ГАЗЕТА
№ 27 (80)
09-15.07.2004
  Первая страница
  Подробности
  Социум
  Года аула
  Зарубежный опыт
  Культура
  Автобан
  МолодСтар
  Агромаркетинг
  
  Глобус
  Душа народа
  На досуге
  Всем обо всем
  Колонки


  РАЗНОЕ
  Архив
  Обратная связь
  ВМЕСТЕ С НАМИ
  ВАЛЮТА, ПОГОДА

Kazakhstan Financial Market



Вся погода
  АУЫЛ ӨМІРІ  
Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

Бiлiм бастауы болған мектеп

Қайырбек МҰҚЫШҰЛЫ

Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1958 жылы 10 жылдықты бітірген мектеп ғимараты аман-есен сақтаулы тұр. Бұл үй қазір Қарасай аудандық тарихи өлкетану мұражайы қызметін атқаруда.

Аталмыш мектептің іргетасы Қазан төңкерісінен әлдеқайда бұрын қаланған көрінеді. Патшалық отаршыл саясаттың кішкене бір белгісі десек те болады. Себебі, Ресейден келіп, Жетісу өлкесіне қоныстанған казак-орыстардың балалары діни сауат ашатын "Приходская школа" ретінде бой көтерген, - дейді Президенттің балалық-шағын зерттеуші Бейбіт Сапаралы мырза.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында яғни, 1920 жылдары жаңа заман оқуын оқытатын орыс мектебі болып қайта құрылған екен. Одан кейін көнекөздердің айтуынша, 1937 жылы Қазақстан Өлкелік Комитетінің пленумында қабылданған қаулы бойынша бұл мектепке 1938 жылы "Қазақ орта мектебі" деген атақ берілді.

Мектепте әр жылдары 400-ге тарта бала оқып, 40-шақты ұстаз еңбек етіпті. Соның ішінде бүгінгі ел Президентін білім нәрімен сусындатқан ұстаз тәрбиешілердің есімі мектеп тарихының тағы бір танымдық белесі болса керек.

Атап айтқанда 1948-1968 жылдардағы мектеп директоры Әбдірахман Байжанов, тарих пәнінің мұғалімі Сейтқан Исаев, математика пәнінің мұғалімі Уәли Игелманов, биология пәнінің мұғалімі Әсет Асқаров, ұстаздар Қабдолла-Гауһар Құлмағановтар, Бағман Кенжекеев, Әзипа Сарыбаева, Қажыкен Қоңқашбаев... т. б. Елбасы әр жылдарда бұл қадірлі ұстаздармен үнемі хабарласып тұрғандығы туралы деректер де жетерлік.

Астана қаласы



Сайлаудың салмағы

Қошқарбай ЗЕРЕНДИН

Күзде өтетін Парламент сайлауының бар салмағы қазір ішкі істер органына түсіп тұр. Аталмыш органға 4,240 миллион азаматтан жеке куәлікке штрих код жапсыру туралы өтініш түскен.

- Бұл барлық сайлаушының 57,5 проценті. Соның 2,881 миллионына штрих код жапсырылды, - деп хабарлады ішкі істер вице-министрі Иван Отто. Ал, маусымның 30-ындағы мәлімет бойынша 280 мыңнан астам азаматтың қайта дайындалған жеке куәлігіне штрих код қойылған. Түрлі деңгейдегі әкімдіктер Орталық сайлау комиссиясына 7,375 миллион сайлаушының тізімін жолдаған. Бүгінгі күні Ішкі істер органдарының қызметкерлері тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген тұлғаларды анықтау жұмыстарымен айналысуда. Вице-министр штрих код жапсыру ісінің баяу жүріп жатқанын сынға алды. Соған орай, облыстық көші-қон полициясының басшыларына пәтерлерді аралап жүріп жеке куәлігіне штрих код қойылмаған азаматтарды анықтау қажеттігін қадап айтты. Жеке куәліктерге штрих код жапсыру мерзімі үстіміздегі жылғы тамыздың 1-інде аяқталады. Көрсетілген уақытқа дейін межелеген жұмысты бітіру үшін күн сайын 180 мың куәлікке штрих код жапсырылуы тиіс.

Сайлау кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органы арнаулы штаб құрмақшы. И. Оттоның айтуынша қазір сайлаушылар тізіміндегі деректерді анықтап, штрих код жапсыруға 11 мың полиция қызметкері тартылған. Шет елдерден қоныс аударған қандастар да республика азаматтарымен қатар сайлауға қатыспақшы. Тарихи отанына оралған оралмандар отбасының 23 мыңы Қазақстан азаматтығын алса, 43 мыңының өтініші қарастырылуда.

Мәжіліс сайлауына байланысты Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева бұдан былай тізімге сайлаушылар тұрғылықты жері емес, тіркелген жері бойынша енгізілетінін хабарлады. Бұл бірнеше сайлау округінде тіркелген азаматқа бірден артық дауыс беру мүмкіндігін шектейді. Төрайым тізімді жасау кезінде сайлаушы туралы негізгі мәліметті азаматтың соңғы рет тіркелген орны көрсетілетін мекен-жай бюросынан алу қажеттігін айтты. З. Балиева көші-қон қызметін техникалық жағынан жарақтандыруды жетілдіру қажеттігін атап өтті. Дауыс берудің электрондық жүйесі қабылданғаннан кейін, көші-қон қызметі тікелей Орталық сайлау комиссиясының жүйесіне қосыла алады.



КЕТУШІЛЕР АЗАЙЫП, КЕЛУШІЛЕР КӨБЕЙДІ

Ғали САҒДИҰЛЫ

2010 жылға таман республика тұрғындарының саны 17,5 миллион адам, ал 2015 жылы 20 миллион адамға жетеді. ҚР Көші-қон және демография агенттігінің төрайымы Алтыншаш Жағанова Астанада өткен баспасөз мәслихатында осылай деп жариялады.

Республика тұрғындары санын арттыратын бірнеше себептері бар. Соның алдыңғысы, қазір эмигранттар саны күрт азайған. Өткен жылы Қазақстаннан 74370 адам қоныс аударып, келгендерден олардың саны 9062 адамға артық болған. Ал ағымдағы жылдың алғашқы жартысында-ақ көші-қонда оң сальдо қалыптасып, ол 3286 адамды құрады. Атап өтерлігі, өткен жылдары келушілер құрамы негізінен оралмандар болса, енді реэмигранттар қатары көбейіп отыр. Былтыр елімізге 65308 адам келген. Тұрғындар санының артуына бала туу көрсеткіші оң әсер етуде. Мамырдың 28-інде елімізде 15 миллионыншы адам өмірге келген. Оралмандар көші басталған сонау 1991 жылдан биылғы сәуірге дейін республикамызға 83 мың 936 оралман отбасы қоныс тепкен. Адам басына шаққанда бұл 322 мыңннан асады. Олар негізінен Монғолия, Түркия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан қазақтары. Сәуірдің 1-іне дейін олардың 235 мыңнан астамы азаматтыққа ие болды. Ағымдағы жылы шет мемлекеттерден 10 қазақ отбасын, келер жылы 15 мың отбасын көшіріп алу көзделуде.

