ГАЗЕТА
№ 30 (83)
30.07-05.08.2004
  Первая страница
  Подробности
  Выборы-2004
  Партстроительство
  Партнерство
  Нормативная база
  Здоровье
  
  Глобус
  Справочная «АК»
  На досуге
  Всем обо всем
  Колонки


  РАЗНОЕ
  Архив
  Обратная связь
  ВМЕСТЕ С НАМИ
  ВАЛЮТА, ПОГОДА

Kazakhstan Financial Market



Вся погода
  АУЫЛ ӨМІРІ  
Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

ӨМІРДІҢ ЖАҢА ӨЛШЕМДЕРІ

САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ АГРАРЛЫҚТАР ҰСТАНЫМЫ

Ғали САҒДИҰЛЫ

Осы аптада Астанада Қазақстан Аграрлық партиясының бесінші съезі өтті. Партия төрағасы Ромин Мадинов саяси ұйымның соңғы бес жылда атқарған жұмыстарына шолу жасап, сайлау алдындағы және таяудағы екі жылға белгіленген міндеттеріне тоқталды. Съездің басты жаңалығы, Аграрлық және Азаматтық партиялардың сайлау алдындағы біртұтас одаққа бірігуі аяқталып, Аграрлы-индустриалды еңбекшілер одағы дүниеге келді. Мәжіліс депутаттары, Азаматтық партия өкілдері қатысуымен делегаттар Парламент Мәжілісіне бір мандатты аймақтардан және Аграрлық партия атынан депутаттыққа үміткерлер тізімін бекітті. Съезд соңында Аграрлық және Азаматтық партиялар сайлау блогының Үйлестіру кеңесі сайлауға біртұтас партия тізімі бойынша ұсынылған 15 үміткердің тізімін бекітті.

БЕС ЖЫЛДЫҢ БЕДЕРІ

Ауыл шаруашылығындағы ахуалдың кешегісі мен бүгінгі жайын республиканың әр өңірінен келген 145 делегатқа партия жетекшісі Ромин Мадинов зерделеп жеткізді. Мемлекет жыл сайын бұл салаға 45 миллиард теңгеден астам қаржы бөліп отыр. Осыдан бес жыл бұрын оның көлемі 6 миллиард теңге ғана болатын. Уақыт өткен сайын егіс ауқымы ұлғайып, мал қарасы көбейіп келеді. Үш жылдың ауыл еншісіне берілуі, арнайы әзірленген Аграрлық азық-түлік және Ауыл аумақтарын дамыту бағдарламаларының іске қосылуы - мемлекеттің бұл салаға ден қойып отырғанын көрсетеді.

Партия құрылған алғашқы жылдары ауыл тірлігінің күйзеліп жатқаны бәріміздің есімізде. Егіс алқаптары тарылып, топырақ тозаңға айналып, мал жаппай пышаққа легіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің ауқымы екі есеге азайған еді.

- Сол 1999 жылы сайлау алдындағы тұғырнамамызда біз "...тез арада өндірістің ауыл шаруашылығы мемлекет тарапынан реттелетін нарықты экономика жүйесін қалыптастыру, жеке меншік кәсіпкерлікті дамыту, кооперативтік қозғалыс мемлекет тарапынан қолдау табуы керек. Әр адамға лайықты, еркін жұмыс істеуі үшін жағдай тудыру керек, адамның жеке бастамасына мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілуі керек" деп мәлімдегенбіз,-деді Ромин Мадинов.

Бір кездегі жоспар қазір нақты іске айналып жатса ол партияның жетістігі және жеңісі емес пе?!

- Сондықтан бастаған ісімізді соңына дейін жеткізу үшін, әрі бізге сенгендер мүддесін қорғау үшін сайлауға қайта қатысамыз. Парламент Мәжілісінің сайлауы Қазақстан Аграрлық партиясының бес жылдағы атқарған ісіне отандастарының берген бағасын көрсетеді,-деді ол.

Аграрлықтардың Парламенттегі Отан, Азаматтық партияларындағы әріптестерімен бірлескен қызметі ел экономикасының қалыпты ілгерлеуіне, тұрғындардың татулығына, даму жөнінен Қазақстанның көршілес республикалардан озып шығуына себепкер болды деп санайды Р. Мадинов. Соңғы бес жылда ауылдағы еңбеккерлер мүддесін қорғауға бағытталған заңдардың қабылдануы соған дәлел. Қазір шаруашылықтардың қаз тұрып, ауылдық тұтыну кооперативтеріне бірігуі арқылы іріленуі орын ала бастаған. Ауылдағылардың агробизнеске ден қоя бастағаны байқалады, себебі несие алу, жанар-жағар маймен қамтамасыз етілу біршама жеңілдеді.

АУЫЛДЫҢ АРАШАШЫСЫ

Парламентте қуатты өкілдігі бар Аграрлық партия республика бойынша 130 мың қолдаушысы бар зор күш екенін танытты. Ауылдағы әлеуметтік-мәдени саланы қалпына келтіруді өзінің басты міндеті санайтын саяси ұйым халқымыздың тарихы, әлеуметтік-экономикалық жағдайына зиялы қауым өкілдері назарын аудару мақсатында Әбдіраштің Жарасқаны атындағы бәйге жариялап келеді.

Сағасынан асып, жыл сайын жағадағы ауылдарды басып қалатын Сыр өзені суын сабасына келтіруге биыл 1 миллион теңгенің бәйгесін жариялағаны жалпақ жұртқа белгілі. Байқауға жобаларын жолдап, бақтарын сынағылары келгендер 20-дан астам. Беделді комиссия солардың арасынан таңдаулы деген төртеуін іріктеп алған. Қазір бұл ұсыныстар Су ресурстары жөніндегі комитетте қаралуда. Сондықтан Сырды ауыздықтауға осы жобалардың себеп болуы әбден мүмкін.

Көздеген бағдарламалық мақсаттарын шешу үшін саяси одақтас іздеу барлық партияларға тән нәрсе. Парламенттегі және аймақтарда атқарған жұмыстар аграрлықтар үшін Азаматтық партияның етене жақын екенін көрсеткен. Құрылған кезден бастап жалғасып келе жатқан ынтымақтастық аграрлық және өнеркәсіп кешендері үшін маңызды заңдардың Парламент арқылы қабылдануын жеңілдеткен.

ӨРГЕ ШЫҒАРАТЫН - ОРТА БУЫН

Сайлауға тізе қосып шыққалы отырған екі партия басшылығы "Бағдарлама 2007. Өмір сапасының жаңа талаптары: нақты саясат және әлеуметтік жаңашылдықтар" аталатын тұғырнамаларын дайындаған. Р. Мадинов құжаттың таяу болашаққа арналғанын атап өтті.

