ГАЗЕТА
№ 26 (79)
02-08.07.2004
  Первая страница
  Подробности
  Политика
  Социум
  Статмониторинг
  Экономика
  Педсовет
  Партнерство
  Спортплощадка
  
  Глобус
  Духовные ценности
  Олимпийские старты
  Всем обо всем
  Колонки


  РАЗНОЕ
  Архив
  Обратная связь
  ВМЕСТЕ С НАМИ
  ВАЛЮТА, ПОГОДА

Kazakhstan Financial Market



Вся погода
  АУЫЛ ӨМІРІ  
Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

Қазақстан инвестициясына мүдделi

Ғали САҒДИҰЛЫ

Ыстамбұлдағы НАТО елдері басшыларының саммитіне қатысқан елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапарын Татарстан Республикасында жалғастырды. Маусымның соңғы күні Қазанда Қазақстан мен Татарстан басшылары екіжақты қатынасты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Федерацияның бір субьектісі болып табылатындықтан Қазақстан делегациясының бұл сапары Ресейдің еліміздегі жылы аясында өтуде. Кейіннен баспасөз мәслихатында мемлекетіміздің басшысы атап өткеніндей, екі жақты мәміле барысында сауда-экономикалық, мәдени ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланған. Тараптар мәдени және рухани байланыстарды одан әрі тереңдетуге, кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келіскен. Жыл соңында Татарстанның Қазақстандағы күндері ауқымында өтетін кәсіпкерлердің экономикалық форумы осы мәмленің қорытындысы болмақ.

Елбасының айтуынша, биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 6 миллиард долларға жетеді деген болжам бар. 2003 жылы Қазақстан мен Татарстан арасындағы тауар айналымы 126 миллионға жуық долларды құраған.

Татарлар ағымдағы жыл соңына қарай республикамызға мәдени сапармен арнайы келмекші. Бұл да келіссөз нәтижесі.

Елбасы Қазандағы бірқатар мәдени, тарихи орындарды аралап, С.Горбунов атындағы Қазан авиациялық өндіріс бірлестігі жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысының сапары кәсіпкерлеріміз үшін Татарстан нарығына жол ашты деп әлден-ақ айта беруге болады. Президент Минтемир Шаймиев Татарстан қазақстандық инвестицияларға мүдделі екенін айтып, "қазақстандық кәсіпкерлердің Татарстанға сенімді түрде келулері үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, біз оларға өндіріс алаңдарын ұсынамыз", - деді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазан университетінің студенттері мен оқытушыларын 200 жылдық мерейтойларымен құттықтап, Татарстан ғалымдарын Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің студенттеріне дәріс оқуға шақырды.

Қазақстан Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары бұдан әрі Башқұртстан жерінде жалғасты. Елбасымыз аталмыш республика басшысы Мұртаза Рахимовпен жүзбе-жүз кездесу өткізіп, мәдени-экономикалық қатынастарды жандандыруға уағадаласты.



Аймақтар келiсiмi

Оралда Батыс Қазақстан обылысы әкімдігі және Ресейдің көршілес Волгоград облысы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту жөнінде келісім жасады. Қазақстан жағынан оған облыс әкімінің орынбасары Станислав Качалов, Ресей тарапынан облыс басшысының бірінші орынбасары Павел Чумаков қол қойды. Чумаковтың айтуынша келісімде аймақтарды, қалаларды, әсіресе шекаралас аудандарды дамытуға зор мән берілуде. Сонымен қатар құрылыс, әуежайларды, теңіз порттарын, ішкі су жолдарына қатысты жобаларды дамытуға ден қойылады. Бұл келісім екі жақтың сауда айналымын ұлғайтып, экономикалық ынтымақтастығына серпін береді деп күтілуде.



ДЕПУТАТТАР ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Еркебұлан АЛТАЙ

1999-2004 жылдар аралығында, яғни бүгінге дейін екінші шақырылған Парламент қызметі кезеңінде мәжіліс дайындаған 566 жобаны мемлекет басшысы мақұлдап, Қазақстан Республикасының Заңы ретінде күшіне енді. Парламенттің бесінші сессиясында бұл туралы мәлімдеген Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай сөзін тарата келе, аталған мерзім ішінде Мәжіліске 790 заң жобасы ұсынылса, оның 613-ші Үкіметтің, 177-сі Парламент депутаттарының, 11-і мемлекет басшысының жеделдетуімен, 15-і бастамашылық негізде жүзеге асқанына тоқталды. Оның ішінде қабылданған 78 заң акционерлік қоғамдар, табиғи монополия, мұнай өнімдерінің айналымы мен оны өндіруде мемлекеттік реттеуді жандандыру, сауда, мемлекеттік сатып алу, көлік және коммуникация, лицензиялау, ақпараттандыру және инновациялық қызметтерге, ал 54-і банктік, аудиторлық, бухгалтерлік қызметтер мен ипотекалық және басқа да несиелеу қызметтеріне қатысты болған. Онан кейінгі 47-сі қазақстандықтардың конституциялық құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Дегенмен, Мәжіліс төрағасы бесінші сессияның қорытындысында депутаттардың заңнамалық негіздегі бастамаларының толық жүзеге асырылмай мүмкіншіліктер тежеліп отырғанын да айтты.

- Өйткені, әрбір депутаттың ұсынған жобасын Үкімет ысырып тастап, кейін ондағы идеяларды, бастамаларды өздерінің заңнамалық ұсыныстарына енгізді. Сол себептен біздің көзіміздің жетіп отырғаны бастамашыл депутаттың жобасына теріс шешім қабылданса, ол ұсынысын паритетті келісім комиссиясының талқылауына салуға құқылы болуы керек деп атап өтті ол. Оның айтуынша, өкіметпен арадағы осындай дисбалансты жағдай көп ретте Парламентке басқа да маңызды мәселелерді көтеруге қолбайлау болып отыр. Жер кодексінің қабылдануындағы жайсыздықтар да осындай себептерге байланысты. Мемлекеттік әлеуметтік көмек жөніндегі заң да толық "піспеген". Сонымен қатар үкімет позициясы депутаттарды өндіріс қалдықтарына байланысты проблемаларды шешу бағытында жұмыс жасауға мүмкіндік бермей отыр.

Тағы бір айтылған жайт екінші шақырылым мерзімінде депутаттар жеті Заң жобасын қабылдаған. Олар әкімшілік, құқық бұзушылық жөніндегі кодекс, салықтық, кедендік, жер, орман, су және бюджет кодекстері.

