Газета издается с 10 декабря 2002 года. Выходит по пятницам.
   Услуги Web-дизайна
Вместе с нами



Валюта, погода

Kazakhstan Financial Market
вся погода



Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

Сәтi түскен тiкелей сұхбат

Мемлекет басшысының халқымен тікелей тілдесуі - тәуелсіздік пен демократияның жемісі. Дәстүрлі, үшінші рет өткізілген сұрақ-жауап сағаты барысында көпшілік жеке адамға қатысты істен бастап, мемлекет, халықаралық деңгейге дейінгі біраз жайларға қанықты. Оның қысқаша мазмұнын "Егемен Қазақстан" былайша бейнелейді.

Тікелей эфир туралы хабарланғаннан бері және үш сағаттан астам уақытқа созылған оның нақты барысында республикамыздың барлық өңірлерінен 12 мыңнан астам сұрақ келіп түсті. Олардың дені еліміздегі әлеуметтік жағдай, оның ішінде арзан тұрғын үй салу, зейнетақы көлемін өсіру, су проблемалары, шағын және орта кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамыту, бұл тұрғыдағы кейбір келеңсіздіктер мен кедергілер, жердің құқықтық мәртебесі, Қазақстанның таза шикізаттық бағыттан өңдеуші өндіріске көшуі, соған орай Индустриялық-инновациялық бағдарламаға маңыз беру сияқты ел өмірінің небір көкейкесті мәселелерін қозғады.

Республикамыздың бірқатар қалалары эфирге тікелей қосылса, көп адамдар телефон арқылы байланысқа шығып, Мемлекет басшысына өздерін толғандыратын мәселелер төңірегінде сұрақтар қойды.

Соның ішінде, саяси партиялар, сот-құқық органдарындағы мамандар проблемаларына салқын көзқарас, өлім жазасына мораторий жариялау, мемлекеттік қызметкерлердің қоғамдағы бедел-абыройы, атамекенімізге көш түзеген оралман ағайындардың әлеуметтік тыныс-тіршілігі, Каспий теңізінің, Өскемен және Алматы қалаларының экологиялық ахуалы мен оңтүстік астана жолдарының сын көтермейтіні төңірегінде қойылған сұрақтар Елбасы тарапынан берілген жауаптарға арқау болды.

Бағдарлама барысында сырт көз үшін Президентке қолайсыз болып көрінетін сұрақтар да қойылды. Атап айтқанда Елбасының "Отан" партиясына деген ықыласына қатысты, американ азаматы Гиффеннің ісіне байланысты сауалдарға Нұрсұлтан Назарбаев еш бүкпесіз жауап қайтарды. Нақты сұраққа орай нақты жауап берген Мемлекет басшысы 2006 жылғы Президент сайлауына қатысатынын да қадағалап айтты.

Мемлекет басшысына мәскеулік оқушы қыз қойған сұрақ-өтініш жарасымды шықты. Ол өзінің Қазақстан туралы аз білетінін айтып, біздің еліміз жайлы мағлұматын кеңейте түскісі келетінін, осыған орай өз мектептерінде ашылған мұражайға Қазақстанға қатысты дүниелер қойылса, нұр үстіне нұр болатынын көлденең тартты.

Халқымыздың ашық пейілі мен қонақжай мінезін оңтүстікқазақстандық ағайындар жарасымды жеткізді. Тікелей эфир арқылы созақтық қос азаматтың қонаққа шақыруын Елбасы жылы сезіммен қабыл алды.

Қысқа қайырым сұрақтарға толғаныс үстінде жауап қайтарған Елбасы саясаткер ретінде қуанышы мен күйініші туралы, ел мен жерге, Отанға деген сүйіспеншілігінің өлең жолдарына қалай өрілгені, басқа да бірқатар жәйттер жөнінде әңгімелеп берді. Жұртшылық осы жауаптардан Нұрсұлтан Назарбаевты Мемлекет басшысы ғана емес, ет пен сүйектен жаралған адам ретінде де тани білді.


БАҒАН ОРНАТУ БАСТАЛДЫ

Асыл АРМАН

Оңтүстік Қазақстан облысындағы "Жібек жолы" кеден бекетінде қазақ-өзбек шекарасын демаркациялау эталондық екі баған орнатудан басталды. Олардың бірі қазақстандық, екіншісі өзбекстандық рәміздермен айшықталған. Бұған дейін 2001 жылғы қарашаның 16-ында және 2002 жылғы қыркүйектің 9-ында екі ел президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Кәрімов шекараны демаркациялау туралы келісімге қол қойған болатын.

Мамырдың 19-ында осы келісімді орындау басталды. Сәрсенбінің сәтінде Сарыағаш ауданы аумағындағы кедендік бақылау бекетінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиев пен Ташкент облысының әкімі Қозима Тулаганов екі ел шекарасына орнатылған бағандардың ресми ашылуына қатысты.

Бұған дейін шекаралық баған орнату Бағыс ауылынан басталған. Осы уақытқа дейін оның 67-і тұрғызылған. Демаркациялау жұмыстарын толық аяқтауды екі елден құрылған 3 бригада үш жыл көлемінде бітіреді деп жоспарлауда. Оның шығынын екі ел бірге бөліседі.

- Шекаралық бағандар елтаңба, ту секілді мемлекеттік нышандарға жатады. Сондықтан да оны екі елдің азаматтары да құрметтеуге тиіс,-деді облыс әкімі

Болат Жылқышиев ашылу салтанатында. Ал, Козима Тулаганов Қазақстан мен Өзбекстанның шекараны нақтылауды бейбіт жолмен шешкені бұлардың мәңгілік достық пен өзара түсіністікте өмір сүре алатынын көрсетті, деді.

Бұдан кейін Қазақстан Республикасы демаркациялық комиссияның төрағасы Мұрат Атанов пен Өзбекстан Республикасы демаркациялық комиссиясы төрағасының орынбасары Рашид Ғабиев шекаралық бағандардың нөмірлік таңбаларын белгіледі. Алдағы уақытта шекара сызығының қай жерден түсетінін де осы комиссия анықтайтын болады.

Қазақ-өзбек шекарасының жалпы қашықтығы 2351 шақырымға созылып жатыр. Оның 890 шақырымы ОҚ облысында жатыр. Осы аумақтан басталған шекара бөлісу бұдан әрі Қызылорда, Маңғыстау облыстарында жалғасады.

Оңтүстік Қазақстан обл.


