Газета издается с 10 декабря 2002 года. Выходит по пятницам.
   Услуги Web-дизайна
Вместе с нами



Валюта, погода

Kazakhstan Financial Market
вся погода



Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

САЯСИ РЕФОРМАЛАР ҚАРСАҢЫНДА

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы 2004 жылғы қыркүйектің 19-ында өтеді. Бұл жайында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сейсенбі күні "Отан" республикалық саяси партиясының кезектен тыс өткен жетінші съезінде жариялады. Мемлекет басшысы съезд үстінде қоғамды таяу болашақта саяси жағынан жетілдірудің жолдарын да жайып салды. Оның нәтижесі республикамызды жаңа әлеуметтік-экономикалық және саяси деңгейге алып шығуға тиіс.

Съездегі баяндамасында мемлекет басшысы еліміздегі қол жеткен әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді малданып отыруға бола бермейтінін айтты. Қоғамдағы қордаланған бірқатар мәселелер арасында елімізді саяси жағынан жетілдіру міндеті де тұр. Бұл тұрғыда елбасы Тұрақты кеңес қызметін жандандырып, соның негізінде Президент жанынан саяси жүйені жетілдіруге арналған, демократия және азаматтық қоғамдағы мәселелермен айналысатын, тұрақты комиссия құрылуы керектігін көрсетті. Н. Назарбаев комиссияда талқыланатын алдыңғы кезектегі міндетті де айқындап берді. Бұдан былай Премьер-министр кандидатурасынан бастап, министрлер кабинетінің құрамы Парламентте, соның ішінде салалық комитеттер талқысынан өтетін болады. Халық қалаулылары сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыруға да қатысады.

Саяси жетілдірудің маңызды бөлігі ретінде Президент мемлекеттік қызмет жүйесін жақсарту керектігін, Үкіметтің ұйымдастыру жұмысын, құқық қорғау жүйесін дамыту қажеттігін және құқық қорғау механизмдерін күшейту және мемлекеттік басқаруды орталықтандыру жөніндегі жұмысты аяқтау керектігін жеткізді. Ал, жергілікті атқару органдарының сайланбалы болуына қатысты елбасы Конституцияда көрсетілгеніндей, Астана және Алматы қалалары әкімдері тағайындалуы керек деді. Әкімдердің төменгі деңгейін сайлау 2006-2007 жылға дейін енгізілуі керек.

Саяси реформаның келесі бір кезеңі, - деді Президент, Парламенттегі қос палата депутаттарының құрамын көбейту. Осы орайда мемлекет басшысы Парламенттің қадағалау қауқарын күшейтуді көздейтін міндетті тиісті орындарға жүктеді. Атап айтқанда Парламент ендігі арада мемлекеттік бюджетті бекітіп қана қоймай, оның орындалу барысын да қадағалап, Есеп комитетін құруға қатысуы керек. Ал, келер болашақта Үкімет құрамы Парламенттегі партиялар құрамына сай жасақталуға тиіс.

Елбасы осы аталған міндеттер Қазақстанды жаңа әлеуметтік-экономикалық және саяси даму көкжиегіне көтереді деген сенімін білдірді. Осы арада ол демократия -заң күші бар билік екенін, ал ұлтаралық керіс, ұлтқа, рушылдыққа бөлінудің Қазақстан заңдарына сиымсыз екенін ескертті. Әркім өз сөзі мен әрекетіне жауап беруге тиіс. Әйтпейінше, демократия өзегі - бостандық бейберекетке айналуы мүмкін.

- Тұрақсыздыққа бастайтын кез-келген әрекет мемлекеттік пен тәуелсіздікке төнген қатер ретінде қарастырылуы тиіс,-деді Президент. Сондықтан қақтығыстық емес, тек сындарлы өзара іс-қимыл ғана бізге оңтайлы болмақ.

Алдағы Парламент сайлауына қатысты Нұрсұлтан Назарбаев: "Төртеу тату болса, аспандағы келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді" деген халық нақылын еске алды.

- "Отан" партиясы сайлауға өзі секілді көпшіліктің кеңінен қолдап отырған одақтастары - Қазақстан Аграрлық партиясы, Азаматтық партиямен қатар келе жатыр, деп атап көрсетті Елбасы.

"Отанның" кезектен тыс съезі оның қатарына белгілі күйші, композитор Бекболат Тілеуханды қабылдаумен аяқталды. Мүшелік билетті оған партия жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаев тапсырды.


Партиялар блокқа бірікті

Ербол КЕРІМБАЙҰЛЫ

Республикамыздың гүлденуін ортақ мақсаттары етіп қойған Аграрлық және Азаматтық партияларының жетекшілері Ромин Мадинов пен Азат Перуашев сайлау алдында біртұтас блок құру туралы меморандумға қол қойды.

Аталған партиялар 1999 жылы өткен парламент сайлауына дейін құрылған. Парламентте депутаттық фракциялары бар аграрлықтар мен азаматтықтар қазір бес жыл белесінде жасаған жұмыстарын қорытындылауда. Соның айқын көрсеткіші, еліміздегі ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларын реформалауға қажетті заңнама негізі қалыптастырылды. Блокқа біріккен партиялардың көздеген түпкі мақсаттары осы болатын. Президент саясатын қолдап, демократияның дамуы, азаматтық қоғамының ілгерілеуі бастамаларын қолдайды.

Осыған дейін түсіністікпен жұмыс істеп келе жатқан партиялардың күш біріктіруі турасында Қазақстан Аграрлық партиясының жетекшісі Ромин Мадинов:

- Артымыздағы қолдаушыларымыздың мүдделерін басшылыққа алып, әрі стратегиялық әріптестер ретінде парламенттік қызметтегі өзара ынтымақтастықтың мол тәжірибесін ескеріп барып отырмыз, - деді.

Азаматтықтар жетекшісі Азат Перуашев:

- Блоктағы партиялар Меморандумнан тыс іс-әрекеттерінде дербестігін толық сақтайды,-деп сайлаудан тыс істерде әркімнің тізгіндері өз қолдарында қалатындарын жеткізді.

Мемлекеттің қарқынды дамуын сақтап қалу, саяси тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді, азаматтық қоғам институттарының дамуын қамтамасыз ету үшін бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығаруды жөн санаған екі партия сөйтіп, 2004 жылғы парламенттік сайлауға біртұтас блок құрып қатысатындығын жариялады.


ТЕМIРЖОЛ:
РЕФОРМАҒА ШЛАГБАУМ АШЫЛДЫ

Мәжіліс депутаттары темір жолды күтіп тұрған үлкен өзгерістерге жол ашты. Нарық жағдайында жұмыс тәртібі өзгеріп, ішкі ерекшеліктері елді елеңдетіп отырған темір жол саласына қатысты кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болды.

