда екеуінің цифрлары бір-біріне мүлдем сәйкес келмейді. Мысалға, Шымкент қаласы бойынша айырмашылық - 6,9 мың адамға, Кентау қаласында - 3,8 мың, Түлкібас ауданында - 1 мың адам болып отыр.

Әрине, жұмыссыздық қоғамдық дерт. "Ауруын жасырған өледі" деген. Ауылда жұмыссыздар көп екені рас. Оны жасырғаннан ел бүйірі томпаймайды. Десек те, облыстық статистика басқармасының жұмыссыздарды анықтаудағы әдісінің дәлдігіне күмән келтірушілер көп. Статистика басқармасы негізгі индикаторларды зерттеуді халықаралық еңбек ұйымының сауалнамасы арқылы жүргізеді екен. Мұндай зерттеулер әрбір отбасының табысын анықтау үшін және жұмыссыздардың санын есептеуде жергілікті халықтың барлығы 14 процентін ғана қамтиды. Сосын бұл зерттеу жұмыстарына жергілікті әкімшіліктер қатыспайды екен. Яғни, барлық ауыл округтерінде статист мамандар, әлеуметтік қызметкерлер негізгі көрсеткіштерді бірігіп, сараптамадан өткізбейді.

Статистика мен "собестің" цифрларының аспан мен жердей болуының басты себептері осы ма деп қалдық.

Оңтүстік Қазақстан обл.


БIР ТАҚЫРЫПҚА ЕКI ХАТ

Таңба тәртiпке бастайды

Мұрат ӘМІРЕНОВ, журналист

Бүкіл еліміздегі сияқты Шығыс Қазақстанда да мал мен үй жануарларын сырғалау, таңбалау, төлқұжат беру жүріп жатыр. Облысымыз бойынша биыл күзге дейін 2,5 миллион мал мен құс, үй жануарлары есепке алынбақ. Қазірге дейін Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті, Глубокое, Күршім, Шемонаиха аудандары қажетті сырға жабдықтарымен толық қамтамасыз етілсе, төлқұжаттар барлық аудан, қалаларға жеткізілді.

Сырғалаудың берері, біріншіден мал мен басқа да үй жануарларының дәл есебін алуға, олардың қозғалысын бақылауға, сол арқылы мал дәрігерлік жұмысты жоспарлап, тиімді жүргізуге, жалпы мал шаруашылығын дамытуды ғылыми жолға қоюға үлкен мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол Дүниежүзілік сауда ұйымы тарапынан қойылып отырған халықаралық талап. Ал, Қазақстан болашақта осы ұйымға мүше болуға дайындалуда. Сол уақытта малдарды шетелдерге экспортқа шығаруға болады.

Таңбалаудың тағы бір маңызы, мал ұрлығы сияқты келеңсіздік азаяды. Өйткені малдың құлағындағы сырғасы немесе төл құжаты арқылы құқық қорғау орындары оның қай аудан, ауылдан, кімдікі екенін оңай ажыратады. Сатылатын, біреуге берілетін малға анықтама қағазын да мал дәрігері сол арқылы береді, барлық мәліметтер компьютерге енгізіледі. Бір сөзбен айтқанда бірдейлендіру дәл есеп жүргізуді жолға қойып, тәртіп пен реттілікті қамтамасыз етеді, жұмысты жүйелі, жоспарлы жүргізуге жол ашады.

Қазір осы жұмысты мемлекеттік қызметкер болып саналатын мал дәрігері инспекторының бақылауымен кәсіпкер болып есептелетін мал-дәрігерлері - лицензиаттар атқаруда. Егер мал иесі малын өзі сырғалап аламын десе, оған да еркі бар. Ол үшін тек сырға мен төлқұжатты сатып алу керек. Ал, мал иесінің малын сырғалатып, төлқұжат алудан бас тартуға құқы жоқ. Ондай жағдайда ол әкімшілік жауапқа тартылады.

