Газета издается с 10 декабря 2002 года. Выходит по пятницам.
   Услуги Web-дизайна
Вместе с нами



Валюта, погода

Kazakhstan Financial Market
вся погода



Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

АСТАНАНЫҢ ГҮЛДЕНУІ - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ГҮЛДЕНУІ

Арғы беті Есiлдiң...

Арман ӘМЕН

Екі ғасырдың тоғысқан тұсында дүниеге келіп, болашағына нық қадам басқан елордамыздың күн өткен сайын құлпырып, гүлдене түсуі мұқым қазақтың ортақ қуанышына айналып, мерейін өсіруде. Аз ғана уақытта экономикасын түзеп, тұғырын сәндеп, болашаққа бет түзеген қазақтың бас қаласы - Астана сәулеті жайнай түсуде.

Кеше бес қабаттық, аумағы 14,5 мың шаршы метрлік Ұлттық кітапхана пайдалануға берілді. Орталық 1 миллион 700 мың том кітап сақтауға қабілетті. Ендігі уақытта мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында өткен ғасырлардағы қазақ ойшылдарының еңбектері жаңғыртылып, осында сақталады.

Президент резиденциясы іргесінен салынатын жаңа концерт сарайы да өз кезегін күтіп тұр. Қазір осынау жаңа әкімшілік орталықта Президент резиденциясы, Сенат, Мәжіліс, Парламент Палаталарының біріккен жиналыс залы, Үкімет үйі, Сыртқы істер министрлігі, дипломатиялық қалашық, Ислам мәдениеті орталығы, Цирк ғимараты, мемлекеттік органдарға арналған серверлік орталық, бас және дөңгелек алаңдары, инженерлік жүйелер мен коммуникация, магистралді көлік жолының құрылыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін осы ауданда 12 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген.

Алып құрылысты 358 мердігерлік ұйымдар мен жеті шетелдік құрылыс компаниялары жүргізуде. "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағында 104 нысан бой көтеріп келеді. Техника-экономикалық негіздеме жобасына сай 2002 жылдан 2007 жылға дейін 238,6 миллиард теңге инвестиция салыну жоспарланған болса, осы жылы 58,5 миллиард теңгенің инвестициясы игерілмек. Аталмыш көрсеткіш жалпы қала емес, Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталық құрылысына ғана тиесілі. Мұның сыртында бұрынғы Ақмола қаласының орнындағы жаңа Астананың да құрылысы осындай қарқынмен даму үстінде. Әлемдік технологияның озық үлгілерін тартып, сол арқылы өз сәулетін айшықтаған Астана қаласының келбеті келешекте көркіне көрік қоса беретіні сөзсіз.

Астана шындығында да арман қала!


АҚЖОЛТАЙ ХАБАР

"СЫРДАРИЯ" СЫЙЛЫҒЫ ТАПСЫРЫЛДЫ

Асыл АРМАН

Жуырда Шымкент қаласында "Орталық Азия мемлекеттерінің шекаралық өзендерінің суын реттеу мәселелері" тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Соның барысында Қазақстан Аграрлық партиясы жариялаған "Сырдария" сыйлығы бойынша бәйге қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өткізілді. Сыйлықты табыс етуге Шымкентке Қазақстан Аграрлық партиясының төрағасы Ромин Мадинов бастаған Парламент фракциясының бір топ мүшесі арнайы сапармен барып қайтты. Басқосуға қазылар алқасының мүшелері - белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары қатысты.


Азынаған ақпанда Шардара суы арнасына сыймай, елдің жүрегін ұшырғаны бәріміздің есімізде. Сырдария өзені жайылып кетіп, қаншама халық әбігерге түсті. Әрине, мемлекет тарапынан табиғат апатынан зардап шеккендерге түрлі көмектер қарастырылды.

Қазақстан Аграрлық партиясы осы тұста жақсы бастама көтерді. Партияның Парламент Мәжілісіндегі фракция мүшелері Шардара су қоймасындағы мәселені шешу үшін тиімді жобаға халықаралық байқау жариялап, 1 миллион теңгенің жүлде қорын тағайындады. Аграрлық партияның бұл бастамасы Орталық Азия аймағындағы шекаралық өзендер суын реттеу мәселесін түпкілікті шешіп тастамаса да, мәселені реттеудің алғышарттарын жасауға үлкен сеп болары сөзсіз.

- Техникалық жағынан озық, әрі аймақтың экологиясына зиян әкелмейтін, егістік жерлерді ұлғайтып, Арал проблемасын шешуге бағытталған тиімді жобаларға баса назар аударылды,-дейді Мәжілістегі Аграрлық фракция мүшесі Нұрбах Рүстемов.

Бәйге барысында Аграрлық партияның Орталық Комитетіне жеке және ұжымдық авторлардан 20-ға жуық жобалар келіп түсті. Су шаруашылығы мамандарымен қатар жыл сайын тасқыннан зардап шегіп отырған аймақ тұрғындары - қарапайым азаматтар да қөзқарастарын жолдаған. Жоба жұмыстары бойынша сараптау, талқылау және шешім қабылдау елімізге және әлемге танымал ғалымдарға, су шаруашылығы мекемелерінің өкілдері мен Парламент депутаттарынан құралған қазылар алқасына бұйырды. Іріктеу кезінде техникалық жағынан озық, әрі аймақтың экологиялық ахуалына зиянын әкелмейтін үш жобаға таңдалып, олардың авторлары І, ІІ және ІІІ дәрежелі сыйлық иегерлері аталды.

Қазылар алқасы бірінші дәрежелі сыйлықты Астана қаласындағы су комитетінің маманы Құдайберген Асқаровқа және "Сырдария арнасын реттеу, Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру" жобасының кеңесшісі, инженер-гидротехник Марха Жүнісов пен Жалғас Өтегеновке беруді лайық көрді.

Екінші жүлде ешкімге берілген жоқ. Үшінші дәрежелі сыйлықты Адам Мекебаев және Алтай Шатанов бөлісті. Бас бәйгені иеленгендерге 350 мың теңгеден, үшінші орын алған мамандарға 150 мың теңгеден және диплом, медальдар табыс етілді.

