ГАЗЕТА
№ 35 (88)
03-09.09.2004
  Первая страница
  Подробности
  Выборы-2004
  Выборы-2004
  Годы аула
  АК БАТА-регионы
  Земля и люди
  АИСТ-шанырак
  АИСТ-молод
  
  Глобус
  Справочная "АК"
  Автобан
  На досуге
  Всем обо всем
  Колонки


  РАЗНОЕ
  Архив
  Обратная связь
  ВМЕСТЕ С НАМИ
  ВАЛЮТА, ПОГОДА

Kazakhstan Financial Market



Вся погода
  АУЫЛ ӨМІРІ  
Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

Уақыттың жаңа талабы

Қошқарбай Зерендин

Қыркүйектің 1-інде республика Парламенті қос Палатасының біріккен мәжілісі ашылды. Оған елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Депутаттардың қазіргі құрамының жұмысына жоғары баға беріп, алдағы сайлауға қатысты, республика болашағы жаңа Мәжілістен орын алатын депутаттарға байланысты болатынын айтты.

Палаталардың біріккен Мәжілісінде Игорь Рогов Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы ретінде ант берді.

Алтыншы сессияны ашқан Президент алдымен депутаттар жұмысына алғысын білдірді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын осы заңдар қамтамасыз етті. Мемлекет басшысы жеткізген жақсы хабар - алдағы қаңтардың 1-інен бастап бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектерге арналған әлеуметтік жәрдемақы мөлшері ұлғаймақ. Олардың қатарында 16 жасқа дейінгі мүгедектер де бар. Сондай-ақ, соғыс мүгедектері мен оған қатысушыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 14475 теңгеге көбейтілмек. Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 60 жылдығына орай майдангерлерге 30 мың теңге көлемінде бір мезеттік материалдық көмек беру көзделуде.

Жүзеге асырылып жатқан саяси өзгерістерге қатысты оның жүйелі, салмақты болуын ескертті. Олар қоғамды ұйытуға және ішкі саяси тұрақтылықты қолдауға бағытталған демократиялық құрылымның стратегиялық мүддесімен сәйкес келуі керектігін еске салды.

Елбасы ерекше назар аударған мәселе, ел қауіпсіздігін сақтау. Аймақта терроризм қаупі қоюлана түсті. Соның мысалы, Өзбекстанда қайта басталған жарылыстар. Президент лаңкестік әрекеттердің көбіне әлеуметтік және экономикалық жағдайдың нашарлығынан бас көтеретінін атап өтті. Дін экстремизмі бізде бой көтере бастады. Заңсыз Хизб-ут-Тахрир діни саяси партиясы ашық әрекеттерге көшуде. Орталық Азияда конституциялық құрылым орнына Ислам Халифатын орнатуды көздейтін ұйымның өткен жылы мыңға тарта парақшасы алынса, биылғы жылы 11 мыңы тәркіленді.

- Ал, біздің экстремизмге қарсы заң қабылдайтын түріміз жоқ,-деді Президент.

Жарылыстар шекарамызға жақындап келеді.

- Еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты малдануға болмайды,-деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Тұрақтылық пен келісім ешқашан өз-өзінен келмейді. Ол еліміздегі бүкіл қоғам өкілдері еңбегінің жемісі. Мұндай тәжірибе қашанда қырағылықты, заң жүзіндегі нақты қолдауды қажет етеді.

Сөз соңында Президент Қазақстандағы тұрақтылықты дамытуға үлес қосқандары үшін депутаттарға алғысын білдіріп, сайлауға түсіп жатқандарға сәттілік тіледі.



Бас спортшы жанкүйерлерін жұбатты

Грекиядағы олимпиадаға жігіттеріміз бен қыздарымызбен бірге үмітімізді үкілендіріп аттандырғанымыз белгілі. Бірақ ол сенім ақталмады. Спорттың 19 түрі бойынша елден барған 118 спортшымыздың ішінен жалғыз алтын медальға қол жеткізген боксшымыз Бақтияр Артаев қана. Онан кейінгі еншілегеніміз 4 күміс пен 3 қола медаль.

- Қазір осыған қанағат еткенімізбен, өткен олимпиада ойындары бізде жарамды спорт резерві бар екенін көрсетті, - дейді бұл жөнінде ҚР туризм және спорт агенттігінің төрағасы Дәулет Тұрлыханов. Оның пікірінше \"қазақстандық жас олимпиадашылар сенімді ақтады\". Олимпиадада 1-6 орындар арасында тұрақтаған 22 спортшының жас мөлшері 19 бен 23 аралығында.

Төраға зор үміт артқан жекелеген жігіттеріміздің өз мүмкіндіктерінен төмен өнер көрсеткендерін де жасырмады. Афинаға жүрер алдында делегация осы ойындарда кемінде төрт алтынмен ораламыз деп уәде бергені белгілі. Оның себебі, команда құрамында 13 спортшы сол биіктен көрінуге сай бірден- бір үміткерлер болатын.

Дегенмен, жау кеткен соң, қылыш сермегеннен пайда жоқ. Агенттік төрағасының айтуы бойынша ел құрамасының 2004 жылы Қытайда өтетін жазғы Олимпиада ойындарында жақсы жетістікке жетуі үшін бірталай істердің шешімін табу қажет. Ол үшін Алматы облысының Қарасай ауданында тау арасынан ұлттық олимпиада базасы салынбақ. Оған 12 миллиард тенге көлемінде қаражат керек екен. Көршілес Қытай мемлекеті таяу жылдарда тау арасынан 15 олимпиадалық базалар салып үлгеріпті. Біздегі жоспарланып отырған база да солардың табиғатына сәйкес келеді. Қазір бұл орталықты салу үшін жобалау құжаттары дайын болып, тек бекітілуін күтіп отыр.

Сөйтіп, бас спортшымыз бұл кездесуде олимпиада әсерінен әлі де арылып үлгірмеген, қоңылтақ сезімдегі жанкүйерлерін келешектің «буымен» жұбатып кетті.


Арман Әмен



Астық шығымы ала-құла

Диқандарымыз егін орағына жаппай кірісуде. Бүгінде облысымызда егістіктің жартысынан астамы орылды. Кей шаруашылықтарында гектар түсімі орта есеппен 15-16 центнерге жеткенімен, облыс бойынша көрсеткіш 8,4 центнерге тең. Мысалға, Есіл ауданындағы \"Пушкинское\" серіктестігінде парлы алқапта өсірілген дәнді-дақылдардан жақсы өнім алынуда. Осы орайда биылғы орақты қарқынды жүргізіп келе жатқан Қызылжар ауданындағы \"Зенченко және К\" командиттік серіктестігі\", Ғ.Мүсірепов ауданындағы \"Дружба\", \"Янтарь-98\", Тайынша ауданындағы \"Экспортастық\", М.Жұмабаев ауданындағы \"Қарақоға\", \"Барыс\", \"Таманьское\" және \"Возвышен\" серіктестіктерін атауға болады.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жауапты науқанға жан-жақты дайындалған. Ораққа қажетті жанар-жағармайдың 76 проценті дер кезінде дайын етілген. Облыс бойынша 231 жаңа астық комбайны сатып алынған. Бұған мысал ретінде «Богви» және «Транс Авто» ЖШС-терін айтуға болады.