Осы жұмыстың алғашқы нәтижелері көрсеткеніндей, мал иелері малдарын ықыластықпен сырғалатып, оны атқарушыларға тиісті ақыларын төлеуде. Осы арада әрбір аудан аумағында халықтың әл-ауқаты, шығын, басқа да жергілікті жағдайларды ескеріп, экономикалық жағынан негіздеп, бірыңғай баға белгіленгені жөн екенін айтқым келеді. Әрине, заң тұрғысынан алғанда кәсіпкер-лицензиаттардың құқығына ешкім қол сұғуы, оған шек қоюы тиіс емес. Солай екен деп кәсіпкер-лицензиат та мал иесінен тым қымбат ақы сұрамағаны жөн. Ол да құдайын ұмытпай, халықтың жағдайымен санасқаны, мал иесі де көп бердім деп тарылмай, мал дәрігерінің еңбегін сыйлағаны керек. Осылай болған аудандарда таңбалау артық айғай-шусыз, ұйымдасқан түрде жүруде. Мәселен, Зайсан ауданында мал дәрігерлері әр ірі қара малды сырғалап, төлқұжат бергені үшін 18 теңге, ұсақ мал үшін 13 теңгеден алса, Глубокое ауданында орташа есеппен 50 теңгеден айналуда. Бұл баға әрине әр аудан, ауылдық округтің ерекшелігіне байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Ең бастысы өзара келісім, түсіністік болғаны керек. Осы арада еліміздің басқа облыстарына қарағанда біздің облыстағы бағаның әлдеқайда арзан екендігін де айта кеткеннің артығы болмас.

Шығыс Қазақстан обл.


Ерболат ЕСІЛ

Петропавлда қалалық мемлекеттiк мал дәрігерлік инспекция мамандары жеке меншігінде малы бар үйлерді аралап, тиiстi құжаттар толтыруда. Аталмыш шара Ауыл шаруашылығы министiрлiгiнің былтырғы жылғы сәуiрдiң 2-дегі үй жануарларын тiзiмдеп, құжаттау туралы бұйрығына сәйкес атқарылуда. Осы күндерi. Елiмiздiң ауыл шаруашылық министiрлiгi қабылдаған бұйрық түгелдей Қазақстан аумағында жүргiзiлуде. Ол бойынша жеке меншiктегі мал мен үй құстарын тiркеуге алып, куәлiк беріледі.

Үй жануарларына берiлетiн құжатта куәлiк нөмiрi, мал туралы мәлiмет яғни түрi, түсi, жасы жазылады. Оған қоса iрi малдарға нөмiрi бар бирка тағылады. Оның артында КЗ- Қазақстан, 13 цифры Солтүстiк облысы, ал 20 Петропавл қаласы деген мағынаны бiлдiредi. Алдыңғы бетте әр жануарға белгiленген нөмiр жазылған. Ал бiрнеше құс, бiр отар қойға ортақ бiр куәлiк берiлiп, бирка тағылмайды.

Әрбiр iрi мал, бiр топ құс туралы мәлiмет компьютерге түсiрiлiп, жылына екi рет егу жұмыстары кезiнде иесiнiң қолындағы құжатқа белгi қойылып отырылады. Мемлекеттiк ветеринарлық инспекция қызметкерлерiнiң айтуынша кейбiр үй жануарларын ұстайтындар бұл өткiзiлiп жатқан шараға мән бермейтiн көрiнедi.

Петропавл қаласы


Сора алқабына ие керек

Рамазан ЕЛЕШЕВ, меншікті тілші

Іле ауданы облыстағы экономикасы дамыған аймақтардың бірі. Дей тұрсақ та қалаға тиіп жатқан оның және бір ерекшелігі, қылмыстың өршіп тұрғанында. Нашақорлық етек алып, жасөспірімдер қылмысы бой берер емес. Сонда бұл дерттің алдын ораудың жолы қайсы? Аудан прокуроры Абай Қалиевпен әңгіме осы төңіректе өрбіді.

- Жергілікті билік орындары, мектеп, полицияны сіз қылмыстың алдын алудағы әрекетсіздігі үшін үнемі сынайсыз. Алайда, соның нәтижесі көрінбейді ғой.

- Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде қылмыстың алдын алуға және кемшіліктерді түзетуге бағытталған шешімдер өкінішке орай толық деңгейде орындалып жатқан жоқ. Ауыл аймақтары әкімдері, мектеп директорлары, кәмелетке толмағандар инспекциясы мен учаскелік инспекторлар арасындағы жұмыста ауыз бірліктің болмауынан қылмыс аудан бойынша етек алып отыр. Сондықтан енді кінәлі тұлғаларды тәртіптік жауапқа тарту мәселесін қоямыз. Бұл бастама құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде аудан әкімі тарапынан қолдау тапты.

- Балалар арасындағы қылмысты ауыздықтау турасындағы сіздің ұстанымыңыз ұстаздар пікірімен сәйкес келе бермейді. Егер ата-анасы бала тәрбиесіне мүлде мән бермесе, мектеп қанша тырмысса да одан қайыр жоқ, - дейді. Оларға арнап интернат ашу да жағдайдан құтқармайды.

