ГАЗЕТА
№ 29 (82)
23-29.07.2004
  Первая страница
  Подробности
  Выборы-2004
  Земля и люди
  Зарубежный опыт
  Щит Отечества
  Спортплощадка
  Семейный очаг
  Подворье
  
  Глобус
  Увлечения
  На досуге
  Всем обо всем
  Колонки


  РАЗНОЕ
  Архив
  Обратная связь
  ВМЕСТЕ С НАМИ
  ВАЛЮТА, ПОГОДА

Kazakhstan Financial Market



Вся погода
  АУЫЛ ӨМІРІ  
Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАР БАҒАСЫ

Ғали САҒДИҰЛЫ

Елордадағы офисінде осы аптада Қазақстан Аграрлық партиясының төрағасы Ромин Мадинов Ұлттық демократиялық институт делегациясымен кездесті.

Әңгіме барысында халықаралық ұйым өкілдері елімізде алғаш рет енгізіліп отырған электрондық дауыс беру жүйесі туралы пікірлерін білдірді. "Компьютер кәсіпқойлары қоғамдық жауапкершілік үшін" деп аталатын ұйымның осы тәріздес жаңалықтар жөніндегі сарапшысы Роберт Вилкокс қазақстандық электронды сайлау жүйесіне жоғары баға берді.

Ұлттық демократиялық институт өкілдері республикамыздағы партия өмірі, дәлірек айтқанда Аграрлық партияның құрылымы мен мақсаттары жайлы сұрастырды.

Партия төрағасы Ромин Мадинов қонақтарды таяу болашақта атқаруды қажет ететін партияның стратегиялық міндеттері мен оның республикада және нақты аймақтарда атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.

Ұлттық демократиялық институт парламент сайлауы кезіндегі еліміздегі саяси ахуалды жан-жақты зерттемекші. Делегация сонымен қатар еліміздегі билік басшыларымен, Орталық сайлау комитеті өкілдері, саяси партиялар мен мемлекеттік емес ұйымдар төрағаларымен кездесуді көздеп отыр.



Жер саудаға түсті

Арман ӘМЕН

Үстіміздегі жылдың мамыр айында Астана қаласының әкімдігі Жер кодексіне сүйене отырып, жер телімдерін сату жөніндегі жаңа ережені мәслихат талқысынан кейін қолданысқа енгізген болатын. Осыған сәйкес шілденің 21-і күні Астанада бюджет бүйірін шығарады деген сеніммен алғаш рет өнеркәсіптік-азаматтық мақсаттағы нысандар мен жекеменшік үйлердің құрылысына арналған жер телімдері аукционға шығарылды.

Ағылшын тәсілімен жүргізілген аукционда алдымен ірі құрылысқа лайықталған аумақтар қойылды. Сауданы жүргізуші қолындағы балғаның әр соққысы бағаның белгіленген сомадан бес процентке жоғарылағанын хабардар етіп тұрды. Тұрғын үй кешені, сауда үйлері, сұлулық салонын салу белгіленген бес жер телімінің төртеуі өтпеді. Егер одан үміті болғандар қатысқанда бастапқы бағасына кететіні сөзсіз еді. Аталмыш аумақтар алдағы аукциондарда да шығарылады, сол кезде де оларға сұраныс болмаса, бағасының төмендеуі әбден мүмкін.

Есесіне Есілдің сол жағалауынан бой көтеріп келе жатқан жаңа әкімшілік орталық аумағындағы телімге талас қызу болды. Бастапқыда 6 169 040 теңгеге бағаланған 0,2614 га жердің құны қызды-қыздымен 29 миллион теңгеге жетіп, өтіп кетті. Сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылысына арналған он бес жер телімі де саудаға шығарылды. Жекеменшік саудасында Оңтүстік-Шығыс шағын ауданы мен Тілендиев даңғылы бойындағы он жер телімі иелерін тапты. Көктал-2 кенті аумағында жатқан қалған бесеуіне сұраушы табылмады.

Алғашқы баға мен соңғы баға арасындағы айырмашылық 200-300 мың теңгеден 3 миллионға дейін барды. Көпшілік жағдайда баға оншалықты көтеріле қойған жоқ. Аукционды ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда бюджетке 23 миллион теңгеден астам қаржы түседі.

Алғашқы аукционның қызығы мен қызуы әкімшіліктегілерге майдай жаққанымен артының қайырын берсін деп іштен тынып отырған жамиғат әлі де әлденеден үмітті.



Кәсiпкер, ауылға кел

Құрмет НҰРСҰЛТАНҰЛЫ, мұғалім

Елдің еңсесі көтеріліп, экономикамыз түзеліп келеді. Халықтың әл-ахуалын жақсарту үшін жасалып жатқан іс-шаралар болашаққа деген сенімді ұялатады. Ауылды көтеруге арналған бағдарламаларда біртіндеп жүзеге аса бастады. Дегенмен осынау бір өліара кезеңде ауылды қолтығынан демеп жіберетін азаматтардың көзге көрінбеуі әртүрлі ойға жетелейді. Небір қалталы, қолында қаржысы бар айтулы, танымал азаматтар өзінің ауылмен тамыры сабақтас екенін ойламай ма деп өкінесіз. Бүгінгі жеткен жетістігінде ауылмен байланысып жатқан жоқ па? Олар өздерінің неше атадан бергі киелі бесігі ауыл екенін еске алып, ат басын туып-өскен ауылына бұрса жасампаздықтың үлгісі болар еді ғой. Әзірше, мұндай азаматтар саусақпен санарлықтай ғана болуы өкінтеді.

Дегенмен, ұлттық сипат санамызды, рухани құндылықтарымызды дәріптеуде айтарлықтай іс жасап жүрген кәсіпкерлерді жоққа шығара алмаймыз. Солардың бірі "Тарлан" сыйлығын тағайындаушылар мен оның иегерлері. Қомақты қаржыға ие болған "Тарлан" иегерлерінің ауылға арнап не істегенін, өзінің ауылын көркейтуге, көтеруге қандай үлес қосқанын естімеппіз. "Тарланды" тағайындап таратушылар жылына бір ауылға арнаған қаржысын табыс етсе, бір адамды емес, мың адамды марапаттаған болар еді. Біз неге ауыл десе осындай тәуекелге бара алмаймыз. Ойланайықшы ағайын! Бір қаржылы азамат туып-өскен ауылын көркейтуге ат салысса, несі бар. Тіпті ар алдында да, Алла алдында абыройы асқақтап тұрары сөзсіз. Әрине, ауыл қол жайып қаржы сұрап отырған жоқ. Кеше ғана бал дәуренін өткізіп, өз ортасынан түлеп ұшқан түлектерінен демеушілік күтуде. Ауылға арнаған қаржысының қайтарымы еселеп қайтарылатынын ескерсек етті.

