Газета издается с 10 декабря 2002 года. Выходит по пятницам.
   Услуги Web-дизайна
Вместе с нами



Валюта, погода

Kazakhstan Financial Market
вся погода



Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

ҚҰРЫЛЫС ҚОРЫ ҰЛҒАЙДЫ

Биылғы жылдың қайта нақтыланған бюджетінде Үкімет мемлекеттік тұрғын үй құрылысы саясатын дамытуға 20,4 млрд. теңге бөлетін болды. Бұл туралы Парламентте бюджет туралы хабарлама жасаған экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов жеткізді.

Әмір ЖАУЛЫБАЙ

Үкімет қолдаған тұрғын үй бағдарламасына сәйкес республикалық бюджет жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй құрылысын несиелендіруге жәрдемдеседі. Бұл мақсатта биыл облыстарға, Астана және Алматы қалаларына 12,5 млрд. теңге бөлінеді. Облыстар мен осы екі қалада мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорын жасақтау үшін мақсатты инвестициялық трансферттерге 6,4 млрд теңге қарастырылып отыр.

"Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ның жарғылық қорын ұлғайтуға 1,5 млрд. теңге бөлінбек. Ал Астана және Алматы қалаларын көркейтуге, олардың көліктік инфрақұрылымын және коммуналдық шаруашылығын дамытуға 5,4 млрд. теңге беріледі.

Бюджеттің жаңа нұсқасында Ақшабұлақ, Қызылорда газ құбыры желісі құрылысына 3,4 млрд. теңге, Астанадағы Ана мен бала республикалық ғылыми орталығының жобалау-сметалық құжатын жасауға және оның құрылысына 6,6 млрд. теңге қарастырылған.


Су сағасына оралуы керек

Қошқарбай ЗЕРЕНДИН

Халықаралық қайта құру және даму банкі өкілдері Ахмад Масуд және Болат Өткелов ҚР Аграрлық партия басшылығының қабылдауында болып, Сырдария өзені сағасындағы дренаж және суландыруға қатысты мәселелерді талқылап, жоспарланған жұмыстарға шолу жасады.

Кездесудің басты мәнісі, Сырдария және Солтүстік Аралдағы өзен сағасын реттеуге бағытталған жобаның алғашқы бөлігіне республика Үкіметі кепілдігімен Дүниежүзілік банктің заемы есесінен суландыруды және дренаж жүйесін жақсарту аяқталған болатын. Жоба аясында 15 млн. доллар Шардара су қоймасын қалпына келтіруге, 10 млн. доллар бөгет құрылысына және жөндеуге бөлінген-ді. Жоба бойынша бұл жұмыстар ағымдағы жылы аяқталмақ. Ал, үнемделген қаржы мөлшері 7 млн. долларды құрап отыр.

Қазір жобаның екінші бөлігін жүзеге асыратын уақыт келді. Бұл арада туындап отырған мәселе, республика Үкіметімен атқарылатын осы жобаларды ұзарту қажеттігі туындауда. Ондағы басты мақсат, экологиялық және экономикалық мәселелерді шешумен қатар, еліміз үшін өзекті саналатын тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету жағы бірге қарастырылуда. Ең бастысы, Сырдария өз сағасына оралып, адамдар үрейден арылды.

Аталмыш кездесуді осыдан екі апта бұрынғы Әлемдік банктің ауыл аумақтары саласының басшысы Джозеф Голдбергтің іскерлік сапарының заңды жалғасы деп қарастыру керек. Банктің жетекші маманы Ахмад Масуд, банктің еліміздегі өкілдігінің экономисі Болат Өткеловтің аграршылармен су жайын талқылауы кездейсоқтық емес. Себебі, Шардара су қоймасы төңірегінде қордаланған мәселелерді шешуде алдымен бастама көтерген Аграрлық партия байқау ұйымдастырып, ең үздік жобаға бәйге жариялаған еді. Кездесу кезінде аталмыш тақырып төңірегіндегі өзекті жайлар талқыланды.


СУЫТ ХАБАР

Тал түстегi жарылыс

Жанбатыр БОЛАТХАН

Мамырдың 12-інде Алматыдағы Желтоқсан және Гоголь көшелері қиылысындағы "Жібек Жолы" кафесі маңында жарылыс болды. Сол маңай тұрғындарының айтуынша, оқиға күндізгі сағат төрт кезінде болған. Төтенше жағдайлар агенттігі мамандарының айтуына қарағанда, жарылғыш зат қолдан жасалған. Бұл деректі полиция да құптауда.

Криминалдық полиция бастығы, полковник Амантай Әубәкіров журналистермен кездесуінде, жарылыс туралы ақпараттың қалалық Ішкі істер басқармасына 15 сағат 58 минутта келіп түскенін, оқиға орнында қылмыстық полиция қызметкерлері жарылыстан денесінің мыж-тыжы шыққан еуропа нәсілді ер адамның жатқанын көрген. Оның қарын тұсы қатты жарақаттанып, оң қолы мен білегі жұлынып кеткен. Ауыр жарақаттан көз жұмған жасы 40-тар шамасындағы жігіттің Қазақстан азаматы екені анықталды. Сол тұстан 10-15 метрдей жерде "ТТ" маркалы тапанша мен ресей рубльдері табылған.

Сол маңда болған куәгерлер ер адамның қолдан жасалған жарылғыш затпен өзін-өзі жарғанын айтады. Сондай-ақ оқиға орнынан бейнетаспа және жарты литрлік "Пепси" құтысы да табылған. Полиция пікірінше оқиға астарынан лаңкестік әрекет іздеудің қажеті жоқ.

Соңғы деректерге қарағанда полиция осы оқиғаға қатысы бар күдікті көлікті Алматының ортасында ұстады. Оны әл Фараби және Водозаборная көшелерінің қиылысында Жол полициясы жігіттері тоқтатқан. Қалалық ішкі істер бас басқармасының баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, көлік жарылыс болған сәтте сол арадан жылыстап жүре берген. Қазір көлік иесінің жарылысқа қатысы анықталуда.

