Так выглядят сверстанные полосы вкладыша: |
|
|
|
13-я полоса |
14-я полоса |
15-я полоса |
Қыркүйектің 30-ы Қазақстан Республикасы Конституциясы күні
Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан бірыңғай және тең болып табылады. (10-бап, 1-тармақ)
Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады. (12-бап, 4-тармақ)
ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАҢДАУ СЕБЕБІМ,
ұрпағымның болашағын ойладым
Құрмет Нұрсұлтанұлы
Елге ел қосылса құт дейді дана халқымыз. Егемендікке қол жеткеннен бері алыс-жақын шет елдегі қандастарымыз атажұртқа оралуда. Сонымен қатар қазақ топырағына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шетел азаматы да Қазақстанды тұрғылықты жері ретінде таңдап отыр. Ол өзім білетін монғол жігіті Басанжав. Қазір ол Теміртау қаласында тұрып жатыр.
Монғолияның Дирхан қаласында туып-өскен ол қазақтар үдере көшкен кезде соларға ілесіп, отбасын бірге ала келген көрінеді. Туған жерінде басын сиғыза алмады деуге тағы болмайды, әжептәуір қызметі, сыйлас ортасы болған. Жұбайының аты Нэргүй, екі баласы қазақ мектебінде білім алуда. Жақында көптен көңілді қытықтаған "Қазақстанға келу себебің не" деген сауалды Басанжавқа қоюдың реті келді.
- Жарайды біз болсақ атажұртымызға оралдық. Ал, сенің бөтен ел, бөтен жұртты таңдау себебің не?
- Рас, менің ата-жұртым Монғолия. Ағайын-туыстың бәрі сол жақта қалды. Ол жақта жаман тұрғаным жоқ. Астымда шет ел көлігі, өзіме жетер дәулетім болды. Ешкім маған кет деген жоқ. Керісінше, Қазақстанға көшемін дегенде барлығы қарсы болды. Туған елімнің азаматтығынан шығу да ауырға соқты. Дегенмен, жолын таптым.
- Осының бәріне түрткі толған себеп, екі баламның болашағын ойладым. Олардың жақсы білім алуы үшін шет елге шығу қажет болды. Содан жұбайыммен ақылдаса отырып Қазақстанды таңдадым. Қазақ жұрты маған басқа елдерден жақын. Өйткені, менің туып-өскен қаламда қазақтар көп болды. Олармен етене араласып жүрдім. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң қазақтар ата-жұртына кете бастағанда көңілім құлазып, олардың орны үңірейіп қалғанын несіне жасырайын. Олармен қол үзбей қатынасып жүрдім. Достарымның барып-келіп жүргендегі әңгімелерінен Қазақстанның бүгінгі жай-күйі мен болашағы жөнінде нақты мағлұмат алдым. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған ашық, бауырмал саясаты көңіліме қонды. Қазақпен қатар басқа ұлттардың өсіп-өркендеуіне кепілдік беріп отырған Атазаңдарыңыз ғой. Ел деп таңдап келген соң осы халықпен бірге ыстығына күйіп, суығына тоңуға бақұлмын. Бір кездері орысты, кәрісті, немісті де бауырына басқан қазақ мені жатырқамас деген оймен тәуекелге бел будым.
Басанжавтың айтуына қарағанда, алғашқы кездегідей емес, қазір тұрмыстары қалпына келіп қалған. Өзі жүргізуші, жоғарғы білімді келіншегі мұғалім болып жұмысқа орналасқан. Бұрынғы жора-жолдастарымен қауышып, оның үстіне осы арадан жаңа тамыр-таныстар тапқан. Қазақ бала-бақшасы мен қазақ мектебіне берген балаларын қазақтың қара домалағынан айыра алмайсың. Тілді жақсы меңгерген олар кейде әке-шешесіне аудармашы міндетін атқаратын көрінеді. Жұбайы да қазақшаға әжептәуір төселіп қалған.
Басанжавтың ендігі мақсаты - Қазақстан азаматтығына қол жеткізу.
- Ұлтым монғол болғандықтан осы елдің азаматтығын алу қиын. Үмітсіз шайтан деген, амандық болса оның да реті келер деген ойдамын,-деп ол ағынан жарылды.
Өзге жұртты жатырқамай бауырына басқан қазақтың қасиетті жері әлі де ақ ниетті адамдарды қызықтырып, өзіне тартатынына күмән жоқ. Тек қана осы елім, жерімде тыныштық болсын. Мен онымен көп ұлтты елімнің үлкен бір арнасын тағы бір ұлт өкілінің шаңырағы толықтырғаны бізге құт-береке әкелсін деген тілек айтып қоштастым.