- Біздің заңдар шын мәнінде жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, тұрақты дамушы мемлекеттің Заңы болып қалыптасты, - дейді бұл жөнінде палата спикері.

Сөйтіп екінші шақырылған Парламент қызметінде өздерін кәсібиміз деп санап жүрген депутаттардың 95 проценті алдағы қыркүйектегі сайлаудан соң жайлы орындарына қайта жайғасуға мүдделі болып отыр. Олардың ендігі жерде бұл мінберден табылуы осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстарының нәтижесіне байланысты болмақ.



Куәлікке таңбалау жүргізілуде

Жанат ЗИЯШҰЛЫ

Биылғы Парламент Мәжілісі сайлауының басты ерекшелігі, электронды сайлау жүйесі болғалы тұр. Қазір барлық аймақтарда сайлаушылар куәліктеріне штрих кодтар жапсыру қызу жүргізілуде. Ішкі істер министрінің орынбасары Иван Оттоның айтуынша бұл шара тамыздың 15-іне дейін аяқталады. Бауыржан Мұхамеджановтың төрағалығымен өткен республика Құқықтық саясат жөніндегі кеңесінде ол осылай деп хабарлады.

Ішкі істер органы генералының деректері бойынша қалалық жерлерде жеті миллионнан астам сайлаушылар тізімі жасалған. Соның төрт миллионына электрондық дауыс беруге қатысу үшін штрих код әзірленіп, жапсырмалар 2,5 миллион азаматтың куәлігіне жапсырылған. Дәл осындай штрих кодты қалған азаматтар куәлігіне жапсыру үшін бір жарым айдай мерзім бар.

Сайлауға қатысушылар санымен салыстырғанда бұл мерзім өте қысқа. Соған қарамастан штрих код жапсыруды ІІМ тамыздың 15-іне дейін аяқтаймыз деп сендіруде. Вице-министр И. Оттоның айтуынша, аталмыш жұмысты бір жүйеге келтіргенше әжептәуір қиындықтар аяққа оралғы болған. Бірақ қалыпқа енді келгеннен кейін ендігі арадағы жұмыс жеңіл жүреді деп сендірді. Сондықтан, Ішкі істер министрлігі жүктелген міндетті тамыздың 15-іне дейін атқарып шығады.

Еске сала кетейік, электронды дауыс беру үшін азаматтарға арнайы штрих код беріліп, ол жеке бастарының куәлігіне жапсырылады. Бұл сайлаушының екі рет дауыс бермеуін, қосымша тізімдердің болмауын және басқа да құқық бұзушылықтарға жол берілмеуін қамтамасыз етеді.

Электронды дауыс беру әдісін Орталық сайлау комиссиясы биыл бірінші рет енгізіп отыр.



ҚАЗАҚ АҚЫНЫНА ҚҰРМЕТ

Жақында белгілі журналист, танымал ақын, әрі жазушы Әубәкір Нілібаев үндінің "Махабхарата" эпосының қазақ тіліндегі аудармасы үшін Үндістанның жоғары мемлекеттік наградасы - "Падма Шри" орденімен марапатталды. Ақынды Үндістан Президенті Абдул Калам президент сарайында қабылдап, сыйлықты өз қолымен тапсырды.Сонымен қатар, 30 жыл шығармашылық өмірін адамзаттың ұлы туындыларының бірін зерттеуге және аударуға арнаған қазақстандық жазушының еңбегіне жоғары баға берген Үндістан Президенті, Қазақстан мен Үндістан арасындағы қарым-қатынас екі ел халықтарының дәстүрі мен мәдениетінің ортақтығы сақтала отырып, ертеден бастау алатындығын атап көрсетті. Бұл орайда ақын Әубәкір Нілібаев "Падма Шри" наградасымен марапатталған алғашқы шетелдік азамат екенін айту ләзім.Ал Үндістанның өзінде бұл орденді бұған дейін 32 адам иеленген екен.



ҮКІЛЕНГЕН ҮМІТ

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Үміт шіркіннің алдамайтыны бар. Ауылдағы елдің жағдайы түзеліп,шаруасы дөңгелей бастаса ол ең әуелі шаруаның қырын білетін басшының арқасы. Бұл Вороновка ауылында болғанда өзіміздің құлағымыз шалған осындағы көптің пікірі.

Мәселен, осы село бұған дейін біраз уақыт аудан орталығындағы "Синегорье" фирмасының иелігінде болып келген. "Ие болды" деп қайта тігісін жатқызып айтқанымыз, әйтпесе шаруашылықты бұл "инвестор" тек қана "сорған". Арқа еті арша, борбай еті борша болып жүрген жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 3-4 мыңнан ғана айналса, оның өзі уақытында қолға тимесе, басқаша қалай айтарсыз?! Жұрттың жер пайы да солай. Ылғи ұтылумен болған. Астығын жиып-теріп, сыпырып-сиыруды ғана білетін фирма тым құрыса, сол жерге күтім жасаса ғой. Ол да жоқ.

Не керек, шаруашылықтың көзі содан бұрынғы қожасы тайып, оның орнына жаңадан "БАТТ-Агроинвест" фирмасы келгелі ғана ашылды.

Бұлар келісімен халықтың зейнетақы қоры мен жалақыдан 26 миллион теңге қарызын жапты. Онан кейін елдің тапқан-таянғанын уақытында беретін болған. Қазір жұмысшылардың орташа айлығы 15 мың теңге көлемінде. Тек биылдың өзінде оның екі есеге жуық өскен жайы бар.

- Бағымызға қарай, сөзі мен ісінде алшақтық жоқ соңғы фирмамыз дұрыс болып шықты, - дейді бұл орайда шаруашылық басшысы Василий Кульбака да мәселеге әрі бойлап. - Бұрын талай нәрсеге басымыз қатса, енді тек нақты өндірісті, шаруаңды біл. Қосалқы бөлшек, жаңа техника, тұқым дейсіз бе, бәрін бір орталықтан фирманың өзі жабдықтайды.

Осы ретте, шаруашылық басшысының бір қуанатыны мына жағдай. Бұрынғы фирма осындағы алқаптарда қаулап кеткен арамшөпті елең қылмаған. Ал жаңа инвестор болса істі нақ осы егіншілік мәдениетін көтеруден бастады. Ол үшін былтыр соңғы алты жылдың ішінде бірінші рет 2,5 мың гектар алқапта пар өңделді. 4 мың гектардай сүдігер, жартылай жаңартылған элиталық тұқым мен қалған агротехникалық шаралар атқарылып, мол өнімге үміт артқызуда. Қазір біреудің қас-қабағына қарамай, өз тірлігін өзі күйттегенге не жетсін. Бірақ, енді оған мұрша қайда? Әр ауыл амалсыздан бір-бір фирманың етегінен ұстаған. Олар да әртүрлі, иманжүздісі, дөкірі де бар. "Егін шықпады" деп өкпелеп, әуелде берген "жедел жәрдем" көлігіне дейін қайта алып қойғандарды да естіп жатамыз.