Туып-өскен жері, ата-бабасының ақ бесігі ауылды көркейтуге айтарлықтай үлес қосып жүрген семейлік Нұртай Сәбиляновтан неге үлгі алмасқа. Кәсіпкерлердің барлығы Нұртайдай болса бүгінгі ауыл келбеті өзгеше болған болар еді.

Менің осы айтқандарым мүмкін кейбіреулерге ой тастар. Қаржылы кәсіпкерлер өз ауылын көркейтуге ат басын бұрар. Сөйтіп үлгі боларлық іс жасар.

Ауылды көтерудің түбінде ұлттық болмысты сақтайтын рухани мүдде жатқанын естен шығармайық. Егер де өзімізді көрікті жолдан көргіміз келсе ең алдымен рухани бесік ауылға, сол ауылдың келешегі саналатын ұрпаққа қол ұшын берейік. Ат та қияны басу үшін тұяғына қарайды. Ал, біздер елдік болмысымызды сақтаймыз десек ауылды көркейтуді қолға алайық.

Ақмола обл.



БІЗДІҢ БИДАЙ БАЛ ТАТИДЫ

Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері еліміздегі астық қолхаты жүйесін ТМД және Шығыс Еуропа елдерінде қолданылып отырған үлгілер арасындағы ең таңдаулысы, әрі болшағы зор деп таныды. Бұл жайында республика ауыл шаруашылығы министрлігі және Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындаудың кепілдік қоры басшыларының Европа қайта құру және даму банкі, Rabobank (Голландия) және Natexis Bank (Франция) өкілдерімен болған кездесуде айтылды.

"Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындаудың кепілдік қоры" АҚ-ы басқармасының төрағасы Сағындық Нұрақанов қазақстандық астық қолхаты үлгісін халықаралық жетекші қаржыгерлердің оң бағалауын, еліміздегі астық секторындағы инвестициялық ахуалдың барынша ыңғайлы екендігінің дәлелі деп есептейді. Бұл сонымен қатар қайта өңделген "Астық туралы" Заң нұсқасының қайтарымы.

Елімізге мақсатты несие жүйесін ұлғайтуды көздеп келген Еуропа қайта құру және даму банкінің осы жобасы аясында банк қормен ынтымақтасты тереңдетуге және астық қабылдау кәсіпорындары санын көбейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Rabobank және Natexis Bank қор кепілдік берген астық өсіруші кәсіпорындарды биылғы орақ науқанынан бастап қаржыландыруға дайын екендерін, тек қордың астық қолхаты болуы керектігін білдірді.

Шетел банктерінің өкілдері астық қолхаты жүйесін және ол жөніндегі міндетті сақтандыру кестесін ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа түрлері, атап айтқанда мақта және күнбағыс тұқымына енгізу мәселесін көтерді.



ТЕХНИКА ЖАҢАРАТЫН БОЛДЫ

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЕВ, журналист

Ауыл шаруашылық техникасын экспортқа көп шығаратын Беларусьтің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Лариса Пакуш Таразда облыс аграршыларымен кездесті. Оған Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарының ауыл шаруашылық құрылымдарының басшылары, ауыл әкімдері де қатысты.

Трактордың 62 түрін шығаратын Беларусьтен келген қонақтардан шаруалар көп жайға қанықты. Минск трактор зауыты техникасының жоғары сұранысқа ие екені белгілі. Осыған орай біздің республикада "Минск трактор зауыты" өндірістік бірлестігінің ресми дилері - "МТЗ Азия-сервис" ЖШС-ы жұмыс істеп келеді. Зауыт өкілі Вячеслав Сверко мен "МТЗ Азия-сервис" ЖШС-ы қаржы директоры Ринат Гапаровтар ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер қойған сауалдарға тұщымды жауаптар қайтарды.

Кездесу қатысушы тараптар үшін жемісті болды. Таразда Минск трактор зауытының өкілдігін және қосалқы бөлшектер сататын дүкен ашу, осындағы "Қосалқы бөлшек зауыты" АҚ-ымен келісіп техниканы күрделі жөндеуді ұйымдастыру, сондай-ақ шаруашылықтар сұранысына сай минитракторлар жеткізу жөнінде келісімге келісті.

Жамбыл обл.



КӘСІПОДАҚ ҚАЙРАТЫН ҚАЙТАРМАҚШЫ

Мақсұтбек ОТАШЕВ, журналист

Үстіміздегі жылдың сәуірінде Парижде кәсіподақтардың халықаралық ұйымының конференциясы өткізілді. Оған дүниежүзінің 54 елінен делегаттар қатысты. Кәсіподақтардың халықаралық ынтымақтастығын талқылап, баяндама жасаған 43 кешен қатарында республика агроөнеркәсіп кешені Орталық Комитетінің төрағасы, "Қарабатыр" агрофирмасының бас директоры Жәзит Құдайқұл да болды. Кәсіподақ басшысы ретінде халықаралық байланыстарды қалпына келтіруге атсалысып жүрген төрағадан ұйымның ауыл шаруашылығына әсері жайлы білгіміз келген еді.

- Соңғы жылдары біздің ауыл кәсіподақтары ресейлік әріптестерімен тығыз байланыс жасауда. Екі елдің қайсында болсын, көтеретін мәселе ортақ. Париждегі форумға барар алдында Челябіде екі мемлекеттегі жұмысшыларды әлеуметтік қорғау мәселелерін талқылағанбыз. Ресей агроөнеркәсіп кешені Орталық Комитетінің төрағасы Александр Давыдов біздің елде жиі болып тұрады. Әрине, ол сөз жоқ, менің осы форумға қатысуым арқылы біздің еліміздің де кәсіподақтардың халықаралық ұйымына қосылуын қалап, жақындата түскісі келеді.