Орталық Азия аймағы шекаралық өзендерінің суын реттеу мәселелерін шешуге бағытталған озық жобалар республика Үкіметіне ұсынылып, одан кейін тиісті мемлекеттік мекемелердің тарапынан жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Оңтүстік Қазақстан обл.


МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ - МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

Тілді төрлеткен министрлік

Жанат ЗИЯШҰЛЫ

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Әділет министрі Оңалсын Жұмабековтің "ҚР органдары қызметінің кейбір бағыттары туралы" баяндамасы тыңдалды. Бастан-аяқ мемлекеттік тілде сөйлеген Оңалсын Жұмабекұлы министрліктің ұлттық заңнаманы қалыптастыру бағытын ұстанып отырғанын жеткізді. Заң жобаларын алдағы уақытта Парламентке мемлекеттік тілде түсіруге тырысып жатқандарын хабарлады. Министр сөзінің астарынан аңғарылғаны, біраз ведомстволар мен министрліктер есігінен сығалап тұрған ана тілін Әділет министрлігі төрге шығарып қойған.

Министрдің баяндауынша, заң жобалау қызметіне соңғы жылдары түзетулер енгізілген. Заңдар халықаралық талаптарға сай жүйеленіп, алғашқы томдары әзір болған. Заң институтын ғылыми орталыққа айналдыру қолға алынуда. 1991 жылдан бергі актілер қайта тексеріліп, 14 мыңға жуық заңдарға сараптама жүргізілген. Олардың 40 процентке жуығы жарамсыз деп табылған.

Елімізде нотариустық, адвокаттық қызмет көрсетуде оң қадамдар жасалуда. Азаматтардың хал-актілерін жазу (АХАЖ) қызметі де жақсарған, мамандардың дені арнайы білімі барлар.

Сала қызметкерлері арнайы аттестациядан өткізілгенде 493-і ескерту алып, 28 қызметкер жұмыстан босатылды.

Министрлік адам сатуға және оны әртүрлі жолдармен құлшылыққа пайдаланушыларға қарсы халықаралық Конвенцияға қол қоятын құжаттар даярлауда. Кезінде қамаудағылар саны жағынан әлемде үшінші орында болсақ, бүгінде 19 орынға жылжыдық. Түрмелерді халықаралық талаптарға сәйкестендіру мен ондағылардың тамағына бюджеттен 9 миллиард теңге бөлінуде.

Министрдің баяндамасынан кейін халық қалаулылары министрге көңілдерінде жүрген сауалдарын қойып, жауаптар алды. Депутат Рамазан Сарпековтың "Әділет министрлігі басқа министрліктерге мемлекеттік тілде алқа мәжілісін өткізуді, құжаттар даярлауды талап етуге құқы бар ма? " деген сұрағына, Оңалсын Жұмабекұлы: "Әділет министрлігі басқа министрліктерге мемлекеттік тілге көшуге, алқа мәжілісін, басқа да құжаттарды қазақша даярлауға нұсқау беріп, бақылауда ұстап отырады" деп жауап берді.

Әбдіжәлел Бәкірдің "Заң жасау институтының мәртебесін көтеріп, қазақ тілінде ойлау жүйесі қалыптасқан, жаза білетін мамандарға жол ашып, мемлекеттік тілде жазатын заңгерлер даярлауға мүмкіндік бар ма? " деген сауалының жауабы мынадай болды: "маман даярлауда Қазақ Ұлттық және Заң университеттерінің қазақша ойлап, жаза алатын студенттерін бақылап, іріктеп саламызға бірден жұмысқа алуға тырысамыз. Қостанайдағы заң университетін Әділет министрлігінің қарауына беру мәселесін көтеріп отырмыз. Құжаттар мен заңдар алдымен мемлекеттік тілде әзірленіп, содан кейін ғана ресми тілге аударылуына баса көңіл бөлетін боламыз".

Депутаттар заңдардың сапасыз жасалатыны, жеке меншік түрме ашу, қазақ-өзбек шекарасына қатысты сауалдар қойып, жауаптар алды.


ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

ДӘРІГЕР АУЫЛҒА НЕГЕ БАРМАЙДЫ?

Мақсұт ИБРАШЕВ, журналист

Ауылдық жерде дәрігер кадрлардың жетіспеуі бүгін ғана пайда болған проблема емес. Бұл кеңестік кезеңде де солай еді, тек бұл жайлы көп айтыла бермейтін. Ол кезде ауылдағы бір дәрігер қосымша екі-үш ставкамен жұмыс жасайтын. Айлық мәселесінде сөз жоқ ұтқанымен қызмет сапасы төмендей беретін.

Дәрігерді ауылдық жерге тұрақтандырудың бір амалы мединститут бітірген жас мамандарды мемлекеттік жолдамамен үш жыл міндетті түрде бір жерде жұмыс істету тәртібі еді. Осы үш жыл ішінде жас маман (бұл әдетте жас қыз) ауылдың жігітіне тұрмысқа шығып, тамырын осы жерге терең байлататын. Қазір әрине жағдай түбегейлі өзгерген. Жаңақорған ауданының денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасары Ж. Әбдісәметовтің айтуынша қазір ауданда 97 дәрігер және 494 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді.

Орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі Жаңақорғанда байқалмайды. Керісінше мұндай мамандар тым артық десе де болады. Мысалы, осы ауданның бір ауылында жұмыссыз жеті медбике бар.

Дәрігерлерге келсек қазіргі таңда ауданға 21 дәрігер жетіспейді. Таратып айтар болсақ, педиатр, терапевт, акушер-гинеколог, рентгенолог, фтизиатор, эндоскопист, жасөспірімдер дәрігерлерінің орны бос. Бұдан кейінгі орында маман жетіспеушілік саны жағынан Талап ауылдық ауруханасы тұр. Аталмыш ауруханада терапевт, акушер-гинеколог, педиатр жетіспейді.

