ГАЗЕТА
№ 28 (81)
16-22.07.2004
  Первая страница
  Подробности
  Социум
  Экономика
  Демография
  Годы аула
  Нормативная база
  Агромаркетинг
  
  Глобус
  Туризм
  На досуге
  Всем обо всем
  Колонки


  РАЗНОЕ
  Архив
  Обратная связь
  ВМЕСТЕ С НАМИ
  ВАЛЮТА, ПОГОДА

Kazakhstan Financial Market



Вся погода
  АУЫЛ ӨМІРІ  
Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

Бауырластар қауышты

Ғали САҒДИҰЛЫ

Түбі бір түркі бауырлар осы аптада Астанада бас қосты. Мәдениет министрлері деңгейінде өтетін ХХI- мәжіліске Әзербайжан, Молдова құрамындағы гагауыздар, Башқұртстан, Қырғызстан, Алтай, Тыва, Саха-Якутия, Татарстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Түркия, Түрікменстан және Хакасия Республикасының өкілдері қатысты.

Мәжілістің ашылуына елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жолдап, ұйымның туыстас халықтарды рухани жақындастыруда және ортақ түркі мәдениетін әлемдік өркениет кеңістігімен ықпалдастыруда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді. Тарих тереңінен тамыр тартқан мәдени байланыстарымыз бүгінгі достастығымыздың негізгі арқауы болып табылады. Біздің мәдениеттеріміз күллі тарихи даму процесі барысындағы бастау бұлақтарынан бүгінгі дәуірге дейін өзара ықпал жасасып келді. Сол арқылы өзіндік мазмұнын байытып түркі тілдес халықтардың үзілмес достық байланыстарын нығайта түст", деді мемлекет басшысы.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін құрылған, саяси мәселелерден алшақ ұйым түркі халқының тілі мен мәдениетін және салт-дәстүрлерін сақтап, дамытуды көздейді. Аймақтық ұйым ретінде ТҮРКСОЙ ЮНЕСКО мен қарым-қатынас жасауда.

Көптен бері айтылып жүрген, республикамыздың алфавитін латын қаріптеріне көшіру жайы мәжіліске қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Алтай автономиялық республикасының мәдениет және кинематография министрі Иван Беляков "латын жазуына көшу арқылы тіл тазалығы мен оның дыбысталуын қалпына келтіре аламыз", десе, ТҮРКСОЙ-дың Бас директоры Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі Полат Бұлбұлоғлы өз елінің латын әліпбиіне 1992 жылы көшкенін жеткізді. "Өтпелі кезеңде аздаған қиындықтар болғанымен, қазір латын қарпі өмірдің барлық саласына кірігіп кеткен. Әзербайжанның бұл тәжірибесі латынға көшу алдында тұрған мемлекеттерге үлгі бола алады", деді. Осы мәселеге орай Вице-премьер Бірғаным Әйтімова латын қарпіне көшуді Үкіметтің сараптаудан өткізіп жатқандығын, ұлт үшін маңыздылығы жан-жақты дәлелденсе, онда оң шешімін табуы мүмкін екендігін айтты.

Мәжілістің екінші күні бейнелеу өнері саласындағы ТҮРКСОЙ-дың арнайы сыйлығы тағайындалып, ұйымға қатысушы-елдердің ұсыныстары тыңдалды. Түркі дүниесіне сіңген еңбегі үшін тапсырылатын дәстүрлі халықаралық сыйлықтан үміткерлер саны бұл жолы 60-қа жетті.

Ұйымның келер жылғы жұмыс бағдарламасы бекітілді. Сондай-ақ,ТҮРКСОЙ-дың уақытша үйлестірушісі сайланып, кезекті ХХII-інші отырысы келер жылдың мамырында Қазан қаласында өтетін болды. Мәжіліс қорытындысында қабылданған декларация және Жұмыс хаттамасына қол қойылды.

Қонақтар Президенттік мәдениет орталық, "Бәйтерек" кешенін, "Думан" ойын-сауық орталығын аралап көрді.



ҚҰТ ӘКЕЛ, ҚАЙТА ОРАЛҒАН МИНИСТР

Әмір ЖАУЛЫБАЙ

Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жарлығымен осы аптада Алтынбек Сәрсенбайұлы Ақпарат министрі болып тағайындалды. Министр бұл қызметтің өзіне етене таныс екенін келісімен көрсетті. Атап айтқанда қазақ тілі ақпарат кеңістігінде аяғынан қаз тұрып, мәртебесіне сай қалыптасқанша мемлекеттің қолдауы сақталуы керек, деді. Ол әкімшілдік-әміршілдік жолмен емес, қазақ тілінде жасалған қызғылықты, салмақты жобаларға мемлекеттік тапсырыс жасалып, мемлекет тарапынан қаржы бөлінетін болады.

"БАҚ туралы" жаңа заң жасау тағы А.Сәрсенбайұлының еншісіне бұйырып тұр. Қолданыстағы заң оның басшылығымен даярланған болатын. Телерадио арналарындағы қазақ тіліндегі хабарлар ауқымы әуелі 50, келер жылы 80 процент деңгейінде болуы керек деп, жағаласып жүріп жеңіп шыққан министр жаңа заңда да мемлекеттік тіл мәртебесін орнықтыра түспесе, олқы соққызбайды деген сенімдеміз. Өзінің айтуынша, жаңа заңның артықшылығы, журналистер мүддесі мен БАҚ-тың дамуына жол ашады.

Министрдің тағы бір тың бастамасы, ақпарат кеңістігінде жаңа БАҚ-тарды тудыру.

Оның амалы, ел аймақтарындағы радиожелілерін сараптаудан өткізіп, бос арналарды жаңа құрылған телерадиокомпанияларға беру.

Кезінде БАҚ-тарды ҚҚС-нан босатып кеткен жеңілдікті қайта енгізуді көздеп отырғанын және жеткізді. Сонымен қатар "Қазақстан-1" телеарнасы негізінде елімізде алғаш рет қоғамдық теледидар құрмақшы. Осының бәрі қайта оралған министр құт әкелер деген үміт тудырады.



