Газета издается с 10 декабря 2002 года. Выходит по пятницам.
   Услуги Web-дизайна
Вместе с нами



Валюта, погода

Kazakhstan Financial Market
вся погода



Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ШЕҢБЕРI

Еркебұлан АЛТАЙ

Астанада Қазақ, Қырғыз, Тәжік, Беларус және Ресей мемлекеттерінің басшылары бас қосқан Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың саммиті өтті. Маусымның 18-і күні болған осы отырыста ТМД кеңістігіндегі ықпалдастық құрылымға айналып келе жатқан ЕурАзЭҚ-тың даму мәселелері талқыланып, бес елдің мемлекет басшылары екі құжатқа қол қойды. Оның біріншісі ЕурАзЭҚ-тың заңнамалық негіздерінің мәртебесі туралы келісім-шарт, ал екіншісі - құнды қағаздар нарығындағы ынтымақтастық туралы келісім. Бұл құжаттар аталмыш мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын жақындастыруға және ортақ нарық жүйесін жасауға септігін тигізбек.

Сонымен қатар осы отырыста Қоғамдастық ел

дерінің заңнамаларын тиісінше сәйкестендіру мен кедеңдік және тарифтік мәселелері талқыға түсті. Өйткені, бүгінгі таңда ЕурАзЭҚ аясындағы елдердің еркін тауар айналымын, яғни ортақ нарық жүйесін құру ісіндегі басты кедергілер мейілінше осы жағдайларға байланысты болып отыр. Тағы бір маңызды мәселе ол - Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудегі әр елдің өзіндік ұстанымы. Аталған ұйымның басты қағидасы мен талабы - оған мүше мемлекеттер арасында тауар және капиталдың еркін айналымын қамтамасыз ету. Бірақ, соған қарамастан ДСҰ-ға кіру үшін оның мүше мемлекеттерімен өзара еркін сауда айналымының ережелерін анықтау келіссөздері жеке-жеке жүргізіледі. Мұның ұйымға кіргісі келген елдердің отандық тауар өндірушілерін көптеген мәселелерде қорғап қалуы үшін айтарлықтай септігі бар. Бұл өз кезегінде ішкі ықпалдастық ұйымдарының аясында еркін тауар айналымы (жұмыс күші, капитал) мен ортақ рынок құру ісінде кедергі болып кездесуде. Дегенмен, жаһандану процесінің қаупі әр елді ортақ түсіністікпен жұмыс істеуге итермелеп отырғаны айқын.

Осы отырыс кезінде Елбасы жоғарыда айтылған Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді үйлестіру қажеттігін атап өтті. "Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үшін ЕурАзЭқ елдерінің кедендік тарифтерін бірегейлендіру жөніндегі қазіргі бағыттамаға дайын болуымыз қажет",- деді Елбасы.

ДСҰ-ға кіру бағытындағы ұстанымдар мен келіссөздерді бір арнада үйлестіру турасындағы әңгіме алғаш Біртұтас экономикалық кеңістік құру келісіміне қатысушы "төрттіктің" (Қазақстан, Ресей, Украина және Беларус) Ялтада өткен саммитінде айтылған еді. Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, ЕурАзЭҚ, БЭК құру келісімінің бәрі өз алдына жұмыс жүргізіп жатқан құрылымдар болғанымен, көздегені - тиімді экономикалық ықпалдастық. Осы тұрғыдан алғанда, ДСҰ-ға кіруді мақсат еткен оның аясындағы елдердің бәріне өз ұстанымдарын үйлестіріп, өз ішімізде келісіп алғаны және бір жұдырық болып, ұйыса түскені пайдалы екені айтылуда.

Сонымен қатар Саммит кезінде Қазақстан Президенті көлік саласының, оның ішінде теміржол көлігімен жүк тасымалының дұрыс шешілмей келе жатқан мәселелеріне тоқталды. Оны кешенді түрде шешу қажеттігін, соған орай Қазақстан отандық тауарлар қатарының кедендік ставкасын нөлден 5 пайызға көтергенін айтты. Мұның отандық тауарлардың өзіндің құнын көтеріп, сол арқылы бәсекелестік қабілетін төмендететін жағы бар. Бірақ, соған қарамастан Қазақстан ықпалдастық үшін осы қадамға барып отыр. Енді Ресей жағы да қазақстандық экспорттаушылар үшін теміржол шығындарын арзандатады деген үміт бар. Бұл жерде тарифтерді бірден төмендету мүмкін болмайтындықтан, оны өзара тиімді жағдайда кезең-кезеңімен шешіп, ел үкіметтері ықтимал шығыстарды есептеуі қажет.


Астанада Ресей елшілігі ашылды

Айнұр ЖАҒЫПАРОВА

18 маусым күні Астанада Ресей Федерациясының елшілігі ашылды. Бұл нысанның құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған болатын. Мұның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты.

- Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс1991 жылдың кезіндегідей емес. Естеріңізде болса, ол кезде Кеңес одағы ыдырап, тәуелсіздікке жаңадан қол жеткізген мемлекеттер бір-бірімен байланыстарын үзіп алған болатын. Ал, енді қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдермен тығыз байланыста. Соның ішінде Ресеймен қарым-қатынасымыздың орны ерекше. Оған екі елдің барлық салаларындағы ынтымақтастығы дәлел, - деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Мұнан кейінгі сөз алған Ресей Президенті екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың одан әрі дами беретінін айтып, өз ризашылығын білдірді.

- Қазақстанның жаңа астанасында Ресей елшілігінің ашылуы Ресейдің Қазақстанға деген сыйластығының куәсіндей. Сонымен қатар бұл екі ел арасындағы достықтың белгісі. Біз келешекте жаңа биіктерге көтерілу үшін әлі де іскер қарым-қатынаста болып, ол үшін барлық мүмкіндіктерді жасаймыз, - деді ол өз сөзінде.

"Қойы қоралас" көршілес жатқан екі елдің күні бүгінге дейін достығына қылау түспегені аян. Ал бүгінгі күні пайдалануға беріліп отырған жаңа ғимарат осының дәлелі іспеттес.


