Газета издается с 10 декабря 2002 года. Выходит по пятницам.
   Услуги Web-дизайна
Вместе с нами



Валюта, погода

Kazakhstan Financial Market
вся погода



Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

"АСАУ" тұсауға тоқтай ма?

Еркебұлан АЛТАЙ

Аптаның басында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалығымен өткен республика Ұлттық кеңесі жиналысында Үкімет ұсынған тұрғын үй құрылысын дамыту бағдаралмасы талқыланып, мақұлданды. Бағдарламаны іске асыру барысында шамамен 3,5 миллион қазақстандық үшін баспана мәселесі түбегейлі шешілмек. "Мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктер мен қолдауларға тұрғындардың жекелеген топтары ғана ие бола алады. Жаңа бағдарлама республикамыздағы баспана мәселесін жақсартуға сепетігін тигізеді, бірақ ешкімге де тегін берілмейді", - деп атап өтті Президент.

Премьер-министр Даниал Ахметовтың айтуынша, бағдарлама жобасы бойынша 2005-2007 жылдар аралығында Қазақстанда мемлекет есебінен 12 млн. шаршы метр тұрғын жайлар салынады. Үш жылдық бағдарламаның орындалуы үшін бюджеттен 150 млрд. теңге бөлінбек. Қаржының дені, яғни 130 миллиарды түбінде қазынаға қайта түсетін болады.

Бағдарламада Қазақстан ипотекалық компаниясына айрықша міндет жүктелуде. Мемлекеттік бюджет есебінен оның жарғылық капиталы он есеге өсіп, басқару тізгіні Ұлттық банктен Үкімет қарауына көшеді. Қаржыландыру мәселесінде министрлер кабинеті облигациялар шығаруға көшеді. Осының нәтижесінде ипотекалық несие ставкасы 10 проценттен жоғары болмайды. Алғашқы жарна сомасы біртіндеп пәтер бағасының 15 процентінен 10 процентке төмендейді. Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы жинақ банкі салымшыларды тарту мақсатында алғашқы салымдардың мөлшерін пәтер бағасының 50 процентінен 25 процентке төмендетеді. Ал, несие төлеу мерзімі 15 жылдан 25 жылға дейін ұзартылады.

Сонымен қатар арнайы қаржы институттарының күшімен тұрғын жай құрылысы проблемасын шешу жолын Үкімет жергілікті атқарушы органдарының тұрғын үй бағдарламасы бойынша өсімсіз несие беру арқылы да шешпек. Бұл сома әр жыл сайын 42 млрд. теңге болмақ. Пәтерлері бар адамдардың тағы да тұрғын үй алып, оны саудаға салу немесе жекешелендіру жағдайларын болдырмау үшін бағадарламаға несиелеу және сату ережесі енгізіліп, қатты қадағаланатын болады. Соғыс ардагерлері, мүгедектер және көп балалы отбасыларға жаңа бағдарлама бойынша әр облыста жыл сайын жекешелендіруге жатпайтын 100-ден артық коммуналдық үйлер салынады. Осы мақсатқа республика бойынша үш жылда 18,9 млрд. теңге жұмсалады.

Қазақстан таяуда үлкен құрылыс алаңына айналады, - деп мәлімдеді Премьер-министр. Бағдарламаны іске асыру барысында 45 мыңдай адам жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Мекен-жайлардың сәулет кескіндері жақсарады. Мемлекеттік бағдарламада құрылыс материалдарын импорттауды азайтып, керісінше, отандық өндіріс өнімдерін көптеп пайдалану көзделуде. Құрылыс компанияларынан түсетін салық мөлшері көбейіп, 80 млрд. теңгені құрамақшы.

Тұрғын үй бағдарламасы жөнінде Парламент депутаттары, басқа да салалар өкілдері пікірлерін айтты.

- Құрылыс компаниялары басшылары жер учаскесі мен құрылыс материалдарының қымбатшылығын алға тартып, салықты уәж еткендерімен тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы бұрынғысынша 350 доллардан аспауы керек,-деді елбасы. - Бұл Астана, Алматы және кез-келген басқа қалаға қойылатын ортақ талап. Нақтылай айтқанда ол элиталық үйлерге емес, мемлекет бақылауындағы эконом-класты тұрғын үйлерге қатысты.

Таяуда Парламентте профицит жөнінде бюджетке өзгерістер енгізіледі. "Артық ақшалар" аймақтарға шаршы метріне 350 доллардан артық емес тұрғын үй салуға өсімсіз несиелер беру үшін жұмсалады.

Бұрынғы Одаққа мүше елдер арасында қордаланған мұндай мәселеге әлі ешқайсының жүрегі дауалап барған емес. Егер осы жоспар іске асатын болса, экономикалық даму деңгейінде еліміз көршілерден көш ілгері кетпек. Ал, Даниал Ахметов кабинеті "тұрғын үй реформасының локомотиві" деген атаққа ие болушы еді.

Баспана мәселесінде бағы ашылмай-ақ қойған қазақ осы бағдарламадан үмітті. Жалына қол салдырмайтын шу асау секілді көрінгенімен қай істе болсын "қалауын тапса қар жанады". Елдің ендігі үміті сол "асауымызға салынған құрық" қапы кетпесе игі.


Фракция қатары толықты

Ғали Сағдиұлы

Парламент Мәжілісінің сәрсенбі күнгі пленарлық жиналысында палатадағы Аграрлық партия фракциясының жетекшісі Ромин Мадинов аталмыш депутаттар бірлестігі құрамындағы өзгерістер туралы хабарлады. Енді аграршылар қатарын депутаттар Владимир Косарев және Василий Максимонько толықтырды. Құрамына 11 халық қалаулысын біріктіріп отырған Аграрлық партия фракциясы бүгінде Парламенттегі қуатты күштердің бірі.

Қазақстан Аграрлық партиясы баспасөз қызметінің хабарлағанындай, аграршылар фракциясын таңдау себебін Владислав Косарев "Парламенттегі жұмысы нәтижелі фракция және олардың ұстанымы өзіме жақын" деп түсіндірді. Мәжіліс депутаты Аграрлық партия фракциясы депутаттарының қызметін жоғары бағалап, "алға қойған мақсаттарына жетуде табандылық танытуда және республикамыздың қалыптасуы мен дамуына бағытталған бірқатар заңдардың қабылдануына ұйытқы болды" - деді.