- Квота сыртында өз күшімен келіп жатқан ағайындар саны көбейіп отыр, - деді А. Жағанова.

Агенттік биыл республиканың демографиялық және көші-қон саясатының 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын әзірлеген. Оны әзірлеу елімізде халықтың орналасуы саласындағы нысаналы да дәйекті саясатты жүзеге асыру жөніндегі бірыңғай стратегияны жасау қажеттігінен туындады. Бұл проблеманың өзекті болу себебі, ең алдымен ол экономикалық және әлеуемттік саяси қауіпсіздікке әсер ететін факторлардың бірі болып табылатындығы. Тұрақтылық пен ел экономикасының көтерілуі демографиялық ахуалдың біршама жақсаруына жәрдемдеседі. Қазақстан аумағы жағынан дүние жүзіндегі ең ірі елдердің ондығына кіреді.

Қазіргі кезде еліміздегі өмір ұзақтығының төмендігінен, өлімнің, оның ішінде бала мен ана өлімінің көптігінен, бала туу деңгейінен көрініп отырған демографиялық ахуалды өзгерту мемлекеттік маңызы бар міндет болып табылады. Оны шешудің жолы ретінде бағдарламада халықтың көпшілік тобының табыс деңгейін арттыру, үш және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларға материалдық және моральдық жағынан пәрменді қолдау көрсету, жас отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнінде мемлекеттік саясат жүргізу, салауатты өмір салтын қалыптастыру сияқты және басқа да бірқатар шаралар жүргізу қарастырылған.



АУЫЛ ЖЫЛДАРЫ

ТАУДАҒЫ ҚҰС ФЕРМАСЫ

Мұрат ӘМІРЕНОВ

Құс алыбы - түйеқұстарды зообақтардан немесе Африканың саваналарында түсірілген киноленталардан ғана көретінбіз. Күндердің күнінде осы таңсық құсты өз жерімізден көреміз деп кім ойлаған.

Ұлан ауданындағы Алмасай ауылдық округіне қарасты Сатый атырабында Болат Бариев есімді азамат түйеқұс өсіруді қолға алды дегенді осыдан біраз бұрын естігенбіз. Кейінірек жолымыз да түсті. Үй иелері Қуаныш пен Ләйлә Өтеулиновтар жылы қабақпен қарсы алды. Әңгімеміз бірден құс жайына ойысты, есік алдындағы бұлақ жағасы қаз, тауық, үйректен жыртылып айырылады, сырт пошымы бөденеге ұқсастау, бірақ одан кесектеу бізге белгісіз бозғылтым құстар да өріп жүр. Кейін білдік, оны цицера деп атайды екен, жұмыртқадан жаңа шыққан балапандары бармақ басындай ғана. Жан-жағымызға жалтақтап іздеп келген түйеқұстарды көруге ынтықтық.

- Қазір қоршауға шығарамыз, алты түйеқұcымыз бар, былтыр балапан күйінде әкелгенбіз, қазір 1,5 жаста, - деп Ләйлә бәйек бола бастады.

Балапандардың орнына бота тірсек, бура сан алты алып құстарды көрдік. Қанаттарын жайғанда, тіптен, зорайып кетеді екен. Ұзын мойындарын соза жан-жаққа маңғаздана қарайды. Ләйләмен бірге қоршаудың ішіне қорқа-қорқа кірсек те, етіміз үйрене келе қанатынан сыйпадық, онша да мұнша асау құс емес сияқты.

- Қызыл түске өш, анада байқамай қызыл орамалмен кіріп кетіппін, бұлардың тепкісі адам өлтіреді, анадай жерге ұшып түстім біреуінің тепкісінен, әйтеуір, аман қалдым, оң иығым әлі күнге дейін ауырып жүр, - дейді Ләйлә түйеқұстың табиғаты жайында әңгіме қозғап.

Түйеқұстар жер бетінде осыдан миллион жыл бұрын пайда болғаны тарихтан белгілі. Әу баста Испанияның батысынан Жер орта теңізіне дейінгі аралықты жайлап, одан Қытайдың шығысына ойысқан. Содан Африка жеріне ауысып, құрылықтың солтүстік батысында тұрақтап қалған. Сондықтан олар африкандық түйеқұс атауымен танымал. Еуропада бұларды ХХІ ғасырдың құсы деп атайтын көрінеді. Еуропаның ақсүйектері оның етін ем ретінде пайдаланады, әсіресе, қан қысымы және қант диабетімен ауыратындар үшін мың да бір ем көрінеді.

Түйеқұстардың бойы 2,7 метрге, салмағы 160 килограмға дейін жетеді. Біз көрген балапан деп саналатын түйеқұстардың өздері осы мөлшерге жетеқабыл. Балапандар тәулігіне 500 грамнан салмақ қоса отырып, он айлығында 100 килограмға жетеді екен. Екі жасқа толғанда толыққанды саналып, жұмыртқалай бастайды. Түйеқұс 70 жыл өмір сүріп, соның 30-40 жылында өнімді болады. Жалпы тірі салмағының 60 проценті еттен тұратын түйеқұс батыс елдерінің мейрамханаларында диеталық тағам ретінде сұранысқа ие. Ал, оның терісінің беріктігі піл мен қолтырауынның терілеріне пара-пар келеді. Француздар мен итальяндықтар оны аяқкиімдерді қаптауға, басқа да сәндік бұйымдарды жасауға қолданады.

- Ауылда тұрған адамға қаз-үйрек, тауық өсіру қиынға түспейтінін білеміз. Ал, өмірі көрмеген түйеқұсты бағып-қағудың сырын қайдан үйрендіңіз?- деп сұрадық Ләйләдан.