Жоғары білімді медицина қызметкерлері Ақүйік, Төменарық, Сүттіқұдық, Қожакент, Келінтөбе, Қыркепсе ауылдық округтеріндегі емдеу орындарына да керек. Айта кету керек, аталған жәйт тек Жаңақорған ауданына ғана тән нәрсе емес. Осыған ұқсас жағдай көршілес Шиелі ауданында да қалыптасқан. Облыстың басқа аудандарында да осындай проблема бар.

Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе қаласында іс-сапарда жүргенімде осындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық академиясының соңғы курсында оқып жүрген екі студентпен тілдескенім бар-ды. Оқу бітірген соң ауылға барасыңдар ма деген сұраққа қарындастарымыз:

- Алты жылда қалаға үйреніп қалдық, мұнда өмір қызығырақ. Көптеген белгілі әншілер, әртістер келіп концерт қояды, ауылға қазір әртістер келмек түгілі клубта кино да көрсетпейді ғой деген уәж айтты.

Осы жылдың басында Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының бастығы А. Әлназарова бір топ мамандармен бірге Ақтөбе қаласында болып осындағы медакадемияның басшыларымен және студенттермен кездесті. Ондағы мақсат - оларды оқуды тәмәмдағасын ауылға келуге үгіттеу. Бірақ жалғыз Батыс Қазақстан медакадемиясы дәрігерлерге қажеттілікті қанағаттандыра ала ма? Әлбетте жоқ. Сондықтан Қызылордадағы медицина шенеуніктері қазір Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы медакадемиядағы студенттермен кездесулер жүргізіліп жатыр. Материал дайындау барысында мен Жаңақорған ауданы денсаулық бөлімінің бастығы С. Әлсейітовті жұмыс орнынан таба алмадым. Бұл кісі облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Р. Сатыбалдиевпен бірге Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медакадемиясының студенттерімен кездесуге жол жүріп кеткен болып шықты.

Осы жұмыстар оң нәтижесін беріп жатса, құба-құп болар еді. Дәл қазір өздігінен ауылға ұмтылып отырған дәрігер жоқ. Мысалы үшін Алматы қаласындағы медакадемияда алты жаңақорғандық биыл оқу бітіретін көрінеді. Бірақ олардың бірде біреуі туған ауылына қайтқысы жоқ.

Олардың ата-аналарының айтуынша жастар қаладан жақсы жұмыс тауып алған көрінеді. Ж. Әбдісәметов дәрігерлердің ауылдан тартыншақтайтын бес себебін жеткізді: онда әлеуметтік-экономикалық жағдай төмен, қалаға қарағанда жұмысы қиын, медициналық орта шектеулі, (әріптестеріңмен жиі араласу), дәрігерге карьера жасау қиын және жастардың көбі өзі білмейтін бейтаныс жерге баруға жүрексінеді. Бұл аталған себептермен келісуге болатын шығар.

Дегенмен қазір ауылдарымызда жағдай біраз түзеліп келе жатыр. Былтыр мысалы үшін Жаңақорған ауданында жас мамандарға 60 үй салынып, оның кілті табыс етілді. Биыл дәрігерлерге міндетті түрде үй берілетін болып шешілген. Жас мамандарға солтүстік облыстардағыдай дүние-мүлік алатын көтерме ақша (подьемный) және бір сиыр мен он бас қой берілсе ауылға келетін дәрігерлердің қатары көбейер ме еді?

Әзірге былтырғы жылдың мәліметі бойынша Жаңақорғанға үш дәрігер келіп, алтауы басқа жаққа ауысқан. Бұған алып қосар ештеңе жоқ сияқты.

Қызылорда обл.


ТӘЖІРИБЕ

"Тұқым қоры"

Мұрат ӘМІРЕНОВ, журналист

Аудан жұртшылығы, негізінен, мал өсірумен айналысқанымен егін шаруашылығына да көңіл бөледі. Мұнда егін танаптары суармалы жерлерге орналастырылған. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардың бастапқы кездерінде ауыл халқы тұқымсыз қалып, бірер жыл егін сала алмағаны шындық. Осы тұста Маңырақ ауылындағы "Мұрагер" шаруа қожалығы жанынан "Тұқым қоры" деп аталатын коммуналдық-қазыналық кәсіпорны құрылған болатын. Бұл 1999 жылы еді, сол жылы қорға шаруашылық қожалығынан 30 тонна бидай тұқымы беріліп, ол келесі жылы 103 адамға таратылып берілді. Ал, күзінде жаңағы тұқым жұртшылықтан 55 тонна үстемемен қайтарылып алынды. Осылайша кәсіпорынның тұқым қоры ұлғая түсті. Ауылдағы "Тұқым қоры" өмірге келген бес жыл ішінде диқандарға 328 тонна тұқым босатты. Сөйтіп, ауыл тұрғындары тұқым мәселесіндегі қиыншылықтан құтылып отыр.

Кәсіпорын 2002 жылы Т. Түсіпбеков басқаратын "Ақжар" шаруа қожалығының базасы негізінде жұмыс істей бастады. Т. Түсіпбеков шаруа қожалығының жетекшісі ғана емес, аталмыш кәсіпорынның басшысы да болып табылады. Әрине, жартылай мемлекеттік қаражатқа, жартылай шаруашылық есепке сүйенген кәсіпорынның атқарылып жатқан шаруасы бөрікті аспанға ататындай болмағанымен ішкі қажеттілікті ішінара өтей алатындай жағдайда.

Алғашқы жылдарда тұқым сапасын айыратын лабораториялық құрал-жабдықтар да болмаған. Кәсіпорын басшылығы бұл қиыншылықтан шығудың жолын тауып отыр. Бұрын ауданда тұқым сараптама-лабораториясы болған, қазір иесіз қалған лаборатория кәсіпорынға қызмет етеді. "СМ-4" маркалы тұқым тазалағыш машина да табылды. Осы қондырғы арқылы қолдағы тұқым қоры себу кондициясына жеткізілуде. Екінші жыл тұқымды дәрілеу шарасы жүргізілуде. Осындай ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде 2002 жылы аудандағы шаруашылық құрылымдары мен жеке адамдарға 45 тонна сапалы тұқым таратылса, биылғы көктемде бұл көрсеткіш 120 тоннаға жетіп отыр.