Алматы қаласы


САЯСИ САРАПТАМА

ҚАДЫРОВТЫҢ ҚАДІРІ
ӨЛГЕН СОҢ БІЛІНЕР МЕ ЕКЕН

Жанат ЗИЯШҰЛЫ

Мамырдың 9-ында Грозный қаласындағы "Динамо" стадионында қастандық салдарынан қаза тапқан Ахмад Қадыровты баррикаданың екі жағындағы шешендер де, орыстар да жек көрген. Қарсыластардың бірі Ресейдің қауіпсіздік күштері мен мәскеушіл шешендер болса, екіншілері "сен тұр мен атайын" көтерілісшілер жасағы болатын.

Қазір Ресей Қарулы күштері құрамындағылардың көбі осы шағын елде президент Путин жүргізіп отырған "шешендендіру" саясатына үзілді-кесілді қарсы шығуда. Олардың ойы - республика Ресейдің қас-қабағын аңдап, соның аузына қарап отыру керек екен. Шешенстандағы қазір қауіпсіздікке жауапты әскерилер мен федералдық қауіпсіздік қызметі құрамындағылардың пікірінше, Қадыров тарапынан туындаған қиындық көтерілісшілердікінен кем түспеген.

Ал республика президентіне жасалған қастандыққа келер болсақ, оның өз қандастары қолынан келгені анық. Алайда, Қадыров өлді екен деп Ресей офицерлері де егілген жоқ. Ресейліктердің көбі Қадыровты алғашқы шешен соғысында дала командирі, кейіннен мүфти лауазымын атқарған кездерінде Ресей әскеріне қарсы жиһад жариялағаны үшін ашықтан-ашық жек көрді.

"Қадыров мүмкін Мәскеуге ұнайтын шығар, бірақ бұл арада біз оны жек көреміз, деп Грозныйдағы Ресей арнаулы күштерінің офицері пікірін ашық айтқан. - Егер ол менің қарауылыма іліксе, шүріппені басайын ба, жоқ па деп бас қатырмас едім. Себебі, оның адамдары менің жақын достарымның бірін өлтірген болатын".

Республикада билікті қолына алған соң, Қадыровтың адамдары заңсыз жұмыс істеп келген жүздеген мұнай ұңғыларын тікелей өз бақылауларына алған. Бұған дейін олардың табысы ресей генералдарының қалтасына ағылып келген. Қадыров билігі күшейген сайын генералдардың ашына түскені ақиқат. Армия басшылығының өзін атарға оғы жоқтығын президент те анық білген. Алайда, орыстарға деген жеккөрінішін өле-өлгенше өзімен бірге ала кетті. Соған қарамастан Шешенстанға автономия беру турасындағы Путин саясаты елді дамытудың бірден-бір жолы екендігіне сенетін.

Қайтыс боларынан бұрын жақындарына айтып кеткен сөзі осы ұстанымын дәлелдейді. Ол Шешенстанның қалыпты өмірге келуінің бірден-бір жолы Путин ұстанымы екендігін айтқан. "Бұл адамды шынымен жақсы көремін" деп ол туралы айтуы Федерация басшысына сенгендігін көрсетеді.

Қастандықтың құрбаны болған Шешенстан Президенті Ахмад Қадыровқа қаза болған соң "Шешен Республикасын өркендету, лаңкестікпен күрес жолында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін" қаза болғаннан кейін Ресей Батыры атағы берілді. Республика басшылығы мәжілісінде Шешенстан Президенті міндетін атқарушы Сергей Абрамов осылай деп хабарлады.

Арада бірер күн өткенде Кремльде үкімет мүшелерімен болған кеңес барысында, Владимир Путин награданы Ахмат Қадыровтың отбасына өз қолымен табыс еткен.

Бұл өздерін халқының болашағы жолындағы ұлы мақсатқа арнаған ерлердің түсініскендерін, еңбектерін бағалағандықтың белгісі болса керек.

Шешенстан Үкіметі төрағасының бірінші орынбасарларына тағайындалған Рамзан Қадыров республика басшылығының кеңесінде: "Менің мақсатым - Ахмад Қадыров бастаған істі жалғастыру. Ол - экономиканы көтеру, қылмыспен, ең алдымен, лаңкестікпен және уақапшылықпен күресу", - деп мәлімдеген. Демек, шешен жерінде әлі де талай бас домалап, қан суша шашылады дегенді аңғартады.


АЗАМАТЫНА ҚАРАП, АУЫЛЫН ТАНЫ

Басшы бақыты

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА, журналист

Таяуда Көкшетауда композитор Тыныштық Шәменовтің "Мөлдір сезім" атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Сонда осы істің басы-қасындағы ұйымдастыру жұмысында бір азамат жүрді. Ол - Көкше мен Қызылжардың төл перзенті, іскер басшы Серік Малаев еді.

Кешегі Арқаның ән дәстүрін жалғастырып келе жатқан Тыныштық ағамыздың елуден астам әні бар екен. Сол әндерінің бәрінің дерлік сөзін өзі жазған. Әрі өзі орындайды. Бұл дегеніңіз кез-келген өнер адамының қолынан келе бермейтін қасиет. Пайғамбар жасынан асып бара жатқан осы ағамыз кейінгі жылдары біз айтқан кітабының қамымен жүрді. Ақыры, оның жан толғанысын түсініп, өнерге қолдау көрсетіп, қаржымен көмектесіп жіберген жоғарыдағы Серік Тәттібайұлы болатын.

Секең мұнымен шектелмей, өткен күзде композиторды құрметтеп, шаруашылығына шақырды. Т. Шәменовпен осынау сапарға Көкшетаудан бір топ өнерпаздар бірге барды. Бұл - бір ерке Есілдің бойындағы ұмытылмас жүздесу еді. Осы жерде тұңғыш рет Тыныштық ағамыздың осы Ақселеу ауылына, оның ақжарқын да еңбекқор азаматтарына арналған "Ақселеу - ауылым" әнінің тұсауы кесілді.