Еліміздің жинақтаған күш-қуаты жақын арада ауыл аумақтарын дамытуға, тұрғын үй құрылысын жаппай дамытуға, білім жүйесін жетілдіруге, медициналық қызмет сапасын көтеруге бағытталады. Қоғам жетіле түскен сайын еліміздің дамуына және тұрақтылығына кеселін тигізуі мүмкін өзекті мәселелердің басын ашып отыр. Мәселен, азаматтарымыздың 25-30 проценті қайыршылық жағдайында (сарапшылар бұл көрсеткіш 50 проценттен көп дейді) өмір сүруде. Ауылды жерде ол 90 процентке дейін жетеді. Байлардың табысы кедейлердікінен 10 есе көп. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 27 мың теңгені құрайды. Соған қарамастан өнеркәсіпте, әсіресе аграрлық салада оның мөлшері әлдеқайда төмен.

Осы ретте аграрлықтар мен азаматтықтар сайлау алдындағы тұғырнамаларының көзі ретінде таяудағы екі жылда тұрғындардың орта деңгейін қалыптастыруды ұсынады. Оның өзегін аграрлық және өнеркәсіп саласындағы жұмысшылар құрамақ. Нақты материалдық құндылықты жасаушы жұмысшы, инженерлік-техникалық қызметкерлер, агроөнеркәсіп және индустриалды кешен менеджерлері орта буын талабына сай өмір сүрулері керек.

Тұғырнама тұтастай орындалуы үшін 2005-2007 жылдары аграрлықтар ең төменгі жалақы деңгейін екі есе ұлғайтуды, тұтыну себетінің құнын екі есе өсіруді, жұмысшылардың орташа айлық кірісі 300-350 доллар шамасында болу қажет деп есептейді. Сонда адамдардың баспанаға берілетін несиеге, орта буынды қалыптастыруға жағдай жетеді. Сонымен қатар корпоративті салық көлемін 21 процентке дейін, әлеуметтік салықты 15-тен 7 процентке дейін азайтуды, шағын несие көлемін ұлғайтуды (өңірлерде оның ең төменгі мөлшері 5 мың доллар болуы керек) ұсынды.

Зейнетақы және жәрдемақы мөлшері ең төменгі жалақының 75-80 процентін құрауы қажет. Демографиялық өсімді ынталандыру мақсатында бала күтімімен отырған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері төменгі еңбекақының жартысын құрап, біржарым жыл бойына төленуі керек.

Жұмыс берушілер шартпен жұмыс істеушілерге әлеуметтік кепілдік беруі қажет. Ел азаматтарының білім алуына, медициналық қызметті пайдалануына әлеуметтік кепілдік берілуі керек, - деді партия төрағасы.

Қазақстанды дамудың жаңа деңгейіне көтеретін экономикалық саясат еліміздің табиғи ресурстарын және адами капиталын тиімді пайдалануды қажет етеді. Ішкі сұраным дейгейінің өсуі тұрғындардың төлем қабілетін арттыратын, мемлекеттің экономиканы басқарудағы рөлін күшейтетін әлеуметтік заңдар топтамасын қабылдауды қажет етеді. Ол үшін "Басты әлеуметтік кепілдіктер туралы", "Ең төменгі жалақы мөлшері туралы", "Табиғат рентасы туралы", "Жергілікті өзін-өзі басқару туралы", "Ұлттық компаниялар туралы", "Ең төменгі тұтыну себеті туралы" заңдарды қабылдауды және "Ұлттық қор туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет, деп санайды аграрлықтар мен азаматтықтардың біртұтас блогы. Бұл өзгерістер мемлекет, тұрғындар және шаруашылық субъектілерінің мүдделерін сәйкестендіріп, ұлттық экономиканы тиімді қалыптастыруға адамдардың лайықты өмірін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

ТАУАР ӨНДІРУШІ ТАРЫҚПАСЫН

Жаңа экономикалық саясатты іске асыру үшін мемлекет кәсіпкерлік және тұрғындардың әрекетін үйлестіру қажет, деген Р. Мадинов, аталмыш субъектілер тең құқықты әріптестер ретінде жұмыс істеп, олардың күші экономиканың нақты секторындағы басты бағыттарды дамытуға жұмсалуы керек, - деді. Өз кезегінде ол ғылыми-техникалық жетістікті дамытуға, жоғары технологияны кеңінен игеруге септігін тигізбек.

Ел экономикасының болашағы қазақстандық материалдық тауар өндірушінің мықтылығынан, оның сыртқы және ішкі рыноктағы бәсекелестігінен, экономикамыздағы шикізат бағытын игеруімен байланысты болмақ.

Азаматтықтар жетекшісі Азат Перуашев "саяси бірлестік атауында аграрлы сөзі неге алдына қойылған" деген сауалға:

- Ауыл - халқымыздың тарихы, еліміздің тамыры. Одан аттап өтсек ең жоғары құндылықтарымызды жоғалтқанымыз. Тірегіміз де, бағдарымыз да - ауыл болуы керек, деді.

Съезде партия төрағасы Ромин Мадинов Аграрлы-индустриалды партиялар одағының осы саясатты жүзеге асыруы жолында, 2007 жылға таман елімізді тұрақты даму жолына шығару үшін қоғамдағы күштер, партиялар, кәсіподақтар, мемлекеттік емес ұйымдармен тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді. Аграрлықтар съезд үстінде Парламент Мәжілісі депутаттығына бір мандатты аймақтардан сайланатын үміткерлер тізімін қолдап дауыс берді.



АҚЖОЛТАЙ ХАБАР

Фенилон өндірісі ашылмақ

Мақсұтбек ОТАШЕВ, журналист

Үстіміздегі жылы "Қазнефтхим" АҚ-ы кейінгі жылдары талан-таражға түсіп, қаңырап тұрған Қостанай химиялық талшық зауыты негізінде фенилон өндірісін ашуды жоспарлап отыр.

Әлемдік тәжірибеде фенилоннан түрлі подшипниктер, шанышқылы доңғалақтар, электр және радиотаратқыш саймандары, қысымға төзімді бұйымдар жасалады екен. Сондықтан оның отандық өндіріске тигізер пайдасы мол болады деп күтілуде.

Акционерлік қоғамның бас директоры Дмитрий Дмитриенконың айтуынша, бұл кәсіпорынның болашағы зор, дегенмен кейбір тораптарды қайта жабдықтап, қазіргі заманғы бірегей жабдықтарды орнату үшін қыруар қаржы қажет. Қазіргі есептер бойынша бұл жобаларды жүзеге асыру үшін ондаған миллион доллар инвестиция тарту белгіленуде.