Көлік және коммуникациялар министрі Қажымұрат Нағмановтың айтуынша, Қазақстан темір жолы реформаны ТМД аумағында бірінші болып бастады. Оның жүзеге асуы үшін заң қажет. Бұдан былай мемлекет қарауында темір жолдың магистральді жүйесі ғана қалады, басқа сала жекеменшікке сатылады. Алматы вокзалынан басқасы жергілікті әкімшілік құзырына өтіп, ауруханалар, құрылыс-жөндеу, вагон жөндеу мекемелері, сауда, қоғамдық тамақтандыру орындарының өз иелері болады.

Бүгінде темір жол саласының кірісі 15 процентке төмендеген. Ал, магистральды тиісті дәрежеде күтіп ұстауға 45 миллиард теңге қажет. Егер аталмыш заң қабылданса келер жылы кіріс 33 процентке, 2006 жылы 18 процентке өседі деген болжам бар. Депутаттар "жүк тасымалын кімдер жекеге алады, жолаушылардың жол ақысы өсе ме? " - деген көпшілік көкейіндегі сауалдарды қойды. Министр реформа жүзеге асса, бәсекелестікке жол ашылып, жолаушыларға қызмет көрсетушілер өздері-ақ бағаны түсіруі мүмкін, жүк тасымалдау саласында бүгінде екі компания жұмыс істеп жатса, заң қабылданған соң басқа да қызығушыларға жол ашылатын болады деп түсіндірді.

Заң жобасының жұмыс тобына салалық комитеттерден 67 ұсыныс түсіп, оның 57-і қабылданған. Темір жол саласының не бағын ашатын не соры болатын үлкен реформаға бағыт беруші заң жобасын Мәжілістегі халық қалаулылары тұтастай мақұлдады.


АРДАГЕРЛЕРГЕ ЖЕР БЕРІЛДІ

Арман ӘМЕН

Осы аптада Астана қаласының әкімдігінде баспанаға аса мұқтаж адамдарға жер телімдерін беру жөніндегі комиссияның алғашқы жиналысы өтті. Естеріңізге сала кетейік, биылғы сәуір айында қалалық мәслихат бекіткен, жеке меншік құрылысқа арналған жер берудің жаңа ережесі жасалған болатын. Енді жер телімдерінің белгілі бір бөлігі еңбек және соғыс ардагерлері, оралмандар және мүгедектер, т.б. азаматтарға тегін берілетін болады.

Астана қаласының сәулет және қала құрылысы департаментіне осыған дейін жеке меншік тұрғын үй салуға жер алу үшін 22 мыңға жуық өтініш түскен. Оның ішінде 100-і Ұлы Отан соғысының ардагерлерінікі. Комиссия алдыңғы кезекте жерді ардагерлерге беруді ұйғарған. Қала әкімінің орынбасары Марат Толыбаевтың айтуынша, олардың мұң-мұқтажымен жете танысу үшін комиссия мүшелері олардың тұрмыс жайын көзбе-көз көріп қайтқан. Жылжымайтын мүлік орталығының анықтамасына сай, ардагерлер өз пәтерлерінде, не балаларының қолында тұрады. Бәрінде де пәтер аумағы таршылық етуде, кейбіреулері бір бөлмені қанағат тұтса, басқалары он бес адаммен сыйысуда. Сондықтан комиссия мүшелері ең мұқтаж 15 адамның тілегін қанағаттандырды. Олардың әрқайсына 10 сотық көлемінде, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінен электрлендірілген, су тартылып, жол салынған телімдер берілді.

Мәслихат бекіткен жаңа ереже бойынша жақында алғаш рет жеке меншік құрылысқа арналған он бес жер телімі аукционға шығарылады. Бұл жөнінде М.Толыбаев "Телімдерді сату - тұрғындар өтінішін қанағаттандыру мүмкін болмағандықтан жасалған қадам. Біздің ұстанымыз, жер беру тәртібін барынша ашық, әділ жүргізу" деді.

Қалай десек те, баспанаға жер алу тым ширығып кетті. "Ат төбеліндей" ғана қалған, көпшілік ұғымында бәрін кезексіз алатындай көрінетін ардагерлеріміздің қолы оған әзер жетіп отырғанда, басында шаңырағы жоқ, азғантай жалақысын талғажау еткен, бірақ қолынан іс келетін өзге жұрт не істеуі керек?


ДАБЫЛ

Шардара тағы ШОШЫТЫП тұр

Есенкүл КӨШЕРБАЕВА

"Шардара" СЭС-інің құрылысы қолға алынғанда жоба бойынша су қоймасының сиымдылығы 5 миллиард 700 миллион текше метр делінген. Дегенмен, ондай суды қабылдап өткізетіндей қазір Шардара қоймасының бұрынғы "су жаңа" көзі емес. Су ең көп жиналған 2003 жылы судың көлемі 5 миллиард 233 миллион текше метр болды. Осының өзін зорға қабылдаған теңізді "әне тасиды екен, міне тасиды екен" деп үрейленіп, улап-шулаған болдық. Бүкіл Қазақстанды алаңдатқан, 2003 жылдың күзінен 2004 жылдың көктеміне дейін созылған Шардара теңізіне жиналған сол мол судың "ал-ал" деп өзбекке, "бізге су берме" деп қырғыздарға жалынып жүріп, бетін зорға қайтарған едік. Ол кезде судың көбейіп кеткенінен шошысақ, енді жетпей қалуынан шошып отырмыз.

Теңізге келіп жатқан судың қазіргі мөлшеріне қарап олай қауіптенбеске болмайды. Диқандардың қара өзек көктемнен тырбанып еккен егінін суаратын кезі де жақын. Елдің тоқтығы, жағдайының жақсаруы, оның еккен егінінің болған-болмағанына да байланысты. Бұл орайда, көрініп тұрған қауіпті жасыру, ол туралы сөз қозғамау бізге сын болар еді.

Лайым, қауіпіміз қате болсын. Әйтсе де, "сақтықта қорлық жоқ" дегенді атамыз қазақ бекер ескертпеген. Ең бастысы бұл аудан, облыс деңгейінде шешіле салатын оңай мәселе емес. Мемлекетаралық келісіммен бітетін жұмыс. Егер әңгіме біз қауіптенетіндей егін суратын судың жетпеуіне соқса, онда оған тағы да Үкіметтің араласуына тура келеді.

Өйткені, негізгі бас қойма - Тоқтағұл Қырғызстанда. Жолда кетпенін жалаңдатып, еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін жер шұқылайтын Өзбекстан жатыр. Тоқтағұлдан Тәжікстан да су алады.

Егін суаратын кез келгенде су жетпей қалуы мүмкін дегенді біз не сөз тапай, не құр байбаламмен айтып отырғанымыз жоқ. Ондай жетіспеушіліктің болуы әбден мүмкін екендігі жөніндегі қауіптің негізсіз емес екендігін мына талдаулардан-ақ байқауға болады.

