ГАЗЕТА
№ 31 (84)
06-12.08.2004
  Первая страница
  Подробности
  Политика
  История
  Глубинка
  Статмониторинг
  Столица
  Культура
  Финансы
  
  Глобус
  Олимпийские старты
  На досуге
  Всем обо всем
  Колонки


  РАЗНОЕ
  Архив
  Обратная связь
  ВМЕСТЕ С НАМИ
  ВАЛЮТА, ПОГОДА

Kazakhstan Financial Market



Вся погода
  АУЫЛ ӨМІРІ  
Так выглядят сверстанные полосы вкладыша:
10-я полоса 11-я полоса 12-я полоса 13-я полоса

ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

Ғали САҒДИҰЛЫ

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы қай деңгейде? Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы алғашқы жарты жылдықтың қорытындыларын шығарды. Ел басшысы таяу арада шешуді қажет ететін міндеттерді айқындап, Үкіметке тапсырмалар жүктеді.

Премьер-министр Даниал Ахметов биылғы жылы Үкіметтің бюрократияға қарсы күрес, жүйелі реформаларды жалғастыру арқылы экономиканы дамыту ырықсыздандыру, экономика мен инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударып отырғанына тоқталды. Басты міндеттердің бірі кәсіпкерлікті дамыту. Осыған байланысты елбасы тапсырмасымен бірқатар функцияларды оңтайландыру және лицензиялау жүйесін жетілдіру жөнінде жұмыстар атқарылды. Лицензия алуды қажет ететін кәсіп қатарынан үшеуі шығарылып, жұмыстың тағы 52 түрі оңтайландырылмақ. Алдағы уақытта лицензияны қажет етпейтін олардың қатарын 43 процентке азайту көзделуде.

Үкімет ұлттық стандарттарды халықаралық стандарттармен үйлестіру бағытын ұстануда. Соңғы 12 жылда елімізде барлығы 627 ұлттық стандарт қабылданса, биылғы жылдың өзінде 197 жаңа стандарт жасалды.

Өткен жарты жылда экономикаға берілген несие көлемі 1,5 есе артқан. Алғашқы жарты жылдықта 121 жаңа өндіріс пайдалануға берілген. Мұның ішінде тамақ, құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, химия және мұнай-химия, машина жасау бағыттары бар.

Ғарыш айлағы бар республикамыз осы саланы дамытуға ден қойып, 2005-2007 жылдарды қамтитын бағдарлама қабылдап, сол бойынша өз ғарыш аппараттарымызды жасау, жерсерігінің телекоммуникациялар жүйесін, ақпараттық технологияларды дамыту көзделуде. Ресеймен бірлесіп "Бәйтерек" зымырандық ғарыштық кешені және басқа да бағыттар бойынша біріккен қызметті қамтамасыз ететін Үкіметаралық келісім дайындалуда. Алдағы жылы еліміздің байланыс саласы қызметін арттырып, ақпараттандыру деңгейіне мүмкіндік беретін "ҚазСат" ұлттық геостационарлық жер серігін ұшыру жоспарланған.

Биылдан бастап арнаулы бағдарлама бойынша жүргізіле бастаған тұрғын үй саясатын жүзеге асыруға Үкімет 12,5 млрд. теңге несие берген.

Екінші жарты жылдықта Үкімет алты негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді, -деді Премьер-министр Д. Ахметов. Біріншісі, макроэкономикалық саланы дамыту. Экономикалық өсімді 9 проценттен түсірмеу, инфляция деңгейін 5,7 процент көлемінде ұстау. Екіншісі, экономиканы әртараптандыру және ұлттық инвестициялық жүйені дамыту. Экономиканы әртараптандыру үшін Салық кодексіне өзгерістер енгізуді осы жылдың соңына дейін бітіру жоспарлануда. Жыл аяғына дейін ақпараттық технология паркін және Орал, Қарағанды, Алматы қалаларындағы аймақтық технопарктердің инфрақұрылымын жасақтау көзделуде. Үшінші маңызды міндет, агроазық-түлік бағдарламасының соңғы кезеңін аяқтау. Төртіншісі, тұрғын үй құрылысы бағдарламасын орындау. Бесіншісі, темір жол транспорты, телекоммуникация, электр энергетикасы салаларын демонополизациялау жұмысын жүргізу. Ал алтыншы міндет ретінде әлеуметтік саланы реформалау қажеттігі айтылды.

Кеңеске қатысқан мемлекет басшысы республикалық бюджеттен мақсатты жұмыстарға бөлінген қаржы еліміздің аймақтарында дер кезінде игерілмей отырғанына назар аударды. Болашақта қаржы, ұқсата алмай отырған аймақтарға бөлінбеуі керек деп, қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау министрліктеріне жергілікті бюджеттердің орындалуына бақылау жасау жөнінде тапсырма берді.