Теміртау қаласы
АИСТ-қа ақжол тіледі
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, тамыздың 6-ында Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісіне АИСТ блогынан партиялық тізім бойынша үміткерлерді тіркеген соң, Астанадағы "Бәйтерек" кешені түбінде Аграрлық және Азаматтық партия басшылары Ромин Мадинов пен Азат Перуашов аузы дуалы ақсақалдардың ақ батасын алған болатын. "Бәйтерек" түбінен сәлемдеме алып аттанған жігіттер оны республика аймақтарына таратты.
Аталмыш шаралар өткен демалыс күндері Алматы, Талдықорған, Қостанай қалаларында өтті. Болашақ депутаттарды сайлаушылар шашу шашып қарсы алды. Ел сыйлайтын үлкендер АИСТ блогына сайлау барысында ақ жол тілеп, мерейлерің үстем шықсын деп баталарын берді. 70-ші жылдардан бері тыңдаушы санасынан берік орын алған, блоктың әнұраны ретінде қалыптасқан "Аист на крыше" өлеңімен аспанға "АИСТ" белгісімен шарлар ұшырылды.
БІЛІМ КҮНІ
Жаңа оқу жылына - жаңа мектептер
Арман ӘМЕН
Биылғы Білім күнінде оқушыларды жақсы тарту күтіп тұр. Республикамызда 15 жаңа мектеп (Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар облыстары, Қызылорда, Алматы қалаларында) пайдалануға беріледі.
Астанада жаңа оқу жылының басталуына орай өткен баспасөз мәслихатында білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидинова жаңа оқу жылының жаңалықтарынан құлағдар етті.
Қыркүйектің 1-інде елімізде 227,9 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттамақ. Жоғарыда аталған жаңа мектептерде енді тоғыз мың оқушы білім алатын болады. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында 100 орынға шақталған жаңа интернат шәкірттер қабылдауға дайын.
Облыстық білім беру басқармаларының мәліметтеріне қарағанда, оқу жылының басталуына орай білім ошақтарының 97 процентіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қалғанындағы жұмыстар жылыту маусымы басталғанша аяқталмақ. Жергілікті бюджеттерден күрделі жөндеуге бес миллиард теңгеге жақын қаржы бөлінген.
Қыруар ақша бөлінгенімен мектептердің барлығын қысқа сақадай сай деуге тағы болмайды. Вице-министр:
- Аймақтар арасында тек Солүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы жағдай өзгелерінен анағұрлым жақсы. Басқа өңірлердегі білім ошақтары жылу беру маусымына 25-30 процент көлемінде ғана дайын,-деді.
Министрлік өкілі суық түскенше мектептердің қысқа дайын болатынына сендірді.
Астана қаласы
Орақ салдық егінге
Биылғы егінге орақ Қостанайда әдеттегіден екі жетіге ерте түсті. Әу баста мамандар бұл аймақтағы астық шығымдылығы гектарынан 10-12 центнерден болады деп үміттенген-ді.
- Алайда,-дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, қазір гектар түсімі орта есеппен 7,7 центнерден келіп отыр.
Бүгінде облыста 3,5 миллион гектар егістіктің 1,238 миллионы орылған. Бастырылған алқап көлемі 1,226 миллион га. Қуантарлығы, астықтың сапасы жақсы әрі ылғалдылығы төмен, қамырлығы 25-30 процентті құрайды.
Ақмола облысының диқандары 3,602 мың гектар егістің әзірге 620,2 мыңын орып үлгерген. Бұл жалпы егістік көлемінің 17 проценті ғана екенін ескерсек, шаруа қауымы үшін алдағы жұмыстың әлі де шаш-етектен келетінін көреміз. Сонымен қатар, мұнда 517,4 мың гектардың астығы бастырылған. Егістің әр гектарынан 6,7 центнерден өнім жиналуда.
Астықты екі облыстағы жағдай осындай. Бұл жаз басындағы құрғақшылықтың салдары екені белгілі. Диқандар осы ризыққа тәубе деп, соны шашпай-төкпей жинап алсақ дейді. Өйтпейінше, ашық күндердің биылғы күзде аз болатынын сәуегейлер алдын ала ескерткен.