ПОШТА ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРТЫЛУДА

Ескендір ЕРТАЙ

ҚР ақпараттандыру және байланыс агенттігінің Ақмола облысы мен Астана қаласы бойынша басқарма бастығы Байжан Аймақовтың айтуынша, республиканың нарыққа өту кезеңінде тоқырауға ұшыраған пошта саласын түпкілікті қайта құру жобасы жүзеге асырылуда.

Үкіметтің 2000-2003 жылдарға арналған пошта саласын дамыту және пошта-жинақ жүйесін қалыптастыру бағдарламасы бойынша іргелі істер атқырылды. Бағдарламаның бірінші кезеңінде 14 облыс пен 74 ауданның пошта жүйелері 1377 компьютер, 17 сервер, 1444 принтермен қамтылды. Екінші кезеңде 2843 компьютер, 17 сервер, 2251 принтер елді мекендерге жеткізілді. Облыстық бөлімшелермен арадағы байланысты жеделдететін Frame Relay технологиясы қолданыла бастады. "Аманат пошта", "Аmback" модульдік бағдарламалары енгізілді. Валюта айырбастау, құнды қағаздармен жұмыс, электрондық пошта, интернеттік жүйе бөлімдері де тұтынушыларға қызмет етуде.

Астана қаласы


"Болашактын" багамдары

Ерлан Қошанов

Бүгінде "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелдердегі оқу орындарына 713 Қазақстан азаматтары білім алып, оның 500-ден астамы республикамызда қызмет етуде. Ендігі мәселе осы оқу жүйесін одан әрі жетілдіру және азаматтардың конкурсқа қатысу мүмкіндігін кеңейтуде болып отыр.

Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев осыған орай ҚР Президентінің "Болашақ" халықаралық степендиясына өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жаңа Ережесін таныстырды.

Ол бойынша докторларды даярлау, медициналық мамандықтар бойынша ординатура, аспирантура мен докторантура деңгейінде оқыту, "Болашақ" степендиясын бір рет тағайындау, дипломның орташа балы көлемінде оқуға түсуге мүмкіндік жасау, іріктеуді дұрыс жүргізу секілді өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар республикамызға аса қажет мамандықтар тізбесін жыл сайын бекітіп, сол бойынша жұмыс істеу, конкурсты шетелдік оқу орындарына студенттерді қабылдау мерзіміне сәйкес өткізу және оқу бітіргеннен кейін оларды жұмыспен қамту мәселелері де қарастырылған.

Өз кезегінде степендиаттарға қойылатын талаптар да бар. Шетелдегі оқуды тәмәмдаған ол еліміз аумағында міндетті түрде бес жыл жұмыс істеуі керек. Қажетті жағдайда республикалық комиссияның жазбаша келісімі негізінде шетелдегі халықаралық ұйымдарға жұмысқа тұруына құқығы бар. Стипендиаттардың жұмысқа тұруға құқығы бар халықаралық ұйымдардың тізбесін республикалық комиссия жыл сайын бекітіп отырады.

Биыл 2005-2006 оқу жылына "Болашақ" стипендиясының үміткерлерін іріктеу жүргізіледі. Сондай-ақ, шетелдің үздік жоғарғы оқу орындарына өз күштерімен түскен республика азаматтарына стипендия тағайындалады. Ең бастысы, үміткерлер шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекіткен "Болашақ" бағдарламасы бойынша Қазақстанға неғұрлым қажетті мамандықтар тізбесіне сәйкес іріктеледі.


Өре өлшемінің кезеңі

Биылғы бірыңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) мектеп бітірушілердің мемлекеттік аттестатталуымен одан жоғарғы оқу орындарына қабылдау емтихандарын біріктіріп өткізу бағытында жұмыс істейтін болады. ҰБТ-ны ұйымдастыру мен өткізу ережелеріне сәйкес оған қатысу үшін 15 мамырға дейін мектеп бітірушілерден жалпы республика бойынша 179 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 106 мыңы қазақ тілінде, 74 мыңы орыс тілінде тапсырады. Өтініш берушілердің басым көпшілігі Астана, Алматы қалалары, Ақмола, Қостанай облыстарынан болып отыр. Мектеп бітірушілердің жартысына жуығы тестілеуді география пәнінен, 135-і француз тілінен тапсырғанды қалайды. Бұдан кейін жалпыға бірдей өткізілетін екінші кезектегі кешенді ҰБТ-ға бұл жолы тапсыра алмағандар қатыстырылмайды. Себепті жағдайлармен уақыт өтікізіп алып, қатыса алмаушылардың өтініштерін арнаулы комиссия шешетін болады.


КӨКЕЙКЕСТІ

Су шырғалаңы

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА, журналист

Елімізде су көздері жылдан-жылға азаймаса, көбейіп отырмағаны анық. Тіпті, бала кезіміздегі шомылған көлдер мен томарлардың өзі жоқ. Табиғаттың тозуымен ауыз су мәселесі де қиындай түсуде. Білдей бір облыс орталығы Көкшетау қаласының өзі сапасыз су ішіп отыр. Қаладағы ұзын-ырғасы 285 шақырым су құбырының дені бұдан 50-60 жыл бұрын тартылған. Ескі, күнде жарылып жатады. Соған қарамастан, өткен жылы тек 5 шақырымы ғана ауыстырылыпты. Ендігі үміт - Еуропалық даму банкінен қаланың су шаруашылығын жаңартуға алынады деген заемда.

Қала өз алдына, тұтастай облыс бойынша да жағдай мәз емес. Әйтеуір, соны ептеп жеңілдеткен 2001 жылы қабылданған облыстық "Сапалы су" бағдарламасы. Онымен ақмолалықтар обалы нешік, біраз облыстың алдын орап кетті. Тіпті, осы арада халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі 2004-2007 жылдарға арналған республикалық Тұжырымдаманың өзі бертін, одан кейін барып қолға алынғандығын айтпай болмайды. Қалай десек те облыста әсіресе, санитарлық дәрігерлердің жиі дабыл қағуымен өмірге келген осы бағдарламаның нәтижесінде біраз шаруаның басы қайырылды. Үш жылда осынау шараға 1397 мың теңге қаржы бөлініп, тұтастай облыс бойынша қырыққа тарта ұңғы мен 12 қоғамдық құдықтың қазылуы, сондай-ақ сегіз су құбырының қайта қалпына келтірілуі соны аңғартады.