Бас директор жаңа өндірісті жолға қоюдағы жоспарын былайша таныстырды.

- Барлық цехтар мен технологиялық желілерді қайта жабдықтау ісі шартты түрде екі кезеңнен құралады. Бірінші кезеңде алғашқы желі іске қосылып, ол жаңа өндіріс қуатының жартысын қамтамасыз етпек. Одан біршама уақыттан кейін екінші кезеңі - қалған қуаты пайдалануға берілмек. Жалпы, бұл кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 100 тонна фенилон шығаруға шақталған.

Кәсіпорын басшысынан фенилон өндірісіне қажетті мамандарды қайдан аласыздар?-дегенде Дмитриенко мырза:

- Оған бұрынғы химиялық талшық зауытында жұмыс істеген адамдар тартылатын болады. Ал, инженер және технолог мамандықтарына жақын шет елдерден синтетикалық талшық өндірісі бойынша тәжірибесі бар мамандар шақырылмақ. Сонымен қатар тиісті ғылыми-зерттеу институттарынан дайындықтан өткен жас мамандарды тарту жоспарлануда. Жалпы, жаңа кәсіпорынның 350 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін түрі бар.

Өндіріс пайдаланатын шикізатқа келер болсақ, олар Ресей, Қытай, Германиядан жеткізілмек. Өнімдері негізінен еліміздегі кәсіпорындарға және шет елдерге экспортталмақшы.

Қостанай обл.



Ертіс елдің құты ғой

Мұрат ӘМІРЕНОВ, журналист

Өскемен қаласында Ресей Федерациясының Қазақстандағы жылы шеңберінде екі ел өкілдерінің бас қосулары жиі болып тұрады. Жуықта екі мемлекеттің өзен әкімшіліктерінің өкілдері Жоғарғы Ертіс бассейні су жолын тиімді пайдалану жөнінде пікір алмасты. Кездеуге өскемендіктермен қатар Павлодар, Орал, Атырау, Балқаш, Іле республикалық қазыналық су жолдары кәсіпорындарының директорлары және осы саланың басқа да мамандары қатысты. Ресей делегациясын Су көлік жолдары департаменті ішкі су жолдары басқармасының бастығы Н.Юдин бастап келді.

Екі күнге созылған кеңесте Жоғары Ертіс бассейнін тиімді пайдалану жолдары жан-жақты талқыланды. Қазақстанның географиялық жағдайы Еуропалық және Азиялық мемлекеттердің су жолдарын дамытуда үлкен рөл атқарады. Республика Үкіметі қаулысына сәйкес кеме жүретін ішкі су жолдарының тізімі жасалған, сол бойынша оның ұзындығы төрт мың шақырымға созылып жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанның су жолдары қатынасы Жоғарғы Ертіс, Орал-Каспий және Іле-Балқаш бассейндері арқылы жүзеге асырылуда.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Су көлігі департаменті директоры

Б. Уандықов:

- Жоғары Ертіс бассейні су жолы ретінде халықаралық маңызға ие. Бүгінде су жолы қауіпсіздігін республикалық қазыналық жеті кәсіпорын қамтамасыз етуде, олардың балансында 151 шартты мемлекеттік техникалық флот бар.

Алдын ала жасалған есеп бойынша 2004 жылғы жүзу маусымында жаңағы жеті кәсіпорын жүк тасымалын 1 миллион тоннаға жеткізуге тиіс.

Қазақстандағы негізгі су жолы Ертіс өзені. Өзен бойында бір және төрт камералы екі алып шлюз орын тепкен. Олар - Өскемен және Бұқтырма су электр стансалары. Бұлар 42,5 және 68 метрлік биіктікте су қысымын ұстап тұр.

Аталмыш ГЭС-тің физикалық және моральдық жағынан ескіргенін (40-50 жыл ішінде) және жоғары сейсмикалық (6,5-7,5 балға дейін) аймақта орналасқандары ескеріліп, 2001-2002 жылдары екі шлюздің де бетонды қондырғылары жан-жақты зерттелініп, тиісті жөндеу, қалпына келтіру шаралары атқарылды. Мұның өзі шлюздерді бес жыл бойы қауіптенбей пайдалануға мүмкіндік туғызды.

Жоғары Ертіс бассейні арқылы негізінен құм мен қиыршық құм тас, ағаш, көмір, жанар-жағармай және жолаушылар тасымалданады. Жүк тасымалдаушылар акционерлік қоғамдар мен жеке кеме иелері.

Ертісті бойлай су көлігі қатынасын орнатуға осы өзен бойынан салынып жатқан үшінші шлюз - Шүлбі ГЭС-і құрылысының аяқталмауы кедергі болып отыр. Қазіргі кезде Көлік және коммуникация министрлігі бағдарламасына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Шлюз 2005 жылдың жүзу маусымында ашылады деп жоспарланған. Шүлбі ГЭС-і пайдалануға берілген кезде Қытай - Қазақстан - Ресей транзиттік су дәлізі ашылмақ. Сонымен қатар Павлодар және Семей порттары арқылы Орта Азиядан, дәлірек айтқанда Қырғызстан мен Өзбекстаннан Ресейге жүк жеткізу мүмкіндігі туады.

Қазақстан мен Ресей аралығында сауда-экономикалық қатынасты кеңейту және шекаралық өзен жолдарын да тиімді пайдалану мақсатында үкіметаралық келісім жасалған. Ол бойынша екі мемлекеттің кемелері мен экипаждары тең құқыққа ие. Бүгінгі күні осы келісімге сәйкес жүк тасымалданып та жатыр.

Кездесу барысында Ертістің түбін тереңдету жұмысындағы олқылықтар сөз болды. Мысалы, Қазақстан шекарасынан Омбы қаласына дейінгі аралықтың кепілді тереңдігі 130 сантиметрден аспайды екен.

- Мұның өзі, -дейді өзеншілер, кемелердің жүзуін қиындатады және оларды қажетті мөлшердегі жүк салмағымен тиеуге мүмкіндік бермейді. Екі мемлекеттің өзен әкімшіліктері өкілдерінің кездесуі Хаттамасында Ертістің түбін тереңдету жұмыстарын қаржыландыру және жұмысты аяқтау мерзімін қарау тапсырылды.

Орал-Каспий бассейні Волга-Дон және Волга-Балтық каналдары арқылы Қара теңізге, Азов пен Балтық теңіздеріне шыға алады. Сол себепті Орал-Каспий каналының түбін тереңдету қажеттігі туғаны жөнінде сөз қозғалды. Бұл су жолы арқылы Атырау порттары мен Каспий теңізі бассейніне жол ашылған. Орал-Каспий бассейні мұнай мен газды, оларды өңдеуге қажетті құрал-жабдықтарды және басқа да халық шаруашылық жүгін тасымалдауда тиімділік көрсетпек.