МЕЗГІЛ МӘСЕЛЕСІ
Латын жазуы маңызға ие
Қанат ТОҚАБАЕВ
Қазақстанда латын жазуына көшу мәселесі қойылғанына биыл 11-ші жылға аяқ басты. Оған көшудің қандай қажеттілігі бар? Ең алдымен біз тарихқа жүгінейік.1926 жылы Бакуде өткен бірінші туркологиялық съезде бірқатар түркі мемлекеттері латын жазуына көшу туралы шешім қабылдаған болатын. Ал, ол кезде Түркия, Шығыс Түркістан мемлекеттерінен басқа түркі халықтарының көпшілігі кеңес одағының құрамында еді. Сол жылдары түріктер араб жазуларын пайдаланатын. Съезд шешіміне сай Түркия басшысы Мұстафа Кемал Ататүрік: "Біз түркілерден бөлініп қалғымыз келмейді. Тіл, жазу - түркілердің ортақ қазынасы. Біз бір жазуға көшу арқылы ортақ мәдениетімізді қалыптастырамыз деп ғасырлар бойы қолданып келген араб жазуынан бас тартып, латынға көшкен болатын. Біздің еліміз де 1926-40 жылдары латын жазуымен іс жүргізген. Ал, 40-шы жылы ойына алғанын орындатпай қоймайтын кеңес басшылары өктемдік көрсету арқылы ешқандай пікірлерді ескермей құрамындағы түркі халықтарының бәріне кириллицаны қабылдатқызды. Сөйтіп, аттай 60 жыл бойы рухани және басқа да құндылықтар осы жазу арқылы жасалып, түбі - бір түркілердің рухани бірлігі бір-бірінен ажырай берді. Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін, 1993-ші жылы Түркияның Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Анкарада тәуелсіз Түркі мемлекеттері мамандарының мәслихаты өтті. Оған Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Түрікменстанның өкілдері қатысты. Онда да күн тәртібіне қойылған мәселе - Түркі халықтарының латын жазуына көшуі болатын. Түркі жұрттарының ішінде тек Түркия ғана латын жазуын қолданатын. Ал, 1994 жылы Түркияның Анталия қаласында түркі елдері ғалымдарының кезекті мәслихаты өтті. Онда тағы да бірқатар мәселелермен қоса күллі түркі жұртының латын жазуына көшуі тағы да сөз болды. Бұған қатысушылар бірауыздан түркі халықтарының латын әліпбиіне өтуін қолдады. Жеке мемлекеттердің тілдік ерекшеліктері мен басқа да факторлары ескеріліп, әр ұлт аталған жазуға қашан көшетінін өздері шешеді деген тұжырым жасалды. Содан бері 10 жыл өтті.
Бүгіндері Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырым татарлары мен гагауздар латын жазуына көшті. Татарстан өтуге дайындық жасауда. Қалғаны Қазақстан мен Қырғызстан ғана.
Мінеки, бір-бірінен ажырап бара жатқан түбі бір түркі жұрты, бірін-бірі латын қарпі аясында тауып, бірігуді табанды түрде жолға қойып жатыр. Сондықтан бізде латын жазуын түркі жұрттарын біріктіретін тіл деп танып, өзгелерден қалыс қалмауды ойлағанымыз жөн сияқты. Түркиядағы мәслихаттардың бірінде Сүлеймен Демирел қоғам дамуына орай туатын қажеттіліктерден ортақ мәдениетті қалыптастыру үшін уақыт өте келе, орыс және өзге де славян ұлттары криллицадан латынға өтуі мүмкін деген ой айтқан еді. Бұл пікір әлі де өз мәнін жойған жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын маңызы артуда.
Қазақстанда латын жазуына көшу туралы сан түрлі көзқарастар қалыптасқан. Бір топ латыннан гөрі көне орхон-енесей жазуын қолданысқа енгізгенін дұрыс дейді. Енді бірі кириллицада қала берейік, осы әліпби арқылы сауатымыз ашылды, басқа жазудың қажеті жоқ деген пікір білдіруде. Үшінші топ араб қаріпін төте жазуды таңдағанды жөн көреді.
Бұл күнде әлемде 30-ға жуық түркі халықтары тіршілік етіп жатыр. Әр қайсысы өз тілінде сөйлеп, жазып белгілі бір деңгейде мәдениетін дамытуда. Солардың ішінде біздің ұлт та бар. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтар әлемнің 48 мемлекетінде тұрады. Ол қандастарымызды да тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі аяқ алысымен дамуының әрбір жаңалығы елеңдетері анық. Алайда түрлі себептермен сырттағы қазақтар криллица қарпімен ана тіліндегі жазылған дүниелерді оқи алмайды. Сондықтан да мәселенің мәнін жіті ұғып осы істі қолға алу арқылы дүниежүзі қазақтарының ақпарат кеңістігіндегі рухани бірлігін нығайта түсу үстінде бұл бағыт бізге қажет.
Биылғы жылдың сәуір айынан бері профессор Әбдуәли Қайдар жасаған нұсқа бойынша "Қазақ ақпарат агенттігі" Ұлттық компаниясы мемлекеттік тілде дайындалған өз ақпараттарын шетелдерде тұратын қазақ жұртшылығына арнап, латын жазуымен таратуды қолға алған болатын.