- Алматы облысының Еңбекші қазақ ауылында Владимир Чайковский деген кәсіпкер түйеқұс фермасын ұстап отыр, онда 200-ден астам құс бар. Сонда біраз уақыт болып, қыр-сырын үйреніп қайтты. Мұнда оның қауырсынына дейін пайдаға жаратады екен, туристерге бір қауырсынды 300-500 теңге аралығында сатады. Етінің 1 килограмы 14 доллар, таза еті 20 доллар, майы 7 доллар тұрады. Мейрамханаларда бір жұмыртқаны 8-10 адамға қуырып береді. Азықтандыру рационын біліп келдім, көмекші оқу құралдарын ала келіп, қыс бойы оқып шықтым. Жұмыртқасына кондитер фабрикаларынан сұраныс көп түседі екен. Бұл жер туристік орталық саналғандықтан фирма басшылығы түйөқұстың қаратырнағынан да ақша жасауда.Ал жерсіну жағына келсек Африка жерінен тамыр тартқан түйеқұс Шығыс Қазақстанның қатал қысына да бейім болып шыққан. Олар аяздан емес, желден қорқатын көрінеді. Түйеқұстың негізгі азығы шөп, жүгері, бидай, соя ұны қоспаларынан тұратын көже. Осының бәрі қайнатылып, оған бор мен кальций қосылып дайындалады. Егер осылардың бірінің құрамы болмай шықса, ондай азықты жемей қояды, күніне 10 литрге тақау су ішеді, - деп түсіндірді Ләйлә.

Марқакөл жерінде бірі өмірі бойы трактор айдаған, екіншісі мәдениет саласында жүрген ерлі-зайыпты Өтеулиновтар осылайша Ұлан ауданында құс өсірумен айналысып жатыр. Ынта бар болса, бәрін де меңгеруге болады екен.

Біз осы кәсіптің тізгінін ұстаған Болат Бариев сынды іскер азаматтың өзін жолықтыра алмадық. Мұндай тәуекелге екінің бірі бара бермесі ақиқат. Қалай десек те, біздің облыс үшін бұл үлкен жаңалық болып табылады. Кім біледі, бәлкім, Сатый өңірі күндердің күнінде туристер топтасар жерге айналуы да мүмкін-ау деген ой көңілге қонақтай берді.

Болат түйеқұспен бірге түйе өсіруді де қолға алыпты. Түлік төресі саналатын ойсылқыра бұрындары Ұлан жерінде аз болмаған. Солақай саясаттың салдарынан оның тұқымы өткен ғасырдың елуінші жылдарында тұздай құрып кеткенін білеміз. Енді ауданда түйе түлігі қайта түлеп жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Биыл төл басында алғашқы төрт ботаның жер басқанын жақсылыққа баладық. Кәсіпкер азамат қой мен ірі қара өсіруге де мән берген Сатыйға электр жарығын жеткізген, ауылмен аттас бұлақты бөгеп, оған сазан бастатқан балықтың үш-төрт түрін жіберген. Қазір Сатый атырабында тіршілік бар. Ауыл адамдары малын өрістетіп, құсын бағып-қағып дегендей, кәсіптің көзін тапқан Болат Бариевтей азаматтың әрқасында арқа-жарқа болуда.

Шығыс Қазақстан обл.



НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ, ТӘЖІРИБЕ

ПИК-ТІҢ АУЫЛДАҒЫ НҰСҚАСЫ

Жәмила МАМЫРӘЛІ

Бүгінгі қазақ ауылы бытыраңқы күй кешіп отырғаны жасырын емес. Әркім шаруа қожалықтарын құрып, өз-өзімен болып кеткен. Шаруасын мығымдауға кіріскен елге өкпе айту да орынсыз. Бірақ, жалп етіп өшіп қалатын жарықтың, бірде бар бірде жоқ ауыз су мен газдың, ойдым-ойдым жолдың жөндеу жұмыстары сияқты күнделікті күйбең тірлікте аяққа тұсау салып отырған проблемалар жетерлік. Ал қол қусырғаннан ештеңе ұтпасын білген қазығұрттықтар ауылдық тұтыну кооперативтерін ұйымдастырды. (СТК селолық тұтыну кооперативі). Тірлік тыңға түрен салғанмен пара-пар.

Бізде "қаржы болмаса тірлік алға баспайды" деген түсінік қалыптасқан. Ал СТК-лар қалай қаржы табады дерсіз.Олар тұрғындардан ұсынған қызметі үшін ақы алады. Қосымша демеушілер табу, акциялар ұйымдастыру СТК төрағасының іскерлігіне байланысты. Дегенмен, ауылға ауыз су әкелу, жол салу, ағын суды тарту сияқты істерге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. Тіпті, болашақта өз жұмысын тиянақты жолға қоя білген СТК-ларды несиемен қамтамасыз ету де қолға алынбақ. "Қазығұрт" СТК-сының төрағасы Тойлыбай Бименовтің айтуынша, әділет басқармасынан тіркеуден өтерде олар нақты объектілер бойынша көрсетілетін қызмет түрлерін мойнына алып, сол бойынша жұмыстар атқаруға міндеттенген. Дәл осылай СТК өз аумағындағы 4 мектеп пен 9 көшенің тұрғындары үшін қызмет көрсетеді. Көктем шыға ауылда бау-бақшаны көркейтудің проблемалары басталады. Алдымен ағын су мәселесі тұр. Арық тазалау, сосын "ана көшеде су келді, біздің көшеде су жоқ", дегенде бар. Осы мәселелердің түбегейлі шешілгенін біз Қазығұрт СТК-сының жұмысымен танысқанда білдік. Арнайы кесте түзілген. Суды үй-үйге жеткізіп беруші мұрап СТК-мен келісім-шартқа отырады. Келісім-шарт негізінде көрсетілген қызмет үшін еңбекақысы төленеді. Дәл осылайша ауылдағы жекенің малын бағатын бақташылардың да қызметі келісім-шарт негізінде жүзеге асып отыр. Ауыз-су мәселесі бойынша да бірқатар іс-шара жүргізілмек. Қазірге дейін мал жайылымы мәселесі, көшелерге ағын су апару, тосқауыл болатын шлюздер жасау, су айдайтын насосты жөндеу жұмыстары аяқталды. Ағын су арықтарын тазалау, жөндеуді қажет ететін көшелерге тас тасу, өрістегі малды сумен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынуда. Ал, шілдеде тұрғындар мал азығын дайындауға кіріседі.Тамыз айында "Қызыл ту" ауылы мен 16 мөлтек аудан тұрғындарына көгілдір газ жеткізіп беру мәселесі тұр. Міне, осылайша "Қазығұрт" СТК-ның шаруасы мығымдалып, халықтың сеніміне ие болып отыр.

Бұдан шығатын қорытынды селолық тұтыну кооперативін құру ең алдымен ауыл проблемасын бірлесіп шешуге үгіттейді.Соның нәтижесінде тұрғындардың барлық мәселеден хабардар болатыны өз алдына, ортақ іске деген мүдделілік те пайда болмақ. Бұл бүкіл мемлекетіміздің дамуына негіз болатын алғы шарт десек те болады.

Оңтүстік Қазақстан обл.