"Тұқым қоры" коммуналдық-қазыналық кәсіпорны былтырғы жылдан бастап өзінің қосалқы шаруашылығын ашқан. Ақжар ауыл округіне қарасты Қараой және Шұбар телімдеріне 100 гектар егістік жер алып, бидай сепкен болатын. Ал, биыл егістік көлемін 150 гектарға жеткізді. Кәсіпорын көктемгі дала жұмыстарын сапалы атқарып, осы көктемде түгел бидай тұқымын септі.

Сөз реті келгенде айта кету керек, ұжымның өз қолында дала жұмыстарына қажетті техника жоқ. Жерді жыртуға, өңдеуге және тұқымды себуге қажетті техниканы жалға алады. Әрине, оның бағасы да арзан емес. Ал, техника сатып аларлықтай қаржы кәсіпорында жоқ. Сондықтан ауыл өндірісіне техникалық жағынан жарақтандырудың шараларын жоғарғы жақ тарапынан ойластыру қажет сияқты.

Тарбағатай ауданы.


ДАБЫЛ ҚАҒАМЫЗ!

Cұр көбелектер сексеуiлдi жалмап барады

ал оған бөлінген қаржы жоқ

Талғат ОРМАНОВ

Төтенше жағдай теріскейден шығып отыр. Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орманшылары Созақ орман қоры жеріндегі "Майлықара", "Тоғыстарау" және №84 орамдағы сексеуіл алқабын зиянкестер басып, орасан зиян келтіріп жатқанын анықтаған.

11 мамырдан бергі аралықта пайда болған сұркөбелек (волнянка) зиянкесінің жылына төрт рет түлейтінін еске алсақ, оның үлкен ошағы күн құрғатпай қарқындап, бір тәуліктің ішінде 250-300 метр аумақ көлеміндегі сексеуіл ағаштарының жапырақтарын жалмап жатыр. Оның жұлдызқұрттары ә дегенде 500 гектардай аумақты тазаласа, бүгінге шейін 1500-ден аса аумақты жылан жалатқан жайы бар.

- Бұрын-соңды 30 жылдың ішінде мұндай үлкен көлемдегі зиянкестердің ошағы сексеуіл алқаптарында болған емес. 1999 жылы жүргізілген орманды орналастыру жұмыстарының нәтижесінде алдағы 15 жылға зиянкестерге қарсы күресу шаралары жоспарланған жоқ, - дейді Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Шора Ерназаров - Қазақстан Республикасы "Орман кодексінің" 57-бабының 2-тармағы бойынша орманды орналастыру құжаты ағымдағы жоспарлау үшін міндетті нормативтік акт болып табылады. Сондықтан, Созақ орман мемлекеттік мекемесінде зиянкестерге қарсы күресу шараларын жүргізуге 2004 жылға облыстық бюджеттен қаржы бөлу жоспарланбады. Оның үстіне мемлекеттік мекеменің техникалық мүмкіндігі де жоқ. Арнайы бүріккіштер мен улы химикаттар да болмай отыр.

Өткен мерзімде жасалынған актілер мен тиісті орындарға жіберілген мәліметтерде есеп жоқ. Мәселе, қаржыға тіреліп отыр. Сексеуіл аумағындағы зиянкестермен Созақ әкімшілік аумағындағы жұмыссыздар тобы мен ұжымдағы орманшылар сұркөбелек, оның "қуыршағы" мен жұлдызқұрттарын қолмен теріп, отқа өртеген істері шарасыздық салдарынан туса керек. Сұркөбелек ошағына тек "Фитосанитария" кәсіпорны арқылы мердігерлік әдіспен өңдеу жүргізбейінше жақсылық нышанының көрінбесі және де анық. Ал, оған 2,5 млн. теңге көлемінде қаржы қажет.

Сөз соңында айтарымыз, Сарыағаштағы шегіртке айқайы шалғай Созақтағы көбелек дауына ұласпай тұрғанда облыс, аудан әкімшіліктері шұғыл шара қолданып, бюджеттен қаржы бөліп, зиянкестердің жұмыртқалап, залал ошақтарының дендеп кетулеріне жол бермегендері абзал тірлік болар еді.

Оңтүстік Қазақстан обл.


ТАҒЗЫМ

Қояндыдағы қырғын

Серік САҒЫНТАЙ

Мамырдың 31-інде Қарағандының оңтүстік-шығы сындағы Спасскідегі бауырластар қорымында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсімі өткізіліп, қазақстандықтар атынан ескерткіш белгі қойылды.

Бұдан бұрын мемориалдық зиратқа әр жылдары тоғыз елдің өкілдері ескерткіштер қойған еді. Қазақстандық құрбандарға арналған. Бұл ескерткіштің биіктігі 5 метр. Ұшар басына сынған шаңырақ бейнеленіп, соңына алау және ескерткіш етегіне тікенек сым тартылып, темір тор орнатылды. Белгіні ашу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Е.Тоғжанов, саяси қуғын-сүргін куәгері В.Таскинамен діни конфессия өкілдері қатысып, жүрекжарды лебіздерін айтып, құрбандар рухына дұға бағыштады.

- Саяси қуғын-сүргін Қазан төңкерісі кезінде-ақ басталған. 1918 жылы кулактар, поптар, ақ гвардияшылар үшін қалалар сыртынан концлагерьлер салу туралы өкімге Ленин қол қойған,- дейді тарихшы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Дүйсентай Шаймұқанов. - ГуЛАГ солай өмірге келген. Оның 53 бөлімшесі болса, ең ірісі - КарЛАГ атақты Қоянды жәрмеңкесінің орнына салынған. 1931 жылы Қарағандыда көмір бассейнінің игеріле бастауына орай, ол Долинкаға ауыстырылған. 1931-56 жылдары КарЛАГ лагерлерінен 1,5 миллион саяси тұтқын өткен. Шын мәнінде лагерь 32 мың адамға лайықталып салынғанымен, онда 75 мың адам болған. 26 ұлт өкілі қамалған. Көкөзектегі Спасск зиратында жеті мыңдай әскери тұтқын жерленген. Аруақтарға тағзым ету тірілер парызы. Өткенді ойлау, қастерлеу болашақ үшін қажет.