Елбасы Үкімет пен Ұлттық банкке Ұлттық қор тұжырымдамасын жасау жұмысын тездетуге тапсырма берді. Тұжырымдама аясында 10,5 млрд. АҚШ долларынан асқан еліміздің ішкі активтерін басқаруды нақтылау қажеттігін ескертті. Соңғы жылдары қаржы секторында қол жеткен табысқа тоқмейілсу бар екендігін айтқан Мемлекет басшысы, бұл салада да проблемалардың бар екендігін баса көрсетті. Президент акциялар рыногының дамымағанын, Қаржы министрлігінде салық кірістерінің төмендігін сынға алды. Екінші проблема ретінде банктік қызмет көрсету рыногындағы бәсекелестік деңгейінің төмендігін көрсетті.

Соңғы жылдары экономиканың өсіп, халықтың әл-ауқатының артып отырғанын айтқан Н. Назарбаев, ел индустриясын көтеріп, ауыл шаруашылығы бәсекелестігін арттыру, инфрақұрылым мәселелерін шешіп, ұлттық мәдениетті көтеру, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы жаңа бағдарламаларды іске қосудың маңыздылығын көрсетті. Үкіметтің алға қойған міндеттерді орындауы керектігін ескерткен елбасы, елімізде барлық тапсырмаларды орындауға қажетті қаржы және мамандардың барлығын айтты.

Премер-министр, Ұлттық банк төрағасы, облыс әкімдерінің есебін тыңдаған елбасы Н. Назарбаев Үкіметтің алғашқы жарты жылдықта атқарған жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.



ҚАУЛЫ

Қазақстанның Аграрлық партиясы және Қазақстанның Азаматтық партиясының сайлау блогын тіркеу туралы

Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының 12 және 87-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қаулы етеді:

1. "АИСТ" Еңбекшілердің Аграрлық-Индустриялық одағы деген атаумен Қазақстанның Аграрлық партиясы және Қазақстанның Азаматтық партиясы құрған сайлау блогы тіркелсін.

2. "АИСТ" сайлау блогының тіркелуі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлансын.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау
комиссиясының төрайымы
З. Балиева

Астана, 2004 жылғы 2 тамыз 119/148



ОРАҚ СОЗЫЛЫП БАРАДЫ

Қазір еліміздің оңтүстік өңірінде орақ жұмыстарының қызған шағы. Бүгінге дейін науқанға жұмыла кіріскен диқандар дәнді дақылдардың 638,8 мың гектарын (21 проценті) орып, одан 1 миллион 14 мың тонна астық бастырды, - деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі. Гектардың орташа түсімі 16,3 центнерден айналуда. Биылғы астық атжалға түсіруді талап етуде. Дәннің дестеде пісуін күткен комбайншылар 622,4 мың гектардың астығын қамбаға жөнелтті.

Айта кетерлігі, өткен жылмен салыстырғанда биылғы жиын-терін жұмыстары біршама тәуір атқарылуда. Мәселен, былтырғы сәйкес кезеңдегі орылған 457,9 мың гектар егіс алқаптарының 16 процентін құраған еді.

Орақ барысы өткен жылғыдан қарқынды болғанымен шаруаның ұрты майға батты деп айтуға ерте сияқты. Себебі жер- жердегі ұсақ шаруашылықтар үшін бұл кезеңнің өз салмағы бар.

Күздік арпа-бидай егу науқаны қалай созылса, астық жинау барысы да солай созылып барады, -деп хабарлайды газетіміздің Оңтүстік өңірдегі авторы Әзімхан Ыбырайұлы. Төменде, жергілікті жердегі нақты көріністі сипаттайтын хатты назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Қатар келген екі науқанның собалаң сипат алуының басты себебі - техниканың жетіспеуі, олардың ескіргендігі, шағын шаруашылықтардың шама-шарқының шектеулі екендігі, қаражаттың жоқтығы және жанар-жағармай тапшылығы мен тиісті жеңілдіктердің уақытылы шаруа-фермерлердің қолына тимеуінен болып отыр.

Жақында Қазығұрт ауданына Қызылордадан келген кешенді МТС бригадасы егін орағын айтарлықтай жеңілдетіп кеткен. Италияндық комбайндары компьютермен басқарылатын бригада құрамындағы бес комбайн орған гектар көлемін, өнімділігін және астықтың жалпы салмағын бірден көрсетеді. Қанша ақы төлеу керектігі шығады.

Кешенді бригада болған соң дән таситын жүк көліктері, жанармайға арналған көлік, дәнекерлегіш және өрт сөндіретін техникалары да бар. Жабыла кеткен күні 200-250 гектардың дәнін бастырады.

Шарт жасамағандықтан МТС бригадасы жеке кәсіпкерлерге барған жоқ, әрі алқап көлемі де аз. Енді бұлардағы орақ науқаны созылған соң оған жұмсалатын шығын көлемі де көбейе түсуде. Сондықтан жеке кәсіпкерлер келешекте тұқым себу, жер жырту, тыңайтқыш сіңіру және орақ жұмыстарын МТС ұжымдарына сеніп тапсырса абзал болар еді деген ой келді. Өйткені, ең бастысы есіл уақыт өтіп барады.