Әйтеуір, өз қолдаушысы мұндайдан ада екеніне вороновкалықтар сенімді. Бүгінгі күннің өлшемімен алғанда, тұрмыстары да жаман емес. 240 үй. Жергілікті халық та, басқа ұлттар да аралас-құралас. Кешегі бет бейнесі сақталып, жағдайы бірсыдырғы тәуір дейтін елді мекен. Бүгінде ауыл дегеніңіздің көбі тозған ғой. Көшкен жұрт осындай жөні түзулерін келіп сағалайды. Бұл ауыл да өз тарихи отандарын хош көріп көшіп кеткендердің орнына бұрынғы Көкшетау облысының тоз-тозы шығып, халқы жан-жаққа тарап кеткен Уәлиханов ауданынан 40 отбасын қабылдап алған. Тағы үш үйін оралмандарға ұсынған.

- "Ауыл жылы" дейсіз бе, - дейді Василий Васильевич қойған сауалымызға, - елдің пікіріне сүйенсек, ауыл үшін одан келіп-кетіп жатқан әлі ештеңе жоқ. Мен мәселен, осы төңіректе жағдайы бізден төмен, тұралап қалған көп елді мекенді білемін. Қираған клуб, шеберхана тағы басқа сүреңсіздіктер көп. Солар түзеліп, бір өзгеріс болмаған соң, жұрт та "Ауыл жылының жақсылығы қайда?" деп ойлайды.

Ал, екінші жағынан ауылға көмек жоқ емес. Тек бұл арада бәрі ауылдың атынан көрпені өздеріне қарай тартып, несиені алудай алып жатқан инвесторлардың ар-ұятына байланысты. Мәселен, біздің "БАТТ-Агроинвест" басқа ұсақ-түйекті айтпағанда, мектептің жылу жүйесін жөндеп берді. Өзімізде тұщы су жоқтығынан 15 шақырым жерден келетін құбырдың жұмысын қамтамасыз етіп отыр. 10 жас жігітті қыста механизатор мамандығына оқытып шығарды. Селода машина-трактор шеберханасы, байланыс бөлімшесі, наубайхана мен кітапхана, 100 телефон нөмірі бар АТС қысы-жазы үзбей жұмыс істеп тұр. Қотан толы теледидар "тәрелкелерін" көрдіңіз бе? Осыдан кейін тұрмысымыз нашар деп қалай айтамыз.

Міне, біздің кейіпкеріміз В. В. Кульбака ауыл туралы ағынан осылай жарылады. Одан ұғатының, жалпы елдің халі онша болмағанымен, жағдай әр жерде әр түрлі. Біреу ілгері, біреу кейін. Қолдан келгенше тірлік етіп, "БАТТ-Агроинвест" оның жетекшісі Ерлан Мұратов сияқты азаматтар мен фирмалар дұрыс қарасып тұратын елді мекендерде тіршілік жібі түзу. Бәрі басшыға, оның халыққа көзқарасына байланысты деген рас-ау.

Ақмола обл.



Жақсы істің басында

Мұрат ӘМІРЕНОВ

Гүлнәр Тұрсынбекқызы осыдан бір жыл бұрын Кеңгірбай би ауылына әкім болып тағайындалған еді. Жас болса да көпшілікпен жұмыс істей білетін жанның бір ауылдық округтің қызметін дөңгелетіп әкетеріне аудандық әкімдіктегілер сенімді болатын.

Әкім келіншектің мамандығы - мұғалім. Институт қабырғасынан шыққаннан кейінгі он жылы Медеу ауылындағы мектепте өтті. Тәжірибелі ұстаз ретінде аудандық оқу бөліміне бас мамандық қызметке шақырылды. Бес жүзден астам мұғалімі, он екі-он үш мектебі бар оқу бөлімінде ұстаздардың ұстазы болып, кәсіби мамандығын жетілдіре түсті. 1996 жылы аудан әкімі аппаратына шақырылып, мұнда да іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге ілікті. Әкім аппаратының жетекшісі қызметінде жүргенінде аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Мәдениетіміз бен өнеріміз өгей баланың күйін кешіп тұрған шақта тұралап қалған саланы көтеру оңай тимеген. Қашанда алға қойған мақсатына жетуге дағдыланған Гүлнәр мұнда да жемісті еңбек етті. Жаңа жұмыс орнында енді-енді бір ізге түсіп, мәдениет саласының ой-қырын түгендей бастағанда ауыл әкімінің тізгінін қолына ұстауға тура келді.

Жаңа әкім алғашқы қадамын "Таза су" бағдарламасын жүзеге асырудан бастады. Міне, шілдеден бері ауыл тұрғындары орталық су құбырын пайдаланып келеді. Жалпы ауыз су проблемасы облыс көлеміндегі көкейкесті мәселелердің бірі болатын. Бүгінде Абай ауылында бұл мәселе ойдағыдай шешімін таба бастады.

Аудан орталығы Қарауылдан түн бетінде Кеңгірбай би ауылы жаққа көз тастаған адам самаладай жарқырап тұрған шам жарығын көрер еді. Ол әр үйдің терезесіндегі жарық қана емес, көшелерге тартылған электр сәулесі. Су, жарық, жол қатынасы кез келген ауылдың бас ауруы саналады. Ал, осы үшеуі бар жерде тірлік те болады.

Гүлнәрдің ауыл ортасынан алаң ашайық, сол жерге Кеңгірбай атамызға ескерткіш орнатайық деген ұсынысын ауыл тұрғындары бір кісідей қолдап, аудан басшылары да құптаған. Біз келгенде осы жұмыстар қызу жүріп жатыр екен.

- Ауылымыздың тұрғындары өте ұйымшыл. Әр істі ауыл ақсақалдарымен ақылдасып шешемін. Жергілікті әкімшілік бюджеті деген болмайтынын білесіздер. Мына алаң көпшіліктің көмегімен жасалып жатыр. Семейден қажетті плиталарды шаруа қожалығының жетекшісі Серікбек Дүйсенбеков өзінің жеке көлігімен тегін жеткізіп берді. Ауылдастарыма қадірім барын осыдан білдім. "Қадірің болмаса, халқыңа өкпелеме" дегенді атамыз қазақ тегін айтпаған екен,-деп әкім Гүлнәр ағынан жарылды.