Ескерткіштің авторлары Суретшілер одағының облыстық бөлімшесінің бас суретшісі Мұрат Қалқабаев және мүсінші Владимир Траценко. Сол күні зират басына арнайы келген Литва мемлекетінің Қазақстандағы елшісі Ромуалдас Високавичюста аруақтар рухына тағзым етіп, литвалықтар атынан қойылған ескерткішті салтанатты түрде ашты.

Қарағанды қаласы


ОҚЫРМАН САУАЛЫ - ГАЗЕТ ЖАУАБЫ

Нан неге қышқылтым?

Қазір нанның бағасы әр дүкенде әртүрлі. Салмағы да тым жеңіл. Қымбатын немесе арзанын алсаң да бір күн тұрғаннан кейін жеуге келмей бұзылып кетеді. Дұрысы осы шығар деп зауыт нанын аламыз. Бірақ оның дәмінің қышқылдылығы сондай жасы келген адамдар жей алмайды. Осыған бір бақылау бар ма, соны түсіндірсеңіздер екен.
А. Шағырбаева, зейнеткер, Астана


Мұны адамдар ашытқының көптігінен деп ойлайды. Оны аз салуға болмай ма деп те айтады. Бірақ бұл жаңсақ пікір.

Ашытқы аз салынса, нан көтерілмейтіні белгілі. Ал, нанның қышқылтым болуы қажеттіліктен туындауда. Мамандар пікіріне сүйенсек, мұның бәрі бидайдың дұрыс күтілуіне байланысты. Өйткені диқаншылық қазір жеке меншіктің қолында болғандықтан астықты өсіру, сақтау, диірменге тартуды әркім өзінше жүргізеді. Кеңшарлар болған тұста астық қырманға түсіріліп, бірнеше рет ұшырылып, кептірілетін. Қыс бойы қамбадағы бидайда солай бапталатын. Ал, қазір ол жағдай бар ма?

Болса да ілуде ғана. Мамандар тартылған ұн қапталғаннан кейін де бір ай шамасында өз буына пісіп, қоймада жатуы керек, сонда ол толығымен кеуіп, нан пісіруге дайын болады дейді. Пешке түскенде ұн құрамының бұзылатындығы осы технологияның сақталмауынан екен.

Кей жағдайларда бидай көктей орылуы да мүмкін. Осы тәріздес күтімнің жеткілікті болмауынан ұн құрамында микробтар (картофельная палочка) өрбиді. Ол әсіресе ыстық күндері қатты өршиді. Нанның тез бұзылуы маусым айында басталады. Оның алдын алу үшін санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандары нан пісірушілерге жазғы уақытта иодталған ашытқы мен иодталған тұз қолдану қажеттігін ескертеді.

Сонымен қатар нан сөрелері мен қораптарды күн сайын 3 проценттік сірке суымен жуып, тазалап отыру қажет. Ең қолайлысы нанды жазды күндері бір күнге жетерліктей мөлшерде ғана алып, оның екінші күнге қалмауын ескеру керек. Ал, қалатындай жағдай болса, салқын жерде сақтаған дұрыс.

Нанның осы "ауруынан" қалай арылуға болады? Бұдан бірер жыл бұрын оның тез бұзылуына қарсы шара ретінде мамандар қышқылдылығын (кислотность) 3 процентке көтеруге кеңес берген. Мұның ерекшелігі, микробтардың түзілуіне мүмкіндік бермейді. Қазіргі уақытта ең қауіпсізі осы әдіс. Аталмыш әдіс жеке зертханалары бар үлкен нан зауыттарында ғана қолданылуда. Өкініштісі, кішігірім наубайханаларда ұнды тексеріп, нанның құрамын ұдайы бақылайтын зертханалары жоқ болғандықтан олар қауқарсыздық танытуда. Сондықтан жазғытұрым ең дұрысы зауыт наны.


Ертеректе наубайхана нандары салмақты әрі біркелкі болушы еді. Күн өткен сайын солардың бағасы қымбаттағанымен, салмағы азайып барады. Осының сұраушысы болмағаны ма?
Ж. Жағыпаров, Ақтөбе облысы


Жалпы, ірі немесе жеке меншіктерге тиесілі кіші-гірім наубайханалар болсын, оларда дайындалатын нан түрлеріне мемлекеттік стандартқа сәйкес сертификат беріледі. Онда нанның құрамына қоса салмағы да көрсетіледі. Мысалға Алматы қаласындағы "Жәй нан" деп аталатын нан түрін шығарушы кәсіпорын стандартқа сай емес, яғни бұрынғы шығарған өнімдеріндегі компоненттерінің мөлшерлі бөлігі шектелген, салмағы бұрынғыдан аз нан пісірген. Абырой болғанда жергілікті құқық қорғау органдары қырағылық танытып, оларды жауапқа тартты. Сондықтан айтарымыз, әрбір нан өнімінің қай түрі болсын, оларды өндіруге рұқсат беретін мемлекеттік сертификатында көрсетілгеніндей толық компоненттерімен қамтылған және сапасы мен салмағы сәйкес болуы қажет. Ал, нанның қалыпты пісуінде әрі кеткенде 5-6 грамдық ауытқушылық оның бойынан бөлінетін буға, яғни, техникалық себептерге байланысты болып тұрады. Бірақ одан артық болуға тиісті емес. Тек, нормаға сәйкес бір салмақтағы нан пісіру үшін пештер ең соңғы үлгімен жабдықталған, әрі жаңа болуы қажет.

Сондықтан тұтынушы нан сапасына күмәнданатын болса, міндетті түрде сатушыдан өнімнің сертифактын талап етуі тиіс.