Қазір Шардара теңізінде 4 миллиард 561 миллион текше метр су бар. 2003 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда ол 0,672 миллион текше метрге аз. Сондай-ақ, қоймаға келіп жатқан судың мөлшері кетіп жатқан судың мөлшерімен салыстырғанда 1,5 еседей аз. Қоймаға қазір секундына 500 текше метр су келіп жатса, кетіп жатқаны секундына 750-800 текше метр. Қазір Қызылорда облысы күріш бастырып жатыр. Күріш бойлап өскен сайын олар алатын су көлемін секундына 850 текше метрге көбейтеді. Шардара ауданы, түгел Арыс, Отырар аудандарының шаруашылықтары бетіне қарап, тілеуін тілеп отырған қоймамызға дәл қазір небәрі 1 шелек су құйып, 4 шелек суды қайта алып жатқандай жағдайда отырмыз. Бұл жағдай "бүйте берсе су жетпей, егініміз қурап кетпей ме" деп қауіпті растайтын фактінің нағыз өзі емес пе?

Шардара су қоймасынан су алатын шаруашылықтар, диқандар әр суарымды сумен толық қамтамасыз ету үшін ең аз дегенде 1 миллиард 100 миллион текше метр су керек. Ал, Қызылорда облысы алатын суының көлемін секундына 850 текше метрден асырмағанның өзінде,небәрі бір айдың ішінде оларға қоймадан 2 миллиард текше метр су кетіп қалады.

Күріш дақылы піскенше суда тұратынын ескерсек, олар ол көлемді бір ай ғана алып қоймайды. Қашан күріш пісіп, су қайтқанша алады. Ал, теңіздің түбінде 1 миллиард текше метр су қоры сақталмаса, онда теңізден су алу мүмкін болмай қалады. Сонда бізге қалатын суды қанша жерден ойнатып есептесең де, "биыл су жетерлік болады екен" деп қуанатындай цифр шықпайды. Қайта есептеген сайын қаупің күшейе түседі.

Шардаралықтар өздері де бұл қауіпті сезіп, оның алдын алу үшін тиісті министрліктерге хат жолдап, әрекеттеніп жатыр. Биыл жылда ығырыңды шығарып тоқтамай қоятын жаңбыр жоқ. Жаздың құрғақ, ыстық болатыны мамыр аяқталмай-ақ шөптің сарғая бастағанынан байқалады. Бұл егістікке судың жылдағыдан бірнеше есе көп керек екенін ескертеді.

Шардаралықтар "Тоқтағұл" СЭС-і Қазақстанға тиісті, қажет суды беріп отыр. Бірақ, жолда Өзбекстан Республикасы аймағында шығын мол - бұрып алу, тоған байлау, қойма салу көп болғандықтан бізге су аз келіп жатқан көрінеді, - деп әңгіме айтады. Бұл әңгімеде шындық жоқ дей алмайсың. Ең бастысы, бізге бөлінген судың транзит мәселесін шешу - жоғары жақ араласпай күрделі, қиын болатын сыңайлы.

Отырар, Арыс аудандарын атамағанда 64 мың гектар суармалы жері бар Шардара ауданында соның тең жартысы - 32 мың гектардан астамына биыл мақта егіледі. Көп болмаса да күріш бар. Жоңышқаға да су керек. Осындай дақылдарды қыруар бейнетпен егіп, өсіріп жатқан диқандар ертең су болмай қалса кетпенін көтеріп құр қалмай ма? Ал, олардың қолында судың мәселесін шешіп, жетелеп әкелетіндей пәрмен жоқ.

Судың аз келіп жатуы - бір қауіп, ауа райының құрғақтығы - екі қауіп болып күдік тұманы қалыңдап тұрған биылғы жылы бұл мәселеге аудан, облыс басшылығы ерекше назар аударып, атқа қамшы басып кіріспесе болмайтын сыңайы бар. Біздікі - бұрнағы жылдардағыдай жаналқымға тақалғанда, дәл су болмай қалған күні айқайлаудың қажеті аздығын, қауіптің алдын алу керектігін ескерту.

Оңтүстік Қазақстан обл.


ІЛКІМДІЛІК

Мал өсiрсең, қой өсiр...

Серік САҒЫНТАЙ

Екі жыл бұрын Ақтоғай ауданы ауылдық аймақтарындағы 38 шаруа қожалығына Қарағандыдағы "Ақниет Ғасыр" ЖШС несиеге 2845 қозы берген болатын. Облыс әкімдігі жанынан құрылған шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту қорымен бірлесе әрекет ететін "Ақниет Ғасырдың" шынында да шаруалар үшін ниеті ақ. Оған серіктестіктің нақты істері кепілдік береді.

Серіктестік аудандағы ауқатты қожалықтардан қозы басын 3500 теңгеден алып, ақтоғайлық шаруаларға алды 30, соңы 300-ден, үш жыл мерзімге 45 проценттік өсіммен, мал өсіруге ынталы жұртқа үлестірген. Несие мерзімінің алғашқы жылында өскен тоқтылардан проценттік өсім алынбады. Тек тоқты өсіп қой болған екінші жылы, яғни, биыл ғана серіктестік мамандары ақтылы қой, алалы жылқы өсірген ауылдарға барып, мал басын санап, қозыларын түгендеп қайтқан. Тарата айтсақ, мәселен, осыдан екі жыл бұрын 100 қозы (қозы болғанда да ұрғашы) алған шаруа биыл проценттік өсімімен 72, келесі жылы 73 қозы беруге міндетті. Шарт солай. Алған 45 қозыны не ұрғашылай, не еркектей беруі керек.

Екі жылда қайтарылатын мал сол аумақтағы мал өсірем деушілерге қайыра үлестіріледі. Бұл ауылдағы жұрт үшін өте тиімді. Серіктестік баюды көздеген банктер секілді емес, несиенің проценттік өсімі де аз, іс оңға баспай жатса (бетін аулақ қылсын!), кешірім жасауға да пейілді. Бұдан олар не ұтады?! Қолынан келген қонышынан басып, ауадан ақша саууға үндейтін нарық дәстүріндегі елмен бірге күн кешіп жатқан серіктестіктің үш жылда небары 45 процент ғана өсім алатын серіктестіктің көздегені не? Шынын айту керек, "саудада достық жүрмейтінін" біліп қалған ел серіктестіктің игі істеріне әлі сенбейді.

- Серіктестік ауылдағы шаруақор ағайынға демеу көрсету үшін құрылды,-дейді ЖШС бас директоры Қайрат Қожахметұлы. - Басты мақсат - даланы малға толтыру, елге жұмыс тауып беру, кәсіпкерлікті дамыту. Біз қозы сатушы қожалық иесіне мал басына тиесілі ақшаны көктемгі төл кезінде санап береміз. Жаз ортасында қозыларды санап, сырғалап, денсаулығын тексеріп, өтініш берушілерге үлестіреміз. Біріншіден, ауылдағы ағайын қозысын маңыратып қалаға айдап, әуре болмайды - ақшаны ауылында отырып, санап алады. Екіншіден, алдына мал салған несие алушы екіжақты жауапкершілікті сезінеді. Олар сонымен қатар, өсімі аз несие алғаны үшін, сол ауылдағы бір жұмыссыз адамды заңды түрде жұмысқа алады. Мінеки, далада мал да өседі, жұмыссыздық та азяды, елдің әл-ауқаты арта түседі.