Биыл «Азық-түлік корпорациясы» арқылы 55 мың тонна астық мемлекеттік тапсырма бойынша сатып алынса, 73 мың тонна астықты коммерциялық жолмен сатып алу белгіленген. Бұл ретте астықтың қамырлылығы 26-28 процент болғанда әр тоннасы 100 АҚШ доллары көлемінде алынады.

Сонымен қатар 1,3 миллион тонна астық 40-тан астам шет елге экспортқа жөнелтілмек.

Биылғы орақ былтырғыдан 5-7 күн ерте басталған. Ауа райы құбылып кетпесе, науқанды қыркүйектің 15-20-сына дейін аяқтау жоспарланып отыр.


Әскер Әбілқайыров

Солтүстік Қазақстан обл.



АИСТ білімді қолдайды

Ағымдағы қыркүйектің 2-сінде Ұлттық баспасөз клубында \"АИСТ\" сайлау блогы өкілдерінің \"Саясаттану - Политология\" оқулығының тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оқулық авторы белгілі ғалым, философ және саясаттанушы, философия ғылымының докторы, ҚР Саяси ғылымдары қауымдастығының академигі, Қазақстан Саяси ғылымдары қауымдастығының нақты мүшесі Албан Балғымбаев.

Қазақстан Аграрлық партиясы қоғамымызда саяси мәдениетті жетіл - діруге және ағартуға қатысты үлес қосуға қашанда тырысып келгенді. Мемлекеттік тілдегі оқулыққа зәру жоғары оқу орындары шәкірттеріне арнап, оқулық құралдарын шығару жөніндегі бағдарламасы осының жарқын мысалы.

Аталмыш бағдарламаның алғашқы қарлығашы, профессор А.Балғымбаевтың саясаттану оқулығы. Онда бүгінгі саяси процестердегі өзекті мәселелер, қоғамның даму деңгейіндегі саясаттану мәселелері жайында таратып жазылған. Әдістеме еліміздегі жоғары оқу орындарының кітапханаларына жеткізіліп, оқу жылының алғашқы күнінен-ақ студенттер оны кәделеріне жарата алады.

АИСТ блогы енді өзінің \"Мәдени мұра\" бағдарламасын қабылдап, соның аясында қазақ тіліндегі факультеттер студенттеріне оқулықтар шығаруды жоспарлауда. Бұл АИСТ-тың қазақ тіліндегі оқулықтар тапшылығын және ұлттық ғылымды дамытуға қосқан қомақты үлесі болмақ.



Кәмшат Нұрмаханова

Аңдаусыз шағынып, ұятқа қалды

Жуырда Қызылорда қаласының, бұрынғы экс-мэрі республика Парламенті Мәжілісі депутаттығынан үміткер Қожахмет Баймаханов аяқ асты ұятқа қалды. Оған себеп, сенімді өкілі Жахан Құрмашев бастаған топтың әрекеті болатын. Бұлардың түн ұйқысын төрт бөлген Қ.Баймахановпен бірге сайлауға \"АИСТ\" блогының өкілі Самат Баймахановтың қатар түсуі еді. Фамилиялары бір қарсыластарына кедергі келтіру ниетімен олар, Қызылорда қаласы № 44 сайлау округінен ҚР Мәжілісінің депутаттығына үміткер С.Баймахановты тіркеу әрекеттерінде заңсыздық бар деп сотқа жүгінді. Осы орайда оның кандидаттығын тіркеуден алып тастау керек деген талап қойды.

Қызылорда қалалық сотының судьясы Жанат Оспанова төрайымдық еткен бұл процесс 3 күнге созылды. Сот отырысында Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер Қ.Баймахановтың сенімді өкілі Ж.Құрмашев өз талабын қуаттап, «Сайлау туралы» Заңның 87-бабы 7-тармағындағы кандидаттарды ұсыну сайлауға дейін 40 күн қалғанда тоқтатылуға тиіс екендігін алға тартып, сол күні, яғни 2004 жылы тамыздың 9-да С. Баймахановтың сағат 00-ден 13 минут кеткенде тіркелгендігіне шағымданды.

Сот екі жақ түсініктемесіне де баса назар аударды. Айналып келгенде, сот отырысында сыр берген округтік сайлау комиссиясының өздері болып шықты. Өйткені олар 2004 жылғы 23 маусымдағы \"Егемен Қазақстан\" газетінде Қызылорда облысы бойынша № 44 сайлау округінің орны Қызылорда қаласы Байтұрсынов көшесі, № 21А (қалалық № 3 гимназиясының ғимараты) деп көрсеткен. Кейін сайлау комиссиясының орны А.Тоқмағамбетов көшесіндегі \"Оқушылар сарайына\" ауысқан. Бірақ, бұл мекен-жай баспасөз беттерінде жарияланбады. Анығын айтсақ, С.Баймахановтың депутаттыққа тіркелуде сергелдеңге түскені рас. Оған әлбетте жоғарыда айтылған жағдай себеп болғандығы айтпаса да түсінікті.

Қорыта келгенде Қызылорда қаласының соты ҚР Мәжілісі депутаттығына үміткер Қ.Баймахановтың сенімді өкілі Ж.Құрмашевтың талап-арызын қанағаттандырғысыз деп тапты. Сонымен қатар ол аппеляциялық шағымдануға жатпайды деп шешті.

Осылайша Қызылордадағы «АИСТ» блогына жасалған шабуыл соңы нәтижесіз аяқталды. Бақыт құсының періште ниеттері қабыл болды. Сөйтіп, С. Баймаханов «АИСТ» блогының мұнда күші қандайлығын дәлелдесе, қарсыласы Қ. Баймаханов тапа-тал түсте абыройсыздыққа қалып, отандықтарды жерге қаратты. Бұл әрекеттері сол күні «Хабар» арнасының жаңалығынан бүкіл республикаға тарады. Ал, қызылордалықтар С. Баймахановтың жеңісіне куә болып, тырнақ астынан кір іздегендер енді қандай қойыртпақ ойлап табар деп күдіктенуде.

Қызылорда қаласы



Бақытыныды АИСТ-тан табасың

Ғали Сағдиұлы

"Баталы құл - арымас,

Батасыз құл - жарымас"

дейді халық нақылы, көпшіліктің ақ тілегін арқалап, Парламент сайлауы додасына түскен АИСТ блогынан үміткерлер өңірлерде ел сыйлаған ақсақалдардың ақ батасын алуда.

