ГАЗЕТА
№ 39 (92)
01-07.10.2004
  Первая страница
  Подробности
  Выборы-2004
  Официально
  Нормативная база
  Формат PDF (140 Kb)
  Годы аула
  
  Педсовет
  Забота
  Справочная «АК»
  На досуге
  Всем обо всем
  Колонки


  РАЗНОЕ
  Архив
  Обратная связь
  ВМЕСТЕ С НАМИ
  ВАЛЮТА, ПОГОДА

Kazakhstan Financial Market



Вся погода
  АУЫЛ ӨМІРІ  
Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
12-я полоса 13-я полоса

АЛДА ТАҒЫ АСУ БАР

Ербол КЕРІМБАЙҰЛЫ

Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің депутаттығына әлі анықталмаған 22 округ бойынша қайта дауыс беруді қазанның 3-іне белгіледі. Сайлаудың екінші кезеңі 22 бір мандатты округтарда өтетін болады. Басқа округтарда депутаттар бұған дейін сайланып қойған.

Қыркүйектің 28-і күнгі Орталық сайлау комитетінің ресми мәлімдемесі бойынша сайлаушылар тізімі 8 миллион 662 мың 188 азаматты құраған. Олардың ішінде 4 миллион 893 мың 204 адам сайлау кезінде өз дауыстарын берді. (56,49 процент) Бұл орайда Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары белсенділік көрсетті.

Мұның ішінде АИСТ блогының өкілдері де Парламенттегі өз орындарын анықтады. Бірінші кезеңнің нәтижесі бойынша блоктың 9 өкілі депутатттық орындарына жайғасты. Ендігі қайта сайлау кезінде АИСТ-тың тағы 5 кандидаты депутаттық мандат үшін сынға түсетін болады. Олардың үшеуі қатардағы Мәжіліс депутаттары. Шығыс Қазақстан облысының № 27-ші сайлау округі бойынша Парламенттегі АИСТ-тің тәжірибелі өкілдерінің бірі Николай Щербинин. Оның белсенділік көрсетуі арқасында кезінде Үкімет Семей полигонындағы зардап шеккендерге әлеуметтік жәрдемақы төлеу жөнінде бірнеше рет мәселе қарап,тиісті жұмыстар атқарған. Онан кейінгі үміткер Асқар Қабанбаев. Ол да Шығыс Қазақстан облысы бойынша өзін мойындатып жүрген азамат. Солармен қатар Оңтүстік Қазақстан облысының № 66-шы сайлау округі бойынша қайта дауысқа түсетін депутат Нұрбах Рүстемов. Ол Шардара су қоймасы жөнінде және Оңтүстік аймақтардағы сумен қамтамасыз ету мәселелерінің шешілуіне белсенді атсалысып жүрген азамат. Онан кейінгі АИСТ-тің қалған екі өкілі Е. Бертанов пен А. Куликов үшін де бұл оңай сын болмасы анық.

Бұл орайда бір мандаттылар есебінен өз қатарын "Отан" партиясы да толықтыра түсуді көздеп отыр.

Сайлаудың екінші кезеңіне "Отан" партиясынан 22 округ бойынша 19 кандидат түспек.

Сөйтіп,сайлаудың екінші кезеңі атпал азаматтар үшін тағы бір сын болмақ.



Ұстазым менің, ұстазым!