Би атаның еңселі ескерткішін жергілікті мүсінші жасапты. Тоқтамыс ауылындағы мектептің мұғалімі Кәрібаев Болаттың шеберлігіне сүйсіндік. Ол тарихи зерттеу жұмыстарымен шұғылданады екен.

Қазір осы ауылда көзі тірі үш-ақ соғыс ардагері қалыпты.

Рухани байлығы мол ауылдың экономикасы да төмен болмауға тиіс. Бір ауылдың өзінен 74 шаруа қожалығы шығып отырғанын ескерсек, ауыл жағдайы нашар деп айтуға тіптен ауыз бармайды. Әрине, осы қожалықтың бәрі бірдей дәуірлеп тұр деуден аулақпыз. Гүлнәрдің сөзімен айтсақ, "елу қожалық төрт аяғынан тік тұр". Абай ауданы ежелден ақтылы қоймен атағы шыққан. Қазір жекеменшіктің қорасынан он төрт мың қой өріп шығады. Аз болсын, көп болсын 1275 адамның игілігіне жетіп жатқан дәулет. Ауылда он алты адам еңбек биржасына тіркелген. Арнаулы әлеуметтік көмек алатындар, қоғамдық ақылы жұмысқа тартылғандар бар дегендей, кіріс кірмейтін отбасы жоқ деуге болады.

Шығыс Қазақстан обл.



ҚАРЖЫ: КІРІС ПЕН ШЫҒЫС

Республикалық статистика жөніндегі агенттіктің мәліметі бойынша 2004 жылдың 1 сәуірінде республикада 132 мың жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпорын тіркелген, ал 2003 жылдың 1 сәуірінде - 118,3 мың болатын.

Шағын кәсіпорындардың көпшілігі саудаға, автомобильдерді және үйде пайдаланатын бұйымдарды жөндеуге маманданған. Қызметтің осы түрі шағын кәсіпорындар үшін қолайлысы болып отыр. Өйткені үлкен күрделі қаржыны яғни, жұмсалымды, айналым қаражатын талап етпейді және ақшалай айналымы болады.

Шағын кәсіпорындардың аздаған саны өнеркәсіп қызметімен айналысады. Бұл жерде де олардың санының өсуі байқалуда. Сонымен, 2003 жылдың 1 сәуірінде 7,7 мың өнеркәсіптік шағын кәсіпорын жұмыс істесе, 2004 жылдың 1 сәуірінде олардың саны 8,1 мыңға жетті.

2004 жылғы 1 сәуіріндегі есеп бойынша 19,5 мың кәсіпорын 29,9 миллиард теңге сомасында залал шексе, 19,7 мың кәсіпорын 42,6 миллиард теңге сомасында табыс тапқан. Олардың қызметтерінің сальдоланған қаржылық нәтижесі 2004 жылғы 1-тоқсанның қорытындылары бойынша 12,7 млрд.теңгені құрады.

2004 жылғы қаңтар-наурыз аралығындағы қорытынды бойынша ең көп теріс сальдо - ауыл шаруашылығы, аңшылық, орман шаруашылығы, және коммуналдық - әлеуметтік және дербес қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпорындарда; ал ең көп оң сальдо - сауда, құрылыс және қаржы қызметімен айналысатын кәсіпорындарда болды.

Республикамыздың 9 облысының шағын кәсіпорындары 2004 жылдың қаңтар-наурыз айлырының қаржылық қортындысын табыспен аяқтады, Жамбыл (11,6 миллион теңге), Солтүстік Қазақстан (53,3 миллион теңге), Қарағанды (176,9 миллион теңге), Қостанай (190,9 миллион теңге), Ақмола (400,1 миллион теңге), Актөбе (423,1 миллион теңге), Павлодар (738,3 миллион теңге) секілді 7 облыс қаржы шаруашылық қызметінде залалға ұшырады.

2004 жылдың 1-тоқсанында шағын кәсіпорындар қаржы-шаруашылық қызметі нәтижесінде өнім (тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсету) өткізуден 544,1 миллиард теңге сомасында табыс түсірді. Бұл 2003 жылғы 1-тоқсанға қарағанда 1,5 есе көп. Мұнда, республика бойынша өнім өткізуден түскен табыстың жалпы сомасының жартысынан көбін - 351,8 миллиард теңге (64,7%) - сауда саласындағы кәсіпорындар қамтамасыз етті.

Өңірлер бойынша шағын кәсіпорындар өткізген өнімнен түскен табыстың ең көп сомасы Алматы (234 миллиард теңге немесе өнім өткізуден түскен табыстың жалпы сомасының 43%), Астана (75,1 миллиард теңге, немесе 13,8%) қалаларында және Қарағанды облысында (32,5 миллиард теңге, немесе 6%) алынды; ең азы - Жамбыл (5,7 миллиард теңге, немесе 1%) және Қызылорда (4,8 миллиард теңге, немесе 0,9%) облыстарында болды.



МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕККЕ ЗӘРУ...

Есіл ЕРБОЛАТ

Облыста 200-ге жуық дәрігер жетіспейді. Өткен жылы аймақтағы денсаулық сақтау департаментінің мамандары Астана, Семей, Алматы медицина академияларына барып студенттермен шарт жасасқан еді. Алайда бұл шараның да Қызылжар өңірінің дәрігерлерге деген сұранысын қанағаттандыратын түрі жоқ.

Республика бойынша он мың тұрғынға шамамен отыз дәрігер қызмет көрсетсе, облыстың кей аудандарында мұнша көлемге тек он дәрігерден келеді. Мұндай жағдай, әсіресе, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов сияқты шалғай аудандарда қалыптасқан. Қазір облыста 1393 жоғары білімді медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Өткен жылы аймаққа жұмыс істеуге 77 дәрігер келсе, 53 маман түрлі себептермен қоныс аударған. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің мамандары бұл ретте қол қусырып отырған жоқпыз дейді. Денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Азамат Мағзұмовтың айтуынша, өткен жылы Алматы, Семей, Астана медицина академиясының соңғы курсындағы 90-нан астам студентпен келісім-шарт жасаған. Алайда нақты келгендер саны 30-дан аспаған. Қалғандарының ісі қазір прокуратурада жатыр.