Владислав Косаревтің әрекеті коммунистік идеяны жақтаушы мыңдаған адамдар арасында да қоғамда орын алған өзгерістерге тап осылайша үн қосуға даяр топтардың бар екендігін және реформаны жүргізуде батыл әрі белсенді қадамдарға баратын азаматтардың төбесін көрсетеді. Атап өтетін жайт, В. Косаревтің артында Серікболсын Әбділдин ұстанған саясатты жақтамайтын "солшыл" электораттың айтарлықтай бөлігі тұр.

Аграрлық партия фракциясына Азаматтық партиядан Василий Максимоньконың өтуі екі қоғамдық бірлестіктің палатадағы мемлекеттік мүддені бірлесіп қорғаудағы ынтымақтастығының белгісін көрсетеді. Осыған қарап, екі партия алдағы сайлауға тізе қосып бара жатыр деп қабылдамау керек. Себебі, Азаматтық партия секілді Аграрлық партияның артында да қалыптасқан тұрақты электораты бар.


Айтайын дегенім...

АТАУСЫЗ МЕКЕНДЕР

Ербол КЕРІМБАЙҰЛЫ

Бүгінгі әңгімеміздің өзегі - тіл мәселесі бұған дейін де талай айтыс-тартысқа себеп болған. Сонымен қатар тілге қатысты өзекті мәселелерді қозғап, бірді-екілі қазақтың көкірегіне "шоқ салуды" міндет тұттық.

Журналистік жұмыспен талай жиын, алқалы топтарда болғанда, осы бір күрмелген мәселенің мәнісіне жете алмадық. Жаңағылардың әріп қатесі мен аудармасына емес, айқайлап тұрған ауыл атауларына "қарныңыз ашады". Мысалға, Астанадағы Пригородныйдың қазақшасы "қала маңы" деген мағынаны білдіреді. Мұның ыңғайы аты жоқ ауыл дегенді меңзеп тұрған жоқ па?! Железнодоржный да әйтеуір теміржол бойы дей салған нәрсе. Тарихи атау болса бір сәрі. Әгәрәкім, алыстан бір бауырымыз келіп: "Ел болған екенсіңдер, бірақ мынау атауларың не? " десе, қалай жауап қайтарар екенбіз. Бүгінде Арқаның төрінде әлемге әйгілі Астанамызды тұрғыздық деп күпілдегені- мізбен толып жатқан мекен, ауыл атауларына әлі күнге дейін мән берілмеуі біздің керенаулығымызбен жалқаулығымыздың айғағы емес пе?! Ауыл, кент әкімдерінен "Осы атауларды неге өзгертпейсіздер? " деп сұрасаң, "Біздің қолымыздағы шаруа емес, бұған халықтың ықыласы болуы керек, солар мақұлдаса ғана өзгертеміз" деп жауырды жаба тоқиды. Сонда ел айтады екен деп, әкім-қаралар ештеңе істемей отыра беруі керек пе? Ел-жұрты әкім-қараларға сенген, әкімі жұртына сенген біздің жағдай осындай. Ал, осы мекендердің 70 проценті қазақ бола тұра, дым сезбегендей, ештеңе білмейтіндей алаңсыз отырған жайымыз бар.

Тағы бір ойланатын жайт, мұнан кейінгі ауыл, кент атауларына жер-судың тарихи әу бастағы болмысына сүйеніп, болмаса сол мекеннің ертедегі өз атын қою шарт. Мысалға, қазіргі Көкталдың қазақи, табиғи аты неге тұрады?! Бұл да таяуда ғана өзгертілді.

Қазақстанның көп жерлері сонау 90-шы жылдардың басында Кеңес өкіметі құлағаннан кейін демде ауыл, ауданның бұрынғы атауларын қайтарды. Көптеген мекендер асығыстықпен сол жерлерде туған, өмір сүрген атақтылардың атымен аталып кетті. Мектебі де, көшесі де, ауылы да сол. Мұның кері әсері, барлығы бір адамның құлақ кесіп ен сал-ған меншігі тәріздес көрініп тұрады. Осы ретте жеке адам басын әспеттеу емес, жер-судың ежелгі табиғи атын қайтару әлдеқайда әсерлі, әдемі, әрі рухын да асқақтатып тұрады. Мысалға, Қараөткел, Шұбар, Көктал, Сарыарқа, Баян- ауыл… әдемі атаулар емес пе?!

Ал, Астанаға қарасты кенттер атауларына осыдан кейін қалай қынжылмассың. Осы кенттерде әкімдердің мұрындық болуымен ақсақалдар кеңесі құрылған. Соларына қарап, қариясы бар ауылдарды иман "ұялаған" шаңырақтар екен-ау деген жылы сезім қылаң бергенімен, әкімдер мен халықтың біріне-бірі сеніп жүргені несі. Ақылды әкім халықты өзі сөйлетсе керек еді. 1998 жылдан бері Астана қаласы бойынша жетпіске тарта көше атаулары өзгертілген. Қалаға қарасты Сарыарқа ауданындағы екі кенттің де атаулары қазақша. Олар: Көктал мен Өндіріс. Ал, Алматы ауданындағы төрт кенттің атаулары "таза" қалпында: Железнодоржный, Промышленный, Пригородный, Интернациональный. Осыған қарап екі аудан әкімдіктерінің өз бағаларын өздері беріп отырғанын көреміз.

Осы мақаланы жазу барысында тиісті орындардағы жауапты адамдармен ой бөліскенімізде көшеге атау беру дегеннің өзі тұнып тұрған саясат екен ғой деп таңдай қағады. Мысалға Астанада Махамбет атын беретін лайықты көше табылмаған. Үлкен даңғылдар бұған дейін еншіленіп қойыл- ған. Ал, жай көшелерді беру ыңғайсыз. Ақыр соңында оқушылар сарайын Махамбет атымен атауды ұйғарған.

"Жыр түзелді, тыңдаушым сен де түзел! " демеп пе еді дана Абай. Ендеше ел еңсесін көтеріп, шаңырақ түзелгенде маңдайшаңа бір қараған абзал шығар.