Атамекен. Ана тілі. Олимпиада

Арман ӘМЕН

Астана қаласында 21-25-ші маусым аралығына жоспарланған алыс және жақын шет елдерде тұратын қазақ диаспорасы балаларының командалары арасында тұңғыш рет "Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім" атты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 1-інші халықаралық олимпиада өтуде. Оны ұйымдастырушылар - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты "Дарын" республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы.

Бұл бастаманың негізі Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 31-ші желтоқсандағы "шетелдерде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы" Жарлығын жүзеге асыру болып отыр. Қазіргі таңда жер-жердегі қазақтар түгілі өз ішіміздегі тілі дүбәра жасөспірімдердің көбеюі алаңдатарлық жайт болып отырғанда жат жұрттағы ағайынның не күйде болатыны айтпай-ақ белгілі. Бұл жайында таяуда Берлинде өткен Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайында да сөз болып, баса айтылған еді. Елдігімізді сақтаймыз десек ендігі мәселенің төркіні тілге тіреліп тұрғаны анық. Аталмыш олимпиаданы өткізудегі мақсатта осыған саяды. Сонымен қатар өзге жерлердегі қандастарымыздың арасынан дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету болып отыр. Олимпиадаға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай және АҚШ-та тұрып, білім алып жатқан қазақ оқушылары қатысып, қазақ тілі мен әдебиетінен және халық ауыз әдебиетінен біліктіліктерін, сонымен қатар шешендік өнерге бейімділіктерін көрсетіп, өнерлерін ортаға салуда. Мұның соңында анықталған жеңімпаздар негізгі пәндері қазақ тілі мен әдебиеті болатын еліміздің жоғарғы оқу орындарында білім алу грантына ие болады. Жүлдегерлерге мұнан басқа да бес түрлі номинация бойынша дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілмек. Олимпиада маусымның 25-інде аяқталып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтеді.



- Жалпы олимпидаға 58 оқушы қатысуда. Олардың ішінде ауызшаға бәрі де жақсы болғанымен, жазбашаға келгенде қиындығы бар. Өйткені, олар әр елден келген соң сол жердің жазу үлгісінде оқып, үйренген. Оның ішінде ағылшынша, қытайша, кирилицаның өзіндік жазба үлгілері бар, - дейді бұл жайында әңгімелеген "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ділдәш Битуова.

Негізінен алғаш олимпиада жарияланып, ақпарат таратылғанда оған қатысуға ниет білдіргендер көп болған. Бірақ шекара мәселесі мен қаржы қиындығына байланысты көптеген балалар жете алмай қалған. Орта жолдан қайтқандары да бар. Тіпті елімізге тіке өте алмай Қырғызстан арқылы келгендерді ол жақтың ресми орындары көмектесіп,қаржыландырған. Балалардың әр жерден топ болып және жекелей келгендері де бар. Оның ішінде Қытайдан келген жеті оқушы да 12-ші сынып оқушылары болса, Америкадан 12-ші сыныпта оқитын бір ғана оқушы бар. Ресейдің өзінен бөлек-бөлек үш топ келген. Олар Мәскеу мен Омбы және Алтай өңірінен. Келген қонақтар байқаудан тыс уақытта қаладағы мәдени, спорттық және тағы басқа да орындарды аралап танысуда. Олар топ-тобымен театрлардағы қойылымдарды тамашалап, "Бәйтерек" монументі, "Ататмекен" этнобағы, "Думан" ойын-сауық кешені, Сәкен Сейфуллиннің мұражайында болды. Сонымен қатар өнер қайраткерлерімен және Парламент депутаттарымен кездесулерге қатысты. Әр жерде дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Сөйтіп, әлемнің әр түкпіріндегі қазақтың жас дарындарының басын қосқан олимпиада өз мәресіне жетпек.


АУЫЛ ЖЫЛДАРЫ

ТАЙЫНТЫДАН КҰЙ КЕТТI

Мұрат ӘМІРЕНОВ, журналист

Міне, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған ауыл жылдарының екінші жылы да бел ортаға жақындап қалды. Шығыс Қазақстан облысының 2003-2010 жылдарға арналған ауылды дамытудың өңірлік бағдарламасына сәйкес таза су, жол қатынасы, елді мекендерді жарықтандыру сияқты өмірлік маңызды мәселелер біртіндеп шешіліп келе жатқандай. Қазір аудан орталықтарының бәрінде көше жарығы тартылған.

Дегенмен, келешегі күмәнді ауылдар да жоқ емес. Ұлан - облыс орталығы Өскеменмен шектесіп жатқан аудан. Солай бола тұра, ауданда тозып бара жатқан елді мекендер баршылық. Бұрын Ұлан ауданының орталығы болып келген Бозанбай ауылының сыртқы келбетіне қарасаң көңілің құлазиды.

Осы ауданда түсті металл өндіретін Белогор кен-байыту комбинаты болған. Қорғаныс саласына, оның ішінде ғарыш техникасына қажетті металдар шығаратын бұл комбинат кезінде тікелей Мәскеуге бағынған еді. Кейін комбинат тараған соң оның кеншілері тұрған Огневка, Ақтау кенттерінде жағдай төмендеді.

Ақтау - шалғайдағы елді мекен. Келешегі жоқ деп кесіп айтуға болады. Аудан әкімі Иван Белихиннің айтуынша, былтыр осы ауылды көшіруге облыстық бюджеттен 1,5 миллион теңге қаржы бөлінген екен. Көшем деп тілек білдіргендерді ойдағы Асубұлақ кентіне немесе шұрайлы қоныс саналатын Тарғын сияқты ауылдарға қоныстандыруға мүмкіндік болған. Бірақ, жеме-жемге келгенде ешкімнің де жылы орнынан қозғалғысы келмеді, ал зорлап көшіруге болмайды. Әкімнің айтысында Ақтауға жол салу үшін кемінде 300 миллион теңгедей қаржы керек екен. Әрине, келешегі жоқ ауылға мұндай қаражатты ешкім бөлмесі анық.