Тілді талапайға салмайық

Еркебұлан АЛТАЙ

Кеше Астанада "Қазақ терминографиясының өзекті мәселелері" атты ғылыми-тәжірибелік семинарда Мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов бірқатар жағдайларға тоқталып өтті. Оның айтуынша бүгінгі басты міндеттердің бірі - қазақ тілінің қолданыс аясын барынша кеңейту және мемлекеттік мәртебесін орнықтыру. Бұл ретте терминология саласының алар орны ерекше. Осыны айтқан ол көптеген салалық терминологиялық сөздіктердің жарық көргенін атап өтіп, бұрын аударылмай келген көптеген терминдер қазақша сәтті баламаларын тапқанын жеткізді. Алайда, терминология саласында алғашқы жылдары жаппай өріс алған екпінді қарқын басылып қалған. Министрдің айтуынша, термин жасау процесіне атсалысып жүрген мамандар мен зиялы қауымның барлығы бірдей термин мен оны жасау табиғатын жетік біле бермейді. Оған кәсіпқойлылықтың жоқтығы және тіл заңдылығын білмеу себеп болуда. Отырыста сонымен қатар кейбір терминологиялық сөздіктерде сөздердің етістік, сын есім, үстеу тұлғалары да термин болып жүргені сынға алынды. Әрі бір саладағы терминдердің екінші бір сала терминдерімен өзара қатыстығы, сәйкестігі және жүйелілігі ескерілмей отырғандығы айтылды. Бұл орайда бекітілген терминдерді қолданбай өз білгенінше аударып, өз бетінше термин жасаушылардың көбейіп отырғаны шындық. Мұндай үрдіске жол беру түптеп келгенде қазақ терминологиясының дамуына нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан бұл жиында ең алдымен, терминологиялық үрдісті ғылыми негізге қоюдың, екіншіден, оны үнемі бақылап, реттеп, үйлестіріп отыру қажеттігі тапсырылды.



ШІЛДЕНІҢ 18-І МЕТАЛЛУРГТЕР КҮНІ

СЕРПIН

Арман ӘМЕН

Менделеев таблицасындағы барлық қазба түрлерін бойына жасырған Қазақстан жері - кен ордасы. Еліміз ТМД мемлекеттері арасында мыс, цинк, қорғасын, тантал, темір және тағы да басқа металдар өндіруде алдыңғы орында. Сонымен қатар Қазақстанның тау-кен металургиялық кешені бүгінгі таңда сыртқы нарық тенденциясында маңызды роль атқаруда. Бұл бағытта сыртқа өніміміздің 95 проценті шығарылып, пайда әкеліп отыр. Оның ішінде қара металлургия темір өндірісі, марганец, хромит кені, шойын, болат, прокат, ферроқортпа, қызуға төзімді және қайта өңдеу өндірісі бойынша 12 салаға бөлінсе, түсті металлургия қорғасын, цинк, мыс, титан, асыл және сирек металдар, молибден концентраты, уран шикізаты секілді құрамына 26 ірі кәсіпорын кіретін сегіз саланы қамтиды.

Қазақстандық металлургия өндірісінің басты мақсаты, сыртқы және ішкі нарыққа бәсекелестікке қабілетті, сапалы әрі өнім шығару болып табылады. Отандық металлургия саласының бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру 2010 жылға дейін жоспарланған металлургия өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттарын айқындайды. Мұның алғы шарты инвестиция тарту мен инновация енгізуді жедел әрі ауқымды түрде жүзеге асыру болып табылады.Инновациялық-инвестициялық қызметті күшейту кәсіпорындардың дамуын тежейтін жағымсыз факторларды азайту мен қатар өндіріс потенциалын жаңартып, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі нормаларды сақтайтын және жұмсалатын шығыны төмен дәстүрлі әрі жаңа өнім өндіруге зор ықпалын тигізбек.

Сонымен қатар Қазақстан металлургиясының бүгінгі таңдағы міндеті сыртқа өнім шығаруда қалыптасқан жүйені талапқа сай атқару және оны одан әрі жетілдіру. Себебі өнімді өндірумен қатар оны бағалай да білу қажет. Әріге бармай-ақ көршілес Ресейдің өзі біздің елімізде өндірілетін хромит, тантал, рений және тағы да басқа сирек әрі бағалы металл түрлеріне аса зәру. Сондықтан ЕурАзЭҚ аясында дүниежүзілік сауда ұйымына бірігудің экономикалық маңызы да осыған саяды.

Бірақ, қалай десекте кен қазып,оны шикізат күйінде сатуда алдымызға жан салмағанымызбен игеруге, яғни одан дайын өнім шығаруға келгенде мақұрымбыз. Бұлай болған жағдайда біз кен қорын әлдеқайда үнемдеуге қол жеткізген болар едік. Себебі жер қойнауындағы табиғат байлықтарының таусылатыны анық. Сарапшылардың айтуынша біздегі кен қорының 20-30 жылдық қана қоры бар. Бұл мәселе өткендегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықпен тікелей эфирдегі жүздесуінде де көтерілген. Оған елбасы қазіргі жасалып жатқан шаралардың бәрі оған жол бермеудің амалы деп түсіндірген еді. Яғни біз тек табиғат берген байлыққа ғана сенім артпауымыз керек. Өскелең ұрпақ, жалпы халық жан-жақтылыққа бейімделуі керек. Кіші кәсіпкерлікті барынша дамыту, инновациялық саясат тағы басқаларының ерекше назарда болуы да сондықтан. Ендігі міндет, шикізат қорын тиімді пайдалануда болып отыр. Ол үшін кенді шикізат күйінде басқа мемлекеттерге сатудан гөрі өз өндірісімізде пайдалануға, одан дайын өнім шығаруға қол жеткізуіміз керек. Сонда импортқа жалтақтығымыз да азаяр еді. Отандық өндірісіміздің сапалы өнім шығарудағы бәсекелестік қабілетін арттырғанда ғана біз осыған қол жеткіземіз.

Ел экономикасындағы негізгі саланың бірі - металлургияның кешегі құлдырау жылдарынан кейін еңсесін қайта тіктегені айқын. Жаңа серпін жаңаша көзқараспен жұмыс істеуге бейімдейді.