Бәсекелестікке бастар бағытпен

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЕВ, журналист

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тың және тыңайған жерлерді игерудің 50 жыл толуы құрметіне арналған салтанатты мәжілістегі баяндамасында ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, толайым сауданы дамыту және халық- аралық стандарттарды енгізу саласында да елеулі серпіліс жасау керектігін алға міндет етіп қойды. Сондай-ақ биылғы Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауында агробизнестің бәсекелестік жүйесін қалыптастыруды шешу міндеті алдымен аталды.

Ал, осынау бағыттарда аграрлы ірі аймақ саналатын Жамбыл облысында үлгі етерлік істер баршылық. Ауыл шаруашылығы тауарларын өткеруде өзара бәсекелестік орта қалыптастыру және облыс тұрғын халқын арзан азық-түліктермен қамтамасыз ету мақсатында атқарылған шаралардың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысы жолға қойылып отырылғаны алдымен айтуға тұрарлық. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп ұқсатумен айналысатын кәсіп- орын, цех, шағын зауыт саны бүгінде 410-нан асып отыр. Оларда 8,5 мыңнан аса адам еңбек етеді. Өткен жылы ғана осы кәсіпорындар 18 миллиард 387 миллион теңгенің (2002 жылы 15 миллиард 916 миллион теңге) өнімдерін шығарған.

Ұқсатушы кәсіпорындардың қатары жылдан-жылға толығып келеді. Былтыр ғана Меркі қант зауыты, "Булгарконсервіөндірісі" біріккен кәсіпорны. "БМ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі республикадағы бірегей клейковина (дән уызын) шығаратын цехы іске қосылды.

Міне, осылардың ішінде Қордай ауданындағы "Булгарконсервіөндіріс" кәсіпорны өткен жылдың мамырында өз қаржыларына көкөністерді қайта өңдейтін зауыт тұрғызды. Онда тәулі- гіне 450 тонна қызан (помидор), 10 тонна қиярды өңдеуден өткізіп, 6 мың қалбыр баклажан уылдырығын дайындайды. Өткен жылы аграрлық секторға 231 миллион теңге инвестиция тартқан кәсіпорын облыс тұрғын халқын ұқсату өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында биыл 3 мың тонна томат концентратын, 2 миллион қалбыр кәді (кабачковый) уылдырығын және 3 миллион қалбыр қияр шығармақ.

Және де өнім өндірушілер енді қайда сатамын деп қинала қоймайды. 1998 жылы облыста 14 көтерме сауда базары болып, жылдық тауар айналымы 1,3 миллиард теңгені құраған еді. 2003 жылы олардың саны 23-ке жетті, жылдық тауар айналымы 2,3 миллиард теңгені құрайды.

Жамбыл обл.


"Мүйіз сұрап, сақалдан айырылды"

Біз тұратын Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар, Бейнеткеш ауылдарына ауызсу құбыры тартылатын болыпты дегенді естігенде қатты қуандық. Құбырды жүргізген "Мастер" ЖШС-і ауылдың қақ ортасынан құбыр тартып, жолымызды қазып тастады. Енді, міне, бұл жұмыс екі жылға созылып барады. Жолымыз ойдым-ойдым болып, ол жатыр. Құбыр тартылып біткенімен ауызсуға әлі қарық бола қойған жоқпыз. Құбырдан су ақпай тұр. Су жинайтын арнайы қондырғыда бір ақау бар деп естиміз. Бұзған жолды жөндеп беруін сұрасақ "Мастер" ЖШС басшылығы: "Әлі жұмыс аяқталған жоқ. Құбырды пайдалануға тапсырған кезде жөндейміз" дейді. Онсыз да екі жыл бойына жол азабын тартқан халық, бұл істің сөзбұйдаға салынып кетпесіне күмән келтіреді. Мүйіз сұрап, сақалдан айырылды деген осы да.

Жалпы, осы құрылыс жұмыстарын жүргізуді тендерде жеңіп алатын компанияларға қайранбыз. Кімді алдайды? Қыруар қаржы алып, істі сағызша созады. Облыс, аудан басшыларын халықтың алдында жаманатты ететін де осындай компаниялар. Тапсырыс беруші мекеме басшылары да қырағы болса қайтеді?

Ауылға ауызсу келеді деп екі жылдан бері жайрап жатырмыз. Көшені ретке келтіріп, көркейтейік десек, көшемізді бомба жарып кеткендей ойдым-ойдым.

Ауыл тұрғындары - Тағайбек Абдуллаев, Қараман Серкебаев, Күмісбек Асановтардың айтуы бойынша жазып алған Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ

Оңтүстік Қазақстан обл.


ОТЫНҒА кенелді

Қосарқан ШАҚАНОВ

Қарақия ауданы нарықтың қыспағынан зардап шегіп, шаруашылықтар тынысы тарылған кез тұрғындар есінен әлі кете қойған жоқ. Кезінде шаруашылықтарға шама-шарқынша қол ұшын берген іргелі кәсіпорындар жабылып, кейбір шаруашылықтар жабылудың аз-ақ алдында қалған. Ел экономикасының аяғынан тұра бастағаны алыстағы ауыл өміріне де ажар үстегендей болды.

- Ауыл жылдары ауданымызға серпін берді, - дейді аудан әкімі Бақыт Бейсенов. Әлеуметтік салаға қыруар қаржы қаралып, оған түрлі мәдени демалыс кешендері, жанұялық амбулаториялар, жол салу жұмыстары іске асырылса, кейбірі жылдың жүзі ауар шақта пайдалануға берілмек.

Ең басты қуанышымыз Қарақия ауданының елді мекендері түгелдей дерлік газдандырылды. Иә, алтын бесік, ауыл гүлденсе қай қазақтың да несібесі артады ғой. Маңдайын жарқын болашаққа түзеген ауылдың алдынан ақ күн туғай.

Маңғыстау обл.


ДӘРІГЕР - ФЕРМЕР

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ, журналист

Қазір істің көзін тауып, адал еңбек, маңдай терімен ризық-несібесін тауып жүрген табанды азаматтар аз емес. "Осипов" шаруа қожалығының жетекшісі Сапарбек Осипов болмыс-бітімі келіскен, мінезге бай, ақкөңіл жігіт екен. Шаруа қожалығын қолға алғанына екі-үш жыл ғана болыпты. Алғашқы кезде жалғыз "Газ-51" машинасынан өзге техникасы болмаған фермер сол көлігімен-ақ күндіз-түні тынымсыз еңбектеніп, едәуір көтеріліп қалыпты. Соның арқасында трактор, комбайндардың басы құралыпты.

