Газета издается с 10 декабря 2002 года. Выходит по пятницам.
   Услуги Web-дизайна
Вместе с нами



Валюта, погода

Kazakhstan Financial Market
вся погода



Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

Кiшi құрылтайда қауышуда

Әмір ЖАУЛЫБАЙ

Жылда бас қосып, қауышуды Еуропа қазақтары дәстүрге айналдырған. Осындай дәстүрлік кездесу алдымыздағы сенбі, жексенбі күндері Берлин қаласында өтеді.

- Ел арасында Кіші құрылтай атанған оған 17 мемлекеттегі қандастарымыз жан-жақтан ағылып келеді,-деп хабарлады Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан.

Құрылтайдың негізгі мақсаты Еуропа төрінде қазақтың өнері мен спортын бір жарқ еткізу. Республикамыздан бұл сапарға қазақ өнері мен қазақша күрестің небір майталмандары аттанды. Арнаулы делегация құрамындағы 100-ге жуық адамды аталмыш қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев бастап барды.

Өнерпаздар негізінен Оңтүстік Қазақстан облысынан іріктелген. Ұлттық қолөнерімізді паш ететіндей шеберлер осы өңірден және Қытайдан келген оралмандар арасынан таңдалды. Олар өздері жасаған бұйымдардан көрме ұйымдастырады. Ал, жауырыны жер иіскемеген 14 палуанды Туризм және спорт агенттігі алып шықты.

Жан-жақтағы қазақтардың қарым-қатынасын нығайту ойымен делегация құрамында Ресейдің Саратов, Омбы облыстарындағы мәдени орталықтарының басшылары да бірге аттанды.

Құрылтайдың ашылуы Берлиндегі Мұстафа Шоқайдың қабіріне зиярат етуден басталады. Бағдарламада "Қазақстан және Еуропа елдеріндегі қазақтар" тақырыбында дөңгелек үстел жиыны да қарастырылған. Осыдан кейін жан-жақтан жиналған қандастарымыз өнер және спорт сайысын өткізеді.


ҚҰЛАҚҚАҒЫС

ҚАЗЫҒҰРТ қазақшаға зәру

Ж. ШАЛАБАЕВА

Ауыл-аймақты аралап жүріп, мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясаты жайындағы елдің пікіріне құлақ асуға құмбылмыз. Әсіресе, әнеукүнгі Президентпен тікелей эфирдегі сұхбаттасуда біраз жайларға қаныққан адамдар сондағы әңгімені ризашылықпен еске алуда. Десек те, газет-журналдан оқығаны болмаса теледидардан бұл сұхбатты көре алмай шерменде болғандар жоқ емес екен. Сондай бір ауыл тұрғындары өздерінің мұң-мұқтажын облыс басшылығына жеткізуімізді өтінді.

Қазығұрт ауданындағы Рабат ауылдық округіне қарасты Қазығұрт ауылының төбе биі Ерубай Қаппаров тұрғындар атынан дұғай-дұғай сәлемдеме жолдады. 202 үйі бар ауыл "Қазақстандық телеарналарды көрмегелі қанша уақыт" деп аһ ұрып отыр. Өзбекстандық 4-5 каналды тап-тамаша көретін ауыл "Хабар", "Еларна", "Қазақстан" хабарларын көруге зар. Әсіресе, Назарбаевтың сөзін өз құлағымызбен естіп, көзімізбен теледидар арқылы көргіміз келеді,-дейді ауыл ақсақалдары.

Облыстық мәслихат депутаттарына да осы аманатты жеткізе отырып, іргедегі ауылдың жанайқайына құлақ асатын жан табылар деген үміттеміз.

Оңтүстік Қазақстан обл.


АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ дамуы сөз болды

Парламенті Мәжілісінің делегаты жуырда Таиланд астанасы Бангкок қаласына ресми сапармен барып қайтты. Халықаралық парламенттік Қауымдастықтың ақпараттық технологиялар жөніндегі басқосуында Мәжіліс төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев сөз сөйледі. Айта кетерлігі, Мұхамбет Жұманазарұлы баяндамасын мемлекеттік тілде жасады.

"Ақпараттық технологиялардың даму деңгейі таяу жылдарда елдердің жалпы саяси және экономикалық прогресінде маңызды құрамдас бөліктердің бірі болмақ. Қазақстан экономикасы қарқынды дамып келе жатқан жас мемлекет болып табылады. Соңғы жылдары қол жеткен экономикалық өсудің жоғары қарқыны елдің индустриялық дамуын кейінгі сервистік-технологиялық дамуға көшу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Парламенттің көпшілік қол жеткізе алатын сайты бар. Оған күн сайын Қазақстанның өз ішіндегіні айтпағанның өзінде шетелдерден, атап айтқанда: Ресейден, АҚШ-тан, Қытайдан, Германиядан, Франциядан, Канададан, Жапониядан, Түркиядан, Ұлыбританиядан, Швециядан, Сингапурдан, Австралиядан және басқаларынан көптеген пайдаланушылар кіреді.

Қол жеткізілген нәтижелер мен біздегі заң шығару саласындағы компьютерлік технологияны дамытуға тұжырымдамасы дұрыс бағыт ұстанып отырғанымызды көрсетеді және он-лайн-режимінде осындай халықаралық кездесулер ұйымдастыруға және оған қатысуға мүмкіндіктер болатынына кәміл сенімдімін, - деді М. Көпеев.


БӘРЕКЕЛДІ!