- Абай айтпақшы "Қаны бұзық өзі ойлар, қу менен сұм боларды" демекші, қыңырлыққа бой алдырғандар үшін интернат ашу жағдайды жақсарта қоймас. Интернат ашу - кей лауазымды тұлғалардың бала тәрбиесіне дендеп кіріскілері келмейтінін, оларды қалыптастыру ісін өзгеге ысыра салғысы келетінін көрсетеді. Әрі ол қосымша қаржы шығынын қажет етеді. Ал, аудан бюджетінде менің шамалауымша ондай қор жоқ.

- Шенеуніктер тарапынан қысым көрген қарапайым адамдар әдетте олардан аулақ жүруді жөн санайды. Себебі, әділдік талап ету аспандағы айға қол созғанмен бірдей деп санайды. Осыған байланысты прокуратурадан құқығын қорғауды сұраған азаматтар қатары көбейді ме?

- Соңғы жылдары шенеуніктер үстінен түскен шағымдар саны көбейді. Сараптама көрсеткеніндей 2002 жылы 285 арыз түссе, өткен жылғы көрсеткіш 495 болды. Прокурордың араласуымен жұмыс берушілер өрескел бұрмалаған 176 азаматтың конституциялық құқығы қалпына келтірілді.

- Нашақорлыққа қарсы күреске қатысты мәселеде сіз жабайы сора алқабын жеке меншікке беруді ұсындыңыз. Мұндай бастаманың прокурор тарапынан жасалуы оғаш көрінеді екен.

- Бұл кездейсоқ жасалған мәлімдеме емес. "Шошқалы сай" аңғарындағы қолдан-қолға кеңінен таралып келе жатқан сораны ауданға таратпаудың бірден-бір жолы осы. Мұндай үлкен аймақты үнемі күзетуге полицияның шамасы жетпейді. Ал, жабайы сораны құртып жіберу өте қиын. Сондықтан аудан әкіміне бұл аңғарда сораны өнеркәсіптік өңдеуден өткізетін зауыт құрылысын салу керектігі жөнінде ұсыныс жасағам. Бұл айғайлататын жаңалық емес. 2002 жылы көкнәрдің заңсыз айналымына тиым салу мақсатында өкімет "есірткілі өсімдіктерді өнеркәсіптік өңдеу жөніндегі өндіріс кешенін құру туралы" шешім қабылдаған болатын. Әрине, нашақорлықты түбірімен жою қиын. Алайда, осындай шаралар арқылы оның алдын алуға, сөйтіп қылмыс санын азайтуға болады деп ойлаймын.

Алматы обл.


АСТАНАНЫҢ ГҮЛДЕНУІ - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ГҮЛДЕНУІ

Елорда желекке орануда

Ескендір ЕРТАЙ, журналист

Астана маңына тал-терек көшеттерін отырғызу жұмыстары ырғақты жүргізіліп отыр.

- Келесі жылдың аяғына дейін арнайы бөлінген 25 мың гектар жерге 28 ағаш түрі отырғызылады,-дейді "Жасыл аймақ" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Жұматай Сүйіндіков.

Бұрын жылына 2,5 мың гектарға тал көшеттері отырғызылса, биыл ол меже 4 мың 700 гектарға жеткізілді. Астананың айналасы ғана емес, қаладан шығатын бес жол бойында бір шақырым қашықтыққа дейін түрлі орман ағаштары бой көтеретін болады.

- Канада, Түркия және Израйль елдеріндегі орман ағаштарын отырғызудағы тәжірибелерді зерттей келе, мұның ішіндегі біздің өңірімізге ең қолайлысы Польшаның әдісі екендігіне көз жеткіздік. Жыл басында бұл мемлекеттің орман шаруашылығы мамандарымен іс-тәжірибе алмасып, ендігі жерде көшеттерді жабық тамырлы жүйе - контейнерлік әдіс бойынша егуді қолға аламыз. Әдіс көшеттерді құрт-құмырсқадан және түрлі аурулардан құтқарудың бірден-бір тиімді жолы болмақ. Осы мақсатта поляктардың технологиялық жабдықтары мен зертханалық аппараттарын алуға келісім-шарт жасалды,-дейді кәсіпорынның бас директоры.


ЭКОНОМИКАЛЫҚ САРАПТАМА

Қытай ашықса не болады?