ШАРАЙНА

ҚАН ҚАҺАРМЕН ТОҚТАМАЙДЫ

Қадыровтың баласы қаһарына мінді. Шешенстанның бұрынғы президентінің ұлы Рамзан Қадыров шешен жасақшыларына соңғы шарт қойды. Ол қарсыластарынан қаруларын тапсыруды талап етуде. Жергілікті телеарнадан үкіметтің бірінші вице-премьері "Біз бейбіт тұрғындарға жасалып жатқан қастандыққа жайбарақат қарап, олардың қазасына жол беріп қоя алмаймыз" - деп мәлімдеді.

Талаптың орындалуына үш күн мұрсат берілді. Ал, қаруын тастамағандардың көзі жойылады, -деп ескертті Қадыров. Вице-премьер бұған дейінгі амнистияның ұзаққа созылғанын, егер одан бас тартқандар болса, қанды қасап жолын таңдағандарыңа мен кінәлі емеспін дегенді атап көрсетті.

Аталмыш мәлімдеме шешен президенті Қауіпсіздік қызметі бөлімшелері командирлерінің қатысуымен жасалды. Қадыров оларға үш күн ішінде қаруын тастамағандарға қарсы аяусыз күрес жүргізуді сол арада баса тапсырды. Ультиматумның жасақшыларға қалай әсер еткені әзірге белгісіз. Алайда, мәлімдемеден соң бірден зәрелері ұшып, қаруларын үйіп тастайды деу қиын. Себебі, тап осындай үзілді-кесілді талапты өкімет органдары бұрындары да жасаған. Ал, қан болса елде әлі де төгілуде. Ебепке себеп деген, Қадыров баласының бұлайша қоқилануына Шәміл Басаевтың республика басшылығына жасаған қоқан-лоқысы түрткі болды. Сол көптің арасында Ресей президенті де кеткен болатын. Ахмад Қадыровтың өлімінен кейін оған жеткен қолым сендердің де жағаларыңа жетеді дегенді дала командирі ашық айтқан. Әрі соңғы жылдары республикада бір-бірімен жауласып, "қанға-қан, жанға-жан" деп отырғандар жетіп артылады. Осыған қарап, қанды қырғын бұл елде әлі де жалғаса беретінін аңғаруға болады.

МОЙЫНДАУҒА МӘЖБҮР ЕТТІ

Чехиядағы Тимелин атом электр стансасында радиоактивті судың ірі мөлшері ағып кеткен. Стансадағы баспасөз хатшысы Милан Небесардың айтуынша, апатты жағдай стансадағы екінші реакторда болған. Қазір оның зардаптары жойылғаннан кейін, қызметкерлер қоршаған ортаға қауіп жоқ деп ақталуда. Реактордың салқындатқыш жүйесіндегі құбырдың жарылуы осыған әкеп соқтырды.

Оқиға жексенбі күні болғанымен чехтар үкіметі өздерінің жіберіп алған шикілігін тәуелсіз бақылау жүргізетін австриялық ғалымдардың байбайлам салуынан кейін келесі тәулікте ғана мойындауға мәжбүр болды.

Аталмыш атом электр стансасы Австрия шекарасынан 20 шақырым жерде орналасқан. Осыған орай Австриядағы ірі экологиялық ұйымдар стансаны жабу жөнінде бірнеше рет мәселе көтерген. Расында да іргеде аждаһа тұрғанда алаңдамасқа болмайды. Бұл соңғы күндердегі екінші төтенше жағдай. Маусымның 2-сінде ғана бірқатар ақаулардан кейін АЭС-тің екінші блогы жұмысын тоқтатқан-ды.

ЖОҚТЫ ІЗДЕП ЖАЛЫҚТЫ

Ирактағы жаппай қырып-жоятын қаруға қатысы бар нысандардың көпшілігі жойылды деп санайды БҰҰ-ның бақылау, қадағалау және инспекция жөніндегі комиссиясының сарапшылары. Комиссия жария еткен есепке қарағанда БҰҰ инспекторлары жаппай қырып-жоятын қаруды іздестіруден жалыққандай сыңай танытқан. Қауіпті қару бар-ау деген тұстардың бәрі жарылып, жойылды, сонда ол қайдан келеді деп, іздестіру жұмыстарын тоқтатуға бейіл екендерін білдірді. Есесіне, инспекторлар тоқсандық есептерінде "кей заттарды тонаушылар Ирактан алып шығып, қалдық ретінде сатып жіберуі де мүмкін" деп көрсеткен.

Баяндамада химиялық, биологиялық қару өндірісі және зымыран техникасына қатысты технология бөлігінің американдықтардың Иракқа табаны тиместен бұрын елден әкетілуі мүмкін екендігі айтылған. Технологияның тұрақ табар елдері қатарында Нидерланды және Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекеттер көрсетілген.

Сарапшылардың "болдырғанына" қарамастан біраз елдер БҰҰ сарапшыларының Ирактағы жұмысын жалғастыруына мүдделілік танытуда. Ал, АҚШ болса соғысқа дейінгі Иракта жаппай қырып-жоятын қарудың болмағанын айтып, қателігін мойындауда. Мемлекеттік хатшы Колин Пауэлл Орталық барлау басқармасының Саддамда биологиялық қару өндірісі жөніндегі жылжымалы зертханасы бар деген ақпарының шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.


ЕСКЕ АЛУ

"Тағдырдың
салғанына кім көнбеген..."

Менің ойыма қазақтың белгілі ақыны, өмірден өте ерте өткен Марат Отаралиевтің мына бір өлең жолдары оралып отыр:
Көмбеңдер мені өлгенде,
Көмуге сірә бола ма?
Шарықтап жүрген өр кеуде,
Сияр ма сірә молаға...

Шашубай МАЛДЫБАЕВ

Иә, шынымен-ақ күні кеше ғана ортамызда ойнап-күліп, жарқылдап жүрген өр кеуделі азамат, атақты ақын жерлесіміз Ерік Асқаровтың қабірге сыйып жатқанына сенгім келмейді. Осыдан кейін "Өмір шіркін өткінші, адам баласы бұл дүниеге қонақ" деген ұлылар айтқан қағидаға тағы да көзің жете түседі.