Арзан үйлер салынады

ОЛ АЛДЫҢҒЫ КЕЗЕКТЕ ИПОТЕКАЛЫҚ НЕСИЕ АРҚЫЛЫ БЮДЖЕТТІК МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ САТЫЛМАҚ

Арман ӘМЕН

2005- 2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту бағдаралмасы бойынша осы аралықта бюджеттен 16.392 миллиард теңге қаржы бөлініп, Астана қаласында 3337,2 мың шаршы метр тұрғын жай салу жоспарланған. Осындай бағытпен алдағы 2005 жылға 104.3 мың шаршы метр тұрғын үй салу үшін 5 миллиард теңгеден артық көлемде мемлекеттік несие бөлу көзделген. Оның ішінде 8.1 мың шаршы метр коммуналдық тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін мемлекет тарапынан 393,7 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз несие бөлінбек.

Бүгінгі таңда тұрғын үй бағасының тым шарықтап кетуі аз әбігер тудырып отырған жоқ. Бұдан шығудың амалы Үкімет тарапынан жан- жақты қарастырылып жатқанымен дәл қазір басыбайлы кесіліп-пішіліп қойған ештеңе жоқ. Тек біздің әуен сол болашақты жоспарлаумен ғана шектелуде.

Тұрғын үй құрылысы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы бағытындағы маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Мұндағы мақсат - тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту, көпшілік қауымның оны сатып алуға қолдары жететіндей жағдай тудыру үшін үй бағасын арзандатуға күш салу, несие мерзімін ұзарту, оның ставкалары мен алғашқы жарнасын төмендету болып табылады. Жоғарыда айтылғандай 2005 -2007 жылдар аралығында республикалық бюджеттен жергілікті органдар арқылы коммуналдық пәтерлер құрылысы мен арзан тұрғын үй құрылысын жүргізуге бюджеттен несие бөлу мәселелері қаралған. Осыған сәйкес ҚР Қаржы министрлігі, ҚР өнеркәсіп пен сауда министрлігі және Астана қаласының жергілікті атқару органы өзара несие келісіміне қол қойды. Осының негізінде 2004 жылдың 29 маусымында Астана қаласының мәслихаты бекіткен 2005-2007 жылдары Астана қаласында тұрғын үй құрылысын дамытудың аймақтық бағдарламасы жасалды. Жақында Астана қаласы әкімдігінің басшыларымен өткен баспасөз мәслихатында осы бағдарлама бойынша елордада арзан тұрғын үй салу және келешекте олардың кімдерге берілетіні жөнінде айтылды. Астана қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Досаевтың сөзімен айтсақ, Астана қаласы бойынша пәтерлер ең алдымен жекелеген санаттағы мемлекеттен пәтер алуға тиісті азаматтарға берілетін болады. Олар Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер тағы басқалары. Ал, мұнан кейінгі кезекте бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер қызметкерлері тұр. Оның өзінде олардың жалақысы кемінде 50 мың теңгенің көлемінде болуы шарт. Ал, ипотекалық несиені қайтару мерзімі 20 жылға ұзартылып, ставкасы және бастапқы жарна сомасы азайтылатын болады. Сонымен қатар Есілдің сол жағалауынан салынатын элиталық үйлер санатындағы коммуналдық пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы 350 АҚШ доллардан аспайды. Себебі бұл үйлерге дейін қалалық инфрақұрылым желілерін тартуды жергілікті бюджет өз мойнына алып отыр.

Осы тұрғын үй мәселесіне байланысты түрлі мекемелер баспасөз арқылы айды аспанға шығарғандай жиі-жиі есеп беріп отырғанымен мұндай көлеммен мемлекеттік қызметкерлердің бұл ғасырда жари қоюы күмәнді. Дегенмен, тұрғын үйдің көптеп салынуы келешекте олардың арасында баға бәсекелестігіне әкеліп, пәтер бағасының төмендеуі әбден ықтимал. Бірақ бұл келешектің еншісінде. Ал, жалпы Астана қаласы бойынша мемлекеттік несие тарту арқылы қаржыландыру және тікелей инвестиция салу, ипотекалық компаниялардың заемдарымен және тұрғын үй құрылысы салымдары жүйелері арқылы 2005-2007 жылдары 1590 мың шаршы метр пәтер салу жоспарланып отыр. Бұл да болса көңілге бір медеу. Астананың бір күнде салынбайтынын ескерсек, дәл осы бағытпен тұрғын үй бағасына байланысты нарықтың сол 2007 жылдардың аржақ-бержағында көрініп бірыңғайға келетіні анық. Ал бүгінгі бастамалар оң нәтижесін сол уақытта көрсететін болады.



ТҮСЇ ӨЗГЕРДЇ, БАҒАСЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?