Жоғары білімді, негізгі мамандығы тіс дәрігері Сапарбек шаруашылығы жайлы:

- Мына астық қоймасын өткен жылы жаздай бала-шағамен жабылып жүріп қалпына келтірдік,-дейді еңселі ғимарат тұсына келгенде. - Оған жапсарлас техника жөндейтін жылы шеберхана салып алдым. Бұл бұрынғы екі қабатты тұрғын үйдің иесіз қалған қаңқасы ғой. Қайта қажетке жараған қоймада кемінде бес жүз тоннадан артық астық сақтауға болады. Ана жылы шеберхана ішіне екі трактор емін-еркін сияды.

Ендігі жерде егіншілікпен шектелмей, мал шаруашылығын да қатар жүргізсем деген ойым бар. Соған арнап мына 20-30 ірі қараға арналған мал қорасын тұрғызып жатырмын. Бұйыртса, күзгі жиын-теріннен соң осы шаруаға да бел шеше кіріспекпін.

Қазір алғашқы жылдардағыдай емес, шаруашылық ұлғайған сайын жұмыс та көбейе түсуде.

Жалғыз адамға ауыр тие- тіндіктен, биыл қолынан іс келеді, техниканы жақсы біледі деген үш жігітті жұмысқа алған.

Зайыбы Дариғаның да мамандығы дәрігерлік. Қыздары Динара Егіндікөл орта мектебінде оқиды. Ал, ұлы Дулат Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушысы, бокспен айналысады. Әлденеше жарыстың жүлдегері атанып үлгерді. Жуырда Шымкент қаласында өткен республикалық сайыстан күміс жүлдемен оралды.

Қара жұмыстан тартынбайтын қасиетті ол спорттың арқасы деп біледі. Дәрігерліктен де біржола қол үзіп кеткен жоқ. Бірер жыл бұрын "Жастар орталығы" деп аталатын шағын бір дәмхана ашқан екен. Онда аудан жастарының ойын-сауығы, жастардың үйлену тойы т.б. секілді думанды кештер өткізіліп тұрады. Енді осы ғимараттың бір бөлмесінде тіс емдейтін құралдар орнатуды жоспарлауда.

Сапарбек бауырымыз біздер қойған сауалдар төңірегінде осылайша әңгіме өрбітті. Айтса айтқандай, шаруашылығы тынымсыз еңбек, маңдай тердің күшімен ілгері басыпты. Асылы, азамат жігерлі, қажырлы болса алмайтын қамал қалар ма?! Шіркін-ай, дейміз, осы Сапарбектей жігіттердің табандылығынан қала базарларында арба сүйреп, болымсыз тірліктің соңында жүрген қазақ ұлдары үлгі алса еді. Бабаларымыз "мал таппайтын жігіт болмас, құрарын айт" деген аталы сөзді біздерге бекер қалдырды дейсіз бе?!..

Ақмола обл.


Көкжиек қайтсе кеңейтілді

Ерболат ЕСІЛ

Елбасы жолдауында келесi жылға дейiн елiмiздегi мектептердiң 75 процентін интернет жүйесiне қосу міндеті қойылған. Облыстық бiлiм беру департаментi бұл орайда арнайы бағдарлама қабылдап, тапсырманы биыл орындаймыз деп отыр. Бiрақ, бүкiләлемдiк жүйеге қосылған мектептердiң өзiнде балалар бұл қызметтi толық тұтына алмай отыр.

Облыстық бiлiм беру департаментiнің арнайы бағдарламасына сай жыл басынан берi бұл мақсатқа екі миллион теңге бөлiндi. Департамент мәлiметтерiне қарағанда облыстағы жалпы бiлiм беретiн 722 мектептiң 312-сi интернетке қосылған.

"Қазақтелеком" ААҚ интернет қызметiнiң провайдерi. Оның тарифi бойынша бүкiләлемдiк жүйенi қолданғаны үшiн тұрғындар сағатына 140 теңге, мектептер 120 теңге төлейдi. Телекоммуникациялар дирекциясының Кеңейтiлген Сервис орталығының бастығы Дмитрий Ботяевтiң айтуынша мекемеде алыс елдi мекендерге дейiн телефон байланысын тартып, ондағы бiлiм ордаларын интернет жүйесiне қосуға техникалық мүмкiндiктер бар. Облыс орталығына iргесi тиiп тұрған Борки кентіндегі 16 мектеп биыл ғана осы жүйеге қосылыпты. Жылдың соңына дейiн бөлiнген 10 мың теңге айына 13 сағат қана әлемдiк жүйеге шығуға мұрсат бередi. Бұл мұндағы бiр оқушы жүйе қызметiн айына шамамен 5 минут қана тұтына алады деген сөз. Сондықтан мұндағы мұғалiмдер мектептердi интернетке қосып қана қоймай, оны пайдалануға тиiстi қаржы бөлiнсе деген пiкiр айтуда.


Киiк киесi ұрмасын

Арман ӘМЕН

Тіршілік атаулы мамыржай күйге еніп, енді-енді күннің шуағын сезіне бастаған көктемнің жазға ұласар соңғы айының орта шенінен асатын тұсында Сарыарқаның төсін бір қарып өтер суық түсіп, қоңыр салқын жел еседі. Дәл осы сәтте оңтүстіктен табиғат ананың сұлулықты аямай-ақ беріп, бірақ қорғансыз етіп құя салған ақбөкендер заманалар бойы ен жайлауы болған осы өңірге жөңкіледі. Құралайын өргізер уақыт та осы тұс. Тек өліарадай болған осы мезгілден өтіп кеткен киіктің құралайы мұнан кейін ұшқан құс қана теңесе алар сағым нұрға айналып аяқтанады-мыс.

Құстың киелісі аққу болса, аң атаулының киелісі - осы киік баласы. Сайын даланың ежелден-ақ сәнін келтіріп сан жырға арқау болған сол бейкүнә жануардың дәл бүгінгі халі мүшкіл.