ТҰРМЫС КӨЗІ - ЖҰМЫС

Ерболат ЕСІЛ

Бүгінгі таңдағы тұрмысымызға тұсау салып, аяқтан шалып келе жатқан басты мәселенің бірі - жұмыссыздық екені баршаға мәлім. Қалада да, ауылда да етек алып отырған бұл жай әлі оң шешімін таба алмай келеді. Жұмыспен қамтылғандар санатындағы ауылдағы механизаторлардың көпшілігінің алты ай қол қусырып бос отырғаны да белгілі жағдай.

Осындай келеңсіз жағдай Шал ақын ауданында да белең алып тұр. Сондықтан бүгінде 29683 тұрғыны бар аудандағы жұмыссыздар санын нақтылап айтудың өзі қиын. Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін аудандық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау департаментінде болғанымызда бастықтың орынбасары Ольга Тасмағанбетова біраз жайдан хабардар етті.

Жұмыссыздық атты кеселмен ымырасыз күрес жүргізуді мақсат еткен аудан әкімі 2002 жылдың 19 қарашасында арнайы бағдарлама қабылдапты. Бұл құжаттың басшылыққа алар негізгі міндеті 2002-2005 жылдар аралығында жұмыссыздықты азайтумен бірге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Осындай шаралар барлық селолық округтерде де қолға алыныпты.

Жалпы аудан бойынша өткен жылы 838 адам жұмыспен қамтылған екен. Оның 281-і ауыл шаруашылығында болса, 200 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысуға тілек білдіріпті. Сегіз адам, мемлекет есебінен тегін кәсіптік білім алып, сұранысқа ие мамандықтарды меңгерген. Олар туған жерге оралған оралмандар. Бәрі де жұмысқа орналастырылып мамандықтарына сай еңбек етуде. Жалпы бір жылдың ішінде аудан бойынша 565 адам тұрақты жұмысқа тұрып, тұрмыс жағдайын түзеген. Оларға негізі өндірісі өрге басқан шағын кәсіпкерлік ұжымдар қол ұшын созуда. Мысалы жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Әділбек Кәтиеновтың “Бірлік” шағын кәсіпорны 23 адамды жұмыспен қамтыса, Ступинка селолық округінің әкімі Амангелді Жақыпов құс, мал фермаларын ұйымдастырып алты оралманға жұмыс тауып берді.

Осындай оң мысалдарды Қапсәләм Шәріпов басқаратын "Темірлан" шаруа қожалығынан және Аютас селолық округіндегі Алекперовтің шағын кәсіпорындарынан көруге болады.

Тұрмысы төмендерге әлеуметтік көмек көрсету де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Осыған байланысты селолық әкімшіліктердің жанынан құрылған арнайы комиссия әр отбасының тұрмыс жағдайына талдау жасап, өткен жылы тұрмысы төмен 599 отбасын тіркеуге алды. Оларға 11963 мың теңгенің көмегі көрсетілген. Биылғы жылы осы көмек көлемі 12 234 мың теңге құрайтын болады. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін де қомақты қаржы бөлініп, туған елге ат бастарын бұрған қандастарымыз баспанамен қамтамасыз етілуде. Мысалы өткен жылы ауданда қоныс тепкен он бір отбасының үшеуі - Сергеевка қаласында, екеуі Кривощеково, алтауы Ступинка, Біреу Аютас селолық округінде орналастырылды. Ыбыраев ауылына Өзбекстаннан қоныс аударған Ж. Әзірбаевқа 1400 АҚШ долларына үлкен үй сатып әперілді және олардың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында қаржылай көмектер де көрсетіліп тұрады.

Осындай жұмыстар келешекте де пәрменді жүргізілетін болады. 2004 жылы тағы да 796 жұмыс орнын ашу көзделіп отырса, оның 524 орны тұрақты болады. Жұмыссыздықпен күресе отырып, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын жақсарту аудандық департаменттің басты міндеті, - дейді бұл жөнінде Ольга Кәшапқызы.

Солтүстік Қазақстан обл.



СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСПЕСІН

Гүлшәт ХАМИТ

Сонымен биыл елімізде тұңғыш рет мектеп бітіруші түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Сөйтіп, екі шоқып, бір қараймыз, мектеп бітіруші бір-ақ жолы егер 40 балдан жоғары ұпай жинаса мектеп бітіргені туралы аттестат алады әрі жоғары оқу орнында білім алу (грант, несие, ақылы оқу негізінде) мүмкіндігіне ие болады.
Осы мүмкіндіктерді Жезқазған қаласының мектеп түлектері қалай пайдалана алды, енді соған жауап ізделік. Қалалық оқу бөлімінің айтуынша, биыл да қазақ-түрік лицейі "ерлеп тұр". Ең жоғары білім көрсеткіші осы лицейге тиесілі. Қазақ-түрік лицейі түлегі Мадияр Ибраев 118 балл алған. Қарашаңырақ №8 гимназия түлектері - лицейден кейінгі жоғары көрсеткіш иелері, Ең төменгі көрсеткіш - 40-тан төменгі балл болса, 90 балдан жоғары көрсеткіш жоғары балл саналады. №7 мектеп-лицей түлектерінің білім көрсеткіштері де қанағаттандырады. Олар 90 балға дейінгі аралықты ұстап тұр.
"Алтын белгі" алуға үміткер түлектердің білімі осы деңгейге қаншалықты сай екендігі жайлы кейде күмәнді ойлар айтылып қалып жатады. Былтырғы түлектер арасында ерекше үлгідегі аттестат иелерінің 15 процентінің "2" деген баға алуы осы сөзімізді растайды. Биылғы БТҰ кезінде "Алтын белгіге" үміткер түлектеріміз осы сенімді қай дәрежеде ақтады? Қалалық оқу бөлімінің айтуынша, "Алтын белгіге" ұсынылған 14 түлектің 9-ы осы белгіге лайық болып шықты, тестілеу қорытындысы осыны көрсетті. Ерекше үлгідегі аттестат үміткерлері саны да 32 болатын. Олардың 14-і үздік екендерін дәлелдей алды. Қалалық оқу бөлімінің жауапты маманы Ләззат Ақмамбетованың айтуынша бұл жақсы нәтиже. Былтыр бір-ақ оқушы "Алтын белгіге" ие болған болатын. Биыл №4 мектептен - 2 бала, №7 мектеп-лицейден - 1 бала, №8 гимназиядан - 3 бала, №26 мектептен - 1 бала, қазақ-түрік лицейден - 2 бала "Алтын белгі" алды.
Тестілеуге жалпы саны 1156 түлек қатысып, оның 102-сі 90-нан жоғары балл алды. №4 мектептен 10 бала 90 балдан жоғары алғанын айту керек. Ал, жалпы 158 бала 40 балдан төмен баға алды.
Ұлттық бірыңғай тест кезінде ұйымдастыру жұмыстары көбіне шешуші рөл атқарады, сәл қателесу тестілеудің, сол арқылы түлектің тағдырын шешіп бермек. БТҰ-ның №58 пункті директоры Думан Базарбеков:
- Тек екі түлек шағыммен келді. Ол компьютер жіберген кемшілікпен байланысты. Тиісті төрт пәннің үшеуінің дұрыс жауаптар коды бар да, бір пәннің жауабы мүлде түсіп қалған екен. Ол кемшілікті табан астында Астанаға сұрау салдыру арқылы түзедік, компьютер төрт пәннің дұрыс жауабын көрсетуді "ұмытып" кеткен, -деді.
Осы ретте ұйымдастыру жұмыстарына қатысты ел арасында, ата-аналар арасында гу-гу сөздер есіп жүр. Мәселен, тестінің дайын жауаптарын мың долларға алуға болады екен деген сөздер ата-аналар құлағына шалыныпты. Сондай-ақ ата-аналардың кейбірі тестілеу жүріп жатқан аудиториялар ішіне мұғалімдердің еркін өтіп, дайын жауаптарды қалаған адамдарына бергенін өз көздерімен көргенін айтып жүр. Мұндай әңгімелердің шығу себебі не?
- Оның бір-ақ жауабы бар. Ол - жалған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі аудитория ішіне бөгде адамның кірмеуін бақылап тұрды. Есік жабылған соң полиция қызметкерлері сырттан ешкімді өткізген жоқ. Әр аудиториялардағы кезекшілердің пән мұғалімдері болмауын министрлік қатаң қадағалады. Ол әңгімелер негізсіз, - дейді БТҰ пункті директоры.