Жаздың соңғы демалысында Петропавлдағы саябақта Аграрлы индустриалдық еңбекшілер одағы \"Күштілерге - жұмыс, әлсіздерге - қамқорлық\" ұранымен ақ бата шарасына жиналған көрермен көңілін өздеріне үйірді. Парламент Мәжілісіне АИСТ блогынан ұсынылған үміткер Иван Чиркалин көздеген басты мақсаты зауыттар мен фабрикалардың өркендеуі, жұмыссыздықтың азаюы, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың ұлғаюы, жоғары білім мен сапалы медициналық қызметтің әр азамат үшін қол жетерлік деңгейде болуы.

Ауыл тірлігімен етене таныс, әсіресе шаруа адамы үшін шырылдап отқа түсуге бар үміткердің енді бірі, Михаил Трошихин де сайлау алдындағы тұрғырнамасы - аграрлық саланың алға жылжуы үшін бар беделі мен білімін салатынынан хабардар етті.

Астанадан АИСТ сайлау блогының тіркелгендігі туралы жылы хабар жеткізген жаушыны көне Тараз тұрғындары шашу шашып, сүйіншісін ұстатып, қарсы алды.

АИСТ сайлау блогының облыстық штабы ұйымдастырып, өткізген \"Ақ бата\" акциясын жарты мыңнан астам көрермен тамашалады. Блок белгісі бейнеленген бейсболкалар мен футболкалар киген парк кызметкерлері \"АИСТ\" газетінің жарық көрген сандарын таратты. Сызыл - ған әдемі вальс әуенімен билеген жастар, халық музыкасына жүрек төсеген адамдардың жадыраңқы жүздері осы шарадан ләззат алғандарын байқатып тұрды.

\"Ләмин\" деген Жазбек Әбдиевке құрметті ақсақал Намылбек Кемелбеков \"Сайлауда мерейің үстем болсын, жолдасың қыдыр болсын, қолдаушың қалың болып, сөйлегенің ақ болсын. Әумин» деп батасын берді.

Жүректен кіріп бойды алған әсем ән мен тәтті күй ырғағына берілген көрермен анда - санда сахна төріне өздері де қалай шығып кеткендерін байқамай қалды. Концерт тұздығы ретінде арасында кішкентай \"ләйлектер\" \"Жазбек! \", \"АИСТ! \" деп ұрандап тұрды. Үміткерге арнап жүректен шыққан жылы пікірін өлең шумақтарымен жергілікті ақын, еңбек ардагері Надежда Сосинович жеткізді. Акция соңында АИСТ белгісі бейнеленген шарлар аспанға ұшырылып, Жазбек Әбдиевке сайлауда сәттілік тілеген қошамет көпке дейін басылмады.

Шахтерлар қаласында аталмыш шара этнопаркте өтті. Социалистік Еңбек Ері, Жанабай Игібаев:

- АИСТ - Қазақстан еңбекшілерінің символы. Ол шаруалар мен жұмысшылардың, демек, барша халықтың мүддесін қорғайды,-деді. Қарағандылықтардың көпшілігі үшін бұл күтпеген мереке болды. Тек үстерінен өткен ұшақ түрлі-түсті парақшалар тастағанда ғана жақын маңдағы тұрғындар, әсіресе балалар алдарына жан салмай «қайдасың мереке» деп тартып берді.

- Блок ұстанымдары жастар жанына жақын,-дейді 21 жасар Елена Богудская. АИСТ өнеркәсіптің өркендеуіне мүдделі. Ол дегеніміз, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Бұл мәселе әсіресе жастарымыз үшін өзекті болып тұр. Оған қоса бұл орта кластың партиясы.

Мереке Қарағанды парашют спорты қауымдастығының өнерімен басталды. АИСТ-тың ақ жалауларын ұстаған он адам 1300 метр биіктіктен секіріп, сахнаға таяу маңға түсті.

АИСТ-тың жалауын желбіреткен жігіттер Өскеменге Конституция күні жетті. Атшабарда өткен акцияда блоктан депутаттыққа ұсынылған үміткер Виктор Егоров:

- АИСТ республикамызда қанатын кеңінен жайды. Екі қанаты - аграршылар және өнеркәсіпшілер қуатымен едәуір жетістікке жетеді. Біз ұрпағымыздың өмірін жақсартамыз.

Осыдан кейін қиқуымен-ақ көрерменге тақымын қыстырған көкпар басталды. Жігіттің жігіті ғана шыдас беретін ұлттық ойынға Өскемен қаласы, Шемонайха және Көкпекті аудандарының додашылары сайланып шықты. Көкпарды жерден іліп әкетісімен басталған тартыс қашан ойын толастағанша басылған жоқ. Додашылардың тегеурініне шыдамаған аттар да әбден ақ көбікке малшынды. Алма кезек бір-біріне салым салған жігіттер ойынды жақсы меңгергендерімен көрермен көңілінен шықты.

Жеңімпаздарға арналған бәйге - 500 мың, 300 мың, 150 мың теңге бәйгелерді Мәжіліс депутаттығынан үміткер Виктор Егоров табыс етті.

Атап өтерлігі, Өскеменде АИСТ-тың ұйымдастыруымен байк-шоу өтті. АИСТ тіккен бас бәйге - «лифан» маркілі мотоцикл болды. Хромдалып, никелденген, күн сәулесіне жалт-жұлт етіп жарқылдаған мотоцикл қай бозбаланың болсын арманы.

Аумағы шек-теулі алаңда жарысып, дөңгелек сызып, итерісіп, мотобол ойнап, жолаушы отырғызудан жарысты. Екі адамға ғана шақталған техникаға он кісінің мінуге болатынын осы жолы байкерлер көрсетті.

Мәжіліс депутаттығынан үміткер Алимпиада Черкашина техника \"құлағында\" ойнаған жастарға сүйсінісін жасыра алмай, \"Лифанға\" отырып суретке де түсті.

- Техника десе жастарымыздың ішер асын жерге қоятынына көзім жетті. Оны өздері жинап, жөндеп, бар өнерлерін салады. Байк-клуб ұйымдастырушыларына алғысымды айтқым келеді. Олар жасөспірімдер жігерін пайдалы арнаға бұрып, бойларында бұғып жатқан мүмкіндіктерін тануға көмектесуде. Жол полициясында конфискацияланған мотоциклдердің үйіліп жатқаны белгілі болды, соны байк-клубқа берген жөн болар. Балалар өздері жөндеп алады. Ол анаша тартқаннан анағұрлым пайдалы,-дейді үміткер.