ЕГІН ОРАҒЫ

ҚЫРМАН ҚЫЗЫЛҒА ТОЛА БАСТАДЫ

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЕВ, журналист

Бәрін де ескеріп, есептеп алып кіріссе қандай науқанды болмасын алғашқы күннен кідіріссіз жүргізуге жол ашық емес пе?! Жылдағы дәстүрмен Қордай ауданында диқандар мен селекционер ғалымдарды қатыстыра отырып, облыстық "Егінжай күндері" семинар-кеңесін өткізген соң астық комбайндары алқапқа шығарылды. Қазір табиғат жағдайы өзгеше Жуалы мен шөлейт Сарысу аудандарынан басқалары тегіс егін орағына кірісіп, қырмандарын қызылға толтыра бастады.

Биыл облыста 353863 гектардың егіні орылып, бастырылуы тиіс. Дәл науқан басталар қарсаңда Үкімет тарапынан облысқа 14 мың тонна дизел отыны бөлінуі диқандар үшін қуанышты оқиға болды. Өйткені мұндай көлемдегі арзандатылған жанармай егінді орып, жинап алуға ғана емес, жем-шөп дайындауға, күздік үшін жер жыртып, тұқым себуге, жиын-терін жұмыстарын атқаруға молынан жетерлік.

Орақтың алғашқы нәтижелері биыл да жоғары. Әр гектардың түсімі облыс бойынша 12 центнерден асып отыр. Қордай, Меркі сияқты егін шаруашылығы мәдениетіне зор көңіл бөлетін, ғылым мен тәжірибе одағы нығайған аудандарда гектар қайтарымы бұдан да жоғары.

Былтыр облыста күздік бидай алқабының 78 процентінен астамына өнгіштігі жоғары тұқым себілген болатын. Өткен жылы әр гектардан 20 центнерден асыра дән бастырған облыс диқандары биыл да жоғары межеден көрініп, облыстық "Ауыл" аграрлық азық түлік бағдарламасында көзделген межелерден асып түсуге құлшынулы.

Жамбыл обл.



Мақсұтбек ИБРАШЕВ

Биылғы орақ шығымына диқандар көңілі дән риза десе де болады. Гектардың орташа түсімі 23 центнерден айналуда. Ал Жаңақорған ауданының "Сұңқар" шаруа қожалығында егіншілер мерейі ерекше асқақтап тұр. Ерте көктемнен бастап ала жаздай күткен еңбектері баянды болды. Масағы жерге иілген бидай алқаптары гектарынан 30 центнерден өнім беруде. Аталмыш шаруашылық облыс чемпионы атанып отыр.

Облыс бойынша барлығы 4 мың 900 гектарға бидай егілген болса, соның 4100 гектары Жаңақорған ауданы үлесінде де, қалғаны Шиеліге қарайды.

Техниканың ескіргендігі кей шаруашылықтар жұмысына кедергі келтіруде. Мұндай жағдай негізінен "Келінтөбе", "Өзкент" ауылдық аймақтарына қарасты ұсақ шаруашылықтарда орын алған.

Қырманға төгілген астыққа диқандар алушыны қайдан табамыз деп аңтарылып отырған жоқ. Нарықтағы бидайдың келісі 21-23 теңгеден бағалануда. Сатып алушы оларға лек-легімен ағылуда. Әсіресе Шымкент жақтан қатынаған көліктердің толастар түрі көрінбейді, олар көтерме саудамен бидайдың келісін 18-20 теңгеден әкетіп жатыр.

Мұндайда жергілікті диірмендердің жұмысы әсіресе қыза түседі. Наубайханалар ұн қорын толтыру үшін бидайды молынан қамтуға тырысып жатыр. Өңдеуден өткен астықтың қалдығы қала берді мал азығына жарап жатыр.

Биылғы егін орағы облыс көлемінде мыңға тарта адамды қосымша жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Қызылорда обл.



СУДЫҢ ЗАРЫ ӨТІП ЕДІ...

Әскер Әбілқайыров, журналист

Ақжар - облыс орталығынан шалғайда орналасқан аудандардың бірі. Азық-түлік бағдарламасының жүзеге асырылуына сәйкес осы аудандағы Жаңауыл елді мекеніне Булаев су құбыры арқылы ауыз су жеткізіліп, ауыл тұрғындары қуанышқа кенелді. Осыған орай Жаңауылда салтанатты жиын өткізілді. Оған ауылдың жасынан бастап, егде тартып, еңкейген қарттарына дейін жиналды. Жиынға аудандық әкімдіктің және мәслихаттың басшылары мен жауапты қызметкерлері, құрылыс ұйымдарының өкілдері, ақсақалдар мен орта мектептің мұғалімдері келді. Бәрінің де жүздері жайдары, көңілдері көтеріңкі. Ауылға көптен күткен ауыз судың келуімен бірін-бірі шын жүректен құттықтауда, оны жүзеге асыруға мол үлес қосқан облыс, аудан басшыларымен бірге құрыш қолды құрылысшыларға жүрекжарды алғастарын арнауда.

"Есіл су" РМК-ге қарасты "Перспектива" ЖШС-нің директоры Владимир Катуков ауыз судың ауылға келуі - тазалық және денсаулық кепілі екенін атап көрсетті. Лента кесу рәсімінен кейін өнерпаздар жиналғандарға өз өнерлерін көрсетті. Ақ жаулықты әжелер осынау зор қуаныш, тойға қазақтың ұлттық дәстүрімен шашу шашты.

Ақжар ауданы әкімі Ерік Нұрақаев су мәселесін шешу жайлы былай деді:

- Ауданда үлкенді-кішілі 27 елді мекен бар. Соның 9-ында ауыз су жоқ болатын. Енді, Қарашілік, Үлгілі және бүгінгі Жаңауыл сияқты үш елді мекенге ауыз су берілді. "Ауыз су" бағдарламасына байланысты 140 миллион теңге мемлекет қаржысы жұмсалды. Алдағы жылы бөлінетін қаржы екі еседен астам көбеймекші, соны игеріп халық игілігіне жарату міндеті тұр. Ауданда су мәселесі толығымен шешілсе, адамдардың денсаулығы нығайып, тұрмыс-тіршілігі жақсара түсер еді. Мал шаруашылығын өркендетуге, бау-бақша өсіруге кең өріс ашылатыны да анық. Бұрын бұл өңірге су Ленинград насос станциясы арқылы Ертіс өзенінен келетін. Бірақ одақтың таралуынан, байланыстың үзілуінен ол құбырлардың бәрі ескіріп, істен шықты. Енді қазіргі ауыз су Булаев құбыры арқылы Сергеев су қоймасынан - Есіл өзенінен жеткізілуде.