Жезқазған қаласы



ҚОРДАЙДЫҢ ҮШЕМДЕРІ

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЕВ, журналист

Демограф Мақаш Тәтімов әр қазақ отбасында кемінде үш бала болуы мақсат қана емес, ұлттық ұран болуы тиіс деп санайды. Осылай болғанда ғана халық саны өсуін қамтамасыз ете алады екенбіз.

Көп бала көгергенімізге жақсы деп санайтын ауыл халқы демограф-ғалымның осы ұсынысынан хабардар екеніне көзіміз жете бермейді. Десекте, соңғы кездері облысымызда бір отбасында бірден үш баланың дүниеге келуі сияқты қуанышты оқиғалар кездесе бастады.

Қай салада да табыстарымен танымал Қордай ауданындағы Алға селосында тұратын, өз жер телімінде шаруашылықпен айналысатын Нұрбол Сатаевтың отбасында бір ұл, бір қыз желкілдеп өсіп келе жатқан болатын. Әйгілі Айгүл Айтжанова толғатып, перзентханаға түсіп өмірге бір ұл, екі қыз келді. Бір сәтте бес баланың әкесі болған отағасы жиырма сегіз жаста болса да, әйелі одан екі жас кіші.

Дәл осы Қордай ауданының Отар селосының тұрғыны Жайдар Айтбаевтың әйелі Ирина Чижова да жақында перзентханаға түсіп, дүниеге үш бірдей ұл келді. Бұл отбасының тұңғыш қыздары бес жаста. Бірден көп баланың ата-анасы болғандар бір жылдың төлдері - 1978 жылы туғандар. Соңғы үш жылда Қордайда дүниеге үшем келу оқиғасы осымен бесінші рет қайталанып отыр.

Жамбыл обл.



МҰНАЙШЫЛАР СЫЙЫ

Талғат АТШЫБАЕВ, журналист

"Қазақтүрікмұнай" бірлескен кәсіпорнының Маңғыстау мұнайын игеруге ат салыса бастағанына 10 жылға таяу уақыт болды. Аталған мерзім ішінде атқарылған жұмыс аз емес.

Таяуда бірлескен кәсіпорын ауыл жылдарына арналған шаралар кешеніне сәйкес, Бейнеу ауданы орталығындағы лицейге толық жарақтандырылған су жаңа компьютер класын, аудандық ішкі істер бөлімі мен аудандық ауруханаға бір-бірден "УАЗ" автокөлігін сыйға тартты.

Осы шараға қатысқан, арнайы іс сапармен келген "Қазақтүрікмұнай" кәсіпорны директорының кеңесшісі Николай Баев, атқарушы директор Хамит Эр мырза мұндай көмектің болашақта да жалғасатынына сендірді.

Өз кезегінде аудан әкімі Басшы Әзірханов оларға қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Маңғыстау обл.



СПОРТ ШОЛУ

Чемпиондардың халқына ТАРТУЫ

Өткен аптада гректер айды аспаннан шығарды. Жеңісті не чехтар, не португалдықтар иеленеді деген сарапшылардың өзін жерге қаратып, сәуегейшілер қатарынан бір-ақ шығарды. Команданың бас жатықтырушысы Отто Рехагель баптаған жігіттер осылайша әлем алдында гректер мерейін үстем етті.

Команданың елге оралған ұшағын әуежайдан иін тірескен халық қарсы алды. Трапқа алғашқы болып гректердің үздігі деп танылған Теодорас Загоракис аяқ басты. Одан кейін жаттықтырушылардың қай-қайсысының болсын арманы - Еуропа кубогын басынан асырып көтерген Отто Рехагель шықты. Әуежайда футболшыларды Грецияның мәдениет және спорт министрі қарсы алып, "арманды іске асырғандары үшін" алғысын айтты. Футболшылар да қарап қалған жоқ, команда капитаны Теодорас Загоракис пен португалдықтар қақпасына шешуші доп соғып, еліне жеңіс сыйлаған шабуылшы Ангелос Харистеас "бұл жеңіс - әлемдегі барлық гректерге арнаған сыйымыз" деп жар салды.

Қуаныштары қойындарына сыймаған футболшылар 60 мың адам күткен Мраморлы стадионына жеткенше автобус ішінде билеп барды. Гректердің мерейін асқақтатқан жігіттерді елдің жоғарғы басшылығы мен елдің дін басы арнайы келіп құттықтады.

Жеңімпаздар стадионға аяқ басысымен жанкүйер қауым аспанға от шашып, қарсы алды. Ангелос Харистеас өзі ойнайтын "Вердера" командасынан сыйлыққа бірнеше күн демалыс алды. Өткен маусымда клубта қосалқы ойыншылар қатарында болған оның жағдайы осыдан кейін бірден өзгеруге тиіс.