Жағдайды түзеу үшін медицина мекемелерінде арнайы жабдықталған дәрігерлер бригадасы аудандарға шығып дәрігерлік көмек көрсетіп тұрады. Биылдың өзінде 500 елді мекен осындай қызмет түрін пайдаланыпты. Шалғай аудандарды былай қойғанда, Петропавлға іргесі тиіп тұрған Қызылжар ауданындағы елді мекендерде де дәрігер тапшы. Аудандық аурухананың өзінде зертхана дәрігері, реаниматолог жоқ. Терапевт және балалар дәрігері де жетіспейді.

Ауылдағы амбулаторияда отбасылық дәрігерлердің жеткіліксіздігінен орта медициналық білімі бар мамандар қызмет етуде. Жоғары білімді қызметкерлердің ауылдан бас тартуының бір себебі - еңбекақының төмендігінде. Жас маманға барған жерінде тұрғын үй және басқа да тұрмыстық жағдайлардың жасалмауы онсыз да ушығып тұрған жағдайға кері әсерін тигізіп отыр. Мысалы, өткен жылы Асаново селосындағы отбасылық амбулаторияға Семей медицина академиясын бітіріп жұмыс істеуге келген дәрігер бірнеше ай бойы үй-күйсіз сабылып жүріп, ақыры кетіп қалыпты.

Басқа мамандық иелерінің тапшылығы онша сезіле қоймайды, ал дәрігердің жетіспеуінен уақытылы медициналық көмек көрмей көз жұмғандардың санын ешкім айтпайды.

Солтүстік Қазақстан обл.



Оралмандар ойын ортаға салды

Құрмет НҰРСҰЛТАНҰЛЫ

Қабанбай батыр ауылында Монғолия, Өзбекстан, Ресейден келген оралмандар бас қосты. Шараны ұйымдастырушы аудан әкімдігі оралмандардың хал-жағдайларын біліп, көкейдегі мазалаған сауалдарының тамырын басты. Атамекен топырағын басуды армандаған бауырлар сол күнге жеткендері үшін елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын білдіріп жатты.

Атамекенге оралдық, республика азаматтығын қабылдадық, баспана, жұмыс жай жасалынып жатыр. Балаларымыз ана тілінде оқып білім алуда, мұнан артық қандай бақыт бар.

Дегенмен, қол жеткізе алмай жүрген жайттар да баршылық дегенді басшылардың назарына жеткізді. Ол жеке меншікке жер алып, қауымдасып жеке кәсіппен айналыссақ деген ойымыздың орындалмауы дейді оралмандар. Өз жеріңе, өз жұртыңа келіп "ұлтарақтай" жерге ие бола алмаудан артық күйініш жоқ екен. Кешегі батыр бабаларымыз аманат еткен қазақтың жері қазаққа неге бұйырмайды. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан, тілімдей болып саудаға түскен жерден сүйемедей жерді оралмандарға беруден неге жасқаншақтаймыз деген сұрақтың басы ашық қалды. Жер кодексінде оралмандар да жер иеленуге құқылы деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген заң өмірде неге жүзеге аспады деген сұраққа жауап ала алмадық. Бұл мәселені жоғарғы орындағылардың құзырына жеткізіп, жауабын беруге бас қосуды ұйымдастырушылар уәде берді.

Жиында көтерілген тағы бір өткір мәселе, жер алып баспана салу, басындағы үйді өз атына аударуда да әртүрлі бөгеттер кездесетінін, оны шешудің қандай жолдары барын айқындап беру болды. Бұл жөнінде аудандағы осы іспен айналысатын адамдар жауап беріп келеңсіз жағдайлар қайталанбайтынына сендірді. Тек қана құжаттар заңды түрде жасалған болуы шарт дегенді ескертті.

Сөз алған оралмандар қол жайып бер-бер дегенше бойымыздағы қажыр-қайрат, күш-жігерімізді еліміздің өркендеуіне арнайық деген үндеу тастады.

Бас қосудан байқағанымыз, атамекенге келген оралмандардың жағдайлары түзеліп, тұрғылықты қандастарымен етене араласып кірігіп кеткені байқалып тұрды. Жоғарыда айтылған бірлі-жарымды мәселе шешімін тапса болғаны.

Бас қосуды аудан әкімінің орынбасары Берік Амантайұлы қорытындылап, осындай іс-шаралар келешекте тұрақты өткізіліп тұратынына сендірді. Сөйтіп, оралмандар үмітін үкілеп қайтты.

Целиноград ауданы



ПІКІ�

Соғысшылға сот жоқпа?

Табыл ҚҰЛИЯС, жазушы

Онсыз да шұрқ тесік кембағал жер сойқан соғысты бастан кешіп телегей теңіз қан жұтуда. Тірліктің мәйегі тыныштық, ал қырғын масқаралық екенін есі түзу пенде біледі. Бірақ, сонда да қанға мастанған соғысқұмарлар өріп жүр...

Бүкіл жер бетінің халқы құрметтейтін Ватикандағы Рим папасы: - "Соғыс бастағанды ешбір Құдай кешірмейді", - деп қаны шашылған Ирак халқына аяныш білдірсе, Италияда халықтың 80 пайызы шеруге шықты. Кедейліктің қара өзек шағын кешіп отырған Иракты жын буған үстемдік иесі Буш басып алды. Соғыстың алғашқы күні Саддамды нысанаға алған екі мың градус от-жалын шашатын 40 оқтұмсықты пайдаланды. Жер серігінің бақылауымен 780 самолет Ирак аспанында ажалдың қара бұлтын төндірді. Буштың пиғылы жыл сайын қаруды жаңартуға 60-70 миллиард доллар қаржы бөліп, әлемді өзінің уысында ұстау екені де айдан анық.

1991 жылғы Иракты қанға бөктірген соғыста АҚШ-тың 70 мың солдаты қаріп, қасір, мүгедек болып зар илеп тыныштық тілеп отырғанымен оның шаруасы жоқ. Ал, сол соғыста 1,5 мың Ирак балалары өртеніп кетті. Екінші дүниежүзілік соғыста Гитлердің қырсығынан елу миллиондай адам, оның ішінде алты миллион еврей, жиырма миллион Кеңес Одағының адамдары қырылып еді. Сол еврей жеріндегі соғыс та тоқтаған жоқ. Сионистік ұйымда баланың қанын істік тығып шығарып, оны нанға қосып жейді, деуші еді. Қариялар асарын асады, жасарын жасады десек те, балалардың соғыста қырылуы жан түршіктіреді. Өйткені, жер бетінде баласыз үй жоқ шығар... Барлық әлем байлығы сәбидің жылағанына тұрмайды. Лондонда ереуілшілер: "Әміршіл Саддамды өз халқы түзесін, пісіріп жесе де ерік өздерінде, мұнайға таласқан соғыс есуастық" - деп Жер шарын қолтықтаған есалаң түрдегі Буштың мазақ келбетін масқаралады. АҚШ-тың әдебиет және өнер қайраткерлері мыңдаған қол жинап Буштың әрекетін әшкерелесе де, ол соғыстың тажал машинасын тоқтатар емес. Қан жұту аздай-ақ көріне ме, әлде соғыс өртінің ішіндегі балалардың үні құлағына жетпей ме? Жо-жоқ, өзінің отбасы, ошақ басы аман болған соң, өзгенікін түсінбейтін темір адамдардың қан көрген сайын көзі қанталап ештеңені көрмей кететіні бар. Бұл да солай.