Белогор кен-байыту комбинаты кентінің орталығы болған Асубұлақ кенті мен Ақтау кентінің ортасында Төменгі Тайынты деп аталатын ауыл бар. Бір кездегі қалың ауылдан қазір жұрнақ ретінде 13-14 үй қалған, тұрғындары 40-50-ден аспайды. Комбинат ыдыраған соң бәрі де жұмыссыз қалды. Төменгі Тайынтыны шалғайдағы ауыл деп айта алмаймыз. Құдайдың өзі көзі қиып бере салған Қалбатудың әсем бір пұшпағындағы елді мекен. Ауыл іргесінен күркіреп Тайынты өзені ағып жатыр, тау беткейлері сыңсыған орман, жазда шалғынына құлап шалынып жығылатын жайлымдықтан да кенде емес. Амал не, жұмыс орны жоқ, мектеп жоқ, дәрігерлік қызмет дегенді білмейді бұл ауыл тұрғындары. Автобус қатынауды қойған, телефон байланысы жоқ, томаға-тұйық жатқан жұрт. Мұндағылар газет-журнал жаздырып алуды қойғандары қай заман десеңізші. Өйткені пошта бөлімшесі болмаған соң оларды кім жеткізсін. Он төрт үйдің бірінде ғана телевизор бар. Қаладағы баласы антенна құрып беріпті, кешкілік ауыл тұрғындары тайлы-таяғымен осында жиналатын көрінеді. Бірақ бұл құрғыры тек Ресейдің арналарымен ғана сөйлейді екен. Әйтеуір республика мен облыс жаңалығын естімесе де, дөңгелек дүниеде не болып, не қойып жатқанын білуге жарап тұр.

Осы ауылдың төңіректерінде демалыс базарлары бар. Ауыл тұрғындары сүт, майын, айран-шалабын саудалайды жаз айларында. Қолы жеткендер күзетшілікке, басқа да жұмысқа тұрады. Оның өзінде маусымдық кезде. Ал, Алтайдың алты айға созылатын қысында Төменгі Тайынты тұрғындарының "үлкен жермен" қатынастары үзіледі. Осы ауылдың жоғарғы жағында, төрт-бес шақырымдық жерде, Тайынты деген үлкен ауыл бар. Ауылды жанай салынған тас жол бойымен Өскемен-Самар-Күршім бағытында автобус жүріп тұрады. Бірақ олардың бірде-бірі Төменгі Тайынтыға соқпайды.

Төменгітайынтылықтар тағдырларын бір құдайға тапсырып тұрып жатыр. Әкім-қаралар бұл жаққа ат ізін салмайды. Ел іші болған соң аурулы-сырқаулы жандар болады, ауыл тұрғындары осындайда қатты қысылады. Жедел дәрігерлік көмекті қажет ететін адамды аудандық аурухана тұрмақ, қозы көш жердегі Асубұлаққа жеткізудің өзі мұң.

Иә, осындай шағын ауылдар проблемасы жетерлік. Ал, қалған бір жарым жылдың ішінде олардың мәселелері шешіле қояр ма екен, әй, кім білсін...

Шығыс Қазақстан обл.


ОРАЙЫ КЕЛГЕН ӘҢГІМЕ

Арғы жақтағы әріптес

Әскер ӘБІЛҚАЙЫРОВ, журналист

Жақында Солтүстік Қазақстан облысы шаруа қожалықтары қауымдастығында осы өңірге арнайы іссапармен келген американдық фермер Джон Роджерспен әңгімелесудің сәті түсті. Сол сұхбатты газет оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

- Джон мырза, біздің облысқа арнайы іссапармен келуіңіздің мақсаты қандай? Бұрындары бұл өңірге сапар шегудің сәті түскен бе еді?

- Өзім Американың Пенсильвания штатының фермерімін. Біздің мемлекеттің "фермер - фермерге" бағдарламасы бойынша осында келген жайым бар.Мақсат- мал өсіретін шаруашылықтардың іс-тәжірибесімен танысу.

- Шетелде, әсіресе, Америкада фермерлік шаруашылық деген көбіне көп салалы болып келеді. Атап айтқанда, бір фермер егіншілікпен де, мал шаруашлығымен де айналысады, оның үстіне құс өсірумен шұғылданады. Ал, бізде көбіне бірыңғай егіншілікпен айналысады, мал өсірушілер аз кездеседі. Бұған не айтар едіңіз?

- Рас бұрындары сіз айтқандай, бізде де фермерлер көп салалы шаруашылықтармен айналысатын. Қазір олай емес. Өйткені, көп салалы шаруашылықтарды өркендетудің өзіндік қиындықтары бар. Одан да бір немесе екі-үш салалы шаруашылықты алып жүрген қай жағынан болсын әлдеқайда тиімді.

- Енді өзіңіздің фермерлік шаруашылығыңыз жайлы әңгімелесеңіз? Қашаннан бері айналысасыз, өндірістік көрсеткіштеріңіз қандай?

- Менің шаруашылығымда 300 асыл тұқымды сауын сиыр бар. Олардың әрқайсысы жылына 11 мың литрден сүт береді. Барлығы да қолдан ұрықтандырылады. Олардың бүкіл жыл бойы кесте бойынша бұзаулауын ұйымдастырамыз. Әйтпесе, бәрі бір мезгілде төлдесе, бірдей суалып, бүкіл жыл бойы сүт өнімділігі болмай қалады.

Фермерлікпен айналысқаныма жарты ғасырдай уақыт болды. Енді құс өсірумен де шұғылданудамын.

Біздің штаттың климаттық жағдайы мал өсіруге өте қолайлы. Қыста ауаның температурасы 20 градус суықтықтан аспаса, жазда 40 градусқа дейін ыстық. Сиырларды қорада байлаусыз ұстап, күтімге аламыз, қажет болған жағдайда бағамыз да. Мал бағатын жер арнайы қоршауға алынады. Бір қоршаудың шөбі бітсе, екіншісін қоршауға жайып, бағамыз. Менен көбіне: "Сиырларың сүтті екен, немен азықтандырасыңдар", - деп сұрайды. Оның ешқандай да жасырын сыры жоқ. Біріншіден, біздің сиырлар асыл тұқымды, екіншіден, талапқа сай азықтандырылады. Малға сүрлемді өзіміз дайындаймыз, ал құрама жемді сатып аламыз. Жемазық цехы тұрақты жұмыс істейді. Малға азықты өңдеп, ұқсатып, нәрлендіріп береміз.