Бірақ, мұнымен, қордаланып қалған проблема шешіле қоя ма? Осы тұрғыда, кезек күткен істер әлі де шаш-етектен. Облыста соңғы он жылда 45 елді мекенді қамтыған ұзындығы 1245 шақырым алты ірі су құбыры жұмыс істемейді. Сондықтан, бүгінде ауыз суды амалсыз жанындағы өзен-көлдерден ішіп отырған ауылдар да жоқ емес. Ауыл дейміз, 1997 жылға дейін аудан орталығы болған, Көкшетау қаласынан таяқ тастам жердегі Красный Яр кентінің өзінде халық осы жағдайдан әбден титықтап біткен. Мұнда су мал-жанға күніне үш мезгіл бір-біржарым сағаттан тақұл-тұқыл ғана беріледі. Неге десеңіз, жеті мың тұрғыны бар елді мекендегі 19 шақырым су құбырының он екі шақырымы бұл күнде істен шығып, ешкімге керексіз болып қалған. Ал, жеті шақырымнан бұрынғы "Краснояр" кеңшарының алашақ қарызының орнына 8 скважина, су көтеретін мұнара, насосымен бірге "АгропромЭнерго" ЖШС өзіне қаратып алып отыр. Иемденгенмен, шамасы келмеуден дұрыс жұмыс істете алар емес. Бір тұстан ақау шықса, жер қазатын техника тапқанша бірнеше күн өтеді. Екі ортада мұның зардабын тартатын халық. Осы орайда, біздің жүзімізден "енді не боламыз" деген сауалды оқыған жергілікті әкімдіктің бас маманы А. Ақшатыров өздерінің құбырды коммуналдық шаруашылық кәсіпорнына қайтарып алайық десе, қазіргі иелері 8 миллион теңге қаржы талап етіп отырғанын айтады.

Сонымен, қайда барсаң, ыңғайға келмей жатқан ауыз су мәселесі. Облыста осыған қатысты бұрынғы жүйе мүлдем бұзылған. Кезінде әрбір ауданда "Водстрой" деген мекеме болушы еді. Оның әр елді мекенде өз мамандары жұмыс істейтін. Қазір бұл жөніндегі пікірлер екіұдай. Суға қатысы бар бірқатар басқарма жетекшілері сол су мекемелерін қайта құру керек дейді. Өйткені, ауыз су жөніндегі ондай жеке департаменттер Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында осы күні де бар. Бірақ, облыстың бұрынғы басшылары мұны қолдай қойған жоқ. Олардың ойынша, республика мен облыстың өз күш-жігерімен бұл проблема алдағы жылдары онсыз да біраз шешімін таппақ. Мәселен, жоғарыда айтқан Тұжырымдаманың негізінде биыл республикалық бюджеттен облысқа осы мақсатқа 490 миллион теңге қаржы бөлінгелі отырса, келер жылы ол 978 миллион теңгеге жетіп, барлығы 49 елді мекен ауыз су машақатынан құтылатын болады. Ал, 2006 жылы облыстың алты ауданына тағы 500 миллион теңге қаржы бөлуі көзделген.

Алайда, бұл қанша дегенмен, әлі қағаздағы ғана цифрлар. Оның үстіне облыстың көптеген өңірлерінде ауыз су мәселесі оңай соқпаса да, жергілікті әкімдер тарапынан осы жұмыстардың сметалық-жобалық құжаттары төзгісіз кешеуілдетілуі үстінде. Ал, бұл айналып-үйіріліп келгенде Ақмола облысынан көп жобалардың жоспарға кірмей қалуына әкеліп соғуда. Бір жағынан мұның өзі қызық. Республика өз қаржысымен сусынды түзеп беремін деп отыр. Соған қарамастан, халқының қамын ойлайды деген жергілікті жерлердегі атқамінерлер асығар емес. Құжаттарды тездету керектігі облыс деңгейінде осы су мәселесіне қатысты әр жиналыс сайын айтылады. Әйтсе де, одан шығып жатқан нәтиже шамалы. Жуырда ғана осы шаруамен Көкшетауда болып кеткен ҚР су ресурстары жөніндегі Комитет төрағасы А. Д. Рябцев мырзаның келтірген деректеріне сүйенсек, өткен жылдың аяғынан Щучинск қаласынан келіп түскен бір жобаның өзі уақытынан кешігіп, биылға леге алмай, тек келесі жылға қалған.

Осындайда ойлайсың, тіпті, сол су департаменті бар деген Павлодар облысында бүгінге дейін ауыз суды тазартып, тұщыландыратын 47 бірдей қондырғы орнатылса, Ақмола облысының Қажымұқан ауылында оның тек біреуі ғана бар болуы облыс аумағында осы суға нақты иенің жоқтығынан емес пе деп. Айта берсе, облыстағы "Сапалы су" бағдарламасымен өткен үш жылда денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінде жұқпалы аурулардың алдын алу үшін барлығы 376 су тазартқыш сүзгі де қойылуы тиіс еді. Алайда, бүгінге дейін содан шешімін тапқаны 121 ғана. Яғни, тапсырманың орындалуы үштен біріне де жетпейді. Қымбат қызмет көліктері мен мол жалақыны жақсы көретін сала басшылары мұндай шараларға келгенде шабан. Сондықтан, жоғарыдағы көзделген сүзгілердің ауруханалар мен емханаларда, бала-бақшалары мен мектептерде қашан толық орнатылып бітерін бір құдай біледі.

Рас, былай қарағанда, облыста халықты дұрыс ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібінен түсіп көрген жоқ. Жуырда облыстық мәслихаттың тұтас бір сессиясы тағы да осы тақырыпқа арналып, бұрынғы "Сапалы су" бағдарламасы одан әрі жалғасын табатын болды. Мұның өзі дұрыс қой. Дегенмен, облыста әділін айту керек, Уәлиханов ауылдық округінің әкімі Ұлболсын Ахметова сияқты осы істе шыр-пыры шығып жүрген шын жанашырлары әлі де аз. Бұл басшы басқалар сметалық-жобалық құжаттарға "қаржы жоқ" деп алақан жайып, кегежелері кейін тартумен жүргенде, әйел басымен соған қажетті қаржыны жатпай-тұрмай тұрғындардың өзінен-ақ жинап, ақыры, ауылда 2005 жылы су мәселесі шешілетіндей етіп, жоспарға кіргіздіріп те қойды. Осыдан кейін елдің қамын жеген мұндай адамды облыстың жаңа әкімі М. Есенбаевтың мән-жайға қаныққан соң осы таяуда ғана Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары қызметіне ұсынуы да қисынды-ау дейсің.