Мақсұтбек ОТАШЕВ, журналист

Көктемгі егіс жұмыстары аяқталысымен бірқатар облыстарда жанар-жағар майдың бағасы күрт өсіп кеткені белгілі. Мұны көпшілік биылғы көктемгі дала жұмыстары кезінде арзан бағамен сатылған дизель отыны шығынының орнын толтыру мақсатында мұнай өңдеушілермен оны жеткізушілердің келісіп істеп отырған ісі деп бағалауда. Дегенмен бұған тиісті органдар нақты жуап берер емес. Соған қарамастан еліміздегі мұнай өңдейтін зауыттардың бірінен соң бірі ойламаған жерден тоқтап, жөндеуге тұрып қалуы жұртшылықты, әсіресе маңдай терімен өсірген егінін қалай жинап аламын деп отырған шаруаларды қатты алаңдатуда. Біз жергілікті жанар-жағар май жеткізушілермен хабарласып, бұл өнімдердің бағасының қалай күрт өсіп кеткенін сұрағанымызда:

- Бензин мен солярка бағасының көтерілуі Үкімет қабылдаған қаулыға, яғни, арзандатылған дизель отынына байланысты емес, ол шетелдердегі мұнай өнімдері бағасының өсуімен байланысты болып отыр. Мысалы, Ресейдің өзінде жанар-жағар майдың бағасы бізбен салыстырғанда анағұрлым қымбат. Оның үстіне негізгі мұнай өңдеушілердің бірі - Павлодар зауыты бір айдай профилактикалық жөндеу жұмыстарына тұрды. Қазір жартылай қуатпен жұмыс істеуде. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытында да ойламаған жерден кейбір қиындықтар болып қалуы мүмкін.

Әрине, мұның бәрі әдеттегідей "үйреншікті", "науқандық" профилактикалық жұмыстар болып көрінгенімен оған ауыл, селолардың алаңдап, мазасызданып отырғаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да олар жатса да, тұрса да биылғы ораққа түсі өзгертіліп, арзандатылған бағамен берілетін жанар-жағар майдың құны Үкімет белгілеген мөлшерден өсіп кетпесе екен деп ойлайды.

Қазір Үкімет шешімімен бөлінген арзандатылған солярканың әр тоннасы 22-26 мың теңге шамасында. Осы бағамен облысқа биыл 65700 тонна дизель отыны бөлінген. Жақында оны жеткізетін операторларды анықтау жөнінде тендер өткізілді. Енді олар өздерінің тасымалдау шығындарын жабуға қанша үстеме қосады, оған қалай есептесіп, қайдан алу керек, міне, мұның бәріне шаруашылық басшыларының талай рет бастарын қатыруына тура келеді.

Ең бастысы, олар сарғая күткен солярканың "түсі өзгерсе де бағасы өзгермесе екен" деп тілейді.

Қостанай обл.



ЕМІЛДІҢ БОЙЫ ЕН ЖАЙЛАУ

Мұрат ӘМІРЕНОВ, журналист

Үржардан Мақаншыны бетке алып шыққанда ұзын аққан Еміл өзенін қиып өтесің. Сары даланы қақ жарып ағып жатқан өзен суы жазда біршама тартылғанымен арнасының кеңдігіне қарап көктемде сулы болатынын байқау қиын емес. Жаздың аптап ыстығында өзеннің екі қапталы көк майсаға бөленіп жатады. Ары-бері өткен жолаушылар Емілдің көпіріне тоқтамай өтпейді, жанға жайлы самалын жұтып, суына шомылып дегендей, бір сергіп, сапарларын әрі жалғастырады.

Көпірдің дәл қасында бекетші Аманғали есімді азаматтың қараша үйі тұр. Қысы-жазы отбасымен осы жерді мекен ететін жігіттің бір міндеті Емілдің суын өлшеп, тиісті мекемеге ақпар түсіріп отыру екен. Әбекеңнің айтуынша, осы өзеннің бойы ұланжаз маңайдағы елдің жаз жайлауына айналатын көрінеді. Аралары тым қашық емес жыпырлаған киіз үйлерді өзіміз де көрдік. Бұлар Қабанбай ауылдық округіне қарасты елді мекендердің тұрғындары, қара күзге дейін осы Еміл бойына меншік малдарын бағып отырады. Әңгімелесе келе Қабанбай батыр атындағы ауылдан 25 киіз үй тігіліп тұрғанын білдік. Әр үй бір отбасы, бір отбасында кемінде 150-200-ден қой бар деседі.

Иә, қазақ ауылының тіршілігі малымен сәнді десек, округтегі мал басы соңғы екі-үш жылда екі есе өскен. "Біздің ауылдық округте 4600 тұрғын бар, тіркеуге 106 шаруа қожалығы алынған. Ауыл тұрғындарының тіршілігі жылдан-жылға түзеліп келеді. Бір Қабанбай ауылының өзінде 20 дүкен, қысы-жазы жұмыс істейтін базар, шаштараз, телешеберхана, наубайхана қызмет көрсетеді" деп әңгіме шертеді ауыл әкімі Мұқаметқали Бітімбаев.