Қазақстанда бұл жоба ресми түрде тіркелген жоқ. Дегенмен де мұнда бір ғана мақсат - елден жырақта жүрген бауырларды атамекенде болып жатқан түрлі жаңалықтармен күнделікті таныстырып, олардың ақпараттық қажеттіліктерін өтеуді көздейді. Мұны көптеген саясаткерлер құптап отыр. Шетелдегі қазақтардың еліміздің жаңалықтарын әлемнің кез келген нүктесінде кідіріссіз оқылып жатқаны жөнінде қуанышты хабарлар толассыз түсуде. Елбасымыз көтерген бұл мәселені зерттеп, 2007 жылы республикамыз латын әрпіне ауысуы мүмкін деген хабар тараған болатын.
Астана қаласы
БАСҚА ШАПҚАН ТIС АУРУЫ
Серік САҒЫНТАЙ
Еліміздегі медицина саласына 90-шы жылдардың соңын ала жүргізілген реформалар нәтижесінде құрылған Міндетті медициналық сақтандыру қорларының (ФОМС) әуре-сарсаңы жұртшылықтың әлі есінде. Миллиондаған адамнан жинаған қомақты қаржыны қалтасына басып, тайып отырған ФОМС басшылары сол кездері тек жекелеген жандарды ғана емес кеңес кезеңінде тиянақты жұмыс істеп, қайта құру "құйынынан" әупірімдеп аман қалған медицина мекемелерін де алдап, ауыздарын айға қаратып кетті. Иә, өткенді қозғағанмен одан келер пайда шамалы...
Қарағанды облысының Балқаш қаласында ФОМС-тың кесірінен банкротқа ұшырап, тақырға отырып қалған мекемелердің бірі қалалық тіс емдеу емханасы еді. Бұрын қаладағы орталық мекеме болған емхана қызметкерлеріне де, басқа міндетті төлемдер жинайтын құзырлы орындарға да қарыздар болып, жұмысын тоқтатқан-тұғын. Тиісті алашағын даулап алғандар жөндеріне кетті, қаншама жыл осы салада қызмет атқарған мамандар енді өз алдына жеке-жеке отау құрып, шағын тіс емдеу бөлмелерін аша бастады. Ал, өңге мамандар дағдарып қалған сәтте бұған дейін балалар тісін емдеу бөлімінің меңгерушісі Бақыт Бегімбаева бас болып, бір топ дәрігер "Балқаш-Стоматология" жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Бұл 2000 жыл болатын. Одақ кезінде жүз қаралы адам жұмыс істеген үлкен орталық тығырыққа тірелген соң, осында қалған мамандар ақылдаса отырып, алашақ жалақылары есебінен мекеме мүлкін жекешелендіріп, үлеске салып, үлкен ғимаратты, емхана базасын сақтап қалады.
- Қазіргі таңда бюджетке төленетін міндетті алым-салыққа да, қызметкерлерге де еш берешегіміз жоқ. Қалада тіс емдеу бөлмелері жетерлік. Бұл кәсіби бәсеке бар деген сөз. Ал, өзара бәсекеде озу үшін сапалы қызмет көрсету керек. Біздің өзге әріптестерімізден артықшылығымыз, бұрын тұрақты жұмыс жүргізіп келген балалар тісін емдеу бөлімін сақтап қалдық. Үкіметтің қаулы-қараларына сәйкес, тендер талаптарына сай қаладағы мектептердің оқушыларына нақты көмек бере алатын бірден-бір мүмкіндігі бар емхана біздің серіктестік дей аламын. Сонымен қатар, қарттарға да көмек көрсетеміз, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 30 проценттік жеңілдігіміз бар, - дейді серіктестік директоры Б. Бегімбаеваның өзі.
Серіктестікте 18 жасқа дейінгі жеткіншектерге және балалар тісін емдеумен қатар, осы аймақтағы жалғыз ортодонт - балалар тісін протездеуші Қаныш Ысқақов сынды білікті маман қызмет етеді екен. Тіс салу бөлімі алдынан әрдайым кезегін күткен жандарды көресіз. Қолы жеңіл, білгір маманның бағасын білетін сынды жұрт.
- Мемлекеттік тапсырыс бойынша бір адамға қызмет көрсету үшін небары 135 теңге бөлінеді. Бұл ескі бағам. Ал, қазіргі дәрі-дәрмек өте қымбат. Себебі, барлығы шетелден әкелінеді. Қазақстанда тіс емдеуге арналған дәрілер, түрлі қоспалар, жасанды тістерді бекітетін цемент түгілі, қарапайым шприц те шығарылмайды. Ал, бір адамға бөлінген әлгі қаражатпен бір тісті де емдей алмайсыз. Қазір тұрғындар арасында тістері ауратындар өте көп. Адамдар тісі әбден сынып-шіріп, тұқылы ғана қалғанша жүре береді, қызыл иегі ісініп, ет арасына ірің жиналып, ауруы асқынып, жанына батқанда ғана келеді. Қазіргі тағамдар құрамында түрлі қоспалардың көптігі, судың құрамында ағзаға керекті тұздар баламасының әрдайым өзгерісте болуы тіс ауруларының көбеюіне әкеліп соғады. Бұрынғы қазақ таза табиғи өнімді тұтынған және құрт, бидай жеп, тісін шынықтырып, механикалық тазарту жүргізіп отырған. Ал, қазір екі жастан аспаған балалардың тісін қанқұрт жеп қояды. Баланың денсаулығы ананың денсаулығына тікелей байланысты ғой, - дейді тіс емдеу мәселесі жөнінде Б. Бегімбаева.