Комбайн өзімізде құрастырылады

Ғали САҒДИҰЛЫ

Астық оратын отандық комбайн құрастырудың кезекті талпынысы Оралда жасалуда. Бұлай деуіміздің себебі, осыдан үш жыл бұрын украиндық "МАН" комбайны атауы "НАН" деп өзгертіліп, Петропавлдағы шағын литражды зауыт негізінде құрастырыла бастаған бол- ған. Алайда, шеттен жеткізілген бөлшектерден жинастырылған алғашқы 9 комбайннан кейін іс әріге бармай шегеріліп қалған еді.

Енді Ресейдің "Ростсельмаш" компаниясы Оралда "Нива-Эффект" астық комбайндарын құрастыратын кәсіпорын ашуды қолға алуда. Оның алғашқы машиналары алдағы күздегі орақ жұмыстарында сыналуы мүмкін. Жалпы, жыл соңына дейін техниканың 100-ге жуығын жасамақ ойлары бар.

Аталмыш компанияның еліміздегі өкілдігінің директоры Альберт Шерешов республикамызда техникалық қызмет көрсететін бес орталықтың жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Өз мамандарын даярлау мақсатында 60 инженер-механизатор және комбайншылар дайындықтан өткізілген. Комбайн бағасын ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін икемді ету мақсатында "ТуранӘлем банкі" ААҚ мен келісім жасалған. Бастапқыда жалпы құнының 10 проценттік жарнасын төлеген соң жыл сайынғы 12 проценттік өсіммен лизингке босатылатын болады.

Батыс Қазақстан обл.


БАСПАНА: баға қайтсе арзандайды

Тұрғын үй құрылысы бағдарламасын дамыту үшін Алматы қаласы әкімшілігіне келесі жылы мемлекеттік бюджеттен шамамен 1,8-2 млрд. теңге бөлінеді.

Қала әкімі Виктор Храпуновтың айтуынша, Алматыда баспана бағасының шаршы метрі 450 доллардан аспайды. Әкім осы турасында:

- Әрине, қиындау соғады, дегенмен қолдан келеді,-деді.

Республикамызда 2005-2007 жылдар аралығында салынуға тиісті 12 млн. шаршы метр тұрғын үйдің 2 миллионы Алматының есесінде. Жаппай құрылыс жүргізіліп жатқан аумақтағы инженерлік жүйелерді тарту әкімдік есесінен атқарылады. Бұл мақсатта 1,5 миллиард теңге бөлінеді. Осының арқасында баспана бағасы кемуі керек.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Яков Заяц мамырдың 27-сінен бастап 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жолға қойылғанын жеткізді. Жобаның мақсаты, қалың бұқараға шақталған баспана тұрғызу. Ағымдағы жылы 360 мың шаршы метр тұрғын үй салынуға тиісті. Бұл өткен жылдың өлшемінен 24 процентке артық. Осының 265 мың шаршы метрі көп қабатты үйлердің есесіне тисе, қалғаны жеке құрылыстар. Екі жылда пайдалануға берілетін үй есесінен 26 мың алматылық отбасы қамтамасыз етілуге тиісті.

Құрылысшылар баспана бағасының қымбаттығын құрылыс материалдарының тең жартысының шет мемлекеттерден тасымалданатындығымен байланыстыруда. Сондықтан осы тауарлардың кедендік салығын азайтып, қосымша құн салығын салмай, салық және кедендік механизмдер арқылы құрылыс индустриясын ынталандыру қажет, деп санайды.


Акша БАСПАНА БОЛАР МА ЕКЕН?

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, журналист

Елбасы тапсырмасына орай атамекеніне қоныс аударып жатқан оралман ағайындардың қатары жыл санап өсіп келеді. 2003 жылы елімізге 5000 отбасы оралса, биылғы меже 10000 деп жоспарланған. Әрі-беріден соң халық санының да осы ағайындарымыздың үлесімен көбейіп келе жатқанын мойындауымыз керек. Әйтпесе, демографиялық ахуалымызды жақсартуға талпынып жатқан жергілікті халықтың қарқыны шамалы.

Алайда, оралман ағайындарды баспанамен қамту мәселесі әлі күнге өзекті күйінде қалып отыр. Тіпті кей өңірлерде бұл мәселе сын көтермейді. Сондықтан атажұртына ат басын тірегендер бір жерге тұрақтай алмай, сабылып облыстан-облысқа көшуге мәжбүр. Оның үстіне, ұланғайыр даламыздың түкпір-түкпіріне шашырап кеткен туыстар бастарын біріктіруді де ойласа керек. Мұндайда олардың алғаш көшіп келген жерде берілген үйлері қайтарылып алынады.

Бір мысал: оралман ана Сәбилә Дәукен 1992 жылы сол кездегі Семей облысының "Жорға" совхозына көшіп келіп, ескі үйге қолы жеткен. Бірақ белгісіз себептермен ол қайтарылып алынған. 1996 жылы Дәукен апай отағасымен, Ақмола облысының Жаңатұрмыс ауылына қоныс аударды. Қазір баспанасы жоқ Сәбилә ана құдасының ескіріп, құлауға шақ тұрған үйін паналап отырған жай бар. Отағасы Өкен Қанапия бақилық болған. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырғанымен, күнкөрісі мардымсыз. Үй сатып алуға қал нешік.

Бұл мәселеге Астрахан ауданы бойынша көші-қон маманы Жылқайдар Қайыржанов былай деп түсінік береді:

- Сәбилә Дәукен алғаш қоныстанған жері - Шығыс Қазақстан облысынан үй берілмегені жөнінде анықтама әкелуі керек. Және ол міндетті түрде сол құжат беруші көші-қон бөлімінің мекен-жайы көрсетілген арнайы қағазына жазылуы тиіс,-деп шегелеп қойды.