Батыр бабамыз атындағы ауыл тұрғындары еңбек десе, жанып түсетін жандар екеніне осында болғанда көзіміз жетті. Қора толы малы өз алдына, олар кәсіпкерлікпен де мықтап айналысады. Жаздың екі-үш айында Алакөлдің бойына 40-45 киіз үй тігіп тастап, демалуға келгендерге асхана қызметін көрсетеді, жатын орын да әзірлейді. Егерде жазғы маусымда көлге күніне 1000-1300-дей адам келеді десек, ауыл тұрғындарының табыстары шаш етектен деуге болады. Оның бергі жағында Қабанбай, Қарабұлақ тәрізді ауылдың кәрі-жасы жергілікті материалдардан кірпіш құюды кәсіп етуде. Қазір Алакөлдің жағасында жеті-сегіз демалыс базалары бар, жаңадан бой көтеріп жатқандары да жоқ емес.

Міне, ауыл тұрғындарының құйған кірпіштерін осы құрылыстардың қожайындары сатып алады. Алакөл Семей мен Өскеменнен 700 шақырымдай қашықтықта жатыр, бұл қалалардан осыншама қашықтыққа кірпіш жеткізу арзанға түспейді, сондықтан демалыс базаларын тұрғызушылар жергілікті жерде дайындалған кірпішті пайдалануда. Бұл екі жаққа бірдей тиімді.

Иә, шалғай шеттегі ауылдардың бүгінгі тыныс-тіршіліктері осылай болып келеді. Әркім өзіне лайықты жұмысын тауып алып, Үкімет не береді деп қол жайып отыруды әдет етпеген ауылдың түтіні де түзу ұшуда.

Шығыс Қазақстан обл.



ХАТ ҚОРЖЫН

ЗАМАНДАС

Қиын шыңға көз тігіп

Жұмаш СЕЙІТБЕКҰЛЫ

Жарты ғасыр жас ұрпаққа білім берген озық, мол тәжірибелі ұстаз - Ботакөз Жағыпарқызы Ғалиева еліне қадірі артқан жан иесі.

Ботакөздің туған жері Жамбыл ауданындағы кішкене ғана "Ортақкөл" деген ауыл. Әкесі Зейнелғаби Иманбаев - Қазақстанға белгілі жазушы, шешесі - Кәмеш он бала тәрбиелеп өсірген аяулы да, ардақты батыр ана.

Ботакөз жасынан білім биігіне көз тігіп, жетсем екен деп мақсат етіпті. Иә, бұрында, бүгінде қоғамда жаны ашитын, таза, өмірі үлгі, өнері өнеге ел деп тұрар, ақкөңіл-ақеділ азаматтар болмаса Қазақстан бүгінгі дәрежеге жете алар ма?! Шәкірт өресінің биік болуы әуелі ұстазға байланысты.Сондықтан ұрпақ тәрбиесі- басты мақсатым деген ой-санамен отыз үш жыл бұлтармастан қазақ тілі мен әдебиет сабағынан шәкірттеріне тиянақты білім беріп, көптің көңілінен көрінген ұстазымыз бүгінде 55 жасқа толып отыр. Балалары ер жетіп, түрлі салаларда еңбек етуде. Көкшетаудағы Аягөзі өзінің жолын қуған мұғалім, Жанкелді жоғары білімді инженер, Қайраты физика-математика ғылымының кандидаты, Азаматы инженер, Петропавл зауытында жұмыс атқарады. Ермек - заңгер, әскери училищеде. Кішкене немерелері Зарина, Әлихандар таңертең кетіп, кешке шаршап келгенде томпаңдап алдымнан жүгіре шыққанда шаршағанымды ұмытып,өзімде бала болып қолдарынан ұстап жүгіре жөнелем дейді Ботакөз. Жан жолдасы Жақсыкелді "Бескөлдегі" аудандық гимназия директоры болып жүргенде, кенеттен қайтыс болды.

Республикалық дарынды балаларға арналған Петропавлдағы ЛОРД мектеп-лицейінде Ботакөз бірталай жылдар жұмыс істеді. Еңбегі ескерусіз емес. Облыс департаменті озық еңбегі үшін мақтау қағазын тапсырса, қала әкімдігі Қазақ тілін дамытудағы еңбегі үшін биыл грант табыс етті. Астанада өткен ғылыми-практикалық конференцияда жүлделі болып дипломмен марапатталды. Бескөлде "Мақсат" атты мәдени орталық құрып қазақтың ұлттық киімін, дәстүрін бүгінгі өмірімізге енгізуге көп еңбек етті. "Бескөлдік кемпірлер" - өнері бүкіл Қазақстанға үлгі болды. 2002 жылы республикалық фестивальда "Дарын" бағдарламасы бойынша еңбегі озық деп танылды.

Үздік, тәжірибелі ұстаз Ботакөз Ғалиеваның жеткен асулары, ұстаз алдына әлі де жаңа міндеттер қоюда.