- Сіздерде фермерлерге қандай жағдай жасалған?

- Жалпы шаруашылықта жеті адам жұмыс істейді. Бізде қатардағы малшы айына 1700 АҚШ доллары көлемінде еңбекақы алады. Қажет болған жағдайда фермерлік шаруашылық үшін банктен 7-8 проценттік несие алатын мүмкіндігіміз де бар.

- Өнім өндіру жағынан екі елде айырмашылық бар ма?

- Бізде әр сауын сиырдан жылына 11 мың литрден сүт өндірсе, осында ол 4200-2300 литр деңгейінде екен. Дұрыстап қолға алса, алдағы уақытта оны көтерудің мүмкіндіктері мол. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында әр сиырдан жылына 5500 литрден сүт сауып отырған шаруашылықтар баршылық. Сырттай салыстырып қарағанда, бұл облыстың аумағы біздегі бір штаттың көлеміндей деуге болады. Сіздерде де біздегідей малдың дені жекеменшікте екен. Мәлімет бойынша оның 83 проценті қолдан ұрықтандырылады. Облыста 270 қолдан ұрықтандыратын пункт бар көрінеді. Мамандардың айтуына қарағанда, меншік иелері көрсетілген қызмет үшін төленетін төлемақысын қиынсынып, басқа да себептерден малын оған апара қоймайды. Ал, бізде сіздердегідей ешқандай қолдан ұрықтандыратын арнайы пункт жоқ десе болады. Ұрықтандыру үшін пункт дайындап, жылытып дегендей, сіздердегідей әуреге түспейді. Термостат, температураны өлшегіш сияқты басқа да қарапайым қажетті құрал-жабдықтар шағын жәшікте ғана болады. Біздегі жағдай осындай. Сөз соңында мынаны айтқым келеді. Жергілікті тұрғындар өте мейірбанды, барынша бауырмал, айрықша қонақжай екен. Бұл маған ерекше әсер қалдырды.

Солтүстік Қазақстан обл.


Ермаштың балалары

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Жақсылық атаулының бәрі ынтымақ-бірліктен басталмай ма. Өмір бойы еліне қадірлі болып келе жатқан Ермаш ақсақалдың екі ұлы - Төлеген мен Бекболат кешкісін шай үстінде өз алдарына жеке шаруа қожалығын құрамыз деп шешкен күн - 1997 жылдың көктемі еді. Сол жылы қолдарында әлі ештеңе болмаса да, екі жүз гектар жерге алғаш егін септі. Оны да сұрап, өтінген соң біреулер атқарып берді. Дегенмен, ойға алған істі бастадық, ендігісін де Алла өзі берер десті көңілдері тоғайып. Көз ашқандарынан тек ата-ананың адал тәрбиесін көріп өскен ақ ниеттерінен бе, сол егіндері күзде бырсыдырғы шығып кетті. Іле алғашқы тапқан-таянғандарына трактор алды.

Кейінірек қаладан ағалары Айдархан да келіп қосылды.

Сол Айдархан да көктем мен күзде Көкшетаудағы өз үйін уақытша ұмытады. Ағалы-інілілер ауыл-аймаққа "Ермаштың үш ұлы, солардай болыңдар" дегізіп, тату-тәтті егіске шығады.

Әзір бақтары жанып тұр. Ол да жайдан-жай емес, тынымсыз еңбектің арқасы. Баяғы 200 гектар жер жеті жылдан кейін 1000 гектардан асқан. Шаруаның ыңғайын тапқан соң, жыл сайын өздеріне жер пайларын берген тұрғындар да үйіріле берген. Осы Баянбайда өмір бойы мал баққан жетпістің жетеуіндегі қартта өз ұлдарына риза. Қай-қайсы да техниканы ұршықтай үйіреді. Қарақан бастың қамы демей, айналасына қайырымды. Жандарын салып істеген соң, былтыр да бұлар дегенде жер жарықтық иіп, гектар түсімі 14 центнердің үстіне шыққан. Қожалық мүшелерінің бұрын да шаруалары ептеп дөңгеленіп келе жатқанымен, шын еңбектерінің жанғаны осы болды.

Бұл кезге дейін, техникадан да алты-жетеуінің басы қайырылып қалған еді. Солардың біреуі - жаңа "Енисей" комбайнын лизингке алған. Осылардың қарыздарынан құтылды. Басқасы ептеп қалыптаса түскенімен, әлі астық сақтайтын қоймалары жоқ. Бәрі бірден қайдан бола қойсын. Сәті түспей келеді. Сондықтан, алған өнімдерін осы жағы да қинап, түгел өткізіп жіберген.

Былтыр 120 тонна сапалы тұқым сатып алып септі. 500 гектар пар, 200 гектар сүдігер көтерген. Үміт мол. Жазда арамшөпке, соның ішінде егістіктің қас жауы қарасұлыға қолданылатын химиялық дәрі-дәрмектері де дайын.

- Алғашқы кездерде мүмкіндік болмаған соң, тұқымды жай жерге себе бердік. Содан арамшөп бірге өсті. Енді жылдан-жылға өз жерімізді дұрыстап, таза ұстауды ойлаудамыз. Биыл қыста осы жеті жылда бірінші рет егістікке қар тоқтаттық. Сосын ылғал жауып, көктемгі егісті де уақытында сапалы атқардық, - дейді Бекболат шаруа қамымен жол жүріп кеткен қожалық жетекшісі Төлегеннің орнына жауап беріп.

Ол мына ағайынды фермерлер ауласында тұрған, бір өзі бірнеше дала жұмысын атқаратын Канаданың үлкен "MORRIS" егіс кешенінің де арқасы. Құны - 300 мың АҚШ долларының әр жақ, бер жағында. Сегіз жылға лизингке алған. Қожалықтың екі жігіті осыған оқып та келді. Өзі де бір ғаламат, ұзындығы да, биіктігі де көз жұмылдырып, ауыз аштыратындай. Алғаш осы жерге әкеліп тіреп қойғанда, ауыл адамдарының таң-тамаша болғанын көрсеңіз. Бәрі де бір ауыздан "енді егіндерің одан сайын шығады" дескен. Ауыздарына май.