Кездесуде Республиканың су көлік жолын одан әрі дамытуға, Қара Ертіс пен Іле өзендерін су жолы ретінде тиімді пайдалануға Қытай - Қазақстан - Ресей транзиттік су дәлізін тездетіп ашуға байланысты құнды ұсыныс, пікірлер ортаға салынды.

Кеңеске қатысушылар Өскемен және Бұқтырма ГЭС-інде болып, шлюздердің жағдайымен танысып, олардың жұмысын көрді.

Шығыс Қазақстан обл.



ЭКОНОМИКА

Өнеркәсіп ілгері басуда

Өткен жарты жылдықта өнеркәсіпте ілгерілеушілік байқалады, -деп хабарлайды республикалық Статистика жөніндегі агенттігі. 2003 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, көрсеткіш Ақмола облысынан басқа (6%-ке төмендеген) барлық өңірлерде, әсіресе, Жамбыл облысында 30,7 процентке жоғарылаған. Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарындағы өсім деңгейі 18,8-14,1 процент аралығында.

Ауыл шаруашылығы. 2004 жылғы қаңтар-маусымда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі республикада 145,9 млрд. теңгеге жетті. Бұл былтырғы тиісті кезеңдегіден 5,2 процентке артық.

Атап өтерлігі, шаруашылықтың қай саласы болмасын, мал мен құс басы көбейген. Өсімді жеке меншік шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары беріп отыр. Ауыл шаруашылық кәсіпорындарында шошқа (3,7%) мен құс (10,2%) саны азайды.

Ет өндірісі көлемі де еліміздің барлық өңірлерінде арта түскен. Мұндағы ең көп өсімге Павлодар облысы (13,4 процент) жеткен.

Сүт өндірісінде дәл осындай көрініс қайталанып, Павлодар өңірі тұрғындары ақты көбірек ағызуда.

Аталмыш мерзімде қоныс тойын тойлау көбейген. Тұрғын үй құрылысы Қарағанды облысында аса белсенділікпен жүргізілуде, онда тұрғын үйлерді іске қосу көлемі былтырғымен салыстырғанда 3,7 есе өскен. Сондай-ақ, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана мен Алматы қалаларындағы қарқын жақсы.

Негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар 516,3 млрд. теңгені құрады, бұл 2003 жылғы тиісті кезеңдегіден 12,1%-ке артық. Инвестиция салу республиканың 12 өңірінде көбейе түскен. Оның ең жоғары деңгейі Астана қаласында (75,2 процент), ең төменгісі Алматы қаласында (5,1 процент) тіркелді.

2004 жылғы маусымда тауарлар мен қызметтер бағасы өткен аймен салыстырғанда Атырау облысы (баға 0,1%-ке төмендеді) мен Астана қаласынан (0,2%-ке) басқа республиканың барлық өңірлерінде өсті. Бұлқынған баға Солтүстік Қазақстан, Ақмола мен Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында біраз жерге барып тоқтаған.

Азық-түлік бағасының өсуі өткен аймен салыстырғанда республиканың 6 өңірінде байқалды. Ал Қостанай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Павлодар, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Астанада төмендегені байқалады.

Азық-түлік емес тауарлардың бағасы өткен аймен салыстырғанда Қазақстанның барлық өңірлерінде өсті. Бағаның ең көп өскен өңірі Ақмола облысы (1,5 процент) болса, ең азы - Атырау, Қостанай және Қызылорда облыстары (0,5 процент).

2004 жылғы маусымда халыққа ақылы қызмет көрсету бағалары мен тарифтері де өткен ай мен салыстырғанда баға өткен ай деңгейінде сақталған Солтүстік Қазақстан облысынан басқа республиканың барлық өңірлерінде өсті. Бағаның ең көп өсуі Қарағанды облысында (1,0%), ең аз өсуі - Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Астана қаласында (0,1%) байқалды.

Еңбек рыногы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2004 жылғы маусымның соңында жұмыссыздар қатарында 143,1 мың адам тіркелген. Олардың экономикалық тұрғыдан белсенді халық санындағы үлесі - 1,9 процент. Өңірлер бөлінісінде бұл көрсеткіш 10 облыста асып түскен. Тіркелген жұмыссыздардың қомақты үлесі Қызылорда (2,7%), Шығыс Қазақстан және Павлодар (2,6%-тен) облыстарында, ең аз үлесі - Астана қаласында (0,9%).

Халықтың ақшалай табысы. 2004 жылғы мамырда халықтың жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысы 12173 теңгені құрады. Республиканың ең жоғары табысты өңірлері - Атырау және Маңғыстау облыстары, оларда табыс орташа республикалық деңгейден, тиісінше, 2,4 және 2,1 есе артық. Жан басына шаққандағы ең төмен ақшалай табыс Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарында байқалды (орташа республикалық көлемнің 53,3%).



ОРДАЛЫ ЖҰРТТЫҢ ОРЫНБАЙЫ

Төлеген ҚАЖЫБАЕВ

Орынбай Шоқанұлы Әлжановты көптен білетін едік. Азаматтың асқақ қалпы бір бөлек, басшы ретінде еңбекті ұйымдастыру шеберлігінің өзі теңдестерінен көш ілгері оздырып тұратындығын танып, білген жайымыз бар еді.

Ертеректе Орынбай басшылық жасаған мал бордақылау кеңшарында Красноармеец ауданы аясынан шығып дүйім облыс таныған сауыншылар мен малшылар, механизаторлар есімдері жиі-жиі ауызға алынып, журналистер ат басын жиі бұратын. Сол тұстағы Теңдік ауылында бір қыста ғана 10 мың бас бордақыға қойылып, мемлекетке сапалы да семіз ет тапсыруда тасы өрге домалағандығын да білетінбіз. Сол Орекең бүгінгі нарықтық қатынастың қыспақты кезеңдерінде де іскерлік танытып, туып-өскен Теңдік ауылының қаймағы бұзылмай, шаңырағы шайқалып, іргесі ірімей аман-сау қалуына қажыр-қайратын жұмсай білді.

Кезінде осы ауылдың абырой атағын асқақтата білген даңқты механизатор СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Одақтық Парламент депутаты болған Ғазиза Кеңесбаева:

- Орынбайдан басқа біреу болғанда Теңдік ауылының жұрты ғана қалатын еді. Ауылымыз ауыл шаруашылығын реформалауда кеткен алғашқы жылдардағы қиғаштықтар кезінде көп қиындықтарды бастан кешті. Инвесторлар айналып өтіп жатты. Әйтсе де Орекең шаруаның қыбын тауып, елді мекенді жұтатпай аман сақтап қалды ғой,-дейді сүйініспен.