Бұл қолдан құжат жасаушылардан сақтану үшін керек екен. Бірақ қалтасында соқыр тиыны қалмаған қарт ананың аудан орталығына жету мұң болып тұрғанда, сонау Шығысқа қалай барады? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ.

Екінші мәселе, оралмандарға беріліп жатқан тұрғын үйлердің сапасы. Жаңатұрмысқа Семейден қоныс аударған Сыдықай Хұмаштың үйін тексеруден өткізген арнайы комиссия: "төбелері престелген ағаш ұнтақты плиталармен қапталған, жаңбыр жауса, су ағады. Көктем мен қыста қабырғаларынан сыз тартып тұрады. Терезелері өте шағын болғандықтан күн сәулесі түспейді. Сондықтан мұнда тұру денсаулыққа зиянды" деп тауыпты. Өз көзімізбен көрдік ол үйді cатып, қаржысына басқа үй алуға жарамайды. Құнсыз.

- Ал, өздігінен үй сатып алуды қалтамыз көтермейді,-дейді отағасы.

Бұл арада да Жылқайдар Қайыржановтың жауабы жоғарыдағы көрініспен сабақтас шықты. Яғни, Сыдықай Хұмаш та бұрын көшіп келген жерінен үй болмаған деген анықтама әкелуі тиіс.

Көші-қон маманы Ж. Қайыржановтың бұлай сақтануын түсінуге болады. Өйткені қазір сол оралмандар арасында беттің арын бес түйіп, жалған құжат жасатып, баспана сұраушылар көбейіп кетіпті.

- Маған келгендер, бірден мен - оралманмын, үй бер дейді. Біз әуелі оны анықтауымыз керек. Мысалы, мынадай жағдай болды. Бір кісі үйім жоқ деп келген. Тексеріп жібергенімізде Қостанайдың орталығынан үш бөлмелі пәтер алғаны анықталды. Ал, екінші біреуі Талдықорғандағы үйін сатып жіберіп, қаржысын жұмсап болған соң, қайда барамын, баспанам жоқ дегенді айтады. Енді оларға не айта аласыз. Қатты сөгуге де тілің бармайды, ағайынымыз ғой, ал, істеп жатқандары әлгіндей. Бір үй берілді ме, соған ие болу керек,-дейді.

Енді мұндай құйтырқылықтар азаюы мүмкін. Өйткені, біріншіден, азаматтық алғандардан "оралман" мәртебесі алынады. Екіншіден, қашан, қайда көшіп келгенін, баспана, азаматтық алған-алмағанын арнайы "Оралман картасынан" бірден білуге болады. Бұл анықтамалық карта компьютерге енгізіліп, 1998 жылдан бері қолданылып келеді.

Байқап отырғанымыздай, көші-қон мамандары мемлекет қоржынын орынсыз шашуға құлықты емес. Бұл әрине, қуантарлық жағдай. Алайда сол мемлекет бөлген қаржыны өз орнымен жұмсауға келгенде олар ұқыптылық таныта алмауда. Бұл пікірімізді Парламенттегі Көші-қон және отандастармен байланыс жөніндегі бірлескен комиссияның қорытындысымен қуаттауға болады. 1993-1998 жылдарда алыстан келген ағайын алдында қалыптасқан үкіметтің қарызы көлемі 1 миллиард 536 миллион теңгеге жетіпті. Тек өткен жылдың өзінде қазынадан бөлінген қаржының жетпей қалуына байланысты 316 отбасы далада қалған. Бұған не дерсіз? Тағы бір қызығы, енді Үкімет атажұртына оралған қандастар алдындағы жауапкершіліктен жалтарудың жолын тапқан сияқты. Яғни, баспана сатып алуды оралмандардың өз еркіне бермек. Демек, биыл көшіп келген отбасының әр мүшесіне 91200 теңгеден береді де, қалаған үйіңді сатып ал дейді. Ал, бұл ақшаға қандай үй сатып алуға болатынында шаруасы жоқ. Мәселен, отбасында 2-3 адам бар десек, бар болғаны 182400-273600 теңге беріледі.

Бұған, мәселен, сіз қандай үй сатып алған болар едіңіз?


Жафаровтың бандасы

қарттарды тонаған топта полиция қызметкері де бар...

Сегізбай ШЕКТІБАЕВ

Осы жылғы қаңтар айының басында Орал қаласында тұратын жалғызілікті зейнеткер қарт полицияға арыз жазып, әлдекімдердің өз пәтерін тартып алмақ ниетпен қорқытып жүргені жөнінде шағымданған еді.

Арызда көрсетілген саяжайды тексерген кезде шығымданушыдан өзге қамауда отырған тағы да үш егде адам табылған. Кейін анықталғанындай Жафаров дегеннің басқаруындағы қылмыстық топ екі жыл бойы жалғызбасты қарияларды алдап-арбап, тіпті қорқытып-үркітіп, олардың жеке пәтерлерін иемденіп келіпті. Саяжай тұтқындарының айтуынша, оларды жібермей ұстап, күн сайын арақпен суарған көрінеді. Қылмыскерлердің мақсаты -қарияларды әбден алқашқа айналдырып, ерік-жігерін сындырып, өздері дайындаған құжаттарға қол қойдыру, сөйтіп пәтерлерін иемдену болған.