Сол үшін Ермаш ақсақал биыл да үш ұлына ақ батасын беріп, тағы бір рет егіс басына шығарып салды. Сүйсінеді, балаларының өзінен асып, шаруақор болып шыққанына қуанады. Тек тіл-көзден сақтасын.

Ақмола обл.


КӨЗҚАРАЗ

Әйелдер проблемасы парасатты пайымға зәру

Аян ҚАЖЫБАЕВ

Бар тірліктің бастау көзі, ұйтқысы, отбасының құт иесі - әйел ана. "Әйел бір қолымен бесікті тербесе, бір қолымен әлемді тербетеді" деген даналық сөздің астарында азаматтың әйелге деген халқымыздың ғиззат лебізі жатқаны аңғарылмай ма?

Енді осы әйелдерге қатысты демократиялық дәстүр туралы сөз болғанда, басты айтылатыны - гендер саясаты. Бұл саясаттың мақсаты ерлер мен әйелдердің саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық салаларда бірдей тең атсалысуы, экономикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ететін тең құқылы жағдайлар жасау. Осы саясатқа қатысты пікір білдірген респондент еркектер - әйелдер әлі толыққанды еркіндікке ие болған жоқ, бұл жағдайда теңдік, тең құқықтық жайлы әңгіме ету ерте десе, екіншілері - бұл пікірге түбегейлі қарсы. Не де болса статистикаға сүйенуге тура келеді. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызметтегілердің - 56 проценті әйел. Соңғы үш жыл ішінде бұл көрсеткіш үштен бірге артты. Ортан қол мамандар қатарында әйелдер 62 процент.

Тұрмыстық тұрғысынан келгенде саяси өмірден бей-жай қалуы ықтимал. Біздің байқауымызша елден келген даланың арулары көбіне жоғарғы оқу орнын бітірісімен, келешекте әйтеуір керек болып қалар деген ниетпен жолдама диплом қағазын алғасын тезірек күйеуге шығып, отбасын құрып, етек басты боп қалады. Оқуын бірен-сарандар болмаса, әрі қарай жалғастырмайды, мансап қумайды. Қызықса да, үйдің шаруасынан қолы босамай, балаларын өсіріп, үйдің қамын ойлап жүргенде мосқал жасқа келіп, саяси карьера жасауға кешігіп қалады.

Ал, қала қыздары көбінесе өркениетті деп шетелге көп жалтақтайды. Еуропа үлгісіндегі жоғары білім алу (ебі келсе, бірнешеуін), баспана, көлік мәселесін реттеу, жеке есеп-шотыңда ақшасын жинаудың қызығында жүріп жасы қырыққа таяғанда тұрмысқа шығады. Бала саны аз және кеш табады. Бұл қазақ балалары санының төмендеуі, дімкес, кемтар ұрпақтың дүниеге келуі, сайып келгенде ұлттың жойылуына жол ашатын қауіп-қатерге әкеледі.

Есесіне аралас неке құрып, ассимиляцияға ұшырап жатқан келіншектер қанша. Өзге жаққа тұрмысқа шыққан қыздарымыздың өзі қазақ болудан қалады, ұрпағы өзге "дүбәра" болады. Бұл біз үшін - трагедия.

Әлеуметтанушылардың пайымдауынша, кез келген әйел жұмысында болсын, үйінде болсын кемінде 8 сағат жұмыс істейтін көрінеді. Ғылыми-техникалық прогресс дәуіріндегі пайда болған әртүрлі автоматикалық құрылғылар әйелдің тұрмыс бейнетін аса жеңілдеткен жоқ. Бұдан әйелдің қоғамдық немесе саяси қызметпен айналысуға үміттен гөрі күдігі басым екені байқалады.

Осы олқылықты толықтыру үшін әр облыста, облыс орталықтарында, қалаларында арнайы комиссиялар құрылғанды. Бұл комиссиялар әйелдердің жеке арыз-өтініштерін, толықтырулары мен өзгертулерін қабылдайтын ресми органдар. Бұлардың қызметі бейресми ұйымдарды (НПО) біріктіру және оларды демеп отыру, әлеуметтік институттарды топтастырып олардың арыздарын, әйел проблемаларын ұсыну және оларды шешу, гендердік аспектілерін бақылауға алып, мониторингтер жүргізу болып табылады.

Дәл қазір, Ақмола облысында әйелдердің 26 бейресми ұйымы (НПО) тіркелген. Осы ұйымдармен бірлесіп, құрамында 12 мың мүшесі бар көптеген семинар-кеңестер, тренингтер, "дөңгелек" үстелдер, ақылы жиындар, баспасөз конференциялар өткізілді. Мысалы "Әйелдердің құқықтары жөнінен хабардар болу", "Саяси аренадағы әйел", "Лидерлік қабілеттерді қалыптастыру" т.б. іскер әйелдер Ассоциациясы, "Жария" қоғамдық ұйыммен бірлесе өткен семинар-тренингтер зор қызығушылық танытты. Облыста "Жұлдыз" жас өспірімдердің қоғамдық ұйымдар одағы, балалардың әлеуметтік ұсыныстарын қолдаушы қоғамдық қор, "Жастар Қазақстанның болашағы үшін" қозғалысы, "Жас лидерлер Ассоциациясы" облыстық "Дебат" пікір-сайыс, клубы .т б. жұмыс істеуде.

Енді экономика саласындағы әйелдердің гендік теңдігіне келер болсақ, облыста халық шаруашылығының түрлі салаларында шамамен 69 мыңға жуық әйелдер шоғырланған. Бұл жұмысшылардың жалпы санының 37 проценті құрайды. Мұндағы гендік теңдік ең алдымен еңбекақысының теңдігімен өлшенеді.