Онысы рас. Егістікке 4,5 мың гектар жер, дәл осындай шабындық алқабы бар Теңдік ауылы нелер қиындыққа төтеп берді. Төтеп беріп қана қойған жоқ, кәсіптің жаңа түрлерін игеруге ұмтылыс жасады. Онысы зая да кеткен жоқ.

Мәселен соңғы жылдарда өз астығын өздері өңдеу үшін тәулігіне 15 тонна ұн үгетін диірмен орнатты. Бұл шара көршілес шаруашылықтарының қордаланып қалған астығын ұнға айналдырып беруге жол ашты. Бұл қосымша кіріс көзіне айналды. Сондай-ақ наубайхана жұмыс істейді. Бұл да серіктестік тұрғындарынан артылған нан өнімдерін іргедегі аудан орталығы Тайынша қаласынан бастап, көршілес елді мекендерге күнбе күн өткізуге мүмкіндік беріп отыр.

Орынбай бұлармен де шектеліп қалған жоқ. Ежелгі Теңдік, бұл күнде "Қаратомар" ЖШС аталатын ауылда бұрын-соңды болмаған инкубатор, пима басатын цехтарды іске қосты. Осылардың бәрін жүйелі іске қоса білген жерде табыс көзінің қайнар бұлағы арна тауып кемелдене түсетіндігін Орекең сезіп те, біліп те отыр.

Сонау 1990 жылдары Теңдік ауылының жиырма тұрғыны үйлерін тастап "жерұйық" іздеп көшіп кеткен еді. Ондағы айтатындары: "Теңдіктің басынан бағы тайды, енді ел болмайды!" Орынбай Әлжанов сол үйлерді зиянсынбай серіктестік күшімен сатып алған. Осы тұста әр жерден оралмандар ағылып келе бастағанда Теңдікке табан тірегендерге баспана, жұмыс та табыла кеткен. Қазір сонау Монғолия мен Өзбекстаннан келген қандастарымыз Орынбайдың ордалы елдің ортасынан ойып берген баспанасы, ұсынған жұмысы, яғни ағалық қамқорлығына шексіз разы. Тыңдап көріңіз:

- "Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады",-дегендей, сонау Өзбекстаннан келуін келіп қалсақ та жағдайымыз бола ма, болмай ма деп қатты қысылдық. Әйтсе де Орекең өзімді мұнай базасына орналастырды, әйелім Күләш бастауыш мектепте мұғалім. Көкшетау мемлекеттік университетінде сырттай оқиды. Баспанамыз бар, азық-түлік, отын-сумен қамтамасыз етті. Сауын сиыр берді. Менің жағдайыма қанық кенже інім Сәбит те отбасымен көшіп келді,-дейді Киікбай Балышев.

- Бұл арадағы табысымыз да ойдағыдай. Қыс айларында 10 мың теңгеден алсақ, жаз айларында 200 доллардан айналады. Орекең екі қолға бір жұмыс тауып бердім деп қарап отырмайды. Оралмандардың үйді-үйін аралап, тұрмыс тірлігімізді өз көзімен көреді. Мұқтажымызды қолма-қол шешіп отырады. Іскер басшы екендігін осыдан-ақ байқай беріңіз,-дейді Жалғаз Құлманов.

- Мен де Өзбекстаннан ата жұрт деп келдім. Орекең отын-су, азық-түлікті есептемегенде, бұзаулы сиыр, 25 тауық, балапаны мен 20 үйрек бергізді. Он айда көрсеткен көмегі 83 мың теңгеге жетті. Осындай қамқорлыққа адал еңбекпен қайтарым жасаған жөн емес пе. Әлбетте солай, -деп шегелейді Темірбек Бейсенов.

Міне, "Қаратомар" ЖШС директоры, іскер басшы, абзал азамат Орынбай Әлжановтың игілікті де ізгі қамқорлығына оралмандар осындай жылы лебіз білдіріседі.

Өткен 2002 жылы ауылда елеулі оқиға болды. Орекең бұл өңірде жоқ мешіт үйін тұрғызды. "Кремльдің" қызыл кірпішінен тұрғызылған жасыл күмбезді ғажап мешіт үйі ауылдастарын имандылыққа жол бастап тұрғандай тым салтанатты, тым асқақ қалпымен көңіл қуантады.

- Ауылдастарымның алаңсыз тұрмыс тірлігі мен қатты алаңдатады. Сондықтан серіктестік табысын іскерлікпен жұмсаумен бірге әр отбасының туған топырақта терең тамыр тартып, орнығып қалуын қалаймын. Мәдениет үйінде әжелердің әншілер ансамблін құрдық. Қазір халық ансамблі атанып отыр. Басқа да мәдени шаралар осы арада өріс ашып отыр. Өзімізде тапшылық етіп отырған мамандарды оралмандар есебінен толықтырдық. Сол үшін ғана 1,5 миллион теңге жұмсадым.

Шүкіршілік, ауыл ажары артып, жұрт жүдеушіліктен арыла бастады. Алда жоспар, асқарлы асулар мол. Тек ғұмыр жетсін деңіз. Ойға алғанды орындасақ деген жалғыз тілек үстіндеміз,-деді Орынбай Әлжанов өз ойын түйіндеп.

Біз де іскер азаматтың ойға алғанын орындар, туған ауылын жаңа сапалық белеске көтерер деген үміттеміз.

Солтүстік Қазақстан обл.



Бикештер бел буды

Гүлшат ХАМИТ

Әйел дегеніңіз күрделі жаратылыс. Гүл рәуішті нәзік кейпіне қоса аса күшті мінезі бар. Осы екі қасиет жұп-жұмыр келіп өзара жымдасқанда әйелден тылсым қандай құдірет болмақ. "Диалог" әйелдер бастамасын қолдау ұйымы орталығында өткен дөңгелек үстелге жиналған қыз-келіншектер әйелдер саясатқа белсене араласулары қажет деп санайды.

Аталмыш орталық "ХХІ ғасырға әйел қадамы" жобасын жасап, қоғам талқысына ұсынған. Қазақстандағы АҚШ елшілігінен қолдау тауып, грантқа ие болған жобаның басты мақсаты - қоғамда және билік басында әйел беделін өсіру. Әйтпейінше "әйелдер саясатпен айналыспаса, саясат олармен айналысады" деп санайды. Жобаны жүзеге асыру үшін шаршы топқа сайланып шығуға баулитын мектеп құруды көздеуде.