Шара орны Комсомол аралынан \"Восток\" стадионына дейін байкерлер жарықтарын жағып, АИСТ жалауын желбіретіп апарды. Жиналған қауым алдында Виктор Егоров:

- Сайлау, соның ішінде жастар таңдауына қатысты бүгін көп айтылды, жастар АИСТ-ты таңдады!-дегенде, қалың қауым келісімін қаулаған шумен білдірді.

Байк-шоу осы арада жалғасты. Мотоциклдің ырылын естісе көзі шырақтай жанатын жастар резиналарын аямай бар білгендерін көрсетті. Доң- ғалақтағы ауа қысымын көзбен болжап, жұмыртқадан бильярд ойнады. Осы ойындар қорытындысы бойынша озып шыққан Дмитрий Мирошников болды. АИСТ тағайындаған бас жүлде - \"Лифан\" соған бұйырды.

Жүлдегерді құттықтап тұрып В.Егоров:

АИСТ бақыт әкеледі деген осы,-деді.



Серік Сағынтай

Қалдықсыз қөнімге ашан қол жетеді?

Ресми деректер бойынша биыл Қазақстанда жылқы саны 1 миллионнан асты. Соңғы он жылда саны күрт азайған құйма тұяқ түліктің көбейгені қазақтың рухының көтерілгені десек асылық емес.

Ал, Қарағанды облысында жылқы саны 108 мыңның үстінде. Биыл Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті диссертациялық кеңесінің мәжілісінде жерлесіміз, ұлтжанды азамат Айтуған Мұқашев \"Нарықтық қатынастар жағдайында жылқы шаруашылығының тиімділігін арттыру\" тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Ол Шет ауданына қарасты Жарық стансасында \"Қымыз\" өндірістік кәсіпорнын ашып, ұлттық сусынымызды шыны шишаға құйып шығаруды қолға алған. 2000 жылы облыстың үздік кәсіпкері атанған. Кейін \"Болашақ\"степендиясымен Германияда мал өнімдерін ұқсату орындарында қолданылатын озық технологиялардың қыр-сырын үйреніп қайтты. Қазір А. Мұқашев облыс әкімдігі жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту қорының «Бизнес инкубатор» ЖШС бас директоры.

- Соңғы ғасырда жылқы тағдыры да едәуір шырғалаңға түсті-ау...

- 1916 жылғы деректер бойынша сол тұста қазақ даласында жылқы саны 4 миллионнан асқан көрінеді. Жануарға қырғидай тиген мезгіл - кәмпеске тұсы. Сонда жылқыны пулеметпен атып, баудай түсірген. Кей өңірлердегі \"жылқы моласы\" деген содан қалған. Ұлы Отан соғысы жылдарында \"байтал түгілі бас қайғы\" болды. Қамбар ата тұқымының молаюы 60-шы жылдарға тұспа-тұс келеді. Сол кезде елімізде сегіз жылқы зауыты болған. Облысымызда бұрынғы Ағадыр ауданының Мыңбаев атындағы совхозында асыл тұқымды жылқы зауыты болды. Онда асыл тұқымды Мұғалжар жылқысы өсірілген. Жалпы, Мұғалжар жылқысы Қазақстанда үш зауытта қолдан сұрыпталған. Ақтөбеде, Қызылорда жағында, сосын осы Мыңбаев совхозында…

- Қазір ол кеңшар жоқ қой…


- Кеңшар болмағанымен орнында қожалықтар құрылды. Сол маңдағы бір фермада Мұғалжар тұқымды 450 бие бар. 450 бие дегеніңіз қолдағы барлық жылқының 40 проценті. Ендеше ол жерде мыңнан астам жылқы бар деген сөз. Мұғалжар жылқысы сырттан әкелінбеген, өзіміздің жабыдан сұрыпталып алынған. Оны іріктеуде дене тұрқы ірі, етті, сүтті жылқыларды сұрыптап өсірген.

- «Қымыз» кәсіпорны туралы білгіміз келеді.

- Кәсіпорын 1999 жылы ашылды. Жалпы, қымызды ұзақ сақтау тәжірибелері ел арасында бұрыннан бар ғой. Қымызды 0,5 литрлік шыны құтыларға жауып, 10 ай мерзімде сақталатындай етіп шығардық. Технологиялық процесс барысында түрлі сұрақтар туады, өнеркәсіпті ұлғайтқың келеді. Содан өзім оқыған оқу орнына ұстаздарымды іздеп бардым. Экономистер жылқы шаруашылығы туралы ғылыми жұмыс қорғаймын дегеніме сене алмады. Тәуекел етпеді. Ал, жылқыны білетіндер шаруашылықтың экономикалық тиімділігін түсіне алмады. Өз басым ғылымға тәжірибе арқылы барғандықтан сенімді болдым. Ақыры қорғап шықтым. Жазылуы қиын болды. Ең соңғы деректер осыдан 15 жыл бұрын жазылған Керімбаев, Дүйсенбаев деген атақты жылқышылардың еңбектері. Онда да олар ұйымдастыру жұмыстары туралы жазып, тиімділігін тарата алмаған. Ал, жалпы жылқы шаруашылығы өзін-өзі ақтайтын, рентабельді шаруашылық.

Әрине, екі-үш бие ұстап, тиімділікке қол жеткізе алмайсың. Шаруашылық өзін-өзі ақтауы үшін кемі 50 жылқы ұстау керек. Қалай болғанда да, біздің облыс жылқы малын ұстауға өте тиімді. Басқа мал 6-7 ай қолға қарайды. Ал, жылқы 1-2 ай қатал қыс болмаса тебінде жүреді. Жылқы өсіру жайлауға көшуді қажет етеді. Ол оңай шаруа емес. Осы жайды бір жүйеге келтіру - өте өзекті мәселе.

- Жылқы шаруашылығының тиімділігін арттырудағы жұмысыңыз жеміссіз емес екен.

- Облыста үздік кәсіпкер атануым қымыздың арқасы. Елбасының кәсіпкерлермен кездесуі керек болғанда да, таңдау маған түсті. Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесуде жылқы шаруашылығында технологиялық ізденістер жетіспейтіндігін тілге тиек еттім. Расы солай, егер жылқыны өсіріп, оның өнімдерін өңдей алмасақ, несімен тиімді? Сосын, шетелге шығып, технологиясын алу, онымен жұмыс істеу керектігін, сол үшін Алманияға оқуға барғым келетінін айттым… Жалпы, мал шаруашылығы өнімдерін ұқсатуда технологиясы жетілген ел - Алмания. \"Франция ананы өңдейді, Австрия мынадай нәрсе шығарады екен\" дегенмен, сол елдердің бәрі технологияны Алманиядан алады екен. Сөйтіп 2002 жылы сәуірде Алманияға кетіп, сол жақта білім алдым.

- Ол жақта экономист ретінде ме, әлде технолог ретінде оқытты ма?