Бақилық болған бауырымыздың жарқын жүзін қара топырақ жапқалы бір жыл өтті. Әр кез еркелеп келіп, телефон шалатын Ерігіміздің хабар-ошарсыз жатқанына үш жүз алпыс төрт тәулік толды. Қатыгез тағдыр таудай азаматты түймедей төмпешік етіп тастады.

Қырықтың қырқасына енді ғана шыққан Ерік ініме еске алу жазамын деген ой үш ұйықтасам түсіме енбеген. Құдай басқа салған соң көнеді де, көреді де екенсің...

...Ерікжан есіме Сені алғаш көргенім түсті. Алматы 1981 жылы. Күз. Мұхтар Әуезов атындағы әкемтеатр. Кіші залы. Грузин драматургы Л. Габухшвилидің "Арманымның ақ құсы" спектакелі жүріп жатты. Көрермен көп. Негізінен өрімдей жастар. Сахна арман қуған жас ғашықтардың мекеніне айналған. Сұлу сезімге толы сырлы спектакель. Соңғы көрініс. Бір кезде жүзің жарқырап сахнаға сен шықтың. Спектакель қоюшы режиссер және аудармашысы ретінде 22 жастағы Алматы Өнер институтының түлегі Ерік Асқаровқа көрермен қауым орнынан тұрып қол соқты! Қандай ғанибет! Қандай қуаныш!

...Сексенінші жылдары Сені көгілдір экраннан көріп жүрдік. Қазақ өнерінің асылы - айтыстың алдаспаны атанның. Найзағайдай жарқылдаған жаухар жырдың нөсерін төктің.

Алматым талайларға арман қала,
Көгінде көп жұлдызы жанған қала.
Дұшпан не десе де, о десінші,
Жайнатып Димаш ағам салған қала.
Осы сөз маған сор боп тие ме екен,
Сонда да Ерік басын ие ме екен,
Халқымның ықыласына ризамын,
Ақынын баяғыдай сүйеді екен.


Сол жылдары өнердегі де, өлеңдегі де бағың шырадай жанып Мұқағали Мақатаев атындағы және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлықтарының лауреаты атағын алдың. Бұл тұста "Жетіген" (1982 ж), "Қарлығаш" (1984 ж), "Көгілдір" (1986 ж) атты жыр жинақтарың оқырман қолына тиіп үлгерген болатын. "Боз ауыз ат", "Абылайхан", "Сегіз сері" сияқты поэмаларыңды жұрт сүйсіне оқып жатты. Ал, көрермендер болса О. Бөкейдің "Қар қызы" повесінің желісімен Сен түсірген көркем лентаны тамашалады.

"Жазушы" баспасында жауапты редактор, Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетшілер Үйінде директор болған жылдары еліңе сіңірген еңбегің өз алдына бір төбе емес пе еді! Тоқсаныншы жылдардың басында Көкше өңіріне келіп Жазушылар одағының солтүстіктегі жауапты хатшысы қызметін абыроймен атқарғаныңды әріптестерің жақсы біледі.

Қырық жасқа толғанда елге қуаныш құшағын ала келдің. Қолыңда "Астана жұртын айналсам" деген жыр жинағың бар. Сүйінші данасының біріне "Өнердегі әрі өмірдегі үлкен аға - Шашекеңе інілік зор ізетпен - автор" деген қолтаңба жазып маған сыйға тарттың. Сол 1999 жылдың 19 қарашасы күні Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің акт залында Сенің осы кітабыңның тұсаукесер рәсімін өткіздім. Сол жолы сүйікті жарың Нәсіпжан мен бірге балаларың Айсана, Бекзатты, Еркөкше мен Абылайханды көріп қуанған едік.

Ұлы Сәбекеңнің 100 жылдық мерей тойы қарсаңында елден ерекше ерте келіп, Республикалық ақындар айтысымен Мүшайра өткізуге қол ұшын бердің. Жалпы тойды ұйымдастырушы жерлестеріңмен бірге жүріп қызмет қылдың. Ел намысын ойлаған ер азаматқа бар іс-әрекетің жарасып тұрды. Ал, 2001 жылы, "Қазақстан ғасыры" деген атпен егеменді еліміздің 10 жылдық мерекесіне арналған жыр жинағыңды оқырманға тарту еттің.

2002 жылы Ғабит Мүсірепов мүшайрасының бас бәйгесін жеңіп алып, Астанаға жеңіл автокөлік мініп оралдың. Менің әкем Ғалым Малдыбаевтың 100 жылдық мерейтойына арнайы келіп, ақынның аруағына жыр арнадың. Өткен жылы ғана Мағжан бабамыздың 110 жылдық мерей тойында қазылар алқасына төрелік етіп, ұлы ақын бабаның киелі аруағына қызмет көрсеттің. Ел-жұрттың құрмет-қошеметіне бөленіп, мәртебең бір өсіп қалған еді. Жерлестеріңнің өзіңе деген ыстық ықыласын, сүйіспеншілік сезімін де байқадың. Әттең, Алланың ісіне не шара, не дауа! Қас қағым сәт, Сені о дүниелік етті. Мағжан бабаңның асы Сенің елден татқан соңғы дәмің болды. Мағжан бабаңның өмір сүрген жасы Саған соңғы сызық болды, ақын бауырым! Өзің жазғандай "Тағдырдың салғанына кім көнбеген..."

Петропавловск қаласы


"Тазшаның" таразысы

Арман ӘМЕН

Бүгінде қоғамдағы ішмерездік пен олқылықтарды найза тілімен түйреп отыратын жанр сатира болса, көнеден жеткен ауыз әдебиеті інжу-маржандарының ішінде өтірік өлеңнің де алатын орны ерекше. Бұл жанрдың негізін қалап, ауыздан-ауызға таратқан халық болғанымен, негізгі кейіпкері - "Тазша бала". Бүгінге дейін халық ауыз әдебиетінің үлгісі ретінде оқулықтар арқылы жеткен Тазша баланың хикаяттары қайта жандануда. Дүйсенбіде Жастар сарайында республика деңгейінде бесінші рет өткізілген "Тазша бала" байқауы осының куәсі.