Соңғы жылдары әйелдердің еңбекақысының дифференциациясы (тауар құнының айырмашылығы) өсіп келеді. Егер 1999 жылы бір айлықтың мөлшері жалпы көлеммен 430 теңгеге төмендесе, 3 жылдан кейін бұл ауытқудың мөлшері 1825 теңгені құраған. Банк, қаржы саласындағы әйелдердің үлес салмағы 2003 жылы 70 проценттен 80 процентке азайған. Демек, осы салалардағы жалақының көлемі жоғарылаған сайын, солғұрлым осы салалардан әйелдерді еркектер ығыстыруда.

Нарық экономикасына көшу тұсындағы өтпелі кезеңде әйелдер, ер адамдарға қарағанда бастапқы капиталсыз қалды. Оларға бизнестің ең өрескел, анайы түрі - алыпсатарлықпен айналысуға тура келеді. Тіршіліктің тауқыметін тартып, ерлермен бірдей жауапкершілік жүгін арқалап жүрген Қазақстан әйелі үшін ең басты мақсат тірлік, күнкөріс қамы. Ала жаздай қытайдың дорбасын арқалап жүзі күнге тотыққан, қыста аязға үсіген қыздар жайма базарларда, көшелердің бойында пісте мен шылым сатып отырған қарт аналарды осы тұста көрдік. Әлі де көп. Дегенмен, сол кезеңде әйелдердің азаматтық белсенділігі арта түскеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Шағын және орта бизнесте үлкен қызығушылық білдіріп, бизнес жоспарын сәтті ұйымдастырып, оны іске асыра бастады. Нәтижесінде шағын бизнестегі әйелдердің ер адамдарға қарағандағы үлес салмағы бірнеше есеге өсті (63 процент). Әйелдер жетекшілігіндегі көптеген кәсіпорындар ашылды. Әдеттегінше ірі кәсіпорындар ер адамдардың құзырында еді. Алайда осы ауыр саланы да жете меңгеріп жетекші әйелдер өз қолдарына алуда. Бұл саладағы жетекші әйелдер саны соңғы мәліметтер бойынша 5,9 проценттен 8,2 процентке өсті.

Шындап келгенде, экономикамызбен қатар қоғамымызда орын алған әйелдерге қатысты кертартпа түсініктер бір қарын майға түскен құмалақтай болып отыр. Болашағын ойлаған, әсіресе біз сияқты шағын халықтарға ондай алдамшы түсініктердің соңынан ермей, Қазақстан әйелін қолдау және қорғау мәселесін күн тәртібіне қойып, мемлекеттік саясат деп жариялаған дұрыс болар.

Бұл керек десеңіз әлеми проблема. Көп мәселенің мәнін ашып, түбіне түсіп көгендесең, кете береді. Тегінде әйелі тауқыметшіл, күтімсіз, қорғансыз халықтың болашағы бұлыңғыр болмақ.

Ақмола обл.


ӘСКЕРІМІЗ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙ АЛА МА?

Серік САҒЫНТАЙ

Екі жыл бұрын Қарағандыда республика Қарулы күштері Орталық әскери аймағының штабы ашылған болатын.

Қала тарихында жаңа парақ ашқан күні өткерілген барша әскери-салтанатты рәсімдер мемлекеттік тілде жүргізілді. Сарбаздардың сап құрып, ән шырқай адымдауы, Орталық әскери округ қолбасшысының Бас Қолбасшыға рапорт беруі, округтің салтанатты штандарт байрағының табыс етілуі, ардагерлердің бата-тілек жұптауы ерекше әсерлі болды.

Мемлекеттік тілдің әскердегі мерей-мәртебесі қандай жағдайда екенін таразылап, жұртқа таныстыру мақсатында Орталық әскери округтің мемлекеттік тілді енгізу және дамыту бөлімшесінің бастығы, подполковник Мұрат Рақымжановпен әңгімелескен едік:

- Орталық әскери округ штабының, Бас Қолбасшы резиденциясының Қарағандыда орналасуы республикадағы ірі өндіріс ошағының стратегиялық маңызын одан әрі нығайтты. Штабтағы мемлекеттік тілді енгізу және дамыту бөлімі 2002 жылы жұмысын жүргізе бастады. ҚР "Тілдер туралы" Заңы және Қорғаныс Министрлігінің бұйрықтарына сәйкес шараларды атқарудамыз. Аптасына екі рет бір сағаттан бүкіл құраммен мемлекеттік тіл сабағын өткіземіз.

- Сабаққа қанша адам қатысуда?

- Сарбаздарды қоспағанда ұзын саны 112 офицер оқиды. Округ қолбасшысы, генерал-майор В.Шацковтан бастап, барлық құрам 17 топқа бөлініп оқимыз. Тілден хабары жоқтар бастауыш топта, ауыз екі білетіндер дамытушы топта, мемлекеттік тілді жақсы меңгергендер тәжірибелік топта дәріс алады.

- Арнайы оқулықтармен қамтамасыз ету жайы қалай?

- Әскери сала оқулықтары жоқтың қасы. Тіл ғалымы Бектұровтың оқулығы мен "Қазақстан сарбазы" газетінде тұрақты жарияланатын терминдерді пайдаланамыз. Теледидар, бейнемагнитофонға жазылған көркем дүниелер де бар.

Мемлекеттік терминком әскери терминдерді әлі бірізділікке түсірген жоқ. Мәселен, "Шагом марш!" пәрменін бірде "Алға бас!", енді бірде "Қадам бас!" дейді. "Түзел!", "Тіктел!", "Тік тұр!" пәрмендерін де араластырып қолданудамыз.

- Бұйрықтардан басқа, тілдің күнделікті қатынасқа кірігуі қалай?

- 2003 жылы "Білім" баспасынан Қорғаныс Министрі, армия генералы

М. Алтынбаев өзі редакциясын басқарып "Әскери терминдердің орысша-қазақ түсіндірме сөздігі" шығарылды. Мұнда 2000-нан астам термин бар. Бірақ, шаруа тек сөздік шығарумен ғана тиянақталмаса керек. Әскерді де өзара таза қазақы мәдени деңгейге жетуіміз керек. Ол үшін іс жүргізуді екі тілде ұйымдастырып отырмыз.

Азаматтық борышын өтеуге келген жастарды да ана тілімізге баулудамыз. Ауылды жерлерден келген, қазақы ортадан шыққан бозбалалар ауызекі қатынасты білгенімен, мәдени сөйлесуді толық біле бермеуі мүмкін.