Жақсы азаматпен сырласу бір ғанибет қой. Секең өз тізгінін ұстап жүрген жеріне сыйлы екен. Бұлай еткен еңбегі сонау тың игеру кезінде ұйымдастырылған "Ковыльный" кеңшарында директорлықты 1987 жылы бастапты. Бұл екі ортада көбіне өзге ұлттың өкілдері тұратын шаруашылықтың атауын ретін тауып "Ақселеу" деп өзгерттіріп алған. Кейде өз қазағыңмен жұмыс істеудің өзі оңай емес. Ал, басқа ұлтты басқару тіпті, қиын екені бесенеден белгілі ғой. Қолыңнан келмей жатса, күлкі, таба боласың.

Осы жолы Серік Тәттібайұлымен серіктестіктің машина-трактор шеберханасында, механикаландырылған қырманы мен диірменінде, одан наубайханасы мен макарон цехында, мектебінде - бәрінде болдық. Амандасып алдыңнан шығатыны негізінен орыс, украин, беларус пен тарихи орнына барғысы келмеген немістер. Солармен Секең өте мәдениетті, тепе-тең, бауыр адамдардай іш тарта, жылы сөйлеседі. Қарап тұрсаң, қарамағындағылар да солай. Басшыларын жарты сөзден түсініп, құрмет тұтатындарын жазбай аңғарасың.

Мұның сырына да барған сайын көзіміз жете түсті. Серік Тәттібайұлының өзі айтқанын екі етпейтін еңбекқор халқына риза болса, халық өтпелі кезеңде шаруашылық іргесін шайқалтпаған басшыға риза екен. Сол жолы концерт бастамас бұрын өткен жылдың жұмыс қорытындысы шығарылып, серіктестік директоры өз ұжымының алдында есеп берді. Бұл мерекелік есеп еді. Өйткені, акселеуліктердің былтырғы қол жеткен табыстары кімді болсы, сүйсінтерліктей. 8 мың гектар дәнді-дақылдардың әр гектарынан орта есеппен 14,9 центнерден өнім алынған. Шаруашылықта егіншілік мәдениеті жылдан-жылға жоғарылап келеді. Тек өткен жылы ғана 4 мың гектар пар өңделіп, 1600 гектар сүдігер жыртылған. Қазір мұнда бір гектар бос жатқан егістік жер жоқ. Бәрі игерілген. Енді осы еңбектен халықтың өзіне не бұйырып отыр? Жиналыста оның да есеп-қисабы шығарылды. Тұрғындарға жыл қорытындысы бойынша барлығы 5,5 миллион теңге пай есептелсе, ал, 1 миллион 438 мың теңгесі қолма-қол ақшамен беріліпті. Шаруашылықта жұмыс істегендерге келсек, оларға да жыл ішінде тапқан-таянған әрбір 1 теңге жалақысына тағы бір теңгеден қосымша ақы тиген. Мұның сыртында 106 мың теңгеден 87 мың теңгеге дейін натуралдық еңбек ақы тағы бар.

Аттарын атаған сайын серіктестіктің озат еңбеккерлері ортаға шығудай шығып жатыр. Секең оларға ақша салынған қомақты конвертті тапсырып тұрып, жеке-жеке жыл бойғы жетістіктеріне тоқталды, қажырлы еңбектеріне рахметін айтады. Мұнда былтырғы егін орағында жеке дара озған Балтабек Мәженов екен. Бір өзі 1700 тоннадан астам астық бастырыпты. Екінші орында әкелі-балалы Колесниченколар. Олардың көрсеткіші 1610 тонна. Байқаймыз, бір мыңыншылар қатары мұнымен бітер түрі жоқ. Ақселеуде өткен жылы оннан астам комбайншы осындай биік межені бағындырған көрінеді.

Композитор Тыныштық Шәменовқа меценаттық жасаған Секең бұл жолы бізге одан сайын жомарт көрінді. Сахнаға шыққан басқа да озат еңбеккерлерді концертпен қуанта келе, бір топ ардагерлерге де құрама жемге сияпат қағазын тапсырды. Қарттар да мәз, біз де осыны көріп көңіліміз тола түскен шаруашылықта кейін мына бір қызық жайды мұғалімдердің өздері баяндағаны.

Жуырда осылай қарай тексеріспен облыстық білім департаментінің жұмыс комиссиясы шығады. Келе жатқан қызметкерлер бұрын бұл жақта болмаған. Жер шалғай. Тағы қандай түкпірдегі сілікпесі шыққан елді мекенге тап боламыз? Көкейлерінде осы сауал. Ал, селоға кірсе, жағдай ойлағандарынан мүлде басқаша. Мұп-мұнтаздай көше, тап-тұйнақтай үйлерді көріп, қайран қалысады. Ақыры, не керек, сол комиссия мүшелері жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде жергілікті мектеп жұмысын жоғары бағалап, шаруашылықты осылай өз деңгейінде ұстай білген Серік Малаевқа алғыстарын жаудырумен аттанды.

Ал, Секең болса, сол алғысқа лайық екенін қай жағынан да дәлелдеген басшы. Шаруашылықта бір мал басы демесе, өзге өндірістің бәрі дін аман. Бұрынғы егіс көлемін толық игерген акселеуліктер енді осы жағына да кіріспекші. Сөзден сөз шығып, бір әңгімесінде Серік Тәттібайұлы жастардың бұзақылығы, кейде арақ ішіп, шектен шығып кететіндігі жөнінде де "бізде ондай жоқ" деп қалды. Ал, енді мектепке жетіспейтін қазақ мамандарын үй беріп, сонау Астана, Қызылжар, Көкшетаудан алдырғаны да өз алдына бір азаматтығы.

Жуырда сәуір айының орта шенінде Секеңді облыс орталығында көшеде таза бір кездестіріп қалдым. Амандық-саулықтан кейін сұрап жатқаным шаруа жайы.