Емделушілер жайғасатын арнаулы орындықтан бастап, тіс жұларда жүйке талшықтарын жансыздандыратын лидокайн, қарапайым резеңке қолғап, қорғаныс көзәйнектеріне шейін алыс-жақын шетелдерде шығарылады екен. АҚШ-тан алдыратын арнайы орындықтың құны 5000 (бес мың) еуро тұрады. Шаруа сол орындық алумен бітсе жақсы ғой. Тісіңізді шұқылайтын дәрігердің қайрағы, тесе, біз, егеу, тістеуіктер, басқа да электрлі құрылғыларының ең арзанының бағасы 100 еуродан бастап, төрт таңбалы санға шейін өсіп кетеді. Тіс емдеуге қолданылатын құрылғы, дәрілер Қазақстанда жасалынбайды. Осыдан бір-екі жыл бұрын Шымкентте лидокайн қоспасы шығарылып, ол жүйке талшықтарын жансыздандырмақ түгілі, ауруға ауру қосып, зиян келтірсе керек, ақыры өндірістен ысырылып тасталыпты. Тағы бір жерде тістің түсін бірдей ағартқыш цемент ұнтақтары шығарылып, ол ұнтақ ағарғанның орнына қарайып, сұранысқа ие болмаған. Үкіметтің, Елбасының тікелей назарында отырған импорттық алмастыру бағдарламасы тіс емдеу саласында мүлде ұмыт қалған сыңайлы.
Ал АҚШ-тан әкелінген креслоға отырғызып, Украинаның жүйке талшығын жансыздандырғыш дәрісін қызыл иегіңізге Ресейдің инесімен егіп, Тайландтан шығарылған резеңке қолғапты киіп алып, орыстың қайрағымен тісіңізді қырлап жонатын, не Австрияның кемпірауыз тістеуігімен ауырған тісіңізді жұлатын дәрігердің қызмет ақысы өте қымбат тұрады!...Бірақ, "шегінетін жер жоқ" тісіңіз қақсап қоя берсе, еріксіз төлейсіз.
Білікті маман Г. Бегімбаевамен сұхбаттасқан соң осындай көңілсіз ойлар ойға оралған. Қалың қымбатшылық ортасында әупірімдеп, халыққа қалтықсыз қызмет көрсетіп келе жатқан емханалар үшін де қазақстандық құрылғы, дәрі-дәрмек сатып алатын, сөйтіп, материалдық базасын нығайтып, жаңартып, қызмет ақысын арзандататын күн де туар әлі...
Сөйтіп тіс емдеу саласының да өз машақаты жетерлік. Ал дәрігерлер үшін әлгідей проблемалардың бас ауыртатын кезі аз емес.
Балқаш қаласы
САЯСИ САРАПТАМА
Мұсылмандар басқыншылыққа қарсы
Мұсылман әлемінің қайраткерлері Ирактағы АҚШ басқыншылығына наразылық білдіруде. Жүзге жуық танымал адамдар петицияға қол қойып, әлем мұсылмандарын АҚШ армиясына және осы елде құрылған ауыспалы үкіметке қарсы күресіп жатқан ирак жауынгерлеріне қолдау білдіруге шақыруда. Мысырда қызметіне ресми тыйым салынған, бірақ, іс жүзінде саяси сахнада белсенді әрекет етіп отырған мысырлық "Мұсылман-бауырлар" исламшыл ұйымы таратқан мәлімдемеде, шараның мақсаты, "ислам ошағын оккупация былғанышынан тазарту" екендігі айтылған. Ұйымның хабарлауынша, петицияға 30 елден 93 ислам қайраткері қол қойған.
АҚШ-тың шыдамы таусылды
АҚШ-тың Лукашенкоға қатысты шыдамы сарқылғанға ұқсайды. Өткен апта соңында американ санаторы Джон Маккейн: "біз Беларустің тираннан босауы үшін күресеміз" деп жариялады. Осылайша Александр Лукашенконы биліктен кетірудің жолын қарастыратынын Америка ресми мәлімдеді.
АҚШ ұстанымы Лукашенко үшін үкіммен тең. Газ және ортақ валюта әсерінен қатынастарына кірбең түскеннен кейін бұл араға Ресейдің араласып, беларусь президентіне қол ұшын бере қоюы да екіталай.