Ал, команданың бас тренері гректер құрамасын 2008 жылға дейін басқаратын болып шешілген. Бұл жөнінде гректердің футбол қауымдастығының басшысы Василиос Галацис айтқан. Отто Рехагельдің келісім-шартты ұзартуы ол осыдан кейін Германия құрамасын басқарады деген қауесетті жоққа шығарды. Галацистің айтуынша, ол өз карьерасын аяқтағанша, демек зейнетке шыққанша гректермен бірге болмақ. Ал, неміс баспасөзі одан "Еуропа королі, үйге оралшы" деп жалбарынуда.

Чемпионат қорытындысын сараптар болсақ, үздік шабуылшы атағы "Ливерпуль" және чехия құрамасының 22 жасар Форфард Милан Барошқа бұйырды. Ол ағылшын Уэйн Руни мен голландтық Рууд ван Нистелройды артқа тастап, бес ойында бес доп соқты. Милан барлық жекпе-жектерде, Еуропа чемпионы Греция құрамасымен басқа кездесулердің барлығында қарсыластар қақпасына доп соғып келді.

Даттарға қарсы ойында чех арасына екі минут салып қақпаға қатарынан әдемілеп екі доп тықты. Мұндай жеделдікті Еуропа чемпионаттарында әзірге ешкім көрсеткен емес. Германия құрамасы қақпасына енгізген тағы бір голы немістерді үйлеріне мезгілінен бұрын қайтаруға себепші болды.

Ағылшынның 18 жастағы шабуылшысы Руни рейтингіде екінші орында келеді. Әдемі ойынымен жұлынып алға шыққан жасөрім португалдықтармен жартылай финалда жарақат алған еді. Мұның салдары командаға да тиіп, ағылшындар жеңіліс тапты. Қазір командасын кілең жұлдыздардан жасақтап жатқан Роман Абрамович Руниді "Челсиге" тартудың жолдарын жасап жатқан көрінеді. Абармовичтің қарауылына Милан Барош та алынған. Алайда атағымен бірге құны да асқақтап бара жатқан ең үздік футболшысын "Ливерпуль" клубының басшылығы сатуға асығар емес.



САЯСИ САРАПТАМА

АСЛАННЫҢ АПШЫСЫН ҚУЫРУДА

Грузияның бас прокуратурасы Аджарияның бұрынғы президенті Аслан Абашидзеге қарсы қылмыстық іс қозғады. Тбилисиде өткен баспасөз мәслихатында республиканың бас прокуроры Георгий Джанашия тергеушілер қолында іс қозғауға негіз боларлық бар мәліметтер жинақталған деп мәлімдеді. Абашидзеге қызмет өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптау тағылмақ.

Бұл істің анық-қанығы әзірге құпия ұсталғанымен бас прокурор жақында таратылған Теңіз банкі мен Аджарияның Бейбітшілік қорында Абашидзе отбасы мен туыстарының 1 миллион доллардан астам қаржысы болғанын, заңсыз қаржы операциялары жүргізілгенін айтқан.

Абашидзе соңына шырақ алып түскен Грузияның бас прокуратурасының арнаулы комиссиясы әр мүліктің қай жолмен келгенін тексеруде. Джанашия бұрынғы басшы мен оның отбасының барлық мүлкі тізімделетініне уәде берді.

Мұның алдында Грузияның қаржы полициясы Абадшидзе отбасы мүшелерінің 45 млн. долларды заңсыз жұмсағанын анықтаған болатын. Маусымның 20-сында Грузияның ішкі істер министрі "Егер Абашидзе Грузия аумағына аяқ басатын болса, бірден тұтқынға алынады" деп жар салған. Министрдің бұлайша айбар шегуінің өзіндік себебі бар. Сол мерзімде Батумиге экс-президенттің қызы Диана Абашидзе келген болатын. Арада екі күн өткеннен кейін Грузияның құқық қорғау органдары салықты толығымен төлемеді деген сылтаумен Диананы тұтқынға алған.

Осы дүйсенбіде Грузия Парламентінде республика президенті Михаил Саакашвили Абашидзе отбасының дүние-мүлкі тәркіленуге тиіс деп жариялады. Алдындағы "тимеймін" деген уәдесінен тайқу себебін "өзімен бірге жарты Грузияны ала кеткен адамға еш кепілдік берілмейді" деген. Президент одан түскен қаржы Аджария инфрақұрылымын дамытуға жұмсалуы керек деп санайды.



ДҮНИЕ БІР ҚИСЫҚ ЖОЛ БҰРАҢДАҒАН

Серік САҒЫНТАЙ

Азаншының ащы айғайын Чирекардың шың-құзы жаңғырып қайталап жатыр. Он сегіз жасар сарбаз оянды. Енді күнделікті тірлік қайталана ұласпақ. Тірлік дейміз-ау, тірлік емес, ұрыс - құз-жартас, аңғар-жыралармен шектелген майдан, аңқа кептірген аңызақ, қарғаның миын қайнататын аптап, көмкерген қынасы да жоқ жалаңаш жартастар арасынан бұқпантайлап барлауға шығу... таң атқаннан түннің бір уағына шейін созылатын сарбаз өмірі. Ауғанстанға Ашhабадтан ұшақпен жеткізілген бір топ сарбазбен бірге қатардағы жауынгер Бауыржан Досжанов та Қызылорда да әскерге шақырылғанда майданға араласамын деп сірә да ойлаған жоқ.

"Әлі есімде. 1981 жылы Ашhабадта бір ай оқу-жаттығу жұмыстарын өткізген соң ауған елінің астанасы Қабыл шаһарына ұшақпен жеттік те онда да біраз дайындалып, Чирекардағы мотоатқыштар полкы орналасқан шепке әскери машиналармен бардық. Жолай алғашқы сүргін де басталып кетті. Шұбалған керуеннің ең соңындағы көлікке душмандар снярады дәл тиіп, күлін көкке ұшырып жіберді. Жолдастарымыздан алғаш рет солай айырылдық. Әскери қызмет болған соң әркімді қабілетіне қарай бөледі - мен барлаушылар ротасына бөліндім. Бірде, жаңа барған кезімде Панчер тауларының бір пұшпағына барлауға шықтым. Мен, аға барлаушы және радист-байланысшы бар. Ең соңында мен келе жатқанмын, кенет артымнан сықыр-сықыр еткен бөтен дауыс шықты. Жалт бұрылсам, жартас түбіне өскен бұта-ағаштан бір әруей қарғып келе жатыр - душман. Шалт қимылмен қолындағы пышағын қағып үлгердім. Әлгінің екпінімен екеуміз ұмар-жұмар алысқан бойда төменге қарай домалап кеттік. 15-20 метрдей аңғарға құладық, әлгі душман астымда қалып қойыпты да құлаған бетте жан тапсырыпты. Мен есімді лазаретте жинадым". Қазір қырықтың қырқасына шыққан, облыстағы ішкі әскер құрамасының дене тәрбиесі және спорт дайындығы бөлімінің бастығы подполковник Бауыржан Досжанов осыдан жиырма екі жыл бұрын ауған жеріндегі интернационалистік майдан жолынан есте қалғанын сабырмен баяндап отыр. Жазық маңдайына көлбей жата кеткен әжімдері қатпарланып жиырылып қояды. Адамға тік қарағанда жанарынан сынық ұшқын тұтанады екен. Қоңырқай жүзіне ішкі сабырдың жылы толқыны дамылдаған. Бір қалыпты даусы да темір тәртіппен әбден қалыптанған ба, бөтен бояу таппайсыз. Иә, айтқандай, подполковник Бауыржан Досжановтың мығым спортшы екендігін, ол дайындаған құрама сарбаздары талай жарыста жеңіске жетіп жүргенін, өзі ораза ұстап, дін жолына ниет құлатқанын естіп, ораза ұстап жүріп спорттық жарыста талай бәйгені бөктергенін естіп, ақыры танысудың, таныса келіп сұхбаттасудың реті келген.