Тазша бала - халықтың сүйікті кейіпкері. Ол - тапқырлық пен ұшқырлықтың символы. Байқаудың негізгі мақсаты, қазақ ауыз әдебиетін насихаттау, ел ішіндегі таланттарды тауып, өнерлеріне жол ашу. Осы жолы еліміздің 10 облысынан 11 үміткер қатысып, қырық өтірікті судай сапырып, пантомимолар мен сатиралық көріністер қойды. Өтірікті шындай соққан тазшалар "айтпаймын қыз берсең де өтірікті", "не пошымдау оқиға", "тазшаға 9 өнер де аз", "тазшаның тапқырлығы" бөлімдері бойынша сынға түсті.

Байқауға қазақы қалжыңның шеберлері, сын-сықақтың белгілі сарбаздары Көпен Әмірбек, Сейіт Кенжеахмет, Қонысбай Әбіл, Берік Садыр және Шәміл Жүнісов төрағалық етті.

Өтірік пен күлкінің шапанын жамылып шыққан тазшалар аузы майланғанша жалған уәде беріп, халықты алдап жүрген депутаттарды бір қағытып өтті. Әу дегенде алғаш сахнаға шыққан "сыйға айдан жер алған" Д. Ақмолдаев, "Мұз таудың шыңына шаншылып туған" Б. Құсанбаев, сайыстың ең кіші сарбазы "Астанаға бәтеңкесіне мұнай құйып жеткен" маңғыстаулық сегіз жасар С.Мөңке және "қазақтың бәрін Алдар көсе ағатайдың балаларына" теңеген А. Шайбеков көрермен қауымды күлкіге қарқ қылды.

"Не пошымдау оқиға" бөлімінде қызықты көріністерімен көзге түскен Д. Пірназаров пен М.Жекенов болса, пантомимо көрсетуде Б. Құсанбаев шеберліктен алдына жан салмады. Ал, сұраққа жауапты суырып салудан Сұңғат Мөңке тапқырлық танытты. Ол "қойды қошқар емес, неге серке бастайды" деген сұраққа "топты әр уақытта сақалды бастамай ма екен" деді табан астында.

Бұл жолы 2001 жылғы жүлдегер Т. Қабатов пен 2002 жылғы жеңімпаз Д. Хамзиндер өз өнерлерін көрсетті. Сөйтіп, қоғамымыздағы келеңсіздіктер, жағымпаздық пен бөспелікті өтіріктерімен қағытып өткен "Тазша бала" байқауы да өз мәресіне жетті. "Бұл байқау балалардың тай жарысы секілді" деген қазылар алқасының төрағасы Көпен Әмірбек озып шыққандарды өзі марапаттады. Үшінші орынды А. Шайбеков (Қарағанды), Д. Ақмолдаев (Талдықорған) иеленсе, екінші орынға М. Жекенов (Орал), ал бірінші орынға Б. Құсанбаев (Шығыс Қазақстан облысы) шықты. Мұның соңында гран-при жүлдесі байқаудың ең жас тазшасы Сұңғат Мөңкеге бұйырды. "Өзі де Тазша секілді" деп Көпен Әмірбек баға бергендей, Сұңғаттың бұл бәйгесі өзіне әбден лайық еді.

Астана қаласы


БӘЙГЕ БАР,
жігіттер жігер танытса

Алдағы тамызда Афинада өтетін ХҮІІІ-ші жазғы олимпиада ойындарында еліміздің спортшылары төрт алтын медальға қол жеткізуі мүмкін. Республика Туризм және спорт агенттігінің төрағасы Дәулет Тұрлыхановтың бұл болжамы "арық сөйлеп, семіз шық" дегенді еске түсіреді. Себебі, "бұдан бұрынғы олимпиадаларға қарағанда спортшыларымыздың жақсы өнер көрсететін мүмкіндіктері бар" деуі осы пікірді қуаттай түседі. Атап айтқанда Атланта және Сиднейде өткен ойындарда жерлестеріміз үш алтыннан олжа таққан болатын.

- Қазір Қазақстан құрамасында спорттың 19 түрі бойынша лицензия алған 114 спортшы бар. Қалған уақытта әлі 1-3 лицензиядан үміттіміз,-деді ол.

Төраға сөзі астарынан жүлделі орындардан дәменің әлдеқайда көптігі аңғарылды. "Шынтуайтына келгенде, Грециядағы алқалы топта еліміздің айбынын асқақтататын 12-13 спортшы олимпиада жүлделеріне нақты қол жеткізуі мүмкін" дегенді төраға жасыра алмады. Әсіресе, бұрнағы жылдардан бері жаттықтырушылар мектебі әбден қалыптасқан боксшы, балуандар, дзюдошылар, ауыр атлетшілер, гимнастар, триатлоншылар және велошабандоздар жерге қаратпас деген үміттеміз. Сонымен қатар спорттың басқа түрлері бойынша отыз шақты атлетшілеріміз алдыңғы ондық сапына кіруі мүмкін.

Құрғақ қасықтың ауыз жыртатыны белгілі. Әлем назарын өзіне аударған додада қазақтың абыройын асыратын жігіттеріміз бен қыздарымызға Үкімет қаулысы бойынша арнаулы сыйақылар тағайындалған. Нақтысын айтқанда, ол олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне және алтыншы орын сатысында тұрақтағандарға беріледі. Мәселен, бірінші орынға қол жеткізген спортшы мен оның жеке жаттықтырушысының әр қайсы 100 мың доллардан, екінші орындағылар 50 мың доллардан, үшінші орынға 30 мың доллардан беріледі. Ал, 4, 5, 6-шы орындарды иеленгендерге 10, 5, 3 мың доллардан табыс етіледі.

Енді мынадай салыстырмалы дерекке назар аударыңыздар: Өзбекстан үкіметі Олимпиадаға қатысушы спортшыларын қаржылай қолдаудың мынадай жолын бекітті. Алтын медаль құны - 100 мың доллар, күміс медаль - 50 мың доллар, қола - 25 мың долларға бағаланды. Бүгінде 60 өзбек спортшысы Грекияға жолдама алған.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ   

   
Колонки
Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"