- Жанар-жағар майды күзде құйып алғанбыз. Тұқым да дайын. Былтырғыдай биыл да ол тек бірінші класты, - деген сөзінен өз ісіне тек сенімділік аңғарылады.

Ешбір инвесторсыз, шалғайдағы шаруашылықтың шаңырағын шайқалтпай ұстап отырған мұндай жігіттер сөз жоқ, елдің бағы ғой.

Солтүстік Қазақстан обл.


ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ

Колпаковский ісін Шило жалғастырды

Молдахан МҰҚАТАЕВ

Шу өңіріндегі кендір қурай алдыңғы кезекте есірткі шикізаты ретінде белгілі. Өсімдіктің бұл түрі осы өңірге қалай келді? Өткенге зер салсақ, ХІХ ғасырда Жетісу өңірінде кендір қурай өсіру кәсібін генерал-губернатор Колпаковский енгізген екен. Бірақ осы қара қурайдан пайдалы тауарлар өндіруге болатындығын көпшілік біле бермейді.

Қысқасы, ел арасында кендір қурай қарасора, қарақурай деп аталатын шөп адам ағзасына өте зиянды деген ұғым о бастан берік орныққан. Бірақ онымыз бекершілік сияқты. Өйткені бұл дақылдың адамға келтіретін пайдасы да орасан көрінеді.

Бұдан үш жыл бұрын Алматыдағы ботаникалық бақтың директоры Германияда болған сапарында ол елдің кендір қурайды қайта өңдеп, халыққа өте қажетті тауарлар өңдіретінін көріп, немістерге кендір қурайдың Шу өңірінде жабайы алқабы барын жеткізген. Оған немістер елең етіскен. Нәтижесінде, 2002 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті кендір қурайды өндірістік мақсатта пайдалану қажет деген арнайы қаулы шығарып, оны орындау Жамбыл облысы әкімдігіне жүктелген.

Бұл бағытта Үкімет пен облыс басшылығы мақсатты жұмыс жүргізді. Соның барысында жақында Шу ауданында кендір құрайды өңдеуге арналған комбинаттың іргетасы салтанатты жағдайда құйылды. Облыс әкімінің орынбасары Бөрібай Жексембин жаңа кәсіпорын құрылысына 54 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы құйылатындығын, құрылыс жұмыстарының келер жылдың желтоқсан айында аяқталатындығын хабарлады.

Технология бойынша комбинат бастапқыда жабайы кендір қурайды өңдеумен айналысса, бір жылдан соң өздері өсірген кендір құрайды пайдалануға көшеді. Қолдан өсірілетін кендір қурай алқабының көлемі бастапқыда 2 мың га болады деп жоспарлануда. Ал облыстағы жабайы кендір құрай алқабының көлемі 18 мың га.

Кендір қурай - бір жылдық дақыл. Сондықтан Шу ауданында осы дақылды өсіруімен айналысатын бірнеше серіктестіктер құрылып, бірталай адам жұмыспен қамтылмақ. Комбинаттың өзінде ғана 300 адам жұмыс істейтін болады.

Аумағы 18 гектарды алатын комбинат құрылысының тұсаукесеріне Алмания фирмасының өкілі Маттияс Шило қатысты.

Комбинаттың бас директоры, қазақстан-герман бірлескен "Феса-Техстиле" кәсіпорнының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Серік Құлмановтың айтуынша, кендір қурайдан құрылыс материалдарын, мата, суға төзімді арқан, автокөлік төсеніштерін жасауға, тамаққа пайдаланылатын өсімдік майын, сыра мен шоколад түрлерін де осы кендір қурайды өңдеп алуға болады екен.

Өңдеудің басты берері, бұған дейін қоғамымызға қауіп төндіріп, залал шектіріп келген есірткі шикізатынан енді күнделікті қажетті тауарлар өндірілмек. Жұмыс арнасына түскен соң одан бюджет бүйірі де толыға түсетіні ақиқат.

Болашақ кәсіпорының іргетасы қалануда.

Шу ауданы
Жамбыл облысы



ТӘЖІРИБЕ

Шеттегі ШӨЛГЕ ШАБУЫЛ

Ескендір ЕРТАЙ, журналист

Шет ауданының фермерлері әлемде алғашқы болып шөлейт жерлерді қалпына келтіру жобасын қолға алына бастады. Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 8-інде қол қойған Қазақстан мен Бүкіләлемдік банк арасындағы тұрақты келісімге сәйкес, шөлейт жерлерді қалпына келтіру жөніндегі жаңа жобаға жалпы сомасы 5 миллион 270 мың доллар көлемінде экологиялық қордың қайтарымсыз гранты бөлінді. Оны аталмыш аудан фермерлері жеңіп алды. Өйткені жалпы көлемі 6,5 миллион гектар жері бар шалғай ауданның 2,5 миллион гектары шөлейт аймаққа жатады.

Қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Нұрлан Ысқақов:

- Жоба бойынша алғашқы кезеңде осы қаражатқа 1628 гектар алқапқа 11 түрлі бидайық, жоңышқа, румекс секілді жердің құнарлы қабатын қалпына келтіретін көп жылдық екпе шөптер өсіріледі. Сондай-ақ, жобада аудан орталығы Ақсу-Аюлы кентінде тұрғындардан сүт өнімдерін жинау орны, әмбебеп үлгідегі орталық базар ашу қарастырылған. Бұрын суармалы егіс болып кейін құрғақшылыққа ұшыраған өңірді суландыру және жарықтандыру үшін екі жел агрегаты орнатылады.