Ертеде қариялар: "Ақырзаман болғанда аспаннан Айса түседі, Жерден Мәді шығады, екеуі қызыл теңіз маңында қырғын соғыс ашады, аспан жерге түседі, жер аспанға шығады" - деуші еді. Соны енді ұғындық.

Россияның белді қоғам қайраткері В.Лукиннің: "АҚШ қай елді бомбалаймын десе де өз бетімен кетіп отыр. Ауған елін, Югославияны да бомбалап шықты. Европа елдерінің қарсылығына пысқырмайды, ол түгілі құрамында 50 мың адам қызмет істеп отырған Біріккен Ұлттар Ұйымының де беделін түсіріп болды, есеп төркіні әлемге өз билігін жүргізу, әлем халқының пікіріне мойынұсынбау, - деген сөзінің жаны бар. Бар шындық осы.

Гитлер: "Жұмыр жерге арицтер ғана жұмақ орнатады" деп сандалып еді. Буш теледидардан адамзатқа қауіп төндіріп отырған қылмыскер Саддамды жойсақ АҚШ қауіпсіз тірлік етеді, деп соғады. Ал, соғысқа қарсылық білдірушілер Бушты әлемнің бас терроршысы деп, АҚШ-тың мемлекеттік туын өртеді. Бірақ, оны тыңдап жатқан ол жоқ. Жынға қарғыс дарымайды. Өйткені, Югославиядағы 117 шіркеуге паналаған қарапайым әлсіз халықты бомбалап өртеп жібергенін тірі пенде ұмыта қойған жоқ. Наурыз айының 21 күні Бағдат қаласына жүзден астам оқтұмсық өрт қойғанын жер жүзі біледі. 1991 жылғы АҚШ-тың Иракқа салған соғысынан мүгедектік күй кешіп отырған АҚШ солдаттары көз жасын төгіп, жарық күнді көруге жалбарынып отыр. Бушқа байлық қайғы, жұртқа жан қайғы, Демек, бүкіл жер бетіндегі қару-жарақты жоюдың амалын таппаса әлі дүниеге келетін талай Буштар жұмыр жерді жаруға жақындады. Бұларға бәрі аз көрінеді. Соғыс құмарлардың анасы адам қанына жерік болды ма деп те ойлайсың және соғысшылға сот жоқ болғаны таңғалдырады.



ҚҰДАЙДАН ҚОРЫҚПАҒАННАН ҚОРЫҚ

Гүлшат ХАМИТ

Жетпіс жыл бойы дінге үрке қарап келдік. Бізді солай үйретті. Менің бір сыныптасым қолына пышақты ала салып, "Кәне, құдай, көзіме көрінші, қазір жарып өлтірем" деп кеңестік саясатқа адалдығын паш етсе, әжесі байғұс "Біссіміллә, біссіміллә... О, Алла, бір өзің кешіре гөр, біз бейбақты" - деп құдайға жалбарынып жататын.

Қазір де солай. Дінге әлі теріс қараймыз. Жастар үшін ол ескіліктің қалдығы, кәріліктің белгісі сияқты. Менің замандастарым мұсылманшылық жолды ұстанса шарап пен арақтан қол үзіп қаламыз деп уайымдайды. Мұсылманшылықтан гөрі арақ-шараптың буы қымбат болып тұр бізге. Мені жастардың мешітке жоламайтындығы ойландырады. Шын, жас-кәріміз жаппай мұсылман екенімізді жылына бір рет есімізге түсіріп жүрміз. Ол мұсылмандығымыз рамазан айында мешітке барып, жәшікке "қайыр-садақа" тастаумен шектелуде. Осыдан кейін құдай да ұмыт, "құлһу Алла" да ұмыт. Қалған уақытта қазаққа құдайдың керегі шамалы болып тұр.

Қысылғанда тілімізді кәлимаға келтіргенмен, қалған жердегі құдайсыздығымыз бен имансыздығымызға не себеп? Кім кінәлі? Исламның әлемдегі таза, нұр-шапағат дарыған, бірден-бір қасиетті дін екенін жеріне жеткізіп айта алмай жатқан, мәнін уағыздап, жастарға тарата алмай жатқан мешіттегі діни басшылар ма? Әлде өзіміздің кеңестік саясатқа деген "шексіз махаббатымыз" бен шектен тыс "адалдығымыз" ба?

"Ел боламын десең бесігіңді түзе" демеп пе еді Мұхтар Әуезов. Қазақтың бесігін түзеп, берекесін кіргізетін, қисығын түзулеп, жоғын түгендеп беретін де нақ осы дін болар-ау. Дін болғанда, бәзбір фанаттар сияқты елге зиянын, санаға кесірін тигізетін әсіресе діншілдік емес, адамгершілікке, иман жолына бастайтын, шапағатты дін.

Қазақ болу үшін бізге әуелі мұсылман болып алуымыз керек шығар. Мұсылман екенін бесікте уілдеп жатқан бала сезінуі керек. Мектептегі алғашқы жылдардан бастап, дін сабағы пән ретінде кіргізілсе, нұр үстіне нұр емес пе?

Жас шыбықтай иілгіш кезінде иман сабағын алған баланың жүрегі имансыз соғады дегенге сенгім келмейді.

"Құдайдан қорықпағаннан қорық" деп тегін айтты дейсіз бе.

Осы тұрғыдағы ой-пікірлеріңіз болса, редакцияға хат жолдауларыңызды өтінеміз.



МӘДЕНИ МҰРА
ЕЛ АУЗЫНАН
(Жалғасы, басы өткен санда)

Жанбатыр қажының жарқын жырлары

Ата-анасы бар болса,
Арылмас бір мұң ғой.Бұл арақ -
Ақылсыздың ажалы,
Ақымақтың базары.
Қалтаның жұты,
Өмірдің құрты.ы
Соттайтын соты,
Жандыратын оты.
Ерегістің бел баласы,
Төбелестің төрағасы!