Қытайда астық тапшылығы сезіле бастады. Оның әлемдік рынокқа әсері қандай?

Жақында қытай басшылығы азық-түлік тапшылығына жол бермеу мақсатында шаруаларға көрсетілер көмектің нақты көлемін жария етті. Осыған орай баспасөзде үкімет қамқорлығына лайықты еңбекпен жауап береміз деген "еңбекшілер хаттары" толассыз жарияланды. Алайда, бұл мәселеге әлемдегі көзқарас басқаша. Кей зерттеу орталықтары Қытайдың шекті белдеуден өткенін, құжынаған адамдарды тойындыру қиын деп санайды.

Американдықтардың беделді "Жердің саяси институты" осыған қатысты келесідей көңілге қонымды дәлелдер келтіреді. Институт басшысы Лестер Р. Браунның айтуынша, ҚХР басшылығы елдің аграрлық бюджетін 25 процентке немесе 3 млрд. американдық долларға ұлғайтқан. Бұл қаржы алдыңғы кезекте бидай, күріш бағасын қолдауға және суармалы инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.

1950 жылы Қытай 90 млн. тонна, ал 1998 жылы 392 млн. тонна астық өндірген. Алайда, соңғы жылдары оның мөлшері төмендеп, былтырғы түсім 322 млн. тонна болды. Көрсеткіштің бірден 70 млн. тоннаға кемуі қауіпті құбылыс,-дейді ғалым.

Басты дақылдар - астық, күріш, жүгері азайып барады. Елдің солтүстігінде су тапшылығынан астық өндіру күрт кеміді. Қор азайған соң баға көтеріліп, Қытай делегациялары экспорттаушы елдерге сапарларын жиілетті. Австралия, Канада, АҚШ-тан 5 млн. тоннадай астық сатып алған. Нәтижесінде, әлемдік нарықтағы дақыл бағасы бірден өсті.

Тапшылықтың салдары әлі алда. Соңғы жылдары жетіспеушілікті қор есесінен толтырып келгенімен ол да күннен-күнге семіп бара жатқандықтан Қытайдың ендігі үміті - импортта. Өткен жылғы астық түсімі тұтынуға қажетті мөлшерден 19 млн. тоннаға кем шықты. Жағдай осылай кете берсе алты жылдан соң қор сарқылады деген сөз.

Күрішпен қамтамасыз ету бұдан да сорақы. Қазір оның жетпейтін мөлшері 20 млн. тоннаға жеткен. Ал, әлемдегі бұл дақылдың экспорты бар-жоғы 26 млн тонна. Осының барлығы әлемдік рыноктың ұйқы-тұйқысын шығаруы мүмкін.

Ал, жүгері тапшылығы 15 млн. тоннаға жетті. Таяу арада оны да сырттан тасымалдауға тура келуі мүмкін. Елдегі адам басы жыл сайын 11 миллионға артуда, әрі әл-ауқаттары жақсарып келеді. Ауқаты артқан қытайлықтар аңсары астық дақылын көбірек қажет ететін доңыз, құс еті, жұмыртқаға аууда. Есесіне сүт тағамдары, қара мал етін аз тұтынады.

Өндірістің құлдырау себебі неде? Институттағылар пікірінше, басты себеп егіс алқаптарының азаюы. 1998 жылғы 90 млн. гектар 2003 жылы 76 миллионға дейін кеміген. Су тапшылығы, шөлдің ұлғаюы, ауыл шаруашылық жерін басқа мақсаттарға пайдалану, басқа тиімді дақылдарға көшу, жұмыс күшінің жетіспеуінен жылына екі өнім алатын тәжірибеден бас тарту тапшылыққа әкеп тіреді. Тапшы бола бастаған су алдыңғы кезекте қалаларға, өнеркәсіп нысандарына беріледі. Ауылдарға осыдан қалғаны ғана тиеді. Алқапты сумен қамтамасыз ету мүмкін болмағандықтан, шаруалар жерден мүлдем бас тартқанды немесе екі рет өнім алу тәжірибесін доғарғанды жөн санайды.

Гоби шөлінің ұлғаюы жыл сайын шамамен 1,7 мың шаршы шақырым құнарлы аймақты басып қалуда. Солтүстік және батыс провинцияларындағы шаруаларға ағаш алқаптарын көбейту үшін ақы төленуде. Алайда, бұл да егістің азаюына әкеп соғуда.