Ал, енді жоғарыдағы сөзіміздің басында айтылған Красный Ярдағы су шырғалаңына келсек, бұл кенттің өзі аудан орталығы мәртебесінен айырылғаннан бері қала құрамына кіреді. Сондықтан, Көкшетау қаласы әкімі аппаратының заң кеңесшісі Дәулет Қасеновтің мәлімдеуінше, енді мәселе тек сот арқылы шешілмек. Қазір әкімдік "АгропромЭнерго" ЖШС иемденген су жобаларын коммуналдық меншікке қайтарып алу үшін сотқа талап арыз беріп отыр. Осы орайда, біздің ойымыз, жағдай тезірек бір жағына келіп, су құбырларына жөндеу жұмыстары басталып, тұрғындар қазіргідей суды сағатпен ғана алу машақатынан құтылса. Мұның өзі айта берсе, қала атына да лайықсыз-ақ.

Осы күні облыстағы мамандар аузында Ақмола өңірінде ауыз су мәселесі тек 2015 жылға таман ғана түбегейлі бері қарайды деген пікір бар. Онда да жылда қажетті жұмыстар атқарылса ғана. Осыны тездетпесек, халықтың денсаулығына тікелей қатысы бар бұл маңызды шаруа одан да созылып кетуі ғажап емес-ау.

Көкшетау қаласы


МІНЕ, МӘСЕЛЕ!

Қалада ҚЫМЫЗ іздейді

ауылдагылар оны откізе алмай сабылуда

Мақсұтбек ОТАШЕВ, журналист

Облыс орталығындағы ұлттық тағамдар сататын "Зейнеп" дүкенінің ашылғанына екі-үш жыл болды. Осы уақыттың ішінде қала тұрғындары оның сататын қымызы мен шұбатын, тарысы мен талқанын, сарымайы мен балқаймағын, қазысы мен жаясын, тіпті біздің өңірде сирек кездесетін түйеқұс еті мен жұмыртқасын жақсы біле бастады. Сонда қаладағы көп дүкендердің ішінде мұндай игі істі қолға алып отырған кім дейсіздер ғой? Сол, баяғы Қамысты ауданындағы "Қарабатыр" агрофирмасы. Ал, оның мұндай ұлттық тағамдар сататын дүкендері Қостанайда ғана емес, аудан және шаруашылық орталықтарында да бар.

Дүкендегі азық-түлік өнімдерінің бағасына келсек, базар нарқынан қымбат емес. Қымызы мен шұбатының литрі 150-200, сары майы мен балқаймағы - 240, 180, қазы, жая, шұжық - 450-480 теңге шамасында. Рас, біз дәмін де, түрін де біле бермейтін түйеқұс етінің килограмы 6000 теңге екенін айта кеткен жөн.

- Осындай азық-түлік өнімдері үнемі саудада болып тұра ма?- деген сұрағымызға сатушы:

- Ет өнімдері үзілмейді, ал қымыз бен шұбатта кейде іркіліс болып қалады. Өйткені, оларды күнбе-күн шалғайдағы агрофирмадан жеткізеді.

- Күніне қанша литр қымыз әкелінеді?

- Көбіне 30-40 литр, бірақ бұл өте аз. Өйткені, шипалы сусынды сұраушылар да, алушылар да көп, тіпті үнемі алып тұратын қарт кісілер маған қалдырарсыз деп өтініш те жасап жатады.

Иә, жазда қалада қымыз бен шұбаттың өтімді екені белгілі. Бірақ оның нағыз ішетін кезінде табыла бермейтіні қинайды. Өйткені, облыста жылқы мен түйе басын сақтап қалған,әрі сауда жүйесі бар "Қарабатыр" сияқты шаруашылықтар некен-саяқ. Ал ауылдағы бірді-екілі биесі бар шаруалар өз қолымен өндірген қымызын өткізе алмай қала көшелерінде сабылып жүр.

Жақында қала іргесіндегі Аққабақ ауылынан бір жақсы таныстарым келді. Бұл ауылда тұратындардың көпшілігі Қамысты ауданының бұрынғы "Бестау" кеңшарынан көшіп келгендер.

- Жағдайларың қалай?- деймін ескі таныстарыма.

- Ауылда жұмыс жоқ, қол бос болғасын қолдағы бір-екі биемізді сауушы едік, соның қымызын өткізе алмай жүрміз.

Содан оларға жөн сілтеп, осылар алады-ау деген мекемелер мен ұйымдардың атын айтып жіберуге тура келді.
Ал егер де жекелеген шаруалардың өндіретін өнімдерін өткізетін сауда орындары немесе қымызхана болса, қалаға қымыз әкеліп, сататын ауыл адамдары бұлай сенделіп жүрмес еді. Жалпы, ауылда өндірілетін ұлттық тағамдар туралы айтқанда бүгінде оның өркениетті рыногын нарық талаптарына сай ұйымдастыратын уақыт жеткен сияқты. Өйткені, қалада тұратындар ғана емес, оның қонақтары да ауылдың дәмді де шипалы тағамдарын аңсайды, жеңсік көреді. Ал соның бәрі де "Қарабатыр" агрофирмасының өнімдеріндей халықтың көңілінен шығып жатса жақсы ғой.

Қостанай қаласы


Жалған ақпар жоқ емес

Әскер ӘБІЛҚАЙЫРОВ, журналист

Солтүстікте егіс жұмыстары басталды. Облыс диқандары оған қандай дайындықпен кірісіп отыр? Сауалды облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары департаменті бастығының орынбасары Нияз Ыбыраевқа жолдағанда келесідей жайларға қанықтық.

- Департамент мамандары өткен айда облыстың алты ауданында арнайы іссапармен болып, техника жөндеу барысын қадағалаған еді. Аталмыш жұмыс Аққайың, Тайынша, Ғ.Мүсірепов, Мамлют және Шал ақын аудандарында жақсы атқарылды. Кейбір аудандарда нақты атқарылған іс мәліметте өсіріліп көрсетілген. Сол себептен де Айыртау, М. Жұмабаев, Тимирязев, Уәлиханов аудандарында тракторлар әзірлігі тиісінше 89, 86, 88 процент дегенге сену қиын. Мамандар Тимирязев, Ақжар және Жамбыл аудандарының бірқатар селолық округтерінде жалған мәлімет берілгенін анықтады.