Солтүстік Қазақстан обл.



БОЙКҮЙЕЗДІКТЕН ҚАЛАЙ АРЫЛАМЫЗ?

Төлеген ҚАЖЫБАЙ, жазушы

Құнтсыз қойшының тақымындағы ыңыршағы айналған қыршыңқы торының жіті жүрістен жаңылған сылбыр тепеңі марғау тірліктің бақилық қалпын қапысыз танытар болса, бүгінгі ауыл өмірінің жадағай тұрмыс күйі де сол сылбыр бұйығылықпен астасып жатар жадау сипатын еске түсіретіндей. Қазір бір кездегі думанды тірлік базарының орнында құйын ойнаған ескі жұрттар сілемі ғана жатыр. Ал ірі, іргелі деген ауылдардың өздері де шаңырақ шайқалтып, іргесі ыдырай бастаған алмағайып күн кешуде. Олардың бірсыпырасы өткен ғасырдың орта шеніндегі өзі тектес елді мекендер тірлігіне дейін төмендеп, құлдырап келді. Оны айтасыз, кезінде бір-бір ауданның орталығы болған кенттердің халі де аянышты күйде екендігін көз көріп, көңіл суынып болды емес пе?! Себебі гигантомания, ірілендіру саясаты ол ауыл, аудандарда да адамдар өмір сүріп жатқандығын, олардың да өмір сүруге құқықтығын ескерудің орнына, алдымен олардың қайтарым қабілетін таразы табағына салып салмақтадық. Сөйттік те ондағы адамдардың мәдениетті тұрмыс кешуі үшін мектебі, моншасы, кітапханасы, клубы, дәріханасы, фельдшерлік пункті болуы керектігіне, керек-жарағын алып тұрар дүкені, сырт әлеммен байланыс үшін жолы, телефоны, радиосы, теледидары жұмыс істеуі қажеттігі ұмыт қалды. Бүгінгі қазақ ауылдарын осындай қолдан тудырып алған шектеулік саясаты ол ауылдың тұрмысын тұралатумен бірге, оларды қоғам алдындағы белсенділіктен аулақтатып, томаға тұйықтыққа, ең сорақысы масылдық марғаулыққа, бойкүйез, самарқаулыққа итермелей түсуде. Бұл бүгін елді іштен іріту, рухын азғындату, қоғам - ұрпақ алдындағы парыз-қарызын ұмыттыруға жетелейтін жетесіз саясат. ҚР Ауыл шаруашылық министрі Ахметжан Есімов мырза сөйлеген сайын "Шағын қазақ ауылдарының келешегі жоқ, ірілендіру керек" деп шегелегенде қазақ сорлының ауылдары эксперименттен құтылмайтын болды-ау дейсің. "Перспективасыз қазақ ауылдарының тізімі республика бойынша түзіліп, енді елді қоныстарды көшіру, баяғы ірілендіру басталмақ. Бұл "жаңалығыңыз бастан өткізген баяғы ескілік" емес пе еді?! Тәуелсіздігіміздің он екі жылын өткеріп ХХІ ғасырға ауыссақ та әлі күнге моншасы, дәрігерлік пункті, кітапханасы жоқ елді мекендер бар дегенге сенгің де келмейді. Бірақ ақиқат алдында бұлтартпас мысалды облыс өңірінен оңдап көрсетуге болар еді.Бүгін біз ауыл тұрмысында кездесер жат әрекеттерді сөз еткенде оның түпкі себеп-аспектілеріне үңілудің орнына қолма-қол үкім айтып, айтпауға ыңғай білдіріп тұрамыз. Мәселен, ауыл жастарының инициативасыздығын, тоғышар, тұйық, белсенділігінің төмендігін алайықшы. Оның түп төркінін сол ортадағы жастар тұрмысының талап-тілектеріне жауап берер жағдайдың, элементарлық мүмкіндіктерінің жасалмауынан іздестірген жөн болмақ. Олардың күнбе-күнгі көріп-біліп жүргені жадаулық, жұтаңдық, рухани аштық, томаға тұйықтық. Ең бастысы - жұмыссыздық! Осының салдарынан қылмыс та, қысастық та, маскүнемдіктен туар басбұзарлық та, бейморальдық әрекеттер де өршіді. Ауылдағы жұмыссыздық, мәдениет арсеналдарының әрекетсіздігі (сатылып кеткен клуб, кітапхана) қоңыржай тұрмыстың бірсарынды сұрқайлығы сол ортадағылардың тоғышарлық, самарқаулыққа барар жолын жеделдете түсті. Кітап оқымайтын елге айналдық. Ал, білмекке, үйренбекке құштарлық жоқ жерде адамның рухы, мәдениеті, қоғам-ұрпақ алдындағы парызын сезінуі таязданып, келе-келе құрдымға кетері болмай қоймайтын аксиома.Мұның сыртында самарқаулықта белең алып тұр. Қора маңының, үй төңірегінің қоқыс астында қалуы, тұтас ауыл сұрқын алар сиықсыздықтың бәрі сол самарқаулықпен сабақтас. Кезінде кейбір ағайынның сиыр сүйкеніп құлатқан шарбақ, орам, жел жұлып кеткен шатыр шиферін өз қолымен жөндеп алуға мойны жар бермей, совхоз, колхоз басшысына жүгіргені жасырын емес еді. Қазір ауылдағы жеңгелеріміз қымыз баптап, құрт-ірімшік қайнатпақ түгілі нан пісірудің өзін ұмыта бастады. Дүкенге нан түспесе аш отыруға бақұл. Аш отыру дегеннен шығады, қазақ ауылдарының тамақ дайындап азықтануы да жыл санап жақсара түсті деуге өз басым сене алмаймын. Қыста соғым еті болмаса, алты ай жаз қара шаймен қамалып отыратын ауыл үйлер аз емес. Тас қарын, ши борбай сәбилерді (рахит) кез-келген ауыл отбасынан көріп жүрміз. Әлжуаз сәбидің өсіп-жетілуі, ертең дені-қары сау азамат болып шығуы неғайбыл. Облысымызда сәбилер өлімінің ауыл-селоларда басым болып отырғандығының себебі дұрыс тамақтанбаудан, азық-түлік ассортиментінің тапшылығынан, көкөніс, жеміс-жидек жемеуінен іздестірсек жаңылмаспыз. Қазақтың жас келіншектерінің дені қаны аздықтан бала көтермейді, көтергені әлжуаз болатындығын академик Төрегелді Шарманов талай рет ескерткен. Сәби, аналар тұрмысының қызығарлық дәрежеде еместігін сезіну қиынға түспейді.