Жалпы Қазақстан аумағында киік баласы үш бағытта жосиды. Ол Бетпақдала (Бетпақдала, Арал аумағы, Қарақұм, Торғай), Үстірт (Үстірт, Маңғыстау, Ембі, Сағыз) және Орал (Еділ, Орал өзендерінің аралығы) аумақтары. Сиреп қалған ақбөкендер туралы ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты орман және аңшылық шаруашылығы комитеті бас- қарма бастығының орынбасары Ергелді Сәрсенбаевтың деректерінше, қазір киіктің жалпы саны 30 мыңға таяу. Әрине, кезінде осынау сайын далада 1 млн. 220 мың бас шамасында киік жортқан болса, зауалдың кесірінен 1992 жылғы санақта бас-аяғы 30 мың қалған. Ал, оның орнына 2002 жылмен салыстырғанда 2003 жылы Қазақстандағы киіктердің саны 30 мыңнан 21,2 мыңға азайған. Мұның себебі, үстіртке ауатын киіктердің көші Қарақалпақ аумағында кешігіп қалғанға ұқсайды. Ал, киіктердің биылғы ұзын саны 29,5 мың көлемінде болып отыр. Оның ішінде Бетпақдалада 7,1 мың үстіртте 15,0 мың, Орал өңірінде 7,5 мың шамасында.

Дегенмен, дәл осы уақытта сол шіркіннің маң далада осынша бас қалғанына да күмәнданады былайғы жұрт.

Бұл зауалды тоқтату үшін республика Үкіметі 1999 жылы киік аулауды доғару туралы "Киіктерді қорғау мен оларды көбейту шаралары жөнінде" қаулы да қабылдаған. Бірақ қаржы мәселесінің тыңғылықты шешілмеуінен бұл шаруа іске аспай қалды. Тек өткен жылы бөлінген ауыз тұшытарлық 57,5 млн. теңгенің көмегімен нақтылы жұмыстар жүргізіле бастаған. Ал, биыл киікті қорғауға 80 млн., есеп жүргізу жұмыстарына 9114 млн. және қасқыр ату шараларына 10 млн. теңге бағытталып отыр. Соның нәтижесінде аймақтарда вахталық әдіспен жұмыс істейтін жедел топтар құрылды. Көлік, радиостанция, спутниктік телефондар, бейнекамералар, фотоаппараттар, түнгі көру дүрбілері, жергілікті аумақ карталармен жасақталған 7 отряд пен 10 күзет тобы қазір киікті қорқаулар мен жыртқыштардан қорғауда.

Өткен жылы киіктерді қорғау үшін "Охотзоопром" ӨБ" РМКК күзет қызметінің бес көлігімен 60-қа тарта инспекторлар облыстардағы орман және аң шаруашылығы басқармаларының өкілдері және полиция қызметкерлерімен бірге жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде киік аулаудың 14 дерегі анықталды.

Заман тыныш болған әу бастағы қазақтың тұсында текті мергендер ғана талғап ататын киікті кейінгі ғылым мен техниканың дамыған уақытындағы темір құрсанған мергендер әуелі ермек үшін де атқан. Бірақ, сорақысы кейін басталып, етін бала-шағаға талғажау деп аулағанды қойып, дәріге жарайтын мүйізі үшін жайрататын болды. Киікті соңынан құмарта түсіп қуып, ақыр соңында қия құздың басында аңырап адасып қалатын аңшының зары бүгінгінің бәңгісіне жетпейді. Киесі барын білсе де санасын ақша деген сайтан иектеген болу керек. Сол мыңғырған киік Сарыарқаның ұшан-қиырсыз иен даласына сыймай, бір кездері (80 жылдары) табынның қалыңдығынан бірін-бірі итермелеген қалпы ауыл түгілі аудан орталығына кіріп кеткен кездері де болған. Ол да бір заман екен.

Ал, басар жері қалмаған бейшара зәрезап киік маң далада өз көлеңкесінен қорқатын жағдайға жетіп, жер бетінен күдер үзіп, мәңгіліктің шыңына бет түзеп, елеске айналып аспан-тауға ауып барады...

Табиғаттың тілін білетін көнекөз қариялардың айтуынша, әгәрәкім даладан киік жоғалып кетсе киесі ұрып, киікоты болған шөптен жер-жаһанға оба тарайды-мыс. Ал, қазіргі заманның зауалын сол азғантай қалған дәрменсіз аңның киесімен байланыстырады. Соған қарап, сан ғасырдан киікпен бірге көшкен адам баласы өркениет көшіне ауысып, сон-а-ау құзға өз аяғымен бара жатқан жоқ па деген қияли уәж туындайды.


Маман кеңесі

АУЫРЫП ем іздегенше...

Әлия ІЗБАСТІНОВА,
Астана қалалық туберкулезге
қарсы диспансерінің дәрігері

Туберкулез адам ағзасына таяқшалар арқылы ұя салады. Мұндай жағдайда ауруға өкпе ғана емес, бүйрек, ми, омыртқа, ішкі құрылыс, көз жанары, бездер, жыныс органдары, буындар да шалдығады. Аурудың қауіптілігі сол, туберкулезге 20-40 жас аралығындағы күш-қуаты толысқан, әрі ұрпақ таратуға бейім кездегі адамдар шалдығады. Соңғы жылдары осы ауруға бала туатын әйелдердің көптеп шалдығуы алаңдатып отыр.

Оған шалдыққандардың жалпы санының 80 проценті әйелдер болса, соның 66 проценті бала туатын жастағылар. Туберкулезбен жүктілік бірқатар мәселелерді алға тартуда. Соның бірі, жүктілік, бала туу және сәбиді емізудің туберкулез процесінің басталуына әсері болса, екіншісі, туберкулездің жүктілікке, бала тууға, сәби және ана денсаулығына әсері.

Туберкулез жүктіліктің және бала туудың асқынуына, жүктіліктің бірінші, екінші кезеңдеріндегі жеріктілікке, шаранадағы судың мезгілінен бұрын кетуіне, сәбидің өлі тууына, кемтарлығына, босанғаннан кейін қан кетуіне, ақыр соңында ананың қазасына әкеп соғуы мүмкін. Ауру асқынған сайын ана мен бала денсаулығына келер кесел солғұрлым көп болмақ.