Науқанға қажетті жанар-жағармай қорының 62 проценті жинақталған. Бұл облыс бойынша көрсеткіш. Ал, Тимирязев ауданында ол 49 процент төңірегінде ғана. Мұның себебін Н.Ыбыраев банктермен жұмыс процесінің ұзаққа созылуымен байланыстырады. Барлығы 400 миллион теңге шамасында қаржы аударылған. Ал, қажетті сомасы 1 миллиард теңге. Павлодардан 6840 тонна жанармай әкелінген. Жанармайды уақытында алу үшін төлем алдын ала жасалуы керек. Әйтпейінше тауар берілмейді. Мәлімет бойынша оператормен 895 миллион теңге сомасында 30,2 мың тонна жанармай алуға 525 агроқұрылым келісім жасаған. Бірақ анығында 9394 тоннаға барлығы 277 миллион теңге ғана төленген. М. Жұмабаев, Мамлют, Шал ақын және Тимирязевтен басқа тоғыз ауданда бұл жұмыс нашар жүргізілуде.

Егіс жұмыстарына ауа райының айтарлықтай әсері болуы мүмкін.

- Ауа райын болжаушылардың мәліметтеріне қарағанда, мамырдың үшінші онкүндігінде жаңбырдың жиі жаууынан тұқым себу жұмыстары тоқтап қалуы ғажап емес,-дейді орынбасар. - Сондықтан негізгі азық-түліктік дақыл - бидайдың қолайлы мерзімде себілуі үшін адам және техника ресурсын барынша тиімді пайдалану керек.

Солтүстік Қазақстан обл.


Жер таласы

Серік САҒЫНТАЙ

Жақында облыстық тәртіп кеңесінің кезекті көшпелі отырысы Қарағанды қаласы әкімдігінде өткізілді. Онда кейінгі жылдары қалада мекемелер мен жеке тұлғалардың құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін алуға қатысты мәселелері қаралды.

Жалпы, жердің "жыры" қазақ үшін ежелден келе жатқан "мәңгі өнбес" тақырып. Ал, даладағы жер бөлісінен гөрі ел көбірек топтасқан қаладағы жер дауы оңай болмасы анық. Қаланың ұрымтал тұсынан жер алу - шағын-орта бизнес өкілдері үшін нағыз майдан. Облыс әкімі талайдан бері алқалы басқосуларда "Жердің жыры" қашан тынады - деп сұрап келеді-ақ. Өйткені, құрылыс салуға өтініш бергендер бірнеше ай, тіпті, жылдар бойы қажетті жер учаскесін ала алмай, емен есіктерді қаға-қаға қажыған, қажыған да өтініш-арызды көбейткен. Кеңесте Тәртіптік кеңес төрағасы О. Асылбаевтың төрағалық етуімен жер бөлуге қатысты, жеке кәсіпкерлердің құқын бұзу фактілеріне орай Қарағанды қаласының экономика және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бастығы Р. Нұрпейсовтің тәртібі қаралды.

Мәселенің тәртіптік кеңесте қаралуына қаланың Октябрь ауданы прокуратурасы жүргізген тексерістері негіз болған. Өткен жыл соңында қала әкімі орынбасарының міндетін атқарған Р. Нұрпейсов жеке кәсіпкер Г. Файзалханованың кондитер цехын заңсыз жаптырып тастапты. Р. Нұрпейсов ол туралы қалалық СЭС бастығы Т. Хамитовке нұсқау берген. Бірақ, экономикалық сот бұл талапты қанағаттандырмаған.

Бұдан басқа да бірнеше заң бұзушылықтар анықталып отыр. Атап айтқанда, азамат Д. Хасенов пен "Яро" ЖШС арасындағы жер учаскелерін бөлу жөніндегі өтініштері ұзақ уақыт қаралмаған. Жер кодексінде көрсетілген мерзім бірінші жағдайда алты айға, екінші ретте екі жарым айға артық созылған. Өтініш берушілердің тілектері қанағаттандырылмай, олар бірнеше дүркін жоғары жаққа шағымданған.

Облыстық тәртіптік кеңес мүшелері жер учаскесін бөлу комиссиясының бірнеше қызметкеріне "Қызмет этикасы туралы" және "Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы" заңдарды бұзғаны үшін сөгіс жариялады.

Ауылдық жерлердегі қарапайым халық "Жердің "жыры" қалай болады екен деп алаңдаса, қаладағы "сауатты" қауым дау-дамайдан басын арылта алмай отырған сыңайлы...

Қарағанды қаласы


КҮДIК ТҰМАНЫ ҚАЙТСЕ СЕЙIЛЕДI?

Арман ӘМЕН

Басым көпшіліктің бүгінгі бас ауруы - баспана тапшылығы. Үкімет қаншама шаралар ойластырғанымен, қазіргі озып тұрған, ең қолайлы деп табылған ипотекалық несиенің жарлы-жақыбайлар түгілі ортанқолды, жарытымды жалақысы бар адамдар үшін де тиімділігі шамалы.

Астананың күрт қанат жаюы тұрғын үй тапшылығын одан сайын ушықтырып жіберді. Басты себеп - демографиялық ахуал. Статистика деректері байырғы Ақмоладағы 275,1 мың тұрғынның қазір 530 мыңнан асқанын көрсетеді. Ал, құрылыс қуаты артқанымен адамдар сұранысынан кемшін түсуде. Оған мына деректер дәлел: 1996 жылы небары 39,3 мың шаршы метрлік тұрғын үй салынса, 1996-2000 жылдарғы орташа көрсеткіш 130 мың шаршы метр, 2001 жылы 217 мың шаршы метрге жеткен. Былтырғы нәтиже 260 мың шаршы метр болды. Бұдан өткен жылдарға қарағанда құрылыс көлемінің әлденеше артқанын және баспанаға сұраныстың өскенін көреміз. Сонымен, үй қарасы көбейсе де халықтың қалтасы көтеретіндей жағдай әлі көрінбейді. Мұның себебін тиісті орындар демографиялық жағдайға, құрылыс-монтаждаудың қымбаттығы және қозғалмайтын мүлік ретінде жоғары бағаланатындығына әкеп тірейді.

Тұрғын үй бағасының шарықтауы сұранысқа ғана байланып тұрған жоқ. Ол адамдардың тұтынушылық деңгейімен де тығыз байланысты. Мәселен, 1997 жылы елордада орташа айлық жалақы 7-8 мың теңгені құраса, қазіргі ең төменгі еңбекақы мөлшері одан екі есеге, ал орташа айлық төрт есеге артық. Ескі үйдегі екі бөлмелі пәтерлер 45 шаршы метр болса, қазіргілері 60-80 шаршы метрден кем емес.