- Сөзіңіз аузыңызда, өткен 7-мамыр күні өткізілген салтанатты әскери шеруде округ қолбасшысы, генерал-майор В.Шацков мырза қазақ тілінде пәрмен беріп, шеру басқарғаны есте...

- Ойыңызды түсіндім. Округ қолбасшысы мұғалімдерден тұрақты түрде дәріс алады. Күн сайын ертеңгілік сап түзеу жиындары мемлекеттік тілде өткізіледі. Бүкіл мейрам-мерекелік шараларда мемлекеттік тілге баса назар аударып, ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, көрсетіп отырамыз.

Мемлекеттік тілді игеруге ықыласты ынта білдіріп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген майор Б.Қабдиев, капитан В. Сейілов, кіші сержант И. Роговенко, сержант В.Төкенов, сарбаз О. Стрибань, қызметкер Г. Назаренколарды ерекше атауға болады.

Иә, мемлекеттік тілді әскери сала қызметкерлерінің меңгеріп, қолданысқа толығымен енгізуі бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Оған әуелі қазақ азаматтары бас болып, жүйелі жолға қойғаны азбал. Әйтпесе, "біреудің жоғын біреу ән салып жүріп іздейді" дегенді аталарымыз тегін айтпаса керек.

Қарағанды қаласы


ЕЛ АУЗЫНАН

Жанбатыр қажының жарқын жырлары

Төлеген ҚАЖЫБАЙ, журналист

Халық арасында Жанбатыр қажы туралы небір жарқын естеліктер бар. Қажылыққа бір емес, жеті рет қатарынан барады деген сөз де осы бір ардақты адамға қаратыла айтылады. Ал, Байтас молланың кезінде біз жариялатқан "Назым хатында" даңқой Бабаназар қажымен осы Жанбатыр Сібірге жер аударылған Науан қазіретті елге алып қайтуда қыруар еңбек сіңіргендері сөз болған еді.

Таяуда зеренділік зерделі қарт Ескендір Итжановтың артында қалған көк дәптері қолға түсті. Ақтара бастағанымнан-ақ Жанбатырға қатысты бір парақ әңгімеге ұшырастық. Орайы келіп тұрған соң Жанбатыр қажыдан қалған асыл сөздерді тәбәріктей қабылдап, газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.

Бұл орайда айтар жалғыз ауыз сөз - Жанбатырдың ақпа ақындығы, Ақан сері, Үкілі Ыбыраймен жиі жүздесіп, сыр кешкен тұрғыласы болғандығы.

Колхоздастырудың алғашқы алабүлік науқаны тұсында, көз алдында болып жатқан асыра сілтеушілікке қарсыласып, тепсінген Жанбатыр заң орындарының құзырына алынады. Көп ұзамай Еңбекшілер аудандық милициясының бастығы Садақбаевтың әмірімен елінде отырған Жанбатыр қажыны Мусин Зікрия деген белсенді айдап әкелген ғой. Жобасы Садақбаев сөз қадірін, азамат қасиетін бағалай білетін болса керек. Алдына келген қажыға "мынау Зікрия сізге туыс еді, болыстық істеп босатып жіберуге ниет білдірмеді ме?" - деп сұрағанда Жанбатыр:

Ит үрер танымайтын шалысына,
Үрмейді ит сыйласа егер танысына.
Иттен жаман адамда мінез болар,


Қараман жақыны мен алысына, - деп жауап береді. Садақбаев не десін, сөзден тосылып отырып қалады. Содан жауапты алуды бастап "өмірбаяныңызды сөйлеңіз" дейді. Қажы "қара сөзге шорқақ едім, ұрықсат болса өлеңмен сөйлеймін" - дейді. Бастық "сөйлеп көріңіз" - дейді.

Жанбатыр қажы:
Екі жасқа келгенше,
Сүт ішіп, нан шайнадым.
Жеті жастан он жаста,
Асық атып, доп ойнадым.
Он-он беске келгенде,
Қызыл шоқтай жайнадым.
Жиырма мен отызда,
Етек-жеңді түрініп,
Оймақтай аузым бүріліп,
Жігіттік тойын тойладым.
Отыз беске келгенде,
Дәріс алып молдадан.
Қарқын күшті Алладан,
Қажыға баруды ойладым.
Елу жасқа келгенше,
Жыл-жыл сайын Меккеге,
Баруымды қоймадым.
Алпыс беске келгенде,
Өзгеріп заман айналып.
Қажылық жолы байланып,
Жетім қалған лақтай,
Қуарған көкше құрақтай,
Жылауымды қоймадым, -
деп жауап береді.


Бұл жағынан ілік таба алмаған Садақбаев: "Сіз арақты арам ас депсіз. Арақ арам ба? Адал астықтан істелмей ме? Бұл сөзіңіз Совет саудасына жасалған кедергі, қарсы үгіт емес пе?" - дейді.

Жанбатыр: "Мен арақты арам ас деген емеспін. Бірақ арақ туралы айтқан бірер ауыз сөзім бар еді, бұрмаланып жүрген сол сөз шығар" - дейді де өлеңдете жөнеледі.

Арақтың астығы жоқ,
Астығынан қайғысы көп.
Арақ ішкен адамның,
Ақылынан мастығы көп.
Ар-ұятты жояды,
Пәлекеттің бастығы боп.
Арақ ішкен жігіттер,
Байлаусыз бір жын ғой,
Ішіп алып есіру,
Ер жігітке мін ғой.
Көрінгенге күлкі боп,
Жүруі бойға сын ғой.

(Жалғасы келесі санда)


Абай болшы, балақай!

Анар СЫЗДЫҚОВА

Балалардың көптен асыға күткен ұзақ та, қызықты жазғы демалысы келіп жетті. Бұл сәтті әрбір мектеп оқушысы асыға күтеді десек, өтірік болмас.

Әрине, бәрі де жақсы бірақ балалар ендігі жерде бос уақыттарын қалай өткізбек?