- Сіз кәсіподақ қайраткері ғана емес, "Қарабатыр" сияқты ірі агрофирманың басшысысыз. Сонда басшы қолында кәсіподақ тізгіні болғаны қайшы емес пе?

- Мұның еш артықшылығы жоқ деп ойлаймын. 1987 жылдан бері іргелі шаруашылықты басқарумен қатар ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы Орталық Комитетінің мүшесі болдым. Екі жыл бұрын село кәсіподақтары ғана емес, Қазақстан кәсіподақтары Федерациясы жұмысынан береке кетіп, ыдырауға айналғанда агроөнеркәсіп кешені кәсіподағының кезектен тыс пленумында маған оның Орталық Комитетін басқаруды ұсынды. Одан көп дауыспен өтіп, кейін съезде қайта сайландым. Қазір бұрынғы ұйымдар мен ондағы жұмыстарды қайта қалпына келтірумен айналысып жатырмыз. Өткен жылы бастауыш ұйымдарға 40 мыңнан астам мүше қосылды. Қазір олардың жалпы саны 170 мыңға жетті.

- Жұмыс беруші болған соң қызмет барысында кикілжің болмай тұрмайды. Сонда агрофирма жұмысшылары құқығын өзіңізден қорғайтын болғаныңыз ғой?

- Шаруашылықта кәсіподақ түтіні өшкен емес. Тоқсаныншы жылдар ортасында аудандық кәсіподақ комитеті жабылып, ақша таба алмай жатқанда мен өзіміздегі ұйым төрағасына директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары деген қызмет беріп, еңбекақысын ай сайын төлеп тұрдым. Ал ол ұжымдық шарттар арқылы еңбек тәртібін нығайтуға көмектесті. Шартта жұмыс орнында арақ ішкен адам автоматты түрде жұмыстан шығарылады деген тармақ бар. Міне, соның арқасы болар, соңғы он жылда бірде-бір адам осы себептен жұмыстан шығарылған емес.

Шаруашылықта халықты еңбекке ынталандыру үшін жарыс шарттары жасалған: жыл қорытындысы бойынша екі жүзден астам жұмысшылар мен қызметкерлерді бағалы сыйлықтармен марапаттаймыз, өткен жылы үш таңдаулы диқанға жеңіл көліктер салтанатты жағдайда табыс етілді. Қарабатыр селосында қирап жатқан үй көрмейсіз. Есесіне басқа ауылдар мен аудандардан көшіп келуге тілек білдірушілер қатары жылдан-жылға көбейе түсуде. Себебі адам қашан да мекеннің жақсысын іздейді...

- Олыста үлкенді-кішілі 8,5 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорындары бар. Солардың жартысынан көбінде кәсіподақ ұйымдары жоқ. Олардың жұмысшылары кімге арқа сүйейді?

- Ешкімге жалтақтамай, ұйымды өздері құрып, жұмыс істеулері керек. Өйтпейінше, құқығы бұзылып, крепостнойлық ролде қалуы мүмкін. Ал, заңсыздық аяқ аттаған сайын кездеседі. Ұзынкөл ауданының "Алабұға" және "Торсай" ЖШС-ларында жұмысшылардың жеке әлеуметтік кодтары мен РНН-ді тіркемек түгіл, жеке бас куәліктерін сұрамайды екен. Демек, адамның құжаттары еңбек қатынастарына тіркелмейді. Ал тіркелмеген жағдайда еңбекақысын қалай талап етеді? Қарап отырсаңыз жылдар бойына еңбекақы төлемеу, зейнетақы қорларына жарналарын аудармау, ұжымдық шарттарды жасамау сияқты заң бұзушылықты көптеп келтіруге болады. Оларды кәсіподақ ұйымдары болмаса кім жасайды? Міне, мұның бәрі оңай болып көрінгенмен оған мұқият қарап, жаңашылдықпен атқаруды қажет етеді. Сондықтан да біз бұл істе жергілікті жерлердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ролін күшейтіп, олардың қатары өсе түскеніне қуанып қана қоймай үлкен үміт артып отырмыз.

- Париж форумының кәсіподақ жұмысына әсері қандай болды?

- Адам құқығы, әлеуметтік мәселелер қай елде болмасын алдыңғы кезекте тұр. Біз соны қайтадан бастап отырмыз. Қазақстанда жыл сайын 16 миллион тоннаға дейін астық жиналатынын айтқанда Мысыр делегаттары "Сіздер бәрінен де бай болуға тиіссіздер, жан басына шаққанда бір тоннадан астам өнім келеді ғой... бұл "барлық байлықтың бастауы емес пе?" деп жұртқа жария етіп жатты.

Конголық кәсіподақ басшысы елінде жұмыстың бір-ақ түрі, ол - алмаз қорын іздеу мен өндіру, ал ол қор таусылса жергілікті халықтың не істейтінін білмейтінін қынжыла айтты. Сонда ғана мен халықаралық кәсіподақ қозғалысының үлкен күш екенін, онымен дүниежүзіндегі елдердің санасатынына көз жеткіздім. Сондықтан Қазақстан кәсіподақтары да осы халықаралық ұйымнан өз орнын алады деген үміттемін.

Қостанай обл.



КЕШЕНДI ҚЫЗМЕТ ЖАЛҒАСУДА

Қамбар ЖЕТКІЗГЕН,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары

Ауыл жылы бағдарламаларын орындауда облыс көлемінде бірқатар қызметтер жасалынды. Мал басын көбейту, өндірілетін өнім көлемін арттыру, олардың бәсекелестік қабілетін көтеру, мал тұқымын асылдандыру, ауыл аймақтарын дамыту басты назарда болды.

Қазір облыстың аграрлық секторында 809 ауыл шаруашылық субектісі есепте, олардың 16-сы ірі тауарлы шаруашылық кәсіпорындары, 706 сышаруа қожалықтары, 87-сі шағын тауар өндірушілер. Одан басқа аймақта тоғыз мыңнан астам тұрғынның өз қосалқы шаруашылықтары бар.