Енді Астанада кезек бойынша кімдердің пәтер алуға құқылы екеніне тоқталайық. Биылғы қаңтардың 1-індегі мәлімет бойынша, №1 тізімде 2283 адам (тұрмысы нашар, пәтерсіз азаматтар) кезекте тұр. Ал, №2 тізімде сарсылғандар саны - 2264 (мемлекеттік, бюджеттік, әскери, мемлекеттік сайланбалы лауазымдағылар).

Ендігі мәсел, осы кезектегілерді пәтермен қамтамасыз етудің өзі мұң. Олардың басы сонау 1983 жылдан тіркелгендер. Бұлардың қасында қалаға кеше ғана келгендерге не жорық деген ой келеді.

Үкімет биыл коммуналдық тұрғын жайларды көптеп салуға ден қойып отыр. Жеке меншікке өтіп кеткен жатақханаларды да қайта сатып алып, біраз адамдарды жарылқамақ. Бұл бүйірі тесік бюджеттің әйтеуір кезек азая берсін деген ойы ғой.

Қала әкімдігінің бұған дейінгі тың бастамасының бірі, ипотекалық құрылысты дамыту және мемлекеттік қызметтегі мамандарды тұрақтандыру мақсатында, ипотекамен сатып алынған пәтер бағасының тең жартысын қала бюджеті өтейтін. Жеңілдікті пайдалануға 806 өтініш түскен. Олардың шама-шарқын сараптаған несие беруші "Астанафинанс" ААҚ 437 адамның құжатын кері қайырған. Себебі, отбасы табысы қарызды қайтаруға қауқарсыз болып шыққан. Осы талап бойынша тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы 57779 (380 АҚШ доллары) теңгеге бағаланған. Шынуайтында, әр шаршы метрдің нарықтағы бағасы 70 мың (450 АҚШ доллары) теңгені құрайды. Сондықтан өтініш бергендердің 27 процентінің сұраныстары қанағаттандырылып, 175 азамат өтем алған. Қазір жоба тоқтап қалды. Себеп, қарызды қайтарудағы қабілетсіздік, тұрғын жайдың уақытылы тапсырылмауы, несие беру мекемесінің өз бетінше жұмыс атқаруы және жеңілдік арқылы алынған пәтерлердің қайтадан басқа адамдарға сатылып кетуі.

Енді тұрмысы төмен отбасыларды пәтермен қамтамасыз ету үшін мемлекет есебінен пәтер сатып алу немесе тұрғын жайлар салу қажеттілігі туындады. Осыған сәйкес, 2002 жылы бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, 61 пәтер сатып алынған. Бірақ ескінің аты ескі. Ол үйлердің көбі санитарлық-техникалық талаптарға сай болмады. Сондықтан тұйықтан шығудың ендігі жолы, жаңа үйлер салу, оның бағасын, несие үстемесін және бірінші кезекте төленетін жарна мөлшерін азайту болып отыр.

Салынып жатқан жаңа үйлер бағасының қымбат болуы тек құрылысшыларға тіреліп тұрған жоқ. Баға туралы сөз қозғала қалса Астанадағы ірі құрылыс компанияларының басшылары азар да безер болады. Оларға салса пәтердің шаршы метрінің бағасын 350 доллардан әлдеқайда төмендетуге болады. Бар гәп құрылыс аумағындағы жер бағасының қымбаттығында және сәулетшілер қиялының ұшқырлығында. Нәтижесінде ғимаратты әрлеуге қат, қымбат материалдар қолданылады. Әйтпесе, үйдің шаршы метрінің бағасын 150 доллардан асырмауға болушы еді дейді құрылысшылар.

Жерге иелік етуші алыпсатар компаниялар олардың жұмысына ақы төлейді де, дайын үйге үстеме қосып, пайда табады. Олардың сондағы сылтаулары, жер қымбат, жарнама, рәсімдеу жұмыстары да жетіп артылады. Жер демекші жұрт үй салуға арналған участоктан да күдер үзе бастады. Елорда айналасындағы жер енді ардагерлер, жағдайы нашар отбасылар секілділерге ғана бұйыратын болды. Жалпы көпшілікке аукцион арқылы сатылады. Ақша жарысында мыңнан тұлпар шығып жатсаң, алдыңнан жарылқасын...

Қай заманның болсын "бас ауруына" айналған баспана мәселесінің шешілуі мүмкін бе?! Елбасының биылғы жолдауы тиісті органдарды біраз әбігерге салды. Осы жолдаудан кейін олар да өздерінше қимылдауда. Бір жағынан "түйе сұрап, бие алатын" дейтін қазақтың сеніміне әлдебір үміт те отын жаққан секілді. Бірақ, күдіктің қалың тұманы әлі де сейілмей тұр.

Үкімет тарапынан қазіргі уақытта коммуналдық тұрғын үйлер құрылысына несие беру жағдайлары қарастырылуда. Бұл бағытта жыл сайын 6,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Мұның ретінде әрбір облыс орталықтарында жыл сайын 8 мың шаршы метр көлемінде коммуналдық тұрғын үйлер салынбақ. Бүгінгі таңдағы тұрғын үй қатынастары заңына байланысты нақты шаралар атқарылып жатыр деуге әлі ерте. Қазіргі жағдай тек жоба күйінде ғана. Ал, бұл жобаның қаншалықты іске асатыны келешектің еншісінде.


Жыр-ау, сенің ұғады сырыңды кім?!

Ербол КЕРІМБАЙҰЛЫ

Өлең көбейіп кетті дейді ел. Түсінбедім. Дұрысы, өлеңшілер көбейген болуы керек. Мына дүниеде күй Тәңірдің үніне баланса, өлең жердегі Тәңірінің тілі. Құран да сол тілмен жазылған...

Не көп, өлеңнің түрі көп. Төлегендегі өр өлең, Мұқағалидағы сезім тереңдігі... Дегенмен, біреуге сезімге құрылған, біреуге нақты оқиғаға бағытталған, енді біреуге ақыл, өнеге, тәрбие айтқан секілді дүниелер ұнайды. Тіптен, бәз біреулердің алдында қызыл арақ жайлы қарабайыр бір тақпақты қойып қалсаң да сенен артық данышпан табылмауы мүмкін. Әрине, олар үшін ғана. Себебі, санасының жеткені сол, түсінігі де сол шамада.