- Шет елде маркетингтік зерттеу, ауыл шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру, әкімшілік басқару, өнім өңдеу технологияларын игеру пәндерінен дәріс алдым. Олардың фермерлері ғылыми оқу орындарымен тығыз байланыста. Мәселен, тәжірибе жұмыстарына келген студентті асырап, шаруашылығымен таныстырып, өз кезегінде соның ақысына барша ғылыми жаңалықтарды тегін алады. Ғылымы да өмірге өте жақын, ауыл шаруашылығы да ғылыми ізденістерді, жаңалықтарды пайдаланады. Мен тәжірибе жұмыстарымда Франциядағы бие сүтінен косметикалық бұйымдар жасайтын фирмада, Италиядағы тері илеушілерде, тағы басқа фермерлерде болдым. Жылқы өнімдерін өңдейтін кәсіпорын, фермерлер жұмысы, технологиясымен танысу үшін бас-аяғы 11 мемлекетті араладым.

- Бие сүтінен косметикалық бұйымдар жасайтын олардың қымыздан не хабары бар екен?

- Қымызды ол жақта көрмейсің, есесіне косметикалық бұйымдар жетерлік. Әркімнің өз саласы бар, бірі тек сүтпен, екіншісі ет өндірумен шұғылданса, басқасы тері илеумен айналысады. Жылқы аз. Бәрі шектеулі. Сүт өңдеушіге тері илеуге рұқсат жоқ. Егер сала ғылыми негізге сүйенбесе, оның аясы тар. Біздің фермерлер шаруашылықтың қай саласы болсын өзі атқара береді ғой, сол секілді мен де оларға екі-үш саланы қатар игерген маман болып көріндім. Әрі, жылқы маманы, әрі экономист.

- Шетел тәжірибесін өзімізде қолданысқа енгізе алдыңыз ба?

- Әйтеуір бастаған соң кандидаттық қорғап шықтым. Бірақ, ғылыми жаңалықты өмірде жүзеге асыру қиын. Кандидаттық - тек салынған жол. Ал, жылқы шаруашылығын медицина, биология, химия, микробиология ғылымдарына қатысты зерттеп, сол жаңалықтардың барлығын бір жүйеде пайдалансақ қана тиімді. Осы ретте шетелдік технологияның бізде жоқтығы жаныма батады. Егер мықты технология болса, ауыл шаруашылығында қалдықсыз өнім шығаруда еш мемлекет бізден оза алмас еді.

Сол технологияны алу жолдарын неге іздестірмеске?

Ізденіс, талап бар. Қаражат мәселесінің түйінін кім шешеді? Бірақ, бұл тарапта біраз жұмыстар ұйымдастырылуда. Үміт бар.


Қарағанды қаласы



Төлеген Қажыбай

Бурабай бас жоспарбен салынады

Щучинск - Бурабай аймағын өркендетуге байланысты қабылданбақ бас жоспар екінші рет талқыланды

Бурабайдың моншақтай тізілген көлдері мен жасыл желекті ормандарын, текшелене қаттала қаланған тау-тасын қорғау төңірегінде қордаланған мәселелер аз болмай отыр. Көл суларының мөлшерден тыс тартылып, ластануы, ормандардың жиі-жиі өрт құшағында қалуы, бей-берекет салынған құрылыстар мен өнеркәсіп орындарының өсуі, жоспарлы-жоспарсыз бой көтерген емдеу-сауықтыру, демалыс орындарының көбейуі Бурабайдың табиғаты мен ауа райына орасан нұқсан келтіруде. Астанамыздың іргеден орын тебуі Бурабайдың басына қара бұлт орнатып отыр. Сенбі, жексенбі күндері тыныстаушылар саны шамадан тыс көбейіп кететіндіктен аз- ғана Бурабай қыстағы құмырысқаның илеуіне айналып, тұншыға түсуде. Мол тасқынға даярлығы жоқ қыстақтың көл жақ беті құжынаған сауда орындарына айналып, тамақтандыру нүктелері көбейіп кеткен. Ал, олардағы тамақ сапасына бақылау орнатып, қадағалау тізгін берер емес.

Жабайы тынығушылар өз соңдарында тау-тау болып үйілген қоқыс қалдыруда, өрттің де шығуы солардың жауапсыздығынан орын алады. Тынығушылардан тиын саууды ғана көксеген кәсіпкерлерді әсте Бурабай тағдыры алаңдатар емес.

Туризмнің бүгінгі әлжуаз тағы әрекеті келушілерден аудан, облыс бюджетін толтырар қаржы түсіріп отыр дей алмаймыз.

Бурабай қыстағының, Щучинск қаласының тұрғылықты халқы коммуналдық қызметтің қиюы қашқан қырсыздығынан қоқысты сай-жыра, орман алқабына төге салуға мәжбүр. Олар ішіп отырған су сапасы да сын көтермейді. Күнбе-күнгі пайдаланып отырған лай су орталық канализацияның жоқтығынан өзен, көлдерді ластауда.

Қордаланған осы мәселелерге нүкте қою үшін мемлекеттік дәрежеде бағдарлама жасаудың қажеттігі туындап отыр. Облыс әкімі Мәжит Есенбаевтың тікелей басшылығымен Щучинск - Бурабай курорты аймағын өркендетудің бас жоспарын жасау үшін арнайы жұмысшы тобы ұйымдастырылған болатын.

«Оқжетпес» шипажайында аталмыш мәселеге қатысты өткен мәжілістің маңыздылығы сол, республикалық деңгейдегі тиісті әрі жауапты министрліктер, ведомство басшылары мен мамандары қатыстырылды. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Нұрлан Ысқақов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің орынбасары Анатолий Беланог және басқа да республикалық деңгейдегі жауапты мамандар мен Бурабай өңіріндегі демалыс, шипажай жетекшілері, облыстық қоршаған ортаны қорғау мекемелерінің мамандары аса маңызды мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салды.

Облыс әкімі Щучинск - Бурабай курортты аймағын өркендету жоспарының 2005-2007 жылдарға арналып отырғандығына назар аударды. Республикалық деңгейдегі жоспарға енгізу, қаржы бөлу мәселелері жедел шешілсе бұл аймақтың бағы жанары сөзсіз.

Бас жоспар кешенді мәселелерді қамтуға тиіс. Ол курортты аймақтың шаруашылығы, әлеуметтік-мәдени дамуы, туризмді өркендету, курортология мәселелерін тұтас өркендетуге саяды деп атап көрсетті облыс әкімі. Щучье ауданының әкімі Рашит Әкімов бүгінгі таңда ауылдық аймақта қалыптасып отырған жағдайға толымды талдау жасады. 78611 гектар жерді еншілеп жатқан курортты өңірде 48 жер пайдаланушылар орналасқан. Жыл бойы жарты миллионға жуық тынығушылар келетінін ескерсек, туризм фирмалары өз мүмкіндіктерінен көп төмен қызмет көрсететіндігін аңғару қиынға соқпайды. Өткен жылы ғана салық пен міндетті төлем мөлшері 78,2 млн. теңгеге жеткен. Әрине, қаржы көлемін бұдан да өсіре түсудің жолдарын қарастыру қажет-ақ.