Өнеркәсіп құрылымдары, тас жолдар құрылысы күш алуда. Инвестиция тарту, қосымша жұмыс орындарын ашу мақсатындағы ерекше аймақтар құру, офис, тұрғын үй құрылысын дамыту түптеп келгенде ауыл шаруашылығы жерлері есесінен атқарылуда.

Қытайдағы әр шаруаның жер үлесі 0,6 га. Күнкөріс мақсатында көпшілігі астықтан тиімдірек жеміс, көкөніс өсіргенді жөн санайды. Соңғы 11 жылда көкөніс, жеміс алқаптары жылына орта есеппен 1,3 млн. гектарға көбейген.

Жағдайы жақсы шаруалардың көпшілігі қалаға көшіп алған. Бұрындары маусым айында піскен күздік бидайды тездетіп орып алып, ілезде алқапты қайта дайындап, орнына жүгері себілетін. Қазір ондай пысық шаруалар қатары азайған. Тіпті ынтыландырғанның өзінде жағдайды түбірінен өзгерту оңай емес.

Экономикалық дағдарысқа жол бермес үшін Қытай жыл сайын 30, 40, 50 млн. тонна астық сатып алуы керек. Осы орайда қазір әлемдегі астық қорының соңғы 30 жылда ең төменгі деңгейіне жеткенін естен шығармау керек. Қалалардың су тұтынуды ұлғайтқанынан АҚШ фермерлері де оны аз алуда. Бұдан шығатын қорытынды, соңғы жарты ғасырдағы тоқшылықтың ауылы алыстап бара жатқанға ұқсайды. Азық-түлік бағасының жоғары болуы қалыпты нәрсеге айналды. Демек, көпшілік елдер жаңа қатаң жағдайларға бейімделуі керек. Ал, тығырықтан шығар жол іздеген Бейжің әлемдегі астық экспорты жартысын уысында ұстап отырған АҚШ-қа алақан жаяды. Бұл Америкамен 120 млрд. доллардың саудасын жасап отырған 1,3 млрд. қытайлықтың американдықтармен азық-түлік бәсекесіне түсіп, бұрын-соңды болмаған геосаяси жағдайды тудырады деген сөз. Онда астық бағасы Америкада ғана емес, бүкіл әлемде өседі. Сауда керуендері АҚШ пен Қытайдың экономикалық байланысын одан сайын нығайтпақ. Бірақ, екі ел халқының қажетін өтеу өте қиын болмақ. Сондықтан ағымдағы ғасырдың басты мәселесі адамдарды тойындыру болатын шығар.

Дайындаған Ғали Сағдиұлы


КӨЗАЙЫМ ХАБАР

Тарихта тұңғыш рет...

Серік САҒЫНТАЙ

Көлемі жағынан еліміздегі ең ірі, әрі өнеркәсібі дамыған Қарағанды облысы советтендіру саясаты салмағынан енді ғана айыға бастағандай. Бұлай деуге себеп, сәуірдің соңғы жартысында облыс әкімшілігі тарихында алқа мәжілісі тұңғыш рет мемлекеттік тілде өткізілді. Бұл күнді Қарағанды тарихында алтын әріппен айшықтап қоюға болады десек асылдық емес.

Мәжілісті облыс әкімі Камалтин Мұхамеджанов жүргізді. Мемлекеттік тілді "қақпайтын" шенеуніктер үшін әкімдік аппаратының жауапты қызметкері, қазақ тілінің байырғы жанашыры Б. Мұсабеков бастаған ілеспе аудармашылар жұмыс істеді.

Мәжілісте облыстың өткен бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері, көктемгі егіске әзірлік, қысқы жылу беру маусымы қорытындыланды. Аталмыш мәселелер бойынша салалық басқарма, мекемелер басшылары қазақ тілінде есеп беріп, пікірлерін ортаға салысты.

Қарағандылық шенеуніктер келер 2005 жылдан бастап ресми іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіреміз деп уәде берген-тұғын. Осыдан кейін алқалы кеңестерден бастап, өндіріс аясына дейін ауқымы ұлғайтылатын болса, тіл мәртебесі тұрақтана беруші еді. Әзірге, "бісмеллә" деп шыбық сындырып қоялық.