Құрмет НҰРСҰЛТАНҰЛЫ

Ауылдың жай-күйін оның болашағын сол ауылдағы мектеппен байланыстырмасқа әсте болмайды. Өзім қызмет істеп жүрген № 10-шы Фарфор орта мектебін осындай мектептер қатарына жатқызар едім. Қиыншылық кездерде талан-таражға түспей сақталып ел болашағы үшін қызмет атқарып отырған бұл мектептің бүгінгі күні тасы өрге домалап тұр десекте болады. Мектеп кабинеттері толық жабдықталған. Асхана, спорт зал, үйірмелер секілді оқушыларға керектің барлығы осы мектептен табылады. Ауласы жасыл желекпен көмкерілген. Жаяу жүргінші жолдары да қазіргі заман талабын толық қанағаттандырады. Мектепте жұмыс істейтін мұғалімдердің дені өз істерінің шеберлері. Соның нәтижесінде олимпиадалар мен спорттық сайыстардан аудан, облыс көлемінде алдыңғы орындардан көрініп келеді. Жыл сайын мектеп бітірушілердің 70-80 проценті жоғарғы және арнаулы оқу орындарына түсіп жатыр. Бұл мектеп ұжымының қажымай, талмай еңбектенуінің нәтижесі екені анық. Ұстаздар қолымен жасалған шығармашылық көрмесі соңғы екі жылда аудан бойынша бірінші орында келеді. Оқушылардың істері де осы межеден түсіп көрген емес. Олардың оқу үлгерімі мен сапасы жоғары бағаланып отыр. 2002-2003 оқу жылының басталуында мектепте қазақ сыныбы ашылды. Бұл жағдай ана тілінде дәріс алушылармен қатар олардың ата-аналары үшін де қуанышты оқиға болды. Сол сынып оқушылары қазір үшінші жыл білім алу үстінде. Әрине, мұндай жетістіктерге жету іскер басшының атқарған жұмыстарына байланысты. Бұл орайда мектеп ұжымы мен ауыл адамдары мектептің осы деңгейге жетуін мектеп директоры Волкова Светлана Николаевнаның қажырлы еңбегінің арқасы деп біледі. Бұл адамның өз ісімен қоса ауыл тұрғындарының жағдайына да алаңдап отыратынына сол көпшіліктің өзі куә. Сонымен қатар бұл мектепте көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан ұстаздар Дорднова Елена, Разумова Надежда, Диков Валерий, Топчий Надежда, Сыздықбекова Раушан, Қаржаубаев Көптілеу, Жүсүпова Гүлжиһан, Жүсүпов Азамат еңбектеріне елде риза. Бұлардың барлығы өз мамандықтарының қыр-сырын жетік меңгерген білікті ұстаздар. Осындай ұстаздардың алдынан тәлім көрген шәкірттері де олардың үмітін ақтау үшін білімнің асқарына қанат қағып жүр. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет атқарып жүрген, береке бірлігі жарасқан осындай ұжымның ұстаздарына жаңа табыс биігінен көріне беріңіздер деген тілекпен қоса мерекелеріңіз құтты болсын дейміз.

Ақмола обл.



Қамба толды астыққа

Еркебұлан АЛТАЙ

Биылғы егін орағы толығымен аяқталуға жақын. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдемесіне сүйенсек, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының астығы түгелдей жиналып алынған. Ақмола облысы егістік алқаптарын 99,9 процент көлемінде шабуды аяқтаған. Сонымен қатар Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарыда межеге таяу тұр. Қалған басқа да облыстар жақын күндерде егін орағын толығымен аяқтамақ.

Еліміз бойынша астық шығымы орта есеппен әр гектарынан 9,5 центнерден келіп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылы 12,5 центнерге тең болған. Бірақ, биылғы нанның қамырлылық қасиеті яғни, сапасы өткен жылғыға қарағанда артық деп көңіл жұбатады мамандар. Сөйтіп, бүгінгі таңда республика бойынша шамамен 13,26 миллион тонна көлемінде астық дайындалды.