Ал, қалада қалатын балалардың жағдайы қиын болары анық. Оның үстіне қазір Астана қаласы бойынша балалардың қатысымен жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті десек, асырғандық болмас сондықтан. Астана қаласы жол полициясы қызметкерлері жол апаттарын болдырмау, оның алдын алу және жаяу жүргіншілердің көшенің кез-келген жерінен өтпеуіне, көлік жүргізушілерінің қарапайым жол қозғалысы ережесін қатаң сақтап, қырағы болуды ескертеді.

Осы жыл басы басталғалы, балалардың қатысымен 5 айдың ішінде 52 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, төрт жас өспірім көз жұмса, 56 бала түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алып, балалар ауруханасына түскен.

Ата-аналар мен үлкендердің жазғы демалыс уақытында балаға өте көп көңіл бөлуін, күнделікті көше мәдениеті мен жол ережесін есіне сала отырып, жол жиегінде ойнамауды, велосипедті тек қана арнайы белгіленген алаңдарда жүргізу керектігін айтып отыруы керек. Асығыстықпен өтіп кетемін деген жеңіл ойдан аулақ болуын баласының құлағына құйып отыруы парызымыз екендігін естен шығармайық.

Сонымен қатар, қазіргі таңда қай бұрышта болмасын балалардың компьютер клубтары тым көбейіп кетті. Соған балалар өте үйірсек болып кеткені анық. Сол клубтарға барған балалар қызықтарға толы, суық қарудың неше атасын, жарнамалайтын ойындарға құмар келеді. Сондықтан олар еліктеп ата-ана бақылауынсыз жүргендікте, небір қателіктерге ұрынулары әбден мүмкін. Сонымен қатар күн жылынып, көк шыққалы қала көшелерінде велосипед мінген, аяғына ролик киген балақайлар көбеюде.

Дегенмен мәселенің екінші жағы бар. Кейде жол жиегінде ойнау, тұрған көліктің алдынан жүгіріп шыға келу сияқты әрекеттердің соңы қайғыға ұласып жатады. Ең ескерерлігі - балалар арасындағы жол-көлік аптаттарының көбеюі, негізінен олар жыл мезгілдерінде, яғни, балалардың барлығы далада жүрген кездерінде орын алады.

Ал, анағұрлым апатты деген күндер дүйсенбі, жұма, сенбі күндері болып саналады. Неғұрлым қауіпті сағаттар күндізгі 16.00-ден кешкі 21.00-ге дейінгі уақыттар екен. Себебі бұл уақытта күн жарық, әрі ата-аналары жұмыста болғандықтан, балалар өз еріктерімен жүреді.

Мысалы 30 мамыр күні кешке Самарқан көшесінің 15 үйінің қарсысында Мазда көлігінің жүргізушісі, төрт жасар жасөспірімді қағып, оқиға болған жерден қашып кеткен. Жол апатының салдарынан 2000 жылы туылған жасөспірім ауыр жарақаттанып, сол жерде тіл қатпастан көз жұмған. Ал, қашып кеткен көлік жүргізушісі екінші күні өзі келіп мойнына алған.

Міне, осы секілді оқиғалар көп, сондықтан балаңыздың қай жерде жүргенін біліп, қадағалап отыру сіз бен біздің парызымыз.


ҚЫЛМЫСҚА - ТОСҚАУЫЛ

СУДАН АҚША САУҒАН

Ерболат ЕСІЛ

Петропавл қалалық соты бұрынғы "Горводоканал", қазіргі "Петропавл су" ААҚ бұрынғы директоры Алексей Бобошканың үстінен қозғалған қылмыстық істі қарауды аяқтады. Ол бүкіл облыс орталығын сумен қамтамасыз ететін жалғыз мекеменің бастығы бола тұра алаяқтық пен жемқорлыққа жол беріп, өз қалтасын мемлекет мүддесінен жоғары қойған. Бобошко мырза петропавлдық жеке кәсіпкер А. Голощаповпен ымы-жымы жарасып, одан кәсіпорынға қажетті мүлікті бірнеше есе қымбат бағаға сатып алып отырған. Үстінен түскен пайданы қалай бөліскендерін бір құдай білсін. Мысалы, қалаға су айдауға қажетті электр қондырғысының нақты бағасы 998 мың теңге тұрғанымен, Горводоканалдың директоры асқан жомарттық танытып, оны сыбайласынан 25 миллион теңгеге сатып алыпты. Мемлекеттің ақшасын кім санасын. Петропавл қалалық сотының шешімімен Алексей Бобошко үш жылға бас бостандығынан айрылып оның барлық дүние мүлкі тәркіленді. Сонымен қатар ол енді бір жыл бойына мемлекеттік қызмет атқара алмайтын болып кесілді. Ал оның сыбайласы жеке кәсіпкер А. Голощапов енді өзінің алдағы бес жыл, 6 ай өмірін темір тордың арғы жағында өткізетін болады. Сондай ақ ол мемлекетке келген 91600 теңге шығынды да өтейтін болды.

Сот үкімімен Алексей Бобошко келіспей отыр. Ол енді қалалық соттың үкімін облыстық сотта қарауды талап етуде.

Петропавл қаласы


ОҚЫС ОҚИҒА

Екі бала опат болды

Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының Сарығаш ауданында ағалы-інілі Бекзат пен Бағлан Ергештегі автоматты гранатомет снарядымен ойнап отырып опат болған. Оқиға болған жерге саперлер де шұғыл жетті. Мұндай оқиғаның қайталанбауы мақсатында жақын маңдарды жедел тексерген Сарыағаш ауданының полициялары ашық аспан астында қараусыз жатқан оқ-дәрі қалдықтарын жинайтын орынның үстінен шықты.

Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Нұралы Қырғызәлиевтің айтуынша, балалар снарядты осы жерден 5-6 шақырым жердегі әскери полигоннан жеткізді деген болжам бар еді. Әскери сынақ алаңы қызмет етіп жатқанына 40 жыл болса да жергілікті тұрғындар мұндай қайғыны бастан өткерген емес еді. Қазір мамандар ашық жерде жатқан снарядтардың қайдан әкелінгендігін және олардың жарамды- жарамсыздығын тексеруге кірісті.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ   

   
Колонки
Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"