Облыстағы ауыл шаруашылығы ішінде мал шаруашылығы негізгі сала. Соңғы жылдарда бұл саланың дамуына үшін елеулі қадамдар жасалынды. Мал басының өсу тенденциясы сақталып келеді.

Бағдарламаға сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, халық тұтынатын тауарларын дайындайтын цехтар мен шағын желілерді іске қосу, онда өңделген өнімдердің көлемін арттыру бағытында қызметтер жүріп жатыр. А.ймақта өндірілетін мал өнімдері ішінде қой жүні, қаракөл елтірісі, мал терілеріне сұраныс төмен. Осыған байланысты "Сенек" ЖШС-інде жұмыс жасайтын тері илейтін цехының жұмыс көлемі артып дайындалған өнімдердің сапасы жақсарды. Серіктестікте тері өнімдерінен түрлі киімдер дайындалады, тігін цехы тұрақты қызмет жасайды. Қой жүнінен киіз дайындап, өндіріске өткізу жолға қойылған. Өткен жылы қуаттылығы 200 тоннаға дейін жүн жуатын қондырғы іске қосылды.

"Таушық" ЖШС-інде түйе сүтін полиэтилен ыдысқа құятын цехты пайдалануға беру нәтижесінде шұбат сақтау, тасымалдау жұмыстары жақсарды. Шаруашылық отарлардан сауылған түйе сүтін таситын арнаулы мұздатқыштары бар жаңа автокөліктер алып, сүт сапасы артты. Қазіргі кезде сүт цехын кеңейту, қосымша қондырылғар орнатуға байланысты қызметтер ұйымдастырып жатыр. Сонымен бірге халық тұтынатын тауарлар дайындайтын цехтар да жұмыс жасайды. Серіктестік жылына 200 тоннадан астам түйе сүтін дайындайды.

Мал өнімдерін өңдеу, одан өтімді тауарлар дайындау және оны өткізу жұмыстары облыстың басқа аудандарында да жолға қойылып келеді.

Көп қаржы қажет ететін мал өнімдерін ұқсататын, өңдейтін орындарды іске қосуға немесе жаңадан салуға шағын шаруашылықтар мен қожалықтардың мүмкіндіктері келмеуде. Олар мұндай жұмыстарды өздерінің жұмыс жүйелеріне қарай бірлесіп, бірігіп қызмет ұйымдастырғанда ғана нәтиже беретіндігін өмір көрсетіп отыр.

Өткен жылы Жаңа-өзен сүт зауыты банктен 23,8 млн. теңге несие алып, зауыт қайтадан жарақтандырылды. Соның нәтижесінде шығаратын өнімнің көлемі екі есеге артып, сүт өнімдерінің түрлері көбейді. Облыс әкімінің шешімімен ауыл шаруашылығын қолдауға арналған "Маңғыстауагросервис" МКК құрылған болатын. Үстіміздегі жылы осы мақсатқа 50 млн. теңге бөлінді. Облыс әкімшілігінің бұл қызметі ауыл тұрғындары тарапынан қолдау табуда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің техникалық қамтылуы жылдан-жылға жақсарып, техника паркі жаңарып келеді.

Шаруа қожалықтары мен мал ұстайтын ауыл тұрғындары үшін қазіргі МТС құрудың маңызы зор болып отыр. Мысалы, Бейнеу ауданында "Бейнеу МТС" МКК-ы арқылы мал азығын дайындау, ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын жүргізу, мал өнімдерін ұқсату сияқты қызметтер атқарылады.

Үстіміздегі жылы осындай МТС мекемесін Қарақия ауданында құрудың мүмкіндіктері қаралауда. Мал шаруашылығының негізгі мәселелерінің бірі - жергілікті жағдайда бейімделген мал тұқымын өсіру, және оның тұқымық сапасын арттыру болып есептелінеді. Осы орайда малды мақсатты асылдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. "Қарағантүбек" ААҚ-ы, "Сенек" ЖШС-інде қаракөл қойлары және адай жылқылары, "Таушық", "Түлік" серіктестіктерінде қазақтың айыр өркеш түйелері өсірілуде. Соңғы жылдарда мемлекет тарапынан мал тұқымын асылдандыру жұмысына ерекше назар аударылып, қолдау көрсетіліп отыр.

Маңғыстау обл.



КӨКЕЙКЕСТІ

ЖҰМЫС ОРНЫ МА, АПАТ ОРНЫ МА?

Тау-кен және өнеркәсіп саласында 147 қайғылы оқиға болды

Серік САҒЫНТАЙ

Ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, соңғы уақыттарда өндірісте және жол қозғалысында түрлі апаттар, кісі өлімі көбейген үстіне көбейіп отыр. Өндірісте жарақат алу оқиғалары 2000 жылдан бастап тұрақты өсу үстінде. Мәселен, 2003 жылы облыс бойынша өнеркәсіп орындарында 890 адам жарадар болып, олардың 67-сі қаза тапқан. Сонымен қатар 123 адам салдары ауыр бақытсыз жағдайға тап болған. Сол жылы топ адамдар ұшыраған 16 қайғылы оқиға болып, 48 адам зардап шексе, 17 жан дүние салған. Ал 2004 жылдың соңғы бес айында өндіріс орындарында 260 адам зардап шегіп, олардың 26-сы о дүниелік болыпты. Жалпы алғанда, санаға салмақ түсіретін мұндай фактілерді көптеп келтіруге болады. Ал әр фактінің ар жағында адам тағдыры мен "НЕГЕ?" деген зілді сұрақ тұр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары И.Тоғайбаевтың Жезқазған қаласында өндіріс пен жол қозғалысындағы қауіпсіздікті сақтау мәселелері жөнінде өткізген мәжілісінде осы мәселелер көтерілді.