"Әскерге шейін самбодан І разрядым болатын. Барлаушылық міндетті құпия бөлімде пошта тасымалының күзетіне алмастырдым. 1982 - жаңа жыл қарсаңындағы бір қақтығыс есте қалыпты. Біз пошта көліктері шоғырланған бекеттің маңайына дабыл беретін жарылғыш заттармен қоршап тастағанбыз. Кенет әлгі миналардың бірі жарылып, іле-шала атыс басталып кетті. Қарша бораған қорғасын астында бірер сағат атысып, дамыл алған соң жанымдағы жолдас жауынгер каскасын шешіп көрсетті. Дұшпан оғы басынан 5 миллиметр ғана жоғарыдан тесіп өтіпті...

Әскерден 1983 жылы тосын келдім елге. Үй-іші менің ауған соғысына кеткенімді білмейді. Хат жолдағанда "Далалық поштаға" деп бұрыштамамен жолдай береді ғой. Келген соң бір-ақ айттым. Сұрапыл сүргіннен соң тағы бір жыл зауытта бұрынғы жұмысымды атқара бастадым. Ол кезде ауғандық сарбаздарды дәрігерлік тексерістен жиі-жиі өткізіп тұратын. Ленинградтағы әскери дене тәрбиесі және спорт институтына баруымды өтінген. Құжат жинап, сынақ тапсырдық. Бір орынға үміткер он екі қатарласымның арасынан мен ғана іліктім". Сөйтіп, Қызылорда да туып, Орта Азиядағы қарулы қақтығыс, қырғи қабақ соғысқа қатысып келген 21 жасар жігіт дәм айдап Ленинградтан бір-ақ шығады. Бірнеше ұлт-ұлыстың сайыпқыран сарбазы жиылған оқу орнында жалғыз қазақ болыпты. Мұнда да қатал тәртіп, толассыз даярлық суаруы келіскен шарболатша шыңдаса керек. 1988 жылы оқуын тәмәмдаған жас офицер жолдамамен Мәскеуге, одан Дон бойындағы Ростов қаласына, ол жерден Тбилисиге, Тбилисиден ақыр-аяғы Бакуге барып тұрақтайды. Айтпақшы, әскерге қызметке кіріспестен бұрын үйленген. Үйленгенде де Еділ бойындағы Волгоград қаласынан Қызылордаға қыз алып қашып келеді. Қыз болғанда да қазақтың қызы, бұрыннан таныс, Қызылорда да туып-өскен. Гүлнар туған қаласында политехникалық институтты бітірген соң жолдамамен Волгоград асып, инженер болып қызмет атқарып жүрсе керек. Елдегі ата-ана, ағайын-туысты тойға кенелтіп, бата арқалап қарт Каспийдің батыс жағалауына оралған екі жас бәлкім, сол кезеңдегі ұлтаралық саяси сапырылыстар болмағанда дәм бұйырған қиырларды кезіп, қызмет бабымен талай елдің суын татар ма еді кім білген? Не керек, 1992 жылы Бауыржан отбасымен Қазақстанға оралады. Әуелі Алматы облысында Қаркемер оқу бригадасында сержанттар даярлауға атсалысқан, кейін Орал қаласына, ақыр соңында осы Қарағандыға келіп табан тірейді. Тағдыр қызық қой! Жарты жалғанды аралап келіп, сүргін кешіп, бір адамның басына молынан жететін шытырман көрген (күпірлік болмасын сөзіміз) жан тірлікте тиянақты әскери тәртіппен бірге имандылық жолынан табады деп кім болжай алады. Әлбетте, пәлек басына пәруана пиғылды, қиямет қиялды қаптатып алатын пенде түзу, түзік ғұмыр кешу үшін ең әуелі тәртіп керек. Ал, әскери тәртіптен артық тез-талқы табасың ба?! Сол темірдей әскери тәртіпке шариғат ұстанымы, дін тәртібін қосып көтерсеңіз қайтесіз?!

"Дінге 1992 жылы Қазақстанға оралған соң бет бұрдық қой. Қаракемерде қызмет етіп жүріп, алғаш рет ораза ұстадым. Міне, мүшелге жуық уақыт өтті жыл сайын ораза ұстанамын. Әскери қызметке еш кедергісі жоқ, керісінше, көмектесетін реті бар. Жолдасым Гүлнар да әскери қызметкер. Ол кісіге инженер болу бұйырмапты. Қазір прапорщик шені бар.

...Таң бозында Чирекардың сұсты шатқалдарынан өріп шыққан салқын самалмен санасы ұйып, ұйқыға шырмала берген он сегіз жасар сарбаз азаншының ащы айғайымен оянып кетеді. "Аллаһу-акбар! Аллаһу-акбар... Қатардағы жауынгерден подполковникке шейінгі өмір жолында көргені аз емес жігіттің санасындағы сергектік, көкірегіндегі дүр-сенім бәлкім сол кезден-ақ қалыптаса бастаған шығар...

Қарағанды қаласы



СПОРТ

Қыздарымыз ерледі

Жанат ЗИЯШҰЛЫ

Газетіміздің өткен санында Алматының "Рахат" әйелдер командасының Тайланд ханшайымы кубогында екі жеңіске қол жеткізгенін хабарлаған болатынбыз. Қыздарымыз сәті түсіп осы турнирде алғаш рет ханшайым кубогын жеңіп алды. Финалда олар жапониялық бойжеткендерді 3:2 есебімен ұтты.