Жүктілік, бала туу және туудан кейінгі мерзім әйел бойындағы туберкулездің жасырын белгісінің өршуіне әсер етеді. Себебі, жүктілік ағзадағы барлық жүйені толық күшімен жұмыс істетеді. Сондықтан онымен ауратын әйелдің жағдайы ауырлай түседі. Осы кезеңде ананың жүйкесі жұқарып, жүрек, қан тамырлары жұмысы ауырлап, бүйрекке салмақ түсіп, ол өз кезегінде ұрыққа қажетті қосымша азықтың бөлінуіне қиындық туғызады. Ұрық сүйегін қалыптастыруға қажетті кальций ана қанынан басқа, бұрын туберкулез ошағы болған тұстардан да алынады. Соның әсерінен ткандер жұмсарып, ол туберкулездің қайта бас көтеруіне себеп болады.

Әйелдің жүкті кезінде бойынан табылған осы науқасы немесе босан- ғаннан кейін 6-9 ай арасында анықталған ауру зардабы өте ауыр. Жүктіліктің екінші кезеңінде жатыр ұлғайып, кеуде және іш тұсындағы қысымның ара қатынасы өзгергенімен, өкпе жұмысы бірқалыпты болады. Алдамшы жағдай науқастың сергек сезінуіне әсер етеді. Алайда бала туғаннан кейін ағзаға түскен қосымша күш, жоғалған қан, иммундық және гормональдық деңгейдің өзгеруінен ана денсаулығы күрт төмендейді.

Ана бойындағы туберкулез науқасының дамуына немесе күрт асқынуына емізудің әсері болуы мүмкін. Бұл кезде ана ағзасында белок, май, витамин, микроэлементтер шамадан артық жұмсалады.

Бойында осы аурудың ізі бар әйелдерге жиі-жиі жүкті болу, сәбиді ұзақ уақыт емізу айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Ол ағзаны әлсіретіп, туберкулездің асқынуына әкеп соғады.

Ал, болашақ аналарға туберкулез өздері ғана емес, іштегі ұрық, болашақтағы сәби үшін де өте қауіпті. Кей деректерге қарағанда, аяғы ауыр кезде туберкулезге қарсы ем шараларын алмаған ауру әйелдерден туған балалар бойында 1 жасқа толған кезінде туберкулездің ауытқымалы белгілері байқалған.

Туберкулез асқынған жағдайда ауру ұрыққа баланың үйі арқылы шауып, іште-ақ өлтіруі мүмкін. Туберкулездің жүктілікке кері әсерін осыдан көруге болады. Осыған байланысты туберкулезбен науқастанған әйелдердің жүктілік мерзімі және босану арасына үш жылдан кем емес уақыт салу керек.

Ал, жүктілікті сақтау немесе үзу турасындағы мәселе науқастың жалпы жағдайына қарай, ем-дом шаралары, туберкулез процесінің клиникалық формасы, әйелдің сәбиге ықыласын ескеріп, фтизиатор және акушер-гинекологпен кеңесіп барып, жеке шешілуі керек.

Туберкулезге қарсы диспансерлер мен әйелдер кеңесінің бірігіп жұмыс істеуі - әйелдердің ұрпақ өрбітер денсаулығын сақтауға, жүкті аналар бойында аурудың алғашқы белгілерін уақытында анықтауға септігін тигізіп, аналар арасындағы ажалды азайтады. Күш-қуаты толысқан әйелдерге айтарымыз, сәби денсаулығы мықты болуы үшін алдыңғы кезекте ананың өзі ауру атаулыдан ада болуы керек.

Ұрпақ таратар кезде кездейсоқтықтан аулақ болу керек. Жүктілік жоспарлы жолмен жасалып, алдын ала рентгендік зерттеуден өтіп, мамандар кеңесін алған жөн.

Республика денсаулық сақтау агенттігінің 2001 жылғы мамырдың 18-дегі бұйрығына сәйкес,босанып перзентханадан шыққан әйелдер бір ай ішінде туберкулезге қарсы күрес бағдарламасы аясында міндетті түрде тегін флюографиялық зерттеуден өтулері керек.

Қажетсіз жүктіліктен сақтану және отбасын жоспарлау турасындағы кеңестер Отбасын жоспарлау орталықтары, аумақтық емханалар және мамандандырылған диспансерлерде (туберкулезге қарсы, наркологиялық, психиатриалық) диспансерлерде акушер-гинекологтар тегін жүргізеді.


Шерлі шежіре шындығы

Текті тұлпар тұяғындай,

Үкілі Ыбырайдың немересі Қалияның шерткен кебі

Төлеген ҚАЖЫБАЙ, журналист

"Ел құлағы - елу" деген. Сонау Жезқазған жақтан атақты әнші, композитор, сал-серілердің Арқа алқабындағы соңғы өкілі, ұлы "Гәкку", қыздырмалы "Қызыл асық", "Толқын", "Он саусақ" әндерінің иесі кәдімгі Сандыбайдың Ыбырайының үлкен ұлы Есептің кенже қызы Қапия Көкшетауға көшіп келіпті дегенді естіп, Көкшетаудың Васильковка мөлтек ауданындағы шағын пәтеріне келдік.

- Мына бір қағаздар атамды ақтап алу үшін жоғарғы сотқа, Президентке жазған өтініштер ғой. Ал, мыналар солардан келген жауаптар, - деп Қапия апамыз бір бума қағазды алдымызға тастады. Тілсіз қағаздарға тіл бітті. Үкілі Ыбырайды, Тілегенов Сағи, Кекешов Хұсайын, Күдербеков Молдахмет, Өжібаев Сақай, барлығы бес адаммен тұтқындап, 1930 жылдың 30 қарашасында Солтүстік Қазақстан облысының ОГПУ-і үкім шығарған. ОГПУ-дің Октябрь ауданындағы өкілі артынан мемлекет қайраткері болған Жұмабай Шаяхметовтың болғандығын да сол қағаздардың ішінен іліп алдық.

Үкілі Ыбырай, Сағи, Хұсайын ату жазасына кесіліп, Молдахметке бес жыл, Сақайға он жыл кесілген. Бұлар атақты 58-статьяның жетінші, оныншы және он үшінші баптарымен сотталған. Ол - жаңа үкіметке қарсы үгіт тарату, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру, шетелмен шпиондық байланыс орнатуға саяды.