Облысымызда туризм қызметі кенже қалып отырғаны ақиқат. Ендеше бұл бағытта әлі де көлемді жұмыс жүргізу керек болады.

Тынығушыларға сапалы қызмет көрсету біршама жақсара түскен. 320 нөмірлі АТС пайдалануға берілді. Санаторлық-курортты мекемелерді интернетке қосу қолға алынды.

Әйтсе де курортты аймақтың экологиялық жағдайы орынды алаңдаушылық тудырып отыр. Соның ең өзектісі, ауыз су сапасы. Күн сайын 7000 текше метр су пайдаланылатындығын ескерсек, ол судың тазартылмайтындығы су сүзгі құрылысын еш кешіктіруге болмайтындығын мойындатады.

Күл-қоқыстан арылу мәселесі де күрделі күйге айналып отыр. Курортты аймақта қоқыс өңдеу зауытын салу да кезек күттірмейтін проблемаға айналған. Бурабайдың саф ауасы әсіресе қыс айларында бу қазандықтарынан тарайтын күлді-көмеш түтінінен зор зардап шегуде. Көмір, жер маймен жұмыс істейтін бұл қазандықтарды газбен жабдықтаса әлдеқайда ұтымды болар еді. Бірақ бұл мәселе таяудағы жылдарда шешіле қояр түрі жоқ.

Автокөлік тасқыны да курортты аймақтың ауасын ластауда. Облыс әкімі М. Есенбаев автокөлік тасқынын барынша қысқарту, улы газ мөлшерін анықтау қызметін қолға алу, автотұрақ үшін шетелдердегідей көп қабатты құрылысты қолға алса жөн болар еді деген ұсыныс айтты.

Туризм қызметін барынша сапалы да сәтті жүргізудің де шешуші маңызы бар. Бұл өңірде «Бурабай» мемлекеттік ұлттық парктің жұмыс істейтіндігін ескерсек, бұл мекеме атына да орынды сын айтуға тура келеді. Спорттық туризм, ат, велосипед, жаяу саяхат жасау мәселелері де күні бүгінге өз шешімін таппай отыр. Ендеше қыруар қаржы көзінен айырылып отырған бүгінгі дүбәра тірліктен үзілді-кесілді арылу қажет.

Облыс әкімі Щучинск - Бурабай курортты аймағының тынысын ашып, тұрақты қызметін жақсарту үшін көтерілмей жатқан басқа да аймақтарға назар аудару керек деген ұнамды пікір білдірді. Сонымен бірге Бурабай қыстағында осы заманғы үйлердің құрылысын жүргізу, көл жағалай иықтасып тұрған көне тозығы жеткен үйлерден арылу мәселесі де курортты аймақ ажарын аша түсер еді.

Сергеев су тартпасының Көкшетау қаласынан Бурабай курортты аймағына бет алуы да үлкен сенімге үміт артып отыр. Көл суларының шамадан тыс шығын болуына тос- қауыл қойылады деп күтілуде.

Алдын ала зерттеуге қарағанда көлдер табанын басқан қорыс 1-1,5 метрге жеткен. Көл суының қалыпты температурасынан ауытқуы балдырдың басуына, балық түрінің азаюына, түрлі жұқпалы аурудың бас көтеруіне ұрындыруда. Сондықтан көлдерді тазарту, демалушылардың техникалармен көл бетінде ойран салуы сияқты әрекеттерге тиым салу қажет. Санитарлық қызметті барынша батыл да игілікті жүргізу керек. Курортты аймақтағы ішкі тәртіпті нығайту үшін полиция қызметін жетілдіру, адам санын молайту міндеттері де дереу шешілсе деген тілек бар.

Бір сөзбен айтқанда курортты аймақ тағдырына қатысты республикалық, облыстық, аудандық мекемелер өз қызметін жаңаша құруға міндетті. Вице-министрлер Н. Ысқақов, А. Беланог \"Бурабай\" мемлекеттік ұлттық парк директорының орынбасары В. Канцев және басқалары бас жоспарға қатысты өз ойларын айтып, пікір бөлісті, ұсыныстарын алға тартты.

Облыс әкімі М. Есенбаев мәжілісті қорытындылай келіп айтылған сын-ескертпелерді басшылыққа ала отырып, жоспарды жеделдете жасап, Үкімет қарауына ұсынудың принципті маңыздылығына тағы да назар аударды.

Қолға алынып отырған осынау игілікті шара дереу іске аса бастаса жарықтық Бурабайдың басына бақ байланар деген үмітіміз орныға түскендей болды.

Шучье ауданы



Ләйлектің алғысы мен қарғысы

Молдовода ақ ләйлек жүзімдіктің және шарап жасаушылардың белгісіне айналған. Қазірде осы елде шығарылған шарап шишасында тұмсығымен бір уыс жүзім тістеген ләйлек суретін жиі көруге болады. Бұл жағдай халық арасында кеңінен тарап кеткен аңызбен тығыз байланысты.

Ертеде, жаугершілік заманда янычарлар Городешты қамалын қоршауға алған көрінеді. Қорғаушылар кескілесіп шайқасқандарымен, күш және сан жағынан аз болғандықтан бірте-бірте әлсірей береді. Сырт дүниемен байланыстары үзілгендіктен азықтары да түгесіліп, ыдыстағы сулары сарқыла бастаған. Осыны сезген жаулары жеңіс жақындады деп, бөріктерін аспанға атады.

Кенеттен, сол мезетте көтерілген қатты жел янычарларды бастарын сауғалап, баспана іздеп кетуге мәжбүр қылған. Сөйтсе, тағдыры қыл үстіндегі қалаға ләйлектер көмекке келіпті. Бұл аспан жүзін жапқан құстың қалың тобының қанатынан ескен жел екен. Туған жер жүзімін тістелеп жеткізіп, жауынгерлердің аштығы мен шөлін басқан көрінеді. Осыдан қуат алған олар янычарларға тап беріп, жеңіп шыққан дейді.

Енді бір аңыз желісі бойынша ләйлектер татарлар зынданында азап шегіп жатқан запорождықтарға жүзім жеткізген дейді.

Осы тектес оқиға өзбектерде де бар, ол сиқырлы қарбыз ертегісі.

Сіңірі шыққан бір шаруа жаралы ләйлекті үйіне әкеліп, емдеп, жазылған соң еркіне қоя берген. Жақсылықтың қайтарымы деп, құс қарбыз дәнін тастап кетеді. Күн жылынып, көктем жетіп, тұқым себер уақыт жеткенде әлгі кедей ләйлектен қалған белгіні топыраққа сіңірген. Біраз уақыт өткенде одан үлкен қарбыз өсіп шыққанын байқайды. Бауыздап жібергенде, дән орнына сау етіп алтын ақша төгілген.