Айтсақта қайсыбір әнші, қайсыбір ақын, жалпы өнер адамдары толқыған, тебіренген бір сәттерінде "халқым аман болсын, халқым барда мен де бармын" деп айтатын арнау тілегінің астарында түсіне білген адамға "тыңдарманым, яки оқырманым бар, мен бақытты жан емеспін бе?" деген ұғым жататыны ақиқат емес пе?! "Тыңдаушысыз - сөз жетім" деген сөз бар ғой. Төсіменен толқын жарған кеменің қайраңға келсе қауқар күші жоғалары сөзсіз. "Күш атасын танымас" дерміз. Дегенмен қайраңда қалған кеменің құны көк тиын. Бұл да сол - оқырманы жоқ өлеңнің жетім болатыны іспетті. Өлең ұғар саналы ұрпақтың аз екені, көп екені тағы белгісіз. Тек жақсы өлеңді танып, бірі іштей сүйсіне, бірі жатқа соғатын қазақтың аз емес екендігі ақиқат.

Жоғарыда айттық, біреуге таза сезімге құрылған, біреуге асқақ пафос, енді біріне оқиғалы өлең ұнайды деп. Ал, лириканың құдіретін, тереңдігін, астар мағынасын жеріне жетіп кім ұққан?

"Қазақтың қара өлеңі қасиетім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген".

Қалай десек те, мен үшін осы айдай әлемде Абай да, Петрарка да түбіне жетпеген бір шыңырау, алынбаған бір қамал, жазылмаған бір өлең бар сияқты боп елестейді де тұрады. Оны Мұқағали, Жұмакен, Фариза, Кеңшілік, Жұматай, Есенғалилардан іздедім. Кейінгі кенже толқыннан, өзім құралпы жастардан іздедім. Бәрібір керексіп тұрам.

Жазылмаған бір өлең! Бәлкім, бұл Музаның құдіреті шығар, тереңіне қанша сүңгісең де, су түбіндегі лағылдың сан құбылып, ұстатпай алдаусырататыны сияқты. Ақиқаты: аңыздағыдай, су түбінде ештеңе жоқ, ол тек шың басындағы гауһар тастың суға шағылысып түскен көлеңкесі ғана еді ғой.Музаның құдіреті сыры да сол: ол ешқашан, еш уақытта тереңіне бойлатқанымен, түбіне жеткізбейді.

Дегенмен, әдебиет Мұзағаңшылап айтсақ (М. Әлімбаев) "тірі тышқаннан өлі арыстан артық" деген қағидаға жұмыс істейтіні ақиқат. Солай десек те, әлдеқашан 40-50 кітабын әлденеше рет қайталатып шығарып, жыл аралап, тіпті жылға жеткізбей үстемелеп тағы шығарғысы келетін, өзін өлеңнің пайғамбары, әдебиеттің киесі санайтын, кезінде бір-екі өлеңін халық жылы қабылдап, сонысымен көңілде қалып қойған қайсыбір пысық ағаларымызға "неге әуреленесің" деп қалай айтарсың. Сол кітаптары кітапхана, дүкен сөрелерінде өтпей, әр бұрышта шаң басып жататыны да сөзсіз. Әр бұрышта қалып, болмаса әйтеуір бір мезгілде мектеп оқушыларының 8 наурызда қыздарға, ерлер мерекесі күні ұлдарға сыйлық ретінде сатылып алынып, әйтеуір түгесілген. Ал, әлі жазылмаған жалғыз өлең қайда?! Бір жас ақынның әрі кетсе 500 дана болып басылған бірдеңесін әйтеуір оқығың келеді. Үміт дүниесі ғой. Қазіргінің Төлеген, Саттар, Артығалиларын іздейсің. Әлгі өнердің сарыауыз балапанынан қулық-сұмдығы жоқ, жетіспей-жетіңкіремей жатса да бірен-саран шынайы сезімді сезінгің, оған сенгің келеді. Ал, 500 кітап кімге жетсін! Оның өзі де құдайына қараған бір демеуші болса ғана жарық көреді. Ал, Иманғали жыл сайын жүз кітап шығарып бере бере ме? Сол себепті дүкендерде болуы мүмкін емес. Кітапхана деген тек аты. Не істеу керек? Қырық кітап шығарған кексе ақыннан іліп алар ештеңе таппайсың. Бір ұйқасқа түсіп алып тепеңдей бергеннен ("ауылым, бауырым"... деп) не үміт, не қайыр? Нағыз кітап жоқ. Оған қылар айла жоқ. Бары таптырмайды. Барымен базар, кітапханадан газет-журналдарды аңдисың. Өйтпеске тағы амалың жоқ. Бәрі де ақша, әрі жақсы ақша. Бұл заманда жылына екі-ақ рет шұлық айырбастап жүре беруге де болар, ал газетке жазылмадың деп те ешкім сөкпейді. Кері кеткен дүние! Ал, жал ғыз өлеңнің заманы алыстап бара жатқан сияқты. Ақындар да азайып кеткендей, жарып шығып таң қалдырып жатқан ешкім байқалмайтындай. Әйтсе де, орталық баспасөздің бірінде бір белді жазушымыз пікір білдірген екен: "Жазушылар үшін қаламақының көлемі белгіленіп, әңгіме очеркке - 100 доллар, повестке - 500 доллар, романға -1000 доллар берілсе", -деп. Онда елдің бәрі ақындыққа бет бұрып, егін егетін адам таппай қалар ма едік, кім білсін! Аңыз бар ғой: Ертеде әлдебір патшалықта ақындық деген белең алып, кәрі-жасы демей елдің бәрі, екінің бірі өлең жазып, "ақынмын" деп мастанып шалқыса керек. Содан күндердің күні патшаекең жарлық шығарады ғой: "Егер кімде-кім бәйіт айтып, өлең шығаратын болса, басы алынады, не зынданға тасталады", - деп. Содан ел сап тыйылып, ақын атаулы құрығандай екен. Тек бір жалғыз бала ғана өлең шығарып, бәйіт айтып жырлауын қоймапты дейді. Сарнағаннан сарнап ажылына асыққан сол сорлыны патшаға алып келіп, басын алуға бұйрық беріп, уақытша үкім орындалғанша зынданға тасталады. Зарлауық неме сонда да қоймапты. Не керек, басы алынатын күн де жақындап, соңғы сәтінде патшаекең: "Не тілегің бар, мүсәпір?" деген екен. Сонда дар ағашының алдында тұрса да сол бейбақ соңғы өлеңін оқуға мұрсат сұрапты дейді. Оған риза болған патша "Елімде өлеңші көбейіп, нағыз ақын қалмады ма?" деп ойлап едім, өнер өлмейді екен, нағыз ақын бар екен ғой, - деп әлгіні босатып, тарту-таралғы бергізіпті. Бұл, әрине, аңыз. Ал, қазіргінің патшасы зынданға салып басыңды да алмайды, тарту-таралғы да бермейді. Не істеу керек?!