Қағаздардың ішінен "Протокол о наложении ареста и описи на имущества" деген де қағаз шықты. Бұл құжатта "Сандыбаев" деген қол қойылып, 1930 жылдың 4 қарашасында толтырылыпты. Үкілі Ыбырайдың тәркіленген мал-мүлкі тізімделіп хатталған. Онда бір құлынды биесі бар, төрт жылқы, бір бұзаулы сиыр, бір тайынша, киіз үй, жертөле, барлық құны 625 рубльге бағаланған мал-мүлік тіркеліпті. Осы мәліметтер жазылып Жоғарғы сот Мамидің қол қойуымен келген анықтамада ел алдында еш қылмысы жоқ Ыбырай Сандыбаев 1960 жылдың 4 сәуірінде ақталды деген құжат көшірмесін де кезіктірдік.

Сонымен қазақ халқының ән өнерін жаңа сапалық сатыға көтеріп кеткен, ұлы Біржан, Ақан, Балуан Шолақтармен бірге ғұмыр кешіп, ақырында қызыл империяның қолынан мерт болып, шаһит кеткен Үкілі Ыбырай тағдырына қатысты кейбір құжат-қағаздармен танысқан соң әңгіме арнасын Қапия Есепқызына бұрдық.

- Атам Үкілі Ыбырайдың бірінші әйелінен менің әкем Есеп, Есентемір, Өстемір туды да, екінші әйелі Дәметкеннен Мәруа туады. Әкем Есеп пен апам Қайныштан Тұрғын, Елемес, мен - Қапия және бір ұл Әшімбай туады. Есентемір халық жауының баласы ретінде Қарағандыға жер аударылып, шыңырау шахтаға түсті. Сонда шахта астында қалып мерт болды. Өстемір ағамыз Қызылжарда сот болып жүріп, ерте дүние салды. Әкей 77 жасында өмірдің тегеуірінді темірдей талқысына түсе жүріп өмірден озды. Артында қалған біздердің де түтініміз оңынан шалқымады. Қайда барсақ та "халық жауының" ұрпағы деп көзге түрткі болдық. Жығылғанға жұдырық дегендей ол тұста тұрмысымыз да өте ауыр болды.

Мен Дәметкен әжемнің бауырында өсіп, тәрбиелендім. Атамды алып кеткеннен кейін Дәметкен Ералы дегенге тұрмысқа шығып кетті. Жас қой. Атам алпысында жиырма бестегі осы Дәметкенді алған. Жас шамасын есептей беріңіз...

- Атаңыздың ұсталуы жайында не естіп, білдіңіз?

- Әкем Есептің үйіне ауылдың Шілтікен, Қожан, Шаяхмет деген шалдары ылғи келетін. Атамның әндерін айтқанда сыртқа қарауыл қоятыны есте. Әжем Дәметкен атамды әкетерде ауданнан төрт адамның келгенін, іле үйді тінтіп, астан-кестеңін шығарғандығын айтатын. Сонда қаға берісте сандық үстінде ораулы жатқан тайтұяқ алтынды қолтығыма қыса қойдым деуші еді жарықтық.

- Үкілі Ыбырайды басында ату жазасына кескенімен артынан он жылға ауыстырып, итжеккенге жер аударды деген әңгіме құлағымызға тиген еді. Бұл мәселенің анық-қанығы әлі жұмбақ күйінде қалып келеді. Бәлкім, сіз бірдеңе білетін шығарсыз?

- Әкейдің үйінде бұл да әңгіме болатын. Жас та болсам құлағымда қалыпты. Орал ма, Арал ма, әйтеуір сол жаққа атайды жер аударғаны ақиқат. Одан 6 жыл қамаудан соң босанған көрінеді. Үнемі балық сорпасымен қоректенген, өзі жетпіс сегіздегі шал (1858 ж. туған 72 жаста сотталған ғой) ішіне ас тоқтамайтын ауруға шалдығады. Бір балықшы шалдың үйін паналайды. Сауатты біреулерден Өстемірге хат жаздырады. Өстемір барып өз қолымен жерлеп қайтты ғой. Атам ұсталып кетерін білді ме екен, Дәметкеннен туған қызы Мәруаны досы Шәрке салға аманат етті десіп отыратын үлкендер. Енді елге оралу маған бұйырмас деп шетіне туған елдің бір уыс топырағын түйген ахиретінде өзімен бірге ала кеткен ғой, жарықтық.

- Осы әңгімені ертеректе ОГПУ өкілі болған Ыбыраев Өмірбай ақсақалдан да естіген едік. Қиыр Шығыс емес, еліміздің Арал, Орал маңы болды ғой.

- Өз құлағыммен естіген үлкендер әңгімесін бұрмалап не қылайын. Анығы сол! - деп түйді Қапия апа.

- Өз тағдырларың қалай болды? Сонау Жезқазған жаққа қалай шығып кетіп жүрсіңдер?

- Жетіскеннен дейсің бе, шырағым. Отырсақ опақ, тұрсақ сопақтың күйін кештік. Үлкен апайым Тұрғын Сібірдің Иркутск, Усольск, Илиимск қалаларына жер аударылып, ақыры Қарсақпай мыс зауытына келіп табан тіреді ғой. Осы арада үй-күй болды. Менің де жылап-сықтап жүргенімді естіп, сонда шақыртып алдырды. "Талап" деген совхозда сауыншы болып, зейнеткерлікке шығып, қартайғанда елге келейін деп кенже қызымның қолына көшіп келген жәйім осы, шырағым.

- Әкеміз қарамұрын ұста болған, өзімді-өзім көмірге қия алмадым,-дегенді Ыбырай айтқан. Жобасы Сандыбай ұста болған-ау?

- Иә, ұлы атамыз зергер болған. Оның соққан шолпы, жүзік, сырғалары ел ішінде бертінге дейін болды ғой. Әкем Есеп атасының бір үлкен, бір кішкене көрігін көпке дейін өз қолында ұстап еді. Өзі өлген соң әркімнің қолында кетті ғой. Ал, әкей шебер етікші болды. Сонау тарын кезде сол өнері ғой бір қора үйді асыраған.

- Есептен басқаларда қалған ұрпақ бар ма?