Н.Ысқақовтың айтуынша, ел аумағының 74 проценті шөл және шөлейтті өңір. Осы алқаптардың басым бөлігі тың игеру жылдары жыртылып, соның салдарынан жердің құнарлы қабаты сорға айналды. Тіпті соңынан жайылымға да жарамсыз болып қалды. Министрліктің арнайы өткізген тендерлік байқауына Шет ауданының 1600 шаруа қожалығы қатысып, оның 11-і жеңімпаз атанды. Олар шөлейтті, сортаң жерлерді қалпына келтіру үшін Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен келісім- шартқа отырды. Аталмыш құжат бойынша министрлік фермерлерге жоғары сапалы тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқыш тегін беруі тиіс. Егер көп жылдық екпе шөптер бітік өскен жағдайда алқап иесіне жылына 4 мыңнан 17 мың долларға дейін қосымша ақы төленеді.


ОН YШIНДЕ ОРДЕН АЛГАН

Серік САҒЫНТАЙ

Қазақта "он үште - отау иесі" деген сөз бар. Ер балаға қарата айтылған сөз, әрине. "Қыз бала он алтысында балиғатқа толады" дейді сол қазақ. Десек те қарағандылық Қажытай Мағзұмұлы ақсақалдың 13 жасында "Құрмет белгісі" орденін иеленген Роза Шамжанова жайлы әңгімесін тыңдай отырып адам еңбегінің жасына қарап бағаланбасын ұққандай болдық.

- Роза Шамжановамен Атбасардағы жетімдер үйінде бірге тәрбиелендік. Тұрғыласының, құрбыласының арасында озық тұратын Роза осынау ерен марапатты Жетімдер үйінің шаруашылығын дөңгелетіп, өзгеге үлгі етердей еңбекқорлығымен алған екен. 13-ке енді толып, айналасына іңкәр балаң көзбен таңырқай қарап, бойжете бастаған Роза сол кезде КСРО ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жиналасына қатысуға Мәскеуге барған еді. Жетімдер үйінің қоражайындағы жас төлдерді бағып-қағып, оқуда зеректігімен, шаруада тындырымдылығымен еленген замандасым мемлекеттік деңгейдегі зор атаққа қол жеткізгеніне шын жүректен қуандық.

Кейінде Роза Алматыдағы үлгілі балалар үйіне ауыстырылған соң кейінгі тағдыры Қажытай Мағзұмұлы үшін беймәлімдеу болған. Бірақ, қазақтың осы бір қаршадай қызы қай тарапта жүрсе де жақсы қырымен танылып, өзгеге үлгі болатындығына сенімді еді. Сол үміт ақталды да. Кейін, 1975 жылы шыққан "Қазақ күнтізбесін" ақтарып отырып, Роза туралы жазылған мәліметті кездестірген. Дерек "13 жасында орден алған" деген тақырыппен басылыпты. Ол бойынша 1941 жылы Алматыдағы қыз-келіншектер институтында оқып жүрген Роза өз қалауымен сұранып майданға аттанған. Ержүрек қыз бораған оқ өтінде байланысшы қызметін атқарыпты. Қызметін адал, тиянақты әрі жанқиярлықпен атқарғаны үшін Роза Шамжанова бірнеше мәрте жауынгерлік медальдармен марапатталыпты. Соғыстан елге оралған Роза Қытайдағы елшілікте қызмет атқарған екен.

- Міне, шағын мәліметтен осыны білдім. Тағдыр жолымыз әу баста бірге тартылып, ғұмырдың сан салалы соқпағымен бөлек кеткен замандасым жайлы мереке күні еске алып, атқарған ісін ұрпақ санасына аз сөзбен жеткізгім келді, - дейді ақсақал толғанып.

Қарағанды қаласы


ЭКОНОМИКА

Сураныс бар, баға да қалыспауда

Арман ӘМЕН

Қыстың соңы, жаздың басы - сәуірдің өліара шағында азық-түлік тауарлары бағасының өскені байқалады. Осы ретте республикадағы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруші шаруашылықтар құрамына шолу жасағанның артықтығы болмас. Жекеменшік шаруашылықтар саны 2,1 миллионға жеткен. Олардың нарықтағы үлес салмағын мал шаруашылығы өнімінің 87 процентін, өсімдік шаруашылығы өнімінің 35 процентін қамтамасыз етіп отырғанын көрсетеді. Бұрнағы жылмен салыстырғанда өткен жылы өнім өндіру көлемі 2,3 процентке артып, 345,1 миллиард теңге мөлшерінде тоқтады.

Ағымдағы жыл басындағы статистика мәліметтеріне сәйкес, тұрғындар қолындағы ірі қара 4,2 млн, қой-ешкі 9,7 млн, доңыз 1103 мың, жылқы 879 мың, құс саны 13 млн. болған.

Бүгінгі күннің басты ерекшелігі, азық-түлік тұтыну көлемінің өскені болып отыр. Демек, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артқан сайын баға да өсе түсуде. Атап айтқанда жеміс - 2 процент, нан - 1,6 процент, ет - 1,2 процент, ұн - 1,1 процент, қант - 0,7 процент, жарма - 0,6 процентке қымбаттаса, керісінше сүт - 2 процентке, жұмыртқа - 1,5 процентке, көкөністер - 0,9 процентке арзандаған.

Ал, күнделікті қажетті нан, жоғары сортты бидай ұны, қарақұмық жармасы, шикі сөк бағалары өткен жылғымен салыстырғанда 8-22 теңгеге қымбаттаған.

Негізінен, азық-түлік тауарлары бағасындағы құбылыстың өнімнің пісуі, малдың төлдеуі секілді маусымдық жайларға қарай реттелетінін де ескеру ләзім. Дегенмен, жыл өткен сайын анық байқалып отырған жағдай, өндірісі ұлғайған ауыл шаруашылық тауарларын тұтыну артқан сайын бағасы да көтерілуде.


ТЫҢҒА - 50 ЖЫЛ

Бұл бiздiң ТАРИХЫМЫЗ

Таңатар АБДОЛЛАҰЛЫ

ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында Ресейдің орталық бөлігіндегі жері жоқ кедей шаруалар елімізге күштеп қоныс аударыла бастады. Мұндағы империялық саясаттың көздеген мақсаты - оларды қазақтың құнарлы жерлеріне түптеп орнықтыру еді. Соның әсерінен қазақ даласының сол кездің өзінде 4,5 миллион гектарға жуық жері жыртылды.