Республика бойынша астық жинауда үлкен үлес Қостанай облысына тиесілі екені белгілі. Бұған егіншілік мәдениетін жақсарту жолындағы ізгі ізденіс пайдасын тигізуде. Үш миллион гектардан астам жерге егілген егіннің шығынын диқан қауымы тәуір деп бағалап отыр. Өйткені, жаз қуаңшылықпен өтті. Сонда да әрбір гектардан 8,5 центнерден түсім болды. Дала төсінен қырманға тасылған астық көлемі 2 миллион 600 мың тоннаға жетті. Қостанайлықтар енді ысырапсыз жиналған астықтан түсер пайдадан көктемде алған қарыздарынан құтылуға ұмтылуда. Бұл орайда олар 525490 тонна тұқым алған болатын. Сол үшін азық-түлік корпорациясына 400 мың тоннаға жуық астықты қайырып берді. Бұл коммерциялық жүйемен жүргізілген алыс-беріс. Сөйтіп, бүгінгі күннің өзінде мемлекеттік бағамен берешекті қайтару 53 процентке орындалды. Бұған қоса тауар өндірушілер мемлекеттен 1 миллиард теңге көлемінде қаражат алған болатын. Осы несиенің 151 миллион теңгесі қайтарылды. Несие қарыздарын қайтару әлі де жалғасуда. Жалпы, бұл науқанда Арқалық қаласы маңындағы шаруашылықтар көш басынан көрінді. Олар гектар берешегін 11,2 центнерден айналдырса, Федоров ауданы 11, Қостанай ауданы 10 центнерден өнім алды.

Ақмолалық диқандар 3 миллион 602 мың гектар жерден жиналған өнімдерін қамбаға түсірді. Бұл орақта орта есеппен астық түсімі әр гектардан 6 центнерден келіп отыр. Мемлекеттік агроазық-түліктік корпорациясы қойған қазіргі баға бидайдың әр тоннасы 98 долларды құрайды. Бұл бағаға көптеген шаруашылық басшыларының көңілдері толмай, еңбекпен келген ризықтарын арзанға бергісі жоқ. Сол себепті астығын орып алған диқандарға әлі де "аттан түспеуге" тура келіп отыр.

Осы орайда кейбір шаруашылықтардың тұралап қалғанын да айта кету керек. Жалпы есеппен бұл аумақта 49 мың гектардың астығы шықпай қалған. Енді бұл диқандар азық-түлік корпорациясына 400 мың тоннадан астам астық берешек болса, оның 120 мың тоннасын ғана қайтарып отыр. Сөйтіп, күзден береке күткен кейбір диқандар әрі-сәрі күйде қалды. Науқан кезінде алашапқын болатын ағайынның қолы бос кезінде өз егістік алқаптарын сақтандырмауы енді ғана еске түсті. Бірақ көпшілік таза күйіп кетпеудің мұндай жолы бар екенін білмейтінге ұқсайды.

Сонымен қатар еліміздің Оңтүстік аймақтарында жүгері және күріш өнімдерін жинап алу жұмыстары да ойдағыдай іске асырылуда. Мысалға Алматы облысында 24,6 мың гектар жердің жүгерісі орылып, 5,4 мың гектардың күріші жиналған.

Сондай-ақ, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Қалай десекте жер-жердегі сабантойлар биылғы орақтың сәтті болғанын айғақтайды.



Ырыздық жолында

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Талғат Жақыпов Көкше өңіріне кеңінен танымал азамат. Осы жерде бұрын соңды болмаған тұңғыш жеміс-жидек кеңшарының директоры. Монғолиядан қоныс аударған қандастарымыздың ең алғашқы көшін өз шаруашылығында қабылдап, кезінде жаңадан бір-бір тұрғын үй салып берген де осы басшы. Екінші шақырылған Қазақстан Республикасының халық депутаты. Аудан әкімі. Қай жағынан алғанда да, Көкшеден шыққан белгілі азаматтың өз тұрғыластары арасында ойып алар орны ерекше.

Ауыл шаруашылығын жақсы білуімен қатар, оның ыстығына күйіп, суығына тоңудан да Тәкең көп басшылардың алдында. Бұл жөніндегі өз пікірін, кейде тіпті, жанайқайын мерзімдік баспасөзде жиі білдіріп тұрады.Рас, билікте мәңгілікке емес. Біздің кейіпкеріміз де уақыты жеткенде әкімдіктен түсіп, бұрынғы шаруашылығына қайта оралған-ды. Қазір осы жерде өзі құрған "Жақыпов" шаруа қожалығының күйін күйттеп, соның қам-қарекетімен жүріп жатыр.

Тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін бұл село Талғат Алпысбайұлының жетекшілігімен елді таңдандырған үстіне таңдандырып, дүрілдеп тұрған еді. Неше түрлі жемісін берген бау-бақша шаруашылық мақтанышына айналып, консерві цехында алуан түрлі тоспалар қайнатылатын. Қара түлкі, құндыз, тағы басқа аңдар өсірілген фермадан көз жауын алған терілер тігін цехына жеткізіліп, ерлер мен әйелдердің әсем бас киіміне айналатұғын. Бірақ, кейін заман өз дегенін істеп, талайлар қызыға қараған "Садовый" да құлдырады. Енді оның осы төңіректегі біреуден ілгері, біреуден кейін, өз қотырын өзі қасып жатқан өзге елді мекендерден айырмашылығы аз...

Рас, әлі де сол іскерлігінің арқасында Тәкең шаруашылық туын құлатпауға тырысып, бүгінде бір селолық округке біріктіріліп отырған Садовое, Березняковка және Заречное селолары тұрғындарының біраз жер пайына өзі иелік етумен келеді. 160-қа жуық отбасыдан құралған бұл егіс көлемі аз емес, 4687 гектар. Округ бойынша бұдан басқа да оншақты ұсақ шаруа қожалықтары бар болғанымен, ірісінің жөні бір бөлек. Ұсақтары шама келсе, өзіне жұмыс істейді. Ал, фермер Жақыпов 63 адамға жұмыс тауып беріп отыр.

Бүгінгі жағдайда бұл айтуға ғана оңай. Бір мәселеден соң бір мәселе алға басқан аяғыңды ілгері аттатпайтын кездері көп. Былайша алғанда, қолы да басқаларға қарағанда ұзындау. Тіс қаққан, өз мәселесін өзі шеше алатындай шамасы бар. Соның өзінде кейінгі жылдары ойлағаны болған емес. Былтыр мәселен, тұқымды ерте себемін деп опық жеді. Ерте көктеп шыққан егін жаңбыр жаумай, күннің ыстығына тұрып қалды да, көп үмітін қиып кетті. Ал, кейбір көптеу себілген танаптар олай емес, алдыңғыларынан өнімді жақсырақ берді. Нәтижесінде гектарына орта есеппен 6-7 центнерден ғана айналған астық әрине, Талғаттың күткендегісі емес еді. Ендігі бар үміті - жаңа егінде.

Өткен жылы бар күшті жұмылдырып, 1,5 мың гектар пар өңдеп еді. Биыл барлық агрегатты әуелі осы парға әкеп салған. Ондағы ойы - топырағы келіскен танаптарға бидайдың "Омская-19", "Казахстанская раннеспелая" сияқты аудандастырылған, шығымды сорттарын қолайлы агротехникалық мерзімде бірден сіңіріп тастау болатын. Сол ойына жетіп, одан кейін әйтеуір қалғанына да кеш қалған жоқ.

Мұндайда ертеден тәртіпке мығым Жақыпов "анау сонікі, мынау менікі" дегендей, әркімнің міндетін өзіне лайықтап бөліп беріп, ешқайсына босаңсу бермеген. Содан болар машина-трактор шеберханасы, басшылармен рация арқылы байланысқа шығатын диспечерлік пункт, Брезняковкадағы механикаландырылған қырман - бәрінің де жұмысы бір мақсат, бір арнадан танбаған. Машина ішінен:

- Бұрын аз да болса су тұратын сай-салада түк қалмады. Мұның арты не болар екен? - деп сұраулы жүзбен көз алмай далаға қарайтын Тәкеңнің жағдайын әрине, түсінеміз. - Мына танапты біздің арқа сүйер жігіттеріміз ағайынды Базарбай мен Оразбай Тотаевтар сепкен. Балалары Болат, Руслан да осы істің бір жағынан шығысып, жандарында жүрді. Оларға техника талғамайтын, бәріне бесаспап Александр Савикті қосып едім. Кешегі мықты механизаторлардың көбі бүгінде жоқ. Дегенмен, осы жігіттер аман болсын.