Бангкокта өткен жарыста жерлестеріміз алты кездесу өткізіп соның барлығында қарсыластарынан басым түсті. Жалпы бас жүлде үшін Австралия, Тайланд, Жапония, Вьетнам, Филиппин, Индонезия, Өзбекстан және Қазақстаннан барлығы 10 команда сынға түсті. "Рахат" клубының директоры Ермек Сырлыбаевтың айтуынша, екі жылда бір мәрте өткізілетін турнир Азияда үлкен беделге ие. Ал, қазақстандықтардың осы жарыста топ жаруы елімізде бұл спорт түріне ерекше ден қойылып отырғанының айқын белгісі. Азия аймағындағы дүбірлі додада "Рахат" 2002 жылы қола медальді еншілеген болатын.



ЖАҢА КІТАП

Мұзтау мінезі мұзбалақ шығармасында

Өр Алтай, Төр Алтай... Ежелгі түркілер бесігі - Алтай жері қай заманда болмасын қойнауына бұққан құпиясы және байлығымен сырт көз сұғын тартып келеді. Жақында "Елорда" баспасынан көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Катонқарағай ауданының құрметті азаматы Әлібек Асқаровтың "Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын" атты ел мен жер жайындағы толғау туындысы жарық көрді.

Қаламды қару еткен ағайындармен арнаулы экспедиция құрамында Мұзтаудың сілемдерін зерттеп, қойнауын аралап, зердеге түйген жолжазбасынан өлкенің арғы-бергі тарихынан көп мағлұмат алуға болады. Шығарманың ерекшелігі, жазушы қойын-қолтығы сырға тұнған аймақтың кешегісі мен бүгінгі өзекті проблемаларын қатар өрбітеді. Әңгіме тиегін ағытуды қажет етпейтін тұрғындар мен замандастарының ел шетін бекітіп, ұлттың ұлылығын асаратын қажырлы істері қаз-қалпында берілген.

Кітапты оқи отырып, адам жаратылысының, мінезінің туған топырақпен тығыз байланысты екеніне тағы да көз жеткізесің. Шамшыл, қазымыр таудың асқақ көңіл адамдарды жаратпайтынын, аласа екен деп келген альпинистердің көбінің алданып қалатынын білесің. Бір сөзбен айтар болсақ, Мұзтаудың жайдары да қитар, дархан да шамшыл мінезін Мұзтаудың түлегі ғана түсініп, суреттей алатынын ұғасың.



Ауылдағы лагерь

Құрмет НҰРСҰЛТАНҰЛЫ

Бір кездерде мектептің оқу жылы аяқталысымен оқушыларының демалыс лагерлеріне барып тынығып қайтатын қызықты шағы көзден бұлбұл ұшқандай еді. Бірақ ел экономикасы жақсарып, өмірдің қалыпты арнаға түсе бастағанының белгісіндей жоғарыдағы үрдіс бүгінде қайта жалғасын тауып жатыр. Мұндай игі істі ата-аналарда қуана қолдап көмектерін көрсетуде. Осы істің мысалы ретінде Целиноград ауданына қарасты № 10 фарфор мектебі қасынан ашылған "Достық" демалыс лагерін атауға болады. Лагерьде екі кезекте 50 баланың жақсы да жайлы демалуына барлық мүмкіндік жасалған. Әр кезекте жұмыс жасайтын мұғалімдер мен жетекшілер тағайындалған. Оқушылар арасында олардың қызығушылығын арттыратындай іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Кезек сайын үздік ән айтушылар мен жас суретшілер байқауы өткізіліп тұрады. Ұлттық салт-дәстүрге негізделген "Алтын қақпа" ойыны, "Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ" сайысы, "Қалпақ ұру", "Арқан түю" сияқты ұлттық ойын түрлері балалардың қызығушылығын тудыруда. Сонымен қатар туып-өскен жерінің табиғатымен танысу саяхаты, таза ауада демалу, суда жүзуді үйрену секілді балалардың таным түйсігімен денсаулығын жетілдіретін шаралар да көптеп ұйымдастырылуда. Осындай игі істің ұйытқысы болып жүрген мектеп директоры Светлана Волковаға ата-аналар тарапынан айтылып жатқан алғыстар да шексіз. Әрбір ауыл мектебінің жанынан осындай лагерьлер ашылып, жұмыс жасап жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Ақмола обл.



АЙТАЙЫН ДЕГЕНІМ...

Шенеуніктер жалғастығы

Еркебұлан АЛТАЙ

Қарағандыда өткен денсаулық сақтау саласын реформалауға арналған мемлекеттік бағдарламаны талқылау барысында денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев дәрігерлер үшін көптен күткен, ал айтып келмес ауру алдында қорғансыз көпшілікті шалқасынан түсіретін тосын жаңалық айтты. Оның айтуынша дәрігерлердің науқастардан сыйлық алуын заңдастыру қажет.

Министр өз бастамасын былай деп түсіндіреді:

- Сыйлық беру іс жүзінде орын алып отырғандықтан оны қосымша ақы ретінде заңдастыру керек.

Бұл дегеніңіз пара емес пе, заңды аяққа басу ғой, деген сауал туындары сөзсіз. Ерекең оған "Сонда көрсетілген қызмет сапасына шағымы болған жағдайда сырқат өз құқығын талап ету мүмкіндігіне ие болады" деп бұл пара емес пе деген ойдың алдын орайды.

Осы арада қазекемнің "сынықтан өзгенің бәрі жұқпалы" деген дуалы сөзі еске оралады. Дәл осындай "өзгеше" ұсынысты Зауытбек Тұрысбеков Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы болып тұрған кезде өткізуге тырысқан еді. Соған қарағанда бас шенеунік сол кезде жас шенеуніктің аузына түкіріп кеткен бе деп қаласың? Кездейсоқтық па, жалғастық па? Онда 100 АҚШ долларына дейінгі көлемде пара алған шенеуніктің шекесінен шертпей-ақ қойсақ қайтеді деген жаңалығының жаңғырығы әлі де өшкен жоқ.

Шындығында дәрігерлерге сый-сияпат жасаудың жөні де бар. Әбден жүйкеге тиіп, қажытатын, әрі отбасың мен туған-туыстың қалтасын қағып кететін аурудан айықтырған дәрігерге барыңды жайып салуға бақұлсың. Бірақ, сыйлықтың соңы сұранысқа айналып кетпей ме? Яғни, қол ақтығың болмаса қайқая бер деп шалқаятындардың шықпасына кім кепіл? Досаев осыған кепілдік бере ала ма? Денсаулық саласын реформалауға жіберілген министр реформаны презентті заңдастырудан емес, медициналық көмекке халықтың қолын жеткізетін істерден бастағаны абзал болар еді.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ


Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"