Дегенмен, тың және тыңайған жерлерді игеру еліміз тарихындағы ірі оқиға деп бағалаймыз. Бүгінде әркім әрқилы түсініп, түрлі көзқарастар болғанымен, бұл біздің - ұлы тарихымыз. Халқымыздың әл-ауқатының өркендеуіне, еліміздегі азық-түлік молшылығына қол жеткізу саясатындағы сол кездің жастарының рухын биіктетті. Адамдар тыңға одақтың түкпір-түкпірінен партиялық тапсырмамен, комсомолдық жолдамамен ағылып келіп жатты. Деректерге сүйенсек, сол жылдарда республикаға сырттан 1,5 миллионнан астам адам келіпті. Оның 650 мыңдайы механизатор мен құрылысшы сияқты мамандық иелері. 1954-1960 жылдары қазақстандықтардың саны шамамен 29 миллион адамға артты.

Әсіресе Тыңның халықтар достығын нығайтудағы рөлі ерекше. Жергілікті халық ұлы дүрмекпен келген орыс, украин , беларус және басқа да халықтарды құшақ жая қарсы алды. Олармен етене араласып, бірлесе еңбек етті. Кейін бауырласып кетті. Бүгінде біз оларды тағдырлары табыстырған халықтар деп ерекше құрметпен айтамыз.

Сонымен тың Қазақстанға не берді? Тыңның ұлтымыздың ассимилияцияға ұшырауына, әлеуметтік-психологиялық зардаптар тартуына кері әсері болды. Дегенмен де тың игеру мемлекет экономикасының қомданып, қазанында астың молаюына ықпал еткені де рас. Мәселен, 1956-60 жылдары елімізде 690 мың 400 пәтер мен жеке тұрғын үй салынды. Жалпы ауданы 29 млн. 316 мың шаршы метрлік бұл үйлердің 21 млн. 3 мың шаршы метрі ауылды жерлердегі үйлер еді. Мемлекет қаржысына 2800-ден астам демалыс орындары мен санаториялар тұрғызылды.

Ауыл шаруашылығы жылдам қарқынмен дамыды. Бірқатар инфроқұрылымдар өркендеп, автокөлік және темір жол қатынастары жақсарды.

Айтар болсақ, тың игерілген 7 жылда Қазақстан 100 миллион тоннадан астам астық өндіріпті.

Бір кезде тыңның өлкесі саналып, осы оқиғаға байланысты атауы өзгерген қала - бүгінде еліміздің астанасына айналып отыр. Әрі Астана деген атымен әлем картасынан ойып тұрып орын алып, Батыстың өркениеті мен Шығыстың сәулетіне сай көркейіп, дамып келеді.

Астана қаласы


ТАКСОФОН орнатылды

Мұрат ӘМІРЕНОВ

Катонқарағай ауданындағы Большенарым және Катонқарағай ауылдарында смарт-карталар арқылы әлемнің кез-келген нүктесімен сөйлесуге мүмкіндік беретін екі таксофон орнатылды. Аудан тұрғындары мен қонақтарына байланыс қызметін көрсететін 36 сервис-бюро жұмыс істеуде. Былтыр тұрғындарға 37 миллион 400 мың теңгенің байланыс қызметі көрсетілген.

Шығыс Қазақстан обл.


ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ

Көктеммен байланысты тамаша дәстүрдің бірі - қымызмұрындыққа шақырысу. Семей тұрғыны Ерлан Жақыпов соңғы жылдары қымыз өндірісіне дендеп кірісіп, қала ортасындағы жер үй ауласында он шақты бие байлап, қымызды емдеу орындарына өткізіп, қала берді базарда саудалап келген-ді. Қожалық жетекшісі енді шаруашылығын кеңейту мақсатында былтырдан бері қаладан отыз шақырым жердегі Семейтау сілемінен телімдік жер алып, "Әлихан" атты жылқы шаруашылығын ұйымдастырды. Енді өнім мөлшері бұрынғыдан да молаяды. Дәмі таңдайға балдай жағатын ас семейліктер арасында "Ерланның қымызы" деген атауға ие болды. Бұл өзіндік "сапа белгісі" деген сөз.


ЗАМАНДАС ТУРАЛЫ СЫР

...Өз тіліңнен безесiң

Құрмаш БАЯЗИҰЛЫ, зейнеткер

Марқұм Шона Смаханұлын елімізде білмейтін адам жоқ шығар. Оның уытты сықақ өлеңдерін сүйсіне оқитынбыз. Шона өзінің сатиралық жырымен ғана емес, азаматтық ісімен де жұртшылықтың есінде мәңгі сақталмақ. Ол ана тіліміздің өркендеу жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, қазақ мектептерін аштыруда тоңмойын шенеуніктермен ашық күреске шыққан ұлтымыздың адал перзенті еді.

Ендігі әңгіме осы Шонаның ізбасары, ауылдағы қарапайым механизатор Қойшыбай Жанабайұлы Шәниев туралы болмақ.

Оның есімі Солтүстік өңірге кеңінен таныс. Шал ақын ауданына қарасты Жаңаталап ауылында 1951 жылы дүниеге келген. Осындағы бастауыш мектепті бітіргеннен кейін, оқуды орыс тілінде жалғастырып, көршілес Ыбыраев атындағы ауылдың орта мектебін тәмәмдаған. Екі тілді жақсы меңгерген Қойшыбай сықақ жазуға бейім болды. Оның әдеби кітаптар мен поэзияға құштарлығы өлең өлкесінде өз өрнегін салуға ұмтылдырылды. Алғашқы туындылары 1968 жылы облыстық "Ленин туы" (қазіргі "Солтүстік Қазақстан") газетінде жарық көрді. "Қыран қанаты ұшса қатаяды" дегендей, сықақ өлеңдері кейін республикалық "Ара - Шмель" журналында, "Егемен Қазақстан" (Мүйізді мүйіс), "Жас алаш" (Сүзеген сөз), "Сұхбат" газеттерінде басылды.