Енді бір уақытта көлігінен жерге түскен, өзіміз іскерлігіне бұрын да шүбә келтірмейтін Талғат Алпысбайұлы танап шетінде тебірене сөйлеп тұр. Айтыла-айтыла жауыр болған ауылдың бүгінгі күрмеуі қиын тірлігін, қанша байлықтың үстінде отырып, жанар-жағармай бағасының өзіне ие бола алмай қалатын Үкіметтің кей дәрменсіздігін де айналып өтпеді. Осы сөздерінде бүгінгі шаруаның нағыз жан толғанысы жатыр. Соған орай биыл Жер - Ана "Жақыпов" шаруа қожалығына, басқаларына да иіп берсе дейсің.

Ақмола обл.



ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА

Өрт өршіп барады

Әуесбай ӘБДІРАЗАҚОВ, журналист

Аудан көлеміндегі орман алқаптары жыл сайын селдіреп барады. Оның түрлі себептері бар десек те ең бастысы адамдардың қоршаған ортаға, оның көк желегі мен аң-құсына деген тағылық әрекеті болып отыр. Қараулар қолынан келсе көбейту емес, қайта құртуға бейім тұрады.

Аудан көлемінде биыл өрт шалу оқиғасы өте жиі кездесуде. Оның басым көпшілігі адамдардың қолымен жасалуда. Апталап жанып жатқан орман алқаптары мен жайылымдарға, жол бойларындағы ағаштарға араша болар адам табылмай отыр. Егіні орылып алынған алқаптардағы сабанды жинап алудың орнына егістіктерді өртей салатын "ауруға" ұшырадық. Сол алқаптарды қоршап тұрған орман жолақтары да өртке оранып, орны толмас өкінішке ұрындыруда.

Қазығұрт бүгінде өрт құшағында қалды. Осыдан бір ай бұрын жасыл желекті Қаржантаудан басталған алапат өрт қарт жамбас Қазығұрт тауына дейін жетіп, жер-жерді жалмап барады. Мейлі, тау-тасқа, алыс аймаққа аяғымыз жете қоймас, бірақ, Қазығұрт асуындағы, Қаратас пен Қазығұрт ауылы ортасындағы отқа оранған ағаштардың обалы кімге болмақ?

Селкеу тартып селдіреп бара жатқан, қара күйеге айналған алқаптарды арашалауға бөлінген қаржы, жанар-жағар май қайда? Бар болса, барымыз бағаланар еді-ау, осынау өрттің өршіп, төске озып, өрге өрмелеп бара жатқан кезінде.

Оңтүстік Қазақстан обл.



Жаңа зауыт бой көтеруде

Құрмет НҰРСҰЛТАНҰЛЫ

Максимовка аулында үлкен нан зауытының іргесі қалануда. "Ақсай нан" АҚ иелігімен жаңа салынып жатқан бұл зауыт Астана қаласын және оның төңірегіндегі елді мекендерді нан және ұн өнімдерімен қамтамасыз етеді. Тәулігіне 60 тонна нан, 3 тонна ұн өнімдерін шығаратын ірі зауы іске қосылғанда мұнда 500 жұмысшы жұмыс істеп, дайын өнімдерді 50-ге тарта автодүкен таситын болады. Жұмыс күші осы елді мекендегі жұмыссыздардан тартылатын болғандықтан бұл нысан құрылысының тез іске асуына максимовкалықтар тайлы-таяғымен қоса қуанып отыр.

- Қазірдің өзінде жұмысқа қабылданғысы келетіндер күн құрғатпай хабарласып жатыр. Біз бұл мәселені жергілікті әкімдікпен бірлесіп шешеміз, - дейді бұл жөнінде кәсіпорынның атқарушы директоры Жақсыгелді Ақанов.