Тергеу анықтағандай, қылмыстық топ мүшелері 2001 жылдың қараша айынан бері осындай әрекетпен 12 пәтерді иеленіп үлгеріпті. "Сауда құжаттарының" барлығы да Орал қаласындағы бір нотариалды кеңседе жасалынған екен. У. Громова көшесіндегі бір пәтер "қожайынын" екі рет ауыстырып, ең соңында жеке кәсіпкердің азық-түлік дүкеніне айналған.

Орал қалалық прокуратурасының мәліметтері бойынша аталмыш банданың құрығына түскендер полицияға бұдан бұрын да әлденеше рет шағымданған көрінеді. Бірақ арыз иелеріне "азаматтық іс ретінде сотқа шағымданыңыз" - деген жауап беріліп, қылмыстық іс көтерілмеген. Саяжай тұтқындары табылған соң ғана оқиғаға ерекше мән берілген жай бар.

Қылмыстық іске қатысы бар күдіктілердің саны 9 адам. Бірақ сот орындығына солардың алтауы ғана отырды. Тағы екі қылмыскерге іздеу салынған, енді бірінің аты-жөнін анықтау әзірге мүмкін болмай отыр.

Осы процесте мемлекеттік айыптаушы болған Орал қалалық прокурорының аға көмекшісі Тамара Сәрсенованың айтуынша, күдіктілердің барлығына бопсалау, адам ұрлау, заңсыз бостандығынан айыру, өзгенің мүлкіне заңсыз қол сұғу және заңсыз пайдалану секілді айып тағылған. Топтың басшысы Жафаров ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны үшін жазасын тартпақ. Дәл қазір қылмыскерлердің бесеуі қамауда, ал қылмыстық топқа жәрдемдескен полиция қызметкерлерінен ешқайда кетпейтіндігі жөнінде қолхат алынған. Учаскелік инспектор қылмыстық топқа жалғызбасты қариялардың мекен-жайын көрсетіп отырған екен. Прокуратура қорғансыз қарияларға зорлық көрсеткен қылмыскерлерді барынша қатал жазалауды талап етіп отыр. Жоғарыдағы айыптау баптары бойынша банды мүшелері 18 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Қылмыстық топ мүшелерінің үшеуі Шешенстанда туған, біреуі әзірбайжан ұлтының өкілі, біреуі қазақ. Батыс Қазақстан облыстық ІІБ бастығының орынбасары Борис Пшеничний қылмыстық топ мүшелерінің ағайындары тарапынан жәбірленушілер мен куәгерлерді қорқытып-үркіту фактілері болғанын растап отыр...

Батыс Қазақстан обл.


ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА

Жомарттық деп осыны айт

Әмiржан ҚАБИЕВ

Облыстағы 782 елді-мекенде бұрындары 300-ге тарта клубтар болған екен. Олардың дені оңтайландыру кезiнде жекешелендірілді, ал оған ілікпегендерінің қаңқасы ғана қалған. Қазір ел еңсесі көтеріліп, халықтың тұрмысы түзеліп келе жатқанда оты өшіп қалған мәдени ошақтардың зәрулігі қатты сезілуде. Бұл ретте Есілдегі Жекекөл ауылының тумасы Сабыржан Мұқашевтің ісі басқаларға үлгі боларлық.

Заманның тамаша деген кеңес кезінде Жекекөл ауылында клуб атымен болмаған. Ал экономикалық тоқырау жылдарында ауылдағылардың мәдени ошақ түгілі қара бастарымен қайғы болғаны мәлім. Қазір жағдай өзгеше. Жекекөлдiктер бірнеше шаруа қожалықтарында бірігіп жұмыс істеуде. Елде азын-аулақ қаржы бар. Ақша болған жерде той-томалақтың жиі болатыны белгілі. Әсіресе, жастар жағы қолдары қалт еткенде бастарын қосып, мәдени шара өткізуге құмар. Алайда "жоқтық жомарттың қолын байлайды" дегендей, өнер, құлшыныс-талаптарын бойларына сыйдыра алмай, көрінген босағаны сағалап жүргендеріне жаны ашыған ауыл тумасы, кәсіпкер Сабыржан Мұқашев осындағы бір үйді сатып алып, оны клубқа айналдырды. Сабыржан өзi Алматыда тұрғанымен жаз бойы отбасымен ауылда демалып, жұмыс істейді.

Ірі қалада бiрнеше дүкенi бар дәулеттi кәсiпкер әрбiр тиынын санап отырған сығыр емес. Сондықтан болар, ауылдағы жастардың сенделiп жүргенiне iшi ашыған ол, жерлестерін мәдениетке тарту мақсатымен осы клубты алып бердi. Оның салтанатты ашылу рәсімі жастар күніне орайластырылды. Тұрғындар үшін мерекеге айналған осы күні түрлі сайыстар ұйымдастырып, тіпті жеңімпаздарға ақшалай сыйлық та тапсырылды. Бірақ, жастар ақылдаса келе сыйлықтарға тиесілі барлық қаржыны қайта жинап, музыкалық құрал-жабдықтар сатып аламыз және клубқа жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп ұйғарды.

Жекекөл маңындағы ауылдарда әзірге клуб жоқ, сондықтан ол елді мекеннің жастары осында ұйымдастырылатын би кештеріне ұдайы келіп тұрады. Түскен ақшадан жастар электр жарығының ақысын төлеп, артылғанына музыкалық аспаптар сатып алады. Бұрын бос уақытта екі қолдарын алдарына сыйдыра алмай, кейде жаман әдеттерге бой ұрғандары да болған. Қазір жағдай өзгеріп, олар алдарына белгілі бір мақсат қойып отыр. Ол - клубты шын мәнісіндегі мәдени ошаққа айналдыру. Бұл iс ағайындарды ауызбiрлiкке шақыратыны сөзсiз. Шынымен де түрлi мәдени шаралар өткiзiп, ортақ iске жұмылғандықтан болар ауылда ұрыс керiс, қырғи-қабақ сап тиылды.