Осыдан ондаған жылдар бұрын Міржақып Дулатов: "Оян, қазақ", деп дауыс көтерсе, сахара төсінде малмен бірге еріп, бірге жусаған ел тұрмысының қайғылы халін көріп-сезгені болар. Атом ғасырын тауысып, ХХІ ғасырдың үзеңгісіне аяқ салған дәуір толқындарымен тай-талас үстінде күн кешіп жатқан ауылдастардың толайым тірлігі мен тұрмысы, ондағы иықтап алған самарқау, бойкүйездік оларды ғасырлар көшінен кейін қалдырардай қатерлі де қауіпті көрінеді.

Шын мәнісіндегі революциялық өзгерістер мен жаңғыртуларды бастан кешіп жатқан тәуелсіздік кезеңінің осынау ағысынан аулақтап қалып, жағалауда тұрып тек қызығушылық қызмет атқарғандар өз дәуірінің, өз кезеңінің, қала берді өз елінің перзентіміз дей алмасы анық. Сондықтан да қоғам өмірінің қайнаған ортасынан ауылдастарымның да белсенді қимылы мен тегеуірінді іс-әрекеттерін сезініп, тәуелсіз елге лайық тұғырларын көргім келеді. Самарқау, томаға тұйықтық, тоғышарлық пен бойкүйездік, масылдық пен кер-жалқаулық қамытын сыпырып тастап, іскер, әрекетшіл халықтармен қатар ауылдастарымды да дауылды дәуірдің ығынан емес, алдыңғы шебінен көрсем деген ізгі арман мені де жиі мазалайды.

Көкшетау



Республика тұрғындарының саны биылғы мамырдың 28-інде 15 миллионға жеткенін бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Статистика агенттігі нәрестелерді тіркейтін өзіне қарасты 2480 уәкілетті органға жар салып, оның кім екенін анықтауды тапсырған көрінеді.

АХАЖ мәліметі бойынша сол күні 601 сәби іңгәлап дүние есігін ашқан. Статистер таңдауы Аягөз ауданы Сергиополь ауылдық округының әкімшілігінде тіркелген егіздерге түскен. Олардың үлкені - Перизат есімді қыз еліміздің 15 миллионыншы тұрғыны болса, артынан ілесе келген бауыры - Бекзат 16-миллионның белесін бастады.

Перизат пен Бекзат Шығыс Қазақстан облысының Аягөз перзентханасында 2004 жылдың 21 мамырында дүниеге келді. Жаңа туғандардың ата-аналары - Сергиополь ауылдық аймағының Бозай ауылында тұратын 36 жасар Нұрлыхан Сағидоллақызы мен 39 жасар Бақытжан Қадырбекұлы Өскенбаевтар.




Алакөлдiң толқыны үй жыққандай

Мұрат ӘМІРЕНОВ, журналист

Үржардан 200 шақырымдай жердегі әйгілі Алакөлге сапар шегуімізге аудан әкімі Маймұрат Уәлиевтің өзі себепші болды. Онда аудан жұртшылығына арнап кешенді демалыс базасы салынып жатыр, құрылыс жұмысы жаңа басталғанымен алғашқы қазығының қалай қағылғанын өз көздеріңізбен көргенге не жетсін деген еді ол кісі. Ер Қабанбайдың қалың қолы жауды Жоңғар қақпасынан әрі асырып тастаған тарихи даланың боз жусанының иісін сезінудің өзі бір ғанибет екен. Бізге жол басшы болып келе жатқан аудан әкімі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Әнуарбек Қайыров өңірдің арғы-бергі тарихына жетік азамат екенін бұрыннан білетінбіз. Әңгіме десе, жанып түсетін Әнекеңнің өлең аралас қара сөздеріне еліте отырып, Қабанбай ауылына қалай жетіп қалғанымызды да білмей қалдық.

Ауылдан үш шақырым жерде ұшы-қиырына көз жеткізіп болмайтын атақты Алакөл жатыр. Емдік қасиеті зор көл жағасында осыдан он жылдай бұрын бір-екі мәрте болғаным бар еді. Ол кезде жағалауын толқын ұрған жағада жапырайып төрт-бес ескі барақ үйлер мен бірнеше сүйретпелі вагон үйлер тұратын. Қолдары жеткендер осы мекендерге тұрақтайтын, көбісі көшпелі шатырлар тігіп алатын. Демалушылар күніне бір рет әкелінетін нанға қырылысып қалатын-ды.

Қазір осы көріністің бірі жоқ, өңшең сәнді коттедждер, дәмханалар мен асханалар орын тепкен. Тіпті, көлге түсуге қолайсыздық тудыратын биік жарқабақтар да қырылып, көл жағалауы тегістелген. Атбасын әдейі іздеп келген Үржар ауданының болашақ демалыс базасына тіредік. Болашақ кешен орны тегістелген, жол салынып, электр желісі тартылған, қарасы бір қауым күнге күйген апайтөс құрылысшы жігіттер шетте әлдебір үйдің іргесін көтеріп жатыр. Осы жерде Батыр Срайлов есімді азаматпен таныстық. Алакөл құрылыс кешенінің басшысы екен.

- Кешен құрылысын "Жамбылжолқұрылыс" ЖШС-ы жүргізуде. Су жаңа бес-алты КамАЗ бен басқа техника Тараздан әкелінді, жұмыс қызған кезде техниканың басқа түрлері әкелінбек,-деді.

- Демалыс базасы қысы-жазы жұмыс істейтін болады. Он коттедж, ашық-жабық бассейндер, 120 орындық дәмхана, теннис корты, би алаңдары, автотұрақ салынады. Қысқасы, бұл жер Алакөл жағасындағы жеті-сегіз демалыс базасының ішіндегі ең әдемісі де үлкені болады. Құрылыс жобасына іс барысында әлі де өзгерістер енгізіледі. Көл жағалауындағы топырақ қыртысы ерекшелігін ескере отырып, бір коттедждің астына 80-90 бетон тіреу соғып жатырмыз. Көл ауылға қарай жақындап келеді, сондықтан жағалауды бекіту шаралары қарастырылған. Бұйыртса, демалыс кешені 2005 жылдың маусымы ашыларда пайдалануға берілетін болады,-деп кешен жайымен таныстырып өтті.