Ақтоғайлық 38 шаруа қожалығының иелері екі жыл бұрын қырыққа тарта адамды жұмысқа қабылдады. Биыл несиелік келісім-шарт бойынша олар шамамен 1414 ұрғашы қозы, 614 еркек қозы қайтаруы тиіс. Келесі жылы 1421 ұрғашы, 674 еркек қозы қайтаруы шарт. Жалпы есептесек, биыл алынатын мал қайыра таратылғанда орта есеппен 50 қозыдан несие алатын қожалықтардың әрқайсы тағы да 28 адамды жұмысқа қабылдауға міндеттенеді. Ендеше, жұртты жалқаулыққа шақыратын атаулы әлеуметтік көмекті алғысы келетіндер азаяды дей беріңіз. Айтпақшы, тауарлы несие берудің осынау оңтайлы, ұтымды жүйесі тәжірибе ретінде ұйымдастырылған жылы өз малын өзі несиеге алғандар да болыпты. Яғни, серіктестік бөлген қаржыға қозысын сатып, ақшаны да, қозыны да өзі алған ел нақты айтқанда "екі жеп, биге шыққандай". Мұның еш сорақылығы жоқ, басты мақсат мал басын көбейту! "Екі жеп, биге шыққан" дегеннен шығады, кейбір шаруақор азаматтар қыстан күйлі шыққан тоқтысын да қоздатып алыпты. Біз ат басын арнайы бұрған қожалықтардың барлығында дерлік мал басы анық өскен сыңайлы. Қожайындары да риза рәуіште.

Қарағанды обл.


"Әулиекөл" тұқымының ерекшелiгi

Мақсұтбек ОТАШЕВ, журналист

Әулиекөл ауданындағы "Диев" агрофирмасы облыстағы белгілі де байырғы шаруашылықтардың бірі. Бүгінде мұнда егіншілікпен қатар мал өсіру де дамыған. Шаруашылықта жылма-жыл отыз мың гектарға жуық алқапқа дәнді дақылдар салынып, үш мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара және бес мыңға жуық жібек жүнді мол беретін қойдың солтүстік-қазақстан мериносы өсіріледі.

- Нарық жағдайында біздің атымызды астық қана емес, асыл тұқымды малымыз да көпке танымал етуде. Соның ішінде ірі қараның "Әулиекөл" тұқымын ерекше айту керек,-дейді агрофирманың бас директоры, облыстық мәслихат депутаты, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Олег Даниленко. - "Әулиекөл" біздің өңірде ғана емес, еліміз бойынша теңдесі жоқ ерекше мал тұқымы. Сондықтан да біз бұл бағыттағы жұмысты заман талабына сай жүргізіп, жетілдіре түсуді көздеп отырмыз. Менің алда қорғайтын докторлық диссертациям да ірі қараның "Әулиекөл" тұқымына арналмақ.

Ірі қараның етті мол беретін тұқымын шығару жөніндегі жұмыстар мұнда 40 жылдан астам бұрын басталған. Содан малдың үш тұқымын будандастыру нәтижесінде жергілікті табиғи-климат жағдайына төзімді, әрі жоғары сапалы ет беретін және тез салмақ қосатын ірі қараның жаңа тұқымы алынды. Ол "Әулиекөл" тұқымы деп аталды.

Етті қара-ала сиырлар мен бұқалар анадайдан белгілі. Оның еті ең жоғары халықаралық стандарттарға сай. Яғни, ол көбіне бір ет, бір май болып тұрады да, көптің көңілінен шығып жатады. Ал оны ғылыми түрде мрамор еті дейді. Бүгінде осы "Диев" агрофирмасының мрамор еті Астана мен Алматының, тіпті Мәскеудің элиталы мейрамханаларында жоғары сұранымға ие.

"Әулиекөл" тұқымы өзінің бұрынғы "тегі" француздың "Шаролесіне" қарағанда біздің климатқа төзімді және жағдай талғамайды. Сиырларды бұзаулату негізінен қарашада, яғни қыс қаһарына енген кезде басталады. Сондықтан да болар оның төлдері қыс аязына шыдап қана қоймай, шымыр болып өседі. Бұзаулардың тәуліктік салмақ қосу көрсеткішін фантастикалық деуге болады - тәулігіне 1,5-1,7 килограмға дейін барады. Күтімі жақсы болып, рационмен азықтандырылса "Әулиекөл" бұқалары бір тоннаға дейін салмақ тартады. Әрине, "Диев" агрофирмасы мұндай рекордтық көрсеткішке ұмтылған емес, әр мал 500-600 кг салмақ тартса жеткілікті. Нарық жағдайында шамадан тыс шығын өзіңе ауыр тиеді.

Бүгінде диевтіктер "Әулиекөл" тұқымын жаңа халықаралық стандарттарға сай жақсарту жолдарын қарастыруда. Ол үшін оған сәйкес келетін тұқым ұрықтарын табу үлкен маңызға ие болуда. Бұл мақсатта диевтік мамандар "Шароле" тұқымдас сиырлардың мекені болған Францияға да баруға дайын, тек іс нәтижелі болса екен дейді.

Қостанай обл.


АУЫЛ ЖЫЛДАРЫ

ӨЗIМIЗДЕН БАСТАЙЫҚ

Төлеубай IЛДЕБАЕВ

Кеше ғана кең даланы о шетінен бұ шетіне дейін жалпағынан ақ шәйімен жауып қойғандай қалың қар тұмшалай басып жатқан.

Бірақ, мұның бәрі алдамшы. Жаңағы жер-көкті тұмшалаған қасат қардың көбесі сөгіліп, сай-салаға сарқырай ағып кеткенде көз алдымызда мүлде басқа көрініс пайда болды. Көктемгі лайсаңда ауыл-үйдің арасы мүлде аяқ алып жүргісіз, ми болып езіліп кеткен. Ағып жатқан таза қардың суы болса бір сәрі, қыс бойы қалай болса, солай төгіліп, шашылып жатқан күл-қоқыс, малдың қиы қар суымен езіліп, айнала жайылып кеткен. Нақ сол кезде ауылдың адам қызығар көркі қалмаған.

Алайда ауылдың ажарын алып, сәнін кетірген жазғытұрымғы жылымық қана ма? Асылық айтсам кешір, ағайын, ол жыл он екі ай бойы солай емес пе еді? Сылауы түскен іргелері қотыр-қотыр, сыпырғыш тимеген ауласының шаңы бұрқ-бұрқ ететін, іркес-тіркес салынған қора-қопсылары ыбырсып, оның іргесінде күл-қоқысы жайыла шашылып жатқан күтімсіз үйлер аз ба? Олардың маңынан жайқалған жасыл желек түгілі тіс шұқуға жарарлық шаншылған жалғыз шыбық та таппайсың.