- Мәселе ізденуде, әдістеме құруда. Балалардың өздіктерінен ойланып, талаптана білуін дағдыландыру ұстаздың міндеті.Онан кейін оқушылардың білім деңгейі,ынтасы, тапсырмаларды орындауы жете бақылауды қажет етеді. Мен өз берген біліміме тәуба деймін облыс, қала бойынша сайысқа түскен оқушыларым жүлделі орындарда,- дейді ол шаттанып.

Оңтүстік Қазақстан обл.



Біз қайда барамыз

Айдарбек ЗӘУРЕБАЕВ

Адам баласы жарық дүниеге келген соң ұрпақ өрбітуі заңдылық. Ол ұрпақ көбейсе көсегеңнің көгергені, азайса өшкенің болар...

Жалпы Қазақстанда қазақты айтпай-ақ осы ұланғайыр даланы мекендеп жатқан барлық ұлт өкілдерінің саны он бес миллион. Оның ішінде жеті миллион қазақ санын оралмандардың есебінен әрең толтырудамыз. Келешегімізге үміт артып өсеміз бе десек ол да байқалмайды. Мысалға Германияда 82 миллион халық 350 мың шаршы шақырымда тұрады. Испания, Италия, Польша, Францияда 200 миллион халық бар. Бұл мемлекеттердің жалпы жер көлемі бір ғана Қазақстан жеріне пара-пар. Ал, 2 миллион 381 мың шаршы шақырымда біз бар болғаны 15 миллион ғанамыз. Оның ішінде аңыздағыдай киікпен бірге өрген қазағым бар. Сонда ұрпағымыздың өсіп-өнуіне немқұрайлы қарайтын болсақ, қазіргі салынып жатқан зәулім-зәулім үйлерде келешекте кімдер отырмақ. Жаһандануға аяқ басқан заманда тілімізбен қоса ұлтымыздың жұтылып кету қаупі тұр. Сол жағымызда 150 миллион халқы бар Ресей тұрса, шығысымыздан 1,5 миллиардтық Қытай қоныстанған. Ортасындағы 7 миллион қазақтың күні не болмақ. Сондықтан ел-жұрт, ұрпақ болашағын ойлап, оларға жағдай жасаудың қажеттілігі айтпай-ақ түсінікті. Жақында Өзбекстан президенті Ислам Каримов "Біздің Қазақстан елінің байлығына қызғанышымыз бар" деген еді. Байлық қолдың кірі деп халықтың айтқаны бар. Одан гөрі осы ұрпақ өрбіту мәселесін ойлағанымыз жөн болар. Дәулет сол халықтың қажетіне жаратылса ғана жағдай түзелмек. 1967 жылы болған санақта Өзбекстанда 10,8 миллион халық болған. Қырғыз бауырларымызда 2,7 миллион болса, Қазақстанда 12 миллион 400 мың тұрғын болыпты. Қазір қырғыз 5 миллион, өзбек 25 миллион. Осыған қарап басқалар саны екі еседен артық көбейгенде, біз енді ғана бас құрап келеміз. Дініміз бір арабтар жер байлығынан түскен қаржының бір бөлігін әрбір туылған сәбиіне жеке қор ашып салып қояды. Ал біз жөргек пұл ақысын ала алмай жүреміз.

Енді сол халқыңның саны көбеймей, бары шалақазақтанып бара жатса соңы қалай болмақ?! Ұлтыңның өзі азайғанда тілді сақтаймыз деуге не жорық?!

Он екі жылдың жүзі болды мемлекеттік тіл заңын қалыптастырумен келеміз. Нәтижесі көрінбейді. Депутттарымыз үш мәрте Парламентте отырып енді өздерін тағы ұсынуда. Бірақ оларға бауыр қандастарын ойлау үшін уақыт жетпепті. Себебі қазақ тілін үйренуге он екі жылда аздық еткені ғой. Қазақшамызды дұрыстаймыз деп жүргенде қалғанымыз ағылшынша сөйлеп кететін шығармыз. "Жеріңді есіктен, отаныңды бесіктен қорға" дегенде аталарымыз болашақтағы біздерді де болжап айтқан-ау деген ойға қаласың осындайда.

Жамбыл обл.



Елге жеттік деп едік

Көңіліміз қандай болса, күні де сондай ыстық болған өткен жазда Қазақстан топырағына тұңғыш рет табанымыз тиген біз - сегіз оралман Өзбекстаннан қопарыла көшіп келдік. Туған жер, шаңырақ, ағайын-туысты тастап, тарихи Отанымыз - Қазақстан жеріне оралуымыздың басты себебі тілімізді, білімімізді жоғалтпау болатын.

Қазір Мамлют ауданындағы Краснознаменное деген елді мекенде түтін түтетіп жатқан жайымыз бар. Мұндағы тұрғындардың басым көпшілігі орыс халқының өкілдері болғандықтан жасы да жасамысы да - барлығы орысша сөйлейді. Көктен түсе қалғандай бәріне таңырқай қараған бізге алғашқы кезде қатты батқаны, осы құбылыс болды. Елім, Отаным, Қазақстаным, тілім, дінім деп келген біз төбемізден жай түскендей аңқидық та қалдық. Өзбек тілінен қашып келгенде орыс тіліне тап болғанымызды қарасаңшы... "Не істейсің, бармағынды тістейсің" дегендей, амалсыздан біз де орысша сөйлесіп жүрміз. Балаларымызды да орыс тілінде оқытатын мектепке беруге мәжбүр болдық.