Жергілікті жігіттер күн райын баққыш екен. "Енді бірер минуттан кейін дауыл тұрып кетуі мүмкін, суға шомылатындай ойларыңыз болса, тездетіңіздер" деген соң жапатармағай көк айдынға күмп бердік. Көл суы жыли қоймағанымен аптап ыстықта терлеп-тепшіп жеткен біздерге суықтық өтпеді. Көгілдір аспанмен астасқандай көк шулан айдын суынан тұз дәмі татиды. Алла тағаланың шебер жаратқанын көрмейсіз бе, Алакөлдің Талдықорған жағы тұщы болып келеді.

Көл бетінде бірер минут көсіліп жағаға шыққанымыз сол еді, бірін-бірі қуалаған толқындар жағалауға ақ көбік болып шашыла бастады. "Қазір алақұйын дауыл басталады" деген соң демалыс базаларының біріне кіріп, паналауға тура келді.

"Алакөл" демалыс базасының директоры Жұмагелді Керімханов жайсаң жігіт екен, құшақ жая қарсы алды.

- Маусымның қызған кезінде демалыс базалары күніне 1000-1200-ге жуық демалушыларды қабылдайды. Алакөлді нағыз демалыс аймағына айналдыру үшін коттедждер салу жеткіліксіз, ең бастысы сонау Өскемен мен Семейден бергі жолды күрделі жөндеуден өткізу керек. Алакөл жарықтық табиғаттың бізге бере салған бір сыйы ғой. Қабанбай бабамыз бастаған батырларымыз осы жерді ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғап қалды емес пе. Ал, енді біз туған жеріміздің табиғатын аялай алып жүрміз бе?

Өркениетті елдерде мұндай жерлер туризмнің орталығына айналып, көл-көсір пайда келтіруде. Жазда Ресейден туристер көп келеді, алыс шетелдегілер де Алакөлдің емдік қасиетін білер болса, ағылар еді. Ал, олар тазалықты сүйетін халық. Біз мәдениетті дем алуды білмейміз. Орыста мынадай бір тамаша мақал бар: "Тазаланған жер таза емес, ластанбаған жер таза". Осыны санамызға сіңіре алмай келеміз. Демалушылар осы жерге келіп қой сояды, ішек-қарынын тазалап дегендей, төңіректі ластап кетеді. Демалыс базаларында тазалық сақталады, ал бір күнге келгендер ойларына келгендерін істеп кетеді. Күніне келіп кететін жүздеген адамдарға мұны түсіндіру мүмкін емес, - деп қынжылыс білдіреді Жұмагелді.

Көлге жақын орналасқан Қабанбай батыр және Қарабұлақ ауылдарының тұрғындары жаздың үш айында демалушыларға қызмет көрсетіп, осы көлдің басынан нәпақаларын тауып жүр. Киіз үйлерден 40-50 асхана тігеді, оларды жатын орын ретінде жалға да береді. Олай болса, демалыс аймағының тазалығын да ойлау керек қой.

...Жаңағы бір әзірде тып-тыныш жатқан Алакөл үсті астан-кестең болды. Дауыл қуған үйдей-үйдей толқындар бес-алты метр биіктікке көтеріле келіп, бірінен кейін бірі жағаны ұрғылауда. Толқын қуып әкелген көбіктер жағалаудағы коттедждердің аулаларында көпіршіп жатыр. "Алакөлдің толқыны үй жыққандай екен, келіп-кетіп жүріп көлдің толқыған сәтін көрмеген екенмін" - дейді Әнекең долданып жатқан көл жаққа тамсана қарап.

Біз көл жақтан соққан сойқан дауылды да, ақ маржанын аспанға атқан асау толқынды да елеместен еңбек етіп жатқан құрылысшы жігіттермен және демалыс аймағының қызметкерлерімен қоштасып, іңір қараңғысында кері аттандық. Жағалауды өршелене ұрып жатқан толқынның гүрілі көпке дейін құлағымыздан кетпеді.

Шығыс Қазақстан обл.



Жастардың еңбек биржасы

Жанат ЗИЯШҰЛЫ

Жастарымызды жұмыспен қамту қала әкімшілігінің басты міндеттерінің бірі, дейді елорда әкімі Өмірзақ Шүкеев.

Қаладағы жастар ұйымдары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ильдар Катеновтың айтуынша, жастарды жұмыспен қамтитын биржаның қызмет еткеніне үш айдан асқан. Осы уақытта олардың көмегіне жүгінген үш мыңнан астам замандастарының жартысына жуығы бүгінде өз напақаларын тауып отыр.

Әкімнің сөзіне қарағанда қызметтің осы түрін дамытуға еңбек нарығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық туралы нақты мәліметтің жоқтығы кедергі келтіруде. Сондықтан жастар биржасы осы мәселені шешудің бір амалы ретінде қарастырылуда.

Маусым айының басында аталмыш еңбек биржасы қызмет орындары жәрмеңкесін өткізді. Оның барысында 23 жұмыс беруші жастарға арналған 1200 орынды ұсынды. Нәтижесінде 150 адам жалақы алатын болып, өз мүмкіндіктерін жаңа ұжымдарда көрсетуде.

Қала бюджеті қаржыландырып отырғандықтан жастардың еңбек биржасы өз қызметіне ақы сұрамайды. Алдағы екі жыл бойы жағдай осы күйінде сақталмақшы. Тек жастар қызметі нығайған соң ғана ол шаруашылық есепке көшірілуі мүмкін дейді қала әкімі.

Астана қаласы



Дәрігер атаулыдан қашық жүргенді жөн көретін қазекем соңғы жылдары аурухана десе айналып қашатын болған. Сондағы себептің бірі, қызметтің барлығын ақылы санайды. Жығылғанша ауруын жасырып жүре беретін қанға сіңген әдетті жақсы білетін Нағима Сәдуақасова оларға қол ұшын беруге ауылдарына іздеп барады.