Қойшыбайдың өзіндік стилі бар. Жанр жағынан алып қарасақ, оның сықақтарын шартты фельетонға жатқызуға болады. Себебі, автор көбіне болған оқиғаға ғана сын семсерін сілтейді.

Жаңажол ауылында жүргізуші болып жүргенде тұңғыш рет кеңшар басшыларының пішен дайындау кезіндегі келеңсіз қылықтарын сын садағына алған еді. Ешкімнің аты да аталмаған, мекен-жайы да көрсетілмеген шартты өлең болатын. Сын басшыларға найзадан кем қадалған жоқ. Бірақ, ығысатын Қойшыбай емес. Сын семсерін әлі де сілтеп келеді.

Оның шығармашылығы негізінен Шона ағасының туындыларымен астасып жатыр. Сондықтан болар Қойшыбайды тұрғындар "Ауылдың Шонасы" деп атап кеткен. Аға сыншы Шона Смаханұлының "Қымбаттан да қымбаттың" және оның ізбасары Қойшыбай Жанабайұлының "Өз тіліңнен өзің қалай безесің" деген өлеңдерінен бірер шумақ үзінді келтірейік.

Шона:
Өнер мен білім жолында,
Шығамын десең асқарға.
Сезім бар жүрген жадымда,
Талабы күшті жастарға!
Асырған елдік құныңды,
Танытқан көпке өзіңді.
Аяулы ана тіліңді,
Қарасындай сақта көзіңнің...
Қойшыбай:
...Тіліміздің бәйтерегі бүр жарып,
Алдымыздан көрінгенде бір жарық.
Неге оған жанашырлық танытып,
Неге оған жасамаймыз мырзалық?
Өз тіліңнен өзің қалай безесің,
Қоғамды іздеп Сергеевті кезесің.
Шалатұғын телефоны тағы жоқ,
Осындайды көріп қалай төзесің?...


Аңғарып отырғанымыздай біріншісі - ана тілін қадірлеуді уағыздаса, екіншісі - әлі де болса өркен жая алмай келе жатқан тілге жанашырлық танытады.

Қойшыбайдың негізгі тақырыбы - ауыл өмірі, сонымен бірге қоғамдағы әртүрлі келеңсіз жайлар оның қырағы көзінен тыс қалмайды. "Бір сөзім бар" деген өлеңінде:

Туғалы мен тұрып келем ауылда,
Араласып жүрмін сөздің дауында.
Тыңдаса егер айтатын бір сөзім бар,
Ауылдағы ағайындас қауымға.
Дейді Үкімет: Талпын алға ерінбе,
Еңбек ет те, иелік құр жеріңде.
Сен отырсың босағада бұртиып,
Талай "Пысық" шығып отыр төріңе... деп жырлайды.


Қойшыбайға бәрінен қымбаты туған ауылы, қарапайым ауыл тұрғындарының қамы. Сөз реті келгенде, жоғары лауазымды адамдарды да сын садағына іліктіреді. "Көңіл болса ғой халқына" деген жырында:
Парламенттегі депутаттарымыздың,
Іштері пысты ма екен,
Әлде ойларына
Қыз-келіншек түсті ме екен?
Көрнеу - көзге "бүлінді"
Содан күн тәртібіне
"Көп әйел алу мәселесі" ілінді.
Жас тоқалдан дәмесі барлар,
Ұсынысты қолдап, жұлынды, - дейді.


Қойшыбайдың жазғандары тау төбе, барлығын бір мақаланың аясына сиғызу мүмкін емес. Көпшілігі дерлік баспасөз беттерінде жарияланды. Сөз жоқ, сынға іліккендер оны ұнатпайды. "Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ" дегендей, қынаптан қылыш суырғандай, үнемі жалғандық пен көлгірлікті, әділетсіздік пен қулық-сұмдықты ұнатпайтын сыншыл да шыншыл Қойшыбай көре тұра келеңсіздіктерді жазбай отыра алмайды.

Өскен ортасы ауыл болғандықтан, ауыл өміріне белсене араласып, жалынды да өткір жырларымен көптің көкейіндегісін дөп басып, халықтың құрметі мен сеніміне ие болып келеді. Ол туған ауылын тастап, қаладан не басқа жерден бақыт іздеп ешқайда бармақ емес. Оның бақыты - ауылда, қарапайым еңбекте.

Қазір ол бастықтардың шүйілуімен туған ауылы Жаңаталаптан көшіп, көршілес Ыбыраев ауылында тұрады. Бұл ауыл да құтсыз болған жоқ. Қойшыбай сықақтарды төгілтуде. Оған оқырмандар разы, басшылар да наразы емес. Шығармашылық адамына бұдан басқа бақыттың керегі не?! Ол туған ауылына жиі барып тұрады. Ондағы ағайындарды бірлікке, еңбекке үндейді.

Ауыл үшін бастықтармен шайқасып, сын семсерін аямай сілтеп жүрген азамат - ақын Қойшыбай қаламың қарымды болсын. Жаңа туындыларыңмен ауылдастарыңның, жалпы оқырмандарыңның көңілінен шыққайсың! Шона ағайдай батыл, еліңнің қамқоршысы бол! - демекпін.

Астана қаласы


СПОРТ

Елорда күнінің ерекшелігі

Ғали САҒДИҰЛЫ

- Биыл Астана күні тұңғыш рет Есілдің сол жағалауындағы "Астана-Бәйтерек" монументі жанында мерекеленеді,-деді қала әкімінің орынбасары Төлеген Мұхаметжанов.