Әйелдердің саясатқа араласу мәселесі кездейсоқ емес. Әсіресе, алда сайлау келе жатқан мезгілде ол мәселе өткірлене түседі. Білім мен парасатты өзіне серік қып, ХХІ ғасыр қақпасына қаруланып кірген әйел елімізде болып жатқан, алда болатын өзгерістерге бей-жай қарай алмайды. Кейде ол тізгінді ер-азаматпен қатар ұстауға, кейде өз қолына алып, сілкіп қалуға мәжбүр. Солай болуы да заңды. Ер шаңырақ берекесіне бейберекет қарай бастаса, әйел ширыға бастайды. "Жаман еркекті жақсы әйел түзете алады" дейді. Бірақ аталарымыз жаман әйелді түзете алған жақсы еркек туралы айтпайды.

Әйелдер қоғамда алар өз орнын өткір сезінуі керек. Сезініп те отыр. Тек оларды бастап жолға түсірер нақты іс қимылдар жоспары болуы және белсенді әрекетке тәрбиелейтін мектептер керек. "ХХІ ғасырға әйел қадамы" жобасын іске асыруға ынталы топ құрамында әрекет етпек әйелдеріміздің бірі, ЖезУ-дің жалпы қоғамдық тарих кафедрасының аға оқытушысы Жезқазғандағы әйелдерге арналған саяси көшбасшылық мектептің жетекшісі Надежда Дискенова; "Сайлауға түсуге лайық әйелді табуымыз керек, оны қолдап, қайрап, қолтықтан демегеніміз жөн. Ел сөзін жеріне жеткізіп айта алатын, билікке лайық әйелдеріміз бар. Тек әйелдік "әлсіздік" танытып, оларды қызғанбайықшы" деуі әйелдерге сын.

Алайда әйелдеріміздің көбі әлі ас үйде күйбендеумен жүр. Көп әйел тәтті бәліштер мен ыстық түшпарасын дәмділеп пісіргені үшін күйеуінен алғыс алуды ғана өзіне мәртебе санайды. Шындығына келгенде бәліш пісіріп тұрып та сайлау туралы жоғары ойлауға, сайлауға және сайлануға болады. Тек ас үйдегі әлеуметтік жағдайдың жоғары деңгейге көтерілуі, ең бірінші, сол әйелдің жоғарыға қоятын өткір талаптарына байланысты екендігін әйел ұмыптауы керек.Орталық саулау комитетінің өкілдері дауыс берушілер санының соңғы уақыттарда 32 пайызға кемігенін айтып, аландап отыр. Сайлау әділ өтеді дегенге қанша сенімсіздік білдірсек те, үйде отырып күл шашқаннан гөрі, өз үнімізді сайлауда білдіргеніміз жөн. Осындайда Мүсіреповтің "Әйел тұрмай, еркек оянбайды" деген сөзі еске түседі.

Бұл тұрғыдағы ойын қала әкімдігі аппаратының қызметкері Галина Полякова былайша білдіреді: "Еркек - бас, әйел - мойын". Әйел қайда қараса, ер сонда бұрылады. Сайлаушылардың бір кісідей болып сайлауға қатысуы - әйелдердің қолында. Әйел шын қаласа, күйеуін сайлауда дауыс беруге ертіп келе алады. "Әйел нені қаласа, құдайда соны қалап тұрады", - дейді француз мақалы.

Дөнгелек үстелде бас қосқан әйелдер сайлауда қалай қимылдаудың бір үлгісін мысал ретінде айтты.

Дөңгелек үстел әйелді саясат әлеміне тарту мәселесін сөз етті. Кезең-кезеңмен іске асуы тиіс міндеттер бар. Белгіленіп отырған конференция осы жұмыстардың қорытындысын сараптайды.

Жезқазған қаласы



"Қарлығаштың" қанаты қатайып келедi

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЕВ, журналист

Жаңа жер кодексін зерделей түсініп, белді бекем буып іске кіріскендер шүкір ауыл-ауылда көптеп шығып жатыр. Биыл ғана құрылған "Қарлығаш" шаруа қожалығында әзірге өз жер үлестерін біріктірген 18 адам еңбек етеді. Қарбыз өсіріп жатқан алқап көлемі -18 гектар. Азырқанатыны жоқ, өсіргендері жай қарбыз емес, "американдық" аталатын жаңа сорты. Онда да жылыжай әдісін қолдана отырып, өсіруді осы жерде бірінші болып енгізіп отыр.

Жақсы күтім көрген, құс саңғырығымен тыңайтылған жер жомарт келеді. Пісуі жеткен қарбыз ересек адамның құшағын толтырарлық. Дәмі де ерекше.

Қожалық басшысы Ізетилла Әбдезимов те, қалған мүшелері де бұған дейін құс фабикасында жұмыс істегендер. Қарбыз өсіруді ешқандай несие алмай-ақ өз күштерімен қолға алған. Әрі үкімет тарапынан ағын суға, жанар-жағар майға жасалған жеңілдіктер де жас қожалықтың тез еңсе тіктеуіне көмектесті.

Қазір осы өнім пісіп қалаға жөнелтіле бастады. Тұтынушылар сұранысын зерттеу мақсатында Тараз ғана емес, Алматы, Астанаға да жөнелту ойларында бар. Әрі науқан кезінде қожалық 30-40 адамды жалдап, ауылдағы талай отбасыға күнелтіс көзін тауып та бергелі отыр. Аймақтарда болып, егін орағының жай күйімен жете танысып жүрген Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрі Серік Үмбетов облыста болған кезінде "Қарлығаш" шаруа қожалығына да ат ізін салды. Істерімен танысты. Шаруалармен емен-жарқын әңгімелесті. Ең алдымен қарбыздың жаңа сортын өсіруді үйреніп жатқандықтарын құптайтынын айтты. Шаруалардың жерге нағыз қожайын болып отырғандарына ризашылық білдірді.

Қала іргесіндегі Байзақ ауданында "Қарлығаш" шаруа қожалығы жалғыз-жарым емес. Жер тырмалап, әрекеттеніп жатқандар саны өсіп келеді. Айталық биылғы бірінші шілдедегі жағдай бойынша аудандағы шаруа қожалықтарының саны 2039-ға жеткен. Оларда барлығы 12014 адам еңбек етеді.

Қазір шаруа қожалықтары экономикалық тиімділігі жоғары, өтімді өнімдер алынатын дақылдарды өсіруге ден қоя бастады.

Ауданда 2002 жылы облыста бірінші болып Байзақ ауылдық несиелік серіктестігі құрылған еді. Қазір табысты жұмыс істейтін 35 шаруа қожалығы осы серіктестіктің құрылтайшысы болып табылады.