Есiл ауданы,
Солтүстік Қазақстан обл.



Тоғызқұмалақ біріншілігі

Серік САҒЫНТАЙ

Жақында Жаңарқа ауданында тоғызқұмалақтан дәулескер күйші-сазгер Сайдалы сары Тоқа атындағы жүлде үшін облыстық біріншілік өтті.

Жарысқа облыстың барлық аудан-қалаларынан оншақты команда қатысты. Қатысушылардың басы ақсақал жасына жеткендер болса, ең кішісі 8 жастағы мектеп оқушысы. Додаға облыс көлемінде белгілі тоғызқұмалақшылар қатысты. Олардың арасында үш бірдей спорт шебері, сегіз спорт шеберлігіне үміткер, 21 бірінші разрядты спортшылар болды.

Екі күнге созылған жарыста бірінші орынды 27,5 ұпай жинаған ағадырлықтар, екінші орынды Қарқаралы қаласының командасы, үшінші орынды Жаңарқа ауданының спортшылары иеленді. Жекелей біріншілікте ерлер арасында Е. Ісләмов (Жаңаарқа), Б. Бейсенаев (Қарқаралы) Б.Қасқырбаев (Ағадыр) үздік шықса, қыздардан алғашқы орындарды Қ.Кішкентаева (Қарағанды), С. Байтуллина (Қарқаралы), А.Бейсенаевалар бөлісті.

Қарағанды обл.


Жайлаудағы түйе жарысы

Батыс Қазақстан облысының алыс түкпіріндегі Бөкей ордасы ауданында жайлау тойы өтті. Көп жылдан бері ұмытылып кеткен бұл мерекенің қайта жаңғыруы осы өңірде ел басқарып, абыройға бөленген Кенжебек Меңдәлиев, Рахметолла Егізбаев, Мұрат Нәсимоллин секілді азаматтардың мерейтойына тұспа-тұс келіпті. Аудан әкімі Өтеміс Мырзағалиев пен облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырханов жайлау тойына құтты болсын айтқан соң, аламан бәйге, түйе жарыс, балуан күрес секілді ұлттық ойындар қызып жүре берді, 25 шақырымдық бәйгеден ордалық Бектемір Үсенғалиевтің сәйгүлігі келсе, түйе жарыста көктөбелік Қадем Өтеуовтің ойсылқарасы озып шықты.


Сауда шекараны ашты

Молдахан МҰҚАТАЕВ, журналист

Ұлы Жібек жолының бойынан жаңа "Барыс-ІІ" әмбебап базарының ашылуын Кордай ғана емес, Қырғызстанның шекаралас аудандарының тұтынушылары мен кәсіпкерлері де тағатсыздана күткен. Себебі, базар жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына, өз өнімдерін тиімді өткізуге септігін тигізеді.

Жаңа сауда кешені 22 гектар алқапты алып жатыр. Мұнда қоймалар, зат базарлары қысқы азық-түлік павильоны, құрылыс материалдары, көкөніс, ет-сүт өнімдері және басқа да тауаралар сататын орындар бар. Сонымен қатар 120 орындық жайғастырылған екі қонақ үй, бір мезгілде 900 адамға қызмет көрсететін асханалар және кафелер жүйесі жұмыс істейді. 60 мың шаршы метрлік автотұрақ қызмет етеді. Базарда негізінен Оңтүстік Корея, Түркия, Пәкістан, Иран, Біріккен Араб Әмірлігі, басқа да шетелдер тауарлары сатылады.

Жамбыл обл.


АЙТАЙЫН ДЕГЕНІМ...

ҰСТАЗ және АУЫЛ

Құрмет НҰРСҰЛТАНҰЛЫ, мұғалім

Әр қазақтың ата тегінің ақ бесігі, әр қазақтың табан тірер, арқа сүйер асқары, әр қазақтың ата-баба дәстүрі, көне салты, балалық бал дәурені, өткен тұнып тұрған рухани құндылығымыздың бастауы - ауыл.

Елім деп еңіреп, жанын шүберекке түйе жүріп, қазақ деген елмен, оның Алтайдан - Атыраудағы, Арқадан - Алатауға дейінгі кеңбайтақ жерді, кейінгі ұрпаққа аманат еткен ардақты ұлыларымыз ауылдың перзенттері.

Ауыл - қала халқын, жалпы республиканы асырайтын, азық-түлікпен қамтамасыз ететінін білеміз. Сондықтанда елбасы "Ауыл дегеніміз сайып келгенде, халықтың тұрмыс салты, мәдениетіміздің, дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыз бен рухани тіршілігіміздің қайнары, ұлтымыздың түп тамыры екенін естен шығармауымыз керек" деген еді.