Қажет болса ем-домын жасап, аурудың алдын алуға қатысты кеңестер беріп ұлт денсаулығына араша түсіп келеді. Отыз жылдан артық дәрігерлік тәжірибесінің жиырма жылын туберкулезді емдеуге жұмсаған Нағима Өмірбекқызы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансердің өкпе терапиясы бөлімін басқарады.




Бала тіліне абай болайық

Гүлшат ХАМИТ

Жезқазғандағы "Балдырған" бала бақшасында ұлттық тәрбиенің өзгешеліктері мен ерекшеліктеріна арналған семинар өтті. Бұл әдемі бір бас қосу болды. Оған ардақты әжелер арнайы шақырылды. Күлзейнеп Исатаева - қажы, ардагер дәрігер, қаланың Құрметті азаматы.Гүлдәрі Оспанова да дәрігер, домбыра шертіп, ән әуелететіні бар. Нағима Оспанова университетте психология пәнінен сабақ берген, кафедра меңгерушісі болған.

- Бала бақшаға әжелерді шақырғанда бала жанын олардың жете түсінетінін, олардан асқан психолог жоқ екенін ескердік,-дейді меңгеруші Назгүл Сейткенова. - Бала тәрбиесі бастауын қазақы тәрбиеден алған дұрыс. Халық педагогикасы ғана ұрпағын ұлылыққа бастайды .

Саны бар да сапасы жоқ методикалық құралдарда жетіспей жататын даналық бастауы жер тарихын баяндайтын, ел тарихын толғайтын, салт-дәстүрді барынша қанық беретін кітаптардан алынуы керек.

Осы бас қосу әдістеме құралдардағы тапшы тұстарды толтырып тастаған сияқты. Әжелердің мағына әңгімесіне риза болысқан тәрбиешілер "көп нәрсені аңғартып, біздің өзімізді де тәрбиелеп кеттіңіздер" десіп жатты. Жақсының шарапаты жайдарылыққа бастайды. Осы қасиеттер бала бақшаға бүгінде ауадай қажет. Қазір еркін елміз. Ұрпағымыз соған сай дербес, дара болып қалыптасуы қажет.

Қазақ бала бақшаларындағы тәрбие, тәлім, баланың күтімі жақсы жолға қойылған. Әсіресе 2-3 жасар сәбилер тобында күтім ерекше. Осыны кей тоғышар ата-ана, қандастарымыз арсыздықпен пайдаланатын көрінеді.Олар балаларын бөбек кезінде қазақ бақшаларына бақтырып алып, тілі шыға бастаған кезде орыс бақшаларына ауыстыра қоятын көрінеді.

- Бұл біздің маңдайдағы сорымыз, бойымыздағы кеселіміз,-дейді Н.Сейткенова. Сондағы айтатындары белгілі "Орысшаға берсем, мектебінде оқытсам балам білімді болады" деген біржақты көзқарас.

Осы мәселеге орай бала бақша меңгерушілері "Қазақ тілі" қоғамынан көмек те сұраған. Олар болса "түсіндіру жұмыстарынан басқа қолдан келер қайран жоқ" деп қарап отыратын көрінеді.

- Бұл қоғам дерті, оған өзіміз кінәліміз. Ата-ана, жастарымыз асығыс шешім қабылдауда, шындығында біздегі тәрбие ешкімнен кем емес, осыған көпшіліктің көзін жеткізуге күш біріктіріейік деген тоқтамға келісті.



ШЕЖІРЕ

ШАЛ АҚЫН ТУРАЛЫ БIР АУЫЗ СӨЗ

Жұмаш СЕЙІТБЕКҰЛЫ, зейнеткер

Қазақтың асыл мұра - әдебиетіне өз үлесін қосқан даналарының бірі - Шал ақын. Атамыздың азандап қойылған аты Тілеуке, ал шал деп бала кезіндегі ұтқыр ой, мірдей тіліне қарап аға-жеңгелері еркелетіп атап кеткен көрінеді.

Тілеуке Құлекеұлы бала күнінен алғырлығы, тапқырлығы, шешендігімен дараланады. Адамның екі жауы бар деді шал ақын. Бірі - кедейлік, екіншісі кәрілік.

Кедейлікті жеңуге болады, ол үшін ерінбей еңбек ету, өнер, білімді үйрену. Ал, кәрілікті жеңуге болмайды, оған ем қонбайды. Сондықтан жастық шақты бос өткізуге болмайды. Не нәрсені үйрен де жирен дейді.

Бұл туралы көне көз, көпті көрген, бүгіндері сексенді жағалаған Меңдеш Әшербекұлы Есенәлин бір кездесіп сұрағанда Шал ақын былай деген екен деді. Бұрын еш жерде кездестірмеген сөзінде ол адам жасына баға береді.

Тобылғыдан қатты жоқ, ырғайдан соң,
Пайғамбардан үлкен жоқ Құдайдан соң.
Бір күнде тірі сынаптай жігіт едім,
Ебі құрғыр келмей тұр ұлғайған соң,
- деп хал-жағдай сұраған бір замандасына айтқаны бар, деген еді.

Елу - ердің жасы, алпыс - сұмдықтың басы,
Жетпіс - оттың қасы, сексен - көрдің қасы.
Тоқсан - қураған оты жоқ, қу сүйек депті.


Шал ақын топырағынан тараған, оның ұрпақтарынан деректер алып қалған шежіреші Қоспан Көлдеев марқұм тоқсаннан асқанда мынадай мәлімет қалдырған болатын.

Шалдың әкесі Құлеке ел қорғаған, жер қорғаған атақты Абылай ханның сенімді серігі, өжет батыры, ақылшысы болған.

Құлеке батыр тоғыз жасар Шалға тізгін ұстатып Көкшетау жағына сапарға шығады. Кештете өзіне таныс бір батырдың үйіне қонаға жеткен екен. Түскен үйі қонақты лайықты қарсы алады. Ұры-қарыдан сақтанған батыр баласына тамағыңа тойған соң, осы маңнан алыстамай атты бақ дейді.

Таң ата сол тұстан ұбақ-шұбақ керуен өтіп бара жатады. Бала көңілі тайға мінген тұстастарына, сәнді киінген қыздарға, жасауы жарасқан керуенге еріксіз ауады. Іштегі жалындап тұрған өнері шыдатпай, қасынан өте берген бойжеткендерге қарата суырып салма өлең айтуға түрткі болады. Бұлар сол елдегі ойын-тойға шақырылған жастар еді.