Қарағанды қаласы


АЛПЫС ЖЫЛДА ОТЫЗ МЫҢ МАМАН

даярлаған кәсіптік мектеп

Төлеубай ІЛДЕБАЕВ, журналист

Бір кездері әр ауданда бір-бірден, ал ірі қалаларда бірнешеуден кәсіптік-техникалық училищелер болатын. Олар туралы пікірлер де әртүрлі еді. Біреулер "нағыз мамандар ұясы" деп оның жұмысына ризашылық білдіріп жатса, енді бір жерлерде тіпті жалпы білім беретін мектептер мұғалімдерінің өзі сабақ үлгерімі нашар балаларды "СПТУ-ға жібереміз" деп қорқытатын. Ондай сөздер кейде ол училищелер туралы теріс пікір қалыптастырып жатса да олардың шынында да халық шаруашылығының әртүрлі салалары үшін аса қажетті мамандар даярлайтын тамаша ұстахана болғаны және шын. Бірақ, соңғы жылдары олардың бағы тайғандай, көп жерлерде ондай кәсіптік-техникалық училищелер жабылып, енді бірқатарының атауы да, мазмұны да өзгеріп, қайта құрылып жатты. Сондай жаңаша ұйымдастырылған арнаулы оқу орындарының бірі - қазіргі Ақмола облысының Шортанды ауданындағы №15 Елизаветинка ауылдық мамандандырылған кәсіптік мектебі.

Жоғарыда айтылған жайларға байланысты өткен күндерге шегініс жасап қарар болсақ, бұл оқу орнының бай тарихы барын көруге болады. Атап айтқанда, биыл алғаш шаңырақ көтергеніне 60 жыл толып отырған ол сонау сұрапыл соғыс жүріп жатқан 1944 жылы механизаторлар мектебі болып құрылған. Негізгі бағыты ауыл шаруашылығына аса қажетті механизаторлар даярлау болатын. Механизаторлардың жетіспеуі ол кездерде елдегі ер азаматтардың түгел дерлік қолдарына қару алып, қан майданға кеткендігінен еді. Сол себепті алғашқы жылы училищеде 59 қыз-келіншек оқыды. Соғыс әкелген ауыртпалық салдарынан жаңа мектептің материалдық-техникалық базасы да оншалықты мәз емес, практикалық сабақтар өткізу үшін қолда небары С-1 және С-6 маркалық екі комбайны бар еді.

Одан кейін кешегі тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталған кезде жаңадан құрылып жатқан кеңшарлар мен ұйымшарларға механизаторлар көптеп қажет болған. Соған орай мектеп ұлғайтылып, сол 1954 жылдың өзінде мұнда тракторшы, комбайншы, слесарь мамандықтары бойынша 330 оқушы дәріс алатын болды. Механизаторлар мектебінің өмірінде мұнан кейін де көптеген өзгерістер мен жаңалықтар болып жатты. Атап айтқанда, 1965 жылдан бастап мұндағы оқу мерзімі екі жылға ұзартылды. Сол жылы жаңа оқу корпусы салынып, 120 орындық екі жатақхана пайдалануға берілді. Ал, 1975 жылдан бастап оқу мерзімінің ұзақтығы үш жыл болып белгіленді. 1982 жылы асханасы, акт, спорт залдары, ауыл шаруашылығы техникасының құрылысын тереңдете оқытатын практикалық сабақтар өткізуге арналған бөлімдері бар сәулетті жаңа оқу корпусы іске қосылады. Бұл кезде бұрынғы шағын механизаторлар мектебі селолық кәсіптік-техникалық училище деп аталатын.

Ал, бүгінгі №15 Елизаветинка ауылдық мамандандырылған кәсіптік мектебінде 318 жасөспірім жалгер-фермер, жүргізуші-автослесарь, кулинар-аспаз, тағамдарды реттеуші маман, тігінші-дизайнер мамандықтары бойынша дәріс алуда. Кешегі өтпелі кезеңде біраз қиындықтарға тап болғанымен оқу орнының бүгінгі жағдайы біршама жақсара түскен. Материалдық-техникалық базасы да нығайған. Қазір мұнда оқушылардың алған теориялық білімдерін практикалық істе дәйектей түсулері үшін қажетті фермерлер мен жүргізуші-автослесарлар, машина-трактор шеберханасында, ал кулинар-аспаздар мектептің асханасында жұмыс істейді. Ондай практикалық сабақтар үшін мұнда үш шынжыр табанды, төрт дөңгелекті және бір К-700 тракторлары, төрт комбайн, бес автомашина және басқа техника түрлері бар. Мектеп оқушылары осындағы қосалқы шаруашылықтың 1200 гектар жерінде өз күштерімен бидай, арпа, көкөніс өсіреді, сол жерді агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптап, өнім өсіреді және оны жинайды. Мектептің арнайы жабдықталған екі компьютерлік сыныбы, кітапханасы, акт залы, спорт залы, жайлы жатақханалары бар.