Айта кетерлігі, селода қазақ үйлері де баршылық, сексен отбасының мұржаларынан шыққан түтінді ауылдың жалаулары ма дерсің. Оларға бір қолдың бес саусағындай болып бес шаңырақ біз қосылдық. Бірақ мұндағылар намаз оқуды білмейді екен. Егделерінің өздері қазақшаға келгенде қақалып-шашалып жатқандары. Бәрі де балаларымен орыс тілінде сөйлеседі. Балалар демекші, олар ана тілін білмейді. Мұның себебі, жоғарыда айтылғанындай, үйлерінде еститіндері - тек орыс тілі.

Жарты жыл ішінде көз жеткізгенім: солтүстік қазақтарының ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан ата-бабаларымыздың дәстүрлі тәлім-тәрбиесінен, салт-санасынан, ырым-тыйымынан айырылып қалу қаупі төніп тұр. Орыс халқының дәстүрлері олардың еттерінен өтіп, сүйектеріне жеткен тәрізді. Қазақ тіліндегі газеттер мен журналдарды ешқайсы да алдырмай, орысшасын ғана оқиды.

Осының бәрі үлкен ойға қалдырып, қолыма қалам алдырып отыр. Бірінші болып "Солтүстік Қазақстан" газетіне жазылғаным және себеп болды. Өз жерімізде, өз төрімізде отырып, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде тұрып, басқа тілде сөйлеуіміз - намыссыздық.

Рас, жетістігіміз де жоқ емес. Мектепте қазақ тілінде оқытатын 1-2 сыныптар ашқыздық. 8-9 жастағы баларымыз онда оқып жатыр. Бұл үшін әкімдіктегі ағаларға алғыс айтамыз.

...Сексен жыл бойы сіресіп жатқан тоңды жібітуде бұл балдырғандар не бітіре алады, тәйірі?!

Солтүстік Қазақстан обл.



Тарбағатай

Ата жұртқа қоныс аударған белгілі

айтыс ақыны Егеухан Мұхамедияқызы
бүгінде Үржар ауданы Көкөзек аулында
тұрып жатыр. Құшақ жайып қарсы алған
туған жер, ағайынға деген жүрекжарды
алғысын өлең жолдарымен жолдапты.


Тарбағатай тайсалмас діңі мықты
Өткерген талай - тартыс қиғылықты.
Небір заман өтсе де бұл өлкеде
Тарихтың зобалаңын ішке бүкті.
Тарбағатай өңірі өз үйіңдей,
Таңмен талас тұрасың көзіңді ілмей.
Сұлулықты мұндағы көру керек
Суреттеуге қалады сөзің жүрмей


Шығыс Қазақстан обл.



Кіндігімізді қадірлегеніміз...

Ақбөкен АЛТАЙ

Біздің ұлт кіндік қасиетін қатты бағалаған халық. Кіндікті кім көрінгенге кестірмеген. Қыз баланың кіндігін үй ырысы болсын деп босағаға көмген.

Ұл баланың кіндігін ырысын түзден тапсын деп үй сыртына көмген. Әйтеуір, адам табаны байспайтын, ит тіміскілеп таппайтын, мысық көрмейтін жерге бөлепті. Қазір кіндіктеріміз қайда екенін де білмейміз. Әлде, көшедегі көп кіндіктер жалаңаштанып алып, өздерінің жартысын іздеп жүр ме екен? Кім біліпті...

Валеология алғаш рет мектеп бағдарламасына енгізіліп, оқытыла бастағанда денедегі жыныс мүшелерінің қай тұста орналасқанын оқушыларға көрсеткеннен не ұтамыз деп ыршып түскенбіз. Сөйтсек, қажетті пәндердің бірі осы екен. Әсіресе, ұл мен қыз әдебін үйретудегі үлгісі құнды. Оны енді біліп жатырмыз. Қайтіп дейсіз бе? Көшедегі қыздарымызға қарап, бұл пән қазаққа керек екенін аңғардық. Өйткені, жаз шыға қала көшелерінде, офистер мен дүкендерде, әйтеуір тұс-тұста белуардан жалаңаш, кіндігі күндей жарқыраған қыздар күрт артып кетті. Жауыннан соңғы жұлдызқұрт сияқты ана тұста да, мына тұста да өріп жүр. Әйтеуір, көп.