Осы жайды естіген оның бай көршісіне қараулық кіреді. Сап-сау жүрген ләйлектің әдейілеп аяғын сындырып, артынан емдеу үшін үйіне алып келген. Бұл жолы да құс ұшуға жараған соң артына дән тастап кеткен. Одан да құшаққа сыймайтындай зор қарбыз өскен екен. Тапқырлығына масаттанған бай ағайын-туыс алдында мерейін тағы бір мәрте асыру мақсатымен олардың бәрін жинап, қарбызды бауыздап жібергенде, ішінен ызыңдап ытқып шыққан аш соналар отырғандардың ту-талақайын шығарған дейді.



Шаңырақ көбейді

Жанат Зияшұлы

Биылғы жылдың алғашқы алты айында тұрғын үй салу және тапсыру барысы былтырғы деңгейде қалған Батыс Қазақстан облысынан басқа республиканың барлық өңірінде қарқын алып отыр. Үй құрылысы әсіресе Қарағанды облысында белсенділікпен жүргізілуде. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жаңа шаңыраққа көшкендер қатары бұл өңірде 3,9 есе артты. Сонымен қатар Қостанай, Шығыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында ол алды 76, соңы 46 процентке ұлғайған. Астана мен Алматы қалаларында ол 46-44 процентке өскен.

Еңбек рыногына келер болсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, биылғы шілденің соңында жұмыссыздар ретінде тіркелген азаматтар саны 141,5 мың адамды құраған. Ал олардың экономикалық тұрғыдан белсенді халық құрамындағы үлесі - 1,8 процент. Өңірлер бөлінісінде бұл көрсеткіш 10 облыста асып түседі. Жұмыссыздардың қомақты үлесі Қызылорда (2,7%) және Шығыс Қазақстан (2,6%) облыстарында, ең аз үлесі - Оңтүстік Қазақстан облысы мен Астана қаласында (0,1%) тіркелген.



Ел аузынан

Байқадамның келінімен айтысы

Мұрат Әміренов

Әйгілі Біржан-Сара айтысында ақын қыздың былай дейтіні бар:

Найманда Қаракерей, Сыбан, Мұрын,

Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын.

Шерубай, Тана мырза, Ер Тәукебай,

Қай қазақ сөз бастады одан бұрын.

Баласы Қозыбайдың Тілеуберді,

Әлханды оның ұлы әркім көрді.

Осындағы ақын Сараның тіліне тиек болып отыр- ған Тілеубердінің ауылында Байқадам атты ақын болған. Тілеуберді қазіргі Ұлан ауданындағы, бұрынғы Сібе болысы, Майтүбек деген жерді мекен еткен. Байқадам да осы төңіректен шыққан айтулы ақындардың бірі болған. Жаяуға сөз, аттылыға жол бермеген азулы ақын өзінің келінінен жеңілген деген сөз бар. Ер жеткен ұлы қалыңдық ауылына ұрын бара жатқанда қасындағы жігітке Байқадам бір ауыз өлең үйретіп жіберіпті. Бұл өлеңді ретін келтіріп болашақ келініме сәлем ретінде айтарсың депті. Ол өлең былай болып келеді:

Келінжанға сәйлем айт қағынбасын,

Келеді деп күйеуін сағынбасын.

Күйеужанның кигені біздің ішік,

Ішігімді ішінен жамылмасын.

Қайын атасының сәлемін естігенде қыз да қарап қалмай, бір ауыз сәлем жолдапты өлеңмен. Сонда былай депті:

Қайын атама сәлем айт, қабынбасын,

Барған күні ішігін сабындасын.

Дәм бұйырып сол үйге бара қалсам,

Екі қолдап тырнар ем таздың басын.

Ақырында әлгі қыз келін болып түседі. Келіннің ақындық қарымын сезген Бәкең әркез өлеңмен сынап жүреді екен. Бертін келе ақынның шаруасы шатқаяқтанып, өзі де шау тартып дегендей, қара дүрсін күй кеше бастаса керек. Сол бір тұста былай деп салған екен:

Біздағы бұрынғыдай бола алмадық,

Бөлек ауыл бір жерге қона алмадық.

Қатардағы ауылдың біреуі едік,

Осы келін келген соң оңалмадық.

Сонда келіні іркілместен:

Қаракөк жылқы ішінде көкжал ма едің,

Жеті атаңнан ақсүйек дегдар ма едің.

Мен келгелі ауылың оңалмаса,

Басыңды құрт жегенде мен бар ма едім, - депті.

Байқадам келінінен жеңілгенін іштей мойындап, бұдан кейін өлеңмен қағысуды доғарыпты. Ел ішінде Байқадамның ақындығы жөнінде айтылатын әңгіме көп. Бірақ оның ақындығы арнайы зерттелген емес.


Шығыс Қазақстан обл.



Өнегелі шаңырақ

Мұғалім деген мәртебелі мамандықтың иесі атанып, еңбектері жанып, ел алғысына бөленіп жүрген ұстаздар қаншама? Өскелең ұрпақ пен елінің болашағы үшін аянбай еңбек еткен ұстаздарды қалай мадақтасаңда жарасады. Біздің бүгінгі сөзіміз де сондай бір абзал азаматтар жөнінде болмақ. Еліміз тәуелсіздік алған тұста Арқалық қаласындағы педагогикалық институтты тәмәмдаған екі жас бір шаңыраққа бас қосты. Осы істің ыстық суығына бірдей төзіп, бір-бірімізге сүйеу боламыз деп некелескен жастар бүгін екі баланың ата-анасы, ауыл, аудан, облысқа танымал ұстаздар қатарынан көрініп жүр. Олар өз мамандықтарын шебер меңгерген Қапен ұлы Азамат пен жары Гүлжаһан. Азамат сурет, ал Гүлжаһан математика пәнінің мұғалімі. Олар қазір Целино- град ауданындағы №10 Фарфор орта мектебінде қызмет істейді. Екі ұстаздың әрбір сабағы заман талабының мүддесіне сай, оқушылардың қызығушылығын арттырып отырады. Азаматтың алдынан дәріс алған барлық оқушыны суретші десе болғандай. Бірқатар шәкірттерінің еңбектері аудан, облыс бойынша жүлде алып жүр. Басқаға үлгі боларлықтай безендірілген мектебіміздегі көрнекі құралдарда Азаматтың қолтаңбасы бар.