Джон Маккейн "Беларустегі демократия туралы акті" жобасы авторларының бірі. Аталмыш жоба Беларусь оппозициясына қаржылай көмек бөлуді, Лукашенко мен маңайындағыларға қарсы санкция енгізуді көздейді. Сенатор атышулы мәлімдемесін АҚШ сенаты делегациясының Ригадағы жұмыс сапары нәтижесіне арналған баспасөз мәслихатында жария етті. Вашингтон жоспарын айдай әлемге жария еткен Маккейн президент Лукашенко режимінің қару не болмаса әскери әрекетпен емес, халықаралық қысым көмегімен ауыстырылатынын атап көрсетті.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Латвия СІМ басшысы Артис Пабрикс американдық қонақтарды Латвияның Лукашенкоға қарсы күресте жан-жақты қолдайтынына сендірді. Сол арада болған Беларусь оппозициясының өкілі депутат Виталий Фролов өз елінде биліктің ауысуы таяудағы екі жылдың шаруасы деп нақтылаған. Егер, сәті түссе ол алдағы күзде болуы да ықтимал. Әрі кетсе 2006 жылы болатын президент сайлауынан аспайды деп сендірген.
Жоспар бойынша сенатор Маккейн Беларуста болып, жергілікті оппозиция өкілдері және президент Лукашенкомен кездесуі керек-ті. Атышулы мәлімдеменің сол жерде жасалуы да мүмкін еді. Соны сезгендей оларға виза берілмеген. Сенатор оның себебін Лукашенкодан көріп, тоталитарлық басқару жүйесін сынайды деп, ол бізді есік сыртынан әдейі жөнелтіп отыр, - дейді.
Сенатордың ашық кетуін оның Беларусь өкіметіне деген жеке бастың реніші деп айта алмайсың. Сенатордың мәлімдемесі бұған дейін АҚШ-тың іштен тынып, жария етуге батылы бармай келген қадамы болса керек. Лукашенконың режимі олар үшін тым томпақ. Енді олар оны қайткенде де биліктен кетіруді қарастыруда.
Балқып-шалқып өмір кешу үшін
біреулер біз бен сіз жұмысқа өгізше
жегілуіміз қажет деп санайды...
АИСТ мұндайда: сұғанақтықты
азайту керек деп есептейді. Ал, сіздің пікіріңіз қандай?
ӨСИЕТІ ОРАЛҒАН АТА
Сәрсенбай ЕРҚАСЫМОВ
Әулие Бекет Мырзағұлұлының мәдени қазынамызға қосқан үлесі мол. Ислам мәдениетінің мән-мақсаттарымен ғұмыр кешкен қасиетті Ата еліміздің батысында көптеген мешіттер тұрғызып, Хақ Тағала түсірген киелі кітап жолдарын уағыздаса, екіншіден жаратылыстағы барлық тіршіліктің бір-бірімен байланыста болғандығын қоғамына, келешек ұрпағына рухани мұра етіп қалдырған.
"Өз дәуірінде Хиуа алты алаштың діни орталығы болып, Алланың бірлігін, Құранның шындығын, Пайғамбардың хақтығын үйренген Бекет, ұстазы Пақыржан қажының ақ батасын алып, Пір атанып оралады", - дейді ол жөнінде Ислам Мырзабекұлы "Бекет Ата" атты кітабында.
Тастан салынған Бекет Ата мешіттерінің басқа тарихи сәулет ескерткіштерінен ерекшелігі, жер асты ғимараты болуы, екіншіден, байырғы киіз үй пішінінде жасалуы. Көшпенділердің дүние туралы талғам-түсінігі, философиялық ой-тұжырымдары негізінен осы киіз үйдің кескіні арқылы бейнеленіп, көрініс тапқан.
Киіз үй көшпелі халық үшін тек баспана емес, астрономиялық негізге сәйкестендірілген. Мысалға киіз үй үш бөліктен тұратын (жетіқат жер асты, жетіқат көк аспан және жер беті) үлкен әлемнің шағын үлгісі болғандықтан оның шаңырағы ғана емес, белдеуі мен босағасы да киелі саналады. Оғландыдағы Бекет Ата жер асты мешіті ғимараты да уық, кереге, шаңырақты киіз үй түрінде тастан өрілген. Бұл орынды Бекет атаның Алланың елшілері - пайғамбарлармен хабар алысатын жері деп айтады.
Бекет Ата Батыс Қазақстан өңірінде бірнеше жер асты мешіттерін салдырып:
- Балшық илеп, тас кесіп,
Мұсылмандар сал мешіт,
Талай ұрпақ ауысар,
Сағым қуып, сан көшіп,
Пақырлар жүрер шаң кешіп,
Ауқаттылар бал жесіп,
Жарлы мен байды тербеткен,
Табиғат деген тал бесік.