Алпысыншы жылдардың аяқ кезінде біздің ауылға (Ақмола облысының Астрахан ауданындағы Өрнек ауылы) Алматыдан Республика Жоғарғы Кеңесінде істейтін үлкен бір қызметкер ағайын-туыстарына қонақтап келетін болды. Сонда кеңшар, аудан басшылары бас болып, ауылымызды қадірлі қонақты "қарсы алуға" дайындағаны бар. Бір апта бойы үйлердің маңындағы қоқыстарды тазартып, жолдарды тегістеп, арнай әк әкеліп, үйлердің іші-сыртын ақтап, әбігерге түскен. Сонда көрсеңіз, бұрын қоңырқай тартып тұратын біздің ауыл жарқырай жайнап шыға келді. Сол жайды есіме алған сайын ойлаймын: құдай-ау, өзің отырған үйіңді, қоныстанған ауылыңды күтіп ұстауға да біреудің түртпегі, қозғауы керек пе?

Бәлкім, бәз біреулер ежелден мал соңында еріп, көшіп-қонып жүрген көшпелі қазақ ондайды білмейді, олай істей алмайды, қанына сіңбеген дер. Бірақ, олар отырықшылыққа көшкелі қашан?..

Иә, мұндай кетеуі кеткен жағдай, жараспаған тұрмыс ел экономикасын дамытуға септігін тигізіп, әупірімдеп қолымыз жеткен егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің көсегесін көгертпесі анық. Сонда не істеу керек? Мұндайда қия тартпас жалғыз жол бар, ол - еңбек, ізденісті еңбек. Ал, бүгінгі күрделі жағдай "Еңбек етпесең, не қорлықта қаласың, не ұрлыққа барасың" (Л. Толстой) дегенді айқын дәлелдеп отыр. Бірақ, кеше "Коммунизмге жетеміз деген даурықпамен жанталасып жүргенде бәрі дайынға, одан да көрі басқа біреудің жұмысын істеп жүргендей болуға әбден үйреніп алған біз өзіміз үшін еңбек етуден қол үзіп, шорқақтап қалғандаймыз. Сенбесеңіз айналаңызға, өз қолыңызға, аяғыңыздың астына қараңызшы.

Ауылдағылардың бірен-сараңы болмаса, көпшілігінің үйлерінің маңында жеміс-жидек, көкөніс өсіретін бау-бақша жоқ. Барының өзі дұрыстап күтілмейді. Картоп отырғызылатын шағын ғана аумақта өсіп келе жатқан өнімнің сабағынан екі есе биік арам шөп басып кеткенін өз көзіммен талай көрдім. Ондай жерден қандай өнім алынбақ. Содан келіп, біздің қазекең қолына айлап-жылдап тимейтін жалақысы (оның өзі істеп жүрген жұмысы болса) мен азын-аулақ малына қарап қалады. Ақша қылатын пұлы да, ішетін тамағы да, киетін киімі де сол малы.

Бірақ, қора-қора көп болмаған соң, оның бәріне азғантай мал қайдан жетсін. Сатқанын сатып, жегенін жеп, оны да түгесіген. Оның үстіне қазір ауылдағылардың көбі мал ұстамайды. Ұстағандарының өзі қос-қостан бие байлап, қымыз ашытып, сары алтындай қазы-шұжықтарын, қаймағы мен майын айыра алмай отыр. Құрт-ірімшік, қоспа-жент дегендерінің, тіпті қарапайым дайындалатын айранның өзі көзден бұл-бұл ұшқалы қашан.

Ал, өзге жұрттар не істеп отыр? Олар ауылдарының бір қарыс жерін де бос қалдырмай жеміс-жидек, көкөністерін өсіріп, одан алған өнімдерін көшеде тұрып та, үйлерінде отырып та сатып, ақша қылып отыр. Тамағы тоқ, қалтасына азын-аулақ тиын-тебен де түседі. Оны сатып алатын тағы да біздің ағайындар. Жайшылықта "қойшы сол шөп-шалам теріп жегендерді алдыма тартпай" - деп мұрнын шүйіретіндердің өзі жаңағыларды жегенде ерні-ерніне жұқпайды. Тамақ па екен? Әрине, тамақ.

Әлі күнге өзге жұрт пысықтығын, икемділігін үйрене алмай-ақ келеміз. Оны әркімнің қора-қопсысының ұсқынынан да байқауға болады. Әсіресе, ауылды жерлерге бара қалсаң, қайсысы қазақтың, орыстың, немістің үйі екенін оп-оңай айырасың.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, менің айтып отырғаным қарапайым еңбек адамының үйінде отырып та, ауласында жүріп те істей алатын қарапайым істер ғана. Тек, әркім алдымен өзі үшін өз бетімен еңбектене алғаны, өз тағдырын өзі қамдауға бекем бел буғаны жөн. Өйткені, біздің қоғамымыз бет алған нарықтық қатынастар нақ сондай жағдайға бастап барады. Ал, өзінің жағдайы келіспей отырған адамның басқаны жарылқай қоюы екіталай. Ендеше, еңбексіз дайын асты ешкім де алдымызға әкеліп қоймайтынын ұғып, әрқайсымыз өзімізден бастайық та...Тегінде, "Ауылына қарап азаматын таны" дегенді аталарымыз тегін айтпаса керек.


Дендробақ отырғызылды

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЕВ, журналист

Тараздың дәл іргесіндегі Байзақ ауданында Ауыл жылдары тындырылған оң тірліктер де, жалпақ жұртқа жеткізуге татырлық жаңалықтар да аз емес. Соның бірі - дендробақтың негізі қаланғандығы. Облыстың өзге аудандарында мұндай іске әлі батылдары жетпей отырғанда, бұлар осы шаруаны қолға алумен қатар биыл 8 ауылдық округте алаңы 30 гектар терек плантациясын отырғызды.

Тарихы әріден бастау алатын аудан орталығы Сарыкемер ауылын қоршай бір кездері "Үшбұлақ" жүзім кеңшарының плантациялары жайқалып тұратын. Сондай құнарлы жерге көзін тапса өспейтін жеміс ағашы бола ма? Дендробақ салу осылай қолға алынған болатын.

- Биыл ғана 3,5 гектарға 18000 түп тал-көшеттер отырғызылды, - дейді Сарыкемер ауылының әкімі Бердібек Молдабай. - Олардың жерсінуі, өсуі "Тараз орманы" кәсіпорны мамандарының бақылауында. Өнбей, өспей қалғандары болса жаңасымен ауыстыратындар да солар. Қалай дегенменде жер, ауа райы жағдайына төзімділік танытқан ағаш түрлері ғана бойлап өседі емес пе?!

Айтса-айтқандай әзірге аумағы тоғыз гектардан асатын алқапты алып жатқан дендробақтан көзге таныс ақ қайың, емен, үйеңкі, шырша, қарағай, шаған, талшын, боз арша (туя) және шетелдерден жеткізілген басқа да тал көшеттері өсіп, жетіліп келеді. Суы қанық, күтімі де ойдағыдай. Жаңа Су кодексін іске асыруға орай өмірге келген "Базарбай" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ағын суды тегін жеткізіп береді. Жас көшеттерді қорғау, күтім жасаумен он екі адам ақылы қоғамдық негізде жұмысқа тартылған.