Қайғылы оқиғаның басты себептері - кәсіпорындарда өндірістік жұмыстарды ұйымдастырудың талапқа сай еместігі, ақаулы машиналар мен технологиялық құрылғыларды жұмысқа пайдалану, еңбек қауіпсіздігін сақтау шараларын толық білмеу және басқа да жағдайларды айтуға болады. Егер қайғылы оқиғалардың жиілігін есептеуде көрсеткіштерді аймақтық үлеспен бөлшектей қарасақ жарақаттанудың ең көп фактілері Қарағанды, Жезқазған, Сәтпаев, Шахтинск, Теміртау, Саран, Абай қалаларында, Бұқар жырау, Осакаровка аудандарында кездеседі екен. Ал егер аталмыш фактілерді экономика салаларына қарай жіктесек, көмір өндіру және кен-металлургия саласына (2003 жылғы деректер) жарақаттанудың 60 проценті, кісі өлімі оқиғасының 50 процентінің тиесілі екені анықталады. Тарата айтсақ, ең көп қайғылы оқиғалар облыстың металлургия саласындағы қос алпауыт "Испат-Кармет" ААҚ мен "Қазақмыс" корпорациясы" АҚ-ның еншісінде.

Үстіміздегі жылдың өткен бес айында облыстағы тау-кен және өнеркәсіп орындарындағы еңбек қауіпсіздігі мемлекеттік инспекциясының бақылауындағы кәсіпорындарда ұзын саны 147 (!) қайғылы оқиға болыпты. Оның 13-і кісі өлімімен, 9-ы аса ауыр салдармен тиянақталған. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырып қарасақ жарақаттану 13 процентке кеміп, ауыр салдарлы жарақаттану 47,1 процентке, кісі өлімі оқиғасы екі есеге көбейген. Жыл барысында "Испат-Кармет" ААҚ Көмір департаментінің "Саран" шахтасында комбайншылардың өлім ауызынан қалуы, "Шахтинск" шахтасында кісі өлімінің болуы, тиісті орындардың сол кәсіпорындардағы техникалық қауіпсіздікке жауапты басшыларына ескерту бергенімен өткен маусым айында аталмыш шахтада өрт шыға жаздауы әлі де шалағайлықтардың көп екендігін білдіреді.

Осы жылдың мамырында "Қазақмыс" корпорациясының бас басқарушысына "Южный" мыс кенішіндегі қайғылы оқиғаға байланысты тиісті орындар қатаң талаптар қойғаны да елдің есінде болар. Үш адам опат болған оқиғаны зерттеген мемлекеттік комиссия апатқа кінәлі корпорация деп тапты. Кей мәліметтерге сүйенсек, корпорация қайтыс болған жандардың отбастарына көңіл айтуға да жарамапты.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған бақылау һәм алдын алу жұмыстары да біраз жайға көз жеткізетіндей. Мәселен (өткен жылмен салыстырсақ), былтыр жыл бойы 75 рет инспекция кеңесі өткізілсе, биылғы бес айда мұндай кеңестер 28 рет өткізіліпті. Былтыр шаруадағы шалағайлықтарға орай 210 адам қызмет креслосын тәрк етсе, биылғы бес айда 71 лауазым иесі орындығымен қош айтысқан. Былтыр тиісті органдар 2867,0 мың теңге айыппұл өндірсе, биылғы бес айда 114,7 мың теңге айыппұл өндірген.

Әрине, фактінің аты факт, әрі айыппұл да тиісті шаралар да адам өмірін қайта алып келе алмайды. Рас, адамзат ұрпағы табиғаттан ажырап, екінші табиғат - мәдениет, өркениетті дамыту арбасына жегілгеннен-ақ, қоғамдық қатынастар табиғи заңдылықтардан алыстаған соң-ақ кісі өлімі қауырт көбейді. Мұны әріге көне тарих пен пәлсапаға бармай-ақ күнделікті техногенді тірлігімізден аңғаруға болады. Бірақ, темір машинаны, алып өнеркәсіпті ойлап тапқан адам онымен бірге өз ажалын да жақындатады деп қарап отыруға бола ма?! Ал еліміздегі алпауыт кәсіпорындардың бірі, бірегейі саналатын, Қазақстан мыс қазанының акциялар пакетіндегі 42,5 проценттік үлесті иеленіп, "мемлекет ішіндегі мемлекет" атанып отырған "Қазақмыстың" (негізгі қожайыны "Самсунг" корпорациясы) осынау адами талаптарды қаңағаттандырмауы неліктен?! Бұдан бұрын халық қалаулылары - депутаттар, үкімет шенеуніктері арнайы тексеріп барып, жағдайына "бес" деген баға қойып жүрген "Қазақмыс" кәсіпорындарында неге кісі өлімі көбейіп кетті? БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, ресейліктер, Ресей Думасының депутаттары оларды өз шарбағына енгізуге түбейгейлі қарсы екен, ал біздің билік басындағы марғасқалар олардың қылмысын жаба тоқып, жанашырлық танытатындай-ау!

Қарағанды обл.



ЭКОНОМИКА

Кедейлер саны азайды

Жанат ЗИЯШҰЛЫ

Елімізде кедейлікке қарсы күрес 2000 жылдан басталды. Алғашқы екі жылда оның бірден-бір тиімді жолы жұмыс орындарын ашу болса, 2003-2005 жылдардың бағдарламасы бойынша жалақы мен зейнетақыны өсіріп, табысы төмен халықтың бөлігіне атаулы әлеуметтік көмек көрсету болып отыр.

Өткен жылдармен салыстырғанда кедейлік деңгейі айтарлықтай азайған. Алты жыл бұрын халықтың 39 процентінің табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінен төмен болса, былтырғы көрсеткіш 19,8 процент болды. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында кедейлердің үлес салмағы 19,1 процентті құраған. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл мәселені реттеудің амалы - кедейлік себептерін анықтауда.

Жүргізілген есептер халықтың орташа жан басына шаққандағы табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейі шамасынан 2,5 есеге жоғары болса, кедейліктің жойылуы мүмкін екенін көрсетті. 2004 жылғы 1 тоқсандағы табыс күнкөрістің ең төменгі деңгейінен орташа 1,5 есеге асып түсті. Бірақ, бұл, кедейлік барлық жерде бірдей жойылады деген сөз емес, себебі өңірлер бойынша қатынаста айырмашылық сақталуы мүмкін.

Сондықтан осы кезде жұмыссыздықтың салдары кедейліктің болуында ерекше рөл атқарады. Есеп 2004 жылғы 1 тоқсандағы деректер бойынша, яғни жұмыссыздықтың 1 проценттік пунктке қысқаруы кедейліктің 3,2 проценттік пунктке қысқарғандығын көрсетеді.

Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі элементтері болып, үй шаруашылығында көмектесетін атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) табылады, ондағы жан басына шаққандағы халықтың табысы кедейліктің шегінен аспайды (40% күнкөрістің деңгейінен). Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, үстіміздегі жылғы арнаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 2003 жылдың 1 тоқсанына қарағанда үш есеге - 705,2 мыңнан 479 мың адамға дейін қысқарған.



МЕЗГІЛ МӘСЕЛЕСІ

...ЕСІК ЖЫРЫ

Арман ӘМЕН

Қазір несие атаулының жарнамасы тәуір болғанымен, алыстағы таулардың дәл жаныңда тұрғандай болып көрініп, жүре келе жеткізбей алдаусырататыны тәрізді нәрсе ғана. Себебі ұрандатқан ипотекалық несие жарлы-жақыбайлар түгілі ортан қолды жалақысы бар адамдар үшін де алдында аздап үміт тудырғанымен кейін алынбайтын тас қамалға айналды. Үкімет те қарап жатқан жоқ. Президенттің өзі қозғау салды. Бірақ өзгерген дүние көрінбейді. Президент Жолдауынан кейін біраз ел көтеріліп, басылды. Республика көлемінде жалақы мөлшері жоғары Астана қаласының өзінде табысы орташа деңгейдегі қызметкерлер сол ипотекалық несиені алуға шамасы жоқ. Ал, мемлекеттік бағдарлама бойынша несие ставкаларын төмендетудің жолдары әзірге жоба ғана. Мысалға өсімі төмен несие алғың келсе, сол жалпы соманың жарымын қолма-қол төле дейтіндер де бар. Ал, иманжүзділері шындығын айтады. Себебі олардың өзі шетелдік банктерден 9 проценттік өсіммен несие алып отырғанда сіз алатын несиенің үстіне қосылатын өсімнің ендігі уақытта бұдан төмендеуі неғайбыл. Бірақ бұл біреулер үшін бүгінгінің әңгімесі ғана секілді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен республика Ұлттық кеңесі жиналысында Үкімет ұсынған тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы талқыланып, мақұлданды. Ондағы жүктелген міндет бойынша Қазақстан ипотекалық компаниясы мемлекеттік бюджет есебінен жарғылық капиталы он есеге өсіп, оны басқару Ұлттық банктен Үкіметтің қарауына көшіріледі. Қаржыландыру мәселесінде министрлер кабинеті облигациялар шығаруға көшпек. Соның нәтижесінде ипотекалық несие ставкасы 10 проценттен жоғары болмайды. Ал, алғашқы жарна сомасы алдағы уақытта пәтер бағасының 15 процентінен 10 процентке төмендемек. Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы жинақ банкі салымшыларды тарту мақсатында пәтер бағасына кіретін алғашқы салым мөлшерін 50 проценттен 25 процентке төмендетпек. Ал, несиені банкке қайтару мерзімі 15 жылдан 25 жылға дейін ұзартылады.

Қалай дегенмен де елдің ендігі үміті элиталық үйлерде емес, енді-енді әңгіме болып жатқан мемлекет бақылауындағы эконом класты тұрғын үйлер де ғана болып отыр. Ал, тұрғын үй кешендерін тұрғызатын құрылыс компаниялары өздерін тек тапсырыс орындаушылармыз, сондықтан баға саясаты бізге тіреліп тұрған жоқ деп жауырды жаба тоқиды.

Жұрттан жинаған өсіммен пайда табатын банк атаулының жарылқайтыны да шамалы. Олардың қай-қайсы болмасын өздері кесіп, жарытымсыз бағалаған сіздің сатып алатын үйіңізді кепілдікке алып отырса да ірі көлемде алдын-ала жарна төлеуіңізді талап етеді. Мысалға Астанадан пәтерді ипотекалық несиеге аламын десеңіз қалтаңызда 500000-нан кем емес теңгеңіз болуы шарт. Ал мұндай қаражат кірме болып, пәтер жалдап отырғанғандардың қайсының қалтасынан табыла қойсын. Әйтпесе былайғы жұртты несие үстіне қосылатын проценті қобалжытып отырған жоқ. Себебі тапқан-таянғанын сол пәтер жалдауға жұмсап ашынғанша, 20 жыл төлесеңде басыбайлы болатын өз баспанаң үшін шығынданғанды кім дұрыс көрмейді?

Қалай десекте бұл ғұмырда айтылып бітпейтін есік жырының әуені өміршеңдігін әлі де талай уақыт бойы әйгілей беретін болады.



ӨНЕРЛІНІ ӨГЕЙСІТПЕЙІК

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Қолда барды қадірлей білмейтініміз шындық. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, үкілі Ыбырай мен Орынбай ақындар туған Көкше өңірінде солардың ізін жалғастырушы өнерпаздар жетерлік. Дегенмен, кейінгі кезде кей әншілер ел көңілінен ұмытыла бастады.

Ана бір жылы Кіші Қараой жақтағы Алқатерек ауылында Дүйсенбі Дайыровтың атағы дүрілдеп , асқақтап тұр еді. Ол - Алматыдағы өнер студиясын бітірген атақты Жүсіпбек Елебековтың шәкірті. Отбасы жағдайымен ауылда қалып қойғаны болмаса, шын өнердің сол кездегі керемет насихатталуынан Дүйсекеңді бүкіл облыс жұртшылығы білетін. Қазір сол әнші ауылы қирағасын Көкшетауға көшіп келген. Қалалық электр желілері кәсіпорнында қарапайым электр маманы. Баяғы сахна қалған. Не облыстық мәдениет басқармасы, не облыстық филармониядан "осы жерде осындай әнші бар деп жатқан тірі жан жоқ. Бірді- бірге жалғау қиын болып тұрған мына тұрмыс ауыртпалығыда мұрша бермей ме, өзі де үнсіз.