Мерекенің басты концерттік нөмірі, Бәйтерекке арналған музыкалық-хореографиялық қойылым болмақ. Ресейдің Қазақстандағы күндеріне орай өткізілетін шаралар да осы мерекеге орайластырылмақ. Атап айтқанда, 9-10 күндері елордада Мәскеудің мәдени күндері өтеді. Бұған көршілес елден 100 -ден астам қонақ келеді деп күтілуде. Ал, маусымның 10-ында қалада Ресей күндері басталады. Бұл шара аясында көрмелер жұмыс істеп, жұртшылық әлемге танымал ресейлік өнер жұлдыздарының концертін тамашалайды. Тағы бір атап өтер жайт, орталық стадиондағы "Астана-бейбітшілік пен достық қаласы" аталатын бағдарлама бойынша 5 мың адамдық хор ән айтады. "Қазақстан" спорт кешеніндегі каратэден үшінші халықаралық турнир, гольфтан Астана әкімінің кубогы үшін бәсеке, Ақбұлақ өзеніндегі ескек есуден қалалық чемпионат, су добынан Ресей мен Қазақстанның әйелдер командаларының арасындағы жолдастық кездесу де мереке ажарын кіргізе түспек. Биыл да елорда көшелерінде 10 мыңнан астам адам қатысатын карнавал шеруі өткізіледі. Мереке соңында қала Астана аспанындағы от шашу жарқырайды.


Афинаға баратын боксшыларымыздың қатарын Міржан Рақымжанов (51 кг) пен Бақтияр Артаев (69 кг) толықтырды. Осыдан соң Олимпиадаға елімізден барлығы сегіз жігіт жұдырықтасуға аттанады.

Пәкістанда Олимпиада жолдамаларын сарапқа салған Азия елдері арасындағы жарысқа республикамыздан қатысқан төрт боксшының ақтық мәреге жеткені осы екі жігіт болатын. М.Рақымжанов - Астанадан, Бақтияр Артаев - Тараздан. Жартылай финал ойындарында шымкенттік Берік Серікбаев тайландтық Вораподж Петчкодан ұтылып қалды. Қарсыластарынан үстем түскен Рақымжанов пен Артаев олимпида лицензиясын қанжығаларына байлады.

Осымен Азия боксшылары арасындағы олимпиадаға іріктеу тәмәмдалды. Азиядан Афинаға барлығы 64 былғары қолғап шебері баратын болды.

Көршілес елдер арасында Қазақстан құрамасы бір жолдамасы артық Өзбекстаннан ғана кемшін келеді. Ермахан Ыбырайымовтың жігіттері 51 кг, 57 кг, 60 кг, 64 кг, 69 кг, 75 кг, 81 кг, 91 кг салмақ дәрежесіндегі 8 лицензияны еншіледі. Ал, қырғыз жігіттері екі жолдаманы қанағат тұтса, түрікмендер әйтеуір мүлдем қарап қалмай, бір боксшысын жіберетін болды.


СҰҢҒАҚТЫҚ - сұлулық белгiсi

Вьетнам басшылығы азаматтарының бойын өсіруге ден қойып отыр. Ел үкіметі арнаулы қабылдаған бой өсіру бағдарламасының орындалуына 40 миллионға жақын доллар бөлетін болды. Осыған қарағанда Шығыс Азия тұрғындары арасындағы ең ергежейлері - вьетнамдықтарды намыс қамшылағанын көруге болады.

Бағдарлама авторы Дун Ниеп Чидің айтуынша, "Азиялықтар арасындағы қытайлардан, ал жапондардан бой жағынан мүлдем қалып қойғаны біз екенбіз. Жаңа бағдарлама бойынша дұрыс тамақтану және арнаулы жаттығулар жасау қарастырылған. Соның көмегімен вьетнамдық жастар бойын өсіруге күш саламыз" дейді.

Жас вьетнамдықтардың көпшілігінің пікірінше, сұңғақтық сұлулық ұғымымен астасады. Бойы тапал адамдар қазір елде сұлулық байқауларына қатыса алмайды немесе бортсерік секілді қызмет көрсету саласындағы жұмысқа қабылданбайды. Ал, вьетнамдықтар ойына сүйенетін болсақ, бойдың тапалдығы - бала кездегі дұрыс тамақтанбау салдары. Ал, тұқым қуалауға оның еш қатысы жоқ көрінеді.


О, тоба!

Өткен ғасырдың 20-сыншы жылдары Йоханнесбургте готтенгот қыз қайда барса аспаннан соңынан тас жауып отырған. Полиция болса тұтас кварталдарды қоршап, тас атушыны іздеген.

***

Осындай жағдай 1957 жылы қайталанып, Австралиядағы Памфрея маңындағы фермада жұмыс істеген жас абориген қасына бес күн бойы жауған.

***

Францияның Римиремон елді мекенінде формасы ерекше - төбесі тайпақ, ұзынынан тігісі бар, бір жағында священник киіміндегі әйелдің суреті бейнеленген бұршақ жауған. Біреудің ойыны дейін десең, шіркеу алдындағы шақырымнан астам үлкен алқапты мұздың қалың қабатымен қаптап тастау адам қолынан келмейтін іс. Бір қызығы, бұршақ егіс пен жылыжайға айтарлықтай зақым келтірсе де, оның дені жақын арадан құлағандай ақырын түскен. Артынан ант етіп, куәлік берген 107 адам бұршақтың 2-3 метрлік биіктіктен жауғанын көргендерін айтқан.


ОЙСАНА

Табыл ҚҰЛИЯСОВ

"Жетерлік - қанағат етерлік",
Бауырым, нарық епті ғой,
Жоқтың зарын септі ғой,
Жарылқайтын басшымыз,
Байып өзі кетті ғой.
Түбімізге өтірік,
Біржолата жетті ғой.
Әділдік пен адалдық,
Бұрылып бізден өтті ғой.
Талан-тараж қаптаған,
Жанымды құдай сақтағай?!
Құлазыған ауыл тұр,
Бауыздап салды мақтамен.
Жұмысшысы ақ табан,
Қалаға босып кетті ғой.



Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ   

   
Колонки
Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров, С.В. Волков.
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"