"Ел байлығы - орман, денсаулыққа - қорған" деген қанатты сөз бар. Ел билігіне қызмет ететін осы дендробақты салуға аудан өз бюджетінен 1 миллион 800 мың теңге қаржы жұмсаған. Келешекте аумағы ұлғайып 11 гектарға жететін дендробақ ішінен тынығу, сейілдеу орындары да ашылмақ. Бұл Сарыкемер тұрғындары мен келген қонақтардың табиғат аясында, жасыл желек саясында тынығар күндері алыс емес екендігін көрсетеді емес пе?

Жақында осы дендробақта сенбілік өткізіліп, оған өз ауылының жасыл желекке бөленгенін, саялы баққа оранғанын қалайтын ұжымдар мен тұрғындар ұйымшылдықпен қатысты.

Жамбыл обл.


Қазақ болам дегенше...

("Күлтегін" клубының тұсаукесер рәсімінде туған ой)

Арман ӘМЕН

..."Бектерінің, халқының ымырасыздығынан табғаш халқының тепкісіне көнгендігінен, арбауына сенгендігінен, інілі-ағалының дауласқандығынан, бекті - халқының жауласқандығынан түрк халқы елдігін жойды, қағандығынан айырылды, табғаш халқы бек ұлдары құл болды. Түрк бектер түрк атын жоғалтып, табғаш бектердің табғаш атын тұтынып, табғаш қағанына бағынды, 50 жыл ісін, күшін берді".
"Түрк, Оғұз бектері халқыңды тыңдаңдар!
Төбеңнен тәңірі баспаса,
Астыңнан жер айырылмаса,
түрк халқы ел-жұртыңды кім қорғайды"...

Күлтегін (Үлкен жазу)

Жуырда Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетті ғылыми орталығының директоры, профессор Мырзатай Жолдасбеков бастаған қазақтың бірталай зиялы қауымы "Күлтегін" клубын ашты.

- Клуб мемлекетіміздің егемендігін одан әрі баянды ету үшін жастар санасына ұлттық тәлім-тәрбие беріп, ұлтымыздың өткені мен бүгінгі өмірінде болып жатқан рухани құндылықтарды тереңірек сіңіру мақсатында құрылып отыр. Ұрпақ тәрбиесінен көз жазып қалмауға шақырған клуб ұрпақты тәрбиелілікке, көрегенділікке, әдептілікке, қайырымдылыққа, отаншылдыққа баулу жолында жұмыс жасайды. Ол үшін университет қабырғасына көрнекті қоғам, мәдениет және әдебиет қайраткерлірі мен басқа да салалардың білікті мамандары шақырылып, студенттерге арнап түрлі тақырыптарда дәрістер оқитын болады, - деді ғалымның өзі.

Мұның ашылуының өзіндік сыры бар еді...

Он үш көктемін өткізген "Жас қазақтың" бозбалалыққа жетпесе де әліптің артын болжауға шамасы келіп, есейіп, естиярланып, өз ошағына өзі ие болған жайы бар. Пайғамбардың жасыл туындай дейтін көк байрағымыз күн өткен сайын асқақтай түсуде. Өз қандастарымыздың ғарышқа ұшуы, әлем ареналарын дүркіретіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спорт саңлақтары тағы да басқа жағымды оқиғалар соның куәсі болса керек. Дегенмен, жасөспірім қазаққа жоғары оқу орындары, мектептерде болсын қазақ мәдениетін, тарихын санасына сіңіріп, түбегейлі үйретіп жатқан жоқ. Бұрышсыз киіз үйінде өмір сүріп, дертке дауа қымызын ішіп, қазы-қарта асаған қаймана қазақтың бәзбір ұрпақтарының өз тегінің тектілігін білмеуі қалай?! Өз халқының жандүниесін, салтын, әдебиетін түсінбейтін ұрпақтан не күтуге болады? Өскелең ұрпақтың тәрбиесі үлкен алаңдаушылық күттіретіні анық. Неліктен бүгінгінің қара сирағы ана тіліне мұрнын шүйіріп қарайды. Абылайдай болcам деп армандамайтын ұрпақтан не күтуге болады?!

Егеменді ел болып, еңсе тіктегенімізбен тіл мәселесі күрделі қалпында қалуда. Қазір жер-жерде ағылшын тілін екі-ақ айда үйрететін курстар бар. Ал, қазақ тілін біле тұрып білмегенситіндер, немесе қасақана үйренгісі келмейтіндер қасиетіңнен айналайын ата мекеннің бидайын нан қылып, қара суын талшық етсе де "баяғы жартас, бір жартас" қалпында қалуда. Өзге түгілі өз ұлтының ұланы ана тілін білмеген соң іштен тынуға мәжбүр боласың. Ондай әлдеқашан "өлген" өлексе рухтың иелеріне "жаманға ісің түспесін" деу ғана керек шығар. Ендігі ретте санасы уланбаған ұрпақ тәрбиелейміз десек әріге бармай-ақ оқу тәрбиесіне көңіл бөлсек, қазақ тарихын біртұтастандырып, тереңдетіп оқытатын оқулықтарымыз болуы шарт. Ал, бізде қазіргі уақытта бары тек жалаң форма ғана. Ақын Қадыр Мырзалиев айтпақшы:

Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,

Оқулығы жұп-жұқа бірақ - тағы.

Ал, экономикалық-техникалық оқу орындарында қазақ тарихы оқытыла ма? Болса да ат үсті екені айдан-анық. Ал, тереңдету жолы ше? Ұлы тұлғалардың еңбектері, істері жайлы үлгі-өнеге, өсиет етердей дәйекті үлкен дүниелер жоқтың қасы. Біздің білер ақиқатымыз пәлен деген батырдың, піштуан деген ақынның атын ғана біліп, ары кетсе жеті атасын түгендеп ас беру ғана.

Шын мәнінде тарихи толайым дүниелер жоқтың қасы. Ал, жай сырттай сипаттау "өгізді ұрдым деп, арқадан сипаумен" бірдей екені анық. Сақ, Қыпшақ, қазақтың

Ү ғасырдың өзінде-ақ тек ауыз әдебиеті ғана емес, жазба әдебиеті болғанын тасқа қашап қалдырған Күлтегін жазбалары толық дәлел болса керек. Осыншалықты терең тарихы бар қазақ халқы ендігі жерде неге ұлттық бедері көмескіленіп, тілі шұбарланып, тарихы таразыға түсті. Алысқа бармай-ақ кешегі Кенесарының қай ісін қазіргі ұрпақ санасына сіңіріп жатыр. Тарих тылсымына жауапкершілік пен шындықты сөйлеткен патриот Ермахан Бекмахановтай тарихшылар не болды кезінде. Ал, баяғы Ахмет Байтұрсынов жасаған қазақ тілі оқулығының сөз жүйесі негізіне біреу саңылау тауып, жаңалық енгізе алды ма? Тек ескіден келгендерді әсірелеп келеміз.
Иісі қазақ бір пайғамбардың үмбетіміз деп өскелең ұрпақты дінге баулимыз, көкірек көзін ашамыз деп қотырымызды қаси алмай жүргенде Астана қаласының өзінде бірнеше өзге діни секталық орындар пайда болды. Қазір Қазақстанда 500 мыңға тарта Иегова дін ағымына кірген қазақтар бар екен. Жаңағылар тіпті ел әнұранын айтудан бас тартқан. Себебі оларға өз құдайларынан басқа ешкімге тәу етуге рұқсат етілмейді. Зерделеу нәтижесінде олардың тұрмыс-тауқыметін жеңілдетіп, азықтандырып, алдаусыратқанға еріп кеткені айқындалып отыр. Соған қарап, алдамшы сәттің арбаушысына ерген аңғал қазақ мәңгүртизімнің жаңа сатысына көтеріліп келе ме деп ойлайсың. Сондықтан да ендігі жерде еншісіне енжарлық тиген ұрпақтың бүгінгі тұйыққа тірелген шырғалаң дүние танымы алаңдатады. Он үш көктемін өткізген жас қазақ елі "бақа сорға, шортан көлге, аққу көкке" тартқан жансыз арбаның кейпіне еніп, кім қайда тартса, сонда кетіп бара жатқандай болып елестейді кейде.