Ал енді таланты мен даралығына ел куә Қажыбай Жахиннің де осы кепті киіп жүргеніне қынжылмай көр. Ол Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қайрат Байбосыновтың шәкірті. Бүгінде олардың үлкен сахнаға шығуды қойып кеткеніне облыстағы мәдениеттің басы-қасындағылардың қатысы жоқ деп айта алмаймыз. Талантын бағалап бауырға тартса, Қажыбай да бұған қарыздар болмас еді. Өзін әлі талай өнер биігінен көрсетер еді. Біздің білуімізше Көксеңгірден ұшқан түлекте тектілік жетеді.

Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Біз бір-екеуіне ғана тоқталған, еліне берері аз емес мұндай өнерпаздар жер-жерде ұмыт қалмаса екен. Осындайға билік басындағылардың көзі түзу болса, ол ортақ абыройымыз емес пе.

Жуырда көкшетаулықтар көп болып өнерін тамашалаған жергілікті ақын, әнші, сазгерлер Иран Тасқара мен Тыныштық Шәменовте өз өнерлерін өздері насихаттап жүрген жігер иелері. Кей-кейде шенеуніктердің салқын қабағы мен шетқақпайлығы ұнжырғаларын түсірмей, намысты қамшылауға үйреткендей.

Бұл өмірде мәңгі жасар ешкім жоқ. Кешегі атағы жер жарған сал-серілер, олардың сарқыты Мұса, Көкен, Кәрімдер де өтті. Енді солардың көзіндей болып Иран, Тыныштықтар қалған. Осы ағаларымыз өздерін-өздері қолдап, бауырдай жарасып өнерде бірге жүреді. Сол ұйымшылдықтың арқасында Біржан сал бабамыздың туғанына 170 жыл толуына арналған үлкен концерт берді.

Екі ақынның да бұл кеште жақсы көсіліп, біраз жерге барғанын көру, әрине қуаныш еді. Ирекеңнің өзі көп жылын Жезқазған өңірінде өткізген тау-кен инженері. Сонда да домбырасын тастамай, өмір бойы баққаны осы өнер. Дәстүрлі Арқа әндерін орындаудың кәнігі шебері. "Жаңа ғасырға - жаңа ән" байқауында өз әні де жүзден жүйрік шығып жүлде алған.

Кісіге өнер тектен-тек қонбайды ғой. Соны бұл концертте Иран дәлелдеді-ақ. Сол Біржан сал мен өз әндерін әуелете шырқап, көпшілік құрметіне бөленді. Білетіндер Ақан серінің "Жылқылы бай" әнін бұл төңіректе тап осы Ирандай орындайтын әнші жоқ дейді.Тыныштық та қара жаяу емес. Кәдімгі өнердің аузын ашса көмейі көрінетін бел баласы. Шалғай жатқан Айсарыда ана бір жылы бүкіл облысқа мәлім "Қарлығаш" атты өнер мектебін ашты. Сол мектебі қазақтың айтыс өнеріне Арман Бердалиндей сары баланы берді. Тыныштықбектің бүгінде 60-қа тарта әні бар. Олардың сөзін де өзі жазады, қоңыр домбырасымен тыңдаушысына да өзі жеткізеді. Бірнешеуі бір-бір ауылдың гимні болып, ел аузында жүр.

Аға мен іні бірін-бірі осылай толықтырады, киелі өнерде осылай үндеседі. "Жақсыдан шарапат" дейді халқымыз. Кейбіреулер бәлкім, қадірін білмей елеусіздеу көрінер. Өзіміз сол жолы өткен концерттен жадырап шықтық. Тек мәдениет басқармасындағылар тағы да осы азаматтар өнер көрсететінін "ұмытыпты". Қара танытқан біреуі болсайшы. Алғысын жиналғандар өздері жеткізіп жатыр. Өнерпаздар құрметсіз емес.

Осының бәрін түсініп оларға бал жалатпасақ та, бір уақ түзу елеп, ескеріп отырғанға шіркін, не жетсін?!

Көкшетау қаласы



СОТ ЗАЛЫНАН

Тергеушi жасырып, прокурор бұра тартты

Ерболат ЕСІЛ

Облыстық сот Азамат Қасымғожин мен Юрий Рыбактың үстінен қозғалған қылмыстық істі қарауды аяқтады. Оларға екі рет қарақшылық жасап, екі кісі өлтірді деген айып тағылған болатын. Алайда сот қылмыскерлерге бұл жолы тек бір қылмыстық іс бойынша ғана үкім кесті. Сот отырысы барысында екінші қылмыс бойынша алдын ала тергеу ісін жүргізген облыстық ішкі істер басқармасының тергеушісі тарапынан заң бұзушылық фактісі анықталды. Айыпкерлердің бірі оның туысы екен.

Оқиға 1998 жылдың күзінде болған. Петропавлдық Азамат Қасымғожин, Юрий Рыбак және Филиппенко деген үш азамат алдын ала құрылған жоспарға сай жеке кәсіпкер Роза Ғаділшинаның үйін тонамаққа ниеттенген. Іскер әйелдің үйінен шығуын аңдаған сыбайластар пәтердің темір есігін ашып кіре алмайды да, арам пиғылдарын орындауды ертеңіне қалдырады. Айта кетерлігі спирт сатумен айналысқан Роза А.Қасымғожинді жақсы таниды, екеуі бірлесіп сауда жасаған. Сондықтан болса керек, үйіне бұрын да келіп-кетіп жүретін Азамат қоңырау шалып, есікті ашуын өтінгенде ойында еш нәрсе жоқ әйел оны үйіне кіргізген. Алдын ала жоспар бойынша қарақшылардың бірі подьездегі баспалдақтың жанында қалады да, қалған екеуі ішке енген. Қылмыскерлер үй иесін өздерімен ала келген балғамен бірден ұрып өлтіреді. Үйдің астан-кестеңін шығарған қылмыстық топ, әйелдің 175 мың теңге тұратын дүниесі мен құжаттарын тонап кетеді. Осы оқиғадан кейін Филиппенко өзіне өзі қол салып мерт болған. Қалған екеуі іздерін жасырып үлгереді.