Ауыл жылдары! Осы бір тарихи шешім қабылданғанын әрине қуанышпен қарсы алғандар ауылдағы халық екені даусыз. Өкінішке орай, өсіп-өнген үйлеріміз қаңырап, иесіз қалған ауылдарда қолында қаржысы, арқа сүйер қалқаны жоқ панасыздар қалды. Олар бүгінгі сәтті он жыл бойы шыдымдылықпен күтті. Сол азғана жалақыны көптей көріп тозған ауылдың рухани орталығы болып қалған мектептің мұғалімдері оның мәртебесін төмендетпей, небір қиыншылыққа төзіп, мектепті бүгінгі күнге құлатпай жеткізуге қаншама еңбек жұмсады. Осы ойымды өрбіте отырып ондағы мұғалімдердің ауыл өміріндегі рөлі туралы тоқталғым келеді.

Ауыл мектебі дегеніміз ұлттық мектеп. Олай болса мектеп осындағы мәдениет, тәрбиенің ошағы. Қазір осы міндетті ұлттық мүдде тұрғысынан ойдағыдай атқарып келеді. Өйткені кешегі кеңес дәуірінде бой көтерген зәулім-зәулім мәдени орталықтар, кітапханалармен басқа да орталықтар бұрынғы басшылардың жекешелендіру деген желеумен тоз-тоз қыллғаны белгілі. Жекешелендірудің қасіретінен мектеп ғимараты ғана аман қалыпты. Міне, сол аман қалған мектеп ауылдағы халықтың той-думанын, мерекелерін өткізіп, әртүрлі сайыстар жүргізіп, бос уақытын өткізетін мәдени орталығына айналды. Ауылда кітап пен баспаны насихаттайтын, жастарға дене тәрбиесін үйрететін де олардың сауық құратын орны - мектеп. Оның ұйымдастырушысы - мұғалімдер. Олар міндетінен тыс жұмыс жасағаны үшін ақы сұрамайды. Қала жағалап, тайып тұрмаған ауылда қалған бірден бір мамандық иесі, ауылдың киесі! Оларға ақша емес, алдынан тәлім теретін, елдің болашағы болатын ұрпақ қажет! Соларға білім беріп, санасына ұлттық салт-дәстүрді қалыптастырып, халық педагогикасының нәрімен сусындатып жүргенін мақтан етеді. Осылайша ауыл мектебі көштен қалмай, өз міндетін абыроймен атқарып, халқының ыстық ықыласына бөленіп келеді. Ауыл жылдарында атқарылар міндет ауқымды екенін мектеп мұғалімдері жақсы біледі. Жергілікті жердегі мәдениетті көтеру үшін демалыс орындары мен кітапханалар қажет. Іс жүзінде бұл міндет мектептерге жүктелгені белгілі. Өйткені жермен жексен болған мәдениет үйі қайта тұрмасы белгілі. Сондықтан мектеп әлі де мәдени ошақ міндетін қоса атқаратын болады.

Мектепті көтеру арқылы ондағы мұғалімдердің де жағдайын назардан тыс қалдыруға болмайды. Ұлттық намысы бар адам елге қанша жақсылық әкелсе, намыссыз адам сонша кесел әкеледі дейді дана халқымыз. Сол намысы бар бір адам ауылда тұратын болса ол - мұғалімдер.

Осы уақытта мұғалім үгітшілік қызмет атқарып, елбасы саясатын халыққа жеткізіп келеді. Кімге қандай көмек қажет болса, соның басы-қасында мұғалім жүрді. Кеңестік кезіндегі барлық жеңілдіктерден айырылса да мойыған жоқ. Болашағына сеніммен қарап, түптің түбінде жағдайдың түзелетініне өзі де сенді, өзгені де сендірді. Сондықтан ауылмен түп тамыры бір олар қала жағалауға жүрегі дауаламады.

Мұғалімдер шамасы келгенінше қызмет атқарып, елінің, халқының сенімін ақтады. Үкілеген үміті алдаған жоқ. Елбасы өзі бас болып ауылды, ауыл мектебін көтеруге билік басындағылардан бастап, бүкіл елді жұмылдыра бастағаны әліптің артын баққан мұғалімінің абыройын асқақтата түсті. Жоқтан бар жасап, ошағын сақтап, бала оқытып, тәрбиелеп, ауылға ұйытқы болып жүргендер де мұғалімдер. Аз ақшаға жанкешті еңбек етіп, ауыл тұрмысының тауқыметін көтеріп жүргендер де солар.

"Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті сол надан адамның" деген Абайдың аталы сөзіне құлақ аспай ауыл мұғалімдерінің қандай қиыншылықты бастан кешіп отырғанына қарамай (осыдан 9-10 жыл бұрын) ауыл мектебі оқушыларының білімі тайыз, тәрбиесі төмен деп ауыл мұғалімдеріне күйе жаға бастадық. БАҚ-тарға жария еттік. Оны естіп оқыған шәкірттер ұстазға деген құрмет, ілтипатын жоғалта бастады. Осылайша бір кездегі ең бір мәртебелі саналатын мұғалім мамандығына көлеңке түсті.

Ауыл мектебінің жағдайын көтеру - барша ұстаздар қауымының болашаққа деген сенімін нығайтады, мәртебесі асқақтайды. Ұлттың болашағы оның ұрпағы десек - ұрпақ тәрбиешісі ұстазға деген қамқорлықтың күшеюі келешекке кең жол ашары анық.

Дегенмен, кейбір ауылдық жердегі мектептердің сын көтермейтін жай-күйі сол мектептегі мұғалімдердің мәртебесіне де кері әсерін тигізеді. Қазіргі ауыл мектебі қазақ тілінде шығатын оқу әдістемелік құралдарға зәру. Осы мәселені жүйелі түрде шешуге ауыл мұғалімдері үшін жеке пәндерді оқыту, тәрбие жұмысын ұйымдастыруға арналған әдістемелік құралдар көптеп дайындалса деген ұсыныс бар. Әдіскер, ұлағатты, өз ісінің шебері болған ауыл мұғалімдері жетерлік. Тек қана солардың іс өнегесін елімізге тарату, насихаттау ісі жеткіліксіз. Осы жағдай оң шешілетін болса, ауыл мектебі ұстазының мәртебесі асқақтай түсер еді.