Ақыр заманның лебіндей болып, тіреп тұрған жаһандану дәуірінің аранында кетпесін деген ниетпен бабалар өсиетін орындап, кейінгі ұрпақтың санасына жақсылық сәулесін түсіру үшін Күлтегін клубы келешекте де өз жұмысын жүргізе бермек.

Астана қаласы


ҚАСҚАБҰЛАҚТАҒЫ АБАЙҒА БЕЛГІ

Айтқаным АХМЕТБЕКОВА

Шыңғыс алқабы. Жусан иiсi аңқиды. Жидебайдағы ұлы бабалар басына тәу еткен соң, Орданы бетке алып, Семейге апаратын қарауылдың қасқа жолына түстiк. бiраздан соң Қасқабұлаққа жетпей, Тәкежанның тұсында үлкен жолды қиып, бағытымыз сәл-пәл батысқа сырт Қасқабұлаққа ауысты.

Ұлы Абай дүниеге келген қасиеттi бөктерге таянған сайын бүгiнгi болатын оқиғаға куәгер екенiмiздi сезiнiп, көңiл шiркiн алабұрта түседi.

Ұлы ақынның шыр етiп жерге түсiп, кiндiгi кесiлген сырт Қасқабұлаққа қойылған ескерткiш белгiнiң ашылуын хабардар ете келiп, Абай ауданының әкiмi Бақыт Үйсiмбаев:

- Қасқабұлақ, Ералы жазығы дегенде елеңдемейтiн қазақ бар ма?! Өйткенi бұл атаулар ұлы Абай есiмiне тiкелей байланысты. Әсiресе, мынау өзiмiздiң табанымыз тиiп тұрған Сырт Қасқабұлақ - киелi, қасиеттi мекен. Өйткенi, Сырт Қасқабұлақ Ұлы Абай дүниеге келген алтын бесiк. Алайда, ұзақ жылдар бойы сырт Қасқабұлақ кiтаптарда ғана айтылып, ауыз-екi әңгiмелерде ғана еске алынды.

- Ұлылар мекенiнiң өз тұрғындары да , келген қонақтар да соқпай өтiп жүрдi. Сөйтiп, қаншалықты қасиеттi болғанымен Сырт Қасқабұлақ назардан сырт қалды. Дүниеге Абайдай ұлын сыйлаған қайнар бұлақ баршаға жаңа тыныс пен рух беретiн ұлы көшке айналуы керек. Оның барша адамзат баласы аялайтын, аялдайтын киелi орынға айналуы уақыт талабы. Биыл ұлы кемеңгердiң дүниеден өткенiне 100 жыл толады. Соған орай ақынның шыр етiп дүниеге келген жерiне белгi қоюды азаматтық парызымыз деп есептедiк, - деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Ескерткіш қомақты қара тастан қашап жасалып, бетi әрленген екен. Күн нұрымен шағылысып, жарқ-жұрқ етіп, көз қарықтырады. Сыртындағы жамылғысын алып оны ашқан сәтте үлкендердің толқып, көздеріне жас алғандары да болды. Таста, "Бұл жерде аға сұлтан Құнанбай ауылында 1845 жылы қазақтың данышпан ақыны Абай (Ибрағим) дүниеге келген", - деп жазылған.

"Туғанда дүние есiгiн ашады өлең" деп ұлы баба өзi өсиет еткендей, өмiрге жаңа келген ескерткiштiң құрметiне айтылған ән шат-шадыман көңiлдердi одан әрмен асқақтатып, дала төсi рухтана түскендей. Осы өңiрге ұлы Абай мұрасын насихаттауға еңбектерi сiңген Орал Арғынбеков, Төкен Ибрагимов, Қабыш Омаров, Т. Қарамеңдин, Жақан Дәрiбаев сынды азаматтар сөз сөйлеп, бүгiнгi күннiң тарихи маңыздылығына тоқтала келiп, тiлектерiн бiлдiрдi.

Мұнан кейін салтанатқа жиылған халық қайтадан қарауыл бағытына бет бұрды. Алда Ақшоқы. Мұнда тағы бiр тарихи орын - Құнанбай қажы әулетiнiң зираты бар. Бiр өкiнiштiсi, бұл қорым Абай, Шәкәрiм мемориалдық кешенiнiң құрамына әлi енбеген. Сондықтан күтiм көрмеген қорымның сыртқы келбетi қожырап, зираттың жалғасы құлай бастаған. Сөйтiп, Абайдай дананы туғызған Құнекеңнiң басы "көзден таса болған соң, көңiлден де ұмыт бола бастаған" едi. Алайда, зерделі азаматтар көптеп-көмектеп қорымды жаңғыртты.

"Сонау бiр қажының атын атауға болмайтын қиын кезеңде де дана ұлын халқы ұмытқан жоқ, жүрегiнде сақтады. Сол жылдардың өзiнде Хафиз Матаев, Орал Арғынбеков, Амантай Мұқатаев сынды ағаларымыздың ештеңеден қорықпай, батыл араласуымен, құлай бастаған қажы зираты қайта тұрғызылған едi. Мұны ешкiм де ұмытпайды. Бiз сол жақсылықты жалғастырушымыз" - дейді Семей азаматтары.

Қорым басында Құнанбайдай ұлы тұлғаның образын сомдаған қаламгер Р. Мусин қажының өмiрiне тiкелей қатысты дәйек, деректермен хабардар етті. Қайта қалпына келтiрілген Құнанбай қажы әулетiмен жатқан қорым басында Семейден барған имам Нұржан қажы Арыстанбекұлы құран оқыды.

Шығыс Қазақстан обл.


ТӘН ЖАЛАҢАШТАНСА...

Гүлшат ХАМИТ

Қазақтың әу бастағы табиғаты құпиялылықты қалаған. Әйел сұлулығы қымтап ұстағанда ғана қол жетпес арман. Оңай қол жеткеннің қазаққа қадірі болған емес. Қазақтың ибалы әйелі құпиялап ұстаған ұятты жерін көпшілік көзіне жайып салып, тіміскілеген жанарлардың талқысына түсірмеген.