- Есентемірді шахтада мерт болды дедім ғой. Өстемір Қызылжардың София деген татар қызын алған. Одан Сапия деген жалғыз қыз туған. Менің Қапия атануым соған ұйқас болсын деуден деп әкей айтып отыратын. Одан еш хабар жоқ. Сонау бір жылдары шілдің қиындай шашырап кеттік те, бір-бірімізден көз жазып қалдық.

Жетпіс екі жасында "Халықтың жауы" атанған жомарт жүректі, асыл тілекті ұлы әнші, ақын, композитор Үкілы Ыбырай да тоталитарлық режимнің қанды қақпанына түсіп зар шекті, шайт кетті. Артында қалған Ыбырай әулеті орынсыз қуғынға ұшырады, ел ішіндегі ішмерез ағайындардың көз түрткісіне ұшырады, жел айдаған қаңбақтай тепкісі көп тірліктің ұстарадай қылпыған жерінде жүріп ғұмыр шекті. Соның бірі алтын тұяқты тұлпар ізінде қалған Қапия апай осынау беймарал бақытты кезіне есен жеткеніне шүкіршілік етеді. Біздің де нәубетті, зұлматты кезеңнің тоқпақты да соқпақты жолының бір бұрылысында қалып қоймай ұлы бабасы жайында бір ауыз сөз айта ал- ған ана тірлігіне тыныштық, басына бақыт тілеуіміздің де сыры осында.

Апаймен қоштасарда:

- Үкілі Ыбырай халқына бір-бірінен асып түсер небір асыл әндер қалдырды. Қағытпалары мен айтыстары бір пара әңгіме. Өкініші сол - солардың басын біріктіріп жеке кітап етіп шығаруға мүмкіндік болмай отыр. Оның үстіне жерлестері ұлы перзентке лайық құрмет көрсете алмай отыр. Не бір көше, не бір белгі жоқ. Мәселен, Ақмола облыстық филармониясына неге Үкілі Ыбырай есімін бермеске дестік, - ең лайықты құрмет сол болар еді.

Қапия не десін. Біз өзіміздің көкейдегімізді айтуын айтқанмын, қолдаушылар табылса игі дейсің. Бірақ "үмітсіз шайтан" деген, біз осы бір үміт жібін үзіп алмайық деген ниетпен Қапия апаймен қоштасқан едік.

Көкшетау қаласы


Рухани әуен кернеген кеш

Жангырган ЗІКІР

Амангелді ҚҰРМЕТ

Бүгінде өнер әлемінің сан қыры бар. Бірақ, имандылық жайлы жыр төгіп, әуезді әуен төгер ешкім жоқтай көрінетін. Дегенмен жақында, жан тебірентер әдемі әуен Астана аспанында қалқыды. Конгресс-холлда "Иассауи" вокалды шығармашылық тобы өздерінің елордадағы тұңғыш кешін өткізді. Тек қана Алланы, пайғамбарды, жақсылықты насихаттап ән айтатын осы топ 2002 жылы Алматыда құрылыпты. Топты елге танымал дін ғалымы Маймақ ишан немересі Сматулла Қари ұйымдастырған. Халқының имандылығы жолында еңбек етіп жүрген Сматулла ағамыздың басшылығымен құрылған "Сенім. Білім. Өмір" республикалық қоғамдық бірлестігі мен "Қазақстан" ұлттық телеарнасы атал- ған кешке демеушілік етіпті.

Репертуарында Қожа Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, Абай, Шәкәрім сынды ғұламалардың хикметтері мен өлеңдеріне жазылған әуендер бұрынғы зікір салу дәстүрін елестетеді. Ұлттық телеарнаның "Ақиқат сыйы" діни бағдарламасының жүргізушісі, техника ғылымдарының докторы Саят Ыбырай мұны ашық айтты. "Абай мен Шәкәрімнің ар ілімі, Қожа Ахмет Яссауидің хал ілімі, Пайғамбарымыз Мұхамед (ғ. а)-ның жүрек ілімі қазақ арасында кең тараған. Бұрын хал- қымыз зікір айту арқылы Жаратқанды мадақтап, діннің уағыздалуына көп үлес қосқан.

Бүгінгі діни әуендер кеші сол зікір айту дәстүрінің жаңғырған түрі. Мұны Мұхамед пайғамбар да құптаған. Халқымыздың иманын сақтап қалу үшін осындай кештер ауадай қажет, - деп сыр шертті Саят Ыбырай. Ашығын айтсақ, бұл концерт тек өнер ғана емес, тәрбиелік мәні зор дүние болды.

Кешке жұрт көп жиналды. Жасы бар, жасамысы бар, зиялысы, шенеунігі дегендей түгел осында. Бәрінің де өте риза екендіктерін аңғару қиын емес. Әдемі әуезді діни өлеңдер баршаның көңілінен шығары сөзсіз болатын. Алматыда да солай болған. Елордалықтар да сусап қалса керек. Кеш соңында сөйлеген сөзінде жазушы Шерхан Мұртаза: "Халқымыздың рухани сусынын қандыратын осындай кештерді кез-келген классикаға айырбастамас едім" - деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Өйткені Елдос Еміл жетекшілік ететін топтың мүшелері шетінен жоғары білімді музыканттар әрі діндар жігіттер. Араларында Берік Байбатша сынды қасиетті Құранды жатқа білетін қарилар да бар. Мұндай жандардың аузынан шыққан әуен әуезді болмай, қандай ән әуезді болсын?! Концерт түгелдей әуенмен өрілген жоқ. Ара-тұра Нарынбай Қазыбекқажыұлы сынды дін білгірлері уағыз да айтты. Бұл шараның басқа кештерден ерекшелігі де осында. Бүгінгідей басқа дінді уағыздаушылар өріп жүрген заманда ислам дінін де халыққа дұрыс насихаттайтын азаматтар қажет екендігі даусыз. Осы кештегі айтылған уағыздарда ислам атына кір келтіретін ағымдарды түстеп-түгендеп айтқан сөз салушылар теңдессіз игі іс жасағанын айтпасқа болмаса керек. Тек, екі сағатқа созылған концерттің аяқталуы ғана ұйып отырған халықты селт еткізгендей болды. Өйткені, жүрек әрқашан Жаратушысын мадақтағанды қалайды деседі білетіндер.

Астана қаласы


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ   

   
Колонки
Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"