Ақмола обл.


Мамырдың 31-і Ашаршылық және саяси
қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Айғайлап ән саламын...

Қуғын-сүргін құрбаны, айдауда жүріп қаза болған Үкілі Ыбырайдың бақилық сөзі үлкен ұлы Есептің кенже қызы Қапия апайдан алынды. Сал баба өміріне қатысты жылт етер деректері бар материалды газетіміздің алдағы сандарының бірінен оқитын боласыздар.

Айғайлап ән саламын халқым енді,
Кең заман маған тарын дүние болды.
Атығай-Қарауылға тегіс сәлем,
Тыңдаған адам болса бұл өлеңді.

Төрт ру, бір Момынның баласы едік,
Шырмалған Қызылкөлдің саласы едік.
Кең жайлау Сарыарқадан қоныс алған,
Атығай-Қарауылдың баласы едік.

Адамға жазды нәсіп әлде қайдан,
Болмайды іс түскенде ешбір айлаң.
Айғайлап күңірентіп Көкшетауым,
Көсіліп мекен еткен сәлем саған.

Мен келдім теміржолға аяқ басып,
Кең жайлау Сарыарқаға амандасып.
Жиылып өңшең маңғаз зар жылады,
Көзінен қанды жасы араласып.

Будақтатып бұрқылдап пойыз кетті,
Көкшетау айналайын, көрем бе енді.
Жан даусын Ыбырайдың қамыққанда,
Қалың ел ардақтаған білер ме еді?!

Хан, қара, Алаш демей қолымды алған,
Кез келген жарлы-жайсаң таңырқаттым.
Ортаңда бұлбұлдайын сайраушы едім,
Осылай қайран дүние жабырқаттың.

Желпініп етек жайған жерім қалды,
Тізелес бірге өскен елім қалды.
Ортаңда ақиықтай саңқылдаушы ем,
Есенбай, Шоқтыбайдай елім қалды.

Дәм айдап халайық шықтым шетке,
Алла нәсіп етпесе үміт етпе.
Дүниеден қазам жетіп өтіп кетсем,
Бақылдық сөзім жетсін қалың көпке!

Жазып алған Төлеген Қажыбаев
Көкшетау қаласы



...үйренгенің өзіңе жақсы

Атамыз қазақ "істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы" демей ме. Щучье ауданындағы Кенесары орта мектебінде балаларды қол өнері мен еңбекке ерте бастан баулиды. Бармақтары майысып, қолдары әжептәуір бейімделіп қалған жоғары сынып оқушыларын былай қойғанда, ортаңғы буындағы оқушылар үшін тігін ісі технологиясы сүйікті пәндерінің бірі. Себебі, бүгінгінің сәнді кәсібі - модельерге баспалдақ киім пішуден басталады ғой.

Сабақта балалар ұлттық қолөнер ерекшеліктеріне де ден қоюда. Мәселен, текемет, алаша, көрпе, бөстек жасағанда ою-өрнектерді орынды қолдануды меңгеріп қалды. Жас шеберлердің жұмыстары жақсы бағаланып, мектептер арасындағы көрмелерде жүлделі орындарды иеленген.


Қажылар қауымдастығы құрылды

Еркебұлан АЛТАЙ

Астанада осы аптада еліміздегі қажылардың бірінші съезі өтті. Оған республиканың бар аймағынан 80-ге жуық делегаттар келді. Съезде Қазақстан қажылар қауымдастығы құрылды.

Съезді ашқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі елімізде 11 млн. мұсылман тұратынын, олардың 5 мыңнан астамы Меккеге барып қажы атанып келгенін жеткізді.

- Съезд және қауымдастықтың негізгі мақсаты, республика тәуелсіздігі мен еліміздегі дінаралық келісімді нығайту үшін барлық мұсылман баласының басын біріктіру, - деді.

Қажылар құптауымен құрылған қауымдастық төрағалығына сайланған Марат қажы Ағыбайұлы осы ұйым өкілдіктерінің енді әр ауданда ашылатынын айтты. Солар арқылы жамағат арасында бірлік пен имандылық тақырыптары насихатталмақшы. Сонымен қатар бұрындары тек жерлеу шараларынан аса алмаған істі әрі жылжытып, исламның тұтас бір мәдениет және әлем екендігіне көз жеткізуді мақсат тұтып отырғандарын мәлімдеді.


Жанаттың жұлдызы

Арман ӘМЕН, журналист

Таяуда Қазақстан Аграрлық партиясы тағайындаған Әбдіраштың Жарасқаны атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Жанат Әскербекқызының Алматыдағы Қазақстан жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде "Ғарыш билер ғұмырымды" атты жыр кеші өтті.

Қазақ қашанда ақынға зәру болған жоқ. Әрісі жыраулардан бастау алған қазақы қара өлеңнің туын көтерген шоғырдың ішінде қыздар творчествосы да ерекше орын алады. Сол азғантай ақын қыздардың арасында өлеңімен өзінше өрнек салып, оқырманын тапқан,

Қаракөз бұлақ, қамықпа жаным,
Қасыңда мәңгі қалып қаламын.
Жалғанның шерлі қарашығынан,
Ап-ащы жас боп тамып барамын.