Кәне, осы өлеңімнің ішінде арақ арам ас деген сөз бар ма? - деп Садақбаевқа қарсы сауал қояды. Бұл сөзінен де іліп қалар ілік таппаған Садақбаев: "Төрт әйеліңіз бар көрінеді. Бұл Совет заңына қайшы, әрі обал емес пе?" - дейді.

Жанбатыр тағы да өлеңдете жөнеледі:
Төртеу емес, жасымда,
Он шақты еді арманым.
Әйтсе дағы сүйісіп,
Төртеу-ақ болды алғаным.
Бір әйелдей төртеуі,
Тату-тәтті жан-жарым.
Алпыстан асып мінекей.
Аймалаудан қалғаным.
Қайдан келдің кәріме?
Уылжыған етті алдың,
Үлбіреген бетті алдың.
Төсегімнен ....
Берекені құтты алдың.
Айхай, кәрілік, неңді алдым?!
Арыстандай күшті алдың,
Ақ меруерттей тісті алдың.
Желбіреңкі келісті,
Қызыл шырай түсті алдың.
Ел ішінде ептейлі,
Қолымдағы істі алдың.
Айхай, кәрілік неңді алдым?
Кеспей, пішпей ат қылған,
Өзімді-өзім мат қылдым.
Жастайымнан қосылған,
Төрт жарымнан жат қылдың.
Бар денемнің қызуын,
Су сепкендей сап қылдың.


Айхай, кәрілік, неңді алдым?! - деп зар төгеді. Садақбаевтың да қажыға деген ықыласа ауып, кінәларға себеп таппағандықтан босатуды жөн көреді.

Жанбатыр шыға бергенде Садақбаев: "қажы, мен сізді босатып отырмын. Тым болмаса рахмет те айтпадыңыз-ау" - дейді. Сонда есік тұтқасын ұстап тұрған Жанбатыр:

Үдетіп өнер, күшті асырайық,
Төбеден тас түссе де шошымайық.
Үздіксіз ел өмірін көркейтуге,
Аянбай ат салысып қосылайық!
Жатарсың денем барып қазған көрге,
Болмайды қайта келіп мен сөйлерге.
Өсіп, өніп ел-жұртым өркендей бер,
Өлсем де менің жаным елмен бірге, - деп шығып жүре беріпті.


Осынау жыр жолдары, сөз жоқ Жанбатыр қажының қара сөзден сойып түсірер тақпақты төгілме өлеңге оңтайлы қасиеті аңғарылады.

Жоғарыда қажы Ақан сері мен Үкілі Ыбыраймен жүздескен, тілдескен дегенді айтып өткен едік. Осы сөзімізге төмендегі екі оқиға дәлелдікке жүрмек.

Атбасарда жарылып айырылар жұрттың ортасында Ақан сері ән салып тұрса керек. Өнер адамдарының да осындайда жүз көрсетіп қалар дәстүрі бар. Әнді естіген атақты Тайжан ақын атын омыраулатып келіп Ақанға қарата:

Ассалаумағалайкум, Ақан сері,
Бар дейді бір өзіңде төрт-бес пері.
Барлығын бауырыңа баса бермей,
Ағаңа біреуінің жоқ па жөні, -дейді.


Әдетте Ақан "пері, перінің қызымен жүреді" дегенде үндемей қалады екен. Бұл жолы да Тайжанға тіл қатпайды. Сонда топ ішінде тұрған Жанбатыр қажы: "Жолыңды бер!" депті. Ақан бердім деген.

Жанбатыр Тайжанға қарап:
Ақандай өз еліңде сері жоқ па,
Дүниеде ойнап-күлсең пері жоқ па.
Ұялмай келініңнен дәметесің,
Бетіңде ұялатын терің жоқ па? - дейді. Тайжан "тоқтадым" деп Ақан мен Жанбатырдың қолын алыпты.

Жазып алған Төлеген Қажыбай
Көкшетау қаласы




Мұсылмандар телефоны

Дубайдың "Илкон" және Египеттің "Харф Информейшн Технолоджи" компаниялары мұсылман қауымына арналған ilkone i800 ұялы телефондарын шығарды. Жаңа аппараттың ерекшелігі, әлемдегі бес мыңнан астам қалада Меккені бағыттап, бес уақыт намазды еске салады. Сонымен қатар ағылшын тіліндегі Құранның толық мәтіні, хижра бойынша жыл есебі қамтылған. Жаңа телефонда сандық камера жоқ. Ол мұндай камералардың Сауд Арабиясында қолданылуына тиым салынуымен байланысты болып отыр.

Жаңа үлгідегі телефон бағасы 496 доллар. Ол Ливан, Иордания, Сирия, Судан, Алжирде сатылуда.



ОҚЫҢЫЗ, ҚЫЗЫҚ!

Құрсақтағы тірлік

Ультрадыбыспен зерттеудің жаңа техникасы ана құрсағындағы 12 апталық шарана туралы толық мағлұмат алуға мүмкіндік берді. Ғалымдар түсіріп алған суреттен оның құрсақтағы қадамы, есінегені, көзін уқалағанын анық байқауға болады.

Аппаратты Лондондағы медицина профессоры Стюард Кэмпбелл жасаған. Оның артықшылығы, осыған дейінгі жабдықтарға қарағанда дәлме-дәл нәтиже береді. Профессордың бұған дейін де шараналарды зерттеудегі жаңалықтармен аты шыққан. Мәселен, өткен жылы Кэмпбелл ана құрсағында күлімсіреп жатқан сәби суретін түсіріп, айды аспаннан шығарған. Осы еңбектерінің негізінде суреттерден құралған "Қара, мен қалай өсіп келемін" деген альбом құрастырған. Қолданыстағы УЗИ әдісімен құрсақтағы ұрықтың даму деңгейін бағалауға болса, жаңа аппаратпен ұрықтың әр қозғалысын бақылауға болады.

Кэмпбелл суреттерінен 12 апталық шарананың құрсақта керіліп, тебініп, аунағанын, 18 аптада көзін ашатынын көруге болады. Дәрігерлердің көпшілігі болса, шарана 26 апталық мерзімге жетпейінше көзін аша алмайды деген тұжырымды ұстанады. Ал, 26 аптаға жеткенде құрсақтағы титімдей адамзат баласы кәдімгідей күліп, жылап, ықылық атып, сорып, тырнауды меңгереді екен. Бұған дейін балалар тек туғаннан кейін 6 жұмадан соң ғана күледі деп есептеліп келген. Лондонда жаңа технология бойынша зерттеудің сеансы 275 фунт стерлинг тұрады екен.