Валеология сабағы мен кіндіктің арасындағы байланыс өте-мөте үлкен. Валеология мен кіндікті қыздың арасында тікелей жанды байланыс жүріп жатыр. Мұғалім сабағында кіндік тұсты таяқшамен көрсеткенде, оны (кіндікті) тек көрнекілік суретте ғана көрсетуге болатынын, ал көшедегі жалпақ жұртқа қыз баланың кіндігін жайып, жарқыратып көрсетуі әбес екенін айтып, тәрбиелей кетсе екен. Біз енді, "валеология сабағы тек кіндік көрсетумен шектелмей, оны қалың елге көшеде көрсету қыз балаға келіспейтінін айтып түсіндірсе, дұрыс болар еді" деп үміттендік.

Дәл қай сынып екені есімде жоқ. Әйтеуір, жоғары сынып екені есімде. Балалардың бірі сыныптас бойжеткен нің суретін салып, оны әлгі құрбысына мақтана көрсетті. Класс жетекшіміз суретті қарап: "Дүйім жұртқа кіндігін көрсететіндей бәленше сонша әдепсіз қыз ба еді?" - деп ашуланды...

Әлгі сөзден соң, қыздар, кіндік көрсетудің әбес қылық екенін түсініп, көпшілікке көрсетпеуге тырысты. Тексіздік көрсе терісіне сыймай қалатын текті ұстаздардың ашуынан айналып кеткің келеді, әрине. Сосын көшеде қаптаған кіндікті кө-ө-өп қызды көрсе, әлгі ұстазымыз текті ашудан бойын билей алмай кететіндей көрінеді.

Сол кіндікті, қасиетті кіндікті жұрттың сұқ көзі мен сөзіне тосып, көшеде бейберекет өрген бойжеткендерге кіндік қасиетін кім ұғындырады? Тіл-көздер салқынынан, жел сөздер өтінен, сұқ көздің сұғанағынан кім сақтайды енді кіндікті?

Жезқазған қаласы



ОҚЫРМАН, ОЙ ЖҮГІРТ!

ТАБИҒАТ АПАТТАРЫ НЕМЕСЕ ҒАСЫР ЕСЕБІ

Ермекбай ЖОЛДЫБАЕВ

Әйгілі көріпкел Нострадамусты, оның "Цейтурийлерін" оқымаған көзі ашық жан аз шығар. Оқыса, таңырқап жағасын ұстамаған жан кемде-кем болар. Сол Нострадамустың атам заманда айтқан кейбір болжамдары шындыққа жанасатын сияқты. Жарайды, біздің әңгіме ол емес...

Сол көріпкел 2001-3000 жылдар арасындағы болжамдарында осы үш ғасырдың әр жылдарында бірнеше табиғат апаттары болуы мүмкін дейді. Атап айтқанда, 150 рет жер сілкінісі, 100 рет жанартау атқылауы, 60 рет күннің тұтылуы, 42 рет айдың тұтылуы болады деген екен. Есебіміздің "берілісі" оңай болуы үшін жер сілкінісін шартты түрде бірінші құбылыс, жанартаулар атқылауын екінші құбылыс, күн тұтылуын үшінші құбылыс, ал, ай тұтылуын төртінші құбылыс деп атайық.

Жоғарыда айтылған үш ғасырдың (2001-2300 жылдар) аралығында бірінші және екінші құбылыстар қатар келетін жылдар саны 50-ге тең екен. Ал, бірінші және үшінші құбылыстар қатар келетін жылдар саны 30-ға тең екен. Осы ретпен - бірінші және төртінші құбылыстар қатар келетін жылдар саны 21-ге тең болса; екінші және үшінші құбылыстар қатар келетін жылдар саны 20-ға тең болса; сондай-ақ екінші және төртінші құбылыстар қатар келетін жылдар саны 14-ке тең болса; үшінші және төртінші құбылыстар қатар келетін жылдар саны 8-ге тең болса; сонымен қатар - бірінші, екінші және үшінші құбылыстар қатар келетін жылдар саны 10-ға тең болса; бірінші, екінші және төртінші құбылыстар қатар келетін жылдар саны 7-ге тең болса; бірінші, үшінші және төртінші құбылыстар қатар келетін жылдар саны 4-ке тең болса; екінші, үшінші және төртінші құбылыстар қатар келетін жылдар саны 2-ге тең болса, бірінші, екінші, үшінші және төртінші құбылыстар қатар келетін жылдар саны 1-ге тең болатын болса, ешқандай табиғат апатынсыз өтетін жылдар саны нешеу? Тек бір ғана құбылыс болатын жылдар саны нешеу?

Қарағанды обл.


Шығарушы редактор Жанғали ХАСЕНОВ


               

Собственник: ТОО «Республиканская газета «Аграрный Казахстан»
Директор-Главный редактор: А.С. Гурский
Ответ. секретарь: Л.И. Леева
Рекламная служба: Н.Н. Жоров
Тел./факс: 8 (3172) 938-270, 938-260
Адрес редакции: Казахстан, г. Астана,
пр. Победы, 119/1, 3-й этаж. Тел.:
При использовании материалов ссылка на ресурс обязательна
Письмо в редакцию
Написать вебмастеру
Администратор сайта: В.В. Литвиненко
Copyright © 2003 "Аграрный Казахстан"