Қол созым жерде, болмашы тиынға сатып алуға болатын газет-журналдардағы әйел мүсіні сұлулыққа деген іңкәрлік тудырмайды, керісінше жабайы құштарлыққа, алды - өрт, арты - жұт хайуани тілекке жетелемек. "Сұлулық - әлемді құтқарады". Жалаңаш әйел керісінше, дүниені бүлдіреді. Осыдан келіп әйелдің құны түседі, бағасы кемиді. Домалақ ене мен Ұмай ананың бейнесіндегі әйел - құдірет періштеден ібіліске айналады. Сондықтан бұл заманда әйелді еркегі шаштан сүйреп, аяқпен теуіп жатса, анасын баласы балағаттап жатса, қыздың құны түссе, таңғалма, қазақ. Бәріне экран мен көшені жаулап алған жалаңаш әйел кінәлі. Түп-тамырыңа балта шабар "жұлынқұрт" саясат кінәлі. Өйткені, әйелден ұят, қыздан иба кеткенде қоғам ардан айырылады. Ары жоқ қоғамда адам құқығы, әйел абыройы аяққа басылмай қайтсін. Тән жалаңаштанса, ар мен ұят та киімсіз, тұлдыр қалмақ. Ал, адам ұятсызданбасын деңіз. Дүниенің бастауы - әйел-ана жалаңаштанса, ерден ес сұрама. Ақылынан адасқан еркек әйел сыйламайды.

Басқа салтқа, өркениеттің өзіне қол жеткіземіз деп жапырласып жүріп, өзгеде жоқ қадірлімізден қол үзіп қалмайық. Ол қадірлі - етек-жеңін қымтап ұстап, келген-кеткенін көйлек сыбдырымен ғана білдірер қайран қазақ қызының ибасы емес пе? Қызы ибалы болғанда ғана қазақтың намысы биік.

Қызыңды - ұятсыз, ұлыңды - имансыз етер жат әдеттен, жат суреттен қаш ағайын. Анаңды аймаңдай қылған, әйеліңді абыройсыз еткен, қызыңды масқаралаған "жалаңаш" суретті жұл, жұл да жырт, ертеңіңнен үміт етсең.

Сидней Олимпиадасы кезінде спорт жарыстарын теледидардан тамашалағанымыз естеріңізде болар. Сонда мұсылман елдерінің бірі синхронды жүзу бойынша әйелдердің олимпиадалық жарысын өз елінде теледидардан көрсетуге тиым салған. Сол ел басшысының айтуынша "спорттың бұл түрі - мұсылман баласының әдетіне жат. Ол ақыл-ойды бұзбақ, ата дәстүрге сына салмақ. Мұны көрген жас ұрпақ теріс ықпалға түспек".

Ұрпақтың қамын осылайша шыр-пыры шығып қорғаған азаматтан айналып кетсең болмай ма? Бұл не, сонда? Өркениеттің өркендеген шағында даму үрдісіне ілесе алмай, артта қалушылық па, әлде, бас ұрып, құлдық жасай бермей, жақсысын ғана бойға шақтап, сай келмейтінін бойға сіңіртпей сылып тастау ма? Апыр-ау, "батпандап кірген кеселдің мысқылдап шығатынын" ойлаған тектілік пе екен, бұл?

Бұлай бұра тартып, жұлқа үзуге біздің "қазақы көңілшектігіміз" ыңғай бере қоймас. Ең құрмаса, жалаңашты көргенде жанар тайдырып, ұятымызды бетперде ғып өтейікші.

Жезқазған қаласы


Әндерімізді әлем тыңдайды

Арман ӘМЕН

Жақында елордада қазақ әндерінің "Астана - 2004" атты халықаралық байқауы өтті. Екінші рет ұйымдастырылып отырған бұл байқаудың мақсаты қазақ әндерін әлем жұртшылығына таныстыру болып отыр.Мұнда әншілердің шеберлігі мен әнді жақсы әрлегені оның ішінде қазақ әнін шетел тілінде үздік орындаған алға шығып сый мен құрметке ие болмақ. Биылғы байқауға қатысушы әншілердің біразы қазақ ән өнерімен біршама таныс болып қалғандар. Олар бұған дейінде "Азия дауысы" және "Сәлем Қазақстан" байқауларына қатысып қазақ әндерін шырқаған. Сонымен қатар қазақ жеріне алғаш рет келіп отырғандарыда бар. Жалпы осы байқауға 12 елдің әншілері қатысып өз шеберліктерін көрсетті. Олар: Агропреста (Италия), Люминита Ангел (Румыния), Анри (Грузия), Джордж Габриэль (Кипр), Майзура (Малайзия), Антти Матикайнен (Финляндия), Минже (Моңғолия), Оливия Льюис (Мальта), Оксана (Литва), Оливия (Филиппин), Маркета Поуличкова (Чехия), "Чарльз Марк" дуэті (Шри-Ланка). Бұл әншілердің бәрі де өз елдеріндегі танымал эстрада жұлдыздары және көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпаздары.

Аталмыш шара келешекте де жалғасып, осы бағыттағы басқа да жұмыстар қатары толыса беретін болады.


ҚЫЛМЫСҚА - ТОСҚАУЫЛ

КӨЛІК ҰРЛАНДЫ... КЕМПІРМЕН

Ерболат ЕСІЛ

Мамырдың орта шенінде жол полициясы кезекші бөліміне облыс орталығы тұрғыны телефон соғып, "Қызылжар" базары аумағынан ішінде қарт анасы отырған "Волга" көлігін белгісіз біреудің айдап әкеткендігін хабарлады.

Анасын зейнетақы алуға әкелген көлік иесі аз уақытқа өз жұмыстарымен базарға кеткен. Қайтып келген ол көліктің де, анасынының да жоқ екенін көрген.

Хабар түсісімен қаладан шығатын жолдар жабылып, көшелер тексеріске алынды. Кезекшіліктегі сақшылар қылмыс жайлы ескертіліп, ұрланған көліктің түсі мен мемлекеттік нөмірі хабарланды. Жедел іздестіру шаралары барысында шамалыдан соң ұрланған қылмыскер қолға түсті.

"Алтын базар" аумағындағы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қатты жылдамдықпен келіп тоқтаған ақ түсті "Волганы" байқаған. Мемлекеттік нөмірін салыстырғанда, ол ұрланған "Волга" болып шықты. Тәртіп сақшылары дереу рульдегі азамат қолына кісен салды. Ал әжейдің әбден зәресі ұшқан. Барымташы 50 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Қатты жылдамдықпен жүрген ол жол үстінде апатты жағдай туғызып, "Тойотамен" соқтығысқан. Бірақ оқиға орнынан қашып кеткен. Жауапқа тартқан кезде мандытып ештеңе айта алмады. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автокөлік иесіне қайтарылып, оған тигізген залал анықталуда. Көлікте отырған зейнеткер еш жарақат алған жоқ.

Петропавл қаласы


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ   

   
Колонки
Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"