Той басталып, сегіз қанат киіз үйде ән әуелеп, жұрт мәре-сәре болып жатады. Әлгі қонақ екі қыздың бірі ақын Таңсәрі екен. Ауылдың алты аузын тойшы жігіт айтқан соң, ақын қыз Таңсәріге кезек берілді. Сонда ол: мен өлеңді айтармын, осы маңда ат баққан бір бала көрдім, алдымен соның өнерін бір көрсек. Менің білуімше ол тегін бала емес деп Шалды алдырады. Тыңдаушы қауым әкеден рұқсат сұрап Шалды жиынға келтірген екен. Сонда ақын бала Шал тізерлеп отыра салып биенің бір сауынындай уақыт термелеп өлеңді ағытады-ау. Жиналғандардың мейірі қанып, риза болысқан екен. Таңсәрі Шалды жанына алғызып батасын беріп, тойда өзіне тиесілі "бір тоғызын" Тілеукеге байлапты. Сөйтіп, сол жолғы сапарының сәтті болғанын білген әкесі Құлеке: "балам батыр бола ма десем, ақын болады екен" депті.

Бала кезінен талай сыннан сүрінбей өткен Шал ақын қара қылды қақ жарған, кейінгі ұрпаққа айнымас дәстүр қалдырған, әдебиетке, мәдениетке қомақты үлес қосқан біртуар бабаларымыздың бірі.

Солтүстік Қазақстан обл.



СПОРТ

АЗАМАТТАР АРҚА ЖАЗДЫ

Әскер ХАНТАЙ

Аудан орталығы Тайынша қаласында ауыл спортшыларының дәстүрлі облыстық жазғы спартакиадасы өткізілді. Жалауын 8-ші рет көтерген халықтың спорт ойындары алғашқы сәттен ақтық бәсекеге дейін тартысты болды.

"Ақ бидай" спартакиадасына барлық аудандардан бір мыңнан астам спортшы қатысып, спорттың 14 түрі бойынша күш сынасты. Баскетболда ерлер және әйелдер арасында қызылжарлықтар мерейі үстем болды. Волейболдан ерлер арасындағы бәсекеде тайыншалықтарға тең келер ешкім болмады. Әйелдер жарысында айыртаулықтар алдарына жан салмады.

Футболдағы бәсеке ерекше тартысты өтті. Өрнекті ойын нәтижесі бойынша Мамлют ауданы командасының мерейі үстем түсті.

Село спортшылары арасында отбасылық мәрелер ерекше тартысты болды. Ақжар ауданы тұрғыны Кондраттың отбасы бұл жол да бәйге төрін басқаларға бермеді.

Жалпы командалық есепте 286 ұпай жинаған Тайынша ауданы облыстық спартакиаданың жеңімпазы атанды. Сөйтіп тайыншалықтар биыл тұңғыш рет белгіленген облыс әкімінің жүлдесі - "Нива" көлігін еншіледі.

Екінші орынды Қызылжар ауданы иемденді.Үшінші орынға Жұмабаев ауданы спортшылары көтерілді. Оларға тиісінше 2 мың және 1 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай жүлделер берілді.

Қазақстан Аграрлық партиясы футбол додасында жеңімпаз атанғанкомандаға "Нива" жеңіл көлігін тіккен болатын. Бағалы жүлде Мамлют ауданы жігіттеріне бұйырды. Темір "тұлпар" кілтін Аграрлық партия атынан парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы Еркін Рамазанов тапсырды. Жарыстың осы түрі бойынша қалған жүлделі орындарды бөліскен Ғ. Мүсірепов пен Тайынша ауданы командаларына Аграрлық партияның ақшалай сыйлықтарын Парламент Мәжілісінің депутаты Михайл Трошихин табыстады.

"ТрансАвто" ЖШС грек-рим күресінде жеңімпаз атанған командаға арнап қомақты бәйге тіккен еді. Жүйрік сәйгүлік ақжарлықтарға бұйырды. Серіктестіктің балуандарға бүйрегі бұруының себебі, оның директоры Мұрат Шәмшінұров кезінде күрестің осы түрі бойынша спорт шебері атанған белгілі балуан.

"Экспортастық" агрофирмасы жүлдесі жүз мың теңгенің түрлі-түсті теледидарын халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қол күрестен 2004 жылғы Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмабек Оразбаевқа тапсырды. Осы фирма спорттың әр түрінен бірінші орын алғандарға 640 теңге көлемінде жүлде тағайындап, тапсырды.

- Облыстық спартакиаданы өткізуге Тайынша ауданы жақсы дайындалған,- деп бағалады оның бас төрешісі, облыстық туризм және спорт басқармасы бастығының орынбасары Тұрсынбай Сәтқожин. Стадион жөнделіп, жүгіру жолдары жаңартылған. Городки және волейбол алаңдары қайта жасалған. Спорт алаңдары мен жарыс орындары талапқа сай жабдықталған.



ОҚЫҢЫЗ, ҚЫЗЫҚ!

Алып етік

1969 жылы Москва қаласында халықаралық аяқкиімдер көрмесі өтті. Олардың арасынан ерекше бір етік көпшіліктің назарын аудартты. Биіктігі 1 метр 60 сантиметр. Бұл аяқ киім Монғолиядан әкелініпті. Етікті жасауға үш сиырдың терісі пайдаланылған. Оны 45 күнде тігіп бітірген Минилатов деген азамат екен.



Мал атаулары

Монғолдықтар ертеден мал шаруашылығымен айналысқандықтан малды жасына қарай атаудан алдына жан салмайтын халық. Оған бір ғана мысал, жасына қарамай жылқыны 54, түйені 34, сиырды 32, қойды 22, ешкіні 16 атаумен атайды. Сонымен қатар малдың дене мүшелерінің 400-ге жуық атауы бар көрінеді. Тек жылқыны өң-түсі, пішініне қарап 300-ге жуық түрге бөледі.



Алтын кітап

7 килограмм 372 грамм алтыннан жасалған 17 бетті әлемде теңдесі жоқ кітап Монғол мемлекетінің ұлттық банкінің қорында сақтаулы. Ол - "Көпке әйгілі бесінші жыл" деп аталатын діни кітап.


Жинақтаған Құрмет НҰРСҰЛТАНҰЛЫ


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ


Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"