Тал бесікті ұмытпай
Ортадан ойып сал мешіт! - деп өсиет қалдырған.
Киіз үйдің киелі мүліктерінің бірі бақан болса, әдетте онымен шаңырақ тіреледі. Бұл экватордың 62 болып түсетін көлбеу бұрышымен сәйкес.
Жалпы Бекет ата туралы аз зерттелгендіктен ол туралы көп біле де бермейміз. Оның әулиелік сыры да біз үшін әлі жұмбақ. Тек ұрпағына аманат етіп қалдырған тірі жәдігерлері ғана оның біз естімеген өсиеттерінен хабар беріп тұр.
Маңғыстау обл.
Болмыстығ белгiлерi
Арман ӘМЕН
Замана көшінде тарих-қисса беттеріндегі талай жазулардың көмескіленіп өшіріліп қалғаны белгілі. Сонымен қатар талай жәдігерлердің күні бүгінге дейін жеткен нұсқаларының бар-жоғын былайғы жұрт біле де бермейді. Құдіреттің күшімен көненің көзіндей сол асылдардың кейінгі ұрпаққа жетуінің өзі бір тарих. Осы айтқан сөзіміздің дәлеліндей жақында Астана қалалық мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері Орынбор қаласының мұрағатында болып, одан Қазақстан тарихына қатысты бірталай деректер алып қайтты.
Қорында екі жарым миллионнан астам құнды деректер сақталған Орынбор мұрағаты қазіргі күйінің өзінде бүгінгілермен қоса кейінгі талай ұрпақ үшін де қызмет етері сөзсіз. Олай деуіміздің себебі де бар. Құрылғанына биыл 85 жыл толған аталмыш орынға дейінде жәдігер-хаттар талай теперіш көргені анық. Көп құжаттар ақ пен қызыл айқасқан аласапыран кездерде қараусыз қалып, қасақана өртеліп, жыртылып тасталынған. Тіпті ай-күннің аманында, осы біздің мамандардың барар алдында ғана мұрағат орналасқан ғимаратты өрт шалған.
Ол жақта болып қайтқан Астана қалалық мемлекеттік мұрағатының ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Құралай Камилованың айтуынша, Орынбор мұрағатында Қазақстанның Кеңес өкіметі кезіндегі ғана емес сонымен қатар арғы ата-бабаларымыз туралы құнды деректер, соны айғақтап сипаттаушы құжаттар жетерлік. Олар Астана қаласындағы мұрағат ісін дамытудың 2002-2005 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша осы бес күндік іссапар кезінде Орынбор мұрағатындағы елімізге, ұлтымызға қатысты ХҮ-ХХ ғасырлар арасындағы деректермен танысып, мағлұматтар алған. Оның ішінде 1839-1844 жылдар аралығындағы аға сұлтандарды сайлаудағы округтық бұйрықтар, Әбілқайыр ханның Петерборға сапары кезіндегі оны қабылдау жөніндегі және осы мәселеге байланысты есеп- қисап қағаздары бар. Онан кейін Нұралы ханға түскен арыз, марапаттаулар, император Анна Иоанновнаның бұйрық-хаттары, Әбілқайыр ханның 1748 жылы қайтыс боларының алдында сол император Анна Иоанновнаға жазған хаты, оның әйелі Бопай ханымның хаты және басқа да құнды дерек-қағаздар бар. Осы құндылықтар іріктеліп, қажетті құжаттардың көшірмелері түсіріліп, Астана мұражайына тапсырылған. Құжаттардың көшірмелерімен ондағы деректерді қазір мұрағат мамандары зерттеу үстінде. Жалпы Орынбор мұрағатында тек Әбілқайыр хан туралы жобамен 300 беттік Абылай сұлтан (солай деп көрсетілген. А. Ә.) туралы одан да көп және Кенесары туралы 84-беттік дерек-құжаттар бар болып шықты. Ал, ол жақтан әкелінген құндылықтар келешекте ғалымдар мен студенттер және оқушылар үшін үлкен көмекші болары сөзсіз дейді мұрағат қызметкерлері. Сонымен қатар бұл деректерді бұған дейін ешкімнің назарына түспеген деп те айтуға болмайды. Себебі бұлардың көшірмелері Алматы мұрағатында да сақтаулы. Ендігі уақытта бұл жәдігерлер замана көшінде кімдердің кім болғанын басыбайлы әйгілеп, әлі де талай шындықтың бет-пердесін ашуға септігін тигізері сөзсіз.