- Біздің мектебімізде негізінен Ақмола облыстық балалар үйінде тәрбиеленген жасөспірімдер оқиды, - дейді аталмыш мамандандырылған мектептің директоры Төлеген Ережеұлы. - Жасыратыны жоқ, ата-ана қамқорлығын көрмей, балалар үйінде тәрбиеленген олардың мінез-құлықтары да әртүрлі. Бәрі бірдей нашар деуге және болмас. Көпшілігінің болашағынан мол үміт күтеміз. Солай болуына негіз қалауға күш саламыз. Өйткені темір техниканың тілін біліп қана қоймай, бұл ұядан адамгершілігі мол тәрбиелі азамат болып шығуларына қамқорлық жасау біздің ұстаз ретіндегі басты міндетіміз ғой…

Алғаш шаңырақ көтергеннен бергі осынау алпыс жылда отыз мыңнан астам маман даярлап шығарған оқу орнының түлектері бүгінде егемен еліміздің түкпір-түкпірінде халық шаруашылығының әртүрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүр. Олардың ішінде игілікті істерімен көпшілік құрметіне бөленіп, аталмыш мектептің ғана емес, еліміздің мақтанышына айналып отырғандар да аз емес. Мәселен, осында 1962-1963 жылдары оқыған Амангелді Сыздықов бүгінде республика Парламенті Сенатының депутаты. Оқу орнының 1958 жылғы түлегі Степан Сухов Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп келгеннен кейін он бір жыл бойы осы мектепке басшылық етті. Ал, қорғалжындық Наталья Геллерттің "Қыздар - тракторға!" қозғалысының бастамашысы болып, кеше бүкіл Одақ көлеміне танымал механизатор болғаны баршаға аян.

Қалай болғанда да атауы қанша рет өзгергенімен бұл мектеп мұндай мамандандырылған оқу орнының аса қажет екенін айқын дәлелдеп отыр. Оның халық шаруашылығын мамандармен қамтамасыз ету ісіне әлі де мол үлес қоса беретініне сенім мол.

Ақмола обл.


...ешкiнi аспаннан iзде

1890 жылғы мамырдың 15-інде Италияда құс қаны жауған. Ғажабы, күн шайдай ашық болған. Бірақ, қан-сөлінен айрылған құс денелері еш жерден табылмаған. Есесіне, 1896 жылы Батон-Ружа (Луизиана) көшелерін жаңа ғана өлген құс денелері жауып кеткен.

1969 жылы қаңтарда адамдар Сент-Мери (Мэриленд) қаласы үстінен ұшып бара жатқан үйректер тобының ортасында еш дыбыссыз жарылыс болғандай әсерді байқаған. Артынша-ақ құстар топылдап жерге түскен.

Табиғат тамашалары ерте замандарда да болған көрінеді. Афинеяның куәлік етуі бойынша, біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырда гректердің Херсонес қаласы үстінен үш күн бойы балық жауған. 1882 жылы маусымның 16-ында Дюбуке (Айова) үстіне бұршақпен бірге құрбақа жауған. 1863 жылы Англиядағы Эйкл деревнясына аспаннан жауған құрбақа қаптап кеткен. Бір тамашасы, арада бір күн өткенде барлығы із-түзсіз жоғалған.

1587 жылы Берген маңайында сары тышқаннан жауын жауған. Суға түскен олар жағаға ұмтылған. 1894 жыл Бовингтонда (Миссисипи) үлкендігі 20 сантиметрдей тасбақа жауғанымен есте қалған. 1956 жылғы қазанның 26-сында Сан-Францискода аспаннан кішкентай маймыл түскен. Құдіреттің шексіздігі бұл ғана емес. Жапонияның Сензу-мара жағасына көктен 1,5 тонналық піл түсіп, быт-шыт болған.

"Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізденің" кері мынау: 1930 жылы Германияның Рейн тауларына мұз қабыршағы жапқан бес адамның денесі түскен. Киімдеріне қарағанда ұшқыш немесе планеристерге де ұқсамайтын олардың мұзбен қапталуы үшін әуе қабатында қанша болғаны белгісіз.


СПОРТ

Лас-Вегасқа жол түсті

Дулат МОЛДАБАЕВ, журналист

Тамыздың 4-15 аралығында АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында Бүкіләлемдік полиция ойындары өтеді. Оған елорда полицейлері Серік Нұрғалиев және Рүстем Қалин шақыру алды. Қазір жаттығуды қыздырып жатқан спортшыларымыз қалған үш айда баптарына келіп, ең жоғары нәтижеге қол жеткізбекші.