Сөйтіп қара көбейтіп келе жатқаны шаруалардың жетістікпен жұмыс істеп келе жатқанын айғақтайды.

Жамбыл обл.



"Дастарханның" дәмін-ай!

"Дастархан" ЖШС-нің дайындаған өнімдері тек облыс көлеміне ғана емес, одан да тысқары жерлерге кеңінен танымал. Ұжымды ұйымдастырушы және кулинарлар мен аспаздарды басқарушы жеке кәсіпкер Елена Машинская болса, берісі облыстан бастап Ресейге дейін танымал.Бұлардың қолынан шыққан дәмді торттар мен тоқаштар және көптеген кулинарлық тәтті тағамдар облыс орталығының көптеген супермаркет, мейрамхана, дәмханаларынан бастап өзге де дүкендер мен мектеп асханаларына дейін орын алған.Сонымен қатар сырттан келіп, бұл жақтағы қонақжай дастархандардың көпшілігінен дәм татқандардың дерлігі тіл үйірер осы серіктестіктің тағамдарына ризашылықтарын білдіріп жатады.

Егерде сапалы, дәмді тоқаштардың неше атасы мен торттарға зауқыңыз соқса "Дастарханға" тапсырыс берсеңіз өкінбейсіз. Көпшілік қауым жиналатын қай-қай қонақасы мәзіріне де бұл өнімдер лайықты.Бұл жетістіктер әрине пісіруші шебер Шынар Кәкімова, өндіріс басқарушысы Әсем Доспаева және технолог Татьяна Максимова (суреттегілер)секілді бесаспап мамандардың іскерлігі мен шеберлігінің арқасы.

Кокшетау қаласы



АТАКӘСІП

Шебердің сыры

Арман ӘМЕН

Кеңсесінің кіре берісінен көзге шалынатыны, төрге ойысар тұсындағы қапталында қазақтың қайқыбас ағаш төсегі тұр.Әкесінің қолынан өткен, қазіргі күнде көзіндей боп қалған бұл дүние осы шаңырақтың киесіндей болар сірә...

Ерте заманда жұт болып, бір шалдың жеті бірдей ұлы опат болады. Сонда заманына күйінген әлгі шал ішкі зарын тиегінің орнына жеті асық қойып, жеті қылдан тартқан аспап жетігенді ойлап тауып сонымен жеткізген дейді. Кейінгі жетілген түрінде 13 шекке дейін бар. Мұнан кейін көзге шалынатыны жарты бетін ешкінің терісімен қаптап, қайыңның безінен ойған, баяғыдағы бар дүниенің жын-шайтанын бағындырған бақсылардың бөгденің қолын тигізбейтін қасиетті аспабы табиғи қылқобыз. Ысқышы мен шегін әлді аттардың тірі кезінде салалап кесіп алған қылынан жасаған. Одан әрі таутекенің сүйегін құрыммен тыстап қайыстан неше өрген қамшылар тұр. "Шайт-шайттап" қой қайыратын, егіннен шегіртке қуатын сақпан, асатаяқ... Оған жалғас тұрмысқа қажет қазақы қолөнер бұйымдары, күбі, тостаған, астау т.б. бар.

- Ақынмын деп мен қалай айта аламын,

Халқымның өзі айтқанын қайталадым.

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын, - депті ғой Мұқағали ақын. Сол айтқандай домбыра, қобыз сияқты дүниелердің қай уақытта, кімнің ойлап тапқанын зерттегенім жоқ. Бірақ қазағымның өз дүниесін бүгінгідей заманда өзіне қайта таныстырып көрсету ғана ғой біздікі,-дейді "Ханым және балалары" жеке меншік шағын серіктестігінің иесі, орта жастағы жігіт ағасы Сәкен Болысов.

- Кейбіреулер құсап кәсіпкерлікпен айналысқан соң нан пісіріп, кірпіш құйып, темірден түрлі дүниелер жасап та нәпақа теруге болар. Ағашпен айналысқан соң қазіргі сұраныстағы есік, терезе жасап, болмаса дәл осы Астанада тұрып түрлі шетелдік мәнердегі жиһаздар жасап мол табыс табуға болар еді. Бірақ менің мақсатым, арманым - ұлттық қолөнерді дамыту. Біреуден кем болсам да қазақы дәстүрдің арбасын сүйреу мен үшін бақыт, -дейді ол әңгімесін әрі жалғап. Серіктестіктің "Ханым" аталуы шешесінің атына орайлас қойылған екен. Ол кісі де әжесі Мәлике де он саусағынан өнері тамған адамдар. Әжесінің қолынан шыққан киіз үйдің ішкі жасаулары: басқұр, текемет, сырмақ, желбау секілді талай дүниелер Алматыдағы орталық мұражайда сақтаулы тұр. Ата дәстүрін бұлжытпай сақтаушы бұл шаңырақтың кейінгі ізбасарлары Сәкеннің Ерасыл, Әнел атты екі перзенті де үлкендердің тәрбиесін көрген , қанынан тартып қазақи ғұрыпқа бейімделіп өсіп келеді. Екеуі де өнерге құмар. Домбыра шерткенде құлағын тістеп отыратын қазақтың балалары ғой. Бар нәрсенің бастауы балалық шақтан басталады емес пе?! Олар айтқаныңды ұғып, тез үйренгіш. Сол себептен де ата дәстүрін, салтын, өнерін, тілін, ділін кішкене кезінен санасына сіңіру керек дейтін Сәкеннің осы орайдағы алдағы мақсаттарының бірі, киіз үйдің кішкене түрін құрастыру. Ол ойын бейнелегенде "үй" ойнаған бірнеше балалардың ұйымдасуын яғни уық тіреп, бақан ұстап шаңырақ көтерудің тәрбиелік мәні бар, әрі ата дәстүрін сәби кезінен санасына сіңіріп өсірген баланың рухы да, қазақи дүниетанымы да кеңейе түсері сөзсіз, дейді.

"Осындай кішкентай киіз үйді, шағын домбыра, қобыз секілді аспаптарды бала-бақшаларда пайдаланса, қаладағы олар да тарихынан хабардар болып, ауылға бір табан жақындай түсер еді. Әйтпесе, қазіргі балалардың ойыншығын көріп қарның ашады. Тек картон қағаздардан ойылған домбыраның сұлбасы ғана. Оның не әсері бар. Тек шын дүние ғана шынайы тәрбие береді емес пе?! Осы ретте балалар лагерінде қазақы этноауыл құрып, соған қарап тәрбие беріп "босағада тұрма", "төрге шықпа" дейтін тиым сөздерді санасына сіңіре берсе, баланың тәрбиесі, отбасы, отаншылдық дүниетанымы кеңейе түсері сөзсіз. Онан кейінгі бір мәселе шетелден келген туристерге болмаса Наурыз сияқты мерекелерде ұялмай-ақ мынау қазақтың үйі деп қожалақ киіз үйді көрсетеміз. Сонда біз мәдениеттен, тазалықтан жұрдай болып шыққанымыз ғой. Оның ішінде киіз үйдің әрбір заты, әр жасауы, ішіндегі дүниесінің әр қайсысының өз орны бар емес пе, ол қайда қалады?!.