Қаракөз бұлақ, қайғырма, көкем,
Ілесіп саған айдынға кетем.
Айкезбе қылмай ақымақ қызды,
Тәңірім неге ай қылмады екен,
- деп жырлайтын
Жанат та бар.
Шығыс Қазақстан облысының, Тарбағатай ауданының, Құйған ауылында дүниеге келген Жанат 7-ші сыныптан бастап жыр жазуға ден қойған. Бәрімізде ауылдан шықтық дегенмен өскен топырақтың бояуын өзіне тән нақышпен келтіре алатын творчество адамы болуды әркімнің маңдайына жазбаған. Сағыныш па, махаббаты ма, әйтеуір әсершіл қыздың жүрегі сол ауыл деп соғады.
Көмкеріліп сұлбасы сағымменен,
Алыстап бара жатыр ауыл менен...

...Ауылымның суреті шыққа толған,
Ішінде тұрып қалды қарашықтың,
- дейді ол.
Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң Жанат туған ауылында біраз жыл ұстаздық қызмет атқарды. Кейінде Шығыс Қазақстан университетінде қызмет етсе, қазір Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет істейді. Филология ғылымдарының кандидаты.
Төрт кітап шығарып үлгерген ақын қызға бізде жұлдызың жоғары бола берсін демекпіз.


Езу тартар

Емтихан үстінде:
- Адам құрылымын айтып беріңіз?
- Ол әрқилы ғой. Біреу байшыкеш, біреу қаңғыбас.

***
Науқасқа дәрігердің көп жуымағаны жақсы. Ол алыстау жүрсе, адамның жаны да тыныш болады.
***
Иогтардың халықаралық байқауында демін ішіне тартумен 73 жыл ғұмыр кешкен Рабинович бірінші орынды иемденді.


ЕСТІМЕГЕН ЕЛДЕ КӨП

Якорьдағы үйлер

Су ортасында тұрған голландиялықтар ғасырлар бойы одан қорғанып, бөгеттер салып келді. Алақандай аумақ үшін табиғатпен арпалысып, жер көлемін жасанды жолмен ұлғайту ісі үзбей жүргізілуде. Енді тыңнан бастаған мына жаңалыққа қарап, табиғаттың дүлей күшіне төтеп бере алмасына көздері жетіп, онымен күресуден гөрі тіл табысуды жөн санағандарын байқауға болады. Осы айтылғанның дәлелі, Амстердамнан оңтүстік-шығысқа қарай 100 шақырым жерде салынып жатқан амфибия-үйлер жобасы.

Оның Голландиядағы көптеген каналдар жағасынан тұрақ тапқан қайық үстіндегі үйлер және Азиядағы қалқып жүрген елді мекендерден айырмашылығы, табаны жерге орнықтырылып салынады. Ал, су деңгейі көтерілген кезде іргетасы цементтен құйылып, қабырғасы ағаштан жасалған баспана кеме тәрізді суда жүзіп шыға келеді.

Іргесі жерге бекітілмеген ол тол- қын айдап кетпес үшін сусымалы шығыршықтар арқылы бес метрлік свай қазықтарға бекітіледі. Ал, электр сымдары, су құбыры, шайынды су жүйесі осы свай ішіне орнатылған солқылдақ құбырлар арқылы өтеді. Мұндай елді мекеннің артықшылығы, құрылыс жүргізуге жарамсыз жерлерде орнатуға болатындығында. Солардың бірі, Маас өзені алқабындағы бөгеннің сыртынан бой көтеруде.

Бұл жаңалық Еуропадағы ең тығыз қоныстанған елде пышақ үстінен үлестірілетін құрылысқа арналған жер телімі мәселесін оңтайлы шешеді, - деп хабарлайды жобаны жасаушы Dura Vermeer компаниясының өкілдігі. Қалқымалы үйлер таяудағы 50 жылда жерге деген зәрулікті 40 процентке төмендетуі мүмкін. Бағасының удай екенді- гіне қарамастан қазірдің өзінде нарықта зор сұранысқа ие көрінеді.


Қолқанат

Бостонда 1979 жылдан бастап адамдарға қолқанат ретінде көмекші маймылдар дайындалуда. Қазір осы орталықтан шыққан 10 жастан асқан 90 маймыл Америкадағы мүгедек адамдардың қолын ұзартуда. Олай дейтініміз арнайы оқытылып дайындалған көмекші маймылдар қимылдауы қиын кембағал жандардың айтқандарын бұлжытпай орындауға дағдыланған. Мысалға беру, алып келу, үнтаспа айырбастау, шам жағу, кітаптың бетін аудару секілді толып жатқан ұсақ-түйек шаруаларды атқара береді. Бұл көмекшілердің сұранысқа ие болғаны соншалықты қазір осы орталықта 200 адам маймылдарға зәру болып, оларды тағатсыздана күтуде. Сонымен қатар тағы 500 өтініш қаралуды.

Бұл жаңалықтың иесі психолог - доктор Уиллард. Жақында ол тұңғыш "Маймылдар колледжін" ашты. Енді мұнда жыл сайын 20 көмекші дайындалатын болады. Жалпы, осы адамзат қолқанатын дайындауға 25 мың доллар көлемінде шығын кетеді. Бірақ бұл дайын көмекшілерді қажетсінетін кембағал жандар оларды тегін алады. Негізінен маймылдар 40 жасайтын болғандықтан, олар адамдар үшін қалған өмірінің серігі болып қалмақ.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ   

   
Колонки
Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"