Қобыз сарыны немесе көне
аспаптар құпиясы

Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын...
МҰҚАҒАЛИ

Арман ӘМЕН

Ғасырлар алмасып, уақыт озған сайын дүниенің ритмикасы, әуен-сарыны да өзгеретін тәрізді ме, қалай?! Талай тылсым құпиясын ішіне бүккен құм төбелерден уілдеп соғатын аңызақ жел қамыс пен шидің басын шертіп, әлдене айтқысы келетіндей. Сол төбелерді аударсаң, әлдебір құпия сырлар ашылатын тәрізді.

Қалай десек те, өткеннің мінезін сол көненің көзіндей болып бізге жеткен аспаптар ғана жеткізе алады. Қобыз сарыны, домбыраның қоңыр үні... Тарих көшінде алмағайып замандар болып, сол аспап жәдігерлердің бізге жеткен түрлері қаншалықты жетілдіріліп жатқанымен, өзінің бастапқы үнін бәрібір жасырып тұрғандай көрінеді. Өйткені, біз оны қазіргінің даңғазасына лайықтағымыз келетіндей-ау тәрізі.


Әлқиса, ерте бір заманда қиын-қыстау шақ болып, бір шалдың жеті бірдей ұлы аштықтан опат болса керек. Сонда заманына күйініп, ішқұса болған әлгі шал тиек орнына жеті асық қойған, жеті қылдан тартқан аспап - жетігенді ойлап тауып, сонымен ішкі зарын шығарған екен... Жошының қазасын жеткізген домбыраның да көмейіне қорғасын құйылыпты деседі. Баяғыда бір дүниенің жын-шайтанын бағындырған бақсының басты қаруы қобыз еді ғой. Софы-молдалар қасиетті аспапты бөгденің қолына тигізбепті. Сөйтіп, сөз боп шыға алмаған ішкі күңіреніс зарды бабаларымыз осы аспаптармен жеткізген дейді. Заманында дұға жасап, ағып жатқан қара суды кері ағызған керемет ғұламалар да болған деседі. Ал, әлгі өнер атаулының тылсым сыры да осыған саяды.

Қазіргі ұрпақ бұрынғы ешкі шегінің орнына сіңір, темір-сым тартқан сол аспаптардың бастапқы шығу тегінен мүлдем хабарсызбыз деуге болады. Себебі, бізге жеткен әлгіндей аңыз-әңгімелер желісінен басқа мағлұматтар жоқ. Қазір Қазақстанның кейбір тұстарында елдің қолында ІІ ғасырдан артық сақталған қобыздар бар екен. Оның шығу тарихына әрі қарай үңілсек, тек орта ғасырлармен ғана шектелеміз. Ерте дәуірдің жәдігері деп табылған қаңылтыр белдікте шекті аспапта ойнап тұрған адамның тұрқы анық бейнеленген. Одан бергі бізге жеткен түрі - сыбызғы, қобыз, домбыра. Осыдан артық ештеңе білмейді екенбіз. Ал, тас кітаптар арқылы жеткен петроглифтерден қару мен қобызды ажырату қиын.

Жалпы, қобызды айтар болсақ, оның шығу тегін Қорқытпен байланыстырады. Түсінде Алла тағала Қорқыт атаға аян беріпті: "Сенің қобызың алты жасар түйенің жіліншігінен жасалады. Оны жалғыз өркешті нардың терісімен қаптап, тау ешкінің мүйізінен тиек қондыр да, бесті жылқының қылынан шек тарт", - дейді. Сөйтіп, осы қобыз дүниеге келіпті-мыс. Аңызда тірліктен баз кешіп, өлімнен қашқан Қорқыт қайда барса да, ажалдан құтылмасын біліп, шарасыз күйіне налып, ішкі күңіренісін осы қобыз үнімен шығарған екен. Ал, әлгіде баяндағанымыздай, қазіргі сым ішекті қобызды жетілдірілген аспап деп мойындаймыз ба? Сонау бір уақытта сырттан ат арытып келіп, кейінге ұлағат қалдырған зерттеушілер қобыздың дыбысын аққудың үніне балап, сыртқы тұрпатын да соған теліпті.

Қалай десек те, қазіргі жұртты қобыз үніне ұйып кетті деп айту да қиын. Бәлкім, бұл біздің қабілетіміздің төмендігі ме? Бозторғайдың шырылын айырпланның гүрілі бұзған заманда ендігі ойымыз домбыраның үнінен қайғыны ұққан, яки, ұлының қазасын естіген Шыңғыс ханның музыкалық қабілеті зор болған ба? Жаугер қаһанның құлағына, яки, санасына сезім құйған әлгі жағдай аспаптың мінсіздігі, табиғилығы, құдіреті ғой деген ой туады. Дегенмен, бұл - аңыз.

Енді, басқа да аспаптардың жағдайына келейік. 1644 жылы туған итальяндық шебер Антонио Страдивари өмірінің соңына дейін мыңнан аса скрипкаларды дүниеге әкелген. Қазір әлемнің әр түкпірінде 500-ге тарта Страдивари таңбасы басылған скрипкалар бар. Бүгінгі ғылым бұл аспаптарды көне жәдігерлер ретінде ғана емес, олардың дыбыс шығарудағы әуезділігінің ерекшелігі үшін де құрмет тұтады. Құпиясын ішіне бүккен аспаптардың дыбыс шығару сырын білуге қаншама шеберлер, ғалымдар қызығушылық танытып әуестенгенмен, түбі нәтижесіз. Әйгілі скрипканың ғажайып үн шығару сиқырын олар аспап бойындағы әлдебір химиялық қосылыстардың әсерінен деп топшылайды. Шебер ағашты дайындағанда, теңіз суына шайып отырған деген де аңыз қалыптасқан. Қолдан-қолға өткенімен, өнерді сыйлаған ерекше күтімдегі бұл аспаптар осы күнге дейін жетіп отыр. Сондай-ақ, кеше ғана Марат Бисенғалиевтың қолы жеткен Гальянолар скрипкасы да екі ғасырды өткерді. Мұндай аспаптармен сахнаға шығу әрбір өнер серкелерінің арманы болғалы қашан.

Өнер тілін білген, яғни, әу баста ағашқа тіл бітірген сол шебер қолдардан шыққан аспаптардың үнін бүгінгі мамандар келтіре алмай әуре. Ал, өреміз жетпеген нәрсені құпия деп атауға біздің етіміз үйренген. Күштілікті солай ғана мойындаймыз.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ


Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"