Оның тағы бір айтатыны: "қазір құрылысы қызып тұрған қаланың өзінде жұмыс берушілердің жарытымды жалақы төлеп жатқандары шамалы. Тас көтеріп, лай араластырған қара жұмыстың нәпақасы нан табуға ғана жетеді. Ал, біздің жұмысқа адам жетіспейді. Жан қинайтын да нәрсе емес. Сол қара жұмыста талайлар денсаулығын құртып мүгедек болады. Ал, өнер шын ниет қойса үйренсе мүгедектің де қолынан келеді ғой. Тек үйрене білу керек. Ынта қойса, кез-келгеннің қолынан келетін нәрсе. Үйретуге де әзірміз" - дейді ол. Басқа ел бәсеке болады деп істеген ісін құпия сақтайтын болса, ол қайта қазақта осындай өнерлілер көп болсын дейді.

Ағаштан түйін түйген кәсіпкердің ата-баба дәстүрін адалдықпен дамытқан ісіне қарап, осы кәсіпкерлік дегеннің өзі сол тарихпен бірге жасап келе жатқан бізге жат, таңсық дүние емес екеніне көз жеткізгендей болдық.

Астана қаласы



Бауырдың жөні бір бөлек

Шілденің орта шенінде Түркиядағы қазақ бауырларымыз Салихлы қаласынан тұрақ тапқандарының 50 жылдығын тойлады. Ондағы мақсат - осыдан жарты ғасыр бұрын, тағдырдың тәлкегімен туған жерінен алыста өмір сүруге мәжбүр болып, кейіннен Түркияға көшіп келген қазақтарды құшақ жая қарсы алып, баспана беріп, жұмыспен қамтамасыз еткен бауырлас Түркия үкіметі мен халқына алғыс білдіру, кейінгі ұрпаққа осы тарихи оқиғаны паш ету.

Бұл шараға Қазақстан Елшілігі мен Түркияда тұрып жатқан қазақ диаспорасының өкілдері, Түркия Үкіметінің жоғары лауазымды басшылары, Парламент депутаттары және жергілікті әкімшілік басшылары шақырылды. Мерекелік концерт болып, онда Көкшетау қаласынан келген "16 қыз" би тобы мен "Кербез сұлу" фольклорлық ән-күй топтары өнер көрсетті. Осы орайда, елшілік тарапынан Салихлыдағы қандастарымызға көмек ретінде және олардың өтініштері бойынша Қазақстан жөнінде кітапшалар бөлініп, елшілік атынан аталмыш мерекелік шараларға қатысқан жергілікті әкімшілік басшылары мен депутаттарға естелік ретінде Қазақстан жайлы кітаптар мен сыйлықтар тапсырылды. Атап айтқанда, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Сындарлы он жыл" кітабының түрікше аудармасы, "Қазақстан аймақтары" сынды елтану кітап пен қазақ халқының ұлы тұлғаларының суреттері бейнеленген кілемшелер табыс етілді. Елшілік тарапынан қазақ диаспорасы өкілдеріне Қазақстанда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және мәдени жаңалықтар мен еліміздің 12 жылдағы табыстары жайлы қысқаша ақпараттар берілді.

Өз кезектерінде, Түркияның "Қазақ түрктері қоры" төрағасы Дәуріш Қылыш Президент Н. Назарбаевтың шет жерде жүрген және атажұртына оралған қазақтарға жүргізіп отырған қамқоршы саясатын атап өтіп, Қазақстанның болашақта одан әрі көркейе беруіне тілектестігін білдірді.



Әкімдерге салмақ артты

Жанат ЗИЯШҰЛЫ

Павлодар өңіріндегі 27 ауыл аумағының әкімдері су жаңа көліктерге мінді. Кілтті облыс әкімі Қайрат Нұрпейісов тапсырып тұрып, оларға "әкім бол, халқыңа жақын бол" деп баса тапсырды. Бұл облыстық "Ауыл аумақтарын дамыту" бағдарламасына сәйкес жасалған шара. Әр қайсының құны 600 мың теңге тұратын көлікке қаржыны облыс бюджеті бөлді.

2004-2010 жылдарға шақталған аталмыш бағдарламаны екі кезеңде іске асыру көзделуде. Алғашқы кезеңді қаржыландыруға 15,5 млрд. теңге қажет етіледі. Соның ішінде 10,2 млрд. теңгесі республика бюджетінен бөлінбекші. Осы мерзім ішінде өндірістің өсуіне, ауылдағы экономикалық қызмет ауқымының кеңеюіне, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына қол жеткізілуге тиіс.

Алдағы екі жылда ауыл шаруашылық өндірісін ұлғайтуға және ауылдағы экономикалық саланы кеңейтуге 6,9 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Егер жоспар жүзеге асқан күнде 5,3 мың адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.



Уақыт белдеулерін белгіледі

Бұдан былай еліміз аумағында уақыттың бұрынғыдай үш белдеуі емес, екі белдеуі қолданылатын болады. Жақында Үкімет осыған байланысты арнаулы қаулы қабылдады. Республика аумағы Гринвич өлшемімен төртінші және бесінші сағаттық белдеулерінде орналасқан. Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша сағат белдеулері Ақтөбе облысының шығыс шекарасымен өтеді.

Енді республиканың орталық, солтүстік, оңтүстік және шығыс аумақтарындағы уақыт Астанамен дәлме-дәл болса, батыс өңірдегі уақыт Астанадағыдан 2 сағатқа кейін шегерілмекші.

Бұған дейін үш түрлі сағат айырмашылығы болғанын жоғарыда атап өттік. Атап айтқанда, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе облыстары Астана уақытынан бір сағатқа кейін болып келген. Алайда күннің ұзақтығын аталмыш аймақтар тиімді пайдаланбағанға ұқсайды. Қостанай, Қызылорда облыстарында әкімшілік жұмыстарды жеңілдету үшін Астана уақыты қолданылды деуге болады.

Енді уақыт есебін түйістіру үшін биылғы жылы Қостанай, Қызылорда облыстары қысқы уақытқа көшпейді. Ал, Ақтөбе облысы келер жылы жазғы уақытқа көшірілмейді.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ


    ������...           

Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"