Гүлжаһанның да үйрететін пәндерінің үлгерімі мен сапасы жоғары. Соңғы жылдары мектеп бітіруші түлектер математика пәнінен жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп жүр. Өткен оқу жылында физика пәнінен дайындалып, ғылыми конференцияға қатынасқан оқушысы облыстан жүлдемен оралды. Бұл ұстаздың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Оның жетегіндегі сынып оқушылары да үлгілі ұжым қатарынан көрініп жүр. Ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мектепте, ауылда қандай бір іс-шаралар атқарылса, оның басы-қасында Азамат пен Гүлжаһан жүреді. Сондықтан бұл жастар үлкенге де, кішіге де үлгі болуда. Сөйтіп мектебіміздің ұйыт- қысы, айнасы болып отыр. Әрқашан, кімге де қол ұшын беруден жалыққан емес. Олардың жанұясында тәрбиеленіп отырған ұл мен қызы оқу озаттары. Жанботасы облыс бойынша өткен сурет байқауының жеңімпазы. Биыл балалар баспасының жас тілшісі ретінде республикалық «Балдәурен» демалыс лагеріне барып демалып қайтты. Таяуда Астана қаласындағы қазақ-түрік қыздар лицейіне емтиханнан сүрінбей өтіп, қабылданды. Ұлы Тайжан суретші, спортшы, мектебіміздің маңдай алды \"математигі\". Мұның барлығы жақсы әке мен а�

�аның отбасындағы тәрбиесі мен еңбекқорлығының арқасы деп білеміз. Сөз соңында, өз ісінің шеберлері, үлгілі ұстаздар отбасына жаңа оқу жылында жаңа табыстарға жете беріңдер, Абай атамыз айтқандай үйретуден жалықпаңдар деген тілек айтқым келеді.


Құрмет Нұрсұлтанұлы



(Ыбырай Алтынсарин рухына)

Оқу менен өнерде орны дара ғұлама,

Жасампаз жолда бақ пен сор еншіңе тиген сыбаға.

Баулыдың қанша балапан, білімді ғана жете алар.

Болғасын арман - мұнара.


«Кел, балалар, оқылық!» - ұрпаққа үлгі әнұран,

Бағасын оның білмесем жолымнан мен де жаңылам.

Ұстаздық - құрмет ол деген, беретін сәлем түсіп кеп,

Патша да алтын тағынан.


Болашақтың бағы үшін өзіңдей егін екпек кім?!

Көк өрімнің қаншама көсегесін көктеттің.

Өлшеусіз сүйген өз ісін ұстаздардың

ұстазы,

«Мектеп -кеме, мұғалім - жаны, -

дедің мектептің».


Жан болу үшін мектепке түссең де төздің торға да,

Жар болу үшін мектепке түссең де төздің орға да.

Кеше де, бүгін, ертең де мәңгілік міндет жүктейді,

Өзіңіз берген зор баға.


Самат Асқарұлы,
№ 27 Оразақ орта мектебінің мұғалімі.



Абай бол, балақай

Самат Шманов,
Астана қалалық ІІББ ЖПБ аға маманы,
полиция майоры

Үстіміздегі жылғы тамыздың 9-ы мен қыркүйектің 9-ы аралығында «Қауіпсіз жол» атты республикалық жедел-сақтандыру айлығы өтіп жатыр. Айлықтың былтырғы шарадан ерекшелігі, еліміздегі қалалар аралығында автошеру ұйымдастырылған. Ол болған қалаларда жол полиция қызметкерлерінің міндет, жұмыстары түсіндіріліп, жол оқиғасының алдын алудағы үгіт жүргізілуде. Балалардың қатысуымен жол апатын болдырмау, оған тиым салу, сақтандыру мақсатында, іс-шараларын өткізу үшін, жол полиция басқармаларында, бөлімдерінде ашық есік шараларын ұйымдастыру әр азаматтың жол полициясына қатысты сұрақтары, ұсыныстары, нұсқаулары қаралады.

Инспектордың, көліктің макеттері жасалып, елорданың жол апаты көп болатын көшелеріне қойылуда. Бас қарма басшылары осы кезеңде атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде ақпарат құралдары арқылы түсінік беруде. Аталмыш шараның жол оқиғасын болдырмау, оның алдын алу ісіне беретін үлесі мол.

Дегенмен жол қозғалысы мүшелері қарапайым жол ережесін қатаң сақтап, кішіге үлгі бола білу керек. Міне, осы бағытта тамыздың 25-і мен қыркүйектің 5-і аралығында елордамызда, жаңа оқу жылының басталуына байланысты \"Абай бол, балақай! \"атты онкүндік өткізілуде.

Ондағы мақсат, балалар қатысуымен жол-көлік апаттарын болдырмау.

Сондықтан құрметті ата-аналар, мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған бүлдіршіндерді жамандықтан аулақ етіп, мектепке күнделікті апарып, алып келуді міндеттеріңіз деп санаңыздар.

Қалада жеті ай қорытындысы бойынша, балаларға қатысты 86 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның ішінде төрт бала көз жұмса, 92 бала түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алып, қалалық балалар ауруханасына түсті. Осы тектес жол оқиғаларының бетін ары қылу үшін балаларды үнемі қадағалап отыру керек.


Астана қаласы



Оқыңыз, қызық!

Саят маусымы жақын Көкөністің көмегі

Жемістің денсаулыққа пайдалы екендігі бұрыннан белгілі. Осыған қатысты соңғы жаңалық, зерттеулерін жария еткен американдық офталмотологтар көз науқасының алдын жеміспен орауға болады дейді.

Жасы келген адамдардың көзі сарғаятынын көріп жүрміз. Мұның түбі жанардың таюына әкеп соғады. Қарашыққа қарсы орналасқан оның диаметрі небәрі 1,5 милиметр. Сәуле біткеннің бәрі осы маңызды учаскеге жинақталатын көрінеді. Сарғыш дақ шамадан тыс көбейсе, адам ұсақ нәрселерді ажыратудан қалады. Ауру әдетте жасы 50-ден асқан әйелдерде, 75-тен асқан ерлерде жиі кездеседі. Дерттің алдын ғалымдар күн сайын 400 грам шамасында жеміс тұтынса алуға болады деп кеңес береді. Осының ішінде ең тиімдісі, банан мен апельсин екен.

Жемістердің денсаулыққа тиімділігін ғалымдар 12-18 жыл бойы 118 мың адам бойында қадағалаған. Алғашқы кезде бақылаудағы адамдардың жасы 50-ден жаңа асқандықтан ешкім көзге қатысты шағым айтпаған. 12 жыл өткен соң ерлер, 18 жыл өткен соң әйелдер \"жанарым тая бастады \"дегенді жиі ауызға алған. Осы арада ғалымдар тағамға поливитаминдер мен минералдар емес, көкеніс пен жемістің өзін тұтыну керектігін баса айтуда. Себебі, қолдан жасаған нәрсе қайткенде де табиғат өніміне жетпейді.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ


               

Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"