Арада бір ай өтіп, ақшалары таусылған қарақшы топ қастарына Волынец деген азаматты ертіп тағы бір қылмысқа бел буған. Бұл жолы олар көлігімен жолаушы тасып, күн көріп жүрген Андрей Крайнов деген азаматтың таксиіне мініп, темір жол жанындағы моншаға апарып салуын өтінген. Алдын ала жасалған жоспарға сай, қарақшылар жүргізушінің мойынан жіп салып, қылқындыра бастайды. Ал, жүргізушінің жанындағы орындыққа жайғасқан А.Қасымғожин оны қолымен ұрғылай бастайды. Сараптама таксист ауа жетпей қылқынып өлген деген қорытынды жасаған. Қарақшылар автокөліктің қосалқы бөлшектерін, жүргізушінің аздаған ақшасы мен қолындағы жүзігін алып кетеді. Бұл жолы полиция құрығына тек Волынец түсіп, қалған екеуі соттан тағы жалтарып кетеді. Осы іс бойынша сотталған Волынец қазір Астанадағы колонияда жазасын өтеп жатыр.

Тек 1999 жылы Ю.Рыбак құқық қорғаушылардың көзіне ілініп, 14 жылға бас бостандығынан айырылады. Ол бұрын да темір тордың ар жағын үш рет көріп қайтыпты. Таксисті өлтіргені үшін сотталған екеуі Р.Ғадильшинаны өлтіргені туралы ләм деп ауыз ашпаған. Ал, үстіміздегі жылдың көктемінде қолға түскен А. Қасымғожин екі кісі өліміне қатысы бар екендігін бірден мойындағанымен, кейін одан бас тартқан.

Бақсақ бақа екен демекші, тергеу облыстық ішкі істер басқармасының тергеушісі Саят Мейрамовқа жүктелген. Сот оның Азаматтың туысы екендігін анықтады. Жақынына жаны ашыған ол Павлодарда жазасын өтеп жатқан Ю.Рыбакқа да барып қайтуға ерінбепті. Егер Азаматтың Роза Ғаділшинаның өліміне қатысы жоқ десең, сені де Азаматты да осы соттан құтқарамын деп қыспақ көрсеткен полицией діттегеніне жетеді. Павлодардан келе тергеуші күдіктілердің қылмысы дәленденбеді деген желеумен бірден қылмыстық істі тоқтатқан.

Сол жолы заң бұзушылыққа облыстық прокуратура жол бермеді. Алайда, сот отырысы барысында прокуратура өкілі ақылға қонбайтын әрекет жасады. Мемлекеттік айыптаушы А.Қасымғожиннан Р.Ғаділшинаны өлтірді деп таққан айыптарын қайтарып алды. Прокурордың өз шешімінен аяқ астынан айнығанына түсінбеген сот Қасымғожиннің кінәсін дәлелдеді. Бірақ, бұл іс бойынша толық тергеу жүргізу керек деп шешіп, істі прокуратураға қайтарды. Облыстық прокуратураның соттағы әрекетін заңсыз деп тапқан сот бұл іс жөнінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына мәлімдеме жасайтынын хабарлады. Ал, таксиші А.Крайновты өлтіргені үшін екі қылмыскерге де үкім кесілді. Енді құқық қорғаушылардың алақанына салып келген қылмыскерлері А.Қасымғожин үшін темір тор есігі 15 жылға жабылды. Сыбайласы Ю.Рыбак та осындай жаза алды. Алайда іс нүктесі қойылды деу ерте. Өйткені сот алдына олар Р.Ғаділшина өлімі үшін қайта келулері мүмкін. Мүмкін деп отырғанымыз егер, әрине, облыстық прокуратура бұл істі сотқа жеткізсе.

Петропавл қаласы



ҚАПЕРІҢІЗДЕ ЖҮРСІН

ҚЫЗЫҚПАҢЫЗ, КОФЕГЕ

Осы күні кофе ішу сәнге айналды. Жарнамадағы іскер жігіттер мен әдемі қыз-келіншектердің қол жеткізген жетістігі кофенің пайдасы ретінде көрсетілгендіктен, ол тиісті жемісін беруде. Бас сұққан кеңседегі хатшы қыздар "кофе ме?" деп сызылып тұрғаны. Адамның жұмыс қабілетін арттырып, бойын сергітеді деп мақталып жүрген сусынның көпшілік біле бермейтін жаңа бір құпиясы таяуда ашылды. Ол - кісіні жадысынан айыратындығы.

Кейде тіл ұшында тұрған сөзді адам есіне түсіре алмай әлек болып жатқаны. Ғалымдар ол кофеинді шамадан тыс қолданудың салдары дейді. Аталмыш заттың пайдалы жағы, ойды қажетті арнаға жақсы жетелейді. Алайда, ойдың бір бағыттағы ұшқырлығы екінші жақтың ақсауының есесінен жүреді. Осы сәтте санадағы қосалқы ақпарат беретін саңылау атаулы бітелетін көрінеді. "Ақпарат ой жүйесімен сәйкес келгенде ғана кофеин қысқа мерзімге жадыға қанат бітіреді. Есесіне, оған қатысы жоқ мәліметтер көзі байланады. Адам бір нәрсені жақсы біліп тұрса да дәл сол кездегі ісіне не ойына оның қатысы болмаса еске түсіре алмай әлек болады. Осының бәрі кофеиннің салдары" деп жазады Италиядағы Халықаралық тереңдетіп зерттеу мектебінен Валери Леск. Зерттеуші жасаған қорытындыға саятын болсақ, кофеин пайдалы жағымен бірге сананың селт етіп оянар қабілетін бірте-бірте төмендете береді екен.



ЖҮРГІНШІ ЖҮЙКЕСІНЕ ТИДІ

Чехияда жүргіншілер полиция қызметкерінің қытығына тиіп, әбден жүйкесін жұқартқан көрінеді. Бағдаршамның жасыл жарығын күтпестен, қызылға аттаған жүргіншілердің басынан асырып оқ атқан. Плзен қаласында болған осы оқиға кезінде қаңғырған оқ өтіп бара жатқан көлікке тиген. Абырой болғанда ішіндегілердің көрер жарығы бар екен, жүргізуші де қасындағылар да дін аман. Қазір полиция қарудың я дұрыс, я бұрыс қолданғанын анықтап жатқан көрінеді. Куәлердің айтуына қарағанда, жасыл жарықтың жанғанын күтіңдер деген ескертуіне жүргіншілер құлақ аспаған соң офицер оқ шығаруға мәжбүр болған.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ


Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"