Қазіргідей заманда қашанда жал- ғыз ақын табылады десек те, жазылмаған жалғыз өлеңнің туар сәті күннен-күнге алыстап бара жатқандай елестейді


Қазақ әндерiнiң байқауы

Айнұр ЖАҒЫПАРОВА

Өткен жылдан бастау алған шетелдік әншілердің орындауындағы "Астана-2004" атты қазақ әндерінің екінші халықаралық байқауы биыл маусымның 7-і мен 9-ы аралығында елордада өтеді. Бұл жолғы өнер жарысына әлемнің 12 елінің майталман әншілері қазақ әндерін орындауда өз шеберліктерін көрсетеді. Көрермен қауымының ықыласына бөленген былтырғы кештің әсері де мол бол- ғанын айту ләзім. Биылғы байқаудың да әзірлік жұмыстары тиісінше жүргізілуде. Қазірдің өзінде музыкалық материалдарды дайындау, конкурсқа қатысушыларды іріктеу, қазақша әндерді таңдау секілді жұмыстар атқарылып та қойды. Соның ыңғайында байқауға қатысушыларға қазақтың жан-дүниесін, өнерін ұғына түсіну үшін де әндердің қазақ тіліндегі фонограммалары , ноталары, ағылшын тіліне аударылған нұсқалары және тағы да басқа осы тақылеттес материалдар жіберілген. Байқауға әр елдің ең таңдаулы деген халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атағын иеленген бірегей әншілері тартылған. Сөйтіп, астана аспанында тағы да ән қалықтамақ.


АЛАМАН ӨТТІ ДҮРКІРЕП...

Еркебұлан АЛТАЙ

Өткен жексенбі күні Алматы атшабарында бәйге өтті. Оған республикамыздың барлық аймақтарынан ағылшын, араб, ақалтеке сынды асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын 30-ға жуық жылқы зауыты мен жеке атбегілердің 120 арғымағы қатысты. Тігілген бәйге қорының жалпы сомасы 450 мың АҚШ долларын құрады.

Арғымақтар құнан, жорға, ұшқырлар жарысында және аламан бәйгеде бақтарын сынады. Негізінен аламан бәйге көктемде 17, ал күзде 21 шақырымға, құнан бәйге көктемде 9, ал күзде 11 шақырымға созылады. Ұшқыр бәйгеге қатысқан сәйгүліктердің межесі 1200 метр. Бәйге маусымы биыл республика аумағында үшінші рет өтті. Алматы ипподромы бұл жолы бәйгеге өздері баптап өсірген ақалтеке, дегерес және буденов жылқыларымен қатар, Америка, Англия, Франция және Германиядан сатып әкелген асыл тұқымды сәйгүліктерін де қосты. Екі шақырымдық мәреде Свисс-Бой айғыры "Дүлдүл" жылқы фермасына 392 мың теңге олжа байлады. Тағы бір ірі жүлде - 420 мың теңгені 1800 метрлік ұшқырлар жарысында Баски айғыры "Дүбек" жылқы фермасына алып келді. Тоғыз шақырымдық құнан жарыста Жамбыл облысындағы Ар-Ас ат зауытының жүйрігі бірінші келді. Ал, 17 шақырымдық аламанда Қызылорданың Лерасы басқаларынан қара үзіп шығып, жарты миллион теңгені иесі Әбдіманапқа бұйыртты.


ОҚЫС ОҚИҒА

Барсакелместің жолы ауыр

Ақтөбе облысының Шалқар ауданынан мамырдың 18-і күні түске таман Арал теңізіне беттеп ұшып шыққан АН-2 ұшағы шамамен 50 метрдей биіктіктен құлаған. Қостанайдың "Арай - АВИА" компаниясының иелігіндегі бұл ұшақ бортында сол мезетте обаға қарсы күрес стансасының қызметкерлері, яғни, екі экипаж мүшесін қосқанда 12 адам болған. Нәтижесінде жарақат алған үш адам облыстық ауруханаға жеделдетіп жеткізілген. Бұл апатта кісі өлімі болмағанымен, бір адамның халіне дәрігерлер алаңдаулы. Онан кейін екі адамның омыртқа, жақ секілді мүшелері сынған. Қалғандарының халі қалыпты жағдайда.


ҚЫЛМЫС ХРОНИКАСЫ

Қарызды қайтіп қайтармақ?

Ел аман жұрт тынышта Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында ел күтпеген оқиға тап болды. Мұның ұзын-ырғасы, автоматпен қаруланған ағайынды екі жігіт жол-жөнекей өткен көлікті тоқтатып, ондағы жолаушының біреуін күштеп алып кеткен. Іле із кескен полиция бұларды таппай қалған. Бірақ, өңі кетіп зәрезап болған жәбірленуші ертеңінде өзі келген. Кейін анықтал- ғанындай бұл іс қарызға байланысты әлдекімнің тапсырыс беріп, әдейі қорқыту үшін жасаған айла-шарғысы болғанға ұқсайды. Дегенмен, осы істі ұйымдастырушы, яғни, тапсырыс беруші де, оқиғаны өрбітуші бұзақылар да қолға түсіп, қару-жарақтары тәркіленді. Енді олар заң алдында жауап беретін болады.


Оқушының "еркелігі"

Мамырдың 18-і күні Қостанай ІІБ-не телефон шалған әлдекім қаладағы №115-ші орта мектепке жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған. Дауыстың баланікі екенін анық байқаған құқық қорғау органдарының арнаулы мамандары қауырт қимылдап, іске кіріскен. Баланың "еркелігінен" 66 адам барлығы 14 техника, автокөліктермен сапырылысты да қалды. Оқушылар мен ұстаздар түгелдей шығарылып, жағалай күзет қойылған. Әуре-сарсаңға салған осынау қауіпті ойынның ақыры әдеттегідей жалған ақпарат берушінің кесірінен болғаны анықталды. Көп ұзамай-ақ оның иесі де әшкерленді. Ол "жағдайға алаңдаған" мектеп оқушысы болып шықты.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ   

   
Колонки
Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров, С.В. Волков.
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"