Астана қаласы
ӘЗІЛ ӘҢГІМЕ
ЖЕТКIЗЕТIН ЖЫНЫМ БАР
Бек ӘЛІ
Қысқарту болады деп дірілдеп-үрікеннен бе, қалай болсын жұмыстан шығып қаңғырып қалмау үшін ойлап тапқан қылығым ба, әйтеуір бастыққа сөз таситын әдет тауып алдым. Бастық та үйренген сияқты, екі-үш рет қысқарту жасады, ешқайсысына ілікпедім. Жағып қалған сыңайым бар, содан бұл өнерімді жиілетуге көштім. "Главный суфлер", "Аға өсекші", "Сыпсыңқұлақ", "Сымсыз телефон" атандым. Оның бәрін естіп, біліп алдым. Атағым өзіме судай жағады. Бір күні жұмысқа келсем, масқара! Әйелдердің бәрі бір орынға жиналып алған өсекті соғып отыр, есіктің артына барып тұра қалып, тыңдауға көштім.
Жаңалықтарының біразын өткізіп алған сияқтымын, әйтеуір естігенім:
"...Масқара болғанда қандай масқара. Мария күйеуін үйіне кіргізбей қойды ғой. Содан олар ұрысып баланы бөліске саламыз деді емес пе? ". Неде болса осылар бар ғой бастықтың әйелі Мария туралы айтып тұр. Мен өзім ондай жағдайды естімесем де миға түйе бастадым, мұны басекеңе айтсам қысқартудан "вообще" қорықпауға болады. Жаңағы бейпілауызды бірінші кезек қысқартуға жазады да қояды. Ойланып кетіппін ғой әрі қарай тыңдайын: "Қасқырлардың арасында қалған төбеттей болып Джея жұлынып жатыр". Шынында да мыналар бастыққа жаман шүйліккен екен, мүмкін "переворот" жасап жіберіп жүре ме екен, айтқан сөздерін көрмейсің бе?
Қалың қасқыр ішінде қалған жалғыз төбеті бастығым да, қасқырлар әйелінің туған-туысы. Әрі тыңдадым: "Барлық дүниеге, үй, ақша, машинаға ие болуы үшін әйеліне у бермек екен" дегенді естігенімде талып түсе жаздадым. "Масқара мынау біздің бастық сұмдық сұмпайы екен ғой, қайдағы бір дүние-мүлік үшін өлтірмек пе? Мүмкін барып полицияға не прокурордың өзіне айтсам ба, қысқартса қысқартсын жұмыстан, солардан осындай жұмыс табылып қалар. Қой ақырын күтейін не де болса. Енді құлағымды түре бергенде бастықта кіріп келді. Сасқанымнан есікті ашып-жауып, жауып-ашып тұра беріппін. Ол өзіне кірді-ау дегенде, мен де бардым.
Әңгімемді әріден бастадым.
- Осы сіздің үйдегі жеңгей, бала-шағаңыз өсіп өніп жатқан болар. Осы сіздің үйдегі жеңгейдің аты мен білсем Мария ғой деймін.
Бастық үндемеді. Тыңдап отырған сияқты. "Прямой атакаға" кеттім.
- Жаңа кіріп келе жатып мынадай сіз туралы өсек естідім. Қатындар сізді жамандап жатыр. Мария күйеуін үйіне кіргізбей айырылысамыз, баланы бөлісеміз деді дейді. Сіздің атыңызды атамағынмен, солай деді.
- Ол "Проста Мария" ғой. Ә, менің ойым дұрыс болды. Әйелін бұл кісі "Проста Мария" дейді ғой.
- Содан сізді қалың қасқырдың ортасына түскен төбет Джея деді. Бала үшін таласты дей ме?
- Ол "Даллас" қой.
Ә. Расында таластық қой дей ме, қайтсін енді бала үшін таласпағанда. Джея деген лақап ат болар. Әйелдердің айтпайтыны жоқ қой.
- Сізді баланы өзіне алуы үшін, үйін, дүние-мүлкін, ақша, машина, дачасын өзіне жаздыру үшін әйеліне "у" бермек деді.
- Ол "Қиылыс" қой.
Мынаның "Қиылыс" дегені басқа амал қалмады дегені ғой, не істеймін деп отырғаны, менен көмек күткені шығар.
Неде болса айтайын.
- Басеке сізді жамандап, есекке теріс мінгізіп жүрген бұндай бейпіл ауыздарды жұмыстан қысқарту керек.
- Иә, дұрыс айтасың, - деді бастық. - Сен алдымен телевизор көріп кел содан кейін қысқартуды бастаймыз. Түсінсем бұйырмасын телевизор көріп келі несі, алған ақша тамаққа ғана жетеді телевизор тұрмақ. Ақымақ па немене жұмыскерлері бұған қарсы шығып, үйінде не болып жатқанын теріп, жан-жаққа жамандап "переворот" жасайын деп жатқанда.
Әй, не де болса телевизор көрсем көрейін көрші үйге барып, бірақ өзім қысқартуға ұшырамаймын соны білем. Ал, мынаның саспайтынына таңым бар.
Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ
|