Бұлардың қыркүйектің 1-інде алғаш мектеп табалдырығын аттаған шәкірттерге зауыт атынан сыйлық табыс етіп, балаларға ақжол тілеуінде жұрт жақсылыққа жорып, алдағы істеріне сәттілік тілеуде.

Ақмола обл.



ШАРУАШЫЛЫҚ БЕРГЕН НЕСИЕ

Ерболат ЕСІЛ

Облыстағы кейбір агроқұрылымдар өз қарамағындағы жұмысшыларға шағын несие беруде. Осындай ақшалай көмекке қолдары жеткен тұрғындар үй салып, мал басын көбейтуге мүмкіндік алып отыр. Мұның тиімділігі қожалық басшылары банктер құсап кепілге мүлік талап етіп, өсім сұрамайды. Мысалға Жамбыл ауданында тұратын Юрий мен Ирина Никулиндер Дмитриев шаруа қожалығынан алған осындай несиені пайдаланып өздеріне баспана тұрғызып алған.

- Бұрын бала-шағамен аядай үйде тығылысып отыратын едік. Енді 80 мың теңге көлемінде алған несие жаңа баспана салып алуға мүмкіндік берді, - дейді отағасы Ю. Никуллин. Ал несие беруші шаруашылық басшысы Сергей Дмитриев:- Ақша бердім деп құжат талап етпеймін. Сөздеріне сенемін. Жұмысшылардың тұрмыс немесе басқа да жағдайлары тәуір болса еңбекке деген ынтасы арта түседі, - деп өз кесімін айтады.

Жамбыл ауданында жалпы көлемі 1 миллион теңгені құрайтын осындай несиеге 37 отбасының қолы жетіпті.

Солтүстік Қазақстан обл.



Күл төгуде күшке айналды

Мұрат ӘМІРЕНОВ, журналист

Өскемен қаласында алып кәсіпорындардан тарайтын улы заттарды айтпағанның өзінде жылу-энергия орталықтарынан шығарылған күлдің өзі үлкен проблемаға айналған. Өйткені, оны төгетін арнаулы орын жоқ. Мәселен, осындай жағдай "АЭС Согра ЖЭО" ЖШС-нде орын алған. Осы жылу-электр орталығы пайдаланып отырған № 1 күлтөкпе өткен ғасырдың ортасында салынған. Мұның қала ортасын қақ жарып ағатын Үлбі өзеніне таяу салынғанын ескерсек, су көздерінің ластануы қайдан екенін түсіну қиын емес. Енді бұл күлтөкпе таяу уақытта жабылып, басқа жерден жаңа технология бойынша № 3-ші өзге күлтөкпе салынады. Бұл жетістік облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасының табандылық танытуы нәтижесінде іске асты.

- Согра жылу-энергия орталығы біздің ескертулерімізге қарамастан, - дейді басқарма бастығы Қайрат Тұрлыханов. - Жаңадан күлтөкпе салудың орнына

- № 1 күлтөкпені кеңейтумен, яғни, оның жарқабағын биіктету арқылы сыйымдылығын ұлғайтумен айналысып келді. Жарқабақты су шайып, күл мен қождың Үлбі өзеніне құйылуы заңды да еді. Сондықтан басқарма 2003 жылы қатаң шара қолдануға барды, табиғатты пайдалану жөніндегі рұқсат қағазы қайтарылып алынды.

Қазір № 3 жаңа күлтөкпе Жаңа Согра кентіндегі бұрынғы кен орны жырасында, өзеннен қашықта салынып жатыр. Оның артықшылығы жер асты суларының ластануына және күл, қож тозаңдарының желмен ұшып, ауаға таралуына жол бермейді. Ол жыл аяғында іске қосылып, он жыл бойы берік қызмет көрсетпек. Сөйтіп, тасқыны тау бұзатын Үлбі өзені тұрғындарға біршама таза күйде қызмет көрсететін болады.

Шығыс Қазақстан обл.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ


               

Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию 
Написать вебмастеру 
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"