Енді жігіттерімізді кеңінен таныстыру үшін соңғы жарыс жолдарын шолып өтелік. Өткен жазда Испанияның Барселона қаласында күш құрылымдары арасындағы әлемдік Х-шы олимпиадада спортшыларымыз алтын медальді иеленген соң 2004 жылы өтетін ойындарға қатысу қақын ала келген-ді. Сол жолғы екі алтын медальге қоса Нұрғалиев олимпиада тарихында жаңа екі рекорд орнатты. Қалин қол күрестен жеңімпаз атанды.

Барселонадағы жарысқа 12 мың адамның қатысқанын ескерсек, өңкей өзге халық арасында Қазақстан әнұранын асқақтатқан Серік пен Рүстемнің мерейлі сәттерін елестету қиын емес. Өзінің ауқымдылығы, мәртебесі және ашылу салтанаты жағынан аталмыш жарыс олимпиада ойындарынан кем емес. Сол жолы елорда полицейлері барлық құрлықтан жиналған әскерилер, өрт сөндірушілер, полицейлермен күш сынасып, күрестегі табандылық, жеңіске деген жанқиярлыққа көз жеткізді.

- Болжам бойынша Лас-Вегас Олимпиадасы барынша тартысты өтпек. Бүгінгі дерек бойынша ойынға қатысушылар саны сегіз мыңға таяған. Ал, 2002 жылы Оттавада өткен ойындарға 4 мың полиция қызметкері қатысқан,-дейді Серік.

- Айта кетерлігі, көбінесе Америкада өтетін осы ойындарда әсіресе, бенч-пресс - кірді жатып көтеру кең тараған. Алайда, күш атасын танушы ма еді, бұрынғы ойындардан жинақтаған тәжірибе және жеңіс біздің өзімізге деген сенімімізді арттырды. Бұйыртса Қазақтың мерейін тағы бір асырамыз,-дейді ол.

Оттавада өткен ойындарда да Серік Нұрғалиев пауэрлифтинг бойынша алтын медальді жеңіп алған болатын. Шетелге жалғыз өзі аттанып, таршылық пен қиыншылық, тіпті аяқтан шалушылықты көріп жүрсе де алтынды қанжығасына байлап келген Нұрғалиевтің сондағы қайсарлығы таң қалдырады. Себебі, Канада өкіметі 2001 жылғы қыркүйектің 11-індегі оқиғадан соң Азия және мұсылман елдері қатарына жататын Қазақстан делегациясы мүшелеріне виза бермей қойған. Бар күшті бенч-пресске салған Серік соның салдарынан сүйікті жарысынан кешігіп қалған-ды.

Қол күрес бойынша спортшыларымыздың бабында екенін сәуірдің ортасында Өскеменде өткен қол күрестен Азияның үшінші чемпионаты көрсетті. Жапония, Қытай, Иран, Үндістанның мықтылары қатысқан жарыста Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленді. Чемпионатқа барлығы алыс шетелдерден тоғыз, Азиядағы көршілерден төрт құрама келген еді. Осында өткен Конгресте қазақстандық жаттықтырушы Мұхамедолла Ағзамовты Армрестлингтің Азия федерациясы президенті етіп сайлау - Қазақстан спортшыларының жетістігін мойындау деп түсіну керек. Жарысты ұйымдастыру комитетінің құрамындағы Рүстем Қалин "Азиядағы армспортты дамытуға қосқан үлесі үшін" алтын медалімен марапатталды. Жоғары деңгейлі жарыстың елімізде өтуі Қазақстанның Азия спортындағы беделінің биіктеп келе жатқандығының дәлелі.

Реті келіп тұрған соң жетістіктермен қатар кемшіліктерді де айтпасқа болмайды. Шетел сапарларына өз ведомстволары қолдауымен ғана барып жүрген чемпиондарымыз бюджет қаржысының есепті болуынан, тапшылықты қатты сезінуде, тіпті тамақтан талай рет тарыққан сәттері болды. Соған қарамастан жігіттеріміздің республиканың көк байрағын желбіретуге жеткен жігерлеріне еріксіз сүйсінеді екенсің. Бұл ауқатты азаматтарымыздың құлағына қыстырған алтын сырға болсын.

Астана қаласы


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ   

   
Колонки
Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров, С.В. Волков.
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"